
Өркениет пен мәдениеттегі ғылым.
Мәдениет жүйесіндегі ғылым және оның қоғамдағы орны мен функциялары.
Философиялық концепцепциялардың ғылымның дамуына әсері.
Ғылым тарихының әлеуметтік жақтары.
Ғылымның шығармашылығындағы философияның рөлі.
Ғылымның концепциялары.
Қазіргі заманы ғылым философиясының кейбір бастама идеяларын антик заманы философиясынан кездестіруге болады. Оған ертедегі Грецияның диалектикалық ойлау әдісін, математикалык, білімдерді құрудың аксиомалық әдісін және Аристотельдің формальдық логикасын жатқызуға болады. Ертедегі тәжірибелік білімдерінің дамыған жүйесі болмағандықтан, XVII ғ. Жаңа заман ғылымына тәжірибелік зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдерін жасаудан бастауға тура келді. Осы мақсатта ағылшынның XVII ғ. философы Ф.Бэкон зерттеудің индукциялық әдісін жасады. Сонымен қатар италиян ғалымы Г.Галилей бақылау мен математикалық есептеу әдісін біріктіретін әлдеқайда күрделі де нәзік зерттеу әдістерін жасады. Олардың ішіндегі ең бір маңыздысы — эксперименттік әдісті Галилей механикалық қозғалыстың қарапайым формаларын зерттеу үшін қолданды. Бұл әдістің ерекшелігі сол, ол табиғат құбылыстарын натурфилософтар сияқты белгісіз бір күштердің және натурфилософиялық принциптердің көмегімен түсіндіруден бас тартты. Мұның орнына ол арнайы экспериментгер жасап, солардың көмегімен белгілі бір гипотезалар құру арқылы табиғатқа "сұрақтар қоя" бастады. Ол гипотеза-сұрақтарды тексеру үшін эксперименттердің нәтижесін математикалық тұрғыдан өндеу тәсілін қолданды. И.Кеплер планеталар қозғалысының заңдарын ашты және ақыр соңында И.Ньютон жасаған классикалық механика мен гравитация теориясы дүниенің механикалық көрінісін (бейнесін) жасауды аяқтады.
Дүниенің бұл ғылыми бейнесінің негізін құрған шындық дүниені ең жалпы детерминистік зандар басқарады деген түсінік болды, яғни дүниенің механистік көрінісінің мәні механикалық детерминизм принципінде деген ұғым берік орнады. Осы тұрғыдан қарағанда, шындық дүниеде барлық заттар мен құбылыстар механикалық себептер мен салдарлардың үздіксіз байланысынан тұрады, сондықтан олардың бәрі алдын-ала белгіленген деген түсінік үстем болды.
Астрономияда, физика мен химияда үстем идеяға айналған құбылыстардың өзара заңды байланысы туралы түсінік социология ғылымының бастамашысы болған және классикалық позитивизмнің негізін салған Огюст Контқа қатты әсер еткені сонша, ол механистік принципті қоғам өміріне қолдануға кірісті. Ол қоғамдық ғылымдардағы түрліше қияли-утопиялық жобалардан бас тартып, әлеуметтік өмірдің нақты фактілерін зерттеуге кірісу қажет, оларды мұқият талдау, жүйеге келтіру және жалпылау арқылы социологияны әлеуметтік физикаға айналдыруға болады деп есептеді. Ал ғылым философиясына келсек, ол ғылым ешқандай философияны қажет етпейді, нақты ғылымдардың үстінен қарайтын, сөйтіп оларға өз принциптерін жүктейтін метафизикадан ешқандай пайда жоқ деп санады. Сондықтан позитивтік (оң) философияның міндеті ғылыми танымның нақты нәтижелері мен қорытындыларын жай талдау, классификациялап, жүйеге келтіру ғана деп тұжырымдады О.Конт. Оның пікірінше, ғылым қайсы бір құбылыстар не себепті пайда болды деп сұрақ қоймастан, қалай пайда болғанын жай баяндап беруге міндетті. Осылайша құбылыстардың түпкі себебі мен мәнін зерттеуден бас тарту кейіннен позитивизмнің басты бір ережесіне айналды.
