
6 Лекция
Ғылыми төңкерістер. Ғылыми рациональдылық.
Ғылым динамикасы мен ғылым тарихының модельдері.
Ғылыми төңкерістердің мәні мен құрылымы.
Ғылыми төңкерістің концепциялары.
Ғылыми рационалдық ұғымы, ерекшелігі және концепцисы.
Теория шындық дүниенің белгілі бір саласындағы заттар мен құбылыстардың арасындағы мәнді байланыстар мен қатынастары жайлы бір тұтас түсінік беретін ғылыми білімдердің жинақталған формасы. Ол теория ғылыми болу үшін ақиқат болуы тиіс, алайда ақиқат білімнің бәрі бірдей теория бола бермейді, мәселен, күнделікті тұрмыстық білімдер ақиқатгы білдіргенімен, бірақ теориялық білімге жатпайтыны жоғарыда айтылды.
Білімнің ғылымилығын көрсететін критерийі (өлшеуіші) не? — деген сұраққа ең алдымен — практика деп жауап беруіміз керек, өйткені таным процесінің негізі, мақсаты практикалық қызмет. Ғылыми білім ең алдымен практикалық қызметке, материалдық игіліктер өндіру ісіне қызмет етеді, олай болса, ғылыми білімнің ақиқаттығының, оның ғылымилығының бірінші өлшеуіші, критерийі практика болып табылады.
Бірақ білімнің бері бірдей сезім мүшелерімен тікелей қабылдау немесе эксперимент арқылы тексеріле бермейді. Ғылыми білімнің көпшілігі басқа жолмен қорытып шығарылады және ақиқаттығы, ғылымилығы анықталады. Ғылыми білімнің негізгі ерекшеліктері зерттелуші объектілердің ерекшеліктеріне байланысты. Мәселен, атом ішілік микродүние немесе галактикадағы мегадүние құбылыстарын және т.б. кептеген процестерді күнделікті тәжірибеде немесе өндірісте қолдану арқылы тексеру мүмкін емес. Ғылым ондай білімдердің ғылымилығын негіздеудің басқа, айрықша әдіс-тәсілдерін қалыптастырды — ол қайсы бір білімдердің ақиқаттығын ақиқаттығы бұрын негізделген басқа білімдерден қорытып шығарып негіздеу жолы. Білімді қорыта шығарудың бұл логикалық әдіс-тәсілдері бір білімнің ақиқаттығынан екінші білімнің ақиқаттығын негіздеуді ғана қамтамасыз етпейді, сондай-ақ оларды бір-бірімен байланыстырып, бір жүйеге, системаға келтіреді. Сондықтан білімдердің жүйелілігі мен негізділігі — ғылыми білімді күнделікті тұрмыстық білімдерден айырып тұратын басты мәнді белгілерінің бірі.
Ғылым тарихында жалған ғылыми идеяларды нағыз ғылымнан айыра білу үшін бірнеше принциптер тұжырымдалған. Солардың бірі верификация принципі деп аталады. Латынша verificatio- дәлелдеу, растау деген сөзден шыққан. Бұл принцип қандай бір ұғым, пікір болмасын, ол тікелей тәжірибеде расталса ғана, яғни эмпириялық жағынан тексеруге болса ғана ақиқат деп мойындауға болады, ал егер тәжірибеде расталмаса, онда ақиқат болмағаны.
