- •12 Тақырып. Оқушылардың ата-аналарымен педагогикалық әрекеттестік технологиясы
- •Кесте – 1. Отбасы тәрбиесінің негізгі күші
- •Кесте- 2. Отбасы типтері
- •Кесте- 3. Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары
- •Сурет-1. Отбасы мен мектептің бірлігінің құрылымы
- •Сурет-2. Ата-аналармен жүргізілетін жұмыс бағыты
12 Тақырып. Оқушылардың ата-аналарымен педагогикалық әрекеттестік технологиясы
Отбасы – сынып оқушыларын тәрбиелеу және дамыту ортасын құраушы
Жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қалпының қалыптаса бастауының бастапқы ошағы – ана сүтінен, әке, ата тәрбиесінен тәрбиелік дәстүрлерді, әдет-ғұрып пен адамгершілік қадір-қасиеттерді балалық шақтан бастап бойға сіңіретін отбасы.
Адамзат ұрпағына отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі еш нәрсенің күштерімен салыстыруға болмайды. Себебі отбасы мүшелерінің бір-біріне деген кісілік қарым-қатынасы, эмоциялық сезімдері, ілтипат ықыластары олардың жаны мен қанының табиғи бірлігіне, тұтастығының негізделген жақындық – отбасы тәрбиесінің негізгі күші.(1-кесте)
Кесте – 1. Отбасы тәрбиесінің негізгі күші
Ондағы ересектердің әрбір іс-әрекетіне өзара және басқалармен қарым-қатынасына, т.б. бала еліктей отырып қабылдайды. Сондықтан, бала тұлғасының сапалы қалыптасуы, отбасы өмірінің тұрмыс-тіршілігін ұйымдастыру, эмоциялық-адамгершілік тынысы, қалыптасқан дәстүрлері сияқты салаларымен тығыз байланысты. Отбасылық ахуалдың дұрыс болуы, педагогикалық тәрбие ықпалының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Жалпы отбасылық тәрбиенің ықпалды болуы төмендегідей факторларға тікелей байланысты:
Отбасының әлеуметтік құндылығына;
Балаға ересектер тарапынан қойылатын тәрбиелік талаптың бірлігіне;
Отбасы ішіндегі қарым-қатынастың салиқалы болуына;
Отбасылық дәстүрлердің қоғамдық талаптармен ұштасуына;
Отбасындағы еңбекке деген қатынасқа;
Отбасындағы эмоциялық атмосфераға.
Отбасының белгілері:
Отбасы өзара туысқандық қатысы бар, әртүрлі жастағы және әртүрлі құқылы адамдардан біріккен ұжым;
Оларды ерлі-зайыптылық, ата-аналық, балаларға ата-аналық жасау міндеттері байланыстырып тұрады;
Ата-аналар мен балалар бір-бірінен бірі отбасын басқарумен, екіншілері сол отбасында тәрбиеленумен ерекшеленеді;
Отбасы өмірі әртүрлі материалдық (биологиялық, шаруашылық) және
рухани (адамгершілік, құқықтық, психологиялық, эстетикалық) процестермен сипатталады. Ал отбасының әлеуметтік рөлі адамның өзін өсіруге, адам тегін ұзартуға тікелей қатысымен анықталады.
Отбасы тәрбиесі – бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі, мемлекет алдындағы ата-аналардың борышы.
Отбасындағы басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік әрекетін
ұйымдастыру: баланың күн режимі, міндеттері, қойылатын талаптар, баланың үй еңбегіне қатысуы, баланың оқу іс-әрекеті, баланың бос уақытын ұйымдастыру.
Отбасындағы бала тәрбиесіне әсер ететін жәйттар:
Отбасының этникалық құрамы мен құрылымы: толық, толық емес отбасы, бір балалы, көп балалы, бір ұлттық, көп ұлттық отбасы.
Тіршілік әрекетінің және ортаның жағдайлары: отбасы мүшелерінің білім дәрежесі, жалпы материалдық әл-ауқаты.
Отбасының мәдени әлеуеті: тұрмыс мәдениеті, музыкаға бейімділігі, спортпен айналысуы, театр, киноға баруы, теледидар көруі, кітапханаға баруы.
Ішкі отбасылық қатынастар: отбасындағы ішкі көзқарастың бірлігі және айырмашылығы, отбасы мүшелерінің өз міндеттеріне көзқарасы.
Отбасы мүшелерінің қоғамға көзқарасы: еңбек және қоғамдық міндеттерге қатысы.
Отбасының тәрбиелік әлеуеті: отбасы мүшелерінің адамгершілік қатынастары, өмірге деген көзқарасы, ата-аналардың және басқа мүшелердің педагогикалық мәдени дәрежесі.
