Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Шешендік өнер.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.42 Mб
Скачать

Шешендік өнердің зерттелуі

Жоспары:

1. А.Байтұрсыновтың зерттеулері

2. Р.Сыздықованың зерттеулері

3. Шешендік сөздерді топтастыру

Ғалым Р.Сыздықова. 1987 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» деп аталатын еңбегінде шешендік өнердің сөзге шеберлік екендігін ұғындырып, оны шешендік деген атаумен атауды ұсынды. Қазақ шешендіктану ғылымында шешендік өнер мен шешендік сөздің ұғымдық айырмасын ашып, анықтама берді.

А.Байтұрсынов шешендік сөздерді бірнеше топқа бөледі.

1.Саясат шешендік сөзі

2.Билік шешендік сөзі

3.Қошемет шешендік сөзі

4.Ділмар шешендік сөзі

5.Молдалардың нақыл сөзі

Орыс ғылымында «ораторское искусство, риторика, красноречие» деп жүрген категорияларды білдіретін шешендік атау қалыптасты. Р.Сыздықова қазіргі шешендік сөздерге қойылатын шарттарды санамалап көрсетіп береді:

- әлеуметтік мәні бар тақырыпқа құрылуы;

- әңгіме өзегінің дәлелі болуы;

- тыңдаушыларға әсер ететін эстетикалық қасиеті болуы;

- тыңдаушыларын белгілі бір іс-әрекетке ұмтылдыратын сөз болуы;

- айқындылығымен түсініктілігі.

Одан әрі ғалым бұрынғы шешендік пен қазіргі шешендіктің айырмасын қолданылар жерлері, тақырыптары, түрлеріне қарай дәлелдеп көрсетеді.

Р.Сыздықова бұрынғы шешендіктің ақындыққа, шешендік сөздің поэзияға жақындығын көркемдеу тәсілдерінің ортақтылығынан, екеуінің де әлеуметтік мүддені көздейтіндігінен, екеуінің де тыңдаушыға психологиялық әсер туғызатынын түсіндіреді. Шешендік сөз бен поэзияның арасындағы ортақтықты тап басып көрсетеді. Ертедегі Греция теоретиктерінің риториканы шешендік пен поэзия туралы ғылым деп қарастыруының өзі осындай ортақ белгілерінен еді.

Бірақ Р.Сыздықова шешендік сөз бен поэзияның бірдей еместігін, екеуінің арасында мынадай айырмашылық бар екендігін билер сөзін мысалға келтіріп көрсетеді: шешендер сөздерінің алды-артында, ішінде түсіндірме-баяндау мәтіндер болады, ал поэзияда түсіндірме баяндаулар болмайды.Көркем сөз творчествосында тақырыпты ойдан шығару және оқиға өрісін ойша болжау дегендер орын алатын болса, шешен сөзінің өзегі тек қана шындық болмыс, көркемдеу құралдары мен тәсілдер поэзия үшін шарт болады.

Шешендік сөзде олар иіні келген тұста ғана қолданар құрал, тармақтардың буын саны жағынан біркелкілігі – поэзияға тән белгі, ал шешендік сөзде біркелкі емес, өлеңде ұйқас тәртібі сақталса, шешендік сөзде ұйқас тәртібі сақталмайды.

Мұнымен қоса, Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» еңбегінде шешендік сөздің басқа тілдік қарым-қатынастан өзгешеленетін белгілерін атап көрсетеді, олар:

- шаршы топ пен шешеннің тікелей қарым-қатынасы;

- шешен мен шаршы топ арасындағы тоғыспалы әсерлер;

- шешеннің сөзіне дауыс ырғағы, мимикасы, т.б. қатысуы.

Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» еңбегінде бұрынғы шешендік сөздерді мазмұнына қарай төрт топқа бөлген:

1.Әлеуметтік-саяси мазмұнды шешендік сөз

2.Әлеуметтік- тұрмыстық мазмұнды шешендік сөздер

3.Білім-ғылымдық мазмұнды шешендік сөздер

4.Сотта қолданылатын шешендік сөздер

Қорыта айтқанда, қазақ шешендік өнері ежелден сөзге дәл осындай сипат беріп, оны саяси, әлеуметтік күш ретінде таныды. Бұл оқу құралында қазақ шешендік өнерінің негіздері етіп ежелгі сақ, ғұндардың шешендігі, көне түркі шешендігі, орта ғасыр түркі шешендігі алынып, қазақ шешендік өнерінің қалыптасу тарихы ақын-жыраулар шешендігі, билер шешендігі, қазіргі шешендік ретінде кезең-кезеңге бөлініп қарастырылады. Осы арқылы ежелгі грек-рим, қытай, үнді шешендігі тәрізді түркі шешендігі болғандығын, қазақ шешендік өнері сол түркі шешендігінің үзілмеген жалғасы екендігі дәлелденеді.

