Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

Тіл мдениеті

.docx
Скачиваний:
48
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
44.67 Кб
Скачать

Міндетті деңгей:

- сөздерді лексикалық, фонетикалық нормаға сай орынды қолдана алу;

- орфография, орфоэпия нормаларын сақтай білу;

- ауызша, жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білу;

- мәтіндерге өтілген тақырыптар бойынша талдау жасай алу;

- оқыған ертегі-әңгімелерге ұқсатып ертегі, әңгіме жаза білу.

Мүмкіндік деңгейі:

- ауызекі сөйлеу тілі мен жазба тілдің ерекшеліктерін пайымдай білу;

- ауызекі сөйлеудегі қателерді тауып, әдеби тілде сөйлеудің үлгісін таныту;

- ауызша сөйлеу мәдениетіне жататын қағидаларды іс жүзінде қолданып көрсету;

- сөз қолдану мәдениетіне бағытталған жазба жұмыстарын жүргізу, дағдыларын игеру;

- әңгімелеу, баяндау, сипаттау, мінездеу, талқылау бағытындағы мәтіндерді ажырата білу, өзі құрастыра алу.

Ал, 6 сыныпта тіл мәдениеті тарауында оқушыларды жұрт алдында сөйлеу мәдениетіне тәрбиелейді. Мұнда жұрт алдында сөйлеудің түрлері, мұғалімдердің, оқушылардың, баяндамашылардың, дикторлардың сөйлеу ерекшеліктері, ауызша тілдің жазба тілден айырмашылыктары айқындалады. Оқушыларға ойды жеткізудің тілден тыс көмекші құралдары (ым-ишара, дауыс ырғағы, күші, қимыл-қозғалысы) тақырыптың мазмұнымен астарласып беріліп, соның мақсатын ашатындай қызмет атқаруын талдатады.

Жұрт алдында айтылатын ауызша сөздің жазба сөзге қарағанда құрылысы жағынан ықшам келетіндігі, қаратпа, қыстырма, одағай сөздердің жиі қолданылатындығы, жазба тілде қойылатын тыныс белгілері жайлы мағлұмат беріліп, соған орай жаттығулар жүргізіледі. Мұғалім оқушыларға ой айту, дауыс ырғағы дауыс кідірісі арқылы берілетіндігін байқатады.

Бұл тарауда сонымен қатар, жазудың маңызы, сөзді дұрыс жазу мәдениеті, орфографиялық нормадан ауытқуға болмайтындығы, оны сақтаудың міндеттілігі түсіндіріледі. Емле ережесіндегі соңғы толықтырулар мен өзгерістер тіл фактілері негізінде талқыланып, олардың дағдыға айналуы қадағаланады.

Оқушылар жазудың адам ойын жүйелі, тиянақты, толық жеткізуге мүмкіндік жасайтындығын ұсынылған тақырыптарға құрылған ауызша және жазбаша мәтін үлгілерін салыстыра көз жеткізеді.

Бұл сыныпта тіл мәдениетін оқытуда сөз таптарының әрқайсысының тіл мәдениетімен қатысы, сөз таптарының ойды анық, дәл, нақты білдірудегі мәні, сөз таптарының ауызша және жазбаша тіл мәдениетімен байланыстары, орфографиялық, орфоэпиялық нормалар және оқшау сөздердің ауызша және жазбаша тілдегі қолданылу ерекшеліктері қарастырылады.

Ұсынылатын тақырыптар: Қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрпы, өнері; ауыл-қала тұрмысындағы айырмашылық; табиғаттағы өзгерістер; от басындағы қызығушылық, береке; сынып мүддесі, ұлттың мақтанышы, көрнекті адамдардың өмірі жайлы сыр, т.б.

Тіл мәдениеті бойынша 6 сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар:

Міндетті деңгей:

- жұрт алдында сөйлеудің түрлерін аңғару;

- сөздерді түрлендіріп қолдана алу;

- дұрыс жазу мен дұрыс сөйлеуге төселу;

- ауызекі сөзде оқшау сөздерді орнымен жұмсай алу.