Отбасы – адамзаттың алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, сол ортаға бейімделіп, ықпалына көніп ер жетеді. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап бой түзейді. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке ол әкеге қарап өседі. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырып демеуші – ата-ана.
Олай болса, мектептің сенімді одақтастарының бірі – отбасы. Мектеп – өзгеріп отыратын жағдайлар мен құбылыстарды ажырата білетін, жасампаз шығармашылық тұрғысынан әр құбылысқа баға бере қарайтын, болашақ мамандық иелерін, қоғам мен заман талабына сай талаптарды көре біліп, іс жүзінде асыратын жеке тұлға әзірлейтін мемлекеттік мекеме. Мектеп өзіне бөлініп берілген шағын ауданда мемлекет атынан іс-әрекет жасай отырып, Ата заңда жазылған білім беру саласындағы қағидаларды, ата-аналармен, әрбір отбасымен бірлесе отырып іске асырады.
Отбасы – белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғаш рет өмір жолымен танысады, моральдық нормаларын игереді. Сондықтан отбасылық өмір – жеке адамның азамат болып өсуінің негізі.
Отбасы адамзат бесігін тербеткен ұя болса, баланың бас ұстазы – ата-ана. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген ата-бабаларымыздан қалған асыл сөздің сырына үңілер болсақ, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұл балалар, әкелері мен аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударған. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінен басты сабақ алады. Ол - ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ: «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.
Сондай-ақ, отбасы – оқыту мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Ол бала тәрбиесі жөнінде мектеппен тығыз байланысты болуды өте жақсы түсінеді. Бала тәрбиесінің отбасында, мектепте нәтижелі болуы ынтымақтастыққа негізделеді.
Отбасы тәрбиесі – бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі, мемлекет алдындағы ата-аналардың борышы. Үкімет отбасына үнемі қамқорлық жасауда. Қамқорлықтың түрлері: балалар мекемелері жөнінде халықтың қажеттілігін толық қанағаттандыру, балалардың еңбек, спорт лагерьлерінің, жас натуралистер станцияларының, ғылыми-техникалық және көркем шығармашылық үйірмелерінің жұмысын кеңейту; ананы, балалық шақты қорғауға ерекше көңіл бөлу, отбасы мүшелерінің демалуы үшін санаториялардың, демалыс үйлерінің жүйесін кеңейту; аналар жағдайын еске алып, әйелдердің халық шаруашылығына қатысуын үйлестіру.
Отбасындағы басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру: баланың тәртібі, міндеттері, қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы, оқу-әрекеті, бос уақытын ұйымдастыру.
Осы орайда, бала өмірін және іс-әрекетін ұйымдастыруда негізгі жағдайлардың бірі – ұтымды ырғақ жасау. Күн тәртібі – өмір тәртібі, еңбек пен демалыстың парасаттылықпен, кезектесіп өтуі, талаптарды орындау, жақсы әдеттерді қалыптастыру.
Отбасында тәрбиенің кей жағдайда сәтсіздікке ұшырауының басты себебі – тәрбиені жүргізіп отырған адамның педагогикалық көзқарастарының жеткіліксіздігі, адамның көңіл-күйі мен материалдық, әлеуметтік жағдайының нашарлығы.
Отбасында тәрбиенің кейбір жағдайда болу себептері:
- отбасындағы өктемдіктің баланы өзін-өзі басқарудан, билеуден айырып, өз күшіне, мүмкіншілігіне сенуден қалып, оған қарсы қоярлық ішкі күш-жігерінің төмендеуі, сезімінің мұқалуы;
- баланы өз еркімен жіберушілік, еркелік, бәрін кешірушілік.
- отбасында бірыңғай талаптың болмауы, ересектер арасындағы алауыздықты пайдаланып, баланың екі жүзді және жағымсыз нәрсеге бейім болып өсуі;
- ата-ананың баланы ұжымнан аулақтатып өсіруге тырысып, баланың қалыптасуына кері әсер ететін;
- ата-ананың баласына немқұрайлы қарап, жауапсыздық танытып, баланың, кездейсоқ, күмәнді адамдармен танысуға мүмкіншілік алуы.
Баланың жеке тұлғасының дара қасиеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен мүмкіндіктерге ие. Олар күнделікті отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы мен мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Бұл мүмкіндіктерді мектептің мүмкіндіктерімен үйлестіру – табысты тәрбиенің негізі.
Сынып жетекшісі жұмысында оқушы отбасының педагогикалық процесі диагностикасының жүйесі
Отбасын зерделеу сынып жетекшіге баламен жақынырақ танысуға, отбасы өмірінің стилін, оның үй ішіндегілермен өзара қарым-қатынасын, рухани құндылықтарын түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге психологиялық-педагогикалық диагностиканың дәстүрлі әдістерін пайдаланады.
