Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекц12.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
220.01 Кб
Скачать

Кесте- 3. Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары

Осы жұмыстарға мектеп басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті адамдармен, ұйымдармен, отбасымен бірігіп, іске асыруды қамтамасыз етеді.

Ата-аналар балаларды тәрбиелеу ісінде мектеппен қарым-қатынас, тікелей байланыс жасауды басты міндетіміз деп есептеуі тиіс, өйткені олардың өз балаларын тәрбиелеудегі жетістіктері сынып, мектеп ұжымының оқу-тәрбие жұмысының нәтижесіне байланысты. Бұл жағдай оқу-тәрбие процесінің мазмұнын, сапасын және тиімділігін жақсарту үшін отбасы мен мектептің ынтымақтасып жұмыс істеуін қажет етеді.

Мектеп оқушыларымен жұмыс істеу көп ізденуді, еңбек етуді қажет етеді. Әсіресе, сынып жетекшісіне жүктелер жауапкершілік мол. Оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста болған жағдайда ғана талапқа сай жұмыстар жүргізуге болады.

Мектептің отбасымен ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыстар жүйесінде мектеп кеңестерінің қызмет-әрекеті ерекше орын алады, олардың қызметтері сан түрлі болып келеді. Олар ата-аналардың мектеппен байланысын нығайтуға, олардың педагогикалық сауаттылығын ұйымдастыруға ықпал етіп, кейбір отбасына бала тәрбиелеуде көмек көрсетеді (көп балалы отбасыларға, жағдайы нашар жанұяларға).

Кей мектептерде құрамына жергілікті әкімшілік өкілдері, кәсіпорын, фирма, мәдени-ағартушылық ұйымдар, мәдени ұлттық орталықтар басшылары кіретін қамқорлық кеңестері қызмет етеді. Қамқорлық кеңестер мектепке жөндеу және жабдықтау жұмыстарында, компьютермен жабдықтауда, тілек қалаулары бойынша клубтарды ұйымдастыруға, кәсіби бағыттарында, еңбекке орналасуда, мектеп бітірушілердің одан әрі білімін жалғастыруда демеушілік көмек көрсетеді.

Отбасындағы бала тәрбиесінде көмек көрсетудің ықпалды тәсілі – ата-аналардың педагогикалық сауатын дамытуды ұйымдастыру. Мектеп ата-аналардың педагогикалық сауатын дамытуды ата-аналар жиналысын, консультациялар, сұрақ-жауап кештерін, әкелер конференцияларын және т.б өткізу арқылы ұйымдастыруға тырысады. Бұл орайда, әрбір мектеп өз жағдайына, «отбасы суреті» ерекшеліктеріне, оқушылар тәрбиелілігіне сәйкес ата-аналардың педагогикалық сауатын дамытудың нақты жүйесін жасайды. Көбінесе тәрбиеленушілер ата-анасы мен бала тәрбиесін жақсартудағы педагогикалық консультациялар және практикалық кеңестер сипатындағы жеке-дара жұмысты жиі қолданады.

Мектеп пен отбасы ынтымақтастығының бір түрі – педагогикалық насихат, яғни ата-аналарға педагогикалық білім беру. Қазіргі ата-аналар және қалың жұртшылық арасында психологиялық-педагогикалық білімді насихаттаудың маңызы өте зор. Насихат жұмысы оқыту мен тәрбие міндеттерін шешуге әсер етеді. Н.К.Крупская ата-аналарды педагогикалық біліммен қаруландырудың қажет екенін бірінші рет айтқан болатын. Тәрбие процесінде жеке адамның қалыптасуына ата-аналардың ықпалы олардың жалпы және педагогикалық мәдениетіне байланысты.

Сондай-ақ, ата-аналармен жүргізілетін жұмыстағы сынып жетекшісінің атқаратын негізгі міндеттері:

- Ата-аналармен тұрақты байланыс орнату: отбасы, оның мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, мәдениет деңгейі, отбасының жеке басқа ықпалы, ата-ананың педагогикалық білім дәрежесінің жай-күйі анықталып, оларды бала тәрбиесіне ортақтастыруды көздеу.

