- •Мазмұны
- •Социологиялық зерттеулердің деңгейлері
- •Социологиялық зерттеудің кезеңдері
- •Зерттеу нәтижелері туралы есеп
- •Мемлекеттің жалпы белгілері
- •11.2.2.3 Қазақстанның дүние жүзі елдерінің саяси типологиясындағы алатын орнын анықтау
- •Конфедерацияның ортақ белгілері:
- •Саяси режим
- •Саяси режимнің сипаты мен белгілері
- •Авторитарлық саяси режим
- •Демократиялық саяси режим
- •Демократияның аса маңызды белгілеріне:
- •Халықтың өзінің билеу құқығын қалай жүзеге асыратынына байланысты демократияны жүзеге асырудың негізгі үш тәсілін бөліп көрсетуге болады.
- •Саяси идеология типтері
- •Саяси идеологияның негізгі түрлері
- •11.2.2.1 Қазақстан саясатының функциясын, құрылымын, түрлерін анықтау.
- •Ішкі саясат бағыттары
- •Әлеуметтік институттар
- •11.3.1.2 Қазақстан қоғамын жіктеу.
- •Әлеуметтік шиеленіс
- •Әлеуметтік шиеленістің құрылымы
- •Әлеуметтік шиеленіс болмысы
- •Мәдениет элементтері
- •Мәдениет функциялары
- •Мәдениет институттары
- •Мәдени мұра
- •Мәдени мұра нысандарының түрлері
- •Мәдени мұраны сақтау бойынша іс-шаралар
- •Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттары:
- •Тұтынушылардың қанағаттануын қамтамасыз ету мақсаттары
- •Экономика тұрақтылығын, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері
- •Экономиканы басқару нысандарын, әдістерін, тетіктерін жетілдіру міндеттері
- •Геосаясаттың әдістері мен функциялары
- •Геосаяси қуат
- •Ғаламтор компютерлік желісін құру
- •Мегаполистердің өсуі
- •Стандарттау және біріздендіру
- •Әлем бойынша ағылшын тілін тарату.
- •Жаппай сананы бұрмалау
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі
Социологиялық зерттеулердің деңгейлері
Алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес зерттеулерді іргелі және қолданбалы деп бөледі.
Іргелі (немесе ғылыми) зерттеулер, әдетте, ғылыми мақсаттарда жүргізіледі: пән бойынша білімдерді толықтыру, әлеуметтік үдерістерді жақсы түсіну, қандай да бір теорияда әлеуметтік іс-қимылдарды түсіндіру, жоққа шығару немесе растау үшін. Әдетте, негізін қалайтын зерттеулердің әлеуметтік тану деңгейі тәжірибелік құраушысынан басым болады.
Қолданбалы зерттеулер тәжірибелік мақсаттарды көздейді - олардың нәтижелері әлеуметтік жұмыс, білім беру, еңбек қатынастары, қалалық жоспарлау, әлеуметтік саясат тәжірибесінде тікелей қолдануға арналған. Олар нақты ұсыныстар, кеңестер, ұсынымдар немесе басқарушылық шешімдерді дайындау және қабылдау үшін қажетті деректер түрінде ресімделуі мүмкін. Кез келген қолданбалы зерттеу оларды басқару тәжірибесінде қолдану үшін зерттелетін құбылыс туралы шынайы деректерді алу - бірыңғай мақсатымен байланысты рәсімдердің жүйесі түрінде болатынын айтуға болады.
СОЦИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ТҮРЛЕРІ
Социологиялық зерттеудің нақты түрі алға қойылған мақсаттың және міндеттердің сипатына байланысты, соған сәйкес социологиялық зерттеулердің үш негізгі түрі бар:
барлаушы;
сипаттаушы;
талдаушы.
