Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Защита.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
144.05 Кб
Скачать

КІРІСПЕ

Адамзат баласының тарих көшіне ілесіп, ғасырлар бойы өмір кешкен кез-келген ұлт пен ұлыстардың жалпы тағдыры бір-біріне кей тұстарда ұқсас келіп жатуы заңды құбылыс, бірақ бір ұлттың жүріп өткен жолы, өзімен тұрғылас басқа бір халықтың тартқан тауқыметін, көрген қызығын дәл сол қалпында қайталамақ емес. Белгілі бір тарихи аймақты мекен еткен ұлт, ұлыс атанатын мыңдар мен миллиондардың дүниенің басқа бір қиырындағы атын естісе де тірлігін көзімен көрмеген бейтаныс елдің тұрғындарынан да, тағдырдың жазуымен, бірде ащы, бірде тәтті көршілікте тұрып жатқан іргелес елдің өзі тектес халқынан да негізгі өзгешелігі осында.

Ежелгі заманнан бергі қазіргі Қазақстан мен оған іргелес аймақтардың негізгі төл тұрғыны, атамекен иесі болып тірлік кешіп келе жатқан қазақтар тарихының шамамен отыз ғасырлық уақыт кеңістігін қамтитындығы аян. Бұл уақыт ішінде, әрине, осы халықтың мәйегі болып табылатын көптеген қазақ рулары сандаған халықтармен майдан даласында айқасты. Жеңді. Жеңілді. Басқа жұрттардың санын толықтырды. Сапасын арттырды. Кей тұстарда белгілі бір уақытқа аттарын да өзгертті. Қайтадан бұрынғы атын иеленді. Діні мен ғұрпына да өзгеріс енбей қойған жоқ. Жүдесе де талай тарихи жұттарды басынан кеше отырып белін бекітіп, буынын қатайтты.

Бұл аймақтың талай жат жұрттық елдердің әрқилы азаматтарының назарын ертеден-ақ өзіне аударып келгені ешкімге құпия емес, өйткені ең алдымен мұндай шалқар дала, апайтөс атырапты дүниеге тойымды білмейтін обыр көздер көреді. Қызығады, иеленсем дейді. Сол мақсатын жүзеге асыру үшін тездете бел шешіп әрекет етеді. Сосын мұндай елге жиһаркездер, саяхатшылар, ғалымдардың да ынта-ықыласы аумай тұрмайды. Ал бұлардың көңіл күйі кейде тек танысам, білсем дейтін адал ниетті пенделік қызығушылықтан бастау алса, кейде өзінің өмір сүрген қоғамы мен мемлекетінің байысам, өзімдікі етсем дейтін тойымсыз аранына қызмет етумен астасып отырады.

Қалай болғанда да қазақ сахарасына дүниенің әр қиырынан ат ізін салғандардың саны аз емес. Қылышын жарқылдатып жеткен парсылар мен македондықтардың, арабтар мен маңғолдардың, т.б. ауыр қолдары сайын даланың үстін сайыс алаңына айналдырған. Олардың пәрменділері жорық жолдарын, билік жүргізген тұстарын хатқа түсіртіп отырған. Сондай-ақ, жеке бір мемлекеттердің атынан елшілік сапарында болғандар да, қазаққа көрші жұрттардың әртүрлі дәреже, лауазымдағы тарихшылары да өздері құлағдар болған жайларын қағазға өрнектеуден тартынбаған (Бабыр, Әбілғазы жазбалары, т.б.).

Соңғы үш ғасырдағы қазақ елінің тірлігі Ресей жұртымен байланысты болып келгені мәлім. Бұл елдің де қазақ даласын аралаған саяхатшылары, ел билеген әкімдері көрген білген мағлұматтарын қағазға түсіруден жалықпаған. Олардың бірсыпырасы, тіптен, қазақтың өткен-өмірі, салт-дәстүрін зерттеп жеке кітаптар жазды. Фольклорлық мұраларын жинақтатып, тасқа бастыртып шығарды. Бертін келе Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, т.б. өзіміздің ұлт өкілдері қазақтың өткен өмірі, қол бастаған батырлары мен ел басқарған билеушілері, салт-дәстүрі жайында қалам тербеп, еліне ой салар шығармаларды дүниеге әкелді. ХХ ғасырдың басында «Шайыр»», «Көксілдір» сияқты өткен замандардың жыраулары мен ақындарының мұраларын елге таныстыратын кітаптар жарыққа шықты. Кеңес дәуірінде қазақтың білімдар азаматтары М.Тынышбаев, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, С.Аспандияров, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, С.Аманжолов, т.б. елінің өткен тарихын өзге ұлт өкілдерімен жарыса зерттеді. Батырлар жырындағы, ақын-жыраулар мұрасындағы тарихи кейіпкерлерге ерекше назар аударды.

