Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
текст Word.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
218.03 Кб
Скачать

3.2 Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары мен Заңдары

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды [28]. Бұл Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған осы актінің мазмұны мен маңызына сай келді. Мемлекеттік егемендік туралы Декларациямен бірге бұл Конституциялық заң 1993 жылы қабылданған республиканың жаңа Конституциясын әзірлеу үшін негіз болуға тиіс еді және негіз болды да. Ол Конституцияның түп нұсқасы ретінде қарастырылды және сол рөлді атқарды.

Кез мемлекеттің саясаты мемлекеттің негізгі заңы – Конституциядан бастау алады. Оған қоса мемлекеттегі қабылданатын құқықтық актілермен, мемлекет басшысының халқына жолдауларымен толықтырылады [62].

1995 жылғы Конституцияда Конституциялық заңдардың келесілерін қабылдау көрсетілді. Бұл заңдарды Конституцияда белгіленуі кезектілігі бойынша қарастырсақ, олар: Мемлекеттік нышандар - Ту, Елтаңба және Әнұран туралы (9 б.), Қазақстан Республикасы Президенті туралы (41 б. 1т.), Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы (49 б. 4 т.), Үкімет туралы (64 б. 4 т.), Конституциялық Кеңес туралы (71 б. 6 т.), Сот жүйесі туралы (75 б. 4 т.) заңдар.

Конституцияда тікелей көрсетілмегеніне қарамастан Республикалық референдум туралы, Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңдар да Конституциялық болып табылады.

Конституцияда Конституциялық заңдарды қабылдау тәртібі анықталған. 62 баптың 4 тармағында Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен палаталардың бөлек отырыстарында әуелі Мәжілісте, содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы қабылданатындығы бекітілді. 53 баптың ескі нұсқасы бойынша бұл заңдар Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданды.

Конституциялық заңдарды қабылдау тарихында бірталай ерекше жағдайлардың орын алғанын да қозғап кету қажет.

Конституцияның 92 бабында Конституциялық заңдардың Конституция күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде қабылдануға тиістілігі бекітілді. Оларды Парламент қабылдайды. Алайда, Парламентті сайлаулар негізінде құру үшін және жаңа құрылған Парламенттің мұндай заңдарды қабылдауы үшін бірталай көп уақыт кажет етілетін болды. Мұндай жағдайда халық пен мемлекеттің мүддесі үшін заңдылықты, Конституция нормаларын сақтай отырып Конституциялық заңдарды өзге жолмен қабылдау қажет болды.

Тығырықтан шығар жол табылды. Өз өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтата отырып XII шақырымдағы Жоғарғы Кеңестің 1993 жылы 10 желтоқсанда кабылдаған «Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті Әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы» Заңда «Қазақстан Республикасының Президентіне Конституцияның негізінде және соған сәйкес жаңадан сайланатын Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі бірінші сессиясының жұмысы басталғанға дейінгі мерзімге заң күші бар құжаттар шығару құқығы берілсін» деп жазылған еді. «XIII шақырымдағы Жоғарғы «Кеңестің» сайлануына байланысты, оның бірінші сессиясының жұмысының басталуымен Президенттің бұл құқықты жүзеге асыруы тоқтатылуы тиіс еді. Алайда, ол Жоғарғы Кеңестің заңсыз деп танылуына байланысты бұл құқықты пайдалану туралы мәселе қайтадан бас көтерді. «XIII шақырымдағы Жоғарғы Кеңес» заңсыз деп танылғаннан кейін Президент заң күші бар акті шығару құқығын жүзеге асыруды жалғастыруы мүмкін бе деген сұрақ көлденеңінен қойылды. 1995 жылдың 11 наурызында Конституциялық Кеңес өзінің қосымша ұйғарымында мұндай жағдайда 1993 жылдың 10 желтоксанындағы Заң қайтадан күшіне енетінін және Президент өзіне 1993 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған заңмен берілген құқықты жүзеге асыруды жаңа сайланған жоғары өкілді органның бірінші сессиясы жұмысын бастағанға дейін жалғастыруға құқылы екенін анықтады [36, 88].

