- •Isbn 9965–511-54-3 © Өміржанов е.Т., 2009
- •Негізгі бөлім. Мемлекет пен құқық туралы негізгі ұғымдар
- •1 Тақырып. Мемлекет туралы негізі түсініктер
- •2 Тақырып. Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер
- •Ерекше бөлім. Қазақстандық құқық жүйесінің негізгі құқық салаларына сипаттамалар
- •3 Тақырып. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері
- •4 Тақырып. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары және сот
- •5 Тақырып. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару
- •6 Тақырып. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығының негіздері
- •7 Тақырып. Қазақстан Республикасының азаматтық және отбасы құқығының негіздері
- •8 Тақырып. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы
- •9 Тақырып. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы
- •9.1. Еңбек құқығының түсінігі, пәні мен әдісі, қағидалары мен жүйесі.
- •10 Тақырып. Экология және жер құқығы негіздері
- •11 Тақырып. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы
- •12 Тақырып. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы
- •Семинар сабақтарында өтетін тақырыптар тізімі
- •Студенттің өзіндік жұмысына арналған тапсырмалар
2 Тақырып. Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер
2.1. Құқық және құқықтық құбылыстар туралы түсініктер
2.2. Құқықтың қайнар-көздері
2.3. Құқық жүйесі
2.4. Құқық нормасы және оның құрылымы
2.5.Құқықтық қатынастар
2.6. Құқық бұзушылық және заңды жауапкершілік
Мемлекет пен құқықтың пайда болуына адамзат қоғамының дамуы нәтижесінде туындаған объективтік қажеттіліктер өз әсерін тигізді. Алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық катынастарының күрделенуі, содан туындайтын шиеленістер мен қайшылықтар, қосымша өнімдердің жеке, арнайы отбасылардың қолдарында шоғырлануы, байлар мен кедейлер арасындағы күрестер мен қақтығыстар, рулар мен тайпалар арасындағы тауар айналымдарының күшеюі әдет-ғұрып нормаларының реттеу функцияларының әлсіз, дәрменсіз болғанын көрсетті. Бұл өз кезегінде жаңа қалыптасып келе жатқан әлеуметтік қатынастарды реттейтін әлеуметтік нормалар қалыптастыру қажеттігін туындатты. Ондай норма құқық еді.
Құқық негізінде үш жолмен пайда болады.
Біріншіден, алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық қатынастарды реттейтін әдет-ғұрып нормаларын жаңа пайда болған мемлекет бекітіп, содан кейінгі уақытта ол күшпен қамтамасыз етілді.
Екіншіден, шиеленістердің нәтижесіндегі себептерден пайда болған мемлекет өз тарапынан жаңа қалыптасып келе жаткан қатынастарды реттеу мақсатында құқық жасаушылық арқылы заң және басқа да нормативтік-құқықтық кесімдерді шығара бастайды. Әдет-ғұрып нормаларынан басқа да құқық нормалары пайда болады.
Үшіншіден, жаңа қалыптасып, пайда болған сот органдарының дауларды қарау барысында шығарған шешімдері мен үкімдері болашақта қаралатын осындай ұқсас істерге үлгі болып, құқық нормалары ретінде пайдаланылды.
Құқықтың өзіне тән мынандай нышандары бар:
1. Кұкық мемлекет тарапынан норма ретінде бекітіледі және өзгертіледі.
2. Құкық қоғамдық катынастарға түскен барлық субъектілерге қатысты тең қолданылады.
3. Құқық формальды - айқын болып сипатталады, яғни мемлекет тарапынан мойындалып, нормативтік-құқықтық кесім, сот прецеденті және бекітілген әдет-ғұрып формалары арқылы қоғамдық катынастарды реттейді.
4. Құқық бүкіл халықтың, ұлттардың, партиялардың, әлеуметтік топтардың және жеке адамдардың еріктерін білдіреді.
5. Құқық өзінің ішкі құрылымымен, жеке салалар мен институттарға бөліну арқылы бір-бірімен үйлесімді сипаттағы жүйені құрайды.
6. Құқық мемлекеттің күшімен камтамасыз етіледі. Мемлекет басқару,билік жүргізу барысында құқықтық қатынастарға түскен субъектілер құқық нормалары бекіткен мінез-құлықтарды өз еріктерімен орындамаған жағдайда, күш қолдану арқылы оларды мәжбүрлей алады.
Құқық дегеніміз - адамдардың жүріс-тұрыстарын реттеу мақсатында мемлекет тарапынан қабылданып, орындалуын мемлекеттің өзі қадағалап отыратын барлық заңдар мен өзге де нормативтік актілердің жиынтығы.
Құқықтың өмір сүруін, жасалуы мен өзгеріске ұшырауын тануға бағытталған мемлекет еркінің көрінісін құқықтың қайнар-көздері деп түсінеміз. Құқықтың қайнар-көзі ретінде құқықтық әдет-ғұрыпты, құқықтық прецедентті, келісім-шартты, заңдар мен заңға сәйкес актілерді танимыз.