Қазіргі еліміз егемендік алған дәуірде ұзақ уақыт бойы еңсесі езіліп келген халқымыз өзінің өткен тарихына қатты ден қоюда. Есет, Қабанбай, Бөгенбай, Ескелді, Өтеген, Абылай, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Сырым, Жанқожа, Кенесары, Бұқарбай, Шортанбай, Мұрат, т.б. көптеген халқының қамал бұзған ерлері, еліне пана болған ел басылары, сұңғыла ақын-жырауларының мерейтойлары өз дәрежесінде аталып өтуде. Олар жайлы ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен тарихи жырлар жеке кітап болып, республика ауқымында өткізілген ғылыми-конфедерациялардың материалдары, жалпы ел басынан өткен елеулі оқиғалар турасындағы зерттеушілер лебіздері қайтара жинақталып басылуда. Сондай-ақ, соңғы уақытта бұрынғы кеңестік идеологияның әсерінсіз жазылған С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтановтың көне қытай, араб, парсы жазба деректері мен түрік, маңғол шежіре-жылнамаларына сүйене отырып түзілген.

Тегінде әр дәуірдің шынайы өнердегі көркем шындығын тану бұл әдебиеттану ғылымындағы тарихилық сынды келелі проблемалармен тікелей сабақтас. Әрине, біздің төл әдебиетіміздегі тарихилық мәселесінің көрінуі, оның даму жолдары өзіне тән өзгешеліктерден құр алақан емес. Ілкі көріністері сонау ХІІІ ғасырдағы қазақ жұртының өзге түркі тайпаларымен еншілес кезіндегі араб оқымыстылары Ұлық жыршы атаған шығарма өкілінің Жошы хан өлімін өлеңмен естіртетін хатқа түскен жырынан басталса, одан бергі кезеңінде бұл құбылыс ХV-XVII ғасырлардағы Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз сияқты жыраулар шығармасынан жалғасын тапты. Кейін бұл дәстүрді XVIIІ-ХХ ғасыр басындағы жыраулар мен ақындар келіп ұластырды. Солардың қайсысының шығармасында да қазақ халқының елдік тарихы жырланды. Ел үшін отқа түскен ерлердің ерекше істері үлгі ете көрсетілді. Сондай-ақ, шығарма өкілінің өз портреті мен оның өмір сүрген дәуіріндегі белгілі тарихи тұлғалар мен оқиғаларға деген қатынасы да әдебиетте айқын көрініп отырды. Бұл ерекшелік, әсіресе, Қазақстанның Ресейге қосылған кезінен бергі тұстағы жыраулар мен ақындар поэзиясында айқын аңғарылады. Ал оның барлығы көркемсөз иесінің авторлық беті мен абырой-беделіне тікелей қатынаста болатын. Мәселен, Бұқар жырау мен Үмбетей жырау бір дәуірде өмір сүргенмен, олардың мәселенің байыбына бару шамалары мен авторлық, қоғамдық тұлға ретіндегі салмақтары әрқилы екендігі даусыз.

Тарихилық мәселелер сөз болатын XV-ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының бірсыпыра мұрасы кейінгіге ауызша сақталып жеткен. Бұл тұрғыда аталмыш кезеңнің әдеби туындылары батырлар жыры, тарихи жырлар секілді фольклорлық шығармаларға бірсыпыра ұқсайды, бірақ авторлы туындылар бойында өзінің сол ауызша сақталғандығымен, кейіпкерлердің кей тұста істеген істерін, ата-тегін, төңірегін тізімдеп көрсететін шығарма иесінің шығармашылық машығынан өзге оларды фольклорлық мұрамен туыстыратындай басқа белгі жоқ. Ең негізгісі фольклорлық туындылар әр түрлі нұсқада кездесетін, әрқилы авторлардың қолынан өткен ұжымдық еңбек болып саналса, жеке жырау немесе ақын атымен сақталған шығармадан ондай көп кісінің шығармашылық үлгісін таба алмаймыз және осы қасиетіне орай авторлы туындылар эпосқа тән фантазиямен астарлас әрқилы қоспалардан таза болып келеді. Сондықтан біз ауызша сақталған жеке авторлар мұрасын фольклортану ғылымының емес, әдебиеттанудың өз объектісі деп білеміз, бірақ шығарманың ауызша сақталу фактісі және оның ілгеріде айтылғандай батырлар жыры мен тарихи жырларға кейбір тұрғыдағы ұқсастықтары оларды фольклорлық мұралармен салыстыра отырып зерттеуді талап етеді. Оның үстіне жеке авторлар жырлаған Қабанбай, Бөгенбай, Абылай, Жанқожа, т.б. тарихи тұлғалар мен олар өмір сүрген дәуір көріністері фольклорлық мұраларда барынша кеңінен көрініс тапқан және бұлар біраз уақыттан бері фольклортану ғылымында зерттеліп келеді.

