Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Д__р стер __ылымны__ тарихы мен философиясы 2016-2017 ож.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
246.7 Кб
Скачать

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Артемьев А.И., Мырзалы С.Қ. Ғылым тарихы және философиясы: оқу құралы. – Алматы: «Бастау» баспасы,2011. – 432 бет.-электронды нұсқада

2.Ібжарова Ш.А., Зəурбекова Л.Р. Ғылым тарихы мен философиясы: Оқу құралы – 2-ші басылым / Қазақ ұлттық аграрлық университеті. – Алматы,2010. – 189 б.

3.Әлемдік философиялық мұра. 20 томдық. 1 том. Ежелгі шығыс философиясы. [Текст]-Алматы: Жазушы, 2005.

4.Әлемдік философиялық мұра. 20 томдық. 3 том. Аристотель философиясы. [Текст]-Алматы: Жазушы, 2005.-568.

5.Әлемдік философиялық мұра. 20 томдық. 2 том. Антикалық философия. [Текст]-Алматы: Жазушы, 2005.-568.

5. Дәріс

Орта ғасырдағы және Қайта Өрлеу дәуіріндегі ғылым

Дәрістің мақсаты: Орта ғасырлармен қайта өрлеу дәуірінің ғылыми жетістіктері мен ерекшеліктерімен таныстыру. Н.Коперник, И Кеплер, Г.Галилейдің ғылымға қосқан үлесі анықтау.

Дәрістің жоспары

1.Ортағасырдағы ғылыми жетістіктер және Әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, инб Сина, ибн Рушдтың ғылыми көзқарастары.

2. Қайта өрлеу дәуірінің ғылыми жетістіктері: Коперниктің геоцентристік жүйесі, И Кеплер: планеталар қозғалысының үш математикалық заңының ашылуы, Галилейдің астрономиялық жаңалықтары.

1.Ортағасыларарда ғылым мен техникада да өзгерістер орын алды. Қытайда VI ғасырдан бастап фарфор өндірісі дамыды, ал 1041 жылы алғашқы баспа станогы пайда болып, шарап спирті өндіріле бастады. Солернода (Италия) 1010 жылы алғашқы медициналық мектеп ашылды. XII ғасырдан бастап темір соқа шығып, енді жер өңдеу түбегейлі жақсарды. Жел тиірмендері, сәл кейін су тиірмендері ойлап табылды. XIII ғасырдан бастап адамдар көзәйнектердің шыныларын тегістеуді үйренді, оқ-дәрі пайдаланылатын құралдар пайда болып, механикалық сағаттар жасалды. Университеттердің ашылуы тамаша жаңалық болды. 1215 жылы Париж университетінің Жарғысы жарияланып, кейіннен Падуа, Болонья, Флоренция, Оксфорд, Прага университеттері (салыстырыңыз: Ресейде – 1725 ж., Қазақстанда – 1934 ж.) есіктерін айқара ашты.

Осы фактілердің барлығы Орта ғасырларда қоғамның қарқынды дамығанын дәлелдейді. Шын мәніндегі теориялық жаратылыстануға келер болсақ, онда ортағасырлық ғалымдар алдымен антикалық ойшылдардың еңбектерін зерттеп білумен, кейіннен соларды түсіндірумен айналысты. Өмір ғалымдардың алдына әртүрлі заттардың қасиеттерін зерттеу мәселесін қойды, бұл, бірінші кезекте, олардың меншікті салмағын анықтауға байланысты болды.

Хорезмнен шыққан ғалым Әл-Хазани тиісті техникалық аспаптар мен құрал-жабдықтарды жасап алып, 50 заттың меншікті салмағын анықтауға қол жеткізді және өз жетістіктерін «Даналық салмақтары туралы кітап» (1121 ж.) деген еңбегінде егжейтегжейлі сипаттап жазды. Егер арабтардың әлемдік ғылым мен мәдениетке сіңірген еңбегі туралы айтсақ, онда Әбу-Миамардың «Зидж Әбу-Миамар» атты еңбегі сол замандағы астрономияның биік шыңы болды. Әл-Батанидің астрономиялық кестелері (алғаш рет ол енгізген синустар мен косинустар) латын тіліне аударылып, Батыстағы оқу орындарының негізгі оқу құралына айналды. Ибн-Юнус маятникті сағаттар ойлап тапса, ал Әбу-Мұса Жабыр химия ғылымының негізін салушы болып саналады. Зәкәрия Разидің медицина саласындағы еңбегі де оқулық ретінде латын тіліне аударылды.

