Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / Уч. пособие по фил Куленов.doc
Скачиваний:
58
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
315.39 Кб
Скачать

Антропологиялық бағыт

Философиядағы осы бағыт үш негізгі мектепті құрайды:өмір философиясы, экзистенциализм және философиялық антропология.

Иррационализм ақылдың мүмкіндігін мойындамайтын санадан тыс қабілеттерге, интуицияға, инстинкке, ерікке басты көңіл бөледі.

Өмір философиясында – иррационализм басқаларға қарағанда күштірек байқалады. Оның өкілдері: А. Шопенгауэр, Ф.Ницше, В. Дильтей, Г. Зиммель және А. Бергсон.

Өмір философиясының қалыптасуына Артур Шопенгауэрдің философиясы әсер етті.Оның негізгі шығармасында («Мир как воля и представление») дүниені өмірге деген құштарлық идеясы арқылы түсіндіреді. Ойдың құндылығы күмәнді, ал адамның еркі ерекше жағдай, ол санада емес, іс - әрекетте емес. Ой арқылы адам дүниені ерік ретінде таниды. Әр адамның, басқаларды мақсатқа жеткізудің құралы ретінде, немесе кедергі ретінде қарастырады. Әр адам басқалармен күресіп, өмір кешпек. Әлеуметтік құрылым (мемлекет) өзімшілдікті жоюға дәрменсіз. Өмірде мән жоқ, адам ешқашан да қанағат таппайды. А. Шопенгауэр философиясының онтологиялық мәселелерімен айналыспайды, өйткені ақиқатта, әділеттікте жоқ, тек өлім алдындағы қорқыныш бар. Адамның бақыты көмескі, отырып, адамның мінез – құлқын қалыптастыратын қуатты құрал. Адам өзінің тағдырының иесі емес, шексіз өмір мұхитындағы қалқып жүрген қағаздан жасалған кеме. А. Шопенгауэрдің иррационолистік идеясымен танысқаннан кейін Ф.Ницше оның концептуалды идеясын ары қарай жалғастырады. Ф. Ницшенің пікірінше қоғамның қозғаушы күші «өмірге деген ерік» емес «билікке деген саналы Ерік». Осыған байланысты Ницше барлық адамзаттың құндылығын сынға алады. Дүниенің құндылығы жоқ, ал өмір қатыгез ойын. Осы ойында орташа, шамалы қабілеті бар адам жеңіп шығады, өйткені қабілетті рухтары күшті адамдарға қарсы тұрғандар қалың ұйымдасқан тобыр. Билікті күшті адамдар жүргізуі керек.

1884 жылы Ницше «Заратустра осылай деген» философиялық поэмасында ол күштілердің міндетін негіздеуге талпынған. Адам өз еркімен құл болғысы келмейді, би болғысы келеді. Қоғамдағы адамдардың көпшілігі билікке құмар. Ф.Ницше христиандық дінді жоққа шығарады, өйткені әлсіздерді қорғайды, ал күштілерді қорлайды. Кім әлсіз, күшті болса, басқара алмаса , солар діннен жұбаныш іздейді. Осындай адамдардың тобырлық инстинктісі дамығандығы соншалық олар біреуге табынғысы,бағынғысы келіп тұрады. Тарихта мақсат жоқ, ілгерілеу жоқ, тек қайта оралу, күштілермен әлсіздердің арасындағы бітпейтін күрес бар.Заратустра адамдарға «Құдай өлді!» - «Қараңдар, мен сендерді «Керемет адам туралы үйретем!. Керемет адам - өмірдің мәні» - деген екен.Ницшенің ілімі дәстүрлі философиядан алшақ, біркелкі емес, қайшылығыда мол.Ницшені әркім өзінше түсініп жүрді, айыптады да, бірақ, Ницшеандық философияның 20 ғасыр философиясына әсерін ешкім жоққа шығара алмайды.

