Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

5-дріс. оамны леуметтік жіктелуі

.doc
Скачиваний:
32
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
62.46 Кб
Скачать

5-дәріс. Қоғамның әлеуметтік жіктелуі (стратификациясы) және әлеуметтік мобильділік теориясы

1. Қоғамның әлеуметтік жіктелуі.

2. Әлеуметтік жіктелу теориясы және оның мәні.

3. Әлеуметтік мобильділік және оның түрлері.

4. Қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік жіктелу мен мобильділік үдерісі.

1. Қоғамның әлеуметтік жіктелуі туралы айтпас бұрын, оның құрылымы не дегенді айқындап алған жөн. Әлеуметтік құрылым дегеніміз қоғамның қызметтері жағынан бір-біріне тәуелді және бір-бірімен тұрақты байланысты болатын ішкі құрамының әлеуметтік элементтердің жиынтығы. Ал оның элементтері адам, оның алуан түрлі бірліктері - отбасы, әлеуметтік топтар мен ұйымдар, әлеуметтік қауымдастықтар мен институттар және т.б. болып табылады.

Қоғамның әр түрлі топқа жіктелуі ертеден белгілі. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІV ғасырда өмір сүрген гректің ұлы ойшылы Платон қоғамның үш әлеуметтік жіктен тұратындығын атап көрсетіп: біріншісі - мемлекетті басқарушылардан тұратын философтар, екіншісі – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауынгерлер не күзетшілер, үшіншісі – мемлекеттің өмірін қамтамасыз ететін егіншілер мен қолөнершілер деген болатын.

Адамдардың жікке бөлінуі құлдық және феодалдық қоғамда айқындала түсті. Жоғары жікке - құл иеленушілер, феодалдар, дворяндар, дін иелері, ал төменгі жікке — қолөнершілер, құлдар, шаруалар, көпестер жатқан. Жіктік мәртебелер атадан балаға мұра ретінде беріліп отырған.

ХVIII—XIX ғасырларда Батыс Еуропа ойшылдарының еңбектерінде "тап" деген ұғымның мәні негізделіп, қоғамда таптардың бар екеңдігін мойындалды. Мысалы, француздың утопист социалисі Сен-Симон К.-А. (1780-1825) қоғам дамуын таптармен де байланыстырып, тіпті жұмысшы табын азат ету туралы өз шығармаларында жазды. Алайда, К. Маркс қоғамның таптық құрамын негіздеп, алғаш оның әлеуметтік құрылымы (яғни, қоғамды таптарға, топтарға, жікке бөлу) теориясын жасады және ол бұлай бөлудің негізгі, басты белгісі өндірістік құрал-жабдықтарына меншік нысанына байланысты екенін көрсетті.

Қазақ қоғамында да жікке бөліну осы кездерде байқалды. Қазақтың ұлы ғалымы Ш. Уәлиханов өз кезіндегі патрирхалдық-феодалдық қоғамның құрылымына ой жіберіп, оны ең ірі екі әлеуметтік топқа: бір жағынан, сұлтандар мен билер, байлар мен қожаларболып, қазақ қоғамының мәртебелі тобына, екінші жағынан, «дала пролетариаты» деп атап, кедейлер тобына бөлген болатын. Қазақ қоғамның әлеуметтік топтарға бөлінетінін ұлы Абай да білді. Оған өз еңбектерінде тікелей тоқталмаса да, байлардың, кедейлердің атқа мінер болыстардың және т.б. барлығын, олардың мінез-құлқын, ерекшеліктерін атап көрсетті.