Ортағасырлық ғылымда қозғалысты ары қарай зерттеуге ерекше назар аударылғандықтан, олардың кинематикалық және динамикалық түрлері ажыратылатын болды. Т.Брадвардайн «Қозғалыстардағы жылдамдықтар тепе-теңдігі туралы» деген еңбегінде (1328 ж.) себептеріне байланысты болатын қозғалысты оның нәтижесіне байланысты қозғалыстан ажыратып көрсетуге әрекет етеді (қараңыз: В.П.Котенко. История и философия классической науки. – М.: Академический проект. 2005. – 48-52-беттер). Париж университетінің ректоры Жан Буридан өз оқушыларымен бірлесіп, тасталған дененің, сонымен қатар қозғалыстың салыстырмалылығы мәселелерімен айналысты. Ол: «Ғаламның қақ ортасында Жер әрқашан тыныштық күйде болды ма?» – деген сұрақпен басын қатырса, ал Николай Орем бұл сұраққа жауап ретінде: «Жер тәулік бойы қозғалады, ал аспанның ондай қасиеті жоқ», – дегенге жол беруді жөн санайды. В.П.Котенконың: «Нақ осы зерттеулер XV ғасырда Коперник теориясының пайда болуының нақты негізін құрайды», – деген тұжырымымен келісуге болады (жоғарыда аталған жұмыс, 50-бет).

Ортағасырлық ғалымдар физиканың оптика сияқты саласына да айтарлықтай үлес қосты. Әбу Әли ибн әл-Хайсанның (еуропаландырылған есімі – Әлхазен) «Оптика қазынасы» атты еңбегі біздің заманымызға да жетті. Онда ол әлемдік тарихта алғаш рет физиологиялық тұрғыда көз жанарының жұмыс атқаруы механизмін көрсетіп берді. Оның мәні мынада: заттардан шашыраған сәулелер көздің қарашығына, содан кейін ғана нерв талшықтарына түседі. Әлхазен темірден айналардың әртүрлі: томпақ, иілген, цилиндр іспетті, сүйір және тұйық беттік тұрпаттарын жасады.

Сондықтан бүгінгі күні де Батыс ғылымына, оның ішінде Роджер Беконға, Иоган Кеплерге, Исаак Ньютонға зор ықпалы болған Әлхазен араб әлемінің ірі физигі саналады. Табиғаттың эмпириялық (тәжірибеге ғана негізделген) философиясының алғашқы бүршіктерін біз Оксфордтан табамыз, онда квадривизм – арифметика, геометрия, музыка және астрономия құрметтелетін.

Ағылшын ғалымы Роберт Гроссетест (Үлкен бас) XIII ғасырда-ақ физика саласындағы өз жаңалықтарымен танымал болып үлгіргенді. Мысалы, «Кемпірқосақ туралы» атты еңбегінде кемпірқосақтың жарық сәулелерінің су тамшыларына шағылысуы нәтижесінде пайда болатынын көрсетіп, табиғаттың осы құбылысы туралы толғанған. Оның шәкірті Роджер Бэкон (1214-1292) сол уақытта-ақ үш (үлкен, кіші және үшінші) шығармадан тұратын білімдер энциклопедиясын жасауға әрекеттенген. Оның бірінші бөлімінде Р.Бэкон Шындықтың жолында тұрған кедергілерді өзінің көзқарасы тұрғысында баяндайды (кейіннен екінші Бэкон – Френсис Бэкон еңбегінде бұл тақырып пұтқа табынушылар теориясында жаңаша аталатын болды). Роджердің пікірінше, адамның надан болуының төрт себебі бар:

1. Күмәнді беделге сенім арту.

2. Әдет, дағды. 3.

Әбес ақымақтық.