Анри Бергсон – 20 ғасырдың бірінші жартысында француз философтарының ең беделдісі. Оның философиясы танымның нәтижелері теориялар, ұғымдармен шындық дүниесінің арасындағы алшақтыққа арналған. Бергсонның алдына қойған мақсаты таным теориясын өмір теориясымен толықтыру. «Өмір» - нағыз алғашқы шындық. «Өмір» ұстатпайды, себебі адамның ойы дәрменсіз. Өмірдің мәніне тек интуицияның көмегімен жетеміз. Интуицияны Бергсон интеллектке қарсы қояды. Интеллект – «өлі заттармен» айналысады, рухқа емес, материяға бағынышты. Өмір үздіксіз ағын. Өмір кеңістікте өтпейді, уақытта өтеді. Дүниенің мәні «уақыт», бірақ бұл физикалық уақыттан өзгеше «сапалы» «тірі уақыт». Интеллект және интуиция туралы ілімін Бергсон өзінің органикалық дүниенің эволюциясы концепциясында негіздейді. Өмір – космостық процесс. «Өмірдің екпіні» - творчестволық ағын болғандықтан адамның шығармашылығы арқылы іске асады. Өмірдің екпіні әлсірегенде өмір ыдырайды, яғни жансыз затқа айналады.

Эволюцияның мақсатын алдан емес, өткеннен іздеу керек. Өткендегі алғашқы «қопарылыс» - өмір процесстерінің үздіксіз ағынын, сапалық өзгерістерді қамтамасыз етеді. Интеллект және интуиция алғашқы кезде бірлікте болады да, кейін эволюцияның барысында бір бірінен ажырайды. Ол қоғамды жабық және ашық деп бөледі. Жабық қоғам – сол кездегі әлеуметтік құрылымның тұрақтылығын сақтау мақсатында ықтиярсыз көндіру арқылы шыққан қоғам. Осындай қоғамда тұлға ұжымға бағынышты, ал ақиқат – пайданың құрбаны, сондықтан жабық қоғам эволюциясы тұйыққа тіреледі. Адамзаттың эволюциясы өмірін ендігі ашық қоғамда мүмкін. А. Бергсонның ілімін 20 ғасырдың бірінші жартысындағы философиялық романтизмі ретінде бағалауға болады.

В.Дильтей – Гегель философиясын сынайды, өйткені ол бүкіл дүниені және қайталанбас адам өмірін идеямен түсіндіреді. Философияның негізінде идея емес «өмір» жатыр. Дильтейдің пікірінше, философия материя, сана, диалектика, т.б туралы «схоластикалық» дискуссияны тастап, өмірді ерекше құбылыс ретінде зерттеуі керек. Өмір адам болмысының дүниедегі тәсілі. Философия (« рух туралы ғылым») өмірді табиғатпен салыстырмай өзінен түсіндіруі керек. Осыған байланысты Дильтен «түсіну» әдісін ұсынады. Түсіну интуиция сияқты өмірдің тереңіне үңілу.

Табиғат туралы ғылымдар сыртқы тәжірибемен байланысты болғандықтан «түсіндіру» әдісін пайдаланады. Өзіңнің ішкі дүниеңді түсіну интроспекция (өзіңді бақылау) арқылы, басқа адамды түсіну – онымен «бірге күйзелу», арқылы, өткен мәдениетті түсіну интерпретация әдісі (герменевтика) арқылы іске асады. Дильтей тарихтың прогресс бағытын даму заңдылығын мойындамайды. Тарих кездейсоқ оқиғалардан құралады, сондықтан оған әсер ету мүмкін емес.

Дильтейдің гуманитарлық білімдердің методологиялық принциптерін Г.Зиммель жалғастырды. Өмір қалыптасу барысында мәдени – тарихи формалар немесе мәдениет «дүниелері» : дін, өнер, ғылым, философияны т.б. жасайды.

Философия дүниенің тұтастығын, тұтас дүниені көре білуі керек. Өмір өзін шектеу арқылы іске асады. Мысалы, ол шек - өмір. Өлім сырттан келмейді, өмір оны өзімен алып жүреді.

Зиммель социологияның классигі.

Философиялық антропология - осы аталған бағыттық өкілдері М.Шелер, Х.Плесснер, Э.Ротхаккер, А.Гелен, М.Ландман адам болмысының біршама мәселелерін ауқымдырақ қарастыруға талпынған. М.Шелер «Адамның космостағы жағдайы» және Х.Плесснер «Органикалықтардың сатылары және адам» атаулы еңбектерінде ХХ ғасырда адам мәселесінің шешілуі күрделеніп кеткендігін атап атайды. Сондықтан, олар адам туралы ғылымдардың нәтижелерін қорытып, адамды «эксцентрикалық» яғни басқаға ұқсамайтын тіршілік иесі ретінде қарастырған. Шындығында, олар адамның табиғатқа, қоғамға, өзіне, қатынастарын, адамның шығу тегін, әлеуметтік, метафизикалық негіздерін, оның болмысының заңдылықтарын арнайы зерттеген.

