Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Защита.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
144.05 Кб
Скачать

2 Қазақ ордасы дәуірінің тарихи сахнасындағы тарихты бейнелеушілердің легі

2.1 Қазақ Ордасының құрылуының тарихи танымы

Мемлекетті құру - оңайдың оңайы, мемлекетті ұстап тұру – қиынның қиыны. Ұстап тұру үшін хан-сұлтандардан басқа, ақыл-ой, сананы реттейтін, рухани жол көрсететін заржақтар, тақтақтар, ділмарлар, айтқыштар керек болды. Тарих сахнасында сол кезеңді, заманды бейнелей алатын жыраулар пайда болды. Бұлар жәй жыраулар емес, сол кезеңнің тарихшылары, жершілдері, саясаткерлері, дипломаттары, реформаторлары, көріпкелдері, заңгерлері болатын. Аты жырау болғанымен, билік басындағыларға жақын жүрген, XIV ғасырдың ІІ-жартысында халықтың жанынан табылды. Тәуелсіздікті сақтап қалу жолында тікелей қызмет етті. Осы кезден бастап қазақ халқының мәдениеті өсіп, әдебиетіміз енді қазақ тіліндегі шығармаларға байи түсті.

Әдебиетіміздің асқар тауы, халқына бар өмірін арнаған, алыстағы ағайынға даңқы жаңғырған жырау, әрі көш тізгінін ұстаушылардың бірі – Асан қайғы Сәбитұлы. «Халық шежіресі бойынша Асан ата Майқы бидің алтыншы әулеті еді деседі. Ол өзі Қорқыт сияқты жұрт қамын жеп өткен дана, батагөй, кемеңгер кісі. Өзінің ұзақ ғұмырында халықтың қамын көп ойлап, уайым жеп өткендіктен «Асан қайғы» атанған,» деп пікір білдіреді атақты академик, ғалым Ә. Марғұлан. [6, 201 б.] Тура осы сияқты пікірді танымал тарихшы Құрбанғали Халидұғлы да өзінің «Тауарих хамса» еңбегінде айтады.

Асан қайғының XV ғасырда қазақтың ұлыстарын бір-біріне қосуда барын сала тер төккенін, Керей мен Жәнібек хандармен бірігіп, Әбілқайырға қарсы ұрыстың басы-қасында жүргендігін, тіпті жыраудың тек қана қазақ халқының аңыз-әңгімелері мен ертегілерінде Жәнібек ханмен бірге аты қосақтала айтылып қана қоймай, іргелес жатқан қырғыз еліне де танымал екендігін Шоқан Уәлиханов таңданыспен жазған екен.(17) Қысқаша айтқанда, Асан қайғы Шыңғыс ханмен дәуірлес, атақты қолбасшы, бұкіл қазақ халқына белгілі «Түге сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген мақалға арқау болған атақты Майқы бидің алтыншы ұрпағы болсын, болмаса Шоқан Уәлиханов айтқандай ноғайлы заманындағы ұлы ойшыл адам болсын, әйтеуір оның Дешті-Қыпшақтың Әбілқайыр хан тұсындағы ірі жырауы болғаны айдан анық, бірақ ол ханның мұрагері Әбілқайырды емес, оның билікке талас жолындағы бақталасы, болашақ Қазақ хандығының хандары Жәнібек пен Керейді қолдаған адам.Демек, барша саналы өмірі, соңына қалдырған әдеби мұралары қазақ халқының тарихынан бөліп алғысыз болып кеткен оны халық жырауы емес еді деп айтуға батылымыз бармас, сондықтан Құрбанғали Халидұғлының Құдабай ақынның аузынан жазып алған:

Асанның асыл түбі Ноғай деймін,

Үлкендердің айтуы солай деймін.

Бұл сөзге анық қанық емес дім,

Естігенім, тақсыр-ау, былай деймін.

Тегінде ноғай, қазақ тегіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Орманбет хан ордадан шыққан күнде,

Асан қайғы қайғырып айтыпты жыр, - [7, 88 б.]

деп келетін шығармада жырауды ноғай жұртынан екендігін білдіріп, бірақ ноғай мен қазақтың түп аталары бір дейтін деректерде бәленшедей қарама қайшылық жоқ деуіміз орынды болады, себебі ол заманда бүгінгі күнде қазақтың ұлысын құрайтын Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп шығуына ықпал болған Қобыланды мен Дайырқожаның аталастары Қыпшақ пен Арғын рулары да аталған кезеңде Дешті-Қыпшақ ұлысының қол астында болатын.

Мұхтар Әуезовтың пікірімен айтсақ, «XIII-XV ғасырлардағы қазақ рулары Алтын Орда,Қазақ хандығы, Ноғай, Өзбек сияқты хандықтардың бәріне кірген, солармен бірге ыстығына күйіп, суығына тоңып, ірі тарихи оқиғаларды бастарынан бірге кешірген.» [8, 26 б.]

Түбінде осындай атақты, әрі беделді адамдарын өзім деп, өзге деп бағалауда барлық халық өте принципшіл. Олар батырларым, асылдарым аз еді деп, өзге елдің абыройы дүркіреп өткен перзентін өзінікі етуге мүлдем тырыспайды. Себебі, тарихы мығым халыққа өлермен мінез жат. Бөтеннен батыр жасауға олардың елдік намыс-жігері жібермейді.

