- •Isbn 9965–511-54-3 © Өміржанов е.Т., 2009
- •Негізгі бөлім. Мемлекет пен құқық туралы негізгі ұғымдар
- •1 Тақырып. Мемлекет туралы негізі түсініктер
- •2 Тақырып. Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер
- •Ерекше бөлім. Қазақстандық құқық жүйесінің негізгі құқық салаларына сипаттамалар
- •3 Тақырып. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері
- •4 Тақырып. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары және сот
- •5 Тақырып. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару
- •6 Тақырып. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығының негіздері
- •7 Тақырып. Қазақстан Республикасының азаматтық және отбасы құқығының негіздері
- •8 Тақырып. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы
- •9 Тақырып. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы
- •9.1. Еңбек құқығының түсінігі, пәні мен әдісі, қағидалары мен жүйесі.
- •10 Тақырып. Экология және жер құқығы негіздері
- •11 Тақырып. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы
- •12 Тақырып. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы
- •Семинар сабақтарында өтетін тақырыптар тізімі
- •Студенттің өзіндік жұмысына арналған тапсырмалар
7 Тақырып. Қазақстан Республикасының азаматтық және отбасы құқығының негіздері
7.1. Азаттық құқықтың түсінігі және азаматтық-құқықтық қатынастар
7.2. Мәмілелер және азаматтық құқықтық қатынастардың пайда болуының өзге де негіздері
7.3. Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар
7.4. Міндеттемелік құқықтық қатынастар
7.5. Интеллектуалдық меншік құқығы
7.6. Отбасы құқығының институттары
Азаматтық құқық дегеніміз – заңды тұлғалар арасындағы, заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар арасындағы, жеке тұлғалар арасындағы теңдік, еріктілік, мүліктік дербестік және дербес бастамашылдық қағидалары негізінде орын алатын мүліктік және оған байланысты мүліктік емес қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы. Азаматтық құқықтың пәнін тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес қатынастар мен мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес қатынастар құрайды.
Азаматтық құқықтың нормаларының талаптарына сәйкес туындайтын және сол нормаларға тәуелді болатын тараптар арасындағы қатынастар азаматтық құқықтық қатынастар деп аталады. Азаматтық құқықтық қатынастардың құрамына келесідей элементтер кіреді: субъектілер, мазмұны және объектілер. Азаматтық құқықтық қатынас субъектілері болып жеке тұлға, заңды тұлға, әкімшілік-аумақтық бөліністер және мемлекет танылады. Азаматтық құқықтық қатынас мазмұнын сол қатынасқа түсуші тараптардың құқықтары мен міндеттері құрайды. Ал, қатынастар неге бағытталса, сол нәрсе оның объектісі болып танылады.
Азаматтық құқықта жеке тұлғаның құқық қабілеттілігі туғаннан басталады және адамның өлімімен аяқталады. Әрекет қабілеттілігі он сегіз жастан пайда болады. Ішінара әрекет қабілеттілігі он төрт пен он сегіз жас аралығында туындайды. Бұл жас аралығында кәмелетке толмағандар өз әрекетінің кейбірін өз бетімен, ата-анасының, асырап алушылар мен қамқоршылардың келісімінсіз жасайды, кейбірін аталмыш тұлғалардың рұқсат берген жазбаша хаты негізінде жасайды. Қорғаншы өзінің әрекеттерімен қорғауындағыға құқық және міндет еншілей отырып, әрекет қабілеттігі жоқ адамның орнына өзі әрекет жасайды. Қорғаншы сотпен әрекет қабілеттігі жоқ деп танылған адамдарға және он төртке толмаған жасөспірімдерге тағайындалады. Қамқоршы ішінара әрекет қабілеттілігі бар адамдарға өздерінің міндеттерін орындағанда көмектесіп, бақылауына алады, сонымен қатар, оларды үшінші жақтардан болатын қиянаттардан қорғап жүреді. Қамқоршы сотпен мүгедек адамдарға, он төрт пен он сегіз жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға, сот әрекет қабілеттігін шектеген адамдарға тағайындалады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, жеке тұлға 18 жасқа толуымен, үйлену не тұрмысқа шығуына байланысты 18 жасқа дейін не эмансипация арқылы әрекет қабілеттілігіне ие болуы мүмкін. Сонымен бірге толық әрекет қабілетті болуға тек жас мөлшері ғана емес, тұлғаның психикалық хал-ахуалы да ықпал етеді. Сондықтан тұлға жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін болса, онда сот оны әрекет қабілеттілігі жоқ деп тануы мүмкін. Әрекет қабілеттілігі жоқ деп тану тәртібі Азаматтық іс жүргізу кодексімен реттелген. Азаматтың әрекет қабілеттілігі жоқтығы туралы шешім шығару барысында сот екі негізді басшылыққа алады.