Белгілі ағылшын философы, экономисті Джон Стюарт Милль "Логика системасы" деген кітабында ғылымды индукциялық логиканың көмегімен тәжірибелік түрғыдан негіздеу дәстүрін жалғастыра отырып, өзінен бұрьш Ф.Бэкон тұжырымдаған индукцияның ережелерін жүйеге келтіріп, әрі қарай жетілдірді. Тәжірибеге жүгіну индукцияны негіздеу үшін жеткіліксіз екенін түсіне отырып, Милль табиғаттың біркелкі екендігі туралы априорлық принципті енгізді, сөйтіп эмпиризмнен алшақ кетті.
XIXғ. аяғы мен XX ғ. басына қарай ғалымдардың назары жаратылыстануда революция тудырған физика мен химияда болған ұлы жаңалықтарға ауды. Табиғи радиоактивтіктің ашылуы, энергияның сәулеленуі мен жұтылушының дискреттік сипаты, бұған дейін материяның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бөлшегі деп есептеліп келген атом құрылысының күрделі екендігінің ашылуы — мұның бәрі классикалық физика жасаған дүниенің ғылыми көрінісі жайлы ғалымдардың түсінігін түбірінен өзгертті. Оның орнына кванттық механика мен салыстырмалылық теорияға сүйенген дүниенің жаңа ғылыми көрінісі келді. Бірақ материя, энергия, кеңістік пен уақыт туралы бұрынғы түсініктердің түбірлі өзгерісі ғалымдардың кейбір тобының арасында ғылым зандары мен ұғымдарының объективтік мазмұнына күмәнданушылық тудырды. Мұндай релятивизмді жақтаушылар, егер ұғымдарымыз бен принциптеріміз өзгереді екен, онда олардың мазмұнында анық ақиқат ештеңе болмағаны деп пайымдады. Мұндай жағдайда ғылыми білімдердің салыстырмалылық мәселесі, салыстырмалы және абсолюттік ақиқаттардың арақатынас проблемасы бірінші қатарға шығатыны табиғи нәрсе.
XX ғасырдың 30 жылдарында ғылым философиясында XIX ғасырда позитивистер күн тәртібіне қойған проблемалар қайта көтеріле бастады. Ол проблемаларды шешу үшін зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдері, атап айтқанда, сол кезге қарай жасалған математикалық (символдық) логика әдістері қолданыла бастады. Вена үйірмесінің және кейіннен неопозитивистер деп аталған эмпириктік философияның Берлиндік тобының өкілдері ғылым тіліне логикалық талдау жасау, сөйтіп теориялық физиканың тілі сияқты бір ізге келтірілген ғылыми тіл жасау — ғылым философиясының басты мақсаты деп жариялады. Осыған байланысты неопозитивистер логикалық позитивистер деген екінші атауға ие болды.
Тек тәжірибелік білімді ғана ақиқат білім деп санаған неопозитивистер теориялық ұғымдар мен пікірлерді қабылдау арқылы алынған сөйлемдерге жатқызуға тырысты. Осы сияқты мақсатты көздей отырып, қабылдауға негізделген таза тіл жасауға әрекеттенді. Бірақ олардың бұл әрекеті іске аспады, өйткені ғылым тілін теориялық терминдерден тазарта алмады. Верификация критерийінің көмегімен олар философиялық ой-пікірлер мазмұнсыз деп жариялауға әрекеттенді, өйткені оларды тәжірибелік жолмен тексеру мүмкін емес. Бірақ бұдан түк шықпады, өйткені оңда таза математикалық теоремаларды да, тіпті жаратылыстанудың негізгі теориялық қағидаларын да жалған деп жариялауға тура келер еді.