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер?

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер?

Толғауды қазақ халқы Асан қайғы Сәбитұлынікі деп біледі. [7, 92 б.]

Қазақ тарихында жыраулар аз болып па? Олардың кез-келген біреуіне көз жұма осы шығарманы қия салуға болар еді ғой. Жоқ, мұнда да әдеттегідей алыстан ойлайтын, ақсақалымыздың сөзі еді деп, оның толғауын, аруағын сыйлап, халықтық тұрғыдан принциптілігін байқатады. Қазіргі заман адамдарының ұғымымен алсақ, қоршаған ортаның фауна, флорасының мүддесін жырлаған, шығарманың бір үзігіне солай қарағанда қазақ оның ел тізгінін ұстаушы Жәнібек ханға арнап айтқан толғауын одан да әрмен қорғаштап бағары анық:

Әй, Хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің?

Қорған салдың бейнет қып,

Қызметшің жатыр ішіп-жеп...

Мұны неге білмейсің?

Әй, Жәнібек, ойласаң,

Қилы-қилы заман болмай ма?! [9, 48 б.]

Жоғарыда барша дүниедегі жаны бардың хәлін ойлап тұрған ойшыл бұл жолы Жәнібек ханға жұртыңның жағдайын неге мүлде толғандырмайды, қымызға тойып қызарып, менмендеп сөйлеу не теңің, шаруаңның іске асып жатқан бірі де жоқ, болашағыңа, халықтың келешегіне көз жүгіртпейсің деп ашулана тіл қатады. Бір ғажайыбы, Асан қайғының авторлығымен сақталған шығармалар мен ол жайында өрбитін аңыз-әпсаналардың мазмұнында бәлендей өзгешелік жоқ. Мысалы, осындай әңгімелердің бірінде:

«Баяғы заманда Жайық пен Еділдің ортасында Жәнібек атты қағаны бар мемлекет болған екен. Сол елдің ішінде Асан қайғы атанып кеткен елдің қамын ойлайтын ойшыл, көреген кісі өмір сүріпті. Оның көрегендігі сондай, тіпті алдағы уақытта не жағдай болатынын болжап, алдын ала жұртына ескертіп отырады екен, осындай-осындай оқиғалар орын алады деп... Жәнібек хан жалғанды жалпағынан басып тұрған шағында Асан қайғы тоқсан бес жасқа келіп қалған екен...» - делінеді де, одан әрі қарай Жәнібектің сарайлар тұрғызу үшін көршілес Россиядан көптеген шеберлер алдыртып, зәулім сарайды бітіртіп, үлкен той жасататындығы, одан соң кейін Қарашаш деген күңіне үйленіп, құладын құсты баулып, оған аққуды ілдіріп, солардың бәріне той өткізіпті, мұны өз көзімен көрген Асан қайғы ханның ісін жақтырмай, «Сарайың оны салған орыстарға бұйырар, күңді әйел еткенің тұқымың хандықтан айрылар, құладынға қудың олжа болғаны көліңнің, жеріңнің шын иесінен айырылып, жат жұрттыққа бодан болатындығына көрінер,» деген болжамдары айтылады.

Тағы бір әпсана да осыған өте ұқсас, тек мұнда Жәнібек ханды «ойлы кісі екен» деп бейнелейтін жері бар және бұл аңызда Асан қайғының халыққа мекен етер қолайлы қоныс іздеп, он сегіз жылға жуық уақыт бойы жер жүзін аралайтындығы сөз етіледі..

Бұл аталған аңыздарда Асан қайғы былайша толғайды:

Қатын алдың қарадан,

Айрылдың хандық жорадан.

Ел ұстайтын ұл таппас,

Айрылар ата мұрадан.

Мұны неге білмейсің?

Құладын құстың құлы еді,

Тышқан жеп жүнін түледі.

Аққу - құстың төресі

Аңдып жүрген көп дұшпан,

Елге жау боп келеді,

Құладын қуды өлтірсе,

Өз басыңа келеді.

Құлың кеп сені өлтірер,

Осыны Асан біледі,

Мұны неге білмейсің? [9, 51 б.]

Аңыздағы кейіпкер мен тарихтағы жыраудың сөздерін салыстырып қарасақ, біріншісінде айтылған идея екіншісінде тұтастай дерлік қайталанады және көреген жанның айтқан болжамдары кейін іс жүзінде де дәл солай орын алуы таңқалдырады. Ақиқатында Жәнібек хан қандай ғимарат тұрғызды, оны дәлелдеп берерлік біздің алдымызда құжаттар жоқ, бірақ халық әпсанасы Астрахань сарайын Жәнібек хан тұрғызған деп санайды. Шынымен, ол сарайдың да, ол аймақтағы Бату сарайы мен Берке сарайының да Әз-Жәнібекке дейінгі жылдарда тұрғызылғаны тарихта тайға таңба басқандай жазулы тұр. Оған қарамастан әпсана-әңгімелерді қисынсыз деуімізге болмайды. Асан қайғының жырлары да осыны тірілтіп тұр, яғни, қандай сарай болғанда да қазақтың ханы Жәнібектің орыс ұсталарын шақыртып, бір ғимарат тұрғызғаны ақиқат аясына сыяды..