Барлаушы зерттеу - социологиялық талдаудың ең қарапайым түрі, өзінің мазмұны бойынша өте шектелген міндеттерді шешеді; әдетте, ол шағын зерттелетін жиынтықты қамтиды және жеңілдетілген бағдарлама мен көлемі бойынша - әрбір зерттеу үшін арнайы әзірленетін бастапқы ақпаратты (сұхбат алатын бланк, жаппай немесе сараптамалық сауалнама, іріктеу жобалары, бастапқы ақпаратты математикалық талдау және т.с.с.) жинауға арналған құралдар пакеті түріндегі шағын әдістемелік құралға негізделеді. Социологиялық зерттеудің бұл түрі төмендегі жағдайларда қолданылуы мүмкін:
әдістемелік құралдары тексеру және оны түзету үшін терең және ауқымды зерттеулердің алдын ала кезеңінде;
зерттеу объектісі туралы «шамалайтын» мәліметтерді жинау үшін;
социологиялық зерттеу мәні аз зерттелгенде немесе мүлде зерттелмегенде, зерттеу мәні және объектісі туралы қосымша мәліметтер алу үшін, зерттеудің кейбір міндеттері мен гипотезаларын, сондай-ақ оның әдістемелік құралын нақтылау қажет болған жағдайда.
Барлаушы социологиялық зерттеуде, әдетте, қысқа мерзімде жүргізуге мүмкіндік беретін сұхбат немесе сауалнамалық сұрау, фокус-топтар әдісімен топтық сұхбат алу сияқты бастапқы ақпаратты жинау әдістері қолданылады.
Сипаттаушы зерттеу барлаушы зерттеуге қарағанда талдаудың күрделірек түрі болып табылады, себебі ол өзінің мақсаттары мен міндеттері бойынша зерттелетін объект, құбылыс туралы біршама біртұтас түсінік беретін тәжірибелік ақпаратты алуды көздейді. Бұл зерттеу түрі зерттеудің объектісі әр түрлі сипаттамалармен (қала, аудан, облыс, өңір және т.б. халқы) ерекшеленетін адамдардың біршама үлкен жиынтығы болғанда қолданылады.
Талдаушы зерттеу - талдаудың ең күрделі және терең түрі. Оның мақсаты зерттелетін құбылыстың құрылымдық элементтерін және берілген құбылыстың таралуы, динамикасы, тұрақтылығы/тұрақсыздығы негізіндегі себеп-салдарлық байланыстарын сипаттаудан құралады. Талдаушы зерттеу түрі зерттеу объектісіне әсер ететін факторлардың кешенін солардың ішіндегі негізгі және жанама, уақытша және тұрақты, айқын және латентті (жасырын), басқарылатын және басқарылмайтын түрлерін айқындап, қарастырады. Сондай зерттеудің бағдарламасы мұқият әзірленеді және ұзақ уақытты алады, себебі барлаушы немесе сипаттаушы зерттеуге жүгініп, зерттелетін құбылыстың жекелеген жақтары туралы алдын ала ақпаратты жинауды жиі талап етеді. Талдаушы зерттеу барысында бір-бірін толықтыратын социологиялық әдістердің кешені, сұраудың, құжаттарды талдаудың, қадағалаудың әр түрлі нысандары қолданылады.
Социологиялық тәжірибе талдаушы зерттеудің бір түрі болып табылады. Оның жүргізілуі зерттелетін объектінің жұмыс істеуінің қалыпты жағдайларын өзгерту арқылы арнайы тәжірибелік жағдайларды жасауды көздейді. Тәжірибе – нәтижелері тікелей тәжірибеге шығатын қандай да бір гипотезаларды тексеруді мақсат ететін әдіс.
Оның жүргізу логикасына қандай да бір тәжірибелік топты (топтарды) таңдау және оны өзгеше жағдайға салу (белгілі бір фактор әсер ететін) көмегімен зерттеушіні қызықтыратын сипаттамалардың өзгеру бағытын, шамасын және тұрақтылығын бақылау жатады.
Тәжірибелердің далалық және зертханалық, сызықтық және параллель деген түрлері бар. Тәжірибеге қатысушыларды іріктегенде, жұппен іріктеу немесе құрылымдық сәйкестендіру, сондай-ақ кездейсоқ іріктеу әдістерін қолданады.
