Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Өміржанов Е.Т..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
681.47 Кб
Скачать

Ерекше бөлім. Қазақстандық құқық жүйесінің негізгі құқық салаларына сипаттамалар

3 Тақырып. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері

3.1. Конституциялық құқықтың пәні мен әдістері

3.2. Конституцияның түсінігі және мәні

3.3. Қазақстан Республикасының Конституциясының даму кезеңдері

3.4. Қазақстандағы адам құқықтарының қорғалуы

3.5. Қазақстан Республикасының контитуциялық құрылымы

3.6. Қазақстан Республикасның сайлау құқығының түсінігі, қағидалары және ерекшеліктері

Конституциялық құқық кез-келген мемлекеттің құқық жүйесінде айрықша маңызды орынды иеленеді. Конституциялық құқық дегеніміз – қоғамдық өмірдің саяси, әлеуметтік және экономикалық негіздерін орнықтырумен, жеке тұлғаның мемлекеттегі орны мен ролін айқындаумен, жалпы мемлекет нысанын бекітумен байланысты мемлекет үшін аса маңызды қарым-қатынастарды реттейтін құқық нормаларының жиынтығы. Конституциялық құқықтың пәнін құрайтын қоғамдық қатынастар мемлекет пен қоғам құрылымының негізін құрайды және мемлекеттік биліктің жүзеге асырылуымен тікелей байланысты болады. Конституциялық-құқықтық қатынастарды реттеу үшін мынадай бірнеше әдістер қолданылады:

а) міндеттеу әдісі тек мемлекеттік органдарға ғана емес жеке тұлғаларға да қатысты қолданылады. Бұл әдіс арқылы мемлекет мемлекеттік органдармен қатар, жеке тұлғаларды да өзінің басты ұстанымдарына сәйкес әрекет етуге міндеттейді.

ә) тыйым салу әдісі құқық субъектілеріне мемлекет пен қоғам үшін тиімсіз әрекеттерді жасауға тыйым салады, көбінесе мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға қатысты қолданылады, ал жеке тұлғаларға қатысты тек шектеулі жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін.

б) рұқсат ету әдісі көбінесе заң арқылы республика азаматтарына заңға сәйкес әрекеттер жасауға құқық береді.

в) тану әдісі арқылы азаматтардың, мемлекеттік органдардың нақты құқықтары мен мүдделерін тану немесе танымау мәселелерін шешетін норма қабылданады.

Конституция латынның «constitutio» деген сөзінен шыққан, «бекіту», «құру», «ұйымдастыру» деген мағына береді, алғашында рим императорларының құқықтық актілерінің атауы ретінде қолданылған. Аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жоғарғы заңдық күшке ие мемлекеттің негізгі заңы Конституция ретінде танылады. Дүниежүзілік тарихта жазылған және жазылмаған конституция түрлері орын алған. Жазылған конституция - мемлекеттегі құқық жүйесінде мазмұны мен нысаны жағынан басым орынды иеленетін біртұтас, жүйелі құқықтық құжат (мысалы, біздің еліміздің Конституциясы). Жазылмаған конституция - бір-бірін толықтыратын және мемлекеттегі басқа заңдарға қарағанда өзгешеліктері бар, дербес заңдар мен әдет-ғұрыптардың жиынтығы (мысалы, Англия Конституциясы).