7-сыныпта «Тіл мәдениеті» тарауында сөз мағынасы, сөйлеудің, диалогтің, монологтің түрлері, тіл мәдениеті және шығармашылық жазу жұмыстары, қосымшалардың тіл мәдениетіне қатысы оқытылады. Қосымшалардың сөзге жалғану шегі, сөзді таңдап, талғап барып жалғануы мен қосымшаларды қолданудағы нормадан ауытқулар қарастырылады.

Бұл сыныпта тіл мәдениетін оқытуда мынандай міндеттер қойылады:

- оқушылардың бойында қосымшаларды дұрыс жалғау

дағдысын жетілдіру;

- іс-қағаздары үлгілері мен публицистикалық сипаттағы

мәтіндерді талдату, өздеріне құрату;

-баспасөз бетінде қосымшаларды қолданудағы нормадан

ауытқыған жағдайларды тапқызып, қайта жазғызу;

- қазақ тіліндегі кейбір жұрнақтардың қызметі мен қолданылу

өpiciн танытатын мысалдарды талдату;

- кeйбip қосымшалардың термин жасаудағы рөлін анықтату;

- жаңа сөздердің қолданысын меңгерту;

- түрлі сипаттағы мәтіндерді талдату арқылы сөз таптарының

түрлену жүйесі жөніндегі түсініктерін кеңейту;

- мәтіндерге лингвистикалық талдау жүргізу;

- автордың ойды беруде сөздерді байланыстыру тәсілдерінің

қолдануын бағалату;

- көнерген сөздер мен жаңа сөздердің жасалымындағы

ерекшеліктерді, олардың сөз таптарымен, сөз тіркесімен байланысын анықтату;

- оқушылардың өздік, шығармашылық жұмыстарын

ұйымдастыру арқылы өтілген тақырыптардан алған білімдерін өз сөз қолданысында пайдалана білу дағдыларын жетілдіру.

Тіл мәдениеті бойынша 7 сынып оқушыларының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар:

Міндетті деңгей:

- қосымшаларды таңдап, талғап жалғай білу;

- іс қағаздары үлгілерін дайындай алу;

- термин сөздердегі қосымшалардың рөлін анықтай алу;

- сөйлем мүшелерін орнымен жұмсай алу[12,15-52б].

8-9 сынып оқушыларына тіл мәдениеті басқа тараулармен

байланыстырыла оқытылады.

Тіл мәдениетінің ерекшелігін айқындайтын негізгі белгілер мен

сапалар болады. Олардың бастылары мыналара: дұрыстық, дәлдік, логикалық, тазалық, мәнерлілік, сөздің байлығы және қисындылық[13,114 б.]. Осыған орай, қазақ тілі сабақтарында оқушыларды сөйлеу мәдениетіне, тіл мәдениетіне тәрбиелеуде тіл тазалығы, тіл дәлдігі, ойдың анықтылығы, мазмұн тереңдігі, сөздерді дұрыс айту, дұрыс жазу нормалары, сөйлемдерді дұрыс құру, ойды дәл жеткізе білу шеберлігі, сөйлеу, тыңдау әдептілігі деген мәселелер жатады. Оқушыларға орта буында тіл мәдениеті осы мақсаттарды көздей отырып оқытылады.

2.3 Қазақ тілі сабақтарында жоғары сынып оқушыларын тіл мәдениетіне тәрбиелеудің әдіс-тәсілдері

Жалпы білім беретін мектептер бағдарлы оқытуға бет алды және оқу мерзімі де ұзарды, ал оның әлеуметтік тиімділігі неде болуы тиіс деген сұрақтың жауабын табу әрбір пән әдістемесінің негізгі мәселесіне айналды. Бұл мәселенің түйіні білім философиясының жаңаруы, жаңа парадигманың енуі, білім мазмұнының қоғам талабымен ұштасуы, жаңа технологияның қолданылуы т.б. тенденциялардың маңыздылығын ескере отырып, оқытуды интеллект дамуының қайнар көзіне айналдырудың тетіктерін айқындау арқылы шешілері сөзсіз.