Тәжірибені жоспарлауға және оның логикасына келесі рәсімдер қамтылады:
1) тәжірибелік және бақыланатын топтар ретінде пайдаланылатын объектіні таңдау;
2) қорытынды, факторлық және бейтарап белгілерді таңдау;
3) тәжірибе жағдайларын анықтау және тәжірибелік жағдайды құру;
4) гипозеталарды қалыптастыру және міндеттерді анықтау;
5) тәжірибе өтуінің индикаторларын және бақылау тәсілін таңдау.
2-тезис. Социологиялық зерттеулердің әдістері мен кезеңдері
Оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттары:
11.1.1.2 қоғамдық-гуманитарлық (социологиялық) зерттеулерде сандық және сапалық әдістерді қолдану;
11.1.1.3 қоғамдық-гуманитарлық (социологиялық) зерттеулерді жоспарлау;
11.1.1.4 шағын қоғамдық-гуманитарлық зерттеулерді жүргізу.
СОЦИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ӘДІСТЕРІ
Социологиялық зерттеулердің әдістері мыналарды қамтиды:
- ақпаратты жинау әдістері: қадағалау, сұрау, құжаттарды талдау, тәжірибе және т.б.;
- деректерді өңдеу және талдау әдістері: факторлық, латентті-құрылымдық, корреляциялық, регрессивтік, дисперсионды талдау, саралау, межеге бөлу, индекстеу және т.с.с.;
- теорияны құру әдістері: дедуктивті, индуктивті, салыстырмалы, себептік, құрылымдық-функционалдық, генетикалық, идеографиялық және т.б.
Социологиялық зерттеулердің кейбір әдістерінің сипаттамасы
Социологиялық сұрау зерттеудің ерекше социологиялық әдісі болып табылады, онсыз ешбір социологиялық зерттеу өтпейді. Бұл социологиялық тәжірибелік әдіс адамның көп бөлігінен ақпараттың шектелген көлемін жинауда теңдессіз және екі түрде қолданылуы мүмкін:
сауалнама алу, сұралатын тұлғаның өзі сауалнама алушының қатысуымен немесе қатысуынсыз сауалнаманы толтырады; тікелей және сырттай болуы мүмкін; сырттай сауалнама алу нысандары ішінде кеңінен таралғаны пошталық, сондай-ақ баспасөз (газет, журнал) арқылы сұрау болып табылады; сауалнама алудың маңызды артықшылығы жасырындылық қағидаты болып табылады, алайда оның өзі сауалнамашы (сұралушы) жауаптарының шынайылығына кепілдік бермейді, сондықтан да зерттеуші осы факторды алынған ақпаратты талдағанда ескеруі тиіс;
сұхбат алу, мұнда зерттеуші сұрақтарды өзі қойып, жауаптарды тіркейтін сұралатын тұлғамен жеке қарым-қатынасты білдіреді. Ол тікелей сұхбаттасу («бетпе-бет») не болмаса белгілі бір зат арқылы (мысалы, телефонмен сұхбаттасу) нысанында жүргізіледі. Сұхбат алу – мақсатқа сәйкес әңгімелесу, оның мақсаты - зерттеу бағдарламасымен көзделген сұрақтарға жауап алу болып табылады. Сұхбат алудың сауалнамалық сұраудан артықшылығы - сұралатын тұлғаның мәдениет деңгейін, оның интонациясымен берілетін сұрау тақырыбына және жекелеген мәселелерге қатынасын ескеру мүмкіндігі, сұралушының тұлғасын ескеріп, сұрақтардың құрылымын және алдыңғы жауаптарының мазмұнын икемді өзгерту, қажетті қосымша сұрақтарды қою мүмкіндігі.
Белгілі бір икемділікке қарамастан, сұхбат зерттеудің белгілі бір бағдарламасына және жоспарына сәйкес жүргізіледі, онда барлық негізгі сұрақтар мен қосымша сұрақтардың нұсқалары тіркеледі.