Қысқасы, әлденеше ғасырлық тарихы бар қазақ халқының төл әдебиетіндегі өз тарихының ақиқатын бейнелеген тарихилық мәселелерін арнайы зерттеуге әдебиетшілер қауымы енді ғана кірісті. Бұл зерттеу жұмысында нақтылы деректілі іздестіріліп, дәлелденетін алғашқы қазақ хандығы тұсындағы оқиғалар, Жоңғар мемлекетімен арада өткен соғыстардың көрінісі, хиуалықтардың езгісіне қарсы Сыр бойындағы егіншілердің күресі, Ресей отарлаушыларына қарсы әр кездердегі бас көтерулер, Исатай Тайманов бастаған шаруалар көтерілісі, т.б. әр алуан тарихи жайлар мен фактілердің барлығы да тек қазақ әдебиетінде белгілі орны бар сөз өнері иелерінің тарихты жырлаудағы жеткен биігі ғана емес, қазақ халқының өткенін білсем дейтін кез келген салауатты жанды ынтықтырар мәселелер екендігі қақ.

Демек, мәселенің күрделілігі де, маңыздылығы да осында. Ал маңызды мәселелер күрделілігі мен қиындығына қарамастан талай зерттеушілерді өзінің қызметіне салмақ. Сөз жоқ, олардың ішінде талай байыпты ізденістерге толы зерттеулердің, тың ойлардың, соны пайымдаулардың дүниеге келері күмәнсіз. Ал менің бұл зерттеуімді көзі қарақты оқырманның осындай іске тәуекел етіп жасаған алғашқы қадамдардың бірі ғана деп ұққаны орынды болар еді деп ойлаймын.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Соңғы жылдары ұлттық тарихтың көркемдік танымымен қоса, тарихи танымына аса көңіл бөлуді жолға қойып отыр. Себебі көпжанрлы, көпқабатты, көпқырлы халық мұраларының ішкі тініндегі көптеген категориялармен бірге тарихи белгілердің де ас та төк екендігіне көз жетіп отыр. Әсіресе, академиялық кәсіби тарихтың діңін құрайтын – халық мұрасы екендігі дәлелденіп отыр. Сонау Рашид ад-Дин,

Қ. Жалайри, Әбілғазы, Бабырлардың мұраларында тұнған тарихи көріністер

бүгінгі заманауи Қазақстан тарихының іргетасын қалады. Егемендікке дейінгі пышақтың қырындай мұқабаға сыйған төл тарихымыз халықтың әдеби жәдігерілерінің арқасында жүздеген томдықтардың қауызын жарды.

Бұл жұмыстың да негізгі мұраты мен өзектілігі – сол тарихи оқиғалардың ен ортасында жүріп, әр кезеңдегі тарихты жасаушы жыраулар поэзиясында образдалған алмағайып жағдайларды көрсетуге арналған.

Зерттеу жұмысының нысаны. Жоғарыда аталғандай аталмыш жұмыстың нысаны - ұлттық тарихтың көркемдік танымы мен тарихи танымын егіз өріп, жыраулар поэзиясы арқылы талдап көрсетуге бағытталған.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Әр дәуірдің тақтақтары мен айтқыштарының, заржақтары мен ділмарларының өз заман тұсын бейнелеудегі көркемдік көзқарастары мен талғамдарынан туған бай мұрасын жинақтауды мақсаттана отырып, олардың орындалу міндеті талдау арқылы жүзеге асырылды.

Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Алынған жұмыстың шешімі аналитикалық, синтетикалық, ретрологиялық талдау арқылы орындалды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. Аталмыш жұмыста тарихты образдаудың эволюциялық бастауларының тасқа тігілген сілемдеріне, кітаби әдебиеттегі, одан бертін келе төл тарихымыздың келбетін ашқан Қазақ ордасы дәуіріндегі жыраулар поэзиясындағы тарихи танымдарды жинақтау арқылы қорғауға ұсынылады.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе мен екі тараудан, алты тараушадан және пайдаланған әдебиет пен қорытындыдан тұрады.