10, 11-сыныптағы қазақ тілі пәнін оқыту тілдік қатынастың жеке тұлға мәдениетімен бірлігіне негізделіп жүйеленді. «Сөз мәдениеті» деп аталатын бұл курста 9-сыныпқа дейін қазақ тіл білімінің ғылыми негіздерімен жан-жақты таныс болып келген жеткіншектің игерген білімдерін біліктілік тұрғысында пайдалануға бағыт беріледі. Мұнда оқушының жеке адами қасиеттерін, тілдік бейімділік қабілеттерін арттыру көзделеді. Мұндай бағытты таңдап алуымыздың себептерін төмендегідей негіздемелерімен айқындауға болады.

Біріншіден, бүгінгі заман талабы іскер, белсенді, қандай жағдайда да өздігінен жол таба білуге бейім адам тәрбиелеуді қажет етіп отыр. Сондықтан жалпы білім беретін мектеп қабырғасында әр оқушыны дара тұлға деп танып, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға қажетті алғышарт жасауға мән берілуі тиіс. Олай болса, білімнің мәні — өткеннің тәжірибесін танытып, пәндік іскерліктерді қалыптастыруында ғана емес, ең бастысы, оқушының өзіндік әрекетіне бағыт беруде, оны әрдайым дұрыс шешім қабылдай білуге үйретуінде.

Мектеп бітіруші жас ұрпақ болашақтағы өз бағытын дұрыс белгілеп, саралай білу үшін оларға берілетін білім өзегінде, біріншіден, өзіндік сана, көзқарас, дүниетаным мен сенім қалыптастыратын, екіншіден, қай ортаға болсын тез бейімделіп, жаңа ақпараттарды тез түсіну, қабылдау қабілегтілігін, іскерлік қасиетін дамытатын компоненттер қатар қамтылуы тиіс. Сонда ғана білім әлеуметтік күштен оқушы әрекетін дамытудың тетігіне, яғни практикалық қажеттілікті ақтайтын тегеурінді күшке айналады. Сондықтан жоғары сатыда жеткіншекке тілдің танымдық сипаты мен коммуникативтік қызметіне сай өмір тіршілік-жағдайларын ескере отырып, жан-жақты меңгерудің тиімді жолдарын үйрету көзделді. Бұл сөз мәдениетін қарым-қатынастың нақты түрлері бойынша жүйелі дамыту, жетілдіру арқылы шешілмек. Тілдік мәдениеті, білігі бар адам ғана қай ортада да өзіне сенімді бола алады және айналасындағылармен өзара тіл табыса білуге қабілетті болады. Ал, тіл табыса білу — еңбек нәтижелігінің ең қажетті шарты.

Екіншіден, тіл адам санасында шындықты бейнелеу мен жинақтау құралы болғандықтан, ол адамдардың интеллектуалдық әрекетінің де ерекше түрі болып саналады. Яғни тіл мен сөйлеу — сол адам болмысының, оның жалпы табиғатының көрсеткіші. Бұл тұжырым оқушының коммуникативтік дағдыларын жеке тұлға мәдениеті тұрғысынан қарастыруды қажет етеді. Олай болса, бүгінгі білім жүйесінде кең өріс ала бастаған мәдениеттану бағытының білім мазмұнымен анық та айқын кіріктірілуі қазақ тілі пәнінде оқушының сөз мәдениетін жетілдірудің қаншалықты деңгейде шешілуімен қамтамасыз етілетіні даусыз.

Сондықтан 10, 11-сынып бағдарламасы мынадай жүйемен беріледі: Сөз мәдениеті және қарым-қатынас, «Шешендік және сөз мәдениеті», «Пікірталас мәдениеті».