Верификация принципі ғылыми білімді ғылымға жат жалған білімдерден бірден айыруға мүмкіндік бергенімен, бірақ таза теориялық идеялардан тұратын ғылыми білімдер үшін оның пайдасы жоқ. Мұндай жағдайда білімнің ғылымилығын негіздеу үшін XX ғ. ірі ағылшын философы К.Поппер терістеу немесе бекерлеу принципі дегенді ұсынды. Бұл принцип бойынша тек логикалық жағынан бекерлеуге болатын білімді ғана ғылыми деп тануға болады. Мәселен, ағаш басынан жерге қанша алма үзіліп түссе де ол дүниежүзілік тартылыс Заңының ақиқаттығын толық дәлелдеуге жеткілікті негіз бола алмайды, ал үзілген алманың біреуі ғана жерге түспей, әрі қарай аспанға ұшып кетсе болғаны, мұның өзі ол Заңның жалғаңдығын көрсетеді дейді "бекерлеу принципі". Сондықтан теорияның ақиқаттығы мен ғылымилығын дәлелдеуде ол теорияның бекерлеу әрекеті мүмкіндігінше негізді болуын талап етеді дейді Поппер. Бекерлеуге болмайтын теория ғылыми болмайды. Мәселен, дүниені құдай жаратқандығы жайлы теорияны бекерлеу мүмкін емес, олай болса, ол ғылыми емес. Білімнің ғылымилығына бұлайша қараудың бір тәуір жағы да бар: ол кез келген білімге өзгермейтін абсолютті ақиқат деп қарауға болмайтынын, оған сын көзбен қарау қажетгігін білдіреді.
Білім тарихи өзгермелі, ақиқат салыстырмалы екендігін мойындай отырып, ғалымдар сонымен бірге нағыз ғылымды ғылымға жат ілімдерден айыру онша қиын еместігін, ол үшін ғылымилықтың белгілі бір өлшемі мен нормасы, ғылыми ойлаудың ішкі бірлігін білдіретін тұрақты ережелері болуын атап көрсетеді. Ертедегі Греция заманынан бері қарай қалыптасқан ғылыми ойлаудың осындай нормасы — рационализм деп аталатын дүниетану әдісі. Ойлаудың рациональдық әдісі бойынша ғылыми білім мынадай методологиялық талаптарға сәйкес келуі тиіс:
а)жалпылық, яғни нақты уақыт, орын, субъектке т.б. жекеше фактілерге тәуелсіздік;
ә) қайшылықсыздық немесе дәйектілік (бұларды білімдер жүйесін тұжырымдайтын дедукциялық ойлау тәсілі қамтамасыз етеді);
б) түсіңдіру әдіс-тәсілдерінің қарапайымдығы;
в) алдын ала болжау (прогноздық) күшінің болуы.
Кез келген білімнің ғылымилық деңгейін көрсететін ең жалпы талаптар (анықтауыш нормалар) міне осылар. Осы ерекшеліктер ғылымды күнделікті қарапайым білімдерден және басқа да ғылыми емес білімдерден айырып тұрады.
Ғылым дегеніміз адамның объективтік дүниені танып білуге және оны өзгертуге бағытталған іс-әрекетгерінің тарихи қалыптасқан формасы екені жоғарыда айтылды. Олай болса, ғылым ең алдымен шындық дүниені танып білудің нәтижесінде қалыптасқан, бір жүйеге келтірілген теориялық білімдер системасы (жүйесі) екен. Ал шындық дүние - алуан түрлі, сан салалы. Ол ең алдымен табиғатқа және қоғамға бөлінеді, ал табиғатты өз алдына қарастырсақ, оның өзі алуан түрлі салалардан тұрады. Сол сияқты қоғам өмірінің салалары да толып жатыр. Ғылым деген жалпы ұғым сыртқы дүниенің осындай сансыз көп салаларының заттары мен құбылыстарының жалпы заңдылықтарын, байланыстары мен қатынастарын т.б. бейнелендіретін толып жатқан білімдер системасы (жүйесі) болып табылады. Ол система көптеген ғылыми білім салаларынан (жеке ғылымдардан) тұрады.
Кез келген білім, ғылым саласына қойылатын екі сұрақ бар: нені зерттейді және қалай зерттейді? Бұл жерде бізге қажеттісі әрбір ғылым нені зерттейді деген сұрақ. Қазіргі заманғы ғылымдар күрделі білімдер системасын құра отырып, ең алдымен мынадай теориялық білім салаларына бөлінеді: жаратылыстану, қоғамдық, техникалық, гуманитарлық ғылымдар тобына.