Сұхбат алудың келесі типтерін атап көрсетуге болады:
1) мазмұны бойынша (құжаттамалық, пікірлердің сұхбаты);
2) техникасы бойынша (еркін және стандартты);
3) өткізу рәсімі бойынша (қарқынды, шоғырландырылған).
Сұхбат алушының (зерттеушінің) сұрақтарына жауап беретін социологиялық сұрауға қатысушы сұхбаткер деп аталады.
Қолданбалы әлеуметтану әдістері жүйесінде жаппай сұраулар мен сараптамалық сұрау түрінде келтірілетін арнайы сұраулар болады.
Сараптамалық сұрау социологиялық сұраудың түрі ретінде тәжірибелік деңгейде зерттелетін саладағы мамандар пікірі негізінде алынған ақпараттың шынайылығын және объективтілігін тексеруге мүмкіндік береді.
Жаппай сұраулар адамдардың көп бөлігін сұрау қажет болған жағдайларда қолданылады. Жаппай сұраудағы ақпараттың негізгі көзі халықтың демографиялық, әлеуметтік-кәсіби, этникалық, діни және басқа топтары болып табылады.
Сұрау - социологиялық ақпаратты жинау:
1) зерттеушінің мазмұны тәжірибелік индикаторлар деңгейінде зерттелетін мәселені көрсететін сұрақтармен белгілі бір адамдар (сұхбаткерлер) жиынтығына ауызша немесе жазбаша өтінішін;
2) алынған жауаптардың тіркелуін және статистикалық өңделуін, олардың теориялық түсіндірілуін көздейді.
Әрбір орын алған жағдайда сұрау тікелей қатысушыға жүгінуді көздейді және үдерістің тікелей қадағалауына аздап жататын немесе мүлде қадағаланбайтын жақтарын көздейді. Социологиялық зерттеудің бұл әдісі аса қажет және кең таралған.
Сұхбаткерлермен жазбаша немесе ауызша қарым-қатынас жасау нысанына байланысты сұраудың негізгі түрлері сауалнама алу және сұхбат алу болып табылады. Олардың негізіне сұхбаткерлерге ұсынылатын сұрақтардың жиынтығын және бастапқы деректердің массивін құрайтын жауаптар жатады. Сұрақтар сұхбаткерлерге сауалнама немесе жауап алу парағы арқылы қойылады.
Сауалнамалық сұраулар қойылатын сұрақтардың мазмұны мен құрылымы бойынша жіктеледі. Сұхбаткерлер еркін нысанда жауап беретін ашық сұрақтар болады. Жабық жауап алу парағында жауаптардың барлық нұсқалары көзделген. Жартылай жабық сауалнамалар екі рәсімді де қамтиды.
Социологиялық сұрау дайындағанда және өткізгенде үш негізгі кезеңге бөледі.
Бірінші кезеңде сұраудың теориялық алғышарттары анықталады:
1) мақсаттары мен міндеттері;
2) мәселе;
3) объект және мәні;
4) бастапқы теориялық ұғымдардың операциялық анықтамасы, тәжірибелік индикаторларды табу.
Екінші кезең барысында іріктеме негізделеді, төмендегілер анықталады:
1) басты жиынтық (сұраудан алынған нәтижелерді қолдану көзделген халықтың таптары және топтары);
2) іріктеменің соңғы сатысында сұхбаткерлерді іздеу және іріктеу қағидалары.
Үшінші кезеңде сұрау парағы (сұраулық) негізделеді:
1) сұхбаткерлерге арналған сұрақтар түрінде зерттеу мәселесінің мазмұнды қайта таныстырылуы;
2) ізделген ақпараттың көзі ретінде сұралатын жиынтық мүмкіндіктеріне қатысты сұраулықтың негіздемесі;
3) сұрауды ұйымдастыру және жүргізу, сұхбаткермен байланыс орнату, жауаптарды тіркеу бойынша сауалнамашылар және сұхбат өткізушілер үшін қойылатын талаптарды және нұсқауларды стандарттау;
4) АКТ қолданып, нәтижелерді өңдеу үшін алдын ала жағдайларды қамтамасыз ету;
5) сұрауға қойылатын ұйымдастыру талаптарын қамтамасыз ету.