ХІХ – ХХ ғасырда теориялық әлеуметтануда қоғамның құрылымы мен дамуы туралы марксистік және позитивистік екі көзқарас болды. Марксистік ілім бойынша, қоғамның құрылымы жеке меншікке негізделген негізгі екі таппен айқындалады. Сондай-ақ таптың белгілерін бойына толық сіңіре қоймаған әлеуметтік жіктердің болатыны да атап көрсетілді. Ал қоғамның құрылымы туралы позитивистік тұжырым (трактовка) экономикалық және әлеуметтік‑саяси қатынастардың субъектілерінің диапозонын кеңейтуге ұмтылды. Мысалы, Макс Вебер қоғамның тапқа жіктелуінің объективтік экономикалық негіздері бар деген К. Маркстың ойымен келісе отырып, қоғамның әлеуметтік жіктелуінде басқа да факторлардың барлығын атап көрсетеді. Біріншіден, М. Вебер таптық айырмашылықтар тек меншіктің болу, болмауымен байланысты емес, сол сияқты адамдардың жоғары білімінің болуына, мамандық түріне, кәсіби дәрежесі мен шеберліктеріне де байланысты дейді. Екіншіден, М. Вебер адамның мәртебесін - саяси партияға, яғни билікке қатынасуын да жіктеудің өлшемдеріне енгізеді. Қоғамдағы тапқа бөлінуге әсер ететін осы факторларды ескере отырып, ол 4 түрлі таптарды атап көрсетеді: капитал иелері, интеллектуалдар мен менеджерлер, басқарушылар, дәстүрлі ұсақ буржуазия мен жұмысшы.

2. ХХ ғасырда әлеуметтік жіктелу және әлеуметтік мобильділік теориясын жасауға М.Вебер, П.Сорокин, Т.Парсонс, Р.Мертон және т.б. белсене қатысты. Олар таптық түсінікті алып тастамай, әлеуметтік құрылымның негізгі элементі ретінде ғылыми айналымға жік немесе страта деген түсінік ендірді. "Страт" латын тілінде жік, қабат деген сөзден туған, ол геологияда жер қыртысының қабаттарын білдіреді. Бұл бірнеше белгілермен ерекшеленген әр түрлі жіктердің қосындысы ретінде ұсынылды. Мұндай белгілерге табыс (доход), кіріс, білім, бедел (престиж), ақпарат пен билікке ие болу жатты. Осылардың негізінде әлеуметтік жіктің жоғары, орташа және төменгі сияқты басты үш деңгейі айқындалды. Бұл жіктердің (қауымдастық) арасындағы қарым‑қатынас, қызмет ету ерекшеліктері, өзгерістері мен дамуы әлеуметтік құрылымның басты өзегі саналып, ол әлеуметтік жіктелу (стратификация) теориясы деп аталды.

Сөйтіп қоғамның түрліше әлеуметтік топтарға, қауымдастықтарға тағы басқаға жіктелуі батыстық әлеуметтануда көбінесе әлеуметтік стратификация деген терминмен белгіленеді. Алайда, қазақтың мағынасы жағынан «страта» ұғымынан әсте кем емес, ежелгі сөзі әрі қазақ ұлттық ойлау жүйесінде қалыптасқан «жік, жіктелу» деген ұғымдарды негізге алып отырмыз.

Әлеуметтік құрылымды зерттегенде әлеуметтік жіктелу теориясы қоғамдағы барлық топтарды қарастырып, олардың қоғамдағы жағдайын айтарлықтай толық және терең сипаттайтындай белгілерді (өлшемдерді) басшылыққа алады. Мысалы, меншікке ие болудың сипаты, табыстың мөлшері, мұрагерлік, білімнің деңгейі, мамандық мәртебесі, биліктің аумағы, ұлттық ерекшеліктер және т.б. Егер топтар бір белгінің негізінде жіктелсе (мысалы, табысының мөлшеріне немесе билік жүргізуге қатысына қарай т.т.) ол бір өлшемдік жіктеуге жатады. Егер бірнеше белгінің негізінде болса, ол көп өлшемдік жіктелу болып саналады.

XX ғасырдың екінші жартысында Батыс Еуропа мен АҚШ әлеуметтанушылары әлеуметтік жіктелу құбылысын тереңірек зерттеп, капиталистік қоғамда таптар арасындағы қайшылықтар бәсеңдегенімен олардың түрлі топтарға, жіктерге, таптарға бөліну үдерісі күшейе түскенін атап көрсетті. Осымен байланысты олардың арасындағы қарым‑қатынасты реттеуге байланысты ұсыныстар негізделді.