Г.З.Апересян 5 топқа топтаған:

1.Әлеуметтік саяси шешендік сөз

2.Академиялық шешендік сөз

3.Сотта айтылатын шешендік сөз

4.Әлеуметтік тұрмыстық шешендік сөз

5.Діни қызметте қолданылатын шешендік

Шешендік сөздер – ауыз әдебиетінің ең аз зерттелген жанрлық түрлерінің бірі. Мұның себебі кеңестік саясаттың қазақ шешендік өнерінің зерттелуіне тежеу салып келгендігі. Себебі, шешендік сөздерде халықтың ұлттық тарихы мен дүние танымы, азаматтық пен тәуелсіздікті аңсаған күрескерлік рухы жатты. Сондықтан кеңескерлік тотаритарлық тәртіп тұрғысында шешендік сөздерді жинап, жариялау, зерттеу ісіне шек қойылып отырды.

Дегенмен қазақ ауыз әдебиетін алғаш зерттеушілердің бірі- М.Әуезов «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде шешендік сөздерге «Билер айтысы» деген терминдік атау беріп, оның билер сөзі екенін айтқан еді. Әйтсе де әдебиет зерттеушілері күні бүгінге дейін шешендік сөздерді фольклор қатарына қосып келеді. Бұл орайда, ұлы М.Әуезов пікіріне сүйенсек, билер сөзінің авторы қазақтың даңқты би-шешендері болмай ма? Расында шешендік сөз белгілі бір би-шешеннің атынан айтылатыны мәлім.

Ал атақты В.Г.Белинский фольклорда даңқты есімдер болмайтынын алдағы көркем сөз авторы халық екенін көрсеткен. Сонда шешендік сөздерді фольклорға телу кеңістік дәуір тұсында би, шешендер есімін ауызға алудан тайсақтағандықтан ба, әлде фольклор мен авторлы ауыз әдебиетінің ара жігінің ғылыми тұрғыда түпкілікті ажыратылмағандығы ма? Рас, шешендік сөздер ғана емес, белгілі әдебиет зерттеушісі Е.Тұрсыновтың айтуынша жақын уақыттан бері ғана баспасөз авторы шығарма деп танылған және осы күнге дейінгі авторлығы ауызша сақталып келген, қазақ ақын жырауларының бай поэзиясы неге екені беймәлім фольклор қатарына жатқызылып келген.

Зерттеушілердің айтуынша, шешендік сөйлеудегі сөйлеу техникасының құрамдас бөліктері – сөйлеу барысында дұрыс тыныс алу, дауысты дұрыс жолға қою және дикция мен орфоэпия. Риторика – жанды, дыбысталған сөз хақындағы ғылым. Сөзбен айшықталған ой мәнді, анық, айқын, ұғымды болады. Сөйлеу техникасының мәнісі – тыныс, дауыс және артикуляцияның жұмысын үйлестіре сөйлеу нормаларын сақтау. Сөйлеу кезіндегі дауыс ырғағы, екпін, қимыл, ым, нұсқау, қол сілтеу, көз қимылы, бас изеу, күлу, ызалана сөйлеу т.б. осының бәрі ойды дәл, анық жеткізе айтудың қосымша амал - әрекеттері..

Орыстың түркітанушы ғалымы П.М.Мелиоранский: «Қазақ тілін зерттеушілерінің барлығы да бірауыздан бұл тілді ең бай, ең таза түркі тілдерінің бірі деп таниды. Қазақтар шешен әрі көсем, әдемі сөйлеудің шебері» - деп жазған. Орыстың түркітанушысы С.Е.Малов: «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, образды тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен даңқты» деген болатын.

Шығыс зерттеушісі В.В.Радлов: «Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен. Жәй сөзінің өзі өлең боп құйылып жатады, мақалдап сөйлегенде дес бермейді» десе, поляк жазушысы А.Янушкеевич: Қазақтың дала Демосфендері жаныңды сөзбен баурап алады» - деп, қазақ халқының тіл көркемдігі мен сөйлеу шеберлігін өте жоғары бағалаған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы. – Алматы: Ғылыми баспа орталығы, 2005.-296 бет.

2.Садықов.Т. Қосымова Г. Қазақтың шешендік сөздері.-Алматы: Рауан,1997

3.Тілеужанов. М. Ел әдебиеті-Алматы: Білім, 1983

4. Табылдиев. Ә. Халық тағылымы-Алматы: Рауан,1980

5.Адамбаев. Б Тозған қазды топтаған қарға жейді.-Алматы:1991

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Сөйлеуде орфоэпиялық, лексикалық нормаларды сақтау қалай жүргізіледі?

2.Шешендік өнерді зерттеушілер туралы айтыңыз.

3.Шешендік өнердің психологиялық негіздері бойынша түсінігіңізді айтыңыз.

4.Сөз өнері туралы не білесіз?

5.Академиялық шешендік туралы түсінік.

6. Әлеуметтік шешендіктің өзіндік ерекшеліктері қандай?

13-14 Дәріс сабағы