Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Өміржанов Е.Т..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
681.47 Кб
Скачать

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ АКАДЕМИЯСЫ

ӨМІРЖАНОВ ЕСБОЛ ТОҚТАРБАЙҰЛЫ

ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ

ОҚУ ҚҰРАЛЫ

Алматы, 2009 жыл

УДК 340 (075.8)

ББК 67.0 я73

Ө - 44

ПІКІР ЖАЗҒАНДАР:

С.Өзбекұлы

Заң ғылымдарының докторы, профессор

Заң ғылымдарының кандидаты, доцент Кулмуханбетова Б.А.

Баспаға Абай атындағы Қазақ ҰПУ-нің жанындағы «Білім» тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік секциясы және ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесі ұсынған. Хаттама №10. 23.06.2009 ж.

Өміржанов Е.Т.

Құқық негіздері. Оқу құралы. – Алматы, 2009. 145 бет

ISBN 9965–511-54-3

Оқу құралы қазақстандық авторлардың құқықтану мамандығы бойынша әр құқық саласынан жазылған арнайы оқулықтары мен оқу құралдарының негізінде, «Құқық негіздері» пәні бойынша мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес және осы пән бойынша жасалған типтік оқу бағдарламасы шегінде жазылды. Кітапта жалпы құқық пен мемлекетке қатысты ұғымдар мен санаттарға түсінік беріліп, Қазақстан Республикасының құқық жүйесінің барлық құқық салаларының ерекшеліктері турасында толымды мағлұмат қамтылған. Оқу құралы орта кәсіптік білім беру және жоғарғы оқу орындарының күндізгі және сырттай бөлімінің бірінші курс студенттеріне, оқытушыларға арналып жазылған.

1202000000

Ө ------------------ ДК 340 (075.8)

00(05)-09 ББК 67.0 я73

Isbn 9965–511-54-3 © Өміржанов е.Т., 2009

КІРІСПЕ

Кез-келген мемлекеттің прогрессивті дамуы оның азаматтарының құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейінің жоғары болуына байланысты. Мемлекетіміз егемендігін алған жылдар ішінде қоғам динамикалық даму жолына түсіп, онда көптеген оң өзгерістер орын алуда. Бұл әрине мемлекет тарапынан ұстанып отырған оң саясатқа да байланысты болып отыр, дегенмен, мұнда негізгі нәтижеге қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісім үлкен әсер етуде. Жалпы қазақстандық қоғамның бұдан ары қарай дамуына тек мемлекет қана емес, қоғамның өзінің мүдделі болуы тиіс. Бұл орайда өмірімізде орын алып отырған парақорлық, бюрократизм, құқықтық нигилизм сияқты кері факторлардан арылу үшін барлық мамандық иелерінің құқықтық санасын жоғарғы деңгейге көтеріп, оларды құқықтық білімнің негіздерімен таныстыру қажет болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарғы оқу орындарында оқытылатын «Құқық негіздері» оқу курсының студенттер үшін маңызы зор.

Пәнді оқытудың негізгі мақсаты - заң мамандығын алмайтын студенттерге мемлекет және құқық теориясының, ұлттық құқықтың негізгі салаларының негіздерінде қажетті білім беріп, оларды ұлттық құқықтық жүйе ерекшеліктерімен таныстыру.

Пәннің басты міндеті - студенттерге өздерінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін іске асыру үшін, еңбек құқығын жүзеге асыру, қоғамның және еліміздің қоғамдық және саяси өміріне белсенді қатысуға мүмкіндіктерін ашып көрсету.

«Құқық негіздері» пәнін оқыту арқылы

біріншіден, студенттерге құқық жайлы негізгі білімдерді беруді; екіншіден, жастардың бойында құқықтық мәдениеттің негіздерін қалауды; үшіншіден, өз мамандығы бойынша алдағы өмірінде кездесетін барлық жағдайларда кәдеге асыратын құқыққа байланысты ақпарат беруді жүзеге асыруға болады.

«Құқық негіздері» пәнімен танысу нәтижесінде студенттер Қазақстанның құқықтық жүйесінің негізгі салалары мен институттарының ерекшеліктерімен танысып, кейбір нормативтік құқықтық актілерді зерделей отырып өз өмірлерінде кездесіп қалатын жағдайларда қандай шешім қабылдауға болатындығын біле алады. Оқу құралын жазу барысында нормативтік құқықтық актілермен қатар отандық авторлардың құқықтың әр саласы бойынша жазған оқулықтары мен оқу құралдары кеңінен пайдаланылды.