Осы кездегі әлеуметтік жіктелу (стратификация) теориясының көрнекті өкілдерінің бірі П.А. Сорокин қоғамдағы адамдардың жоғары және төменгі топтарға жіктелуіне әсер ететін факторлар ретінде экономикалық, кәсіби, саяси белгілерді атай отырып, олардың бір-бірімен сабақтас, байланысты екендігін ескертеді. Байлығы бар жоғары экономикалық топтардың өкілдері бір жағынан жоғары саяси және кәсіби топтарға жатса, екінші жағынан, олардың билікке енуіне мүмкіндігі мол. Сондай-ақ билігі бар адамның жоғары кәсіби дайындығы да бар, соған сәйкес байлығы да болып жатады.

Ал американдық әлеуметтанушы Т. Парсонс қоғамдағы әлеуметтік жіктелуді үш топқа біріктіреді. Біріншісіне - адамның туа бітті әлеуметтік факторлары: дене бітімі, этникалық тегі, жыныстық, жастық ерекшеліктері, туыстық байланыстары мен интеллектуалдық қабілеті және т.б.; Екіншісіне ‑ қызмет түрі, мамандығы және кәсіби деңгейі; Үшінші топқа материалдық және рухани құндылықтар мен артықшылықтар жатқызылды. Сол сияқты қазіргі нарық жағдайындағы әлеуметтік жіктелу үдерісінде адамның білім деңгейі, кәсіби шеберлігі мен белсенділігі, мәртебесінің жоғарылығы сияқты толып жатқан әлеуметтік факторлардың маңызы арта түсуде.

Жоғарыда аталған факторлар түгел дерлік бүгінгі әлеуметтік жіктелу үдерісінде орын алып отыр. Қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде бұл факторлардың біреуі маңыздырақ болса, келесі бір кезеңде екіншісінің маңызы арта түсуі мүмкін. Бұл қоғамның саяси жүйесінің сипатына да байланысты. Мәселен, кеңес қоғамындағы сатылық жіктелу үдерісінде саяси факторлар маңыздырақ еді. Билік саласыңда қызмет еткендер мен басқарушы партияның мүшелерінің байлық пен меншікке қол жеткізулерінде мүмкіңдіктері басқаларға қарағанда молырақ байқалды.

Қазіргі әлеуметтанушылар арасында қоғамның әлеуметтік құрылымын 4 жікке бөлу тұрақталды. Олар мыналар: жоғары тап, орта тап, жұмысшы табы және төменгі тап. Жоғары тапқа ірі меншік иелері - қаржы және өнеркәсіп магнаттары, жоғары билік элиталары ‑ мемлекет президенті, премьер-министрі, министрлер, жеке ведомстволар мен мекеме басшылары және т.б. Бұлардың қоғамдағы үлес салмағы аз, олар дамыған елдерде шамамен халықтың 1-5 пайызын құрайды. Алайда, олар жоғары мәртебесі мен шамадан тыс байлығы арқасында қоғамның экономикалық және саяси өмірінде елеулі рөл атқарады. Осымен қатар кейбір елдерде жоғары тапқа білім және мәдени дәрежелері, қоғамдағы мәртебелері жоғары шенді әскери топтар мен шығармашылық интеллигенцияның танымал өкілдері де жатады.

Адамзат дамуының соңғы кезеңінде өз қатарына әр түрлі әлеуметтік топтардың, мамандықтардың өкілдерін біріктірген орта таптың қоғамдағы рөлі ерекше болып отыр. Олар тұрақты, сенімді қызмет орындары, жоғары табыстары және заман талабына сай өмір салттары бар мәдениет, білім, ғылым, денсаулық, дін салаларының қызметкерлері, орта және шағын кәсіпкерлер, маманданған жұмысшылар және т.б. Бұлар - экономикалық және саяси тұрғыдан тәуелсіз, тиісті меншік (жер, құңды қағаздар, қозғалмайтын мүліктері, т.б.) иелері. Олар, біріншіден, өркениетті дамыған қоғамның жоғары мамандық иелерінен тұратын негізгі интеллектуалдық күші; екіншіден, халықтың 50-60 пайызын құрайды. Сондықтан оларды қоғамдағы әлеуметтік тәртіп пен тұрақтылықтың тірегі десе де болады.

Орта таптың өкілдері сан алуан. Олар билікке қатынастары, кәсіби және білім деңгейлеріне, табыстарының көлеміне қарай: а) жоғары орта тап; ә) орташа орта тап; в) төменгі орта тап болып жіктеледі.

Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс заманында жұмысшы табы еңбегінің мазмұны, сипаты, оның бейнесі өткен дәуірдегіден мүлдем өзгерді. Олардың тұрақты табыстары, белгілі бір дәрежеде білім және кәсіби дайындықтары жеткілікті. Сол себепті олар механикалаңдырылған және автоматтандырылған өндіріс салаларында ‑ зауыттар мен фабрикаларда, ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен халыққа қызмет көрсету салаларында белсенді еңбек ете алады.

Төменгі тап та құрамы жағынан сан алуан. Оларға арнайы мамандықтары жоқ жұмысшылар, жұмыссыздар, қайыршылар, босқыңдар, қылмыскерлер және т.б. жатады. Бұлардың көпшілігінің тұрақты табыс көздері болмағандықтан, олар абсолютті кедейшілік жағдайда өмір сүреді.

3. Қандай бір қоғам болмасын оның әлеуметтік құрылымы тұрақты өзгеріске ұшырап отырады. Бір құрылымдағы адамдар екінші бір құрылымға ауысып, олардың қоғамдағы рөлдері мен мәртебелері үздіксіз қозғалыста, өзгерісте болады. Мұндай өзгерісті ғылыми жағынан тұңғыш негіздеп, арнайы «әлеуметтік мобильділік» теориясын жасаған атақты американ әлеуметтанушы П. А. Сорокин. Ол бұл терминді 1927 жылы енгізген.

Сонымен қоғамдағы адамдың белгілі бір әлеуметтік топтан, таптан, яғни жіктен екінші әлеуметтік жағдайға ауысуын "әлеуметтік мобильділік" дейміз. Бұл – белгілі әлеуметтік құрылымдағы, басқаша сөзбен айтқанда әлеуметтік кеңістіктегі индивидтер мен топтардың орын, мәртебе, рөлдерін алмастыруы.

Әлеуметтік мобильділікті әңгіме еткенде П. Сорокиннің ғылыми айналымға ендірген әлеуметтік кеңістік туралы түсінігінің орны бөлек. Осымен байланысты мобильділіктің тік және көлденең сызықтың бойымен болатын екі типі бар. Тік мобильдік - бір жіктен екіншіге жоғары өрлеу немесе төмен құлдырау бағытында ауысуының нәтижесіңде болатын индивидтің әлеуметтік жағдайының өзгеруі.

Британ әлеуметтанушысы Э. Гидденс тік мобильдікке жан-жақты талдау жасап, өз қоғамындағы төмен құлдыраудың себептерін адамның психологиялық күйзеліске ұшырауынан (мысалы, жақын адамынан айырылу, сәтсіздіктерге ұшырау, т.б.) деп түсіндірген. Индивид өзінің бұрынғы мәртебелік дәрежесінен айырылуына оның жұмысынан босауы да жатады.

Көлденен мобильдікте индивид тек көлденең сызық бойымен қозғалысқа түседі де, оның әлеуметтік жағдайы мен мәртебесі ешбір өзгеріске ұшырамайды.

Әлеуметтік мобильділік жеке немесе ұжымдық болуы мүмкін. Жеке мобильдік – жеке индивидтердің мобильділігі. Оның әлеуметтік ортадағы, қоғамдағы әсері әр түрлі болуы мүмкін. Ол көбіне индивидтің жеке қасиеттеріне байланысты. Ұжымдық мобильділік қоғам өмірінде, құрылысында ірі өзгерістер тудырады. Бұл экономикалық немесе саяси-идеологиялық салада кездеседі.

Әлеуметтанушылар сондай-ақ мобильділіктің екі құбылыстық өлшемін атап жүр. Олар - мобильдіктің жылдамдығы және көлемі. Әлеуметтік мобильділіктің жылдамдығы белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі әлеуметтік иңдивидтің жоғары өрлеуі немесе төмендеуінің қарқынымен өлшенеді. Жоғары өрлеу мен төмендеудің уақыты әр түрлі болуы мүмкін. Мәселен, біреулер жылдам жоғары мәртебеге ие болып жатса, екінші біреулер ондай дережеге түрлі сатылардан өтіп, ұзақ уақыт жібереді. Ал мобильдіктің көлемі өзінің әлеуметтік мәртебесін өзгерткен индивидтердің санымен өлшенеді.