1995 жылғы жаңа Конституция бойынша Жоғарғы Кеңестің орнына мұндай орган болып Парламенттің құрылғаны белгілі. Олай болса, Президент заң күші бар актілерді шығару құқығын Парламенттің бірінші сессиясы басталғанға дейін иеленді.

«Заң шығару билігінде бос кеңістік пайда болған кезде мемлекеттегі барлық істер үшін жауапкершілікті Президенттің өз мойнына алуына тура келді. Парламент жоқ кезде заң күші бар. Жарлықтармен құқықтық реттеу саласындағы кем-кетіктердің орнын толтыруға, нарық шаруашылығын қалыптастыру үшін аса қажет деген Экономикалық заңдар пакетін қабылдауға тура келді. Соның нәтижесінде еліміздің шаруашылық кешенінің үзіліссіз жұмысы қажетті заңдылық негіздермен қамтамасыз етілді. Бұдан баска, Конституциялық нормаларды тезірік іске қосу мақсатында Президенттің жарлықтарымен Конституциялық заңдардың басым көпшілігі қабылданды», -деген еді Президент [41, 158].

2007 жылдың 21 мамырында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заңға сәйкес Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар төртінші шақырымдағы Парламентпен қабылданған тиісінше Конституциялық заңдарға да енгізілді.

Енді нақты Конституциялық заңдарды қарастырамыз.

1.ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» Конституциялық заң күші бар жарлығы 1995 жылы 26 желтоқсанда қабылданды. Жарлықтың орнына 1996 жылдың 6 мамырында Парламент кішігірім өзгерістермен «ҚР Президенті туралы» заң қабылдады. Конституциялық заң күші бар жарлықта және 2007 жылы 19 маусымда енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды қамтыған Парламент қабылдаған аталмыш Конституциялық, заңда Президенттің мәртебесі, Конституцияның 44 бабына сәйкес оның өкілеттіктері: сыртқы саясаттағы өкілеттігі, мемлекеттің қорғаныс қабілетін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өкілеттігі, Парламентке, Үкіметке, Конституциялық Кеңеске, соттарға және судьяларға, прокуратура органдарына, Орталық сайлау комиссиясына, Ұлттық Банкке, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және әкімдерге, Президенттің өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарға, республикалық референдумға қатысты және өзге де өкілеттігі анықталды [57, 14].

Бұл өкілеттіктер Президентке жоғары мемлекеттік басшылықты жүзеге асыруға, қоғам мен мемлекет өмірінің негізгі мәселелерін шешуге, аталған органдарға нақты басшылық етуге, билік органдарының және қандай да бір билік тармағының жүйесіне кірмейтін органдардың келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі Конституциялық функцияларды сәтті орындауына мүмкіндік береді.

Белгілі ғалым C.Н. Сабикенов атап көрсеткендей, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмес бұрын, талқыланған заңның сәйкестігін өкілетті орган қарап, заңға сәйкестігін тексереді (Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі).

Конституция бойынша вето жасау құқығы президентке беріледі. Нидерланды, Индия, Пакистан сынды кейбір мемлекеттерде ғана іс жүзінде жүзеге асырылып, баспа бетінде жарияланады [63].

Сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге байланысты негізгі бастамашы болып Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев табылды. Тиісті мәселелер бойыншабірқатарұсыныстарды Парламент депутаттары мен саяси партиялар да енгізді [40, 155].

Қазіргі нұсқадағы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңды талдай отырып сайлау заңнамасының келесідей маңызды қағидалары мен идеяларын көрсетуге болады. Онда сайлау құқығының негізгі қағидалары: еркін сайлау, жалпыға бірдей сайлау құқығы, тең сайлау құқығы, тікелей сайлау құқығы, Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезінде жаңама сайлау құқығы, жасырын дауыс беру және еріктілік қағидалары бекітілген.