Ал, орыс құрылысшыларымен, олардың әміршілерімен Жәнібек ханның кезінде барып-келу араласы болды ма екен деп, ойымызға күдік келуі мүмкін десек, бұл күмәнді сейілтетін дәлелдемелер баршылық.

Біріншіден, Асан қайғының Жәнібек ханның кеңесшісі болып отырған шағы – Керей мен Жәнібек қосылып, 1456 жылы Моғолстанға, Хантауына жұртын етіп әкелген кезеңінде емес, 1465 жылы Қазақ хандығымен жиі қақтығысқан Дешті-Қыпшақ әміршісі Әбілқайырдың дүниеден озып, Жәнібектің қайта оралып, Астраханьда әмірін жүргізіп тұрған шағына тура келеді. Бұдан бөлек болжам жасауымызға әпсаналар мен Асан қайғы шығармаларының мазмұны мүлдем мүмкіндік бермейді.

Екіншіден, «Орманбет хан ордадан шыққан күнде, Асан ата қайғыдан айтыпты жыр» деп Құдұбай ақын толғауындағы Орманбет есімін Тоқай-Темір әулетінің мұрагері Мұхаммед хан деп санайтын Шәкәрім Құдайбердіұлы, белгілі тарихшы Ш.Ыдырасов, Қ.Сәтбаев, Қ.Халидұғлы, М.Мағауиннің зерттеулеріне назар аударсақ, Жәнібектің Орыс ханның тұқымы Кіші Мұхаммедтен жеңілгеннен кейін солтүстікке қарай жылжып, дербес Қазақ Ордасын құрғаны белгілі. Ал бұл орыс жұртының шекарасымен іргелес жер. Асан қайғы бірнеше жыл қызмет еткен әміршісін қимағанмен, Жәнібектің артынан ерген жұртымен ілесіп, сол маңайда да болып қайтқан екен. Орыс халқының құлқын да, сол шақтағы күшін де, саясатын да аймақ билеушісінен әрмен біліп жүргендігі де содан.

ХV ғасырда ғұмыр кешкен, бірақ қара басы жайында мағлұматтар мен деректер өте аз қалған жыраулардың бірі – Қазтуған Сүйінішұлы. Атақты жырау Мұрат Мөңкеұлының «Қазтуған» атты толғауына назар аударсақ, Қазтуған жырау Жайық өзенінің батыс жағындағы Нарынқұм, Қарасу, Қабыршақты өңірлерін қоныстанған Ноғайлы жұртының баһадүрі болған екен.

...Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің шешені,

Ұстаса Қашағанның ұзын құйрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер өтті - би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан,

Сүйінішұлы Қазтуған! [10, 125 б.]

Белгілі жырау бұл толғауда өзінің артта қалған өміріндегі айдың тұтылып, күннің мұнартып тұрғанындай келеңсіз шақта, ислам және христиан дініндегілер бақталастыққа түскенде, өз дінінің гүлденуіне, кеңінен тарауына сүбелі үлес қосқан мұсылман болғанынан ақпарат береді. Яғни, жат діндегілердің өз жұртын басқаруына бар ынтасымен қарсы. Ислам халқының Шыңғыс ханнан тарайтын баяғыдағы қуатты әміршілері енді билік тізгінін өздеріне қайтарып ала алар дейсің бе деп, жүрегі қан жылайды.

Осыдан шығатын түйін: Қазтуған халқының болашағы, атамекенінің тағдыры жайында күйіне толғанғанына қарағанда – бір замандағы қуатты ноғайлы, қазақ халқы бағзыдағы өздерінің бойы үйреніп қалған Шыңғыс хан әулеті биліктен адыра қалып, христиан дініндегілерге түгелдей басын иген сияқты. Бұл – жыраудың ең басты үрейі. Әрине, Қазтуған толғап отырған заманның өзінде де оның жеріне сол оқиғаға дейін әмірін жүргізіп келген беделді билеушілердің тұқымдары түгел жойлып, құрдымға кете қоймаған еді. Сәлде болса үміт сәулесі бар екенін жырау шығармаларының ырғағынан байқағандай боламыз, бірақ асарлы ой иесінің «қайта келер деймісің?» деген сөзіне үңілгенде, сол бір үміттен гөрі күмән мен дүдәмал басымырақ. Осы себептен де Қазтуған толғап отырған кез қай заман болуы мүмкін деп тереңірек ойлауға тура келеді.