Әлеуметтік мобильдіктің жылдамдығы мен қарқыны неге байланысты деген сұрауға ғалымдар әр түрлі пікірлер білдіреді. Дегенмен бұл, біріншіден, жеке тұлғаның сапалық қасиеттеріне байланысты; екіншіден, жеке адамның тік өрлеу бағытында қоғамның қуатты экономикасы мен саяси жүйенің демократиялық сипатына байланысты. Дамыған елдерде халықтың үштен екі бөлігі мобильді болып келеді және тік өрлеу бағытындағы мобильдік үдерісі көбірек. Американ әлеуметтанушылары АҚШ-тағы әлеуметтік мобильдіктің қарқынын зерттеу нәтижесінде тік жоғары бағыттағы мобильдік басым деген қорытындыға келген. Батыс ғалымдары постиндустриалдық қоғамдарда "орта таптың" тік бағыттағы көтерілу үлесі өсіп отырғандығын айтады.

Әлеуметтік мобильділікке әсер ететін факторлар бар және олар микро және макро деңгейде қарастырылады. Бірінші деңгей индивидтің тікелей өзін қоршаған әлеуметтік орта, сондай-ақ өзінің өмірлік ресурстары. Екінші деңгей – бұл қоғамдағы экономиканың жағдайы, ғылыми-техникалық даму деңгейі, саяси режимнің сипаты және т.т.

4. Нарықтық экономика Қазақстанның әлеуметтік құрылымына зор әсер етіп отыр, өйткені меншік нысанының алуан түрлілігі құрылымның күрделене түсуін күшейтті. Меншіктің жеке, корпоративтік, акционерлік, ұжымдық, жартылай жеке, жартылай мемлекеттік және т.б. сияқты жаңа типтері қалыптасуда.

Сөйтіп тәуелсіздіктің 20 жылында жаңа әлеуметтік және экономикалық жағдайдан құрамы жағынан сан алуан болған таптар мен топтардың жіктелу үдерісі күшейе түсуде. Олар: бизнесмендер, кәсіпкерлер, фермерлер, банкирлер, алуан түрлі жеке фирмалардың, дүкендердің, қонақ үйлерінің, мейманханалардың және т.б. меншік иелері. Мұндай топтардың қатарына кеше айлығынан басқа ештеңесі жоқ мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері және т.б. қосылды. Осылардың нәтижесінде Қазақстанда ауқатты, дәулеті орташа, кедей адамдар пайда болды.

Қазіргі қазақ қоғамының кейбір әлеуметтік жікке бөлінуінің бағыттары біршама өзгерістерге ұшырады. Мүліктік белгілер бойынша қатты бөліну жүріп жатыр. Ең байлар және ең кедейлер топтары қалыптасуда. Сонан соң өндіріс орындары мен ауыл шаруашылық саласының қарқынды дами алмауы адамдарды өз бетімен жұмыс табуға мәжбүрлеуде. Жаңа мамандықтар алу, өзінің өзіне жұмыс табуы дәстүрге айналды. Дегенмен жұмыссыздық бүгінгі қоғамның осал тұстарының бірі болып отыр.

Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақстаңдағы әлеуметтік иерархияны шартты түрде жоғары тап, орта тап, төменгі тап деп бөлуге болады. Алайда бұлардың өзі бір текті емес, алуан түрлі деңгейде.

Қазақстанда меншік иелері – ірі, орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын бизнесмендер тобы қалыптасу үстінде, олар қоғамның ілгерілеп дамуына елеулі ықпал ететін заңды әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Бірақ олардың көлемін санмен көрсету әзірге қиын. Еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтануында орта және шағын бизнестің рөлі зор. Сондықтан бұл бағытты дамытуға мемлекет тарапынан кейінгі кезде көп көңіл бөлініп келеді.

