Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
КОРРЕКЦИЯумкд.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
683.41 Кб
Скачать

3. Өз проблемаларын түсінуге үйрету тобы

            Мақсаты: адам өз проблемаларына толық түсініп, оны талдап, шығу жолын табуға шамасы келсе ол тұлға өзін-өзі қоршаған ортамен тепе-теңдікте ұстауға болатындығына сенімін күшейту.

            Бұл топ келесі кезектегі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады.

            А) Шағылыстыру тәсілі адамның әлеуметтік ортадағы позициясы қате екенін, барлық құбылыстарға реакциясы ақиқатқа сай еместігін көрсету және оның себебін түсіндіріп қабылдау. Бұл тәсілді қолдану нәтижесінде клиент проблемасын шешудің жаңа жолын іздеп, өз болашағын және осы болашақ өмірдегі басқа адамдармен қарым-қатынасының моделін жасауға кіріседі.

            Сонымен, бұл тәсілдің негізгі мақсаты – адам өз қателерін өз санасынан өткізіп, шағылыстырып шығарып жіберу.

            Б) Проблемасын өзінше талқылау (интерпретация).

            Бұл тәсілдің мақсаты – қақтығыс туғызған ыңғайсыз, шытырман жағдайдың орын алған себептерін психолог көмегімен талдап, пациентке өзінің де кінәлі екенін түсіндіріп, қайда, қандай қателік жібергенін, оның мән-мағынасын толық түсінуге жәрдем береді.

            В) Түсіндіру арқылы өзгелерге деген сенім мен иланушылықты қалыптастыру.

            Г) «Жанама әсер» арқылы көмек көрсету тәсілі пайдаланғанда топтағылар бір-біріне сұрақ беруі арқылы қатысушылар өз мінез-құлқының, мінез көрсетуінің ерекшелігін анықтап, оны түсінуге жол ашылады.

4. Жағымсыз (ұнамсыз) стереотиптерді бұзу тобы

            Мақсаты: ұнамды мінез құлықты қалыптастыру, клиеннті басқаларға ыңғайлы болуға үйрету.

            Бұл топтың ерекшелігі келесі екі көрініспен сипатталады.

            А) Жағымсыз мінез-құлыққа қарсы әрекет арқылы тосқауыл қою.

            Б) Жағымсыз мінезін сөз арқылы қоршауға алып, клиентпен одақтасу.

            Барлық топтардың топтық іс-әрекеттері бірнеше кезеңде және фазада жүреді:

            I – бағдарлау кезеңі (2-3 кездесу барысында)

            II – қайта құру кезеңі (4-7 кездесу барысында)

            III – бекіту (жаңа тәжірибені пысықтау) 2-3 рет.

            I-кезеңде топтағыларды бір-бірімен таныстыру тренингі өткізіледі, еркін қарым-қатынас. Бұл кезеңде топтағылар рәсімдік мәселелерді шешіп, келесі кезеңге даярлықтан өтеді. Кезеңнің соңында топтың қалыптасуы аяқталады, қажет болса қатысушылардың бір-біріне эмоционалдық қатысына қарай кіші топтар құрылады.

            II-кезең. Реконструкциялық немесе қайта құру, топтағылар бір-бірінен қысылмай, өздерін емін-еркін сезіне бастайды. Психологтың тактикасы негізгі мақсатқа толық бағынышты болады. Ол баланың мінез-құлқы сиысымсыз екенін анық көрсетеді, қатысушылар өз мінез-құлқын өзгертуі қажеттілігін неше түрлі әдіс-тәсілдер көмегімен жақсылап көрсетіп түсіндіреді. Бұл жағдайда адамның ішкі кернеуі төмендеп, басқаларды түсінуі, тілектестік, жанашырлық белгісі анық байқалады. Көптеген сюжетті-рөлді ойындар қолданылып, қарым-қатынас мәдениеті пысықталады.

            Коррекцияны ұйымдастырудың осы кезеңі ең қиыны болып есептеледі. Өйткені коррекцияланушы психикасында күрделі өзгерістер пайда болады.

            III кезеңде коррекцияланушы мінез-құлқының оң көрсеткіштерді тұрақты етуге, оларды пысықтауға психолог өте көп көңіл бөледі. Бала өзінің жаңа тәжірибесін өмірге алып шығып, барлық жағдайда сақтауға шамасы келетініне сенуі қажет. Осы жаңа тәжірибені пысықтауға арналған көптеген жаттығулар орындалады.

            Психокоррекция жүргізу мақсаты мен зерттелінген адамдардың жеке-даралық психологиялық ерекшеліктері туралы жинақталған мәліметтерге байланысты бұл жұмыс екі бағытта жүзеге асырылады:

            1. Нормативтерді құру коррекциясы.

            2. Адамның даралық мүмкіндіктерін дамыту коррекциясы.

            Нормативтерді құру коррекциясы. Адамның ішкі жан дүниесінің жеке даралық сипаттамасын әлеуметтік ортада қабылданған нормативтерге сай келтіру коррекциясы топпен жүргізіледі. Олар көбінесе қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, мазасыздану және агрессия көріністерін төмендету, жеткіншектердің жас ерекшеліктеріне байланысты орын алатын акцентуация мәселелерін шешуге бағытталған. Коррекциялық әдістердің нәтижелі болуы ауытқудың синдромына және бұзылудың көрініс беру симптомдарының түрлеріне тәуелді. Мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен жүргізілетін корррекцияда қарым-қатынас тренингінің барлық түрлері қолданылады, олар мінез-құлықтың нақты формаларын меңгеруге көмектеседі және клиентке өзінің жан дүниесіндегі неше түрлі құбылыстардың орын алғанына жауапкершілікті өз мойнына алуды  үйретеді.