Шығарманың астарына үңілсеңіз – ноғай, қазақ халқының атамекенінен кезекті рет босуын жырлап тұрғаны анық, бірақ 1456 жылғы Жәнібек ханның соңынан ерген заманның көрінісі емес, одан біраз кейінгі уақыт. Себебіі, 1456 жылдың шамасында осыдан бір ғасыр бұрын Алтын орданың қуатты шағы енді оралмасқа кеткенмен, оның орнында іргесі қаланған Ноғай Ордасы, Өзбек хандығы, Қазақ хандығы, Астрахань хандығы, Қырым қандығы, Үлкен орда әлі де болса қуатты болатын. Ал Шайбани әулетінен шыққан Әбілқайыр хан өмірден озып, Асан қайғы Жәнібек ханның соңынан еріп Еділ жағалауына оралатын 1465 жылдардан кейінгі уақыттарда Россия халқы есін жинап, күшейіп келе жатқанмен, тура Қазтуған жырау қайғы ететіндей христиан дініндегілерден қатер төніп тұрмаған еді. Себебі, Асан қайғы болашақта халқын орыстың басқаруы мүмкін екендігін меңзегенмен, тура Қазтуған жырау сияқты шамырықпайды. Яғни, жыраудың Еділ бойын тастап шығуы бұл заманнан кейінгі жылдар, бірақ Қазтуғанның Асан қайғы және оның баласы Абатты «бірге жүрген жолдасым» деген сөзіне назар аударсақ, ол бейнелеп тұрған уақыт – Асан қайғының Жәнібек ханды Еділ жағалауында қалдырып, шығыс жаққа бағыт аударған уақыттан айта қойғандай алыс емес. Сол себептен, осы оқиғаның болған кезін анығырақ ұғу үшін сол заманның әлеуметтік жағдайына көңіл қою керек деп ойлаймын.

1237-1241 жылдардағы Бату ханның жорығынан соң моңғол-татар екпініне тап болған орыс халқы өзінің тәуелсіздігіне жету үшін екі жүз қырық жыл бойы үздіксіз соғысумен келгені белгілі. Бұл тұста олар қарудың қыр-сырын да, демократиялық амал-тәсілдерді де аямай жұмсады, бірақ оның бәрі бірдей ойдағыдай бола қойған жоқ. 1380 жылы болған Күлік шайқасы мен 1480 жылғы Уградағы шайқастың арасын жүз жыл бөліп тұр. Осы ғасыр аралығында Бату ұрпақтары көптеген қағанаттарға бөлініп, күштері таусылды. Ішінара қырқысудан соң араларына жік түсті, қуаты қайтты. Мұны көршілес хандықтар пайдалануға тырысты.

Әсіресе, бұны тиімді пайдалана алған орыс әміршілері болды. Әрине, осы кезеңде ғұмыр кешкен орыс княздары да өара тату бола қойған жоқ. Олар да бір-бірімен шайқасып жатқан еді, бірақ олар Бату ұрпақтары секілді алпауыт хандығын уақ хандықтарға бөлшектеу үшін емес, уақ княздықтарының бәрін бір-біріне қосып, тұтас мемлекет құру жолында шайқасты. Мысалы, Күлік айқасының баһадүрі Дмитрий Донскойдың ұлы Василий І 1371-1425 жылдар аралығында ұлы Мәскеу княздығына төменгі Муром, Новгород, Қоми, Вологда аймағын қосып алды. Оның мұрагері Василий ІІ де Мәскеу княздығының күшеюі жолында күрес жүргізді, бірақ онымен таққа таласқан немере бауыры Юрий Дмитриевич Донской арасындағы тартыс бауырлар арасында да, халық арасында да мемлекет абыройын біраз әлсірете түсті. Сол тұста Василий ІІ мұрагері «өте сақ, бірақ тәртібі қатаң, Россияның баүкіл күш-қуатын ұстап тұруға шамасы жететін» батыр Иван үшінші билік тізгінін өзінің қолына алды. Ол билік еткен қырық жылға жуық уақыт ішінде Россия белгілі бір шекарасы бар, мемлекет ретінде даму процесін бастан өткерді. [11, 100 б.]

Иван ІІІ өзінің билік еткен кезінде әлде де болса айналасына сес көрсетуге қауһарлы Алтын Ордадан қалған ұсақталған мемлекеттердің бір-біріне көрсеткен сұмпайы қылықтарын да ұтымды пайдалана алды. Анау Бату хан дәуірінен бері қарай Россия халқы жіберіп отыруы тиіс салықты Алтын Орданың ақырғы әміршісі Ахметке енді жібермес болады. Мәскеудегі Ахмет ханның елшісін сарайдан қуып шығады. Осының барлығын, әрине, Иван ІІІ Қырым хандығының билеушісі Меңлігерейге арқа сүйей отырып жасады, себебі Меңлігерей хан Ахмет ханның бақталасы болатын.

Үшінші Иванның Мәскеудегі елшісін қуып шыққанына Ахмет хан ашуланып, ызаға булығып, тез арада әскер жасақтап Россияға аттанып кетеді. Мәскеудегі Иван патша барлық жасағын жиып, Ахметке қарсылауға шығады. Екі хан Угра өзенінің жағалауында жолығады, алайда үшінші Иван ұрысты алғаш болып бастауға батылыбармайды. Ал бұл уақытта Ахмет ханның Мәскеуге аттанғанын Қырым ханы Меңлігерей бііп отырды. Осыдан соң жанына Қасым хандығының әміршісі, бауыры Нұрдәулет және өзінің жасағын, онымен қоса, Мәскеулік әскерді ертіп, Ахметтің елін шауып, сарайын талан-таражға түсірді. Ордадан жеткен жаушы Ахмет ханға бұл суыт хабарды жеткізді. Айласы таусылған Алтын Орданың соңғы билеушісі әскерін жинап, елге қайтады. Бұдан соң, әрине, Қырым хандығы мен Алтын Орда арасында достық жайында әңгіме өрбиі қиынырақ, бірақ Ахмет хан оралғанда Меңлігерей хан ойындағысын тындырып, ордасына қайтып кеткен болатын. Қақаған қыстың бел ортасы болғандықтан ордаға қайтқан жасақты Алтын Орда ханы отбасыларына қайтарып жібереді.

