3. Мидың құрылысы мен қызметі
Баланың миының дамуы ол дүниеге келер кезде де аяқталмайды. Бірақ мидың құрамындағы нейрондар саны жас нәрестеде де, ересектерде де бірдей болады. Нәрестенің миының салмағы – 400 гр. Бір жастағы баланың миының салмағы 800 гр-ға жетеді, бастауыш мектеп жасындағы баланың миының салмағы 1300 гр, ересек адамдардың миының салмағы – 1450 гр шамасы.
Ммдың сыртын жұмсақ торлы және қатты қабықшалар қаптаған. Қатты қабықша өте тығыз болады, бас сүйектерімен тұтасып кеткен. Қабықшалар аралығында ликвор сұйықтығы болады. Ми ми бағанасынан және алдыңғы мидан тұрады.
Ми бағанасы мыналардан құралады:
- сопақша ми;
- ми көпірі;
- мишық;
- ортаңғы ми.
Ал аралық ми мен үлкен ми сыңарлары алдыңғы миды құрайды.
Мидан 12 жұп бас сүйек жүйкелері тарайды. Алғашқы екі жұбы: көру және иіс сезу жүйкелері көздің торлы қабығынан және жоғары тыныс жолының кілегейлі қабықшасынан басталып, алдыңғы имдың негізіне кіреді, қалғандары – бағана ядросынан басталады. Бас сүйек жүйкелерінің ішінде өте сезімтал көру, есту, иіс сезу жүйкелері бар. Тек қозғалыс жүйкелеріне көз еттерін иннервациялайтын үш жұп және VII, XI, XII жүйкелер жатады. Аралас жүйкелерге мысалы, V, IX, X жұп – кезеген жүйке жатады.
Ми бағаны.
- Сопақша ми жұлынның жалғаыс болып табылады. Сопақша мидың сұр затында – тыныс алуды, жүрек қызметін, шайнау, ему, жұту, сілекей бөлу, сөл бөлу, жас шығу, түшкіру, жөтелу, қаңқа бұлшық еттерінің тонусы, қан тамырларының қозғалысын реттейтін жүйке орталықтары орналасқан және вегативтік қызметті реттеу орталығы бар.
- Ми көпірі сопақша мидан жоғары орналасқан және одан айқын бөлінген.
- Көпір ақ заттан тұрады, оның ішінде сұр зат шоғыры – ядро бар. Көпірдің негізгі қызметі – өткізгіштік. Көпір мен сопақша мидан сегіз жұп ми жүйкелері тарайды.
- Мишық – сопақша мидың артқы жағында орналасқан. Ол екі ми сыңарынан және құртшадан тұрады. Мишықтың сұр заты көп болады. Оны мишықтың қыртысы деп атайды. Мишықтан 3 жұп ми сабақтары тарайды. Мишықтың негізгі қызметі – адамның қозғалыс тепе-теңдігін сақтау.
- Ортаңғы ми мидың шағын бөлімін құрайды, бірақ оның маңызы ерекше. Ортаңғы ми төрт төмпешіктен және ми сабақтарынан тұрады. Төрт төмпешіктің алдыңғы бұдырларында көру тітіркенуіне байланысты бағдарлау рефлексінің орталығы орналасқан (түрлі қашықтықты көруге байланысты). Төрт төмпешіктің артқы бұдырларында есту тітіркенуіне байланысты бағдарлау рефлексінің орталығы орналасқан.
Ортаңғы мида қызыл ядро деп аталатын қаңқалы бұлшық еттердің тонусын реттейтін орталық бар.
Алдыңғы ми – тарихи даму тұрғысынан кенже пайда болған жүйке жүйесінің бөлігі.
Аралық ми – ортаңғы мидың жоғарғы жағында орналасқан және ол көру төмпешіктерінен, көру төмпешікшігінің артынан, үстінен және төмпешік асты аймақтан тұрады. Төмпешік асты аймақ төменгі ми қосалқысы – гипофизге жанаса жатады. Гипофиз ішкі секреция безі болып табылады.
4. Үлкен ми сыңарларының қыртысының құрылысы мен қызметі
Үлкен ми сыңарлары – адамдарда жақсы дамыған, ол сол және оң жақты бөлімге сүйелді дене атты бөлшектен бөлінеді. Олар бір-бірімен жүйке талшықтары арқылы байланысқан. Үлкен ми сыңарларының сыртын сұр зат қаптаған. Оларды қыртыс деп атайды. Қыртыстың астында ақ зат орналасқан, онда қыртыс асты орталықтары бар. Ми қыртысында жүйке жасушалары 6 қабат болып орналасқан және оның жұмысын талдап жүйке импульстеріне жөн береді, тиісті аймақтарға жолдайды. Қыртыста 14-18 млрд жүйек жасушалары болады. Үлкен ми сыңарларының сайлар мен қатпарлары оны аймақтарға бөледі:
- маңдай аймағы;
- екі төбе аймағы;
- екі самай;
- шүйде аймағы.
Әрбір аймақта ағзаның белгілі бір қызметін реттейтін жүйке орталықтары бар. Ағзадағы қыртыстың түгел аймағын алсақ 1700-2600 см2. Мидың қалыпты тіршілік ету үшін үздіксіз қанмен қамтамасыз етілуі керек. Қанның құрамындағы оттегі мен глюкозаны қажет етеді.
Адамның үлкен ми сыңарлар қыртысы ең жоғарғы бөлімі болып саналады. Ол ағзада өтіп жатқан барлық процестерді реттейді және бақылайды. Адамның психикалық іс-әрекетін реттейді, ағзаның сыртқы ортамен байланысын жүзеге асырады.
Үлкен ми сыңарлары қыртысының аймақтары:
- Маңдай аймағы орталық сайдың алдыңғы жағында орналасқан. Ол арқылы қозғалыс мүшелерінің рефлекторлық доғасы өтеді. Бұл аймақтан зақымдануы сал тартуға (паралич) әкеліп соғады.
- Шүйде аймағы – көру рецепторларына талдау жасау учаскесі. Ол үлкен ми сыңарлары қыртысының шүйде бөлігінде орналасады. Ол бөлімнің зақымдануы көру қабілетінің жойылуына әкеліп соқтырады.
- Самай аймағы – ми сыңарларының самай бөлігінде орналасқан, есту рецепторларына талдау жасау учаскесі. Үлкен ми сыңарларының ішкі бетінде иіс сезу аймақтары орналасқан.
- Төбе аймағы – орталық сайдың артқы жағында тері бұлшық сезімдері аймағы орналасқан, үлкен ми сыңарларында зақымдану пайда болса, сөйлеудің бұзылуы байқалады. Себебі, одан сөйлеуге қатысты рефлекс жолдары өтеді.
Үлкен ми сыңарларының қызметі біртұтас болады.