Отбасындағы адамдардың әлеуметтену процесі оның типіне байланысты. Қазіргі психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде отбасының көптеген типологиялары ұсынылып жүр. Солардың ішіндегі төмендегідей отбасы типінің классификациясы:
Отбасындағы балалардың санына қарай: баласыз отбасы, аз балалы отбасы, көп балалы отбасы.
Отбасының құрамына қарай: толық емес отбасы, жай отбасы, күрделі отбасы (бірнеше ұрпақ өкілдерінен тұратын отбасы), үлкен отбасы, аналық отбасы, қайталанған некелі отбасы;
Құрылымына қарай: бір некеден туылған балалар (әкелері бір, бірақ шешелері бөлек), ата-анасының біреуінен туылған (әкесінің бұрынғы әйелінен туған балалар мен шешесінің бұрынғы күйеуінен туылған балалар) әртүрлі туыс балалары бар отбасылар;
Отбасындағы көшбасшылық позициясына қарай: эгалитарлық (демократиялық) және дәстүрлі (авторитарлық) отбасылары;
Отбасындағы адамдардың ұлттық құрамына, мамандығы мен білім деңгейіне байланысты әлеуметтік құрамының біркелкілігіне қарай: әлеуметтік-гемогендік (біркелкі) және гетерогендік (әркелкі);
Отбасылық тәжірибесіне байланысты: жас жұбайлар отбасы, жас отбасы, орташа жастағы жұбайлар отбасы, ересек жұбайлық отбасы, егде жұбайлар отбасы;
Отбасындағы психологиялық ахуал мен қарым-қатынасының сипатына қарай: қолайлы, тұрақты, қолайсыз, педагогикалық әлсіз, тұрақсыз, ұйымшыл, ауызбіршілігі жоқ отбасылары;
Географиялық ерекшеліктеріне байланысты: қалалық, ауылдық, оқшауланған отбасы;
Тұтынушылық мінез-құлқына байланысты: «физиологиялық» типтегі тұтынушы отбасы, «интеллектуалдық» типтегі тұтынушылар отбасы, аралық типтегі тұтынушылар отбасы;
Отбасылық өмірінің ерекше жағдайына байланысты: студенттік отбасы, некесіз отбасы, некелі отбасы;
Бос уақытын өткізу ерекшелігіне байланысты: ашық-жарқын отбасылары және оқшауланған отбасы, жабық (бос уақыттарын тек өз отбасыларымен ғана өткізетін) отбасылары;
Әлеуметтік бейімділігіне байланысты: реактивті, белсенді және орташа белсенді отбасы;
Отбасылық өмірінің байланыс деңгейіне қарай: дәстүрлі, ұжымдық және жеке-даралық отбасы;
Отбасының психикалық саулығына қарай: салауатты отбасы, невротикалық отбасы, виктомегендік отбасы.
Сондай-ақ, ғалым-педагог Р.М.Капралова отбасындағы қарым-қатынас сипатына, басқару стиліне қарай төмендегідей отбасының негізгі бірнеше түрлерін ұсынады:
Отбасыларының бірінші типі – мұнда отбасы мүшелері арасында жоғары әлеуметтік бағдарланған өзара келісімді, түсіністікке негізделген гармониялы қарым-қатынас орнаған.
Отбасыларының екінші типі – отбасында жоғары әлеуметтік бағыттылықпен реттелген компромистік қарым-қатынас орнатылған.
Отбасыларының үшінші типі – қарым-қатынас тұрақты емес, бірақ, жалпы алғанда әлеуметтік бағдар жоғары.
Отбасыларының төртінші типі – мұндай отбасыларында қарым-қатынас төменгі әлеуметтік бағыттылықпен реттелген.
Отбасыларының бесінші типі – мұндай отбасыларындағы қарым-қатынас сырттай қарағанда бәрі тамаша қолайлы болып көрінгенмен, іштей ол отбасыларындағы адамдар қарым-қатынасының әлеуметтік бағдары өзара қайшы келіп жатады.
Отбасыларының алтыншы типі – мұндай отбасыларына үнемі кикілжіңді төменгі және қайшылықты әлеуметтік бағытталған қарым-қатынас тән.
Отбасындағы диагностика негізіне баланы тәрбиелеу үшін шартты түрде топтарға бөлінген отбасылардың адамгершіліктік әлеуеттерін пайдалану мүмкіндіктері принципі алынады. Соған байланысты отбасылар төмендегідей типтерге бөлінеді (2-кесте)
