5.1. Жүректің құрылысы
Дененің барлық мүшелері мен ұлпалары аралап өтетін қан тамырлары тобын бойлап ағатын қанның қозғалысы оларды үнемі оттегімен және қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, олардан тіршілік әрекеті өнімдерін шығарады. Жүрек кезектесе жиырыла және босаңси отырып, қанның тұйық тамыр жүйесі бойымен үнемі қозғалуын қан айналымы жүзеге асырады. Бала ағзасы дамуының әр түрлі кезеңдерінде жүрек әркелкі дамиды. Оның бала өмірінің алғашқы екі жылында және жыныстық жетілу кезеңінде (12-15 жас) ерекше жедел өсетіні байқалады. Бастауыш мектеп жасындағы (7-10 жас) балалардың жүрегі бүкіл ағзаның салмақ пен өлшемінің артуынан айтарлықтай кейін қала отырып, өте баяу өседі. Жүрек плевра жапырақшаларымен шектелген көкірек қуысында, төс сүйектің артқы жағына орналасқан. Жүректің қабырғасы эпикард, миокард және эндокарды деп аталатын үш қабықшадан түзелген. Жүректің сыртқы қабықшасы – дәнекер ұлпалы эпикард, ортаңғы қабықшасы миокар бұлшық ет ұлпасынан түзілген. Жүрек бұлшық еті көлденең жолақты бұлшық еттер қатарына жатады. Бірақ қаңқа бұлшық еттеріне қарағанда құрылысы өзгеше. Оның талшықтары бірінен-біріне өтіп, жинақты желі түрінде орналасады және дәнекер ұлпасымен өзара берік байланысқан. Оның қызметі адамның еркіне байланысты емес. Ересек адамның жүрегі секілді баланың жүрегі де 4 бөлімнен: екі құлақшадан және екі қарыншадан тұрады. Жүректің оң және сол бөліктері тұтас пердемен бөлінген. Құлақша мен қарынша әрбір бөлікте құлақша қарынша тесігімен өзара жалғасқан. Бұл тесіктердің жиектері жақтаулы қабықшалармен жабдықталған. Жүректің оң жақ бөлігінде қақпақша 3 жақтаулы болады, ал оң жақ құлақша қақпақша жақтауы деп аталады. Өкпе көктамырлары мен қолқаның тесіктерінде айшық қақпақшалар болады, олардың әрқайсысы 3 айшықтан, түбі қабықшаларға, ал жиектері қолқа мен өкпе көктамырына қараған қалталардан тұрады. Мүшелерден жүрекке қан жеткізетін тамырлар веналар (салатамырлар) деп аталады. Жоғарғы қуыс және төменгі қуыс салатамырлар жүректің өз венасына келеді. Жүректен қан алып кететін тамырлар көктамырлар (артериялар) деп аталады. Қан сол қарыншадан біздің денеміздің ең ірі көктамыры қолқаға, ол оң жақ қарыншадан өкпе көктамырларына келеді.
Жүректің жұмысы. Салатамырларға ырғақты түрде қайталанып отыратын қан айдау – жүрек қызметінің негізі, ол жүрек құлақшалар мен қарыншаларының рет-ретімен жиырылуы мен босаңсуының арқасында жүзеге асырылады. Жиырылу кезеңі систола, ал босаңсу кезеңі диастола деп аталады. Жүрек жиырылған кезде байқалатын систола мен диастоланың өзара алмасып отыруы жүрек циклі немесе жүрек жұмысының циклі деп аталады. Жүрек қызметінің үш фазасы бар:
1) жүрек құлақшасының систоласы, қан құлақшадан босаң қалыпта тұрған қарыншаға түседі;
2) қарынша систоласы, систола фазасында қан қарыншалардан қолқа мен күре тамырларына өтеді, құлақшалар босаңсиды;
3) жалпы үзіліс, жүрек тыныш қалыпта болады. Жүрек жұмысы циклінің ұзақтығы 6-7 жасар балада 0,63 секундқа, үлкен адамда 0,8 секундқа тең. 6-7 жасар баланың жүрегі минутына 95-100 рет, үлкен адамда 68-70 рет соғады.