            Сонымен қатар әр жас кезеңінің және әлеуметтік ортадағы әр адамның атқаратын ролдер репертуарына, клиенттің алдында тұрған психологиялық проблемаларына байланысты психокоррекцияны жүргізудің өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар. Мектепке дейінгі жас кезеңдегілердің негізгі проблемасы мектепте оқытуға даярлығымен байланысты екендігі жоғарыда айтылған. Сондықтан бұл жас кезеңіндегілермен коррекциялық жұмыстар олардың таным процестерін жетілдіру және мектеп режиміне үйрету, сыныптағы балалармен, оқытушылармен қарым-қатынас жасауға икемділігін қалыптастыру, қысқаша айтқанда оның барлық көрсеткіштерібойынша мектеп өміріне даярлау болып табылады. Бастауыш сыныптарда бұл бағыттағы психологиялық қызмет көрсету жалғастырылады.

            Жеткіншек жас кезеңіндегілермен жүргізетін психокоррекция, басқа жас кезеңдегілерден жиірек орын алады. Оның себебі осы жас кезеңінің көптеген ерекшеліктерімен байланысты. Балалардың өтпелі жас кезеңінде басынан кешетін қиындықтары психокоррекциялау және психологиялық кеңес берудің негізгі себептері болып табылады. Жеткіншектерде жиі кездесетін акцентуация, агрессия, дидоктогенді невроздар баланың тұлғалық қалыптасуына теріс әсерін тигізіп, оқушының мотивтік сферасының бұзылуына алып келеді. 

            Осы проблемаларды шешуге психологиялық көмек көрсету, психопрофилактика, психокоррекция жасау және басқа мұқтаждарға көмектесетін шараларды жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Оның ішінде баланың дамуын диагностикалау, оның барлық мүмкіндіктерін ашу және балалармен, олардың ата-аналарымен, мұғалімдермен психологиялық қызмет шеңберінде коррекциялық көмек көрсету қажет.

 

Дәріс тақырыбы: Кемістік және оның орнын толтыру

Аннотация: Кемістік және орнын толтыру ұғымдары Дефектология ғылымындағы Л.С.Выготскийдің рөлі Онтогенез және баланың психикалық дамуындағы әртүрлі факторлардың рөлі

Кілт сөздер: кемістік, онтогенез, компенсация, даму аймағы

Дәріс жоспары:

  1. Кемістік және орнын толтыру ұғымдары

  2. Л.С.Выготскийдің теориясы

  3. Онтогенез және баланың психикалық дамуындағы әртүрлі факторлардың рөлі

Дәріс тезистері:

Дамудың алғашқы және туынды кемістігі туралы ұғымды Л.С.Выготский енгізді. «Алғашқы кемістіктер бір биологиялық жүйенің (талдағыштар, ми құрылымдары) патогендік факторлар әсерінен, органикалық зақымдануы мен жетілмеуі нәтижесінде пайда болады. Туынды кемістіктер – алғашқы кемістіктерден туындамайтын, бірақ солардың негізінде қалыптасатын (саңыраулардың сөйлеуінің бұзылуы, соқырлардың бағдарлау қабілетінің бұзылуы, т.б.) психикалық жетілмеу және әлеуметтік мінез-құлықтың бұзылуы тәрізді сипатқа ие. Кемістік биологиялық негізден алыс болса, оны психологиялық–педагогикалық түзету оңай болады. Қарапайым қызметтермен салыстырғанда, жоғары қызметтерді түзету жеңіл болады.

Даму үдерісінде бірінші және екінші кемістіктер арасындағы, биологиялық және әлеуметтік шартты бұзылу арасындағы қатынастар өзгереді. Егер оқыту мен тәрбиелеудегі негізгі кедергі органикалық кемістік болса, яғни, туынды кемістік бағыты, «төменнен жоғары» болған жағдайда, дер кезінде коррекциялық–педагогикалық жұмыстар басталмаса, екінші кезекте пайда болған психикалық жетілмеулер мен жеке тұлғалық қалыптың бұзылуы, баланың әлеуметтік ортаға, өзіне деген кері, жағымсыз көзқарасының қалыптасуында жетекші орын алады. Психологиялық күрделі мәселелер шеңберін кеңейте отырып, туынды кемістік барлық қарапайым психикалық қызметке кері ықпал етеді, патогендік әсерлер «жоғарыдан төмен» қарай бағытталады.

А. Адлердің және Л. С. Выготскийдің кемістік пен оның орнын толтыру туралы ілімдері.

«А. Адлер теориясының негізі адамда қалыптасатын «толыққанды болмау кешені» болып табылады, ол А.Адлердің көзқарасына бойынша, адамның өз дамуындағы кемшіліктерді

жоюға мүмкіндік беретін, басқалардан артық болуға деген үнемі ұмтылуы арқасында пайда болады»1

А. Адлерден кейін Л. С. Выготский функциональды ұстанымда, бір органикалық кемістіктің баланың кеміс екендігіне дәлел болмайтынына назар аударады. Кемістіктің әсері үнемі екіжақты: бір жағынан, ол ағзаның қалыпты әрекетін қиындатады, екінші жағынан - кемістіктің орнын толтыратын, басқа қызметтердің қарқынды жетілуіне жағдай жасайды. Л. С. Выготский былай деп жазады: «Жалпыға бірдей бұл заң, ағзаның биологиясына да, психологиясына да бірдей қатысты: кемістік минусы компенсация плюсіне айналады»2.