Заңмен сайлау алдындағы үгіт жүргізудің құқықтық негіздері анықталған: кандидаттар және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өздерінің Конституцияға, саяси және идеялық алуандылық, сөз бостандығы және ақпарат еркіндігі қағидаларына сәйкестікте әзірленген болашақ қызметі туралы сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сонымен қатар, сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың Конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылыкқа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген Әскерилендірілген құрылымдар құру идеялары уағыздалмауға тиіс.

Заңмен бұқаралық ақпарат құралдарының кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективті көрсетуді жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға тиістілігі бекітілген.

Заңда кандидаттарды ұсынуға байланысты мәселелер маңызды орын алады. Президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерде, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну жолымен -азаматтарда болады. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана), қалалық, аудандық мӘслихаттар сессияларында жүргізіледі және өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қатысты кандидаттар ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі болады. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіп бойынша тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақолардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттар ұсыну құқығы азаматтар жиналысында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтарда болады [26, 83].

Президенттің, Парламенттің және саяси партиялардың идеяларына сәйкес және көптеген елдердің ең жақсы тәжірибелері ескеріле отырып соңғы жылдары бірнеше рет өзгертілген сайлау құқығының нормалары сайлауларға халық билігін шынайы жүзеге асыру сипатын берді. Сайлау құқығы ең үздік әлемдік үлгілер деңгейіне дейін көтерілді. Ол халықтың, саяси партиялар мен өзге қоғамдық бірлестіктердің белсенділігін көтерді. Ол әділ де мөлдір сайлаулар өткізуге мүмкіндік тудырды. Мұның бәрі сайлаулар мен сайланбалы органдардың жоғары заңдылығын қамтамасыз етті. Мұның бәрі -демократияны дамыту процесіндегі, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде халықтың рөлін көтерудегі, мемлекетті, оның халық пен әлемдік қауымдастық алдындағы беделін бекемдеу процесіндегі маңызды қадам.

Заңмен маслихаттардың құқықтары кеңейтілді. Әртүрлі деңгейлер арасында басқаруды анықтап ажырату жүзеге асырылып жатқан тұста жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзіреттерін неғұрлым нақты айқындау перспективалары ашылып, демократияландырудың жалпы-мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру процесінде жергілікті өкілді органдардың тұтастай, жеке алсақ әкімдердің қызметіне бақылау жасау саласында кұқықтары мәнді түрде кеңейді [19, 78].

«Мемлекеттік қызмет туралы» соңғы заң 2015 жылы 23 қарашада қабылданды. Барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жалпы ережелер ҚР Конституциясының 33 бабында белгіленген.

Конституциямен сәйкестікте әзірленген «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда мемлекеттік қызметтің кағидалары, мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік органдардың өзара қатынасы анықталған. Ол қағидалар мемлекеттің құқықтық және демократиялық сипаттарынан туындалады. Мемлекеттік қызметке кіруші немесе оған орналасқан адам мемлекеттік органдардың шешімдерін адал атқаруға дайын адам болуы керек, өз міндеттерінің орындалуына жеке жауапты бола отырып кәсіби, құзырлы маман болуға тырысуы қажет. Өз кезегінде мемлекет, оның органдары мемлекеттік қызметті жалпыға кол жетімді етуі тиіс, азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруінің еріктілігін, мәні бірдей жұмыстарды орындағаны үшін еңбекке ақыны тең төлеуді, мемлекеттік қызметшілердің бақылауда болуы және есептілігін, мемлекеттік қызметшілердің адал еңбегін көтермелеуді және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды үздіксіз жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Заң мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметке орналасуы үшін және жоғары категориядағы лауазымға көтерілуі үшін конкурстық іріктеу қағидасын белгіледі.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке кіру мен жоғары лауазымдарға көтерілудің заңсыз жолдарын - таныстық, парақорлық, биліктік күштерді пайдалану мүмкіндіктерін жояды. Мамандарды осылай іріктеу нәтижесінде мемлекеттің аппараты неғұрлым адал, азаматтар үшін қол жетімді, халықтың алдында неғұрлым жұмысқа қабілетті және беделді болады.мұны Н.Ә. Назарбаев демократияны дамыту процесіндегі маңызды қадам деп бағалайды.