Медициналық – жүйке ауруының не ақыл-есінің кемдігінің болуы;
Психологиялық - өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін болуы.
Жүйке ауруы не ақыл-есінің кемдігі сот-психиатриялық сараптамасы мен дәлелденуі тиіс. Әрекетке қабілетсіз деп танылған азамат келтірген зиянды оның қорғаншысы өтейді. Егер, қорғаншысы қайтыс болса не оның зиянды өтеу үшін жеткілікті қаражаты болмаса, ал зиян келтірушінің өзінде мұндай қаражат болса, сот зиян келтірушінің мүлкі есебінен толық немесе ішінара өтеу туралы шешім қабылдауға құқылы (Азаматтық кодекстің 928 баб). Әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған азамат ешбір мәміле жасай алмайды. Оның атынан мәмілені қорғаншысы жасай алады. Тұлғаны әрекет қабілеттілігі жоқ деп тану түпкілікті, өзгертуге жатпайтын шешім емес. Егер адам сауықса не денсаулығы едәуір жақсарып кетсе, онда сот тұлғаны әрекетке қабілетті деп танып, қорғанғаншылықты алып тастайды.
Спирт ішімдіктеріне не есірткі заттарына салыну салдарынан, өзінің отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабілеттілігін сот азаматтық іс жүргізу кодексінде бекітілген тәртіп бойынша шектеулі деп тануы мүмкін. Әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану үшін екі негіз қажет:
спирт ішімдіктеріне не есірткі заттарына салынуы;
осының салдарынан отбасын ауыр материалдық жағдайда қалдыру.
Егер, тұлға жалғыз өзі тұратын болса және тек өзін ғана ауыр материалдық жағдайға әкелетін болса, онда ол адамды әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тани алмаймыз. Әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматқа қамқоршылық тағайындалады. Мұндай шара қолданудағы көзделетін мақсат тұлғаның өзінің және оның жанұясының мүліктік құқықтарын қорғау болып табылады.
Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтарға ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуы тиіс, сонымен қатар, оның өз атауы жазылған мөрі болады. Заңды тұлғалар коммерциялық және коммерциялық емес болып екіге бөлінеді. Қызметінің басты мақсаты пайда табу болатын ұйымды коммерциялық заңды тұлға деп атаймыз. Коммерциялық емес заңды тұлға - мекеме, қоғамдық бірлестік, акционерлік қоғам, тұтыну кооперативі, қор, діни бірлестік, қауымдастық нысанында құрылып, өзінің басты мақсаты ретінде пайда табу емес, өзге қоғамға пайдалы қызмет түрлерімен айналысуды көздейтін ұйым.
Мәміле дегеніміз - азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе толықтыруға бағытталған әрекеттері. Мәміле тараптардың еркі мен ерік білдіруі негізінде жасалынады. Ерік білдіру ауызша, жазбаша, конклюденттік және үндемей қалу жолымен жүзеге асырылады. Мәміле жасауға деген тұлғаның ішкі ниетін, қалауын білдіретін әрекеттер конклюденттік әрекеттер деп аталады. Мысалы, конклюденттік әрекетке мұрагердің мұраға қалдырылған мүлікті іс жүзінде иеленуге кірісуін не оған билік етуін, не оның осы мүлікке құқықтарын куәландыратын құжаттарды алуға өтініш жасауын жатқызуға болады. Осы әрекеттерді жасау арқылы мұрагер мұрадан бас тарту құқығынан айырылады. Мәмілелердің мынадай түрлері бар: а) бір жақты және екі немесе көп жақты; ә) ақылы және ақысыз; б) нақты және консенсуалды; в) казуалды және абстрактылы; г) шартпен жасалған; д) биржалық.
Біржақты мәміле дегеніміз – заңдарға немесе тараптардың келісіміне сәйкес жасалуы үшін бір тараптың ерік білдіруі қажет және сол жеткілікті болатын мәміле (мысалы, өсиет). Шарт жасасу үшін екі не үш, болмаса одан да көп тараптың келісілген ерік білдіруі керек. Тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алса немесе тараптар бір-біріне бір нәрсе беруі керек болса бұл ақылы мәміле болып табылады. Бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған мәміле ақысыз болып есептеледі. Консенсуалды мәмілелер бойынша келісімге келген сәттен бастап тараптардың құқықтары мен міндеттері туындайды. Нақты мәмілені жүзеге асыру үшін келісім жеткіліксіз, оған қоса затты тапсыру қажет. Шартпен жасалған мәмілелер қандай да бір жағдайға тәуелді болып келеді, шарт ретінде көзделген жағдай туындауы да туындамауы да мүмкін. Казуалды мәміле белгілі бір негізге байланысты туындайтындықтан, сол негізге тәуелді болып келеді. Мәміле негізінің жойылуы осы мәміленің жарамсыздығына алып келеді. Абстрактілі мәміледе мәміленің негізі есепке алынбайды, мұнда мәміле жасаушының сол мәмілені жасауға түпкілікті еркі басшылыққа алынады. Азаматтық кодекстің 156 бабына сәйкес нысаны биржадағы айналысқа жіберілген мүлік болып табылатын және тиісті биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелеріне сәйкес онымен сауда-саттық жүргізуге қатысушылармен жасалатын мәмілелер биржалық мәмілелер болып табылады.