Психикалық қызметтердің кемшілігі мен зақымдануын компенсациялау, тек жанама жолмен жүзеге асырылады. Жанама жолға жататындар: жүйеішілік қайта құрулар (жойылған қызметтердің сау компоненттерін пайдалану) немесе жүйеаралық, мысалы, соқырлардың оптикалық заңдылықтарды меңгере алмауының сипап-сезумен компенсацияланатыны (Брайль шрифті).

Л. С. Выготский баланың мәдени дамуының жанама жолынан, емдік педагогиканың негізін көреді: «Кеміс баланың өзіндік дұрыс келбеті, оның қандай да бір қызметтің (функциясының) жоғалуынан қалыптаспайды, сол жоғалған қызметтің бала дамуында жаңа бір құрылымдарды туғызатындығынан, яғни жеке тұлғаның өз кемістігіне деген реакциясы мен даму үдерісіндегі компенсациясы»3.

Л. С. Выготскийдің теориясы

Л. С. Выготский арнайы психологияның негізін салған ғалым. Арнайы психология негізінде, Л. С. Выготскийдің енгізген бірқатар тұжырымдары бар.

Ғалымның пікірінше, сау бала мен кемтар бала бірдей заңдылықтармен дамиды. Демек қалыпты және дамуы ауытқыған балалардың дамуындағы факторлар бірдей.

Бірақ жалпы заңдылықтармен бірге, ол кемтар баланың өзіндік даму ерекшеліктерін де атап көрсетті. Аномальды психиканың басты ерекшелігі ретінде, биологиялық және мәдени үдерістер дамуының бір-бірінен алшақ болатынын көрсетті (дивергенция).

Ақыл-ойы кем бала, өзінің дамуында сау баланың жүріп өтетін даму кезеңдерін бастан кешіреді, тек бірқатар кешігумен және өзіне тән спецификалық ерекшеліктермен өтеді.

Алғашқы кемістік пен туынды кемістік құрылымдарындағы зақымданулардың байланысы туралы ереже. Алғашқы кемістік биологиялық факторлармен байланысты болса, ал екінші кемістік - әлеуметтік факторлармен байланысты. Нәтижесінде Выготский Л. С., білім алу қажеттілігі ерекше балаларда екінші, үшінші кемістіктің алдын-алу мақсатында, ерте коррекциялық көмек беру қажеттілігі туралы тұжырым жасады. Сондай-ақ, туынды кемістіктер, оның ішінде эмоциональды – ерікті саласының зақымдануы сияқты бұзылулар, биологиялық ақауларға қарағанда, коррекциялық әсерлердің көмегімен жеңілдетілетіндігі туралы тұжырым жасады.

Жақын және өзекті даму аймағы туралы ереже.

«Жақын даму аймағы» мәнінде, Л. С. Выготский «жетілу үдерісіндегі қызметтерді, яғни, әзірше ұрық күйіндегі, піскен жеміс деп атауға келмейтін, тек бүршік немесе гүлі деп атауға болатын», енді жетіліп келе жатқан қызметтерді айтады.

Осылайша, «жақын даму аймағы» ұғымын қарастыруда, Л. С. Выготский тағы бір маңызды тезис ұсынды. Онда ақыл-ойы кем баланың ой-өрісінің дамуын анықтауда, оның нені меңгергендігін, баланың «динамикалық даму күйін», «әзірге даму күйінде тұрған үдерістерін» есепке алу қажеттілігі айтылады.

Л. С. Выготскийдің пікірінше, «жақын даму аймағы», баланың жасына сәйкес емес, күрделі мәселелерді ересектердің көмегімен шешу үдерісінде айқындалады. Сөйтіп, ақыл-ойы кем баланың мүмкіндігін бағалау, екі көрсеткіш негізінде жүреді: ересектер тарапынан берілген көмекті қабылдай білу және аналогиялық тапсырмаларды өз бетімен орындай білу дағдысы.

Ол өзінің күнделікті жұмысында, қалыпты дамудағы балаларды зерттеумен ғана емес, дамуында ауытқуы бар балаларды зерттеумен айналыса отырып, жақын даму аймағы туралы пікірдің, әсіресе кемтар балалар категорияларына қатысты екендігіне көзі жетті.

Оқыту мен дамудың сәйкестігі туралы ереже. Л. С. Выготский оқытудың дамудан ілгері жүруі, баланың дамуын өзімен бірге ілгері жылжытады деген қорытындыға келді.

Л. С. Выготскийдің әлеуметтендіру бағдарламасын жасауы. Осыған сәйкес, кеміс баланы әлеуметтік ортаға ерте қосу мен даму патологиясын ерте диагностикадан өткізу қажеттілігі анықталады. Ол дамуы ауытқыған балаға, ерте коррекциялық – педагогикалық ықпал жасаудың маңызын дәлелдейді.

Зият пен аффектінің сәйкестігі. Түзетушілік (коррекциялық) оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде ақыл-ойы кем баланың эмоциямен басқарылатын мінез-құлқы мен өзін-өзі ұстауы, анағұрлым саналы болады, демек, ақыл-ой мен аффект арасындағы қатынас өзгереді.

Онтогенез және баланың психикалық дамуындағы әртүрлі факторлардың рөлі

Клиникалық зерттеулерге сәйкес, психикалық қызметтердің бұзылуы немесе жетілмеуі эмбриогенезде, яғни, ми құрылымының ерте жасушалық дамуында, түрлі зақымдаушы зиянды әсерлерден пайда болады (1-сурет).