Жаратылыстану болмыстың басты бір бөлігі болып табылатын табиғат құбылыстары мен заттары жайлы, олардың себепті байланыстары мен заңдылықтары туралы ғылымдардың тобы; оларға физика, химия, биология, математика, астрономия т.б. кіреді. Табиғат заттары мен құбылыстары адамның санасына, іс-әрекетіне тәуелсіз өз заңдары бойынша өмір сүреді, адам оларды тек танып біле алады, сөйтіп өз мүддесіне сәйкес іс-әрекетіңде қолдана алады.
Қоғамдық ғылымдар болмыстың екінші бір бөлігі болып табылатын қоғам өмірінің заңдылықтары, қоғамдық құбылыстар мен процестердің себепті байланыстары мен қатынастары жайлы білімдер системасы. Адамдардың табиғатпен екі арада және өзара орнататын өндірістік, энергетикалық, информациялық қарым-қатынастарының нәтижесіндс болмыстың жаңа шындығы (түрі) — қоғам өмірі құралады. Оның ғылыми таным процесінің объектісіне айналу себебі — оның ерекше өзіндік зандары бар; сол заңдарға сәйкес қоғам өмірі реттеліп отырады. Олай болмай, әрбір адам өз бетінше әрекет ететін болса, онда ол іс-әрекеттен ештеңе шықпас еді, адамдар табиғаттың дүлей күштерінің құрбаны болып кетер еді.
Қоғам өмірі алуан түрлі күрделі құбылыстар мен процестердің жиынынан тұрады. Олардың да өз өзгешеліктері мен заңдары бар. Сондықтан оларды зерттейтін дербес қоғамдық ғылымдар бар. Олар — экономикалық, әлеуметтік, техникалық, гуманитарлық, антропологиялық т.б. ғылымдар.
Экономикалық ғылымдар қоғам өмірінің және дамуының негізі болып табылатын материалдық игіліктер өндірісі жайлы, оның дамуы мен ішкі құрылысы жайлы білімдердің системасы болып табылады. Адамдардың тарихи топтасуының, қауымдасуының микро және макро ұйымдасу ерекшеліктері мен заңдарын зерттейтін ғылымдар социологиялық ғылымдарды құрады (демография, этнография, тарих, жеке социологиялық ғылымдар т.б.).
Техникалық ғылымдар жеке адамдар мен бүкіл адамдар өмірдің түрлі салаларында қолданатын құрал-саймандар-дың — техниканың зандарын және оларды жасаудың әдіс-тәсілдерін зерттейді. Техника — табиғатта жоқ, тек адамның қолымен, ақыл-ойымен жасалатын айрықша құрал-саймандардың дүниесі. Оның да өз заңдары бар. Қоғамда техникалық прогресс іске асу үшін ол заңдарды оқып үйреніп, белгілі бір техникалық мамандықты, кәсіпті меңгеру қажет.
Гуманитарлық ғылымдарға қоғамдық құндылықтарды зерттеудің нәтижесіңде қол жеткен білімдерді жүйеге келтіруші ғылымдар жатады. Қоғамдық құндылыққа жататындар: мақсат-мүдделер, ойлаудың ережелері мен нормалары, қатынас жасау мен мінез-құлық нормалары, белгілі бір іс-әрекеттер мен белсенділіктердің жеке адам, топ және бүкіл адамзат үшін пайдалылығы немесе зияндылығы туралы ұғымдар т.б. Гуманитарлық ғылымдардың қатарына жататындар: философия, логика, этика, эстетика, заң ғылымдары, дінтану, тіл, әдебиет ғылымдары т.б. Адамның табиғи-биологиялық және әлеуметтік қасиеттерінің ерекшеліктері мен бірлігі жайлы ғылымдар антропологиялык, ғылымдар тобына жатады. Олар: философиялық антропология, мәдениет антропологиясы, педагогика, криминология, медицина ғылымдары т.б.