Меншіктену материалдық игіліктерді – табиғат өнімдері мен еңбекті меншіктенуді, иеленуді білдіреді. Меншік құқығы дегеніміз – субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы. Иелену құқығы мүлікті нақты иелену мүмкіндігін заң жағынан толықтай қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Ол меншік иесіне затқа іс жүзінде үстемдік етуге мүмкіндік беріп, затты пайдалану үшін маңызды алғышарт жасайды.
Пайдалану құқығы дегеніміз – мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарда болуы мүмкін.
Билік ету құқығы дегеніміз – мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі.
Елімізде меншік мемлекеттік және жеке нысанда танылады және меншік субъектілері жеке және заңды тұлғалар, мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер бола алады. Меншік құқығының мерзімі шектеусіз. Меншік құқығы кәсіпкерлік айналымға қатысушының жасайтын әрбір әрекетінің экономикалық негізінде жататын өте маңызды азаматтық субъективтік құқық болып табылады. Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез-келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз өкілеттігін тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы. Алайда, меншік иесінің өз мүлкіне деген абсолюттік басымдылығы шексіз емес. Мысалы, заңгерлерге мына қағида жақсы таныс: «Адам құқығы өз мұрнының ұшында аяқталып, одан әрі келесі адамның құқығы басталады».
Міндеттемеге сәйкес бір адам (борышқор) басқа адамның (несие берушінің) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және тағы басқа белгілі бір әрекеттер жасауға не белгілі бір әрекет жасаудан тартынуға міндетті, ал несие беруші борышқордан өз міндетерін орындауды талап етуге құқылы. Несие беруші борышқордан атқарылғанды қабылдауға міндетті. Мұндағы талап ету (белсенді жағы) мен міндеттеме (бәсең жағы) несие беруші мен борышқорға өзара жауапкершілік жүктейтін екі жақты құқықтық қатынасқа жатады. Міндеттемелік қатынас субъектілері борышқор мен несие беруші болып табылады. Борышқор – белгілі бір әрекетті жүзеге асыруға міндетті немесе одан түрлі себептерге байланысты бас тарта тұратын жақ, ал, несие беруші – борышқордан мойнындағы міндетін орындауды талап ететін жақ.
Міндеттеменің мазмұнын оған қатысушы несие беруші мен борышқордың субъективтік құқықтары мен міндеттері құрайды. Міндеттемелер айқындалған, факультативтік және баламалық мазмұнымен ерекшеленеді. Айқындаған мазмұндағы міндеттемеде борышқордың жасайтын әрекеттерінің сипаты біржақты бекітіледі. Мұндай әрекеттерді басқасымен ауыстыру әр жақтың келісімімен ғана болады, әйтпесе міндеттемені борышқордың бұзғаны деп бағаланады. Факультативтік мазмұндағы міндеттемеде борышқордың белгілі бір әрекеттерді жасау міндеті бекітіледі, ал бұл мүмкін болмаған жағдайда басқа әрекет қолға алынады. Факультативтік міндеттемеде бастапқы ойға алынған нәрсе жүзеге асырылмаса, әрекет тоқтатылмайды, қайта жаңа мазмұндағы іс жалғасын табады. Балама мазмұндағы міндеттемеде борышқордың екі немесе одан да көп әрекеттерді тең дәрежеде жүзеге асыру мүмкіндігі белгіленеді.
Құқықтық қатынастарға сәйкес міндеттеме заңмен қорғалады. Борышқор өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда оған мемлекет тарапынан мәжбүр ету шарасы қолданылуы мүмкін.
Міндеттеменің пайда болу негіздері шарттан, зиян келтіруден және өзге де жағдайлардан тұрады. Шарт негізінде пайда болатын міндеттемелер өте жиі кездеседі (сатып алу-сату, тасымалдау, сақтандыру және т.б.) Шарттан тыс міндеттемелер тараптар келісіміне сәйкес туындамайды, керісінше азаматтың жеке басына немесе мүлкіне жасалған зиян негізінде туындайды.
Шарт дегеніміз – екі немесе одан да көп тұлғаның азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі.
Тұлғаның өз санасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып әртүрлі сипаттағы интеллектуалдық нәтижелерге қол жеткізуі осы объектілерге қатысты жаңа азаматтық-құқықтық қатынастардың туындауына негіз болады. Интеллектуалдық меншік құқығының объектілеріне келесі игіліктер жатады:
а) интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелері;
б) азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді көрсетулерді дараландыру құралдары жатады.
Интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелері:
ғылым, әдебиет және өнер туындылары;
эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының орындаушылығы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарлары;
өнертабыс, пайдалы үлгілер, өндірістік үлгілер;
селекциялық жетістіктер;
интегралдық микросызба топологиялары;
өзге де интеллектуалдық қызмет нәтижелері.Мысалы: қазіргі кезде Алматыда пираттық жолмен өндірілген фильмдерді сатушылармен күрес жүргізілуде. Өйткені олар сол фильмді өндірушілердің интеллектуалдық меншік құқығына қол сұғып отыр.
Азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді көрсетулерді дараландыру құралдары:
фирмалық атаулар;
тауарлық белгілер;
тауарлар шығарылатын жердің атауы.
Интеллектуалдық меншік объектілеріне құқық оларды құру фактісінің күшімен не азаматтық кодексте немесе өзге де заң актілерінде көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша уәкілетті мемлекеттік органның құқықтық қорғауды беруі нәтижесінен туындайды.
Отбасы құқығы деп некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы қатынастарын реттейтін құқық саласын айтады.
Анықтама бойынша, отбасы отбасылық қатынастардан туындайтындығын көре аламыз. Бұлар жұбайлар арасындағы қатынастар, ата-аналары мен балалары арасындағы және басқа да жақын туыстары арасындағы қатынас.
Отбасылық қатынастар мүліктік және мүліктік емес сипатты құрайды. Мүліктік емес қатынастар құрамына отбасы өміріндегі теңдігі, тәуелсіздігі, жеке бостандығы және бала тәрбиелеудегі ата-аналардың еркі мен теңдігі жатады. Мәселен, «Неке және отбасы туралы» заңның 29 бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың жеке құқықтары мен міндеттері жөнінде: олардың тең құқықты пайдаланатындығы және тең міндеттер атқаратындығы атап көрсетіледі. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерді таңдауда ерікті. Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді. Олардың отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өз балаларының денсаулығына, өсіп жетілуіне және олардың әл-ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға міндеттері заңда көрсетілген. Мүліктік игіліктер мен құқықтардың құрамына ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншіктері, жақын туыстары арасындағы материалдық көмектер: балалары мен кейбір отбасы мүшелерін асырауына қажетті қаражат көздері кіреді.
Отбасы құқығының жүйесі отбасылық қатынастарды ғылыми түрде салаларға бөліп қараудан туындайды. Оның әр саласы зерттеу тақырыбы институтын құрайды. Олар:
Жалпы ережелер: отбасы құқығының түсінігі, пәні, жүйесі және әдісі; отбасылық құқықтық қатынастар және қайнар көздер;
Неке: неке шарттары мен тәртіптері, некені тоқтату; некенің жарамсыздығы; ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері;
Отбасы;
Қорғаншылық және қамқоршылық;
Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары;
Азаматтық хал актілер;
Неке отбасы заңдары нормаларының шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылуы.
Неке - ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одағы.
Отбасылық заңнама келесі шарттар мен тәртіптерді реттейді:
- некеге тұру;
- некені тоқтату;
- некені жарамсыз деп тану.
Некені қию, некені бұзу және оны жарамсыз деп тану азаматтық хал актілерін жазатын мемлекеттік органдар (АХАЖ) арқылы тіркеледі. Некесін тіркегісі келетін адамдар арыз берушінің біреуі тұратын жердегі не өздерінің ата-аналары тұратын жердегі АХАЖ органына арыз береді. Некені қию некеге тұруға тілек білдірушілер АХАЖ органына арыз берген күннен бастап 1 ай мерзім өткен соң жүргізіледі.
Дәлелді себептер болған жағдайда неке қиюды мемлекеттік тіркеу орны бойынша АХАЖ органы 1 ай өткенге дейін неке қиюға, сондай-ақ осы мерзімді ұзартуға, бірақ 1 айдан аспайтын мерзімге ұзартуға рұхсат етіледі.
Ерекше мән-жайлар болған кезде неке өтініш берілген күні қиылуы мүмкін, олар:
- жүктілік;
- бала тууы;
- бір тараптың өміріне тікелей қауіп төнуі;
Некені тіркеуден өткізгеннен кейін ерлі-зайыптыларға неке туралы куәлік беріледі.
Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:
1. Азаматтық құқықтық қатынастардың ерекшеліктері қандай?
2. Мәміленің түрлері қандай?
3. Меншік құқығының пайда болу және тоқтатылу негіздері қандай?
4. Келісім-шарттың түсінігі мен түрлерін атаңыз?
5. Авторлық құқық туралы не білесіз?
6. Некеге тұрудың шарттары қандай?