Адамның психикалық және дене бітімі жағынан кемтар дамуына әсер ететін, әсер ету уақытына қарай, патогендік факторлар үшке бөлінеді: пренатальды (тууға дейін); натальды (туу кезінде); постнатальды (туғаннан кейін, ерте сәбилік кезеңнен 3 жасқа дейін).

Бала дамуының биологиялық факторларына мыналар жатады:

- тұқым қуалайтын және гендік мутациялар, хромосомдық абберациялар нәтижесінде пайда болған, хромосомдық-генетикалық ауытқулар;

- ананың жүкті кезіндегі жұқпалы және вирустық аурулары (қызамық, токсоплазмоз, тұмау);

1-сурет. Адамның психикалық және дене бітімі жағынан кемтар даму қаупін туғызатын факторлар

- венерологиялық аурулар (соз, мерез);

- ананың эндокриндік аурулары, оның ішінде қант диабеті;

- резус-фактордың сәйкес келмеуі;

- ата-ананың маскүнемдігі мен нашақорлығы;

- биохимиялық зияндылықтар (радиация, қоршаған ортаның экологиялық ластануы, айналада қорғасын, сынап тәрізді ауыр металлдардың болуы, агротехникада жасанды тыңайтқыштарды пайдалану, медициналық дәрі-дәрмектерді дұрыс қолданбау, тамақтағы жасанды қоспалар т.б.);

- ананың соматикалық денсаулығындағы ауытқулар, оның ішінде гиповитаминоз, ісіктер, әлсіздік;

- гипоксия (оттегінің жетіспеуі);

- ананың жүктілік кезіндегі токсикозы;

- туу патологиясы, әсіресе, мидың жарақаттануы;

- баланың ерте сәбилік кезіндегі ми жарақаты, ауыр жұқпалы және токсиндік-дистрофиялық аурулар.

Генетикалық әсерлер. Гендегі ақпараттарда барлық адамдарға тән белгілер, жеке адамдарға тән дара өзгешеліктер, даму ауытқуларының пайда болуы бар. Зерттеулер көрсеткендей, зият және сенсорлы кемшіліктердің тегі, генетикалық болып келетіндігі анықталған.

Мысалы, ата-ананың екеуінде ешқандай даму ауытқуы жоқ, бірақ олар саңыраулықты жасырын тасымалдаушы болып табылады, демек, екеуінің бірінен балаға саңыраулық беріледі.

Даму патологиясына сондай-ақ, хромосом сандарының кемшілігі мен артық болуы себеп болады, яғни 23 жұптан артық немесе кем. Көптеген жағдайда, хромосомдық аномалиялар, ұрықтың құрсақтағы кезінде өлуіне немесе мерзімінен ерте тууына, түсік тастауға әкеп соғады. Бірақ, қазіргі кезде Даун синдромы(трисомия) кең таралып келеді. Туа біткен патологиясы бар балалардың тууының алдын-алу мақсатында, ата-аналарға тиісті генетикалық кеңестер беріледі, сөйтіп, қандай да бір патогендік белгінің болашақ балаға берілу қаупі анықталады. Ол үшін ата-ананың кариотипі зерттеледі.

Соматикалық фактор. Жүйке-соматикалық әлсіздік күйінің анағұрлым ерте пайда болған түрі, әрі баланың психикалық, дене бітімі және эмоциональды жағынан дамуына кедергі жасап, қиындықтар туғызатын түрі – невропатия.

«Невропатия – баланың құрсақтағы даму кезінде немесе туу кезінде пайда болған, туа біткен көп факторлық бұзылу ретінде қарастырылады. Оған себеп болатын жайлар: ананың жүктілік кезіндегі ауыр токсикоздары, түсік қаупін туғызатын жүктіліктің патологиялық дамуы, эмоциональды стресс күйлері.

А.А.Захаров бойынша невропатияның негізгі белгілері:

- Эмоциональды тұрақсыздық – эмоциональды бұзылуларға, мазасыздыққа, ашушаң әлсіздікке және аффектілердің тез пайда болуына бейімділік.

- Вегетативті дистония – ішкі ағза қызметтерінің түрлі бұзылуы түрінде көрінеді: асқазан-ішек қызметінің бұзылуы, бас айналу, тыныс алудың қиындығы, лоқсу, т.б. мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларда, балалар мекемелеріне бейімделу қиындығы туған кезде бастың ауыруы, қысымның тұрақсыздығы, жүрек айну сияқты соматикалық реакциялар байқалады.

- Ұйқының бұзылуы – ұйықтаудың қиындығы, түнгі елегізулер, күндізгі ұйқыдан бас тарту тәрізді болып келеді.

- Зат алмасу үдерісінің бұзылуы, аллергияға бейімділік, түрлі жұқпалы науқастарға сезімталдық, әсіресе, ер балалардағы тамаққа тәбеттің нашарлығы, анасының жүктілік кезіндегі ішкі эмоциональды қанағаттанбау күйімен байланысты.

Жалпы соматикалық әлсіздік, ағзаның қорғаныс күштерінің төмендеуі: бала шұғыл респираторлық аурулар (ОРЗ), шұғыл респираторлық вирустық жұқпалы аурулар (ОРВИ), асқазан-ішек ауруларымен, тыныс алу жүйесі сырқаттарымен жиі ауырады.

- Психомоторлық бұзылулар (түнгі және күндізгі ұйқы кезінде, кіші дәретті ұстай алмау, тартылулар, тұтығу). Бұл бұзылулардың органикалық текті бұзылулардан айырмашылығы, бала өскен сайын жоғалады, маусымдық сипатқа ие болады да, көктем мен күз айларында ғана асқынады. Балада мұндай бұзылулардың пайда болуына, ананың жүктілік кезіндегі дене бітімдік және эмоциональды қатты қалжырауы себеп болады.