Жеке ғылымдарды топтастырудың басқа да белгілері бар. Мәселен, зерттеу әдісіне қарай, құбылыстар мен заттардың мәнін ашып көрсету деңгейіне қарай эмпириялық және теориялық деп топтастыруға болады т.т. Ал антропологиялык, ғылымдар тобын біріктіретін ортақ негізі адам болмысы, оның тарихи типтері мен болашағы, т.б. жағы. Атап айтқанда, адам дегеніміз: а) таным процесін тікелей іске асырушы субъект, танымның мақсаты мен программасын белгілеуші, өзінің таным процесінің барысын қадағалаушы;
ә) өзінің және бүкіл адамзаттың қажеттерін қанағаттандыру үшін ғылым ашқан жаңалықтарды пайдаланушы;
б) адамзат ұрпақтарының ғылыми таным қызметін ұдайы жетілдіруші;
в) ғылымның маңызын, оның мақсаттарын айқындап, алдағы уақыттағы даму болашағын болжаушы.
Әуел баста "натурфилософия" деп аталған, барлық білімдер жиынын қамтыған біртұтас ғылымнан ұзақ даму барысында мындаған жеке-дара ғылымдардың өсіп шыққан тарихына қысқаша шолу жасайық.
7-лекция
Ғылымның қазіргі кезеңінің ерекшеліктері
Постклассикалық емес ғылымның сипаттамасы.
Ғылыми зерттеу жаңа стратегиялары және өздігінен дамитын синергетикалық жүйелерді меңгеру.
Ғылымның этосы.
Ғылымның бастамасын анықтаудың оңай емес екендігі белгілі, бірақ оның даму тарихын ең алдымен үлкен екі кезеңге бөліп зерттеуді ғалымдардың көпшілігі жақтайды. Ғылым зерттеуші ғалым А.Карноның пікірінше, суы мол, арнасы кең ұзаққа созылған үлкен өзеннің бастауын дәл табу қандай қиын болса, ғылымның қайнар бастауын да дәл көрсету оңай емес. Оның бастамасына ой жүгірткенде, қап-қараңғы, шым-шытырық күңгірт ойларға тап боласың, ақыр-соңында тұрпайы да жабайы түсініктерге келіп тірелесің1.
Орыс зерттеушісі В.И.Ильин "Ғылым бастамасы" ұғымының айқынсыздығы мен релятивистігі бұл проблеманың шешімін аса қиынға соқтыратынын атап көрсетеді. Осы қиындықтардың нәтижесі ғылымның бастамасын сыртқы және ішкі деп бөлуге мәжбүр етеді. Сыртқы бастама — ғылымға дейінгі санадан ғылымның белгілі бір түрде құралуының шегі болса, ішкі бастамасы — ғылым тарихының алғашқы ағымын анықтау, содан бастап есептеу. Ғылымның сыртқы бастамасын қарастыру деген сөз, оның алғашқы ғылыми танымдық формалардан қалай шыққанын, қалыптасу динамикасын айқындау болып табылады. Ал ішкі бастамада — тарихи кеңістікте дамыған ғылым белгілерін көрсету.
Екінші бір орыс зерттеушісі Г.И.Рузаңин да ғылымның тууы мен дамуында екі кезеңді атап көрсетеді: бірінші кезеңін оның туу кезеңі немесе бастапқы ғылым кезеңі деп атаса, ал екінші кезеңін шын мәніндегі ғылым немесе дамыған ғылым кезеңі деп атайды2. Ғалымдардың әрқайсысы әртүрлі атағанымен, ғылым тарихы үлкен екі кезеңге бөлінетінін бәрі де мойыңдайды.