4. Бәрін білетін кейіп танытатын надандық. Адамдар арасынан Бэкон Аристотельді ғана кемеліне келген адам санайтын. Бірақ шындық – уақыттың еншісі. Р.Бэконның сендіруі бойынша, шындық – уақыттың жемісі, ал ғылым – біреудің немесе екеудің емес, тұтас адамзаттың туындысы. Білімге жеткізетін екі жол бар: дәлелдеу және тәжірибе. Дәлелдер қорытынды бергенмен, күмәннан арылтпайды. Сондықтан шындықты тәжірибе жолдарынан іздеу керек. Танымның ең жақсы және қауіпсіз жолы – тәжірибе. Тәжірибелік ғылымның пайда болуына белгілі бір дәрежеде Альберт Великий, Целек Витело, Теодорик Фрайбургский де еңбек сіңірді. Компасты қытайлар VI ғасырда-ақ ойлап тапқанмен, магниттің қасиеттері әлі толық зерттелмеген-ді. Бұл іске Пьер де Марикур өз үлесін қосты, оның ойынша, компастың тілі, бұрынғылар ойлағандай, Поляр жұлдызына емес, Жер полюсіне қарай бұрылады. Орта ғасырлардың аяғына қарай тауар өткізудің жаңа нарықтарын іздестіруге байланысты туған географиялық зерттеулер қарқынды дами бастады. Бұл астрономиялық зерттеулердің өркендеуіне, навигациялық аспаптардың әзірленуіне, механиканың дамуына оң ықпал етті. Алхимия, магия, оккультизм, астрология, каббала деген терминдер баршаға таныс, бірақ көпшілік адамдар оларды ортағасырлық жалған ғылым құбылыстары деп қабылдайды. Алайда Орта ғасырларда табиғат құпияларын іздестірудің осы формаларынан өтпесе, осы заманғы ғылым қазір болар ма еді? Мүмкін, болмас еді. Алғашқы қауымдық қоғамда-ақ пайда болған магия Орта ғасырларда шығар шыңына жетіп, Жаңа заманда өше бастағанмен, құрып кетпей, біздің заманымызға да келіп жетті. «Магия» сөзі грек тілінен аударғанда, «ғажайыптық, сиқырлық, дуалаушылық» дегенді білдіреді. Магия құпия ілімбілімдері, қасиеттері бар адамның дүниеге, аламдарға, рухтарға қалаған бағытта ерекше, табиғаттан тыс әсер етуі деп жорамалданады. Мысалы, құрғақшылық болып тұрған жазда жаңбыр шақыру ғұрпы адамдардың өнім алудағы шаруашылық мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған. Адамға бүлдіргі жасау (қара магия) – адамды құртуға немесе оның ерік-жігерін әлсіретуге бағытталады.

Қазіргі замандағы химия ғылымының қалыптасуы мен дамуындағы алхимияның рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Ортағасырлық алхимиктер қорғасынды алтынға айналдыра алмағанмен, тәжірибе жасау жолымен көптеген заттардың қасиеттері зерттелді, ғаламат зор эмпириялық материал жинақталды. Сонымен, ақырында, каббала (ертедегі еврейлер тілінде – аңыз, хикая) туралы да бірер сөз айтқанымыз дұрыс болар. Бұл мистикалық ілім дүние-әлем негізінде 10 саннан және ертедегі еврейлер әліпбиінің 22 әрпінен тұратын 32 элемент жатқанына сендіреді. Каббала Құдайды мүлдем сапасы жоқ және белгісіз шексіздік деп түсінеді. Алайда ол барлық заттарға және табиғат денелеріне еніп, олардың мәнін құрайды. Каббалашылар әртүрлі салт-ғұрыптар, дұғалар және ерік-жігерді іштей ширықтыру арқылы, сандар мен ертедегі еврей әліпбиінің әріптерімен әртүрлі айла-шарғылар жасау көмегімен ғажап ғарыштық үдерістерге әсер етуге болатынына сенеді. Сөйтіп, жоғарыда аталған ілімдердің барлығы жаңа еуропалық ғылымның тууы мен дамуына себепші болған заңды кезеңдер болды деген қорытынды жасауға болады. Өкінішке қарай, сословиелік-заңдық тәуелділік, шығармашылық үшін еркіндіктің болмауы, таусылмас діни қақтығыстар сол кезеңдегі ғылымның дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. Алайда шын мәніндегі философиялық ізденістер саласында түбегейлі өзгерістер болды. Олар рухани ахуалдың түпкілікті өзгерістеріне байланысты еді. Өзгеше ғажап құбылыс орын алды: адам өзінің ішкі жан-дүниесінде рухты және өзінің бірбүтін Құдаймен байланысын тапты. Ол рухты зерттеп білуге байланысты сенімдегі философияның жаңа түрінің пайда болуына жеткізді.

2. Қайта өрлеу дәуірінде ғылым, негізінен, ғалымдардың ақыл-ойын әлі де схоластика торлап тұрған университеттерде дамыды. Бірақ сонымен бірге суретшілердің, сәулетшілердің, өнертапқыштардың шеберханалары ашылып, оларда бір пікірдегі замандастар бас қосып, ғылым мен өнердегі жаңалықтарды талқылайтын. Нақ сол көркем студиялардың қабырғаларында адам денесі құрылысын зерттеу басталған-ды, ал сәулетшілердің үлкен ғимараттарды жобалауы терең геометриялық және математикалық білімдерді қажет етеді емес пе. Қайта өрлеу заманының ғалымдары алдыңғы кезекке тәжірибені, зерттеудің тәжірибелік әдістерін шығарады. Ғылымды математикалық жүйелеу ғылым дамуының, философиялық және ғылыми ойлаудың негізгі прогрессивтік үрдістеріне сай келеді.