Невропатияның алғашқы көріністері, бала өмірінің алғашқы жылында-ақ, оның жиі құсуына, дене қызуының өзгергіштігіне, ұйқысының бұзылуына, қатты жылауына байланысты бірден диагностикаланады. Невропатия патогендік факторлардың тек базасы ғана болып есептеледі, оның негізінде баланың жалпы белсенділігі төмендейді, психикалық және дене бітімдік жетілу қарқыны баяулайды, өз кезегінде психикалық даму тежелуіне әкеп соқтырады. Сондай–ақ, әлеуметтік талаптарға бейімделу қиындығы артады, жеке тұлғалық жағымсыз өзгерістер (басқа біреулердің көзқарасына толық тәуелді болу, депрессивті күйге түсу, өмірге деген қызығушылықты жоғалту) пайда болады.

Дер кезінде ұйымдастырылған сауықтыру, шынықтару шаралары, оның ішінде психологиялық қолайлы атмосфера орнату, жылдар өткен сайын невропатия белгілерін жояды. Ал, жайсыз жағдайларда, невропатия созылмалы, соматикалық науқастардың, психоорганикалық синдромдардың асқынуына қолайлы жағдай жасайды. Соматикалық аурулар, баланың психикалық–дене бітімдік қалыпты дамуы, жеке тұлғалық-әлеуметтік дамуына, мектептегі оқуды сәтті меңгеруіне кедергі жасайтын себептердің ішінде, мидың органикалық зақымдануынан кейін, екінші орынды иемденеді.

Мидың зақымдануы. Адамның жоғары психикалық қызметтері мен олардың жасқа сай динамикасын қамтамасыз ететін, ми жұмысының механизмі туралы қазіргі заманғы мағлұматтар, мидың құрылымдық–функциональдық ұйымдастырылуының интегративті жұмысы туралы материалдар негізінде тұжырымдалады. А. Р. Лурияның тұжырымдамасына сәйкес, «психика үш функциональды блоктың үйлескен қызметімен қамтамасыз етіледі:

1. Тонус пен сергектікті реттеу блогы;

2. Ақпаратты қабылдау, қорыту және сақтау блогы;

3. Психикалық әрекетті жоспарлау мен бақылау блогы.

Әрбір жеке психикалық функция қалыпты даму жағдайында мидың осы үш блогының үйлескен қызметімен қамтамасыз етіледі»1. Олар жоғары сараланған, күрделі динамикалық тізбектер кешені, жүйке жүйесінің әртүрлі деңгейлерінде орналасады. Ми бөліктерінің түрлі қызметтерінен басқа, ми жарты шарлары аралық қызметтерді де қарастырған дұрыс. Сол жақ жартышардың зақымдануы салдарынан сөйлеудің бұзылатыны анықталған. Бұл құбылыстың клиникалық және нейропсихологиялық зерттелуі (Н. Н. Брагина, Т. А. Доброхотова, А. В. Семенович, Э. Г.Симерницкая), сол жақ жартышардың сөйлеу әрекетінің дұрыс дамуына және абстрактілі-логикалық ойлау қабілетіне жауапты екендігін растады. Ал, оң жақ жартышар кеңістік пен уақытты бағдарлау, қимыл-қозғалыс дәлдігі, эмоциональды сезімдердің айқындығына жауап беретіні анықталды.

Мидың дұрыс қызметі үшін, жартышарлардың өзара тығыз байланысы болуы шарт.

Осылайша, баланың қалыпты психикалық дамуына әртүрлі ми құрылымы және тұтас ми жүйесі тұрғысында қажетті нейробиологиялық дайындық керек.

Л. С. Выготский былай деп жазады: «Мінез-құлықтың жоғары формаларының дамуы, белгілі бір деңгейдегі биологиялық жетілуді, алғышарт ретінде белгілі бір құрылымды қажет етеді. Бұл тіпті адамға ұқсас, миы ең жоғары жетілген жануардың мәдени дамуына жол бермейді. Адамның өркениетке енуі, қажетті аппараттары мен қызметтерінің жетілумен ғана байланысты. Егер баланың миы мен сөйлеу аппараты қалыпты дамыса, өзінің биологиялық дамуының белгілі бір сатысында, ол сөйлеуді меңгереді. Ал жоғары даму сатысында, бала санау және жазу тілін меңгереді, одан кейінірек – негізгі арифметикалық операцияларды игереді»1.

А. Р. Лурия мен оның із басарларының адамның тұтас психикалық іс-әрекетінің мимен ұйымдастырылуы туралы тужырымдамасы, қалыпты онтогенезден ауытқуды анықтаудың және коррекциялық-педагогикалық үдерісте маңызды болып саналатын, зақымданған және сау сақталған ми құрылымын анықтаудың, әдістемелік негізі болып табылады.

Психикалық–дене бітімдік және тұлғалық-әлеуметтік даму кемістіктері қаупін тудыратын әлеуметтік факторлар.

Баланың пренатальды және натальды кезеңдердегі дамуына, әлеуметтік механизмдердің тигізетін әсері зор. Балаға бұл кезеңде әлеуметтік әсерлерді жеткізуші анасы болып табылады. Қазіргі заманғы зерттеулер көрсеткендей, құрсақта балаға тек патогендік, биологиялық факторлар ғана емес, балаға бағытталған әлеуметтік қолайсыз ситуациялар да (жүктілікті тоқтату, болашақ аналықпен байланысты қорқыныштар, алаңдау күйлері, жүктілік жағдайынан қорлану т.б.) тікелей әсер етеді. Олар жүктілік үдерісінің биологиялық және әлеуметтік жағдайларына байланысты, баланың дұрыс психикалық дамуына толыққанды негіз болады немесе керісінше, оның патогендік базасына айналады.