Ғылымның шығуының танымдық алғышарты біздің заманымызға дейінгі VII—VI ғасырлар аралығында мифтік (аңыз, ертегілік) санадан логосқа (ақыл-ойға) өтудің аяқталуымен байланысты болды. Бұл кезде таяу және Қиыр шығыс елдерінде, антикалық Грецияда ойлау, пайымдаудың қазіргі заманғы адамдар қолданып жүрген логикалық құрылысы қалыптасты. Мифтік-поэтикалық санадан бірте-бірте қол үзіп, ақыр соңында одан арылғаннан кейін рационалдық ой дами бастады. Оған түрлі жағдайлар пәрменді әсерін тигізді: ең алдымен мифтік ойлау "логикасынан" үзілді-кесілді бас тарту себеп болды: мифтік сана затты оның бейнесімен тепе-тең қарастырды, дүниедегінің бәрі біртұтас және бір-біріне айналады деп түсінді. Мифологияда табиғат пен мәдениет, адам мен табиғат бір-бірінен ажыратылмай бір тұтас деп түсінілді, адам өзін табиғаттан бөліп көрсете алмады. Қысқасы, мифологияда адам бейнесі айналадағы табиғат заттары мен құбылыстарға қолданылып, дүниедегінің бәрінің жаны бар деп қарастырылды. Мұндай түсінік ересек адам санасын жас баланың санасына ұқсатады.
Адамның өзін табиғат заттарынан бөлек, ақыл-ой мен сана тек адамға ғана тән деген түсінік көп кейін пайда болды. Қоғам өмірінің алғашқы қауымдық формасының біртіндеп ыдырауына байланысты қоғамдық сананың мифтік түрі де тарихи аренадан кете бастады. Дүниетану процесінде шыңдық дүние құбылыстары мен оқиғаларын табиғи-объективтік тұрғыдан түсінудің басталуына байланысты себеп пен салдардың арақатынасының шындыққа сәйкес ұғымы да қалыптаса бастады. Мифологиялық түсініктен бас тарту шындық дүние рухани емес, сезім мен санадан тәуелсіз заттық объект екенін көрсетті: егер субъективтік және объективтік тепе-тең бір нәрсе болмаса, онда шындық құбылыстарының "негізін" субъектіден іздемей, олардың өз болмысынан, өз ішінен іздеу керек деген түсінікке келу болашақ ғылыми білімнің негізін құрды.
Ғылымның ішкі және сыртқы бастамаларын қарастыра отырып, біз ғылым қашан, қалай және қайда пайда болды деген сұрақтарға жауап бере аламыз. Ғылымның бастауын анықтау үшін көп мәнді "ғылым" ұғымның қазіргі заманғы мазмұнын ашып көрсету міндетті. Жоғарыда атап көрсеткендсй, ғылым, ең алдымен, білім және ол білімді алуға бағытталған іс-әрекет, қоғамдық сананың айрықша формасы, әлеуметтік институт (XIX ғ.ғ. екінші жартысында пайда болған арнайы ұйымдар мен мекемелер жүйесі), XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қоғамның тікелей өндіргіш күші т.б. Бұл сұрақтың елдің бәрі мойыңдайтын жалпы жауабы болмағанымен, бірақ Г.Спенсердің ғылымның бастауы "есейген "жабайы адамның" ақыл-ойы..." деген пікірімен келісуге болмайды және оның бұл пікірін қолдаушы О.