Қайта өрлеу дәуірі алыптарының ішінде, мүмкін, ең тұлғалысы леонардо да Винчи (1452-1519) – ұлы суретші, ғалым, инженерөнертапқыш болса керек. Ол адамзаттың есінде өзінің «Джокондасымен» немесе «Кештер сыры» арқылы ғана емес, сонымен қатар ғылыми-анатомиялық, физиологиялық ізденістерімен, әртүрлі жобаларымен де (қазіргі заманғы танктердің, ұшақтардың, парашюттің, су қоймаларындағы тоспалардың жобаларымен) сақталып қалған. Өзінің философиялық көзқарастарында табиғат пен адамды салыстыра келе, ол адамның табиғат тудырған құбылыстардың барлығынан да жоғары екені, оның мәдени туындыларының адамның қатысынсыз табиғат «жасаған» туындылардан анағұрлым артық екені туралы қорытындыға келеді.

Да Винчидің ғылыми жұмыстарының қақ ортасында математика тұр. Ол: «Адамның ешқандай зерттеуі математикалық дәлелдеулерсіз шынайы ғылым деп атануға таласа алмайды», – деп жазады. Немесе: «Математика ғылымдарының бірі қолданыс таппаған, я болмаса математикаға байланысы жоқ ғылымдар қолданылған жерде ешқандай нақтылық жоқ», – дейді (Екі үзінді дәйексөз де А.Дживегеловтан алынған: Леонардо и Возрождение. Леонардо да Винчидің екі томдық таңдамалы шығармаларына кіріспе мақала. – 1-т. – М.: Academia, 1935. – XXXVIII). Леонардо-ғалымның бойында болашаққа ұмтылу бірден байқалады, ол Ф.Бэконның алдындағы көшбастаушы сияқты жаңа ғылымның бастамашысы ретінде әрекет етті. Бірақ сонымен қатар ол практика қаншалықты керемет болғанмен, ғылымға айналу үшін қорытындылауды талап ететінін түсіне отырып, өзіне дейін жаңалық ашқандардың ғылыми мұраларын зейін қойып зерттеді.

Леонардоның математикалық әдісі – ол табиғаттағы сандық тепетеңдіктерді іздеу, «басқалар өлшей де, санай да алмаған немесе қаламағанды өлшеу және санау». Фотометрия мен анемометрдің пайда болуы, жүріп өткен қашықтықтардың механикалық есептеуіштеріне қызығушылық осыдан шыққан. Леонардо сол заманның әскери техникасының, әскери көпірлердің құрылысының дамуына, гидротехникаға, баллистикаға, тоқыма станоктарын жасауға үлкен еңбек сіңірді. Бірақ оның ерекше еңбегі адам анатомиясы мен психологиясын зерттеуі болды. Леонардо да Винчи – ұлы суретші, Қайта өрлеу дәуірі рухани мәдениетінің ғаламат өкілі. Оның ойынша, қоршаған дүниені танып білуде, ғылыммен қатар, өнер де орасан үлкен рөл атқарады. Егер ғылымның атқаратын міндеті – заттардың сандық мән-маңыздарын зерттеу болса, ал өнер дүниенің сапалық, қайталанбас, керемет жақтарын көрсетеді. Оған қоса, Леонардо өнерді ғылымнан жоғары қояды. Шындағында да, егер бұл суретшінің суреттеріне зейін сала қарасаңыз, адам денесінің құрылысы анатомиялық өлшемдерге сай келетінін байқайсыз, ал ол кезде суретші өз кейіпкерлерінің жан дүниесін, психологиялық көңіл күйін, ішкі күйзелістерін шеберлікпен жеткізеді.

Ғылым тарихында поляктың ұлы ғалымы Николай Коперниктің (1473-1543) ілімі Әлемге көзқарасы бойынша төңкеріс жасаған оқиға болды. Ойшыл, экономист, дәрігер, мемлекет қайраткері өз өмірінің басты туындысы «аспан денелерінің айналуы туралы» деп аталатын кітапқа 16 жылдан астам уақытын арнады. Алайда ол еңбегін жариялауға өлер шағы жақындағанда ғана бекінді, сол ғана оны жәбір көруден құтқарып қалды. Ал қайтыс бола салысымен оған күпір деген ат тағылып, 1616 жылы католиктер шіркеуі оның кітабына тыйым салды.