А.И.Захаров шетелдік және отандық ғалымдардың мәліметтерін топтай келіп, ананың ұзақ уақыттық, жағымсыз көңіл-күйлері мен күйзелістерінің анағұрлым патогендік әсер беретінін айтады. Мұндай күйзелістердің нәтижесінде, мазасыздық гормондары түзіледі, ол ұрық айналасындағы сұйықтыққа келіп түседі. Өз кезегінде, бұл гормондар ұрықтың ми жасушаларына оттегін жеткізіп тұратын, қан тамырларын тарылтады, ұрық гипоксия жағдайында жетіледі. Кейде, плацента қабаты ажырап, бала мерзімінен бұрын туылады.

Қысқа уақыттық қатты стрестердің (шошыну, жан жүйесіне соққы тию) патогендік әсері аз емес. Мұндай жағдайлардың басым көпшілігінде, жүктілік ырықты түсік тастаумен аяқталады.

Ананың босану кезіндегі психологиялық күйіне көңіл бөлінеді: жақын адамдарының қасында болуына рұқсат етіледі, баланы ананың төсіне жанастырады, бұл аналық инстинктті дамыту, әрі баланың туу кезінде алған соққысын (есеңгіреуін) жеңілдетуге септігін тигізеді.

Әлеуметтік әсерлер. Бала неғұрлым жас болған сайын, оның дамуындағы кемістіктердің пайда болуы мен олардың алдын-алуда, отбасының атқаратын рөлі ерекше. Ең алдымен, баланың сәби кезінде дұрыс дамуы үшін, оның ересектермен эмоционалды қарым-қатынасы қажет, мұндай жағдайлардың болмауы, психоэмоционалды тежелуге әкеп соғады. Бұл мәліметтердің барлығы, жетім балалар мен ата-анасы қамауда отырған балалармен жүргізілген тәжірибелерден алынған. Анасының моральды бейнесі қандай болса, баланың балалар үйінде тәрбиеленуінен гөрі, анасымен бірге болғаны анағұрлым пайдалы, себебі, балабақшада немесе балалар үйінде, балаға қажетті көңіл бөлінбейді.

Бірақ баланың әлеуметтік қауіпті отбасында (маскүнемдік, нашақорлық, әкенің немес ананың заңға қайшы әрекеттері) өсуі, педагогикалық және әлеуметтік қараусыз күйін туғызады, баланың денсаулығына нұқсан келеді, бар кемістіктерін асқындырады. Созылмалы маскүнемдік жағдайына ұшыраған ата-аналардың балаларының барлығында дерлік, әртүрлі деңгейдегі жүйкелік–психикалық ауытқулар байқалады. Маскүнем ата-ана, іс жүзінде өзінің ата-аналық парызын орындамайды.

Есте болар жәйт, ауытқулы дамудың себебін қарастыруда, кез-келген біржақты көзқарас пен себептерді анықтауға, тиісті дамыту-түзету мақсатындағы, психологиялық-педагогикалық жүйелерді ұйымдастыруға кедергі жасайды.

Бақылау сұрақтары:

  1. Кемістік ұғымына сипаттама бер.

  2. Кемістіктің орнын қалай толтыруға болады?

  3. Алғашқы және туынды кемістіктің өзара байланысы қандай?

  4. Кемістік туралы Л. С. Выготский ілімінің мәні неде?

  5. А. Адлер теориясының мәні.

  6. «Жақын және өзекті даму аймағы» деген не?

  7. Психикалық дамуға әсер ететін зиянды факторларды ата.

  8. Биологиялық және генетикалық факторларға мысал келтір.

  9. А. Р. Лурия бойынша мидың үш блокты қызметіне сипаттама бер.

Дәріс тақырыбы: Дизонтогенез ұғымы

Аннотация: Баланың психикалық дамуының жалпы және спецификалық заңдылықтары Дизонтогенез ұғымы мен классификациясы Дизонтогенездің параметрлері

Кілт сөздер: дизонтогенез, психика, дезадаптация, ауытқу, тежелу

Дәріс жоспары:

  1. Баланың психикалық дамуының жалпы және спецификалық заңдылықтары

  2. Дизонтогенез ұғымы мен классификациясы

  3. Дизонтогенездің параметрлері

Дәріс тезистері:

Баланың қалыпты даму шарттарын қарастырайық. Баланың қалыпты дамуына қажет, Г. М. Дульнев пен А. Р. Лурияның тұжырымдаған негізгі 4 шартын бөліп алуға болады.

«Бірінші, ең маңызды шарт – «ми мен оның қатпарларының дұрыс, қалыпты қызметі»; түрлі патогендік әсерлердің салдарынан туындаған, патологиялық күйлер болса – тітіркендіргіш және тежелгіш үдерістердің дұрыс қатынасы бұзылады; түскен ақпаратты талау және жинақтаудың күрделі формаларының жүзеге асуы қиындайды; адамның түрлі психикалық қызметтерінің түрлі аспектілеріне жауап беретін, ми блоктарының өзара әрекеті бұзылады. Екінші шарт – «баланың дене бітімінің қалыпты дамуы, сонымен байланысты жұмыс істеу қабілетінің, жүйке үдерістерінің дұрыс сақталуы»1.