Осы кезде бұл сәтті күтіп жатқан Мұса, Ибақ пен Жаңбыршы он жеті мың әскермен тосыннан келіп соққы береді де, Ахмет ханның басын шабады. Бұдан соң бір замандарда атағы дүркіреп тұрған Алтын Орданың құлдырауы, ендігі уақытта орыс жұртына жалтақтамай күн кеше алмайтыны анық. Қазтуған жыраудың күрсіне толғануының сыры, меніңшең, сол 1480-1481 жылдардағы тарихи қақтығыстармен байланысты.

Қазтуған мен Асан қайғы жыраулар Алтын Орда мен Ақ Орданың, Ноғайлы ордасының шаңырағы ойран боп, қазақ халқының ешкімге тәуелсіз ел атануға тырысып жүрген тұсында ғұмыр кешкен азулы жыраулар екені мәлім. Бұлардың тарихи атамекені– Еділ мен Жайық арасы. Өмір сүрген аймағы – «төскейде малы, төсекте басы» күнде қосылып, құмырсқадай үймелеген ноғай, қазақ сияқты ағайын халықтың іші. Сол себептен қазіргі таңда шекарасын аулақ салып кеткен осы бір екі ағайынды жұрт та жырауларды өздерінің көркем әдебиетінің, ел тарихының перзенті деп есептейді және осыдан келе жатқан екі халыққа да қатер жоқтың қасы. Қайтадан туыстықты, жекжаттықты есімізге салатын көне мұралар секілді бұлардың да жәдігерлеріне деген құрмет ерекше. Осындай айрықша сөз шеберлерінің бірі – Шалкиіз жырау Тіленшіұлы. [10, 138 б.]

Шалкиіз жырау Тіленшіұлы революциядан бұрын-ақ шығармалары баспа бетін көп көрген жырауларымыздың қатарына енеді және жырлары біршама зерттелген адамдардың бірі болып саналады, бірақ жыраудың бүкіл толғаулары, ғұмыр кешкен уақыты толық зерттеліп болды десек қателескен болар едік. Түптеп келгенде азулы ақсақалымыздың есімі Шәлгез бе, Шалкиіз бе деген сұрақтардан бастап, жыраудың өмір сүрген уақытын шамамен болса да есептеп болжаудың өзінде де түрлі пікірлер айтылып келеді, алайда бұған бола Шалкиізді зерттеп жүрген ғалымдарға кінә артудың керегі де жоқ, себебі революция жылдарынан бұрын және кейін Ахмет Байтұрсынов жасаған араб графикасы енгізілгенге дейінгі ескі әліпбиімізде «е» мен «и» дыбыстары тек бір ғана таңбамен беріліп жүрді. Сол себептен, жыраудың атын Шалкиіз, Шәлгез, Шалкіз деп әркім өзінше атауға құқылы. Сонымен қатар, ғалым В.Радлов өз еңбектерінде Шалкіз деп, башқұрт ғалымдары Шалкииз деп жазса, 1875 жылы «Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің жазбаларына» берген С.Жантурин мен Т.Сейдалиннің орысша аудармаларында «Певец Шалкииз» деп жазылса, Шалкиізді тек Шәлкез деп жазғанымыз дұрыс деп қырсығуға болмайды, сол себептен мен өз зерттеуімде осы екі есімді де бірге алып отырмын.

Шалкиіз жырау Тіленшіұлының ең көп жырлаған адамы Би Темір екендігі бәрімізге белгілі:

Алп, алп басқан, алп басқан,

Арабы торым өзіңсің.

Жазылы алтын, қол кескен,

Алдаспаным өзіңсің.

Білерді білмес не демес,

Сұлтан ием, сен менің

Бармай тапқан қағбамсың.

Сен – алтынсың, мен – пұлпын,

Сен – жібексің, мен – жүнмін,

Сен – сұлтансың, мен – құлмын,

Сен – сұңқарсың, мен –қумын,

Жемсауыңа келгенде

Сұлтан ием, сом жүрегім аяман,

Керекті күні алдыңда

Ғазизлеген сұлтан жаным аяман! [9, 60 б.]

Бұл қай Темір деген сұраққа жауап іздер болсақ, жырау ол әміршіні қажылық сапардан тоқтатуға арналған үлкен бір шығармасын да «Едігеден туған ұғылдың Мырзасы өзің болғансың, Атан қумас бурасың, һәр ісіңе турасың» дей келіп, оның тек қана әділеттілігін насихаттап қана қоймай, Едіге тұқымынан екендігіне де анық жауапты өзі береді. Осы жерде, әрине, «Едігеден туған ұғылдың, Мырзасы өзің болғансың» деген сөзін Едігеден тараған адамның балаларының арасындағы даңқты, билікке қолы жеткен абыройлысы өзіңсің деп те түсінуге болады, себебі, даңқты Едіге балаларымен аралас, соның арасында Темір бидің мейірімін, өзіне деген ерекше ықыласын көріп тұрып, сол адамның Едігенің туған баласы немесе немересі екенін білмеуі мүмкін де емес. Сол себептен екі түрлі мағына беретін, тіпті бір қарағанда Темір Би Едігеұлы деген ұғымда айтылатын осы жолды солай да ұғынуға болады деп ойлауымыздың жөні осында. Сонымен қатар жырау Темір Би туралы «Мансұрдан туғанның мырзасы өзің болғансың» деп жырлауға тілі келмей қалып отырған жоқ, бірақ сол кісіні халқы Едіге секілді білмейді. Едіге есімі ол кезеңдегі қасиетті ұғым. Онымен қоса, немеренің Едігеге бала болмайтындай несі бар? деп те қорытуымызға болады. Қалай болған күнде де, жырау бұл сөзі арқылы шындықтан аттап кете алмайды.