Коперниктің ашқан жаңалығы Жер мен Адамзаттың дара сипаты туралы қалыптасқан көзқарасты теріске шығарып, Жер мен Күнге ұқсайтын басқа да денелердің бар екенін негіздеуге жол ашты. Бірақ оның еңбегінің басты идеясы – Ғаламның кіндігі жер емес, күн (гелиоцентризм) деп сендіру болып табылады. Дүниеге деген бұл жаңа көзқарас күн мен түннің ауысуын, планеталардың қозғалысын, Айдың Жерді айналып қозғалатынын және басқаларын түсінуге мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, ол астрономия ғылымына кейіннен «Коперник төңкерісі» деген атқа ие болған түбегейлі өзгеріс енгізді. Алайда католик шіркеуінің қысымымен ол Птолемейдің кейбір: Ғаламда өте алыста орналасқан қозғалмайтын денелердің бар екені, Жер және дәл сондай дөңгелек және бірдей жылдамдықпен қозғалатын басқа планеталар қозғалысының орбитасы (айналып жүретін жолы) туралы түсініктерінен бас тартуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, Н.Коперник әлемді діни тұрғыдан ғана танып білуге күйрете соққы беріп, Жаңа заман ғылымына жол ашты.

Неміс астрономы Иоганн Кеплердің атымен, бәрінен бұрын, ол математикалық жолмен дәлелдеген планеталар қозғалысының заңдылықтары туралы теория байланыстырылады. Ол гелиоцентризм теориясын қабылдаған Коперниктен кейінгі алғашқы ірі астроном болды. Кеплер пікіріне сәйкес, планеталардың қозғалысы үш заңға бағынады:

а) планеталар дөңгелек шеңбер жолмен емес, эллипстік жолмен қозғалады; ә) планеталардың жылдамдығы біртекті емес, бірақ айналатын жолдарындағы әртүрлі нүктелерде олар өзгеріп отырады; тең уақыт ішіндегі сипатталатын радиус-векторлары бірдей;

б) планеталардың салыстырмалы жылдамдықтарын математикалық тұрғыда белгілеуге болады: планеталардың айналысы кезеңдерінің квадраттары олардың Күннен қашықтығы кубтарына тең.

Кеплер Күннің бар Ғарышты тесіп өтетін өзінің күшінің қайнар көзі болып табылатынына сенімді болды. Кеплер мұрасын зерттеушілердің бірі, американдық профессор Марк Райли өте әділеттілікпен атап көрсеткендей, Иоганн Кеплердің бар шығармашылығы – ол ғылымның маңызын құрайтын орасан көп бақылаулардың ішінен жалпы ережелер шығарудың үлгісі. Оның антика астрономиясынан, яғни әлемнің птолемейлік бейнесінен қол үзуіне астрономиялық мағлұматтарға дене қағидаларын қолдануға әрекеттенуі себеп болды. Алдыға оза отырып, Кеплердің еңбектерін: «Кеплердің күн эманациялары туралы идеяларын және оның үш заңын әлемдік тартылыс теориясына енгізіп, сол арқылы оның көрегендігін астродинамика қағидасына айналдырған» Исаак Ньютонның аяқтап шыққанын айтқан жөн (қараңыз: Великие мыслители Запада. – М., 1998. – 260-266-беттер).

Кеплермен Қатар, Н.Кузанский мен Н.Коперниктің идеяларын дамытқан және тереңдеткен ғалым, Қайта өрлеу дәуірінің батыр азап шегушісі, әлемдік ғылымда азғантайлардың бірі болып көзқарастары үшін өмірін қиған Джордано Бруно болды. Оның негізгі еңбектері: «сұхбаттар», «батыл энтузиазм туралы», «салтанат құрушы аңды қуып шығу» және басқалары. Дүниеге деген көзқарастарында Бруно пантеизмнің: «Құдай – шексіздіктің шексіздігі, ол барлығының ішінде, барлық жерде... Заттардың бәрі де Ғаламның ішінде, Ғалам – барлық заттарда, біз солардың ішіндеміз, ол бізде» деген қағидаларын ұстанған.