Конттың және басқалардың ғылымды мәдениет пен тарихтан тәуелсіз түсіндіретін пікірін де қолдауға болмайды, өйткені ғылым дегеніміз білім "өндіруге" арнайы бағытталған қоғамдық қызметтің нәтижесі болып табылады. Мұндай қоғамдық қызмет дене еңбегі мен ой еңбегінің бір-бірінен бөлініп, үстем тап өкілдерінің ой еңбегімен арнайы айналысуы үшін қажетті бос уақыттың тууына байланысты пайда болды. Демек, шын мәніндегі ғылым алғашқы қауымдық қоғамда тууы мүмкін емес еді, өйткені ғылыми білімді өндірумен айналысатын, материалдық өндіріске қатыспайтын адамдар тобы — білім субъекті қажет еді және сонымен бірге ғылыми білім өңдірісіне керекті материалдық және методикалық база, сондай-ақ ғылыми зерттеудің нәтижесін жинақтап отыратын жазу тілі, жазу қажет еді. Бұлардың бәрі біздің заманымызға дейінгі VII—VI ғасырларда пайда болды. Біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдан бұрын ертедегі Египетте (Мысырда), Месопотамияда, Индия мен Қытайда пайда болған, қазіргі ғылым философиясында орыс тілінде "Преднаука"1 деген атауға ие болған, Ғылымның жаңадан шыға бастаған бұл бастапқы кезеңіне тән белгі- сол кездегі материалдық өндіріспен, адамдардың күнделікті күнкөріс практикасымен тығыз байланыстылық еді. Ол адамдардың аса қарапайым да қажетті шарушылық мұқтажынан: нәрселерді санау, жер участоктарының ауданын өлшеу, заттардың көлем мөлшерін анықтау сияқты шаруашылық жұмыстарының талабынан туды.
Жоғарыда аталған елдер ол кезде егістігі, қолөнері, соғыс ісі, сауда қарым-қатынастары өз заманының тарихи талаптарына сәйкес жоғары деңгейде дамыған еді. Өзендердің тасуынан су жуып кеткен жерлерді қайта өлшеу қажеттігі геометрияны тудырса, сауда-саттықтың өріс алуы, қолөнер мен құрылыс істерінің дамуы арифметикалық есептеу әдістерін (алдымен қосу-алу, ал кейінірек көбейту-бөлу амалдарын) тудырса, ал теңізде жүзу және діни ғибадаттар "жүлдыз санау ғылымының" тууына себеп болды. Қысқасы, Шығыс елдерінің өркениеті түрлі іс-әрекеттерде қолдануға болатын белгілі бір білімдерді қалыптастырды, бірақ ол білімдер — пайдакерлік, ал практика — технологиялық сипатта болды. Алғаш пайда болған ғылым бастаулары математиканың арифметика жене геометрия деген бөлімдері болды, өйткені адамдардың күнделікті тұрмыс қажеттеріне ең жақын білімдер арифметиканың төрт амалы мен геометрияның жер өлшеуге қатысты әдістері еді.
Ғылымның бастауы үйреншікті эмпириялық бақылаулар мен есептеулерге негізделгенімен, бірақ оның құрамында қарапайым абстракциялар мен идеяларды пайдалану да болмай қойған жоқ. Ондай ең ескі ұғымдардың қатарына сан және геометриялық фигура ұғымдарын жатқызуға болады. Қазіргі адамның пайымдауында, заттардың өзін және олардың белгілі бір жиынын санау және салыстыру үшін әуел бастан сан деген ұғым болуы тиіс. Ал іс жүзінде олай емес. Тарихшылардың, археологтар мен этнографтардың және басқа ғылым зерттеушілерінің мәліметтері алғашқы қауымдық тайпалар сан дегенді білмегенін көрсетеді: малдардың табыңдары мен үйірлерін, аң аулағаңда олардың тобырларын салыстырғанда өздері ойлап тапқан басқа амалдарды қолданған, мәселен, бір үйірдегі әрбір малдың сырт белгісіне басқа үйірдегі малдың сондай сырт белгісі сәйкес келуі тиіс, ал егер бұлай салыстыруға бір үйірдегі жануарлар жиыны жетпесе, онда бұл үйір екіншісінен аз болғаны т.б. деп түсінді.