1352-1419 жылдар аралығында өмір сүрген, Ноғай ордасының іргесін қалаған белгілі Едіге бидің тұқымдарын қазақтың белді тарихшысы М.Тынышбаев осылай таратады: Едігеден Нұреддин, Қазы, Мансұр, Қағбад, Наурыз туған. Оның Мансұрынан Темір туған. Орыс ғалымдарының да біразының ойы дәл осыған ұқсас. Олар Едігеден Нұраддин, Мансұр туады, ал Мансұрдан Теңсубуй би мен Темір би тараған, олар 1480 жылы Уграға аттанған Ахмет ханның әскерінің арасында болған деп көрсетеді. (28

1481 жылы Ахмет ханның басы шабылған соң, қуаты қайтқан Алтын Орданың жерінде қалған жұртқа біз арқау етіп отырған Темір Би басшылық жасайды. Оның Ахмет ханның көзін жоюға қатысқан, Нұраддин сұлтаннан тарайтын немере ағайындары Жаңбыршы мен Мұса сұлтандарға қалай қарағанын дөп басып айту қиын, бірақ олармен мақсаттас, одақтас болып келген Қырым ханы Меңлігерей жұртына 1485 жылы шабуылдағаны, жеңіске жетіп ордасына олжалы оралғаны мәлім:

Шалкиіздің Арық ханға арнаған:

Арық хан!

Менің ием бұлай іс етсе,

Айналаңды берік етер,

Жиған малың тәрік етер,

Атың, тоның бұлды етер,

Өз басыңды олжа етер...

Алтынды Бақшасарай, Қырымға,

Әзірленген сұлтан жаның шалт етер! [9, 62 б.] –

дейтін шығармасы түбінде осы шайқасқа байланысты жайттардың көрінісінен ақпарат беретіні анық. Яғни, Шалкиіз бұл тұста Би Темірдің жанында жүрген орда жыршысы, билеушінің ақыл айтар кеңесшісі. Жырау Қырым билеушісіне артынан болса да кек сақтаған. Бұл жырда оны атымен атамай, Арық хан деп (сыртқы пішіне қарай айтып отыруы мүмкін) кекетіп, мұқатып, басың малыңмен бірге алынар, Бақшасарай Қырымдағы қастерленген жаның көкке ұшар деп қаймықпай, шегелей сөйлеуінің өзі тегін емес. Жырау Би Темір ұстанған саясаттан алшақ болған емес.

Жырау Би Темірдің жанында кеңесші қызметін атқарғанына Республика Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ә.Дербісәлин де, бүгінгі зерттеушілер Қ.Сыдиықов та, Х.Сүйінішәлиев те, М.Мағауин, т.б. ерекше назар аударған, алайда жыраудың ол кезеңде шамамен неше жаста болуы мүмкіндігі жайында олар әртүрлі пікірде. Мысалы, Мұхтар Махауин Шалкиіз жырау 1465 жылы дүниеге келіп, 1560 жылы дүниеден озды деген пікірді ұстанады, әйтсе де ол Шалкиіздің 1465 жылдар шамасында дүниеге келуі мүмкіндігіне мән беріп тоқталмайды. Ал марқұм Ә. Дербісәлин болса, Темір Бидің Меккеге аттануға тырысқан тұсы «кем дегенде ХV ғасырдың сексенінші жылдары. Шалкиіз бұл тұста едәуір жасқа келген, уәлі ауыз, атақты, әрі батыр, әрі жырау. Әйтпесе, оны жұрт Темірді қажы сапарынан тоқтатуға жұмсамас еді» деп, жыраудың сол жылдарда біраз жасқа келіп қалған адам болуы мүмкін екендігін айтады. Шынымен де, орынды болжам. Ал атақты зерттеуші бұл пікірді халық аузындағы «Шалкиіз Мұсаның қызынан, Орақпен текелес апасынан туған» дейтін, кезінде М. Мағауин мен Қ.Сыдиықов зерттеген деректемелердің ақиқатқа қаншалықты жақындығына көз жеткізу үшін жазады. 28

Ал Би Темірді Шалкиіз жыраудың қажы сапарынан алып қалуы жайында, оның алдында Би Темірдің халық сөзіне еріп, кеңесшісін жанынан қууы жыраудың толғауларында анық суреттелген. Жырау:

Көбең семіз торыңмын,

Көп құлыңның бірімін. –

дегенде өзінің Темір Би жанына келіп «көбең» тартып, халыққа абыройлы болған, ханға тәуелділердің бірі екендігін сөз ете келіп, толғауын одан әрі былай жалғай түседі:

Жақсыңнан мені кем көрдің,

Жаманыңмен тең көрдің,

Жақсыңнан мені кем көрсең,

Жаманыңмен тең көрсең,

Ұялы берікке қос артып,

Сен есенде, мен сауда,

Ырысымды сындайын

Сегіз қиыр шартараптан іздермін.