Қазақстан Республикасының дербес мемлекет ретіндегі конституциялық даму тарихы жайлы сөз қозғамастан бұрын, Қазақ КСР-ның 1978 жылғы Конституциясына өзгерістер енгізген 1990 жылдың 20 қарашасында қабылданған «Мемлекеттік билік пен басқарудың құрылымын жетілдіру туралы» заңына тоқтала кету орынды. Осы заң негізінде Президенттің атқарушы және басқарушы биліктің басшысы болып табылатындығы, Министрлер Кеңесінің Министрлер Кабинеті болып қайта құрылатындығы, Премьер-министрдің қызмет орны бекітілетіндігі туралы қағидалар енгізілді. 28 қаңтар 1993 жылы Жоғарғы Кеңес жаңа Конституция қабылдады. Бұл Конституцияда көптеген жаңа қағидалар орын алды, солардың ішінде биліктің заң шығару, атқару және сот билігі болып бөлініп, «билік тармақтарының өзара тепе-теңдік және тежемелік» қағидасы арқылы қызмет жасауын айрықша атап өтуге болады. 30 тамыз 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының соңғы Конституциясы арқылы мемлекетімізде президенттік басқару нысаны орнықтырылды. Осы кезең ішінде конституция нормаларын жетілдіру мақсатында 1998 жылдың 7 қазанында, 2007 жылдың 21 мамырында конституцияға екі рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясының екінші тарауы «Адам және азамат» деп аталады. Бұл тарауда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктермен қатар, мемлекет тарапынан оларға жүктелетін міндеттер де қамтылған. Адам мен азаматтың қоғамдағы және мемлекеттегі құқықтары мен бостандықтарын, сонымен қатар оның міндеттерін белгілейтін конституциялық нормалардың жиынтығы тұлғаның конституциялық мәртебесін құрайды. Жалпы, адам құқықтары субъективтік құқық деп аталады, ол адамың белгілі бір әрекетті жүзеге асыруға байланысты еркімен байланысты болады. Адам құқықтары табиғи және саяси болып екіге бөлінеді. Табиғи құқықты адамға туылғаннан бастап құдай сыйлайтын болса, саяси құқықтарды мемлекет береді.

Қазақстан Республикасының Президенті республикадағы адам құқықтарының қорғалуы мен қамтамасыз етілуінің кепілі болып табылады. Президент адам мен азаматтың саяси, әлеуметтік және жеке құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруды көздейтін жеке құқықтық актілер шығарады. Атап айта кетер болсақ, ол республика азаматтығын, саяси баспана беру мәселелерін шешеді, республиканың мемлекеттік наградаларын, құрметті атақтарын береді, ауыр қылмысы үшін сотталғандарға кешірім жасайды. Қазіргі кезде елімізде президент жанынан арнайы құрылған адам құқықтары жөніндегі комиссия өз қызметін жасайды. Қазақстан Республикасында шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар республика азаматтарымен тең дәрежедегі құқықтарға ие бола алады және міндеттер атқарады.

Қазақстанның азаматы болып табылмайтын, бірақ, өзге бір мемлекеттің азаматы екендігі дәлелденген азаматтар шетел азаматтары деп танылады.

Қазақстан азаматы болып табылмайтын, өзге елдің азаматы екендігі дәлелденбеген адамдар азаматтығы жоқ адамдар деп танылады.

Қазақстан Республикасының Ата заңы тоғыз тарау, тоқсан сегіз баптан тұрады, Конституция негізінде биліктің бірден-бір бастауы халық болып танылады, мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы, сот билігі болып үш тармаққа бөлінеді. Мемлекетте халық атынан билік жүргізу құқығы Президентке және Парламентке берілген. Мемлекеттегі билік органдары тек белгілі бір мерзімге сайлану арқылы өз қызметтерін жүзеге асырады. Президент бес жылға, қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Бұл шектеу еліміздің алғашқы Президентіне қатысты қолданылмайды. Ал Парламент депутаттары - сенаторлар алты жылға, мәжіліс депутаттары бес жылға сайланады. Қазақстан Республикасы - Президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Президент мемлекеттің басшысы, ол елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды тұлға болып табылады. Президент үкімет мүшелерін тағайындайды және қызметінен босатады, ал үкімет өз қызметі үшін Президент алдында жауапты. Президент Парламент қабылдаған заңдарға тыйым сала алады, Конституцияның 45 бабының 2 тармағында көзделген жағдайда заңдар және заң күші бар жарлықтар шығара алады. Президент Парламентті тарата алады, өз қалауы бойынша Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Қарулы Күштердің бас қолбасшысы болып табылады, елдің бүкіл аумағында немесе жекелеген бөліктерінде әскери жағдай енгізе алады. Өз қалауы бойынша референдум өткізе алады. Елде төтенше жағдай енгізуге шектеулі құқығы бар.

Қазақстан Республикасы құрылым нысаны бойынша аумағы біртұтас, унитарлық мемлекет болып табылады. Орталық пен жергілікті атқару органдары арасында тиімді мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру мақсатында республика аумағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге бөлінген, олар: ауыл (село), кент, ауылдық (селолық) округ, қаладағы аудан, қала, аудан, облыс.