1 Тарихты образдаудың эволюциялық қайнар көзі

1.1 Тастағы тылсым тағдырлардың бейнелілігі

Қазақ әдебиеті тарихы халқымыздың көне замандардан бастап қазірге дейін жасаған көркем әдебиет шығармаларын толық қамтыды. Ежелгі дәуірдегі әдебиетіміз жайлы айтқаңда, әуелі екі мәселені мықтап ұғуымыз керек. Біріншісі – ежелгі дәуір әдебиетіміздің шығармалары тек қана қазақ халқының ғана олжасы емес, олардың басқа да түркі тектес халықтардың әдебиетіне ортақ екендігі. Екіншісі – қазақ тілінде емес, көне түркі тілінде жазылғандығы. Енді осы мәселелерге анықтама бере кетейік.

Қазақ хандығының құрылуына ықпал болған ру- тайпалар ол кезеңдерде қазіргі Қазақстанды, Оңтүстік–шығыс Сібірді, Орта Азияны, Еділ бойын, Орталық Азияны, Каспий жағалауларын мекендеген. Олар өзбек, ұйғыр, қырғыз, әзірбайжан, түрікмен, хақас, қарақалпақ, башқұрт, татар халықтарының төл құрамына кірген ру-тайпалармен аралас өмір сүрген. Осылайша, экономикалық, этнографиялық, әлеуметтік, мәдени ортасы бір-бірімен тығыз байланысты болған түркі тілдес халықтардың әдебиеті де ортақ болды. Кумандар, Дешті Қыпшақтар, тағы басқа да аталған көшпелі, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы түркі тілдес халықтардың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, арман-мақсаты поэзия тілімен суреттеліп, батырлық эпостар, ертегілер, аңыз-әпсаналарда баян етілген. Құлпытас және күмбез түріндегі ескерткіштерге өздерінің елеулі деген тарихи тұлғалары жайлы жоқтау, мадақтауларын өлең түрінде қашап жазып қалдырып отырған. Бұл түркі халықтарының жазу мәдениеті бұрыннан пайда болғанын аңғартады. Ру-тайпалық заманда дүниеге келген шығармалардың тілі халқымызға түсініксіз болса, олар қазақ әдебиетінің қазынасы бола ала ма деген сауал пайда болады. Кей зерттеушілердің қате пікірде екенін де естен шығармағанымыз абзал. Дегенмен, ғылым тұрғысынан алғанда, олардың қате жауаптары негізсіз.

Себебі, “Қай халық болмасын көне замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары, сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал”, – деген пікір білдіреді ғалым Б.Кенжебаев. Сол себептен де, қазақ халқы әдебиетінің ежелгі дәуіріне қатынасты әдеби мұралар көне түркі, шағатай (шағатай, тілі – араб және парсы сөздері араласқан түркі ру-тайпаларының кітаби тілі, ол сол кездегі барлық түркі тектес халықтарға түсінікті тіл болған), ұйғыр, парсы, араб тілдерінде жазылғанмен, біз ол мұраларды төл әдебиетіміздің тарихының басы деп білеміз. “Ежелгі әдебиет” (VII-XIV ғғ.) деп аталатын жеті ғасырды қамтитын әдебиетіміздің, ұзақ тарихына қатынасты мұралар, ескерткіштер аз емес. Солардың бірегейі, әрі алдыңғы шебі, көне мәдениет ескерткіштерінің ғажайыбы, барша әлемге белгілі болған тарихи тас, жыршы тас – Орхон ескерткіштері (VIII ғ.). [1, 32 б.]

Бұл ескерткіштер Орхон, Енисей өзендерінің (Сібірдегі) бойынан (осындай жазбалар Қазақстан даласынан да көптеп табылған, олардың ең көлемдісі Талас ескерткіші) табылған. Бұларды алғаш тапқандар: швед офицері Иоганн мен орыс зерттеушісі Н.М.Ядринцев (XVIII–XIX ғғ.). Көздің жасымен, жүректің қанымен тастарға қашалып тұрып жазылып, өзгеріске ұшырамай бізге жеткен осы бір керемет тастағы жазуларды ғылым тұрғысында «руналық жазулар» деп атайды. Ол жазуларда VII ғасырдың алпауыт мемлекеті – Түркі қағанатының қарамағындағы толып жатқан ру-тайпалардың өзара сансыз жауласуы, ұрыстары мен жорықтары баяндалады. [1, 35 б.]