Оқу құралы жалпы мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес және «Құқық негіздері» пәні бойынша жасалған типтік оқу бағдарламасы негізінде жасалды.

Негізгі бөлім. Мемлекет пен құқық туралы негізгі ұғымдар

1 Тақырып. Мемлекет туралы негізі түсініктер

1.1. Мемлекеттің түсінігі және оның ерекшеліктері

1.2. Мемлекеттегі билік

1.3. Мемлекет тетігі

1.4. Мемлекет қызметтері

1.5. Мемлекет нысаны

1.6. Құқықтық мемлекет

Мемлекет жайлы сөз қозғамас бұрын оның қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өткен жөн, себебі, қоғам саналы адамдардың ерікті түрде біріккен тобы болғандықтан ол өз ішіндегі тәртіпті қамтамасыз ететін арнайы күштің болуын қажет етеді. Бұл арнайы күш қоғам мүшелерінің арасындағы тәртіпті ғана емес оның ары қарайғы даму бағытын да айқындауға міндетті болады, бұл күш мемлекет деп аталады. Мемлекет дегеніміз – өзіне тән басқару аппараты бар, қолында мәжбүрлеуші билікті шоғырландырған, қоғамды ұйымдастыратын және басқаратын арнайы саяси ұйым. Мемлекет өзінің билігін жүзеге асыру үшін арнайы мемлекеттік органдар аппаратын құрады. Бұл аппаратты қамтамасыз ету үшін халықтан алым-салықтар жиналады. Мемлекетті өзге саяси ұйымдардан өзгешелейтін өзіндік белгілері бар:

Біріншіден, мемлекеттің егемендігі бар, яғни мемлекет ешкімге тәуелді емес, ешқандай мемлекеттің араласуынсыз өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асырады. Сонымен қатар, мемлекет билігі нақты өзіне тиесілі аумақта тарайды, оған сол аумақтағы барлық құқық субъектілері бағынышты болады.

Екіншіден, мемлекеттің өзіне тиесілі аумағы болады, осы аумақ шегі арнайы шекарамен айқындалып, өзге мемлекеттер бұл аумаққа өз ықпалын тигізе алмайды. Әрине, осы аумақты мекендейтін халық осы мемлекеттің азаматтары болып табылады және азамат болу арқылы мемлекет алдында нақты құқықтар мен міндеттерге ие болады.

Үшіншіден, мемлекеттің арнайы басқарушы және мәжбүрлеу аппараты болады, оның көмегімен мемлекеттің алдына қойған мақсаттары мен міндеттеріне қол жекізіледі. Сондай-ақ, мемлекет өзінің әскерін, құқық қорғау органдарын және салық жүйесін құрады.

Төртіншіден, тек мемлекет қана жалпыға ортақ және міндетті нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.

Мемлекеттік билік өзі қабылдаған шешімдерді өзгелерге міндеттеп, оның орындалуын қадағалаумен ерекшеленеді. Сондықтан да мемлекеттік билікті арнайы қарулы күштер мен мәжбүрлеуші мекемелердің, мемлекеттік аппараттың көмегімен қоғамды басқару үшін құрылған билік деп қарастырамыз. Мемлекеттік билік мемлекеттің ұстанатын саясатына қарай өзгеріске ұшырап отырады. Мемлекеттің саясатының сипатына қарай мемлекеттік билік қоғам үшін пайдалы және жайлы немесе керісінше қоғам дамуын тоқырататын және кері кетіретін болуы мүмкін. Мемлекет билігі қоғам үшін аса зор зардаптар әкелген жағдайда қоғам билікке қарсы көтеріледі, қоғамда анархиялық көңіл-күй қалыптасады, тіпті, үлкен төңкерістер орын алып, мемлекет билігі жаңа топтың қолына өтуі мүмкін.