Яғни, ордадан алысқа кететіндігін жеткізеді, дегенмен бұл өзінің саптағы көп уәзірдің бірі емес, ата-тегі сол әміршімен тамырлас отбасының тұқымы екенін шегелеп тұрып мәлім етеді:

Еділден аққан сызашық,

Мен көргенде тебінгіге жетпес су еді,

Телегейдей сайқалтып,

Жарқыраған беренді,

Теңіз етсе тәңір етті...

Тебінгінің астынан

Ала балта суырысып,

Тепсініп келгенде,

Тең атаның ұлы едің

Дәрежеңді артық етсе, тәңір етті. [11, 109 б.]

Мына толғаудың төркінінде, расында да, бізді ділгер етіп жатқан оқиғаның жауабы бар емес пе екен деп түсінуге әбден болады. Шалкиіздің беделді, әрі ақсүйектер әулетінің ұрпағы екендігі айдан анық. Мүмкін, «Тең атаның ұлы едің» деп Би Темірге айбат шегуіне қарағанда, ханның немере қарындасынан туған жиені болуы да ғажап емес.

Ендеше, жырауды беделді отбасыға жиен етіп сипаттау, көңіл үшін бүгінгі заманға жеткізушілердің ойлап тапқан сөзі емес, баяғыдан бері қарай айтылып жүрген әпсаналардың сарқыны.

Шалкиіз Би Темірді қажылық сапардан тоқтату үшін айтқан сөзінде:

Темір еді ханымыз,

Теңіз еді халқымыз,

Тебірлерге қалғанда,

Теңселер сойды ауыр ноғай жұртыңыз –

деп жырлайды, демек, осы толғау айтылған кезде Би Темір хандық беделдегі адам. Шынында да, мұнда 1485 жылы Қырым хандығына шабуыл жасап, ноғай жұртының қуат алып, «ауыр ноғай жұрты» болып, аз ғана уақытқа болса да Едіге тұқымының желі оңынан соғып тұрған кезінен дерек бар. Одан басқа, ол Қырым елінен, Қазан елінен шабылып, шат-шәлекей заманнан оңғарыла алмай жатқан тұстың немесе 1485 жылға дейінгі мезгілдің шамасы болса, жеке адамдар барша ұпайын санамалап жүрміз десе де, басы мен мүлкінен айырылып қалған халық, яғни, «Ноғай халқы» «ауыр» халық, беделді, дербес, қуатты қауым ретінде суреттелмес еді. Осыдан шығатын түйін: Шалкиіз жырау бұл тұста бергісі жиырма төрт жасқа, тіптен отыз жасқа кеп қалған азамат. Ал осы тумысынан ойы озық, кемеңгер сөздің иесі болып жаратылған адамның тура халық ұйырлық пікір білдіретін қынынан суырылғандай дер шағы. Тіпті жырауды Темір би маңайынан алыстауға мәжбүр еткен де оның дәл осы жас бола тұра, ханмен әу бастан пікірлес болып, бірге ғұмыр кешіп келе жатқан уәзірлерден гөрі беделді болғандығы. Осы пікірге деректемені біз Қырымдағы ноғайлардың ішінен жазып алып, 1896 жылы баспаханаға берілген В.В.Радловтың көп томдық кітабының жетінші томынан таба аламыз: [12, 35 б.]

«Ша Темір ханның Шалкіз дейтін бір сақлау болған. Бұ бек батыр жігіт, бек ақылды жігіт. Ша Темір хан онсыз бір ас ішілдмеді. Уәзірлер ағалар Шалкізді қудалады. «Темір хан – деді, - бізді еш те бақмай, Жалаң Шалкізмен қызмет құра, - айтылар ағалар Ша Темір ханға. – Иа Шалкіз кетсін бұл жерден, Шалкіз кетпесе біз кетеміз бұл жерден, - деді. Ша Темір хан айтты Шалкізге «менің халқым сені қуалады, сен кетпесең болмажақ» - деді. «Бек ару сұлтаным, - деді, - кетейім, - деді. Бұға мал бережақ болды. Шалкіз айтты: «мағанмал керек емес» деді... Бір жыл, екі жыл жай отырды. Ша Темір хан іса үйінде отырды. Шалкізді наслы қайтарып әкелмектің есебін таппайды. Бір күні ақылына бұ келді. Қажыға кетуге ниет етейін деді, Шақырды мемлекетін, бек ару мысафыр етті. Ертесі күн Ша Темір хан айтты: «Ей, халқым, - деді, - ағаларым билерім, эфенділер, моллалар, сіз маған разы болыңыз, мен һажыға кетпекпін», - деді. Халық айтты: «Ша Темір хан бұ наслы іші? Бұ халықты кімге сымыраш етерсіз? Халыққа кім болыр? Сен кеткен соң бізің әліміз не болыр? Хан Темір хан айтты: «Илламен кетежақпын, - деді», - Жүктерін кемеге тиетті. Халық бір жерге жиылып машаурат еттілер, айттылар: «Бұлар Ша Темір ханды кім тоқтатар» - деділер. Іштерінен бірісі айтты: «Шалкізге барайық, Шалкізді әкелейік, ол тоқтатыр» - деді. Бес, он аға жиылып бардылар Шалкізге, жалбарындылар әман: «Шалкіз сен білерсін, Ша Темір хан кетежақ болды, сен оны тоқтат». Барабар келділер. Сәлем берділер. Шалкіз келді Ша Темір ханға:

Менің ием Ша Темір,

Ниет етті кебеге,

Жүк тиетті кемеге,

Ниет етсең, ием, сен кетерсің,

Жүк тиетсең, ием, сен жетерсің.