Өркениеттің бастапқы сатыларында мұндай салыстыру немесе "санау" амалы ретінде қолдың және аяқтың саусақтарын пайдаланған, ал саусақтардың саны жетпесе, онда ұсақ тастарды және басқа нәрселерді натуралдық сандардың шартты белгісі ретінде пайдаланған. Нақты заттар мен нерселердің абстрақтылы шартты белгілері ретінде натуралдық сандарды ойлап тапқанша, бәлкім, мыңдаған жылдар өткен болар. Адамдар абстракциялық сандарды пайдалану үшін нақты заттардың бейнесінен дерексіздену әдіс-тәсілдерін ойлап табуға үйренуі қажет болды.
Ертедегі Шығыс елдерінің жеке-дара, бытыраңқы білімдері ұрпақтан ұрпаққа беріліп жинақталды. Жеке-дара бытыраңқы білімдер қанша көп болғанымен, бірақ олар әлі ғылымды құра алмады. Ғылым жеке-дара білімдерді жалпылап, мақсатты түрде бір жүйеге келтірген жерде ғана пайда болады.Ал Шығыс елдерінде білім негізінен тікелей қабылдауда жиналған жеке-дара мәліметтерді жай индукциялық жолмен қорыту арқылы жинақталды және нәсілдік кәсіп түрінде беріліп отырды. Білімнің ұрпақтан ұрпаққа берілуі отбасында балалардың ересектерден, негізінен әке, ағаларынан үйрену арқылы іске асты. Білім жаратушы құдайдың адамға жіберген кәсіптік қамқорлығы деп саналып, кәсіптік қауымдастықтарға (шығу тегі мен қүқықтық артықшылығы бар ақсүйек топтарға) беріліп отырды. Білімдер сын көзбен қарамай, стихиялық түрде өзгеріссіз берілді. Мұның бәрі өндіргіш күштердің дамымағандығының, білімінің діни аңыздар мен билік басындағылардың үстемдік күшіне айналған дәстүрлерге толық бағыныштылығының салдары еді. Мысалы, ертедегі мысырлықтарға бүтін сан ұғымы жасқы таныс болғанымен, бірақ бөлшек санды түсінуі өте қиынға соқты. Ертедегі вавилондықтар арифметиканы және тендеулерді шешудің алгебралық әдістерін тамаша білгенімен, бірақ ертедегі грек математикасының теориялық деңгейіне көтеріле алмады. Оларға геометриялық білімдерді меңгеру одан да гөрі қиын болды. Ертедегі гректердің пікірінше, геометрия қолданбалы ғылым ретінде тұңғыш рет Мысырда пайда болды. Аристотель геометрияның пайда болуын діни аңыздардың қолы бос уақытының молдығымен байланыстырды. Геродот геометрияның практикалық қажеттігін былай түсіндірді: Ніл тасығанда өңделген егістіктерді жуып кетіп отырды, салық салу тұрғысынан қарағанда қанша өнделген егістіктен айырылғанды анықтау керек болды - ал кейіннен Грецияға ауысқан бұл геометрияның бастамасын салды1. "Геометрия" деген грек сөзінің өзі қазақша "жер өлшеу" дегенді білдіреді.
Біздің жыл санауымызға дейінгі төртінші мың жылдықта ертедегі Мысыр медициналық, географиялық, астрономия мен астрологиялық, акустика мен риторикалық, философия мен математикалық білімдердің т.б. бастамасы болған мәдениетті мемлекеттің бірі болғаны тарихтан белгілі. Табиғаттан тыс сиқырлы күшке деген сенім туралы ілімдер барлық нәсілдер мен халықтардың дүниетанымына зор әсерін тигізді.
Геродот Мысырды "Нілдің сыйы" деп атапты. Шынында да ертедегі мысырлықтар Ніл өзенінің арқасында күн көрді. Ніл өзені үшбұрыш тәрізді бірнеше салаға бөлініп, кең алқапқа жайылып жатады. Бұл ұшбұрыштың табаны — Жерорта теңізінің жиегі, төбесі Нілдің шығатын бастауы. Нілдің басқа өзендерге қарағандағы бір өзгешелігі сол, июньнің аяғынан сентябрьдің аяғына дейін оның суы үздіксіз тасып, бүкіл Мысырды су басады деуге болады. Октябрь айының аяғынан келесі май айына дейін суы тартытылып, тасуын қояды. Осыған орай мысырлықтар егінін салып, пісіріп, жинап үлгереді. Геродоттың әлгі айтқан сөзі Ніл табиғатының осы сыры туралы айтылған болар.