Неопозитивистік ғылым философисы жаңа білімді іздеу және дамыту проблемаларын мүлдем қарастырмай, дайын білімдерді тексерумен және негіздеумен ғана айналысуды өз міндеті деп санайтынын жоғарыда айттық. Ғылыми жаңалық ашу проблемаларымен ғылыми творчество психологиясы айналысуы тиіс деп санайды. Осындай міндетгі басшылыққа алған неопозитивистер ғылыми зерттеудің гипотезалық-дедукциялық әдісін қолданды. Бұл әдіс бойынша, ғылым философиясы гипотезалар жасаумен немесе ойлап табумен айналыспай, гипотезаларды, ғылыми жорамалдарды логикалық жағынан талдаумен, яғни олардан туатын қажетті логикалық салдардың бәрін қорытып шығарып, оларды эксперименттермен және бақылаулардың нәтижелерімен салыстыру ғана.
Карл Поппер ақиқатты анықтаудың верификациялық критерийіне қарсы шығып, оның орнына шын ғылымды жалған ғылымнан айырудың басқа критерийін ұсынды — ол ғылыми гипотезалар мен теорияларды фальсификациялауға, яғни бекерлеуге негізделді. Поппер бірақ ғылым философиясы ғылыми білімді негіздеу мәселелерімен ғана айналысуы тиіс деген неопозитивистердің басты тезисін теріске шығармады.
Ғылым философиясының неопозитивистік түсінігі қатаң сынға көп ұшырап, кейін басқа түсініктермен, көзқарастармен ауыстырылуға мәжбүр болды, сөйтіп оның орнына көптеген оған қарама-қарсы бағыттар, көзқарастар мен мектептер пайда болды. Солардың ішіндегі ең беделдісі ғылыми білімді зерттеу процесіне тарихи көзқарас тұрғысынан қарау болды. Қазіргі ғылым философиясын зерттеудің одан басқа да жаңа бағыттары шықты.
3-лекция
Ғылымның пайда болуы. Ғылымның тарихи дамуының негізгі кезеңдері.
Ғылымның пайда болу проблемалары.
Ежелгі мәдинет адамдарының дүниетанымдарының ерекшеліктері мен мәдениеті.
Ежелгі Греция ғылымның отаны.
Орта ғасырдағы Европадағы ғылыми таным.
Шығыс ортағасыр ғылыми.
"Эпистемология" деген ертедегі грек сөзін қазақшаласақ, "episteme" білім дегенді, ал "1оgos" ілім, ғылым дегенді білдіреді екен. Сөйтіп ертедегі Грецияда эпистемология деп дәлелді, ақиқат білім туралы ілімді түсініпті. Олар мұндай білімге математика мен логиканы және астрономияның қайсы бір жақтарын жатқызды. Қалған басқа білімдердің бәрі жай пікір (dоха) деп саналды. Ертедегі грек философтары Парменид пен Платон эпистемологияны ақиқат туралы білім деп қарастырып, оны сезімдік бақылауларға негізделген пікірлерге қарсы қойды.