Құқықтық әдет-ғұрып – тұрақты қайталануына байланысты тарихи қалыптасып, мемлекет тарапынан міндетті деп танылған жүріс-тұрыс ережелері.
Құқықтық прецедент – болашақта туындауы мүмкін ұқсас дауларға негіз болып табылуы үшін оған мемлекет тарапынан міндеттілік сипат берілетін нақты бір іс бойынша қабылданған шешім.
Келісім-шарт дегеніміз – мемлекет тарапынан қолдауға ие болатын, екі немесе одан да көп қоғамдық қатынас қатысушыларының нақты мәселеге қатысты өзіндік ерік білдіруін нақтылайтын акт.
Заң – қоғам өмірін реттеуге байланысты мемлекеттің еркін білдіретін, арнайы белгіленген тәртіп негізінде қабылданатын жоғарғы заңдық күшке ие нормативтік құқықтық акт.
Заңға сәйкес акт – заңға сәйкес және заң негізінде сол заңның орындалуы үшін немесе заңның мәнін айқындау, түсіндіру үшін қабылданған құқықтық актілердің бір түрі.
Құқық жүйесі дегеніміз – нақты бір мемлекетте қалыптасқан құқықтық актілердің реттеу объектісіне байланысты топтастырылып, құқық саласынан, институтынан және нормасынан құралған жүйе.
Құқық саласы – сипатына қарай ұқсас қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының үлкен тобы. Құқық салалары конституциялық құқық, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, отбасы құқығы, қаржылық құқық, еңбек құқығы және т.б. болып бөлінеді.
Құқық институты – нақты бір құқық саласы құрамында біртекті қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған құқық нормаларының тобы. Құқық институты сайлау институты, меншік институты, мұрагерік институты және т.б. болып бөлінеді.
Құқық нормасы дегеніміз – қоғамдық қатынас қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін нақтылайтын, мемлекет тарапынан танылып, қамтамасыз етілетін, жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережелері. Құқық нормасы құрамы бойынша үш элементтен тұрады: гипотеза, диспозиция және санкция.
Гипотеза норманың жүзеге асырылуы үшін қажет жағдайларды көрсетеді.
Диспозиция мемлекет қамтамасыз ететін құқықтар мен міндеттерді, яғни қажетті жүріс-тұрыстың мазмұнын көрсетеді.
Санкция диспозицияда көзделген жүріс-тұрыс ережелерін сақтамаған немесе бұзған жағдайда көзделетін жазалау шараларын қамтиды.
Мемлекет өз тарапынан қоғамдық қатынас қатысушыларынан заңдар мен заңға сәйкес актілердің мазмұнында көзделген талаптарды бұлжытпай орындауды талап етеді, мұндай талаптардың жиынтығын заңдылық деп атаймыз.
Құқықтық қатынастар дегеніміз – құқық нормалары негізінде пайда болатын, өзара байланысты құқықтар мен міндеттерге ие болатын қоғамдық қатынас субъектілері арасында туындайтын айрықша қатынастар. Құқықтық қатынастардың құрамын құқықтық қатынас субъектісі, құқықтық қатынас мазмұны және құқықтық қатынас объектісі құрайды.
Жеке тұлғалар (азаматтар, шет ел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар), заңды тұлғалар (коммерциялық немесе коммерциялық емес), мемлекеттің әкімшілік-аумақтық бөлігі және мемлекеттің өзі де құқықтық қатынас субъектісі бола алады.
Құқықтық қатынастың мазмұнын сол қатынасқа түсуші субъектілердің құқықтары мен міндеттері құрайды.
Құқықтық қатынастың объектісі құқықтық қатынас субъектілерінің субъективтік құқықтары мен міндеттерінің неге бағытталғанын көрсетеді.
Құқықтық қатынастардың пайда болуының, өзгеріске ұшырауының немесе тоқтатылуының негізі болып табылатын жайларды заңдық фактілер деп атаймыз. Заңдық фактілер әрекет және оқиға болып екіге бөлінеді. Нақты бір жағдайда құқық субъектісінің саналы түрде бір әрекетті жүзеге асыруын әрекет деп айтамыз. Кей кездері құқықтық қатынастың туындауына тұлғаның әрекетсіздігі де себеп бола алады. Адам еркіне бағынбайтын, табиғи немесе техногендік жағдайларды оқиға деп атаймыз. Оқиғаға мысал ретінде жер сілкінісін, су тасқынын, өндірістік аварияларды және т.б. келтіре кетуге болады.
Тұлғаның әрекеттері тек заңға сәйкес бола бермейді, ол кей кездері заңға қайшы іс-әрекеттерді де жасауы мүмкін, мұны біз құқық бұзушылық деп түсінеміз. Құқық бұзушылық дегеніміз – тұлғаның қоғамның, мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін құқыққа қайшы, қоғамға қауіпті және кінәлі әрекеті. Құқық бұзушылық қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай теріс қылық және қылмыс болып екіге бөлінеді. Теріс қылық – қоғамға келтіретін зияны қылмысқа қарағанда аз, бірақ, қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында орын алып, белгілі бір кері салдар тудыратын құқыққа қайшы әрекет. Теріс қылықтың азаматтық, тәртіптік және әкімшілік сияқты түрлерін атап өтуге болады. Сонымен қатар, процессуалдық теріс қылықтар туралы айта кетуге болады. Процессуалдық теріс қылыққа мысалы, тергеушінің кәмелетке толмағандармен тергеу амалдарын жүргізу тәртібін бұзуын, куәнің сотқа келмей қалуын, дәлелдемелер жинау тәртібін бұзуды және т.б. жатқыза аламыз.