Заңда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби даярлығы, құқықтық мәдениеті, азаматтармен жұмыс істеу қабілеті деңгейін анықтау мақсатында өткізілетін аттестаттация мәселелеріне үлкен көңіл бөлінген.

Бұл заңды қолдану мемлекеттік қызметшілердің кадрлық құрамын жаңартып, сапалы түрде жақсартты, ол бұл реформаларды сәтті жүргізудің, модернизацияны жеделдетудің, мемлекетті, оның халықпен байланысын нығайтудың шарттарының бірі болып табылады [13, 19].

31 мамыр 1996 жылы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Өзге емес нақ осы заңның қабылданылуымен Республикада Парламенттің заң шығару қызметінің тарихы басталады. Бұл Конституцияның Әрекет етуінің және заң шығару қызметінің басынан бастап-ақ Қазақстан Республикасында қоғамдық бірлестіктерге ерекше назар аударылып отырылғанын куәландырады.

Бұл заң қоғамдық бірлестіктерді құқықтық рәсімдеу үшін, қоғамдық бірлестіктердің мемлекетпен, оның органдарымен өзарақатынасының қағидалары туралы ҚР Конституциясының 5 бабында мазмұндалған Конституциялық идеялар мен ережелерді ашу және нақтылау үшін базалық рөл атқарды және атқаруда.

Республикада саяси жүйені калыптастыру және бекіту үшін, демократияны дамыту үшін, азаматтардың бірлесу бостандығына Конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін бұл заңның үлкен маңызы болды және бүгінде де ол бұл маңызын жоғалтқан жоқ.

Заңда қоғамдық бірлестіктер қызметінің негіздері, қоғамдық бірлестіктер құрудың және олардың қызметінің принциптері, құқықтары мен міндеттері, жарғылық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ қайырымдылық мақсатта олармен жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметтің құқықтық негіздері ашылған. Сондай-ақ, заңда ҚР Конституциясы мен қолданымдағы заңдылықты бұзғаны үшін қоғамдық бірлестіктердің жауапкершілігі мәселесі анықталған.

ҚР Конституциясының, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңның негізінде 1996 жылы 2 шілдеде «Саяси партиялар туралы» заң кабылданды []. Заңда саяси партияның түсінігі анықталды: Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру ісіне өз өкілдері арқылы қатысу жолымен өздерінің саяси еркін анықтауға және білдіруге жәрдемдесетін ерікті бірлестігі саяси партия деп танылады [19, 57].

Заңда мемлекет пен саяси партиялардың өзара қатынастарының қағидалары, саяси партияларды құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттері нақты анықталған. Саяси партияларды құру мен дамытуда, оларды бүқара ұйымға айналдыруда, сайлаулар мен демократияны дамытуға бағытталған өзге саяси шараларда партиялардың рөлін көтеруде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда және сайланбалы органдар - Парламент пен маслихаттардың құқықтарын кеңейтуде бұл Заң үлкен рөл атқарды.

Саяси партиялардың рөлін көтеруге бағытталған көптеген өзгертулер осы заңға енгізілді.

1993 жылы 9 сәуірде «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР заңы қабылданды. Заңда кәсіптік одақтардың түсінігі анықталған: «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік одақтар (кәсіподактар) - бұл дербес, тіркелген жеке мүшелігі бар қоғамдық бірлестіктер, оларды азаматтар өздерінің кәсіптік мүдделерінің ортақтығы негізінде өз мүшелерінің еңбек ету, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіріп, қорғау, еңбек жағдайларын қорғау мен жақсарту үшін ерікті түрде құрады» [64].

Заңда кәсіптік одақтардың құқықтары, әсіресе өз мүшелерінің еңбек ету және әлеуметтік-экономикалық, саяси құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары, осы құқықтарды жүзеге асыру нысандары мен механизмдері нақты қарастырылған.