Бұл ескерткіштердің басты қаһармандары – хандар, бектер, тектілер жайлы суреттеуінен сол замандағы тұрмыс туралы түсінік те аламыз. Ескерткіштің авторы - сол жазуларда есімі кездесетін Йоллығ-тегін.

Мәңгі тас қалдырдым, жаздырдым,

Бұған қарап мынаны біліңдер –

Бұл жазуды қалдырғанның аты - Иоллығ-тегін. [1, 37 б.]

Иә, сол тас та, тастағы тарихи жазу да, автордың есімі де шынымен мәңгі өмір сүруде. Иоллығтегінді халықтың тарихын, өмірін толғап айтушы ежелгі ақын-жыраулардың басы деуге болады. Орхон ескерткіштері – алғашқы эпостық жырлардың бірі. «Күлтегін», «Тоныкөк» шығармаларында тарихи тұлғалар, белгілі бір оқиғалар образдық дәрежеге жеткізіле жан-жақты баяндалған.

Әдебиетіміз де, ондағы мұралар да адам баласын жазумен, оның құпия-сырын ашумен келеді. Адамның ішкі мінез-құлқынан бастап оның бүкіл өмірін, жүріп өткен белестерін, жаратылысын тануға арналады. Сөз өнерінде салыстырыла, сипаттала баяндалған күйінде әртүрлі əдіс-тəсілдер арқылы образ беріледі. Образ жанама мінездеу, тура мінездеу, кейіпкердің ішкі монологы арқылы, диалог кезінде немесе кейіпкердің бір ауыз сөзі арқылы беріледі, сомдалады. Бұл дастандардағы қаһармандардың образы да, алуан-алуан оқиғалар мен шайқастар да - тарихи шындық. Күлтегін, Білге, Тоныкөк - реалистік образ. Осы жерде бұл терминге ғалым З. Қабдолов былайша түсінік береді: «Реалистік образ – нанымды образ: оның мінез-құлқы, іс-əрекеті, оны қоршаған орта, оның басынан өтетін оқиға... бəрі өлшеулі, бəрі мөлшерлі... ». [2, 204 б.]

Əкем қаған өлгенде

Інім Күлтегін жеті жаста қалды.

Он жаста Умай текті шешемнің бағына

Інім Күлтегін ер атанды, -

деген жолдардан əкесінен ерте айырылғанына қарамастан, он жасында атқа қонып, елі үшін ер атанған Күлтегін жалғыз ата-ана үмітін емес, түркі халқының арман-мұратын арқалағандай. Күлтегін – түркі халқының ерлік сипаттарын бойына дарытқан жиынтық образ. Оның тұлғасында бір кездерде жалпақ даланы еркін билеген түркі тайпаларының өршіл, қайтпас мінезі бар. Оның тұлғасында халықтың сондай батырым болса деген арманы бар. Ол көрсеткен ерліктердің арқасында түркі халқының кедейі бай, азы көп болғандығы суреттеледі, демек, жырдың түпкі мұраты ретінде халықтың мәңгі бейбіт өмірді аңсайтындығын көру қиын емес.

«Төрт бұрыштағы халықты,

Көп алған, бәрін бейбіт еткен.

Бастыны еңкейткен,

Тізеліні бүктірген

Білге қағандар екен,

Алып қағандар екен,» - [1, 38 б.]

деп бір ауыз сөзі арқылы Иоллығ-тегін қағанаттың хәл-қуатын шебер образдаған. Дәулетке көз алартып, елдің қамын ұмытқан, таққа таласып, өзара қырық пышақ болған қағансымақтардың желкесін үзіп, Күлтегін қолбасшы баба салтымен өзінің ағасы Білгені қаған етеді. Өлең ішіндегі «төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт еткен» деген жолдарға үңілсек, түркі халықтарының сол кездегі наным-сенім, жаратылыс туралы түсініктерін байқай аламыз.

Ежелкі түркілер жерді, дүниені төртбұрышты деп түсінген және «ілгеру» (шығыс), «қурыйа» (батыс), «беріие» (оңтүстік), «йырайа» (солтүстік) деп бөлген. Жұдырықтай жұмылған халық сол тұста бейбіт өмір сүрген екен. «Бастыны еңкейткен» деген тіркесті «жауын бағындырды», «жауын өзіне қаратты» деген қарапайым мағынада қабылдауға болмайды. Білге, Күлтегін, Тоныкөк өздерінің ерліктерімен, әділдікті жақтауымен сол заманның көсемдері, ақсүйектері, данышпандары, шешендері, билері, ақындары сияқты елдің басы боп жүрген жандарды мойындата білгендігін , ал «тізеліні бүктірген» деген тіркесте елдің қолбасшыларын, әскерін шеберлікпен басқарып, оларды бір ту астына жинай алғандығын баяндап тұр.