Бастапқы ақпарат көзіне (тасушысына) байланысты жаппай және маманданған сұраулар болады. Жаппай сұрауда ақпараттың негізгі көзі ретінде қызметі талдау мәнімен тікелей байланысты әр түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері болады. Жаппай сұрау қатысушыларын сұхбаткерлер деп атау қалыптасқан.
Маманданған сұрауларда ақпараттың басты көзі кәсіби немесе теориялық білімдері, өмірлік тәжірибесі беделді қорытындыларды жасауға мүмкіндік беретін құзыретті тұлғалар болады. Сондай сұраулардың қатысушылары зерттеушілерді қызықтыратын сұрақтар бойынша салмақты баға беруге қабілетті сарапшылар болып табылады. Бұдан әлеуметтануда кең таралған сұрау әдістерінің бірі - сараптамалық бағалау әдісі сияқты атауы шыққан.
Социологиялық бақылау қолданбалы әлеуметтанудың маңызды әдісі болып табылады және зерттеушінің зерттелетін құбылыс, объект қасиеттерін және ерекшеліктерін мақсатты жүйелі тіркеуін білдіреді. Қадағалау кезінде адамдардың жүріс-тұрыс ерекшеліктері зерттеледі, олар зерттеушімен қадағалау бланкінде немесе күнделігінде, фото және бейне түсірілімінде және т.с.с. тіркеледі; барлық түріндегі (тәжірибеге қатысушылардың жүріс-тұрысы, эмоциялары, мимикасы және т.с.с.) қадағалаудың бүкіл үдерісінің талдауын қамтитын бастапқы ақпарат жиналады. Қадағалау ғылыми әдіс ретінде психологияда және адамдардың жүріс-тұрысын зерттеуге маманданған әлеуметтік психологияда кеңінен қолданылады, сондай-ақ әлеуметтануда да аталмыш әдіс өзінің мәндік жолын тауып, әлеуметтік талдаудың көптеген сұрақтарын сәтті шешуге мүмкіндік береді. Қадағалау шынайы болмыс құбылыстарын мақсатты қабылдау болып табылады, соның барысында зерттеуші сыртқы тараптар, күйлер және зерттелетін объектілерге қатысты білімдерді алады. Осындай қадағалауларды тіркеу нысандары мен тәсілдері әр түрлі болуы мүмкін: қадағалау бланкі немесе күнделігі, фото-, кино- немесе телеаппарат және басқа техникалық құралдар. Қадағалаудың ақпаратты жинау әдісі ретінде ерекшелігі - зерттелетін объект туралы жан-жақты әсерді талдау мүмкіндігі.
Жүріс-тұрыс, мимика, қимылдар мен эмоцияларды білдіру сипатын тіркеу мүмкіндігі бар. Қадағалаулың екі негізгі типі бар: қамтылған және қамтылмаған.
Егер әлеуметтанушы адамдардың жүріс-тұрысын топтың қатысушысы ретінде зерттейтін болса, онда ол қамтылған қадағалауды (этнографиялық зерттеу) жүргізеді. Егер әлеуметтанушы жүріс-тұрысты сырттай зерттесе, онда ол қамтылмаған қадағалауды жүргізеді.
Қадағалаудың басты объектісі ретінде жекелеген адамдардың және әлеуметтік топтардың жүріс-тұрысы және солардың қызмет ету жағдайлары болуы мүмкін.
Контент-талдау дегеніміз - әлеуметтік ақпараттың кез келген түрін сандық талдау, атап айтқанда, құжаттардың - хаттамалардың, баяндамалардың, әр түрлі басылымдардың, хаттардың және т.с.с. талдауы. Бұл әлеуметтік-тәжірибелік әдіс әлеуметтік зерттеу нәтижесінде алынған сапалық талдау субъективтілігін азайтуға септігін тигізеді. Қазіргі кезде осы әдісті қолдану компьютерлік технологияларды кеңінен пайдаланумен байланысты. Құжаттарды талдау – бастапқы ақпаратты жинаудың кең қолданылатын әрі тиімді әдістерінің бірі.