Философиялық антропологияның ең беделді өкілі М.Шелер философияның негізгі проблемаларын бір сұрақтың аясына яғни адам мәселесіне сиғызуға болады десек артық айтпаған болар едік дейді. Осыған байланысты ол адам болмысын толық қамтитын философиялық бағдарлама құрастырды. М.Шелердің адам мәселесін адам мен жануарларды салыстыру арқылы яғни ғылыми биологиялық және психологиялық мәліметтерді пайдаланып түсіндіруін оның ізбасарларыда қолдады. Егер жануарлар табиғи ортаға тәуелді болса, адамдардың мінез – құлқы табиғи жағдайларға қатаң бағынбайды. Адам ерікті «іскер» тіршілік иесі, өйткені оның рухы бар. Биологиялық тұрғыдан адам жетілмеген, бірақ оның рухы биологиялық шектеулігінен шығып дүниеге бейімделуге мүмкіндік туғызады. Адам өмір сүру үшін мәдениетті жасайды, сондықтан да ол биологиялық жан емес.

Философиялық антропологияның өкілі Арнольд Гелен адамды «әлі анықталмаған жануар», оның жануарлығы «аяқталмаған» және «бекімеген» деп сипаттайды. Барлық сүткоректіліктерден адамның айырмашылығы оның биологиялық тұрғыдан жетілмегендігінде, инстинктерінің нашарлығында. Осыдан адам «дүниеге ашық». Сондықтанда, ол икемді, үйренуге қабілеті бар. Адам өзінің болмысын толассыз жасауға икемді рухани жан.

Осы бағыттың негізін салушылардың бірі Г.Плесснер адамның жануарлардан айырмашылығын оның «эксцентрикалық позициясынан» іздейді «Эксцентрикалық позиция» деп Плесснер адамның күлкіге немесе жылауға бейімділігін айтады. Түсініксіз бір жағдайларға тап болғанда, адам оны қалай қабылдайтындығын білдіруі керек. Ондай (эксцентрикалық) кабілеттен жұрдай жан (жануарлар сияқты) жағдайға баға бере алмайды, тіпті аңғармайды, байқамайды, ал рухани жан – адамның ғана қуануға немесе қайғыруға, күлуге немесе жылауға қабілеті бар дейді Плесснер. Өзінің ілімін «мәдени антропология» деп атаған Э.Ротхаккердін пікірінше адамды құпия, жұмбақ дүние қоршаған. Осы дүниеден адам өзінің дүниесін құрастырады. Ол дүние тіл арқылы іске асады. Ротхаккер тілді адамның іс - әрекетінің жасампаз құралы деп бағалайды.

Философиялық антропология адам туралы ғылымдардың дамуына игі әсерін тигізгеніменен, философияда айтарлықтай жалғастырушылары болмады. Дегенменде, олардың негізгі идеялары қазіргі замандағы қоғамның санасында із қалдырғандығына күмән келтірмейміз.

Экзистенциализм – антропологиялық бағыттағы мектептердің ең беделдісі. ХХ ғ. 20 жылдарынан бастап, дәлірек айтсақ бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан ағым. Экзистенциализм (лат. еxixtenia - тіршілік) философиясының қалыптасуына С.Кьеркегордың философиясы, Ф.Ницшенің волюнтаризмі және Э.Гуссерлдің феноменологиясының ықпалы күшті болды деп саналады. Сонымен бірге экзистенциалистер көркем әдибиетке сүйенеді. Әсіресе, Ф.Достоевский, Ф.Кафка мен Р.Рилькенің шығармаларындағы мәселелерді олар философиялық әдістерді пайдалану арқылы шешуге талпынды. Ж.П.Сартр, А.Камю өздерінің идеясын көркем шығармалар жазумен жеткізді.

Экзистенциалистердің негізгі тақырыбы – адам болмысы, оның өмірінің мәні, күнделікті тіршілігі, адамның тұлғалық қасиетінің бірегейлігі, оның ішкі сезімімен қоршаған өмір арасындағы қайшылық. Дәстүр бойынша осы философиялық бағытқа М.Хайдеггер, К.Ясперс, Г.Марсель, Ж.П.Сартр, А.Камюді жатқызады. Экзистенциализмнің діни бұтағын К.Ясперс, Г.Марсельді, ал атеистік деп М.Хайдеггер, Ж.П.Сартр А.Камюді атайды.