- Отбасы мен мектептің балаға қоятын талаптарының бірлігін қамтамасыз ету: өмір сүріп отырған қоғамға сай белгілі бір мінез-құлық нормаларын балаға үйрету, жаттықтырудың жүйелілігін, тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сол сыныптағы дәріс беретін мұғалімдерді ата-аналармен ортақ іске жұмылдыру.

- Ата-аналар ұжымын құру: ата-аналар комитетін құру; оның жұмыс жоспарын жасау; оларды мектептегі қоғамдық жұмысқа қатыстыру; атқарылатын істерге талдау жасап отыру, т.б. жұмыстарды міндеттейді.

- Ата-аналардың педагогикалық білім дәрежесі мен мәдениетін үнемі арттырып отыру: баспасөз беттерінде, радио, көгілдір экран арқылы, педагогикалық білімді жетілдіру университеттерінде, дәрісханаларда, семинарларда, ғылыми-практикалық конференцияларда, ата-аналар жиналыстарында педагогикалық насихаттау жұмыстарын жүргізу.

Сынып жетекшісінің оқушылардың ата-аналармен жүргізетін жүмыстарының негізгі түрлері мен әдістеріне сипаттама бермес бұрын отбасымен байланыс орнатудың бірқатар психологиялық-педагогикалық ерекшеліктеріне тоқталған орынды.

Бірінші ереже. Мектеп пен сынып жетекшісінің отбасымен және жұртшылықпен жүргізетін жұмысының негізі ата-аналардың беделін көтеру және нығайтуға бағытталуы тиіс. Сынып жетекшісінің ақыл үйретушілік, көсемдік сөз саптауы өкпе, реніш, ыңғайсыздыққа негіз болады. «Міндетті», «қажетті» деген үзілді-кесілді сөздерден кейін ата-ананың ақыл-кеңес сұрауға деген ынтасы жоғалады. Ата-аналардың көпшілігі өз міндеттерін жап-жақсы түсінеді, бірақ тәрбие практикасында өз білгенін көңілдегідей қолдана алмауы мүмкін. Сондықтан оларға не істеу керек екендігімен бірге қалай істеу керектігін де білу де маңызды. Мұғалім мен ата-ананың арасындағы бірден-бір дұрысы бірін-бірі құрметтеуі. Осындай жағдайда бала тәрбиесін қадағалау, тәжірибе алмасу, ақыл-кеңес, бірлесе шешім қабылдау сияқты екі жақты да қанағаттандыратын формаға ауысады. Бұндай қатынастың маңыздылығы сол – мұғалім мен ата-аналарда жеке жауапкершілік, азаматтық парыз, өзіне деген талапшылдық дамып, нығаятын болады.

Екінші ереже. Ата-ананың тәрбиелік мүмкіндіктеріне сенім арту, олардың педагогикалық мәдениетінің деңгейін көтеру, тәрбиелік белсенділігін арттыру. Ата-аналар психологиялық жағынан мектептің барлық бастамалары мен талаптарын қолдауға дайын. Тіпті, педагогикалық дайындығы, жоғары білімі жоқ ата-аналардың өзі бала тәрбиесіне терең түсіністікпен және жауапкершілікпен қарайды.

Үшінші ереже. Отбасының өміріне орынсыз араласуға жол бермейтін педагогикалық әдеп. Сынып жетекшісі – ресми тұлға. Ол өз қызметі аясында көп жағдайда қаласа да, қаламаса да отбасының өзгелерден «жасыратын» құпия сырларына куә болуы мүмкін. Жақсы сынып жетекшісі отбасы үшін бөтен емес, қайта ата-аналар одан көмек күтіп, сеніп, сыр айтады, ақылдасады. Сондықтан отбасы қандай болса да, ата-аналар қандай тәрбиеші болса да мұғалім барынша әдепті болуы тиіс. Ол отбасы туралы барлық білімін ата-аналардың тәрбие ісіне көмектесуге, ізгі ниетті орнықтыруға жұмсауы керек.