Үшінші шарт – «баланың сыртқы ортамен дұрыс қарым- қатынасын қамтамасыз ететін, сезім мүшелерінің қалыпты сақталуы».

Төртінші шарт – балаға отбасында, балабақшада және мектепте білім берудің жүйелілігі мен реттілігі.

Балалардың психикалық, дене бітімі және әлеуметтік денсаулықтарын үнемі тексеріп отыратын түрлі қызметтердің (медициналық, психологиялық, білім беру, әлеуметтік) талдаулары, қазіргі кезде дамуында ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдер санының артып келе жатқандығын, барлық көрсеткіштерге сай, дені сау балалар санының керісінше азайып келе жатқандығын көрсетеді. Жоғарыда аталған мекемелердің берген мәліметтеріне сүйенсек, балалардың басым көпшілігі, өздерінің түрлі даму кезеңдерінде, арнайы психологиялық көмекті қажет етеді.

«Баланың психикалық дамуындағы ауытқу заңдылықтарын, алғаш рет В. И. Лубовский тұжырымдады. Ол ауытқулы дамудың үш иерархиялық деңгейін көрсетеді.

Бірінші деңгейге дизонтогенетикалық дамудың барлық түрлеріне тән заңдылықтар жатады.

Ақпараттарды қабылдау, қорыту, сақтау және пайдалану үдерісінің бұзылуы. Кез-келген патологияда, қоршаған ортаны қабылдау бұзылады. Даму ауытқуының түріне қарай, қоршаған орта туралы мағлұматтар бұрмаланады, мысалы, сенсорлы патологияда зақымданған анализаторлар арқылы алынған сенсорлы ақпараттар бұрмаланады, эмоцианалды–ерікті саласының патологиясында (психопатия, ерте жастағы балалар аутизмі), әлеуметтік ақпараттарды пайдалану бұзылады. Ересектер тарапынан көрсетілген кезкелген қарым-қатынас талпыныстары, агрессиялық реакциямен қабылданады.

Сөйлеудің бұзылуы

Л. С. Выготский баланың екі жасынан бастап, сөйлеудің оның өмірінде маңызды рөлге ие болатындығын, сөйлеу негізінде, басқа психикалық үдерістердің дамуы жүзеге асатындығын айтады. Нейрофизиологиялық зерттеулер, сөйлеудің мидағы маңдай аймақтарының жетілуіндегі тежелулер мен ауытқулар, дизонтонгенияның патогенетикалық сипаттамасына негіз болатындығын көрсетеді, мысалы, психикалық дамудың тежелуі, ақыл-ойдың кемдігі, ерте жастағы аутизм. Ал даму ауытқуының басқа түрлерінде, вербальды және вербальды емес әрекеттердің арасындағы алшақтық немесе дивергенция байқалады. Әрине, бұл өз кезегінде, балалардың оқу бағдарламасын меңгеру үдерісіне кедергі жасайды, оқыту мен тәрбиелеудің арнайы, ерекше әдістерін қажет етеді.

Қоршаған орта туралы мағлұматтар мен түсініктердің баяу және ұзақ уақыт қалыптасуы.

Кез-келген даму ауытқуында, психикалық үдерістердің жартылай немесе тұтас бұзылуы байқалады: ой-өрісі немесе зият қабілеттері төмендейді, есту-көру арқылы қабылдау бұзылады, ойлау операциялары жетілмейді т.б. Әрине, мұның барлығының дамуы мен жетілуі, ұзақ уақыт пен арнайы әдіс-тәсілдерді қажет етеді.

Әлеуметтік-психологиялық дезадаптация қаупі.

Бұл көрсеткіш соңғы уақытта пайда болды, себебі білім беру саласында пайда болған интеграциялық үдерістер, қоғамдағы адамдардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін, жоғары талаптар қоя бастады, нәтижесінде дамуында ауытқуы бар балалардың қоғамға кірігу мәселесі қиындай түсті.

Екінші деңгейге, дизонтогенетикалық бұзылу топтарына ғана тән заңдылықтар жатады (анализаторлық жүйелердің бұзылуы), мидың ерте кездегі органикалық зақымдануындағы даму заңдылықтары (ақыл-ойдың кемдігі, церебральды-органикалық генезді ПДТ) жатады.

Үшінші деңгейге, дизонтогенездің белгілі бір түріне ғана тән заңдылықтар жатады (ақыл-ойдың кемдігі жағдайындағы, жалпы және тұрақты психикалық жетілмеу немесе ерте балалар аутизміндегі бұрмалана даму).

Л. С. Выготский адамның психикалық даму теориясының мәдени–тарихи негізін қалай бола отырып, мынаны дәлелдейді: «Сау баланың өркениетке кірігіп өсуі, әдетте, оның органикалық жетілу үдерістерімен біріккен тұтастықты көрсетеді. Дамудың екеуі де – табиғи және мәдени – бір-бірімен сәйкес келеді және тұтасып кетеді. Екі қатардағы өзгерістер те өзара кірігеді, нәтижесінде, баланың жеке тұлғасының әлеуметтік–биологиялық қалыптасуының біртұтас қатарын құрайды»1.