Экзистенциализмнің негізгі ұғымы – экзистенция. Экзистенция – тұлғаның ішкі рухани тіршілігі, оның терең негізі. Бірақ, адамдар күнделікті күйбің тіршілікпен алданып оған мән бермейді. Тұлғаның жасырын қасиеттері қиын – қыстау жағдайда, өмір мен өлім қыспағында қалғанда ашылады. Экзистенциалистер адам болмысын түсіну және ғылыми ұғымдар тілімен жеткізу мүмкен емес дейді. Ғылым болмыстың өзін танымайды, тек оның жеке фрагменттерін таниды. Ғылымның өмірге бағыт беретін көмегі жоқ, адам мәселесін шешуге дәрменсіз. Адам өмірі қайталанбайды. Сыртқы дүние адамды билемейді. Адам өзі - өзіне себеп. Адам еркін ал еркіндік деп экзистенцияны айтамыз. Еркіндік адамның басына түскен ауыртпалық. Одан қашып құтыла алмайсың. Әрине, адам өзінің еркіндігінен өз еркімен босануы мүмкін. Бірақ, онда ол тұлға емес, біреуге (қоғамға) тәуелді. Онда, ол ешқандай жауапкершілікті сезінбейді. Ондай адам, өзінің қасіретке толы өмірі үшін өзін кінәламайды, қоғамды, мемлекетті кінәлайды.

Адамның еріктілігі – таңдай білуде, жауапкершілікте. Таңдау деп күнделікті өмірде, не киінем, не жеймін дейтін таңдау емес, адамның болашақ тағдырына байланысты таңдау. Ондай шешімді Сартр экзистенциалды таңдау дейді. Тек оның жеке басының шешімі ақиқат шешім болады да, тек сонда ғана ол «экзистенцияны» жүзеге асыра алады. Осыған байланысты мынадай бір мысал келтіруге болады.

Францияны Гитлерік Германия оккупациялаған кезде фашистер бір жас француздың шешесің атып тастайды. Шешесінен айырылған жас француз Ж.П.Сартрға келіп, мен енді не істеймің, дейді. Сартр, өзің қандай шешімге келдіңіз деп сұрайды. Менің шешімім, қарсыласу қатарында қалып немістерден кек алу, дейді жігіт. Олай болса сөйтініз, дейді Сартр. Бірақ, дейді жігіт, немістер өш алу үшін ағаларымды атып тастауы мүмкін, сондықтан Англияға өтіп кетемін бе деген тағы бар шешімім бар. Жақсы, онда Англияға өтіңіз дейді Сартр. Дегенмен, дейді онан әрі жаңағы жас жігіт, Ламанштан өтіп бара жатқанда немістер мен жүзіп бара жатқан кемені батырып жібере ме деп те қорқамын. Ендеше сізге Францияда қалу керек дейді Сартр. Адам өзінің тағдырын өзі шешеді өзін жасайды деген принцип экзистенциализмнің негізгі принциптерінің бірі.

Экзистенциализм философиясының кейбір өкілдеріне қысқаша тоқталайық:

К.Ясперс (1833-1969) – неміс ғалымы және философы. Экзистенциализмнің діни бағытын ұстанған. Ясперс философиясының өзегі – «шекаралық жағдай» (пограничная ситуация) – ауру, өлім, қасірет және басқадай адамның басына төнген ауыртпашылықтар. Оның пікірінше адам табиғат және қоғамның объективті заңдылықтарын игеруге дәрменсіз, тым әлсіз. Өмір ағын, алмасып, өзгеріп отырады. Адам өмірінің шегі бар. Күнделікті күйбің тіршілікпен алданып, адам өзінің өткінші екенің және келешекте өлім күтіп тұрғаның есінен шығарып алады. Тек «шекаралық жағдайдың» қыспағында қалғанда. Өліммен өмірдің не екені туралы ойланғанда адам өзінің тұлғалығын сезеді. Осындай ситуациядан шығудың жолы трансцендентальды – жоғарғы болмыспен яғни құдаймен бірігу. Құдаймен бірігу арқылы адамның жасырын мүмкіншіліктері сыртқа шығып өмірдің құрсауынан құтылады.