Жүректің жиырылу ырғағы. Жүректің жұмысын бақылауда көзге түсетін нәрсе оның ырғақтылығы, жүрек циклінің, яғни оның жиырылуы мен босаңсуының кезектесіп келіп отыратын фазаларының дұрыс қайталанып отыруы. Бірінші фаза – систола немесе құлақшаның жиырылуы – шамамен 0,1 секундқа созылады; бұл кезде қарыншалар босаңсыған немесе диастола күйінде болады. Екінші фаза – құлақшалар босаңсыған кездегі қарыншалар систоласы, ол 0,3-0,4 секундқа созылады. Үшінші фаза – кідіріс (пауза) немесе жүректің жалпы босаңсуы, кідіріс кезінде жүрекке салатамырлардан ағып келетін қан толады. Кідірістің ұзақтығы жүректің жиырылу жиілігіне байланысты. Тыныш жатқан адамның жүрегі 1 минутта 50-60 рет жиырылғанда пауза 0,5-0,6 секундқа созылады, түрегеп тұрған адамда 1 минутта 65-75 жиырылуда шамамен 0,4 секундқа, жылдам жүгіруде 200 және одан көп жиырылуда 0,1 секундқа, тіпті одан да аз уақытқа созылады. Жүректің жиырылу жиілігі қатты артқан кезде құлақша мен қарынша систоласы екі есе кеміп, пауза жойылып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайларда жүрекке қанның толуы күрт кемиді.
Жүректе қозудың тууы мен таралуы. Қаңқа бұлшық еттері орталық жүйке жүйесінен келетін импульстердің әсерімен жиырылады. Олар өз бетінше жиырыла алмайды. Жүректің жұмысы мүлда басқаша болады. Жануардың оқшауланған, яғни денеден бөліп алынған жүрегі, ол арқылы оттегіне қаныққан және құрамында қажетті минералдық заттар мен глюкоза бар қоректік ерітінді өткізгенде көптеген күндер бойы ырғақты жиырыла беретіндігін тәжірибелер көрсетті. Басқаша айтқанда, жүрек бұлшық еттері орталық жүйке жүйесінің қатысуынсыз автоматты түрде қозады. Бұл жүректің қабырғасында жүйке түйінділерінің болуына, яғни жүйке жасушаларының шоғырлануына байланысты. Бір түйін қуыс салатамырлардың құяр жерінде, басқасы – құлақшалар арасындағы перделерде, оның қарыншамен шекарасына таяу жерде болады.
Жүйке түйіні қуыс салатамырлардың құяр жерінде өте қозғыш бар. Бұл учаскені ырғақ бастаушысы деп атайды, өйткені онда әрбір жүрек цикліне бастама беретін қозу туады. Туған қозудың көрсеткіші ретіндегі әрекет ету потенциалы алдымен екі құлақшаға, одан соң қарыншаларға таралады. Егер терінің белгілі бір учаскесіне, мысалы, оң қол мен сол аяққа электродтарды қоссақ, айтарлықтай сезгіш құралдардың жәрдемімен адамның электрокардиограммасын, яғни жүректің жиырылуы процесіндегі потенциалдардың бірізді өзгерісін жазып алуға болады. Мұны дененің ұлпалары бойымен жақсы өткізгіш ретінде жүрек циклінің жекеленген кезеңдерінде түрліше бағытталған электр қозғаушы күштерінің оңай таратылатынымен түсіндіруге болады. Олардың бағытының әрбір өзгерісі кезінде электрокардиограммада бір тісше пайда болады. Тәжірибелік медицинада электрокардиограмманы анализ жасау, диагноз қою, яғни жүрек қызметінің бұзылуын анықтау мақсатында кеңінен қолданылады.
Нәрестенің қан айналымындағы өзгерістер. Адамның өмірге келу сәті – бұл ағзаның тіршілік етуінің бұрынғы жағдайларынан мүлде өзгеше жаңа жағдайларға күрт ауысу болып табылады. Кіндікті кесу ұрықты қоректік заттармен, оттегімен қамтамасыз етіп, оны көмір қышқылы мен тіршіліе әрекетінің басқа да өнімдерінен арылтатын ана ағзасымен байланысты үзеді. Нәресте ағзасында осы сәтте оттектік ашығу туады, басқаша айтқанда, ағза тұншығады, бұл жаппай күшті қозу тууына, атап айтқанда, алғашқы тыныс алу, қозғалыстарының жасалуына себепші болады. Тұңғыш тыныс алуда басталып, бүкіл өмір бойы сақталатын өкпенің созылуы, өкпе ұсақ-тамырының кеңеюіне мүмкіндік береді. Оның үстіне өкпе артериясын қолқамен байланыстыратын көктамырлық тармақтың қабырғасында болатын шеңберлі бұлшық ет талшықтары күшті жиырылады. Осының нәтижесінде қан оң жақ қарыншадан тұтастай немесе тұтас дерлік өкпеге қарай бағытталады да, одан өкпе салатамырларының арқылы сол жақ құлақшаға келеді, сөйтіп оны толтырады да, құлақшалар арасында сопақ тесік қақпақшаларын қысады, бұл қанның үлкен және кіші шеңбер бойымен бірізділікпен ауысуына жәрдемдесетін жағдай туады.