Заңда мемлекеттік тілдің анықтамасы берілген. Мемлекеттік тіл болып мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі табылады. Мұндай тіл мәртебесін қазақ тілі иеленген [20, 44].

Н.Ә. Назарбаев сол кезде қабылданған жарлықтарды блоктарга немесе топтарға бөлуге болатынын көрсетеді. Ең ірі блок - бұл экономикалық реформа, қаржылық, банктік және өзге шаруашылық қызмет мәселелеріне арналғандар. Олардың ішінде төмендегідей фундаменталдық актілер болды: «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Банкроттық туралы», «Бағалы қағаздар және қор биржасы туралы», «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы», «Салықтық реттеу туралы», «Мұнай туралы», «Жер туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы» және т.с.с.

Күнделікті өмірде конституция нормаларының тікелей жүзеге асуын байқау қарапайым адам үшін оңай болмайтыны шындық. Себебі, конституциядағы нормалардың қолданыстағы заң нормаларына қарағанда жалпы сипатта болып келеді. Бірақ та бұл конституция нормаларын тікелей қолданбайтындығын білдірмейді. Мемлекеттің билік органдар тарапынан да конституция нормаларын тікелей қолдану кейде қиыншылық тудырып жатады [65].

Қазақстан Республикасынң Конституциясының нормаларының тікелей жүзеге асуы оны қолданатын субъектілердің жоғарғы деңдейдегі кӘсіпқойлығына, еліміздегі заңдардың конституцияға қайшы келмеуіне тікелей байланысты.

Жерге жеке меншік орнату халық мүддесіне қайшы деген жат ұғымдардың бүгінде әуел бастан-ақ негізсіз екендігін нарықтық қатынастар теріске шығарған факті болып отыр [24, 56].

1995 жылғы Конституцияның ең маңызды жетістіктерінің бірі тіл проблемасына көңіл бөлуі болып табылады. Конституцияның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл-қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми тұрде қазақ тілімен тең қолданылады.Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Мемлекеттік немесе басқа тілді білмедің деп кемсітуге жол берілмейді.

Қолданылып жүрген Конституцияда бұрындары аса дау туғызып жүрген азаматтық мәселе де өз шешімін түпкілікті тапқан. Конституцияның 10-бабына сәйкес: «Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан бірыңғай және тең болып табылады. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Республика азаматының басқа мемелекеттің азаматтығында болуы танылмайды». Мұның өзі Қазақстан мемлекетіндегі барлық азаматтың олардың Конституциялық тұрғыда бірдей қорғаланатынын, қос азаматтық принципінің бізге жат көрініс екенін көрсетеді. Мұндай шешім барлық азаматты бірлікке, татулыққа, өз Отанын сүйетін патриотизмге баулиды.

Қазіргі Қазақстан Республикасының Конституциясының бір ерекшелігі, артықшылығы азаматтардың, адамның құқықтары мен бостандықтарының жалпыға мәлім адам құқықтары мен бостандықтары туралы 1948 жылғы халықаралық декларацияға негізделуі болып табылады. Олар мыналар: әркімнің өмір сүру құқығы, адамның қадір-қасиетіне қол сүғылмауы, заң мен сот алдында тендікте болу құқығы, қай ұлтқа, қай дінге, қай партияға жататынын әркімнің өзі анықтау құқығы, сөз бен шығармашылық еркіндік құқығы, Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұру құқығы, ар-ождан бостандығы құқығы, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп тұрін еркін таңдау құқығы және тағы басқалар. Азаматтар белгілі бір құқыққа ие бола отырып, Конституцияда белгіленген міндеттерді де бұлжытпай орындауы тиіс. Олар: басқа азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін, мемлекеттік нысандарды қүрметтеуге міндетті. Заңда белгіленген тәртіппен салық, алым төлеуге, Әскери қызмет атқаруға, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауға, табиғатты сақтауға және оның байлықтарын құру пайдалануға міндетті. Констиитуцияда азаматтардың мемлекет және қоғам алдындағы басқа да міндеттері толық жан-жақты сараланып көрсетілген [25, 56].