М.Хайдеггер (1889 - 1976) – неміс философы. Философтың қойған негізгі сауалы – болмыстың мәні адамның іс - әрекеті арқылы ашылады. Егер адамның өмірінде өлімге бағытталған болашақ басым болса, онда адамның болмысы нағыз тіршілік. Егер адам бүгінгі күнмен (қазір, осында) өмір сүрсе, онда оның болмысы нағыз болмыс емес, өйткені ол «заттар дүниесінең немесе әлеуметтік ортадан шыға алмай өзінің бет – бейнесінен, тұлғалық қасиетінен айырылады. Жалған болмыстың адамы көпшіліктің арасынан суырылып шығуға талпынбайды, өйткені өзінің қимыл – қылығы үшін жауап беруі керек. Жалған болмыстың адамы өзінің келешегін көрмейді, «тобырдың» психологиясынан айырылғысы келмейді».

Нағыз болмыстың адамы - өзінің тарихын, еркіндігін сезетін адам. Ондай сезіну ерекше дацындықты қажет етеді. Өлім алдындағы адам нағыз болмысты іздемейді және соған жетуге талпынады. Өлім адамның қасында. Сондықтан адам өзінің өмірінің соңы - өлім екенің біле отырып болмыстың мәнін аша алады. Ол үшін дейді М.Хайдеггер – адам болмысты тыңдай білу керек. Болмысты тыңдау – тіл арқылы жүрмек. Тіл – болмыстың үйі. М.Хайдеггердің негізгі шығармасы – «Болмыс және уақыт».

Ж.П.Сартр (1905 - 1980) – француз философы, жазушы. Өзінің шығармаларында тіршілік және мән, еркіндік, таңдау, жауапкершілік және олардың ара қатынастары туралы мәселелерді көтереді. «Экзистенциализм – бұл гуманизм» трактатында осы аталған категориялардың мағынасын былай түсіндіреді: айталық, кәсіпші пышақ жасамақ ойы бар екен. Ол не жасайтын алдын ала біледі де жасайды. Мұнда заттың мәні оның өмірінің алдында. Адаммен олай емес. Жас сәби туады, яғни оның өмірі бар, бірақ оған әлі адам болуы керек, өзінің мәніне жетуі керек. Тіршілігі бола тұра, ол кейіннен адам болады. Сондықтан дейді Сартр адамға анықтама бере алмайсың, өйткені алғашқы кезеңде ол ештене емес. Ол кейіннен адам болады, тіпті оның адам болуы өзіне байланысты. Өзін қалай жасаса, солай болмақ. Осыдан еркіндік мәселесі шығады. Еркіндік адамның маңдайына жазылып қойылған, оның тұрақты серігі. Адам өзінің болмысын еркін таңдайды. Осы таңдауы үшін ол жауапкершілікті сезінуі керек. Бірақ өзінің өткінші жан екендігін білген адам жауапкершілігін толық сезіне алмайды. Жауапкершілік – қоғам, отан ата – ананың алдындағы жауапкершілік емес, экзистенциалды жауапкершілік.

А.Камю (1913 - 1960) – француз философы, жазушы. Камю философиясының негізгі тақырыбы - өмірдің мәнсіздігі, мағынасыздығы (абсурд). Дүние үйлесімді, заңды ұйымдасқан деп түсіну, біздің семіміздің адасқандығының нәтижесі. Адам шым – шытырық (хаос) дүниеде өмір сүруде. Осындай кездейсоқтық үстемдік еткен өмірдің мәні жоқ. Мәнсіздік, мағынасыздық, Камю философиясының негізгі принципі. Осындай өмірден құтылудың екі жолы бар. Біріншісі - өзін өзі өлтіру. Бірақ Камю, ол жолды қаламайды. Екінші жол – наразылық, бүліншілік. Біздер, дейді Камю, әлеуметтік ортаны өзгертуге, талпынамыз. Наразылық арқылы басқа адамдармен бірігеміз. Бүліншіліктің шегі бар. Оның логикасы қирату емес, яғни бүліншілікті революция деп түсінбеу керек. Бүліншілік (бунт) – адамның болмысының, өмір сүруінің амалы.

А.Камюдің идеялары «Сизиф туралы аңыз», «Оба», «Бөтен», т.б. шығармаларында көрініс табады.

Экзистенциализм – рухани өмірдің өте күрделі және қайшылығы мол қубылысы. Оған бір нақты баға беруге болмайды.