Үшіншіден, бүгінгі білім мазмұнындағы түбегейлі бетбұрыстар оқушыға теориялық терең мағлұмат берумен қатар баланың өзіндік көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастыруға қарай бейімделіп құрылуы тиіс деген қағиданы берік ұстауды қажет етеді. Бұл орайда оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескерсек, нақты практикалық маңызы бар тілдік іскерліктерді жүйелі қалыптастырудың орны бөлек. Мұндағы басты талап ой-пікір алмасудың, сөз мәдениетіне жетік болудың тиімді әдіс-тәсілдерін меңгерту болып табылады. Сондықтан тілді оқытудың әдістемелік жүйесінде естігенін тез қорытып, өз ой-түйіндерін дұрыс та мәнді, тиімді етіп айта білуге төселдіретін оқыту құралдары мен тәсілдері, жолдары анықталуы керек. Жеткіншек сөз әлемінің өзіне әлі де беймәлім ықпыл-жықпылдары бар екенін, одан әркім өзінше жол тауып шығуы қажет екенін мойындататын схоластикалық тұрғыдағы идеалды малданып отырмай, өзі сол сөйлеу талап-тарымен бетпе-бет келгенде не істей алар едім деген сауалға жауап табуына қажетті білім-біліктерді меңгертуге икемделген оқыту жүйесі қажет. Міне, сол себепті де ой тереңдігімен, сөз сиқырымен танылған таңғажайып дарынды шешендердің не дегенін ежіктеп баяндаудан гөрі, өзін әрбір жағдаятқа қоя отырып, толқу, толғану сезімдерін бастан кешіруге, нақты тапсырмалар арқылы сынға түсуіне орайласқан оқу процесінде ғана баланың ойы да, тілі де дамитыны ескерілуі мәнді. Бұл, оқыту жүйесіндегі шешендік өнерден бас тарту емес, сол шешендік сөздерді өз деңгейінде, өз орнында пайдалана отырып, оны сөз мазмұнын, ой түйінін жеткізетін құрал ретінде түсіну қажет деген сөз. Сөз мазмұнын түсіну ғана баланың логикалық ойын дамытады, одан әрі қарай берілетін жаттығулар арқылы тілі ширайды. Сондықтан тарихта болып өткен шешендердің сәздерінің теориялық негіздерін танытатын ережелерден гөрі, сол шешендердің сөз үлгілеріне еліктетіп, ой айтуға үйрету әлдекайда тиімді. Әрі мұндай әдістер оқушының жас ерекшеліктерімен де іштей қабысып жатыр. Себебі жоғары сатыдағы мектеп оқушысы үшін темірдей теорияларды қабылдаудан гөрі, өз тәжірибесіне сүйене отырып ой түйіндеулерін жасау, жеке ой қорытындыларын жүйелеу қызықты да маңызды болады. Өйткені олар қандай жағдаятта да өз бетімен жол табуға құштар. Оның үстіне XXI ғасырдың табалдырығын аттағалы отырған жас буынды білімнің сипаты немесе тиістілігі емес, өзінің оқу еңбегінің қандай нәтиже беретіні көбірек алаңдатады. Бұл әрине, өте табиғи талап. Егер тұрлаусыз уақыттың сынынан сүрінбей өтудің бір шарты — тіл табысу, өз көзқарасын айқын дәлелдей білу болса, онда соған қажетті тілдік талғамды, сөйлеу қабілетін тек практика арқылы дамытуға болатыны ақиқат шындық. Сондықтан да шешендікке баулу, ана тілін сүюге, құрметтеуге үйрету теория түрінде емес, жүйелі түрдегі эмпирикалық ережелерге, заңдарға сәйкес берілетін білім мен біліктің бірлігіне негізделеді.

Төртіншіден, жаңа білім мазмұнында ұлттық дәстүр мен жалпы адамзаттық құндылықтардың бір-бірімен түйісіп, өзара сабақтасып берілуі де маңызды талаптардың бірінен саналады. Олай болса, тілді оқытуды баланың қарым-қатынас жүйесіндегі сөз әдебімен, жазба тіл мәдениетімен, шешендікпен, пікірталас мәдениетімен орайластырудың негізінде де жас ұрпақтың бойына халықтық салт-сана мен жаңа деңгейдегі мәдени талаптарды қатар сіңіру; олардың тілдік талғамын қалыптастыруды уақыттың бүгінгі талаптарымен үндестіру, ізгілендіру, демократияландыру тенденцияларымен тамырластығын түсіндіру арқылы да қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік маңызына көз жеткізіледі. Соның нәтижесінде оқушының өз тіліне деген құрмет сезімдерін ояту мақсат етіледі.