Конституцияға сәйкес азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдайлар жасалады. Заңда көрсетілген сипаттағы мүқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгіленген номаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан тегін немесе нормативтік-құқықтық нормалармен белгіленген ақыға беріледі. Республика азаматтары заңмен белгіленген медициналық көмектің кепілді көлемін тегін алуға құқылы. Азаматтарға Конституцияға сәйкес мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім беріледі. Ал жоғары оқу орындарында білім алу тегін немесе ақылы негізде жүзеге асырылады.

Ең бастысы Қазақстан Республикасы бұрынғысынша Президенттік Республика болып қалады, оның күшті және функционалдық Парламенті, кемел де өркениетті сот жүйесі өз жұмысын одан әрі конституциялық талаптарға сәйкес жалғастырады [27, 79].

Конституцияға енгізілген өзгерістер қатарына жататын тағы бір мәселе, ол заң тек қазақ тілінде дайындалса деген ұсыныс. Конституцияда мемлекеттік және ресми тіл- қазақ тілі деп жазатын кез жетті. Бұлай етпейінше біздің елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып өркен жая алмайды.

Құқық саласы бойынша өзгерістер енгізу мәселесіне келсек, ауылдық округтерде билік соты болуы керек. Қамауға санкция беруді соттың қүзыретіне беру керек. Бұл мәселені Конституцияда нақтылап көрсету дұрыс болар еді.

Жергілікті басқару жүйелерін жетілдіру, мәслихат депутаттарының өкілеттілігін арттыру, жергілікті басқару органдары лауазымды адамдарының жауапкершілігін жетілдіретін өзгерістердің де Конституцияда тиісінше көрсетілгені өте орынды болар еді. Тағы бір айта кететін нәрсе 1995 жылы кабылданған Ата Заңымыз бүкіл халықтық референдум арқылы жүзеге асырылды. Яғни, Ата Заңымызды жасаушы- халық. Демек, алдағы уақытта өзгеріске үшырайтын Ата Заңымыз да референдум арқылы жүзеге асқаны жөн. Ол үшін Конституцияға «Hеге өзгерістер енгізілді?» дегенді жүртқа кеңінен түсіндірген жөн. Сонда ғана дауыс беретін жүрт Ата Заңды толығырақ білетін болады. Әрі ол бүкілхалықтық мәртебеге ие болары хақ.

Жалпы алғанда, елімізде жүзеге асырылатын саяси реформалар, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекетіміздің халықаралық беделін көтеретініне күмән жоқ.

Еліміздегі Конституциялық реформалардың жүзеге асырылғандығы Қазақстан демократиясының және қазақстандықтардың жолы алға басқандығының айғағы. Оның бір жағын әлемдік озық үлгідегі даму үрдісін құлтау ретінде таныған жөн. Ал реформалар соның ішінде жүгі ауыр конституциялық реформалар тек татулығы айрандай ұйыған, экономикасы едәуір дамыған, әлеуметтік ахуалы тәуір елдерде ғана болады. Мұның бәрі тыныштық арқылы келетін жетістік. Сондықтан конституциялық реформалар қоғамды демократияландыруға бағытталғаны өз алдына, сонымен бірге ол осы айтылған жетістіктердің де көрсеткіші. Қазақыландыра айтсақ бақ пен дәулет -ырысы дамып, ынтымағы жарасқан елге қонады. Ырысымыз бұған дейін атқарылған экономикалық реформалар болса, енді жүзеге аспақ саяси реформалар екені айқын [34, 60].

Бұл реформаларда халықтың тілегі, биліктің ұсынысы және оппозицияның талабы үйлесімділік тапқан деген негіз бар. Парламент құзыретінің артуы оған айрықша жауапкершілік жүктейді. Бұл дегеніміз, заңнамалардың жыл сайын өзгеріп тұруына, оның еліміздің дамуы үшін жұмыс жасайтынына кепілдік беруі, барлық заңның Конституциямызға қайшы келмеуін қадағалауына әкеліп соқтырады деген сөз. Бәрінен бұрын 2007 жылы өткен парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған баяндамасында Елбасы Н. Назарбаевтың 2012 жылдан бастап сайланатын президенттің өкілеттік мерзімін 5 жылға қысқаратынын жариялау тосын жаңалық болды. Оның үстіне жақында қабылданған Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстанның тұңғыш президентінің өкілеттік мерзімі шектелмейтіндігі қуанарлық жағдай. Егемендік алғалы бас аяғы он алты жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің барлық елі таныды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, көптеген беделді халықаралық ұйымға мүше болды.