Руна жазуымен жазылған бұл мұралар не жылнама, не шежіре емес, өз заманының әдебиет үлгілері екеніне толығырақ көзімізді жеткізу үшін Күлтегін жазуынан бір оқиғаны мысал етейін (Күлтегін дастанының үлкен жазуы дәл осындай алты оқиғадан тұрады):

Биікте Көк Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне ата-тегім

Бумын қаған, Істемі қаған отырған.

Отырып түркі халқының ел-жұртын,

Қалыптастырған, иелік еткен.

Төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен,

Сарбаздарымен аттанып,

Ілгері Қадырқан қойнауына дейін,

Кері-Темір қақпаға дейін жайлаған.

Екі аралықта жүрген иесіз көк

Түріктерді осылай қоныстандырған екен. [3, 28 б.]

Мінекей, Күлтегін дастанынан алынған осы жолдарданақты тарихи деректемелер соншалықты мол емес. Автор Бумын мен Естеміс қағанның қай кезде билік еткеніне қатысты ешқандай датаны көрсетпейді. Бұл билеушілердің әскери жорықтары туралы анық деректер келтірмейді. Тек қай жерлерге дейін басып алғанын көрсетумен ғана шектеледі. Біз мысал келтіріп отырған жолдағы басты мәселе – есімі аталған қос билеуші билік еткен тұста барша «көк түрік» жұртының даңқы көкке жетіп, қағанаттың іші де, сырты да тыныш, бейбіт болуы еді. Елдің мұншалықты бейбіт ғұмыр кешуінің себебін дастан иесі: билеушілер мен олардың бұйрығын орындаушылар көреген, әрі батыр болды, халық пен бектер қағандарына адал қызмет жасады – деп бейнелегісі келеді. Алайда, Иоллығ-тегіннің бұнысы тарихи шындықпен көп байланыса бермейді.

Ал жылнама-шежірелерде сол замандағы орын алған жайттар егжей-тегжейлі тізбектелген. Түріктер баяғыда жужан еліне тәуелді халық болатын. Түркі тайпаларының басын біріктіруші Бумын қолбасшы жужандарға тәуелділіктен арылу үшін оларға қарсы соғыс ашпақ болды және бұған оңтайлы сылтау іздеуге кіріседі. Ұзақ ойланып, ақыры тиімді айла ойлап табады. Бумынның өзі жужан әміршісі Анахуанға «қызыңды маған бер» деп оның намысына тие түседі. Себебі, көне ғұрыптар бойынша, қағанның қызын алу – билеушімен теңесу деген мағынаға ие еді. Сонда жужан ханы: «Менің айдаладағы темір балқытушым мұндай талап қоюға қалайша дәті барды» деп ашуға мінеді (Тарихи деректер бойынша, түріктер жужандарға бағынышты болған кезде оларға темір балқытып беріп отырған). Бумынның күткен жауабы да осы еді. Түрік әскері 552 жылы қыз мезгілінде жорыққа аттанып, жужандарға күйрете соққы береді. Сөйтіп, түрік халқы тәуелсіздігін алып, Бумын қаған атағын иемденеді. Алайда, көп уақыт өтпей сол жылы Бумын қаған қаза болады. [3, 29 б.]

Бумыннан кейін таққа оның інісі Қара-Еске жайғасады. Ол да жужандарға қарсы әскерін жинап, Орхон өзенінің бойында екінші рет жеңіске жетеді. Қара-Ескеден кейін қаған атағын оның інісі Мұқан иемденіп, Түрік қағанатының күш-қуатын одан бетер арттырып, атағы әлемге жайылады. Қағанаттың шекарасы шығысында Корей елі мен батысында Каспий теңізіне дейінгі аралықты алып жатты. Ол замандарда түріктер Византия, Иран, Қытай сынды алпауыт елдермен саяси қарым-қатынас орнатқан еді.