Бесіншіден, ана тілін оқытудың мәні мен әлеуметтік қызметі — тілдің табиғи қызметі қарым-қатынас құралы екендігін таныту. Бұл сөйлеу әрекетін дамыту арқылы жүзеге асатыны белгілі. Психологияда сөйлеудің әрекет деп танылуы туралы қағида тілді оқыту әдістемесінің методологиялық негізі ретінде алынды. Сөйлеу, яғни, практикалық әрекет, тілдік білімнің адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында нақты жүзеге асуы болып табылады. Яғни сөйлеу — тілдің әрекетке ұласуы, білімнің адам қажеттіне айналуы. Сол себепті бағдарламада оқу материалдары логикалық-семантикалық ұстаным негізінде сөз мәдениетінің ауқымында беріліп отырады[12,53-65 б.].

Міне, осы қағидаларды топтастыра отырып, 10, 11-сыныптардағы қазақ тілін оқытудың мақсаты — ана тілінің тарихымен бүгіні шешендік өнердің алуан сипаттары туралы мағлұмат негізінде оқушылардың сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру болып айқындалды. Осы мақсатты орындау барысында оқушылардың тіл мәдениетін дамытуға интерактивті әдістер арқылы қол жеткізуге болады.

Интрактивті әдістерге: миға шабуыл, дебат, пікірталас, диалог т.б. жатады. Соның ішінде диалогқа тоқталайық. Диалогтік сөйлеуде оқушылар өз ойын тез жинақтап, екінші бір адамдармен пікір алмасып, ой қорыту жылдамдығын арттыруға үйретіледі. Бір-бірлеріне сұрақ қоя білуге төселеді. Сол арқылы адамның білімі, ой-өрісі оның жауабынан ғана емес, қай нәрсеге сұрақты қалай қоя білуіне де байланысты танылатынын пайымдайды. Адамның белгілі бір нәрсеге, мәселе жөнінде сұрақ қоя алуы – ойлаудың алғашқы баспалдағы, сұрақ қоя білу - сол мәселені шешудің «кілті». Сұрақ - қиялдаудың ең жоғарғы қасиеті.

Диалогтік сөйлеудің тағы бір артықшылығы - оған бүкіл топ оқушылар куә болғандықтан, бала өзінің әр сөзіне жауапкершілікпен қарауға тырысады, қандай мәселе төңірегінде болмасын, бұл жарыс (ой, сөз жарысы десе де сыйымды) оның есінде ерекше сақталады. Оқушылардың бірі басым түсуі, екіншісі жеңілуі де мүмкін. Жеңілген оқушы қатесін түсініп, оны толықтыруға үйренеді, әрі өзін-өзі сынай білуге дағдыланады. Қазақ тілінің негізгі өзекті мәселелерінің бірі - оқушының өзіндік көзқарасына негізделген сөйлеу тілін дамыту болғандықтан, олардың тіл мәдениетін арттырудың бір тиісті жолы - белгілі бір тақырып төңірегіндегі өзара сынға арналған пікір алысуды ұйымдастыру.

Тіл мәдениетін дамытудың тағы бір әдісі - дебат. Қазіргі уакытта мектепте, жоғарғы оқу орындарында бұл әдісті жиі қолданылады.

Қорыта айтқанда, тілді талғампаздықпен жұмсау, дұрыс қолдану мәселелер тілдік дағдыларды жетілдіріп, әдеби тіл нормаларына сай заңдылықтарды меңгертуге келіп сиятыны белгілі. Осы міндеттің дүрыс шешім табуы жоғарыда аталған тиімді әдіс-тәсілдерді күнделікті сабақ барысында жүйелі түрде қолдану. Басты нысана етіп, тілдің дұрыс, әсем қолданысын үйретуді алып, оны жүзеге асыру үшін оқушының сөйлеу, жазба тілдерін жетілдіріп, тіл мәдениетін көтеру[1,145 б.].