Мемлекет тетігі дегеніміз- билік жүргізу және мемлекеттің міндеттерін, қызметтерін іс жүзіне асыру үшін кәсіби дайындық негізінде құрылған органдардың жүйесі. Мемлекеттік органдар дегеніміз - құқық нормалары негізінде мемлекет тарапынан құрылып мемлекеттің мақсат-міндеттерін жүзеге асыратын, биліктік өкілеттіктер беріліп, өз қызметін жүзеге асыру үшін материалдық жағынан керек-жарақпен қаматамасыз етілген мемлекет тетігінің арнайы элементтері. Мемлекет тетігі мемлекеттің қоғам өмірінің барлық саласында жасаған бағдарламалары мен мақсат-міндеттерін жүзеге асыру үшін қызмет жасайды және ол келесідей құрылымдық бөліктерден тұрады:

  1. Заң шығарушы органдар, (парламент және мәслихаттар) қоғам өмірін реттеуге арналған құқық нормаларын қабылдайды;

  2. Атқарушы органдар, заңға сәйкес нормативтік құқықтық актілер қабылдау арқылы заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;

  3. Әділет органдары, заңдылықтың орындалуын қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік жүктейді;

  4. Жазалау, мәжбүрлеу, құқық бұзушылықпен күресу, жазаны орындау сияқты мәселелермен айналысатын (әскер, полиция, түрме және т.б.) арнайы органдар.

Жалпы, мемлекет тетігі мемлекеттің ішкі өмірін реттеп, мемлекет саясатын жүзеге асыру үшін жұмылдырылады.

Мемлекет қызметі дегеніміз - мемлекеттің алдына қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асырудың басты бағыттары. Мемлекет қызметі олардың қай салада жүзеге асырылатындығына қарай ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Ішкі қызметтерге экономикалық, әлеуметтік, қаржылық бақылау, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, экологиялық қызметтер жатқызылады.

Мемлекеттің экономикалық қызметі дегеніміз – мемлекеттің экономикасын неғұрлым тиімді жағдайда дамыту жолдарының стратегиялық бағыттарын жасап, реттеп отыру. Мемлекеттің экономиканы реттеу тәсілдерінің негізгі екі түрін атап өтуге болады:

А) нақты және қатаң салық саясаты;

Б) экономиканың басты салаларында шаруашылық жүргізуге барынша қолайлы жағдай тудыру.

Мемлекеттің әлеуметтік қызметі дегеніміз – жалпы адамға қажет игіліктерді өндіруге қатыстылығына қарамастан, қоғамның барлық мүшелері үшін қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, тұлғаны әлеуметтік жағынан қорғау.

Қаржылық бақылау қызметі – арнайы мемлекеттік органдардың өнім өндірушілердің тапқан табысы мен кірістерін бақылап, есепке алып отыруы.

Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау – мемлекеттік органдардың адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының толық және жеткілікі деңгейде қамтамасыз етілуі мен адам құқықтары жайлы халықаралық конвенцияларда көзделген талаптардың орындалуын қадағалап отыруы.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметі - мемлекеттің өзі қабылдаған құқықтық нормаларын қоғамдық қатынастардың барлық қатысушыларының орындауын қадағалауы.

Экологиялық қызмет – мемлекеттің адамның денсаулығы мен өмірін қорғауға, оның өзінің, болашақ ұрпақтарының өмір сүретін табиғи ортасын ластанудан сақтап, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға бағытталған қызметі.

Мемлекеттің сыртқы қызметтеріне оның өзге мемлекеттермен және халықаралалық ұйымдармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы және сырттан төнген қауіптен Отанды қорғау қызметтері жатады.

Мемлекет нысаны - мемлекеттің өмір сүру тәсілі мен ондағы биліктің мазмұнын көрсететін элементтердің жиынтығы. Мемлекет нысаны үш элементтен тұрады:

1) мемлекеттің басқару нысаны;

2) мемлекеттің құрылым нысаны;

3) мемлекеттегі саяси режим.

Мемлекеттің басқару нысаны дегеніміз – мемлекеттегі жоғарғы билікті ұйымдастыру және құру тәсілдерінің жиынтығы. Басқару нысаны мемлекеттегі билік кімнің қолына шоғырланғандығына байланысты монархия және республика болып бөлінеді.