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде бекітті. Елімізде азаматтардың саяси және идеологиялық еркіндігіне жол беріледі, саяси көппікірлілік орын алған. Азаматтар өз саяси құқықтарын жүзеге асырып, мемлекеттік саясатқа қатысты өз ықпалын тигізу мақсатында еркін түрде кез-келген саяси партия құрамына кіруге құқылы. Қазақстан азаматы тек бір партияға мүше бола алады, саяси партияның мүшесі болу оның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз бола алмайды.

Қазақстан қазіргі уақытта құқыққа негізделген мемлекет құру жолына түсті, қоғам өмірінің барлық саласында заңның үстем болуын мемлекет қамтамасыз етуге міндеттелінеді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар заң талаптарын қалтқысыз орындауға міндетті. Құқықтық мемлекет құрудың негізгі қағидасының бірі - сот тәуелсіздігі - Қазақстанда жүзеге асырылуда. Судья сот төрелігін жүзеге асыруда тек Конституция мен заңға ғана бағынышты болады.

Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуын ондағы таптық бөліністің жоқтығынан көруге болады, яғни мұнда ешкімнің әлеуметтік жағдайына қарап, мемлекет тарапынан артықшылықтар берілмейді. Мемлекеттің басты міндеттерінің бірі адамды әлеуметтік жағынан қамсыздандыру болып табылады.

Зайырлы мемлекет ретінде Қазақстандық билік дін ісіне араласпайды, сәйкесінше діни ұйымдар мемлекет ісіне араласпауға тиіс. Елімізде бір дінге артықшылық жасалып, оған мемлекеттік мәртебе берілмейді.

Дүние жүзінде сайлау жүйесінің тепе-теңдік және мажоритарлық деген екі түрі қалыптасқан. Тепе-теңдік сайлау жүйесі алған дауыстар мен жеңіп алынған мандаттар арасындағы тепе-теңдік қағидасына құрылған. Тепе-теңдік сайлау жүйесінің жұмыс жасауы үшін үлкен аумақтық сайлау округтерін құру қажет, сонымен қатар, кемінде қалыптасқан ірі екі партияның болуы қажет. Мажоритарлық сайлау жүйесінде сайлауға түскен жақтардың дауыс санының басымдығына артықшылық беріледі. Мажоритарлық сайлау жүйесінің абсолюттік көпшілік және біршама көпшілік деген екі жүйесі бар. Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайлауға белсенді сайлаушылардың елу пайызынан астамы қатысуы шарт, егер кандидаттың біріне сайлауға қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астамы дауыс берсе, ол сайланған болып есептеледі. Қазақстанда абсолютті көпшілік мажоритарлық сайлау жүйесі қалыптасқан. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары Президентті, мәжіліс депутаттарын, мәслихат депутаттарын тікелей сайлауға қатысу арқылы сайласа, сенат депутаттарын жанама сайлау негізінде сайлай алады. Республикамызда жалпыға бірдей сайлау құқығы қағидасы жынысына, ұлтына, нәсіліне, діни көзқарасына, әлеуметтік шығу тегіне және тағы басқа жағдайларға қарамастан, он сегіз жасқа толған азаматтардың сайлауға қатысып, өзі таңдаған кандидатқа дауыс беру құқығын орнықтырады. Азаматтардың сайлау құқықтары белсенді және бәсең болып екіге бөлінеді. Белсенді сайлау құқығы арқылы азамат сайлауға қатысып, өзі таңдаған кандидатқа дауыс берсе, бәсең сайлау құқығы арқылы азаматтың белгіленген заң талаптарына сәйкес Президенттікке, Парламент және мәслихат депутаттығына, жергілікті өзін-өзі басқару органына мүше болып сайлануға құқығын жүзеге асырады. Қазақстан Республикасында сайлауға әзірлік пен оны өткізуді мемлекеттік сайлау органдары ұйымдастырады. Мемлекеттік сайлау органдарының бірыңғай жүйесін Республиканың Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комиссиялары, округтік сайлау комиссиялары, учаскелік сайлау комиссиялары құрайды.

Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:

1. Конституциялық құқықтың реттеу пәніне не жатқызылады?

2. Қазақстанның 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституцияларының басты айырмашылықтарын атаңыз?

3. Азаматтық және оны алу, тоқтату жолдары қандай?

4. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің құқықтық мәртебесі қандай?

5. Үкіметтің конституциялық мәртебесі қандай?

6. Қазақстанның сайлау жүйесінің ерекшеліктерін атаңыз?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]