Қазіргі Қазақстан қоғамында бір таптың, топтың, жіктің екінші бір тапқа, топқа, жікке тік ауысуы және көлденең сызықтар бойымен қозғалуы біршама жиі болып отыр. Мысалы, республикада бұдан 4‑5 жыл бұрын орташа табысы бар немесе кедей адамдар қазіргі уақытта бай коммерсанттарға, бизнесмендерге, кәсіпкерлерге, банкирлерге айналды, көбі өз алдына мекеме, мейманхана, қонақ үйлердің, дүкендердің және т.б. қожайындары болды. Бірақ, бұлардың кейбіреулері қайтадан қарыздар болып, кедейшілікке ұшырауда. Мұндай құбылыстардың болып тұруын республикада нарықтық экономиканың әлі жетілмегендігімен, қоғамдағы демократиялық үдерістердің әлсіздігімен, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің тиісінше қорғалмауымен, заңдылықтардың қатаң сақталмауымен, қоғам мүшелерінің құқықтарының бұрмалануымен де, олардың өз құқықтарын қорғай алмауымен де түсіндіруге болады.

Бақылау сұрақтары

1. Қоғамның ішкі құрамы, қызмет жағынан бір-біріне тәуелді және бір-бірімен тұрақты байланысты болатын әлеуметтік элементтердің жиынтығы.

2. Мемлекеттегі адамдардың біреулері егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері құрылыспен, төртіншілері етікшілікпен және т. б. айналысады деген.

3. Қоғам дамуын таптармен де байланыстырып, тіпті жұмысшы табын азат ету туралы өз шығармаларында жазған.

4. Қоғамның таптық құрамын негіздеп, алғаш оның әлеуметтік құрылымы (яғни, қоғамды таптарға, топтарға, жікке бөлу) теориясын жасаған және бұлай бөлудің негізгі, басты белгісі өндірістік құрал-жабдыктарына меншік нысанына байланысты екенін көрсеткен.

5. Өз кезіндегі патрирхалдық-феодалдық қоғамның құрылымына ой жіберіп, оны ең ірі екі әлеуметтік топқа: бір жағынан, сұлтандар мен билер, байлар мен қожалар болып, қазақ қоғамының мәртебелі тобына, екінші жағынан, «дала пролетариаты» деп атап, кедейлер тобына бөлген.

6. Қоғамның құрылымы жеке меншікке негізделген негізгі екі таптың күресімен айқындалады дейтін ілім.

7. Таптың белгілерін бойына толық сіңіре қоймаған әлеуметтік топ.

8. Таптық айырмашылықтар тек меншіктің болу, болмауымен байланысты емес, сол сияқты адамдардың жоғары білімінің болуына, мамандық түріне, кәсіби дәрежесі мен шеберліктеріне де байланысты деген.

9. Адамның мәртебесін - саяси партияға, яғни билікке қатынасуын да жіктеудің өлшемдеріне енгізген.

10. Әлеуметтік жіктердің (қауымдастық) арасындағы қарым‑қатынас, қызмет ету ерекшеліктері, өзгерістері мен дамуы әлеуметтік құрылымның басты өзегі санайтын теория.

11.Қоғамдағы адамдардың жоғары және төменгі топтарға жіктелуіне әсер ететін факторлар ретінде экономикалық, кәсіби, саяси белгілерді атай отырып, олардың бір-бірімен сабақтас екендігін ескерткен.

12. Өз қатарына әртүрлі әлеуметтік топтардың, мамандықтардың өкілдерін біріктірген, өркениетті дамыған қоғамның жоғары мамандық иелерінен тұратын негізгі интеллектуалдық күші, қоғамдағы әлеуметтік тәртіп пен тұрақтылықтың тірегі.

13. Бір құрылымдағы адамдардың екінші бір құрылымға ауысып, олардың қоғамдағы рөлдері мен мәртебелері үздіксіз қозғалысы.

14. Қоғамдағы адамдың белгілі бір әлеуметтік топтан, таптан, жіктен екінші әлеуметтік жағдайға ауысуын ғылыми жағынан тұңғыш негіздеп, арнайы «әлеуметтік мобильділік» теориясын жасаған.

15. Индивидтің бір жіктен екінші бір жікке жоғары өрлеу және төмен құлдырау бағытында ауысуы.

16. Индивид әлеуметтік жағдайы мен мәртебесінің ешбір өзгеріске ұшырамай, тек көлденең сызық бойында қозғалысқа түсуі.