Қазіргі заманғы философиялық әдебиетте эпистемология көбінесе ғылыми таным теориясы мағынасында қолданылады, ал жалпы таным теориясын білдіру үшін әдетте "гносеология" термині пайдаланылады. К.Поппердің пікірінше, эпистемология дегеніміз "ғылымның болмысын және оның өсуін түсіндіруте тырысатын" ғылыми таным теориясы. Дәлелді ақиқат білімнің жай күнделікті білімнен айырмашылығы ертедегі гректерге де белгілі болғанымен, ғылыми білімнің эпистемологиялық проблемаларын зерттеу шын мәнінде тек Жаңа заманда ғана басталды. Шындық дүниені ғылыми тұрғыдан зерттеудің күнделікті қисыңды мәнге негізделген практикалық танымнан түбірлі айырмашылығы бар екендігі Жаңа заманда ғана анықталды. Мәселен, Аристотельдің физикасы бойынша және күнделікті қисынды мәніне қарай тұжырымдалған пікір бойынша да сыртқы күш әсер етпеген дененің қозғалысы бірден тоқтауы тиіс, ал Галилейдің инерциялық принципі бойынша ол түзу сызық бойымен қозғала береді. Галилей енгізген ең басты жаңалық ғылыми зерттеудің арнайы әдісі ретінде ғылымда экспериментті пайдалану болды. Галилей тарихта тұңғыш рет тәжірибеде байқалатын эмпириялық құбылысты оның логикалық талдауымен біріктіруді математикалық әдістердің көмегімен іске асырды. Ғылымның әрі қарай дамуы барысында математикалық әдіс табиғаттың түрлі құбылыстары мен объектілерін зерттеуде барған сайын кеңінен қолданыла берді. Галилейдің "табиғаттың кітабы математика тілінде жазылған" деген қанатты сөздері математикалық әдістің ғылымда зор маңызы бар екенін, сондықтан математика тілін білген адам ғана табиғат құбылыстарын ойдағыдай зерттей алатынын атап көрсету мақсатында айтылған.
XVII ғасырда классикалық ғылымның тууына байланысты классикалық эпистемиология туды. Ол көбінесе ғылыми білім алу, оны зерттеп, дәлелдеу проблемаларын талдауға көңіл бөлді. Кезінде ғылыми білім алудың теориялық және дедукциялық әдістерін талдаумен Р.Декарт пен Г.В.Лейбниц айналысты, ал Ф.Бэкон зерттеудің индукциялық әдісін тұжырымдады. Ол кездегі эпистемология өзінің таным әдістері мен принциптерін, ақиқат критерийлерін бұрынғы натурфилософия мен ортағасырлық схоластикалық философияны сынау барысында тұжырымдады. Жаңа индукциялық логиканы жасаудың бастамашысы болған Ф.Бэконның қызметі дәл сол мақсатқа бағытталған еді, өйткені Аристотельдің дедукцилық логикасы (силлогизмі) табиғат құбылыстарын зерттеуге жарамады. Табиғатты зерттеу мақсаттарына әсіресе Галилейдің эксперименттік әдісі дәл келді, өйткені Галилей эксперименті табиғат құбылыстарына жай бақылау жүргізу мағынасында түсінген жоқ, Белгілі мақсатқа сәйкес ұйымдастырылған зерттеу процесі мағынасында түсінді, өйткені мұндай эксперименттік зерттеуде құбылыстарды бақылаудың сезімдік-тәжірибелік әдісі мен олардың мәнін ашудың рационалдық әдістері өзара бірлікте қолданылып, бірін-бірі толықтырып отырады.
Дегенмен, ғылымның одан әрі даму барысында жаңа ақиқаттарды ашудың ешқандай логикасы жоқ екендігі анықталды. Сондықтан классикалық эпистемология содан кейін ғылыми білімді негіздеу пробемасына күш сала бастады. Білімді негіздеу деп ол жеке ғылымдардың даму барысында қалыптасқан зерттеу әдістерін, нормалары мен критерийлерді қатаң сақтауды түсінеді, ал бұл түсінік кейіннен классикалық эпистемология шеңберінде танымның эмпириялық және рационалдық әдістерінің арақатынасын кеңінен талқылауға жағдай жасады. Егер эмпиризмді жақтаушылар ғылыми білімнің бірден-бір сенімді көзі түйсік пен қабылдауға негізделген сезімдік тәжірибе деп есептеген болса, ал рационализмнің жақтаушылары ақыл-ой ғана және соған негізделген рациональдық таным әдістері ғана сенімді ақиқат білімге қол жеткізеді деп дәлелдеді.