Құрсақтағы даму кезеңінің соңына қарай көктамырлық тармақ қабырғасының ішкі қабатының қалыңдап өсуі салдарынан тарыла бастайды. Туғаннан кейін, қан іс жүзінде тармақ бойымен ағуын тоқтатқан кезде, ол тезірек тарыла бастайды да, 6-8 аптадан соң тармақтың қуысы толығымен бітеледі. Бұл кезде барынша ұзарып өсетін және қалыңдайтын қақпашаның қосыла өсуі жолымен сопақша тесік те бірте-бірте бітеледі. Сопақша тесік бала өмірінің 9-10 айына қарай, кейде едәуір кейінірек біржолата бітеледі. Кейде өте кішкентай тесік бүкіл өмір бойына қалады, бірақ ол жүректің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді. Кіндік артериялары мен салатамыр да кіндікті байлаған соң біртіндеп бітеледі.
Емшектегі және мектеп жасына дейінгі кезеңде жүректің өсіп жетілуі. Нәресте жүрегінің салмағы 20 г болады, бұл дене салмағының шамамен 0,6% құрайды. Алғашқы 1,5-2 жылда жүректің салмағы 3 есе артады. Алайда, дененің жалпы салмағы алғашқы жылдың соңына қарай 3 еселене отырып, бұрынғыдан да жылдам өседі. Осының нәтижесінде екі жасқа қарай жүректің салмағы дененің жалпы салмағының 0,5%-нан сәл аз шаманы құрайды. Кейінгі жылдарда дененің жалпы өсуі секілді жүректің өсуі де баяулайды, ол 14-15 жаста ғана қайтадан күшейеді, бұл тағы да дененің жалпы салмағының артуына сай келеді.
Өмірдің алғашқы жылында жүректің көлденең ені салыстырмалы түрде алғанда кең болады, сондықтан ол жұмыр пішінлі келеді; жүректен таралатын тамырлардың сағасы кең болады; салыстырмалы түрде алғанда құлақша, әсіресе оң жақ құлақша үлкен болады. Құлақшаның, атап айтқанда, сол жақ құлақшаның жедел өсуі шамамен бір жарым жасқа дейін созылады. Кейінгі жылдары құлақша мен қарыншаның көлемі бірдей дәрежеде артады.
Баланың есеюіне қарай жүректе басқа да өзгерістер болады. Мәселен, жүрек бұлшық етінің талшықтары жуандайды; өмірдің алғашқы бір жарым жылында орта есеппен олардың көлденең енінің диаметрі 6-дан 9 мкм-ға дейін артады. Бұл кезеңде талшықтардың ішікі құрылымы да өзгереді, олардағы көлденең жолақ жақсы байқалатын болады. Талшықтардың шамалы жуандауы бұдан кейінгі жылдары байқалады.
Қақпашалар, әсіресе, құлақша мен қарыншалар арасына орналасқан қақпақшалар да бала есейген сайын өзгеріске ұшырайды. Жақтаулардың ұлпалары едәуір тығыз болады; бұлшық ет түйіндері мен сіңір жіпшелерінің орналасуы және мөлшері өзгереді.
Оң және сол жақ қарыншалардың жиырылу күшіндегі айырмашылық біртіндеп сол жақ қарынша қалыңдығының артуына әкеп соғады. Баланың алты айлығында сол жақ қарыншаның бұлшық еттерінен 1,5 есе, ал 4-6 жаста тіпті екі есе жуан болады. Осыған сәйкес сол жақ қарыншаның салмағы оң жақ қарыншаның салмағынан өмірінің алғашқы айларында 60%, алтыншы айында екі есе, ал 6-7 жаста екі еседен артық болады.
Өсу кезеңінде жүректің әр түрлі зиянды әсерлерге төзімділігі шамалы болады. Мәселен, аштыққа ұшырау жағдайында ересек адамдар жүрегінің салмағы кемісе де, өте аз мөлшерде кемиді. Ал бала жүрегінің салмағы мұндай жағдайларда айтарлықтай кемиді.
