Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Защита.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
144.05 Кб
Скачать

Қорытынды

Қазақ поэзиясы және оның тарихилық мәселелері ауқымы кең тақырып. Өйткені, сонау ХV ғасырдағы Асан қайғы жыраудан басталатын, ХХ ғасырдың басындағы Қазан төңкерісіне дейін өмір кешкен қазақ ақындары үлкен тарихи кезеңдерді бастан кешті. Бес ғасырдан астам уақытты қамтитын дәуірде қазақ халқы талай аласапырандардың куәгері болды., ал оның аяулы ұлдары сол тарихи дәуірлердің өзі дүниеге келтірген ел қаһармандарына айналды. Жыраулар, ақындар болса сол ерлерді, елдік үшін күрескен азаматтарды жырға қосты, өздері де алмағайып кезеңдердің сөз бастаған, жау жасқаған батырлары бола білді. Демек, ел тарихының бірсыпыра бедер-бейнесі осы кісілердің жырларында. Қазақ әдебиетінің осы дәуірдегі тарихилық мәселелерін зерттеу ең алдымен осы жайдың сырына қанығу үшін қажет. Өзіміздің төл тарихымызды қазақ халқының бел балалары – жыраулар мен ақындардың қаншалықты дәрежеде күйіне, сүйіне отырып, нақтылы түрде кескіндегенін айқындау үшін керек. Ал тарихтың ел өмірінде елеулі із қалдырған үлкен оқиғалардан, сол ересен кезеңде қажырлы қайрат көрсеткен ерлер мен елге иелік еткен билеушілердің өмірінен сырт жерде жасалмайтыны белгілі. Бұл тұрғыда осы еңбекте шығармаларының тарихилық жайлары қаралатын жыраулар мен ақындардың тұстастары Тоқтамыс пен Едігеден бастап, Әз-Жәнібек, Би Темір, Ахмет, Орақ, Абылай, Жәңгір хан, т.б. билік жүргізген тұстардағы ел басылары мен қолбасыларының ел өміріне байланысты ірілі-кішілі істерінің анық-қанығын тарихи деректер, фольклорлық мұралардың мәліметтері арқылы ашуға ниет етілгендігі сондықтан.

Бес ғасыр уақыт жалпы адамзат баласының тарихында да, жеке ұлттың өмірімен безбендегенде де қызқа мерзім болып есептелмейді. Әсіресе, бұл үмітінен күдігі басым арпалысты айқаспен өмір кешкен ел үшін өте ұзақ уақыт. Ал айқаспен өмір кешкендердің есею жолы әман да ерекше. Қазақ жұрты да есейген елдердің сапына ерекше жолдардан өтіп жетті. Тарих көшінде ол өзімен тілдес, ділдес біраз халықтармен бір мемлекет шаңырағының астында да өмір кешті. Кейін әр түрлі саяси жағдайларға байланысты енші бөлісті, елдесуден гөрі жауласуға бейім болған тұстары да -баршылық.

Діні бөлек, ғұрпы бөлек халықтармен де көрші болып келеді. Талай жан шошынар айқастардың ортасынан қансырап шықты. Төңірегіндегі әлеуетті елдерден өзіне сүйеу болар дос іздеді. Елшіліктер жүргізді.Сөйте жүріп, «дос» дегендерінің панасы да сатулы, сұраулы болатындығын аңғарды. Өзінде қайрат болмаса, өзгеге сеніп шырайы келіспейтініне әбден көзі жетті. Жуан жұдырық көршінің есіктен кіріп, төрінен ығыстыратын мінезіне де қанықты. Кектенді, қарсыласқан болып көрді, бірақ нәтиже шығара алмай пұшайман күй кешті. Жақсылықтан торығуға айналған шағында 1905, 1916, 1917 жылдардың үш ұйықтаса түсіне кірмеген оқиғаларына кезікті.

Теңдікке қолым жетті деп, құдайға ақсарбас айтып, Қазан төңкерісінен кейінгі ұлы оқиғаларға ұлан сала кірісті. Өмірдің толқынына бір батып, бір шығып жүріп, талай ерлерінен көз жазса да келер күндерге деген сенімінен айырылған жоқ. Ақыры ұлт ретінде, мемлекет ретінде тәуелсіздігі саудаға түскен халықтың басына қайтара бақыт құсы қонды.

Еркін сөйлейтін, теңдігін жоғалтқан, әсіресе, соңғы 70 жыл ішінде көрген құқайларын, саясат құрбаны болған кездерін ашынып ашық жазатын, оны баспасөзі жасқанбай жариялайтын кезге жетті. Қазір бұл дәуірді зерттеп жүрген тарихшылар еңбектерін айтпағанның өзінде, Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірдің құрбаны болған Ж. Айтмауытов, Ш. Құдайбердиев, М. Жұмабаев сынды ұлт мақтанышы болған қаламгерлеріміз жайлы жеке зерттеу еңбектер жарық көруде. М. Дулатов, А. Байтұрсынов мұралары арнайы зерттеу объектісі болуда. Сондықтан мен бұл жұмысымда Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ әдебиетінің тарихилық мәселелерін ғана қарастырғанды орынды деп білдім.

Осы жұмыста сөз етілетін қазақ әдебиетінің негізгі авторларының басты тақырыбы отан қорғау, ел болу мәселелері. Асан қайғының Әз-Жәнібекке, Бұқар мен Үмбетейдің Абылай, Бөгенбай, Қабанбай есімдеріне байланыстырылып айтылатын туындыларының барлығында да осы принципті мәселе – авторлар шығармаларының негізгі критерийі болғандығымен ерекшеленеді.

Әрине, бес ғасыр уақыт ішінде ел басынан өткен оқиғалар баршылық: Алтын Орда дәуіріндегі, онан кейінгі Қазақ хандығының қалыптасу тұсындағы аласапырандар, жоңғарлармен күрес, 1771-1772 жылдардағы Торғауыттардың Алтайға қоныс аударуы, Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі. Міне, осы кезеңдердегі тарихи тұлғалардың әр түрлі авторлардағы атқарған істерінің тізбегі құрала келіп, белгілі бір дәуірдің қоғамдық кескінін жасайды. Ондай мәліметтер тізбегінен тек бір кезеңнің оқиғалар тізімін ғана емес, белгілі кісілердің өмірбаянын, төңірегіндегі елдестермен арақатынасын, кісілік кейпін, болмысқа, заманға, көрші елдерге деген көзқаарасын бағамдаймыз. Ал мұның өзі туған әдебиетіміздің өткенімізді түйсініп, елдік бетімізді, адамзат тарихындағы халықтық орнымызды тануымызға себін тигізер – қастерлеп бағалауға лайық, ең бір елеулі қасиеті болса керек-ті.