Тәңірінің үйі Меккеге,

Барсаң тәуба етерсің,

Атаклап жиған көп халқын

Енді өзіңнен соңыратын

Кім сымыраш етерсің?

Сонда Ша Темір хан айтты: «Шалкіз келді, енді болмас, кете алмаймын». Әмір етті қызметкерлеріне: «бар жүктерді түсіріңіз» деді. Бардылар, түсірділер. Бұ Ша Темір хан мұрада һажы кетмек түгіл, Шалкізді қасына келтірмектік үшін еді. Соңынан бардылар, Шалкізді көшіріп әкелділер».

Бұнда да барлығы анық. Хан кеңесшісі беделіне дейін жеткен уәзірлер өздерінен ойы ұшқыр, қимылы ерекше Шалкиізді Темір бидің маңынан алыстатуға ықпал болады. Екі-үш жылға шейін Шалкиіз ханның жанынан алыста өмір сүреді. Темір би жатса да, тұрса да Шалкиіз жырауды жанына алдыруды мақсат етіп, ойы сан-саққа кетеді. Түбінде көп ойланған адам айла таппай қоймайтыны белгілі. «Қажылыққа барамын» дейді. Мұндағы басты мақсаты: қай уақытта Шалкиіз жырау келіп тоқтатуға үгіттегенше, халқын әміршісіз қалдыратындай етіп үрейлендіру. Осылайша Темір би ойындағы ісін жүзеге асырады. Жанына Шалкиіз жырауды көшіртіп алады. [12, 38 б.]

Бұнда бізге мақсатымызды айқындауға қажетті, екі мәселені анықтарлық дәлел бар: біріншіден, Темір бидің қажылыққа барамын дейтін тұсы мен Шалкиіз жырау екеуінің арасындағы кілтипанның шынымен де болғандығы. Екіншіден: Темір би Шалкиіз жыраумен дауласқан кезде, кеңесшілері мүлтіксіз қызмет жасауға құштар болардай алпауыт билігі бар әмірші. Яғни, 1485 жылдан кейін болған оқиға. Ал Шалкиіз жырау болса ханның маңайындағы кеңесшілердің ең жасы. Жыраудың «бек батыр жігіт, бек ақылды жігіт» болып, «уәзірлер ағалар Шалкізді қудалады» деп суреттелуі сол себептен.

Ал Қырымдағы ноғайлар мен қазақтардың Шалкиіз жырау толғаған тарихи кейіпкері – Темір би бір адам. Бұған ноғай нұсқасындағы «Менің ием... ниет етті кебеге» толғауының жекелеген тармақтары болмаса, түгелдей қазақ халқының Шалкиіздің Темір биді қажылық сапардан тоқтатқан шығармасына тура келіп тұрғандығы дәлел болады.

Қарабас күспен шалдырып,

Көк теңіздің үстінде,

Көтеріп желкен аштырып,

Уай, хан ием, жүк тиеттің кемеге,

Ниет еттің тәңірінің үйі кебеге

Жүк тиетсең кетерсің.

Ниет етсең жетерсің,

Жетсең тауап етерсің

Етектеп жиған халқың,

Сұлтан ием, кеткеніңде

Кімге асмар етерсің?

Екі нұсқасында да Шалкиіз «еліңді кімге тастап барасың? – деп Би Темірге сауал қояды да, қазақы толғауда:

Ақ ала таудың алдында,

Ақ ала жылқы жусайды.

Айналдырып қарасам,

Сол жылқының ішінде

Ат тапқандай бие жоқ.

Жолың да болсын, ау, ием.

Сен де кетіп барасың,

Енді өзіңнен соңыратын

Жұртқа бір лайық иек жоқ – деп халқыңа ие болар адам жоқ, дегенмен жолың ашық болсын, ал мен өзім тек сенімен ғана біргемін, сенсіз сынымнан айырылғандай боламын деген ойын:

Тіленшіұғлы Шалкиіз,

Иесі Би Темірдің тұсында

Бұлтқа жете жазды бұл мүйіз.

Иесі Би Темірден соңыратын,

Тұқылдықтан сартылдап

Үзілер болған сол мүйіз, - деген жолдармен жеткізе кеп, басты ойын былайша қорытындылайды:

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түсетсең,

Тәңірінің үйі Кебені,

Сұлтан ием, қарсы алдыңнан жасапты.

Дәл осылай шилыққанда, кеңнен жырланған кемел ойға, әрине, Шалкиізбен қалай болған күнде де төс қағыстырамын деп жүрген Би Темірдің қуанары да, қажылық сапарға бармайтыны да анық. Осылайша, хан Шалкиізбен татуласады, алайда Темір би бұл оқиғадан соң көп өмір сүрмеген. [12, 40 б.]