Классикалық эпистемология шеңберінде эмпиризм мен рационализм арасында өрбіген пікір таласы мен дискуссия түрліше формада жүрді. Латынның "sensus" — түйсік, сезім деген сөзінен шыққан сенсуализм бағытының өкілдері (француз материалистері Дидро т.б және ағылшын философы Дж.Локк т.б) түйсікті біздің біліміміздің бірден-бір көзі, атом сияқты ең ұсақ негізгі деп санаған болса, ал рационалистер білімнің ондай негізгі ретіңде ақыл-ой қызметін алды. Мысалы, Р.Декарт ғылыми білімнің алғашқы көзі ақылмен аңғару (интуиция) деп есептеді. Рационализмді жақтаушы Г.В.Лейбницте математикалық ой ақыл-ойдың ең жоғарғы көрінісі деп санады. XVIII—XIX ғасырларда идеализм мен априоризмнің көптеген өкілдері (И.Кант, Гегель, жаңа кантшылар т.б.) рационализмді жақтады.
XIX ғасырда позитавистер, ал XX ғасырда неопозитивистер эмпиризм бағытын жақтады. Неопозитивистер бүкіл ғылыми білімнің негізін құруға тиісті тәжірибені білдіретін протоколдық сөйлемдерді (сөзбе-сөз дәл білдіретін сөйлемдерді Ә.Т.) ерекше бөліп көрсету идеясын ұсынды. Абстракциялық ұғымдар мен пікірлерді, ғылым заңдарын олар дәл сондай протоколдық сөйлемдерге жатқызды.
Классикалық эпистемологиядағы пікірталастың тағы бір бағыты жалпы таным теориясында психологизм және антипсихологизм проблемасы төңірегінде болды; ол талас ғылыми таным саласында ерекше болды. XIX ғ. психология ғылымының дамуына байланысты кейбір философтар біздің білімімізді негіздеу принциптерін санамыздың шекарасынан тыс жерден, тіпті логикадан да іздемей, сананың өз ішінен іздеу керек деген пікір айтты. Сондықтан таным теориясында психологизмді жақтаушылар бұл проблеманы психология ғылымының ұғымдары, заңдары мен принциптері негізінде қайта құруға әрекеттенді. Психологизмді жақтаушылар тіпті формальды логика сияқты көпшілікке белгілі ғылымның заңдарын да жеке адам санасында болатын идеялардың бірігу және ажырасу процесіне жатқызуға тырысты. Бірақ бұл тұрғыдан қарастырғанда көп ғасырлар бойы практикада тексеріліп тұжырымдалған ойлаудың жалпы адамдық заңдары мен ережелері таза субъективтік сипатта іске асатын жеке адам ойлауының бірігу және бөліну құбылысына айналар еді. Сондықтан көптеген белгілі логиктардың, математиктер мен философтардың психологизм бағытына қарсы болуы тегін емес.
Классикалық эпистемологияға жасалған қысқа ғана шолудан көретініміз: ол ең алдымен ғылыми білімді негіздеудің нормаларын, әдістері мен принциптерін жырымдауға күш салды. Ал бұл неопозитивистер мен сыншыл рационалистерді жаңа білім ашудан гөрі дайын білімді негіздеуге баса назар аударуға алып келді.
Қазіргі классикалық емес эпистемологияның қалыптаса бастауы ғылыми білімді негіздеуден ол білімнің даму процесін зерттеуге көшуінен басталды: ғылымның эволюциясы жайлы бірінші модельдер (үлгілер) XX ғасырдың 60 жылдарында пайда болды; ол тірі организмдер дүниесінің эволюциясы мен ғылыми білімнің дамуы арасындағы аналогия (ұқсастық) туралы түсінікке негізделді. Бұл модельдердің ішінде көпшілікке кеңірек белгілісі К.Поппердің эволюциялық эпистемологиясы болды. Ол эпистемология бойынша, ғылыми танымның дамуы Ч.Дарвин тұңғыш зерттеген тірі табиғаттың эволюциясына өте ұқсас процесс болып табылады екен. Табиғаттағы бәсекелесу және тіршілік үшін күрес сияқты, дейді К.Поппер, ғылыми танымда да түрліше гипотезалардың арасында бәсекелесу жүреді. Егер табиғатта өмірге ең бейімделген организмдерді іріктеу табиғи сұрыпталудың нәтижесінде жүзеге асатын болса, ал ғылымда ең тиімді гипотезалар үздіксіз тексеру процесінде расталмаған гипотезаларды жаратпай тастау жолымен іске асады.