Монархия дегеніміз – мемлекетте бір ғана адам өз қалауынша билік жүргізетін және оған билік мұрагерлік жолмен берілетін мемлекет. Монархия абсолюттік және өкілдік болып екіге бөлінеді. Абсолюттік монархияда монарх билігі ешқандай органмен шектелмейді. Ал өкілдік монархияда монарх билігі өкілді органмен шектеледі. Өкілді монархия сословиелік- өкілдік монархия және конституциялық монархия болып бөлінеді. Сословиелік- өкілдік монархияда монарх билігі әртүрлі сословие өкілдерінен құралған сословиелік-өкілдік органмен шектеледі. Контитуциялық монархияда монарх билігі конституция негізінде құрылған парламент билігімен шектеледі. Конституциялық монархияның дамымай тұрған кезінде дуалистік монархия орын алады. Дуалистік монархияда монарх өз қалауымен үкіметті құрады, министрлерді тағайындайды, абсолютті вето құқығына ие болады және өз қарауы бойынша парламентті тарата алады.

Республика дегеніміз - жоғарғы мемлекеттік билік органдарының нақты бір мерзімге сайлану арқылы билікке келетін басқару нысаны. Республикалық басқару нысаны президенттік және парламенттік болып екіге бөлінеді.

Президенттік республикада сайланған президент бір мезгілде үкіметтің де басшысы болып табылады. Президент қарулы күштердің бас қолбасшысы болады және парламент қабылдаған заңдарды бекітеді. Парламенттік республикада заң шығару билігінің күші басым, ал атқару билігі оған бағынышты болады. Парламент үкіметті құрады және үкімет праламентке есеп береді.

Мемлекеттің құрылым нысаны дегеніміз – мемлекеттегі биліктің әкімшілік-аумақтық ұйымдастырылуы мен орталық және жергілікті органдардардың ара қатынастарының реттелінуі. Мемлекеттің құрылым нысаны унитарлық, федерация және конфедерация болып үшке бөлінеді.

Унитарлық мемлекет – бұл біртұтас, орталықтандырылған, құрамындағы әкімшілік аумақтық құрылымдар дербестікке ие бола алмайтын мемлекет.

Федерация - бір мемлекеттің құрамында толық тәуелсіздікке ие бола алмаған мемлекеттік құрылымдардың болуы. Ондағы егемендік біреу және субъектілердің заңдары орталық заңдарына қайшы келмеуі тиіс.

Конфедерация – тәуелсіз мемлекеттердің белгілі бір мақсатқа жету үшін біріккен одағы.

Мемлекеттегі саяси режим – мемлекеттің өз қолындағы билікті жүзеге асыруының әдіс-тәсілдері. Саяси режим демократиялық және антидемократиялық болып екіге бөлінеді. Демократиялық режимде мемлекеттегі барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріліп, азаматтар биліктің ұйымдастырылуына қатысып, халық биліктің қайнар көзіне айналады.

Антидемократиялық режимде халық биліктен алшақтатылып, мемлекет қоғамды басқаруда халыққа тиімсіз жолдарды пайдаланады. Антидемократиялық режимдер тоталитарлық, авторитарлық, аристократиялық, фашистік, либералдық болып бірнеше түрге бөлінеді.

Құқықтық мемлекет дегеніміз – мемлекетте гуманизм, адамгершілік, теңдік, бостандық идеялары құқықтық қағидаларға ұласып, құқық үстемдік ететін, бассыздық пен заңсыздыққа жол бермеу үшін биліктің барлық тармақтары арнайы тетіктері арқылы тежеліп, адам құқықтары тиімді қорғалатын мемлекет. Құқықтық мемлекеттің басты мақсаты – жеке тұлға мен қоғамның құқықтары мен бостандықтарын құқықтық қорғау. Құқықтық мемлекет өз қызметінде келесідей қағидаларды басшылыққа алады:

  1. құқық үстемдігі қағидасы;

  2. билік бөлінісі қағидасы;

  3. мемлекет пен жеке тұлғаның өзара жауапкершілігі қағидасы;

  4. судьялардың тәуелсіздігі қағидасы;

  5. адам құқықтарының ең жоғарғы құндылық деп танылуы;

  6. көппікірлілік қағидасы;

  7. кінәсіздік презумпциясы және т.б.

Тақырып бойынша қайталау сұрақтары:

1.Мемлекет пен қоғамның ара қатынасын атап көрсетіңіз?

2. Унитарлық мемлекеттің негізгі ерекшеліктері қандай?

3. «Демократия» сөзінің мәнін қалай түсінесіз?

4. Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі ерекшеліктері қандай?

5. Мемлекеттің экологиялық қызметінің маңыздылығы неде?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]