Зерттеу мақсаты құжаттан талдау үшін маңызды және мәтіндік ақпараттың мазмұнын ашатын тақырыптың барын көрсететін индикаторларды іздеу болып табылады. Құжаттарды зерттеу белгілі бір құбылыстар мен үдерістердің өзгеру және даму үрдісі мен динамикасын анықтауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік ақпараттың көзі ретінде, әдетте, хаттамаларда, баяндамаларда, қарарларда, шешімдерде, басылымдарда, хаттарда және т.с.с. қамтылатын мәтіндік хабарламалар болады.
Көп жағдайда зерттелетін құбылыстың немесе үдерістің сипаттамалары және нақты-тарихи дамуы үшін пайдаланылатын әлеуметтік статистикалық ақпарат айрықша рөлді атқарады.
Біріктіруші сипат ақпараттың маңызды ерекшелігі болып табылады, бұл қандай да бір топқа біртұтас нәрсе ретінде қарауды білдіреді.
Ақпарат көздерін іріктеу зерттеу бағдарламасына байланысты, бұл ретте нақты немесе кездейсоқ іріктеу әдістері қолданылуы мүмкін.
Оның мынадай түрлері бар:
1) құжаттарды сырттай талдау, бұл кезде құжаттардың туындау жағдаяттары, олардың тарихи және әлеуметтік мәнмәтіні зерттеледі;
2) ішкі талдау, бұл кезде құжаттың мазмұны, дереккөздің мәтіні, куәландыратын нәрсенің бар болуы және құжатта хабарланған шынайы үдерістер мен құбылыстар зерттеледі.
Құжаттарды зерттеу сапалық (дәстүрлі) немесе нысандандырылған сапалық-сандық талдаумен (контент-талдаумен) жүргізіледі.
Қазіргі ақпараттық қоғам дамуының басты белгісі адамдарды, институттарды және мемлекеттерді өзара байланыстыратын желілер болып табылады. Әр түрлі дереккөздерден ақпаратқа қолжетімділікті, сондай-ақ сұхбаткерлермен электрондық өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін жаһандық іздеу жүйелері және электрондық пошта сияқты ақпаратты өңдеу және өңделудің жаңа құралдары пайдаланылады. Онлайн-сұрауларды қолдану сондай тәсілмен алынған деректердің көрнекілігін талдауды талап етеді, себебі ғаламтор желісі арқылы алынған ақпараттың шынайылығы, сондай-ақ онлайн-сұрау барысында ақпаратты жинау рәсімі туралы сұрақтарды тудырады.
Зерттеудің бір мәні социологиялық талдауға бірнеше рет ұшырауы мүмкін, соның арқасында оның қозғалыстағы дамуына бақылау жасауға болады. Осыған байланысты нүктелік және қайта зерттеуді ажыратады.
Нүктелік (бір реттік) зерттеу зерттелетін объект туралы оны зерттеу сәтіндегі ақпаратпен қамтамасыз етеді, бірақ оның өзгеру динамикасы және даму үрдісі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.
Қайта зерттеу зерттелетін құбылыс, объект туралы ақпаратты жинау және оны зерттелетін объект динамикасын анықтау үшін салыстыру мақсатында бірыңғай бағдарламалар мен әдістемелік құрал негізінде нақты уақыт аралығынан соң белгілі бір уақыт бойы жүргізеді. Бұл ретте қайта зерттеуде зерттеліп таңдалатын жиынтықпен (сұхбаткерлердің жиынтығы) байланысты өзінің ерекшеліктері бар.
Егер бірнеше зерттеу бойы олардың қатысушылары бірыңғай тұлғалар (сұхбаткерлер) болса, онда мұндай зерттеу панельді деп аталады.