Алайда мұндай аналогияның белгілі бір пайдасы болғанымен, бірақ ол басты мәселені шеше алмайды, ол ғылыми білімді дамытудың жолдары мен тәсілдерін аша алмайды, сөйтіп оны объективтік ақиқатқа жақындата алмайды. Оның үстіне қателіктерді тексеріп көру, яғни болжаулар арқылы қателіктерді болдырмау әдісін толық ғылыми деп қабылдауға бола берер ме екен, өйткені болжамдарда кездейсоқтық жиі кездеседі.
4-лекция
Жаңаевропалық ғылымның қалыптасуының алғы тарихы.
Қазіргі замандағы ғылым.
Ғылыми іс-қызметтің ерекше мамандыққа айналуы.
Ғылым және адамзат тарихындағы технологиялық төңкерістер.
Ғылымның дамуының негізгі дәуірлері.
Көп мәнді "ғылым" ұғымының мазмұнын анықтау үшін оны құратын мәнді белгілерін ашып көрсету қажет.
Ғылым дегеніміз ең алдымен білім, білімдер жиынтығы. Екіншіден, ол білімдерді тұжырымдауға, "өндіруге" бағытталған іс-әрекет, яғни дүниедегі заттар мен құбылыстарды танып білу қызметі. Қазіргі заманғы ғылым сонымен бірге қоғамдық сананың бір формасы, түрліше ғылыми мекемелер жүйесін қамтитын әлеуметтік институттар, маман кадрлар даярлау жүйесі және, XX ғысырдың екінші жартысынан бастап, қоғамның тікелей өндіргіш күші деп түсініледі.1 Ғылым ұғымын аталған белгілері бойынша түсіндіру арқылы оның алғашқы бастамасы да анықталады. Ғылым кадрлар даярлаудың және қайта даярлаудың кәсіптік жүйесі ретінде XIX ғасырдың алғашқы жартысында Германияда қалыптасты. Ғылым әлеуметтік институт ретінде Жаңа заман дәуірінде туғанымен, бірақ мұндай мазмұнға шын мәнінде XIX ғасырдың ортасында немесе екінші жартысында ие болды, ол тікелей өндіргіш күшке айналуы XX ғасырдың екінші жартысында өнеркәсібі дамыған елдерде ғана іске асты. Егер ғылым деп қоғамның тарихи қалыптасқан рухани өмірінің, қоғамдық санасының бір формасын түсінетін болсақ, яғни белгілі бір гносеологиялық стандартқа (үлгіге) сүйенетін форма ретінде түсінетін болсақ, онда мәселе ол үлгілердің шартты белгі түрінде қалыптасуына келіп тіреледі. Ал мұндай стандартты үлгі ретінде ақыл-ой арқылы негіздеу, дәлелдеу теориясын түсінетін болсақ, онда ғылым антик заманындағы Грецияда туды деп мойындауға тура келеді, өйткені ондай ақыл-ой стандарттары алғашында ертедегі Грецияда тұжырымдалды.