Ертедегілердің микрокосм мен макрокосмның сәйкес келетіні туралы идеяларына қайта оралып, Дж.Бруно ортағасырлық схоластардың адамға ұқсас, жоғарыда және тыс тұратын табиғаттың тіршілік иесі іспетті Құдай туралы идеяларына қарсы шығады. Табиғаттан жоғары тұратын Құдай аспан денелерін бізге әлдебір нышан-белгілер ретінде жаратты дей отырып, ол табиғаттан тыс күшке жүгінетіндерді сын садағына алды. Бірақ біз сол тектес пайғамбарлармен сөйлеспейміз және әңгіме ақылой мен сезімдердің дәлелдері негізінде болып жатқанда, оларға жауап берудің қажеттігін көріп тұрған жоқпыз. Материяны «заттардағы Құдай берген болмыс» деп қарастыра отырып, ол Аристотельден бері келе жатқан, соған сәйкес материя бар-жоғы баяу инертті мүмкіндік болып табылатын және пішінге ие болған соң ғана нақты затқа айналады дейтін схоластикалық дәстүрге күйрете соққы берді.

Джордано Бруно әлем жаратылысының геоцентристік тұжырымдамасын қабылдамайды. Оның пікірінше, өз өсін және Күнді айналып жүретін Жер – шексіз әлемдегі болар-болмас тозаң ғана. Жер Ғарыштың кіндігі бола алмайды, өйткені әлемнің орталығы да, шекаралары да жоқ. Н.Коперникпен таласа отырып, Бруно: «Күн – біздің әлеміміздің орталығы ғана, ал Ғарыштағы әрбір Жұлдыз – өзінің барлық Планеталарын қоса алғандағы Күн, ал оларда (планеталарда) Өмір болуы мүмкін», – деп мәлімдейді. Әлбетте, шіркеу оның мұндай күпірлігін кешіре алған жоқ. 1592 жылы ол тұтқынға алынды, ал күн сайын монах-жазалаушы оның камерасына келіп, өзінің күпірлік көзқарастарынан бас тартуын өтінетін. Бұл сегіз жылға созылды. Оның опынғанына, көзқарастарынан бас тартуына қол жеткізе алмаған жазалаушылар Джордано Бруноны Римдегі Гүлдер алаңында өртеу арқылы өлім жазасына кесті. Үкімді ол қайтпас қайсарлықпен қарсы алды: жанып жатқан отқа түскенде, ол жендеттерге: «Сендер, мүмкін, бұл үкімнен менің оны тыңдағанымнан да артық үреймен қорқатын шығарсыңдар!» – дегенді айтты.

Өзінің идеялары арқылы Бруно, Н.Кузанскийдің артынан-ақ, Жаңа заманның философиясы мен жаратылыстану ғылымының негізін салды. Қазіргі заман ғылымының негізін салушылардың ішіндегі ең ұлысы, – Ньютонды, әлбетте, қоспағанда, – галилео галилей болып саналады. Италиялық ғалымның, нақты жаратылыстанудың негізін қалаушылардың бірегейінің орны мен рөлін XX ғасырдың екінші бір ұлы философы және ғалымы Бертран Рассел осылай айқындады. Ал, шындығында, адамның өз өмірінде қаншалықты көп нәрсе жасай алатынына таңдануға және мақтануға болады.

Галилей қазіргі заманғы механиканың негізін салды. Галилейдің маятниктің тербелісіне жасаған тәжірибелері де аз қызығушылық тудырмайды. Салмақтары әртүрлі, бірақ ұзындығы бірдей маятниктер ұзақтығы бірдей тербелісті қозғалыс жасайды екен. Маятниктің тербелісі дененің шеңбер доғасы бойынша құлауы емей, немене? Ал егер осылай болса, онда әртүрлі салмақтағы денелер құлаған кезде бірдей жылдамдықта болмай ма? Егер ортаның кедергісінен ауытқыса, барлық денелер еркін құлаған кезде, бірдей жылдамдықпен қозғалады. кейбір кемшіліктері болғанмен, Галилей денелерді көлбеу жазықтықта сырғанату тәжірибелерінде соған ұқсас нәтижелерге қол жеткізді. Жағдайды ретке келтіріп түзету мақсатында математика ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, Галилей ойша тәжірибе жасауға жүгінеді. Галилей «бос, шексіз евклидтік кеңістікте қозғалатын геометриялық денелерді» ұсынды.