Қазақстан барлық елдермен достық қатынасын нығайтты, еліміздің экономикасы, саяси жүйесі нығайды, демократия мен заңдылық, құқық тәртібі жетілді. Осы тәуелсіздік алған аз уақыттың ішінде елімізде 1993 және 1995 жылдары екі бірдей Конституция қабылдады. Еліміз Президенттік басқару жүйесіне өтті, биліктің барлық бұтақтары Конституцияға сай қызмет атқаруда. Мемлекетіміздің көптеген құқықтық қатынастарын реттейтін заңдар, кодекстер, заңнамалар қабылданып, мемлекеттік құрылыстың өркендеуіне сүбелі үлес қосып жатыр. Елімізде халықтар достығы нығайды, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының өркениеттігі қағидалары жүзеге асырылды. Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тілінің, дінінің дамуына толық мүмкіндік жасалды. Қазақстан бірінші болып ядролық қарудан бас тартты, ядролық шикізат бейбіт өнім өндіру затына айналды [35, 56].

Атап айтқанда, Конституцияда бекітілген сот -құқық жүйесіне, ұлтаралық, конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтуға, Парламент депуттарын сайлауға және құзыретін кеңейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді.

Соның ішінде, Парламенттің құзыретіне, депутаттарды сайлау тәртібіне байланысты Конституцияның 50-бабына өзгеріс енгізіліп, Сенаттың Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан 2 адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралатыны қосымша, қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, бес депутуттың республика Президенті тағайындайды. Ал, Мәжілісте бұрынғы 77 депутаттың орнына конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланған 107 депутат отыр. Соның ішінде Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылса, 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Жоғарыда аталған өзгерістер Қазақстан халқының әл-қуатын, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға, халықтар достығын, ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын [16, 50].

Конституцияның 53-бабында Парламенттің құзыретін кеңейтуге бағытталған өзгерістер, атап айтқанда, палаталардың бірлескен отырысында Парламент Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді, Президентке оның бастамасы бойынша әр палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің дауысымен бір жылдан аспайтын мерзімде заң шығару өкілеттігін беруге хақылы, соғыс және бітім мәселелерін шешеді, республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілк пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды, Конституциялық Кеңестің республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды деп көрсетілген.

Еліміздің әлеуметтік саласындағы оңтайлы өзгерістерді көптеп айтуға болады, ал мұның барлығы адам үшін жасалып жатқан игі істер [26, 59].

Қазіргі таңда еліміздің құқықтық жүйесіндегі ең жоғарғы қадағалауды прокуратура органдары жүзеге асырып отыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолдануын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, Әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, зандылықтың кез-келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданылады, сондай-ақ республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.

Прокуратура органдары бүгінгі күні ең жоғарғы құқықтық нысанымыз -Конституцияның, қолданыстағы заңнамалардың сақталуына прокурорлық қадағалаудың пәрменділігін күшейтудегі өз рөлін жариялылық пен демократиялық тұрғысында арттыра беру мақсатын көздейді [36, 88].

41- баптың 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасының Президенті конституциялық заңға сәйкес, тең және тікелей сайлау құқығымен Республиканың кәмелетке толған азаматтарының дауысымен 7 жылға сайланады.» дегенге 7 санын 5 санымен өзгерту керек делінген. 46-бапқа «Қазақстан Республикасының бірінші президентінің құзыреті мен өкілеттігін Конституция және конституциялық заңдар арқылы белгілейді.» деген 4 тармақ жалғанды. Конституцияның 58-бабының 3-тармағының 7-тармақшасына «Конституциялық Кеңестің, Орталық Сайлау комиссиясының, республикалық бюджеттің орындалуын қадағалайтын Есеп комитетінің мүшелерін тағайындау құзыреті беріледі.» деген сөйлеммен толықтырылды.62-баптың 6-тармағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар екіден кем емес оқылуы міндетті».