10, 11-сыныптардағы білім мазмұнын анықтауда, негізінен, тілдің танымдық, коммуникативтік, кумулятивтік т.б. қызметтері қатар ескеріліп, оқу материалдары соған сай практикалық бағыттылық, коммуникативтік белсенділік, қоғам талабы мен оқыту жүйесінің бірлігі, интеграция, жүйелілік, сабақтастық т.б. ұстанымдар негізінде іріктеліп алынуы тиіс. Тілдік білім мен білік негізіне оқушының жеке тұлғалық мәдениетін қалыптастыру тірек етіп алынады. Бұл білім берудің жаңа деңгейіндегі адам-қоғам қатынастарындағы жалпыадамзаттық өркениет пен ұлттық құндылықтарды сабақтастыру мақсатына сай келеді.

ҚОРЫТЫНДЫ

Жұмысты қорытындылай келе, қазақ тілі сабақтарында оқушыларды тіл (сөйлеу) мәдениетіне тәрбиелеуде қойылатын мақсат – ана тілінің мәні, тарихы мен бүгіні, шешендік өнердің алуан түрлі сипаттары туралы мағлұматтар бере отырып, оқушылардың сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру.

Осы мақсатқа сай туындайтын негізгі міндеттер:

- сөйлеу мәдениеті негіздерін меңгерту;

- сөз қолданудың ұлттық дәстүрлерін жаңғырта отырып, сөз әдебінің нормаларын меңгеру;

- іс-қағаздары үлгілерін сауатты жазуға дағдыландыру, жазба тіл мәдениетін қалыптастыру;

- қарым-қатынас түрлерінің сөз мәдениетімен, стильмен арақатынасын таныту;

- шешендік өнердің мәні мен тарихы туралы мағлұмат беру;

- шешен сөйлеуге төсемді әлеуметтік-тілдік дағдыларын қалыптастыру;

- пікірталас түрлері, олардың маңызы туралы білім беру;

- оқушыны пікірталас мәдениетіне баулу;

- ұлттық көркем сез нормаларын меңгерту ауқымында белгіленді.

Өмірге қажетті тілдің функиионалды жүйелеріне сай сөз саптауға машықтандыру үстінде қазақ тілінің грамматикалық негіздері туралы негізгі сатыда алған білімдері кеңейтіліп отырады. Мысалы, сөз әдебіне қатысты материалдар фонетикалық, лексикалық, синтаксистік білімдерін жаңғырта отырып меңгерілсе, жазба тіл мәдениетіне арналған тақырыптарда орфография мен пунктуация, стильдер туралы ұғымдарға көбірек назар аударылады. Ал, шешендікке баулу тіл тарихына, социолингвистикаға байланысты білімдерге негізделіп отырады.

Тіл мәдениетіне тәрбиелеу сөз мәдениеті негіздері туралы және тіл туралы жан-жақты ұғым беруден басталады. Сөз әдебі, әдетте, ауызша сөйлеу тілі мәдениетімен тұтастықта танылатындықтан, адамның айналасындағылармен табыса білуінің құпиясы қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық және іскерлік секілді түрлерімен сабақтастық сараланды. Осы қатынас түрлерінің мақсатына қарай тілдің қолданыс аясының өзіндік ерекшеліктеріне көңіл аударылды. Ал, жазба тіл мәдениеті аясында, негізінен, іс-қағаздары стилі мен оқушылардың шығармашылық бағыттағы жазба жұмыстарының үлгілері топтастырылды. Осы тақырыптар бойынша берілетін білім мен іскерлік-дағдылардың шығармашылық бағытта кең өрістеуіне шешендікке баулу арқылы мүмкіндік туғызылады. Одан кейінгі кезекте жұрт алдында сөйлеуге машықтану жолдары, нақты сөзге дайындықтың сатылары, сөз құрылымы (сөздің кіріспесі, негізгі бөлімі, қорытындысы), тыңдарманмен байланыс жасаудың шарттары туралы мағлұмат беріліп, практикалық тапсырмалар мен тақырыптар көрсетіледі, пікірталасының түрлері, олардың әрқайсысының ерекшеліктері, пікірсайысындағы өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті туралы, оның талаптары мен шарттары ұлттық және мәдени дәстүрге негізделе отырып ұсынылады. Өз пікірін қорғаудың, қарсыласын мойындатудың түрлі тәсілдері оқушы ұғымына ыңғайластырылған. Сұрақ қою, сұраққа жауап берудің әдіс-амалдары нақтыланып беріледі. Айтысу шеберлігін жетілдірудің негізгі жолдары анықталып көрсетілген. Әдістемелік жағынан, осы тақырыптарға орай ұсынылатын жұмыстарда мазмұн бірлігін сақтай отырып, грамматикалық талдаулардың да жүйелі берілуіне баса назар аударылады. Практикалық жұмыстар оқушы өміріне, қазіргі заманға ыңғайландырылуы керек.