XX ғасырдың ұлы физигі В.Гейзенберг бұл қозғалысты түсінудегі өте қиын кезең, нағыз революция болғанын айтады. инерция заңын анықтау да Галилеоның еңбегі: қосымша күштің көмегінсіз шамасы бойынша да, бағыты бойынша да бірде-бір дене жылдамдығын өзгерте алмайды және егер оған басқа денелер ықпал етпесе, тұрақты жылдамдықпен қозғалысын ары қарай жалғастыра алмайды. Галилейдің бұл жаңалығын «физиканың шын бастамасы» деп бағалаумен келісуге әбден болады (қараңыз: С.А.Лебедев және басқалары. Введение в историю и философию науки. – М.: Академический проект, 2007. 65-бет). Галилей: «Табиғат кітабы математика тілімен жазылған», – деп жариялайды. Өмірінің соңына дейін ол осы қағиданы ұстанған. Механикаға ол «сан», «жиын», «фигура», «қозғалыс», «бірқалыпты қозғалыс», «жеделдетілген қозғалыс» деген санаттар енгізді. Денелердің орамдылығы себебін зерттей келе, Галилей оларда, дене бөлшектерінің арасында бос ұсақ, оларды бір-бірлерімен кіріктіріп тұратын қуыстардың бар екенін түсінеді. Бірақ ол қуыстар соншалықты кішкентай және әрқайсысының кедергісін оңай жеңуге болғанмен, бірақ сандарының санауға болмайтындай көптігі олардың кедергісін тым арттырып жібереді. Бұл ережені көрнекі түрде көрсету үшін, Галилей Н.Кузанскийдің: «Шеңбер дегеніміз – ол сансыз көп жақтары бар көпбұрыш» деген идеясына жүгінеді. Бұл оған математикаға «маңызды шексіздік» түсінігін енгізуге мүмкіндік береді. Кейіннен «шексіз аздарды санау» деген ат иеленген «бөлінбейтіндер математикасы» осылай пайда болды. Галилей 32 есе ұлғайтылған телескоп орнатты. Ол ай алаптары мен кратерлерді көрді, Күн бетіндегі дақтарды, оның өз өсімен айналатынын тапты, Шолпан кезеңдерін, Юпитердің төрт серігін ашты, ал Құс жолын тұман баспаған екен, ол өте алыстағы жұлдыздардың шоғырлануы болып шықты. Осы жаңалықтардың барлығы сол кездегі қоғамға «жарылған бомбадай» әсер етті. Дүниенің аристотельдікптолемейлік бейнесіне түзеуге келмейтіндей нұқсан келтірілді.

Ал Галилей жалпыеуропалық деңгейде даңққа бөленді. Адамның әлемді танып білу үдерісіне бет бұра отырып, Галилей бұл үдерістің шексіздікке кететін үдеріс екеніне сендіреді. Ғылым – дайын, түпкілікті берілген тұжырымдар мен қорытындылардың жиынтығы емес. Біз табиғат құпияларының азғантай бөлігіне ғана иеміз, ол ары қарай іздену, табу үшін қашанда ашық. Адамның білімі шектеулі, ал табиғат шексіз және бұл оны танып білудің шексіз мүмкіндіктерін ашады. Жаратылыстанушының осы ой-толғауларынан біз оның ортағасырлық схоластиканың қағидалар жиынтығын қабылдамағанын көреміз.

Галилей гелиоцентрлік (Күн – планеталар жүйесінің кіндігі дейтін) жүйені қызу құптады. Ол Кеплермен хат-хабар алысып, оның ашқан жаңалығын қолдады. Бірақ ол католик шіркеуінің жазалаушыларынан қатты қысым көрді. Біздің білетініміздей, оған жазалаушылар алдымен (1616 ж.) құпия жаза белгілеп, ал содан кейін, 1633 жылы енді жария жазаға тартты. Нақ сол кезде ол өзінің теорияларынан бас тартып, ешқашанда Жердің өз өсін және Күнді айналатынына сендірмеуге уәде беруге тиіс болды. Бірақ бір аңыз бойынша сот залынан шыға салып, Галилей: «Ал ол, қалай болғанда да, айналады!» – деген екен. Өткен ғасырдың 80 жылдары француз тарихшысы П.Редондидің «Галилей – күпір» деген еңбегі жарық көрді, онда Рим католик шіркеуі жазалаушыларының мұрағаттарында табылған құжаттар негізінде ол Галилейдің, шын мәнінде, Жердің айналу фактісін мойындағаны үшін емес, материяның атомдық құрылысына деген көзқарасты қабылдағаны үшін жазаланғанын сенімді уәждермен дәлелдейді. Қарапайым тілмен айтқанда, Галилейді «аяп», жазалаушылар халық үшін «Коперник күпірі» деген жорамалды ұсынған. Өмірінің соңына дейін Галилей «шіркеу жазалаушыларының тұтқыны» саналып, Флоренцияға жақын маңдағы вилласында өмір сүруге мәжбүр болған. Тек 1992 жылы Папа Иоанн Павел II сот шешімін қате деп жариялап, ұлы ғалымды ақтап шықты.