Ғылымның қызмет, іс-әрекет ретіндегі түсінігі қызметтің өзі қай мағынада түсінілетіндігіне қарай анықталады. Егер оны әлеуметтік тұрғыдан белгіленген кәсіптік жұмыс ретінде түсінсе, онда ол ғылымды әлеуметтік институт мағынасында түсінумен тепе-тең. Ал егер оны жаңа білім өндіру мақсатын көздейтін белсенді танымдық әрекет деп түсінсе, онда ол мәселенің шешімі "білім" ұғымының мазмұнын гносеологиялық тұрғыдан түсіндіруге байланысты болады. Түптеп келгенде, егер ғылымның шығуын білім алу тұрғысында қарастырса, ғылымды қандай білім алумен байланыстыру керек деген сұраққа келіп тіреледі, ал бұған ғылым кәсіптік біліммен байланысты деген жауап қайыруға тура келеді.
Сонымен, ғылым дегеніміз білім, бірақ білімнің бәрі бірдей ғылымға жатпайды. Білімді тұжырымдауға бағытталған қызметтің нәтижесі болып табылатын білім ғана ғылымға жарады. Демек, ғылымды анықтап беретін басты бір белгісі — білім өндіру мақсатында іске асатын айрықша іс-әрекет, яғни жаңа білім тұжырымдау бағытында іске асатын арнайы таным процесі. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, бұл қызмет адамдардың белгілі бір тобын материалдық өндіріс процесінен босатудың нәтижесінде пайда болған бос уақытты рухани өңдірісті дамытуға жұмсаудың нәтижесіңде ғана іске аса алады.
Демек, ғылым шын мәнінде ақыл-ой еңбегі мен дене еңбегі бір-бірінен бөлінгеннен кейін ғана пайда болуы мүмкін еді. Жаңа білім алу үшін мақсатты қызметті іске асырушы адамдар тобымен (зерттеушілермен т.б.) қатар материалдық және методикалық база (приборлар, құрал-саймандар, оқыту, үйрету құралдары т.б.), сондай-ақ зерттеу нәтижелерін жазып алатын жазу тілі қажет. Мұндай жағдайлары жоқ қоғамда әрине ғылым да жоқ.
Күнделікті тәжірибелік мәселелерді шешуді көздейтін жеке-дара білімдердің жай қосындысы ғылымды құра алмайды. Ғылыми білім заттар мен құбылыстарды зерттегенде, оларды жеке-дара кездейсоқ, мәнсіз белгілерден "тазартып", жалпы, мәнді белгілерін теориялық тұрғыдан жалпылап, қажетті де дәлелді түрде қорытып шығарудың ретке келтірілген жүйесі болып табылады.
Білім ғылыми болу үшін табиғаттан тыс құдіретті күшке сенуге негізделген діни сенімдерден, мифологиялық аңыз, ертегілерден таза, адамның ғылыми ақыл-ойының теориялық дәлелдемесіне негізделген болуы тиіс.
Ғылым ұғымына тән мәнді белгілердің жалпылама алғандағы гносеологиялық моделі (құрылысы) міне осындай. Бірақ бұлардың ішінде ең бастапқы, негізгі белгілері алғашқы екеуі, яғни білім және іс-әрекет болып табылады, өйткені адамды адам еткен практикалық іс-әрекет, оның ішінде қоғамдық еңбек қызметі шындық дүние заттары мен құбылыстары туралы нақты білімнің, ақыл-ой жұмысының болуын міндетті түрде талап етеді. Демек, практикалық іс-әрекет әрдайым біліммен табиғи бірлікте болып, бірлікте дамиды және, керісінше, шындық дүние заттары мен құбылыстарын өз мақсатына сәйкес өңдеу, өзгерту барысында олар жөнінде жаңа білімдер туып, терендей түседі.
Білімнің қоғам мен адам өміріндегі маңызын түсіну үшін оның көптеген түрлері бар екендігін, олардың маңызы мен атқаратын рөлі де түрліше екенін білу керек.