Білім мазмұнын анықтауда, оқу материалдары жүйелілік, коммуникативтік, белсенділік, практикалық бағыттылық, тілдік қызметтің барлық түрін өзара байланыста оқыту, қоғамдық қажеттікті ескеру, интеграция т.б. ұстанымдар басшылыққа алынады.

Оқытудың, білім берудің тініне, өзегіне сөйлеу мәдениеті деңгейін көтере отырып, оқушының жеке тұлғалық мәдениетін қалыптастыру негіз етіп алынады.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Абалкова Б., Игібаева А.К. Интерактивті әдіс арқылы тіл

мәдениетін дамыту / Б. Абалкова, А.К. Игібаева // С. Аманжолов атындағы ШҚМУ –дың жас ғалымдары конференциясының баяндамалары.-Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы,2004.-392 б.

2. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М.Балақаев.-

Алматы:Қазақстан,1965.-186 б.

3. Сыздық Р. Тіл мәдениеті және оның проблемалары / Р. Сыздық

// Тілдік норма және оның қалыптануы.-Астана: Елорда,2001.- 230 б.

4. Педагогический словарь.-М.: Наука,1960.-774 с.

5. Ожегов Л.И. Лексикология. Лексикография. Культура речи

/ Л.И. Ожегов. - М.: Высшая школа, 1974. - 352 с.

6. Қазақстан Совет энциклопедиясы.- Алматы: ҚазССР Ғылым

Академиясы,1977.-631 б. Т.11.

7. Педагогическая энциклопедия.- М.: Советская энциклопедия, 1965.-

311 с. Т.2.

8. Мейірманқұлова Т. Отбасы және тәрбие / Т. Мейірманқұлова //Ұлт

тағлымы.-2001.-№7.-Б.3-6

9. Жапбаров А. Қазақ тілі стилистикасын оқыту негіздері.- Алматы:

Қазақ университеті, 1991.-156 б.

10. Кунапьянова А. Д., Аубакирова Л. Р. Тіл мәдениетінің өлшемдері

және оған қойылатын талаптар / А. Д. Кунапьянова, Л. Р. Аубакирова // «С. Аманжолов оқулары – 2004»: Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары.- Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы,2004.-464 б.

11. Қосымова Г., Дәулетбекова Ж. Қазақ тілі: Оқыту әдістемесі. Жалпы

білім беретін мектептің 5-сынып мұғалімдеріне арналған / Г. Қосымова, Ж. Дәулетбекова.- Алматы:Атамұра, 2001.-112 б.

12. Дәуітбекова Ж., Арын Е., Махамбетова Г. Қазақ тілін тереңдетіп

оқыту бағдарламасы / Ж. Дәуітбекова, Е.Арын, Г. Махамбетова.- Алматы:Жеті жарғыі, 2003.-72 б.

13. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті: Оқулық

/ М.Балақаев, М. Серғалиев.-Алматы:Зият Пресс,2004.-140 б.

14. Аубакирова Л. Р. Кунапьянова А. Д. Оқушылардың тіл мәдениетін қалыптастырудағы отбасының орны / Л. Р. Аубакирова, А. Д. Кунапьянова // С. Аманжолов атындағы ШҚМУ –дың жас ғалымдары конференциясының баяндамалары.-Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы,2004.-392 б.

15. Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасы». (1998 жыл 5 - қазан).

16. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

17. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті / Н. Уәлиев.-Алматы,1984