Тәртіптік теріс қылықтарға мекемелермен, кәсіпорындармен, басқа да заңды тұлғалармен еңбектік құқықтық қатынастарға түсуші субъектілердің еңбек кодексінің немесе ішкі тәртіп ережелерінің нормаларын орындамауын немесе бұзуын жатқызамыз.
Азаматтық теріс қылықтарға жеке немесе заңды тұлғалардың жасалған келісім-шарт негізінен туындайтын міндеттемелерді орындамауын және адам өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтірумен байланысты әрекеттерді немесе әрекетсіздіктерді жатқызамыз.
Әкімшілік теріс қылық деп әкімшілік, қаржылық, салық, жер құқығы нормаларында көзделген, мемлекеттік басқаруға, меншікке, азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне байланысты қатынастарды бұзуды айтамыз.
Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 9 бабына сәйкес, қылмыс дегеніміз – қылмыстық кодекс нормаларында жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты, қоғамға қауіпті әрекет ( іс-әрекет немесе әрекетсіздік).
Құқық бұзушылық үшін заңды жауапкершілікке тартуға негіз болатын міндетті белгілердің тобын құқық бұзушылықтың заңды құрамы деп атайды. Құқық бұзушылықтың заңды құрамын объект, объективтік жақ және субъект, субъективтік жақ құрайды.
Құқық бұзушылықтың объектісі нақты құқық бұзушылықтың неге бағытталғанын көрсетеді. Мемлекет, қоғам мен жеке тұлға үшін құнды игіліктер объект ретінде танылады.
Құқық бұзушылықтың объективтік жағын оның сыртқы көрінісін сипаттайтын белгілердің жиынтығы құрайды. Оларға: әрекет немесе әрекетсіздік, зиянды салдар мен әрекеттің (әрекетсіздік) арасындағы себепті байланыс, құқық бұзушылық жасалған орын, уақыт, құралдар және т.б. жатады.
Құқық бұзушылықтың субъектісі - құқыққа қайшы әрекетті немесе әрекетсіздікті жасаған құқық және әрекет қабілеттілігі бар жеке тұлға немесе заңды тұлға.
Тұлғаның құқық қабілеттілігі – оның нақты құқықтық қатынасқа түскенде құқықтар мен міндеттерге ие бола алу қабілеті. Құқық қабілеттілігі адамда туылған кезде пайда болады.
Тұлғаның әрекет қабілеттілігі – тұлғаның белсенді әрекет арқылы өзіне тиесілі құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыруы. Әрекет қабілеттілігі адамда он сегіз жастан бастап пайда болады.
Құқық бұзушылықтың субъективтік жағы – бұл тұлғаның өз әрекетіне және оның салдарына деген субъективтік қатынасын сипаттайтын белгілердің жиынтығы. Субъективтік жақтың негізін кінә, мақсат, себеп құрайды. Кінә дегеніміз – тұлғаның өзі жасаған құқыққа қайшы әрекет немесе әрекетсіздікке психологиялық қатынасы. Кінәнің екі түрі болады: қасақаналық және абайсыздық. Қасақаналық дегеніміз – тұлғаның өз әрекет немесе әрекетсіздігінің қоғамға қауіпті және зиянды екенін біліп, оның тудыратын зиянды салдарынының мәнін түсіне отырып, оның туындауын тілеп әрекет жасауы немесе оның туындауына саналы түрде жол беруі. Қасақаналық тікелей және жанама болып екіге бөлінеді.
Абайсыздық деп тұлғаның зиянды салдардың туындауын тілемесе де өз ісіне немқұрайлылықпен қарауының немесе менменсінудің негізінде қылмыс жасауын айтамыз. Абайсыздықтың екі нысаны болады: немқұрайлылық және менмендік.
Кез-келген құқық бұзушылық үшін мемлекет кінәліні жауапқа тартады. Құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға заңнамамен көзделген мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын белгілі бір іс жүргізушілік тәртіпте қолдану заңды жауапкершілік деп аталады. Заңды жауапкершілік қылмыстық, әкімшілік, азаматтық, тәртіптік, материалдық болып бөлінеді. Тұлғаны жасаған қылмысы үшін тек мемлекет қана жауапкершілікке тарта алады.
Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:
Құқық пен мемлекеттің ара қатынасы қандай?
Құқықтық норманың элементтерінің өзгешеліктерін атаңыз?
Заңға сәйкес актілер деген не?
Құқық бұзушылықтың субъективтік жағын не құрайды?
Әрекет пен әрекетсіздіктің айырмашылығы және заңды жауапкершілікті туындату негіздері қандай?
Теріс қылықтардың қандай түрлерін білесіз?