Төртінші ереже. Тәрбие мәселелерін шешуге өмірге құштар, көтеріңкі көңіл күйді басшылыққа алу, жеке тұлғаның табысты дамуына бағыт ұстау, баланың жағымды қасиеттеріне, отбасы тәрбиесінің күшті жақтарына сүйену. Тәрбиеленушінің мінезін қалыптастыру қиындықсыз, қайшылықсыз және оқыс оқиғасыз іске аспайды. Егер осының бәрі даму заңдылығы түрінде қабылданса (бала мінезінің тұрақсыздығы, соқтықпалы сипаты т.б.), онда қиындық, қайшылық және күтпеген нәтиже педагогты әбіржітпеуі тиіс. Қалыптасқан педагогикалық міндетті шешудің ондаған тәсілдері болғанымен солардың біреуі ғана нақты жағдайға толық нәтиже беруі мүмкін. Сондықтан педагогика ғылымына дайын тәрбиелік рецент беретін анықтама деп емес, тұлғаға тиімді ықпал жасайтын жалпы заңдылықтар туралы ғылым деп қарау қажет.

Сондай-ақ, ата-аналар мен сынып жетекшісінің байланыс жасауының бір түрі – ата-аналардың педагогикалық тапсырмаларды орындауы болмақ. Ондай педагогикалық тапсырмалардың бірнеше түрін атауға болады.

Тапсырманың бірінші түрі – белсенді тәрбиелік позиция, балалармен тікелей жұмыс жасаудан туындайды. Олар: қызығушылықтары бойынша құрылған үйірмелерге жетекшілік жасау; дербес қамқорлыққа алу; тәлімгерлік және т.б.

Тапсырманың келесі түрі – мұғалімге, тәрбиешіге ұйымдастырушылық көмек көрсетуден туындайды. Олар: саяхат ұйымдастыруға ықпал жасау, өнер және еңбек майталмандарымен кездесулер ұйымдастыру, сынып кітапханасын жабдықтау, кітапқұмарлар клубын ұйымдастыру.

Ендігі тапсырмалар мектептің материалдық базасын дамыту және нығайтуға қатысудан туындайды. Олар: кабинетті безендіру, құралдар дайындау, мектепті көгалдандыру, жөндеу жұмыстарына қатысу.

Осылайша, мектеп пен отбасының сынып жетекшісі арқылы реттелетін педагогикалық процестерінің арақатынасы мұғалім қызметінің диагностикасы негізінде қойылған міндеттерімен анықталады.

Сонымен қатар, сынып жетекшісінің ата-аналармен қарым-қатынасының формалары:

1. Ата-аналармен жұмыстың дәстүрлі формалары: ата-аналар жиналысы; жалпы сыныптық және жалпы мектептік конференциялар; сынып жетекшісінің жеке ақыл-кеңесі, әңгімесі; оқушылардың үйін аралау; ата-аналар университеті; ашық есік күні.

2. Ата-аналармен жұмыстың дәстүрлі емес формалары: тақырыптық ақыл-кеңес, әңгіме; ата-аналар оқуы; ата-аналар кеші; ата-аналар тренингі.

Бала үшін отбасы – ең алғашқы да аса белсенді тұлғалық қалыптасу көзі. Отбасында қабылданған көзқарастар, салт-дəстүрлер, ұстанымдар, əрекет-қылық үлгілері тұлға микроэлементіне бастау беріп, оның барша өмірінің негізгі сипатын қалайды. Отбасы тəрбиесінде қолданылатын басты əдістер – бұл өнеге-үлгі, бірлікті еңбек, іс-əрекет, əңгіме-сұхбат, қолдап-қуаттау, баланы қорғау. «Мендей бол!», «Мендей істе!» ұранымен тəрбиелей отырып, ата-аналар өз өнегесімен қалай жасау, еңбектену қажеттігін үйретіп, сыйластық, сүйіспеншілік сезімін білдіреді.

Мектептің қызметкерлерінің және ата-аналардың оқушыға қатысты өзінің міндеттерін орындау үшін оларға әрекеттестік жауапкершілігі жүктеледі. Олай болса, үлкендер міндетін сапалы атқару үшін – бірлік қажет.

Бірлік – қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этикалық ұғым. Бірлік – адамдар арасындағы ынтымақтастық, үйлесімді тіршілік әрекетінің көрінісі.

Отбасы мен мектептің бірлікте болуы үштіктің өзара айнымалыға байланысы қажет: үлкендер, балалар, олардың арасындағы бірліктен шынайы қарым-қатынас, өзара келісім, түсіністік туындайды. Отбасы мен мектептің бірлігі – бала тәрбиесінде отбасы мен мектептің бірін-бірі толықтыруы, өзара хабарласа, келісе әсер етуі, ықпал жасауы. (1-сурет)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]