1927 жылы Швальбе алғаш рет, ағза құрылымының құрсақтағы кезіндегі қалыптасу ауытқуларын белгілеу үшін, «дизонтогенез» терминін қолданды. Кейінірек, бұл терминмен онтогенездегі түрлі бұзылулар, оның ішінде, ағзаның морфологиялық жүйелері жетілмеген, өте ерте постнатальды кезеңдегі бұзылулар аталатын болды. Бұған дейін, арнайы психология мен арнайы педагогикада, ұзақ уақытқа дейін «даму аномалиясы», яғни даму ауытқуы деген термин қолданылып келді, дефектологияның пайда болу кезеңінде, «дефективті балалар», яғни кеміс балалар термині қолданылды. Соңғы жылдары бүкіл әлемде дамуында кемістігі бар балаларды атайтын ізгілік термині қарастырылды. Бұл кең таралған, бірақ нақтыланбаған терминдер болатын: «қауіп тобындағы балалар», «ерекше қажеттіліктері бар балалар», «білім алуда спецификалық қажеттіліктері бар балалар», «нашар бейімделгіш балалар», «ерекше құқыққа ие балалар», «мүмкіндігі шектеулі балалар».

«Ауытқулы дамудың алғашқы ғылыми технологияларының

бірі ретінде, Л. С. Выготский ұсынған классификацияны атауға болады. Ол негізгі үш кемістік: қабылдаушы мүшелердің жетілмеуі немесе зақымдануы (соқырлық, саңыраулық, соқыр–саңыраулық), жауап беруші аппараттың кемшілігі немесе зақымдануы (мүгедек), орталық жүйке жүйесінің кемістігі немесе зақымдануы (ақыл-ойдың кемдігі). Қазіргі кездегі психикалық дизонтогенез түрлерінің кең таралған классификациясы, В. В. Лебединский ұсынған дизонтегнез классификациясы, Л. С. Выготский, Г. Е. Сухарева, В. В. Ковалев, Л. Каннер сияқты ғалымдардың зерттеулері негізінде жасалған:

  • ретардация (тежелген даму) – барлық психикалық немесе жеке компоненттер дамуының кешігуі немесе тоқтап қалуы;

  • жетілу дисфункциясы орталық жүйке жүйесінің морфофункциональды жасқа сай жетілмеумен және жетілмеген ми құрылымдары мен қызметінің, сыртқы ортадан келетін зиянды факторлармен өзара әрекетімен байланысы.

  • зақымданған даму – қандай да бір аназизаторлық жүйенің немесе ми құрылымының жеке зақымдануы;

  • асинхрония (бұрмаланған даму) – бір қызметтердің ерте жетілуі, келесі бір қызметтердің керісінше кеш жетілу қарқынынынан көрінетін, диспропорциональды психикалық даму.

В. В. Лебединскийдің психикалық дизонтогенезді классификациялауы, келесі нұсқаларға бөлінеді:

І топқа ретардация типіндегі ауытқулар мен жетілу дисфункциясы жатады:

Жетілмей қалу – мидың ерте кезеңдегі, органикалық зақымдануы нәтижесінде, барлық қызметтер дамуындағы жалпы жетіспеушілік (ең алдымен – үлкен жартышарлар қабығында). Зақымданудың тегі тұқым қуалауы мүмкін (эндогендік) немесе құрсақтағы кезеңде, туу кезінде, ерте жаста әсер ететін сыртқы (экзогендік) факторлар нәтижесінде болуы мүмкін. Жетілмей қалудың көрнекті мысалы ретінде, ақыл-ойдың кемдігінің кең таралған түрі – олигофренияны алуға болады.

Тежелген даму – танымдық және эмоционалды салалардың қалыптасу қарқынының баяулығы, ерте жас кезеңдеріндегі деңгейде уақытша тұрақтап қалуы. Тежелген психикалық даму, генетикалық факторлардың, ұзақ уақыттық науқастардың, тәрбиедегі жағымсыз жағдайлардың салдарынан болуы мүмкін. Сонымен қатар, инфантилизмнің түрлі формаларында көрінеді.

ІІ топқа зақымдану типіндегі ауытқулар жатады:

Зақымданған дамуға органикалық деменцияны жатқызуға болады: ерте сәбилік кезеңде немесе 3 жастан кейін болған мидың аумақты жарақаттары, нейроинфекциялар, тұқым қуалайтын дегенеративті аурулар салдарынан, психикалық дамудағы зақымданулар түрінде кездеседі. Көптеген жағдайда, органикалық деменция прогрессивті сипатқа ие.

Дефицитарлық даму жеке анализаторлар жүйесінің ауыр зақымдануларымен байланысты: көру, есту, сөйлеу, тірек-қимыл аппараты. Анализаторлардың бірінші кемістігі, психикалық дамуды тұтас тежейтін қызметтердің жетілмей қалуына әкеп соғады. Осылайша, көру қабілетінің зақымдануы, сөйлеу мен әрекет арасындағы координацияның жетілмеуін туғызады. Баланың психикалық дамуын болжау, белгілі бір қызметтің зақымдану тереңдігіне байланысты. Бірақ, зияткерлік саланың, басқа сенсорлық және реттегіш жүйелердің сақталуы, шешуші рөл атқарады.

ІІІ топқа асинхрония типіндегі және эмоциональды–ерікті саланың бұзылуындағы ауытқулар жатады:

Бұрмаланған даму – жалпы жетілмеу, тежелген, зақымданған даму және тез даму күйлерінің, күрделі түрде қабаттасқан, әр түрлі нұсқалары. Бұрмаланған дамудың себептері, кейбір әрекетті тұқым қуалаушылық аурулар, мысалы, шизофрения, туа біткен зат алмасу үдерісінің кемшілігі болып саналады. Оның анағұрлым көрнекті нұсқасы – ерте жастағы балалар аутизмі.

Дисгармониялық даму - эмоционалды-ерікті саласының қалыптасуындағы зақымданулармен байланысты. Оған психопатиялар мен тәрбиедегі теріс, қолайсыз жағдай салдарынан пайда болатын, жеке тұлғалық даму патологиясы жатады»1.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]