Ғылыми жетістіктер туралы әңгімені аяқтай келе, герменизм сияқты құбылысты айналып өтуге болмайды. Ресми ғылыммен қатар, ежелден-ақ ғылымнан тыс арнаулы білімнің өмір сүргенін және әлі де өмір сүріп келе жатқанын айтуға тиіспіз, оның үстіне, оның кейбір түрлері жеткілікті дәрежеде жүйеленген. Олардың қатарына «оккульттік» немесе «эзотерийлік» деп аталатындарды да жатқызуға болады. Ғалымдардың пікірінше, ол білімдер бітіп болмайтын қателесушіліктер, ал оларды қолдайтындар мен тарататындар – алаяқтар болып табылады. Міне, енді өткен ғасырдың 60 жылдарының ортасынан бері қарай Батыс ғылымтануында, ғылымның тарихтануы мен философиясында ғылымнан тыс арнаулы білімдердің ғылымға ықпал ете бастаған мәселесі белсенді талқылана бастады.

Мәдениет құбылысы ретінде герменизм ілімнің ажырамас бірлігі және осы ілімге сай өмір салты болып табылады. Ілім ретінде, ерекше доктрина ретінде ол білімдердің әлдебір эзотерийлік, яғни даңқты гермес трисмегиске (яғни Үш мәрте Ұлы дейтінге) телінетін жүйені білдіреді. Алхимиялық дәстүр – осы ілімнің негізі. Мамандар герменизмді «оқымысты» және «танымал» деп бөледі. Батысеуропалық Ортағасыр және Қайта өрлеу дәуірінде, негізінен, «танымал» герменизм, яғни алхимия, астрология, магия кең қолданыла бастады. Бұл ілім Н.Коперникті де айналып өтпеді (герменизмнің көрнекті өкілдері М.Нострадамус пен Т.Кампанелла болған). Алайда ол, біздің заманымызда белгілі болып отырғандай, Джордано Бруноға ерекше ықпал еткен. 1964 жылы американдық зерттеуші Ф.А.Ейтенің «Джордано Бруно және гермендік дәстүр» деген кітабы жарыққа шықты. Онда автор Қайта өрлеу алыбының негізгі туындыларында Гермес Трисмегистің рухы басым екенін дәлелдейді. Бруно еңбектерінен ол герменизмнің басты кітабы «Асклепияға» («Тығыз жабылған корпустың» екінші бөлімі) идея жағынан да, мәтіні жағынан да сәйкестік тапқан. Оның үстіне, әдетте, Бруноның озық көзқарастары мен атеистік дүниетанымын дәлелдеу үшін айтылатын ойлары герменизмнен алынған ойлар болып шықты. Н.Коперниктің әлемнің гелиоцентрлік сызбанұсқасының өзін Дж.Бруно, Ф.А.Ейтенің пікірі бойынша, герменизм идеяларының дұрыстығының ұлы дәлелі деп қабылдаған. Бірақ, біздің ойымызша, бұл Дж.Бруноның ұлылығын және болашақ ұрпақтар үшін оның мұраларының маңызын ешбір кемсітпесе керек

Ұсынылатын әдебиеттер:

1.Артемьев А.И., Мырзалы С.Қ. Ғылым тарихы және философиясы: оқу құралы. – Алматы: «Бастау» баспасы, 2011. – 432 бет.-электронды нұсқада

2. Ібжарова Ш.А., Зəурбекова Л.Р. Ғылым тарихы мен философиясы: Оқу құралы – 2-ші басылым / Қазақ ұлттық аграрлық университеті. – Алматы,2010. – 189 б.

3. Ғылым тарихы мен философиясы / Құрастырушы – Алтаев Ж.А.: ЖОО-ның магистранттары және аспиранттарына арналған оқулық. – Алматы: Раритет, 2007 – 320 с. (электронды нұсқада)

4.Алтай Жақыпбек, Философия тарихы: Оқу құралы / Ж. Алтай; Қасабек А., Мұхамбетәли Қ.- Алматы: Раритет, 2006.- 312б.

5.Әлемдік философиялық мұра. 20 томдық. 4 том. Әл Фараби мен Ибн Сина философиясы. [Текст]-Алматы: Жазушы, 2005.-568

6. Әлемдік философиялық мұра. 20 томдық. 5 том. Ортағасырлық діни философия. [Текст]-Алматы: Жазушы, 2005.-560.

6 Дәріс