Күлтегін дастанының авторы – Иоллығ-тегін түрік елінің жылнама-шежіресін тарихшы ретінде жазып қалдырғысы келсе, қағанаттың гүлденген шағына бір тоқталмай кетпес еді. Оның басты мұраты- түріктердің басынан өткерген тарихын жазу емес, сол халықтың дәстүрін, мәдениетін кейінгі заманға идеял етіп көрсету болған. Ол Түрік қағанатының дүркіреген кезін Бумын қағанның атымен байланыстырады. Автор үшін Бумын - сол халықтың күшті болған кезеңін оқушыға елестететін басты қаһарман ғана. Одан кейінгі билік еткен атақты билеушілердің ешбірін автор сөз етпейді. Басынан-ақ Күлтегіннің ата-анасы Елтеріс пен Елбілгені суреттей кетеді. Бұнысы түсінікті нәрсе, себебі автордың мақсаты билеушілердің аттарын, істеген істерін, тарихи оқиғаларды тізбектеп шежіре құрау емес, түркі жұртын бір уақыттағыдай бірлікке, ата-баба салтына адал берік болуға үндеу.

Орхон жәдігерлерінің тарихи шежіре емес, әдебиет бөлшегі екеніне көз жеткізу үшін тағы бір дәлел келтіре кетейін. Қапаған жайлы оқиғадан соңғы жолдарда Білге өзі хақында:

Түркі халқының атақ-даңқы

Өшпесін деп,

Әкем қағанды,

Шешем қатынды

Көтерген тәңірі,

Ел билігін берген тәңірі

Түркі халқының атақ-даңқы

Өшпесін деп,

Мені қаған отырғызған еді. [3, 33 б.]

Күлтегін ескерткіші бойынша Қапаған қайтыс болған соң Елтеріс қағанның тұңғыш баласы Білге бірден таққа отырады.

Ал тарихи шындық тіптен өзгеше, Қапаған қаған жорықта қайтыс болған соң қағанаттың тағына кім жайғасады деген мәселе тұрды. Көне түркілер салты бойынша таққа Елтерістің тұңғыш ұлы Білге отыруы тиіс болатын, алайда Қапаған бұл салтты өзгертіп, тірі кезінде ізбасары етіп өзінің ұлы Бегюды сайлайды да, оған кіші қаған дәрежесін береді. Елтерістің ұлдары – Білге мен Күлтегін ел басқару істерінен аластатылған болатын.

Қапаған қайтыс болды деген хабарды естіген бойда Күлтегін батыр саяси төңкеріс жасады: өзінің қарауындағы ставкаға соққы беріп, Қапағанның мұрагерін, басқа да әулет мүшелерін, тіпті қағанның жақын араласқан адамдарын, уәзірлері мен кеңесшілерінің бірін қалдырмай қырып салады.

Күлтегін ата-баба салтын бұзбады, таққа ағасы Білгені отырғызды да, өзі қағанаттың іс жүзіндегі нөкері – әскери бас қолбасшы міндетін атқарды.Осылайша, Күлтегін дастанының авторын қызықтырған мәселе – қағанаттың ішкі-сыртқы көрінісі емес, «іші ассыз, сырты тонсыз, бейшара, мүсәпір халықты» Білгенің қалай дәулетті, бейбіт еткендігін бүгінгі күнге көркем шығарма ретінде жеткізу болған. Білге қаған өзі туралы:

Өлімші халықты тірілттім,

Жалаңаш халықты тонды,

Кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым,

Тату елге жақсылық қылдым.

Төрт бұрыштағы халықты

Бәрін бейбіт қылдым,

Тату қылдым, -

дейді. Сондай-ақ, тарихшы-ғалымдар Орхон ескерткіштерінің авторы өзі өмір сүрген дәуірдегі бірқатар тарихи оқиғаларды әдейі бұрмалап жазғанын дәлелдеп отыр. Мәселен, түріктердің 701-702 жылдардағы жорықтарын Қапаған қаған басқарғаны жылнама-шежірелерден жақсы мәлім. Алайда Күлтегін ескерткішінде бұл шайқастың басты қаһарманы етіп Күлтегінді көрсеткен. Ал Білге қаған ескерткішінде Білге қаған басқарған болып шығады. Мәселен, Күлтегін жазуында:

Жиырма бір жасқа келгенде,

Чача Сеңумен айқастық, -

дейді. Ал шындығында 706 жылы Чача Сеңумен болған соғысты Қапаған қаған басқарған. Тарихи оқиғаларды осылайша бұрмалап көрсету Орхон жазбаларында жиі кездеседі. Мұның себебі, автордың басты мақсаты тарихи шындықты шежіреші ретінде көрсету емес, сол дәуірге тән қас батырдың көркем бейнесін жасау болып табылады.

Күлтегін образы оның жорықтары үстінде ашыла түседі. Жастығына қарамастан жауға қарсы ұмтылып, аз əскерімен қойдай қырылған жауын мұқатады, жорықтары барысында астындағы тұлпары мерт болса да Күлтегінге оқ дарымайды:

Қаруына, сауытына жүзден артық оқ тиді,

Барлаушының басына бірі де дарыған жоқ. [3, 35 б.]