Ең жалпы мағынада алғаңда, білім ұғымы шындық дүние жайлы ой-пікірлер жиынтығын білдіреді. Көп мағыналы бұл терминнің мынадай үш мағынасын атап көрсетуте болады. Бұл термин, біріншіден, адамның бірдеңені істей алу, бір затты жасай білу қабілетін білдіреді, яғни практикалық дағдыға айналған іскерлігі мағынасында қолданылады. Өйткені ондай практикалық іс-әрекет қисынды мәні бар күнделікті тәжірибеге негізделген белгілі бір білімдерге сүйенеді. Екіншіден, "білім" деген сез көп жағдайларда ғылыми білім мағынасында қолданылады. Мұндай білімдерге тән маңызды бір сипаттама — әрбір ғалым өз зерттеу жұмысында басшылыққа алатын негізгі мақсат — объективтік ақиқатты ашу. Шынында кез келген ғылыми зерттеудің басты мақсаты сыртқы дүние туралы барған сайын жаңа, ақиқат білімдер іздеу болып табылады. Міне осы мақсатқа сәйкес ғылымда зерттеулердің белгілі бір нормалары мен критерийлері (анықтауышы), әдіс-тәсілдері белгіленеді.
Ал кейде білім деп, үшіншіден, белгілі бір субъективтік факторды (мақсат-мүддені) іске асыруда шешуші рөл атқаратын пікірлерді, сенім-нанымдарды айтады. Жеке субъектінің шындыққа деген қатынасын (мүддесін) білдеретін мұндай пікірлер шындыққа қайшы келуі, жалған болуы, қияли т.б. болуы мүмкін. Мысалы, жоққа сендіруші діни пікірлер сондайларға жатады.
БІЛІМ ұғымы қай мағынада қолданылмасын, ол ұғымды таным ұғымынан айыра білу қажет, өйткені "білім" ұғымы шындық дүниені танып білудің (зерттеудің) нәтижесін білдірсе, ал "таным" ұғымы білімді іздеу процесі, шындық дүниені зерттеу процесі болып табылады. Бұл айырмашылық әсіресе ғылыми таным процесімен айналысатын ғылымда айқын көрінеді, өйткені ғылым дүние танудың күнделікті қарапайым тәжірибелік формаларымен шектелмейді. Ғылымда таным процесінің нәтижелері ғылыми ұғымдар, гипотезалар, заңдылықтары мен теориялар түрінде арнайы тұжырымдалады және сонымен бірге бұларды ғылыми тұрғыдан зерттеу процесінің барысы қарастырылады. Егер таным процесінің нәтижесін (білімді) талдау, классификациялау, сөйтіп, бір жүйеге келтіру үшін логикалық тәсілдер қолданылса, таным процесінің өзін зерттеу үшін көбінесе методологиялық және эвристикалық (яғни зерттеушілік) әдіс-тәсілдер іздеуге тура келеді.
Түрліше білім түрлерін зерттеумен антик дәуірінің философтары айналыса бастаған еді, алайда олар өлі эскперимент жүргізуді білмегендіктен, ертедегі грек ғылымы құбылыстарды жай сипаттаумен ғана шектелді. XVII ғасырда эксперименттік жаратылыстанудың шығуы ең алдымен бұрынғы натурфилософиялық және схоластикалық-діни көзқарастардың қисынсыздығын сынауды бірінші кезектегі міндетке айналдырды, өйткені олар табиғаттың объективтік заңдарын танып біліп, қоғамның практикалық мүддесіне пайдалану ісіне кедергі жасады. Тек математикаға ғана емес, сондай-ақ эксперименттік әдіске сүйенген ғылым ғана нағыз ақиқат білім береді деген көзқарас дәл осы Жаңа заманда пайда болды. "Білім дегеніміз күш" (Ф.Бэкон) және "Табиғат зандары математика тілінде жазылған" (Г.Галилей) деген сияқты қанатты сөздердің Батыс Еуропаға кеңінен жайылуы және жалпы классикалық жаратылыстанудың тууы ғылыми білімді түрліше ғылыми емес білімдерден айыра білу қажеттігін көрсетті.