"Күн Сүмбіленің тұсынан жоғары көтеріле бергенде, -деп жазады Қазақстан Ғылым Академиясының академигі О.А.Жәутіков, — Нілдің суы арнасынан асып таситынын, ал күн Мизам шоқжұлдыздарының тұсына жақындап келгенде судың қайтатынын мысырлықтар біздің жыл санауымыздан алты мың жыл бұрын білген. Табиғаттың осындай зандылықтары мысырлықтарды астрономиямен шұғылдануға мәжбүр етті. Бұл туралы: "Ніл суының көтеріліп, басылу кезеңдерін есептеп шығарудың қажеттігі Епипет астрономиясын туғызды..." — дейді К.Маркс"1.
Бақылау жұмысын жүргізу мақсатында мысырлықтар тарихта тұңғыш календарь жасады. Бұл календарьда жыл 12 айға, әрбір ай 30 күнге бөлінді, ал 12 айдағы жалпы күн санына тағы да қосымша 5 күн қосылды. Нілдің тасыған суын жыл-тәулік бойы сақтау үшін және су тасқынынан қорғану үшін мысырлықтар түрлі каналдар мен су қоймаларын, мықты плотиналар жасады, өзен суынан жоғарыда жатқан егістіктерді суғару үшін суды жоғары көтеретін гидравликалық тетіктер ойлап тапты т.т. Ал бұл құрылыстар механикалық білімдерді тудырды.
Мысырды зерттеуші орыс ғалымы И.Шмелев көптеген эмпириялық зандарды тұжырымдаған ертедегі гректер емес, кейінгілер қайтадан ашқан сырды олардан мыңдаған жыл бұрын Ертедегі Мысырдың аңыздары зерттеп білген деп анық айта аламыз дейді.
Ертедегі Мысырда мемлекетті басқару фараондық деспотизм формасында іске асты. Мұнда діни абыздар ерекше орын алды. Абыздардың кеңесі өз ғылымын ерекше қорғап, ақиқаттың мәнін қара бұқараға білдірмеді. Фараондар жай адам емес, Күннің "перзенті" деп саналды, сондықтан олар о дүниеге белгісіз жай адам ретінде бармай, аспандағы Күннің жердегі перзенті ретінде бару үшін, оларды жерлеу рәсімі белгіленіп, олар үшін орасан зәулім пирамидалар салынды. Ертедегі Мысырда салынған үлкеңді-кішілі 80 пирамида бар. Пирамидалар ең алдымен елді абыздық психотехника амалдарының көмегімен басқарудың жан-жақты ойластырылған программасының іске асыруға арналған құралдың рөлін аткарды деген пікір бар. Не дегенмен, биік те зәулім құрылыстарды салу мыс металлургиясын, ағаш және тас өңдеу шеберлігін дамытуға алып келді. Дж.Бернал айтқандай, алғашқы Мысыр шеберлері жасаған столдар мен орыңдықтары сол кездегі түрін әлі өзгерткен жоқ: орындықтың арқалығын торлап, ал аяқтарын иіп жасау 4500 жыл бұрын белгілі еді. Таразы, желкен, керамикалық бұйымдар, папирус т.б. көптеген заттар да сол кезде ойлап табылған болатын.
Анатомия мен емдеу саласында көптеген білімдер пайда болды: тіс және көз дәрігерлігі, хирургтер шықты, қан айналымы жүйесінің қызметін білді, адам денесі қызметтерінің орталығы ретінде мидың жұмысы зерттелді.