Бұдан Түрік қағанатында қару-жарақ жасау өнері керемет дамығанын, соғыс өнерін жетік меңгергендігін, майданда түрлі амал-тәсілдер қолданып, аз әскермен жаудың қалың қолын талқандауға қабілетті және қауқарлы болған. Дастандағы Білге қағанның:

Өліп-талып жерді ұлғайттым,

Біраз ұлғайттым,

Біріккен халықты от-су қылмадым,» - [3, 36 б.]

деген сөздерінен халық арасында, билік арасында бір-бірлеріне деген өштестік болмағандығын байқаймыз. «От-су қылмадым» («өштестірмедім») деген тіркес әлі күнге тілімізде қолданылып келеді. Білге қаған елдің қуатын арттыру үшін біраз жерлерді жаулап алды, демек, қол астында бірнеше ұлт пен тайпалар болды. Ал оларды бір-біріне қырғи-қабақ танытып, алауыз болмай, керісінше, тату-тәтті өмір сүруге шақырып, тұтас ел қылуды мақсат етіп және соған жеткендігін Иоллығ-тегін аздаған сөздермен ауқымды образдай білген.

Күлтегін батыр қаза тапқанда бүкіл түркі жұрты қайғыдан қан жұтып, аза тұтқан, қолбасшысынан айырылған қаралы елге әлемнің түкпір-түкпүрінен елшілер келіп көңіл айтқан, қастарына тас қашаушы шеберлерді және таңбашыларды ерте келген делінеді. Жерлеу рәсіміне көршілес, әрі жаулас табғаш, татабы тайпаларынан, Бұхар, Түргеш қағанатының басшылары келген. Демек, сол заманда түркі жұрты қайтпас қайсар болған және ержүректілігімен жауын да мойындата алған, ал жаулардың батырларға лайық құрмет көрсетіп, ата-баба дәстүрі шеңберінен шықпай, намыстарын құлатпағандығын байқаймыз. Автор Күлтегіннің өлімін баяндау арқылы осы ғұрыпты сауатты образдайды. «Қағаны алып екен, Ақылгөйі білгір екен» деуі жау образын айшықтай түскен. Нағыз ерлерше бір-бірін мойындап, оларға қайран қалысын жасырмаған.

Ол кезеңде, сондай-ақ, данагөй, асқан ақыл иесі, көреген көсем Тоныкөк өмір сүрген еді. «Тоныкөк» дастанындағы:

Түрік Бөгі қаған үшін,

Түрік Білге қаған үшін,

Қапаған қаған үшін,

Түнде ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым,

Қызыл қанымды төктім,

Қара терімді ағыздым,

Күш-қуатымды аямадым.

Мен өзім ұзақ жорықтарға да бастадым, - [4, 48 б.]

деген жолдардан Ұлы ойшылдың бейнесін анық елестетеміз. Автор Тоныкөктің қай жылдарда өмір сүргендігін, қанша жыл ғұмыр кешкені жайында ашық жазбай, тарихты образдау арқылы үш бірдей қағанның кеңесшісі болғандығын айтады. Құтылығ, Қапаған, Білге қағандардың билік еткен жылдарын есептей отырып, ақынның жасын шығара аламыз. Тоныкөк ақындығымен қоса тілімен орақ орған шешен болған. Оған бір дәлел – қытайлар айдап салмақ болған оғыз әскерін талқандап, қалған жұртын сөзбен бағындырғандығы. «Мен өзім ұзақ жорықтарға да бастадым» деген жолдар осы тарихи тұсқа келеді. Түрік қағанаты дәуірінде жырау да, би де, қаған мұрагерлері де, сарай уәзірлері де қажет кезде жауға шапқан ержүрек болған, автор бір ғана адамды суреттей отырып, жалпы халыққа тән қасиетті тиімді образдаған.

Орхан өзенінің бойынан табылған тастағы көркем шығармаларда Түрік қағанатының құрылуы, күшеюі, құлдырауы жайында тарихи деректер жазылған. Әдебиетіміз бен тарихымызға ортақ бұл ескерткіштерге көркем шығарма деген атауды бере аламыз, себебі жазылу ерекшеліктері мен құрылысын, сөйлем соңдарының дыбыс жағынан үйлесуін, әрбір тармақтағы сөздер санында белгілі бір шектеу барын , сондай-ақ, жылдардың айтылмағанына қарап, ол жылнама-шежіре емес, тарихи көркем шығарма деуімізге толық негіз бар.