Конституцияның 63-бабының 1-тармағына «Қазақстан Республикасының Президенті Парламен палатасының мүшелерімен және Премьер-Министрмен ақылдасқаннан кейін, Парламентті немесе Парламен Мәжілісін ыдырату мүмкін.» деп толықтыру енгізген. Ал, 5-бөлімнің 64-бабына «Үкімет әріптестік орган болып табылады, және барлық атқарған қызметін Президент, Конституцияға сәйкес, Парламент Мәжілісі мен Парламентке жауап береді» деген өзгеріс енгізілді. Конституцияға сәйкес барлық мемлекеттік органдар бір-бірімен тығыз байланысты және заңнамаға лайық өзінен жоғары тұрған орган алдында жауап береді.

67-баптың 2-тармағы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес алынып тасталды. Негізгі Заңның 68-бабының 2-тармағы мына сөйлемдермен толықтырылды: «Үкімет мүшелері атқарушы органдарының депуттары болуға, білім, ғылым және де мәдени қызметтерден басқа ақы төленетін қызмет орындарында жұмыс істеуге, кәсіпкерлік органдарының қадағалау кеңесінде мүше болуға құқығы жоқ» [43, 40].

«Конституциялық Кеңестің екі мүшесін Республика Президенті, қалған екі-екі мүшесін Сенат және Мәжіліс сайлайды. Конституциялық Кеңестің жарты мүшесі үш жыл сайын өзгертіліп отырады» деп толықтырылған сөздер 71-баптың 4-тармағына енгізілген. Конституцияның 9-бөлімінің 91-бабының 1-тармағына «Республикалық референдумда Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар сайлауға қатысқан азаматтардың дауысының тең жартысымен және Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың үштен екісінің берілген дауысымен қабылданады» толықтырулар енгізілді. Бұның барлығын мысалға алып, талқылап отырғанымыздың себебі, Конституциямыздың мемлекеттегі қоғамдық қатынастар өзгерген сайын бірге жаңартылып отыратынына көз жеткізу. Конституцияның жаңартылуы немесе жаңаша толықтырылуы, заңнамамыздың қоғам деңгейінде маңызы зор екендігін дәлелдеуге әкеледі. Тек жаңартылып қана қоймай, мемлекетке қызмет етуіне ықпал жасауға, Конституцияны орындайтын мемлекеттік органдар мен халықтың бір жеңнен қол шығарып еңбек етуі тиіс [66].

Әлеуметтік және құқықтық корғау жөніндегі Жарлықтар тобын келесі жарлықтар құрады: «Қазақстан Республикасы халқы тұрмысының әлеуметтік жағдайларын жақсарту жөніндегі шаралар туралы», «Ұлы Отан соғысыньп қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы», «Азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және т.б.

Президенттің жарлықтарымен демократияны дамытудың негіздері жасалды. Халық пен мемлекет жүріп өткен жол сәтті болды және сонымен қоса конституциялық заңнаманың даму процесі күрделі болды. Есесіне бұл жол аймақтағы және әлемдегі ең бір жақсы Конституциялық заңнаманың орнығуына алып келді. Бұл өз кезегінде халықтың және оның еркі мен көзқарасын білдіретін саяси партиялардың жоғары белсенділігімен, Конституциялық заңнаманың дамуының маңызды міндеттерінің дер кезінде қойылуымен және осы міндеттердің жалпы дұрыс шешілуімен, эволюциялық дамудың заңдарын бұлжытпай орындаумен тұрақты, кезеңдік даму арқылы қамтамасыз етілді.

Профессор Ж.Б. Шаяхметова атап көрсеткендей, еліміздің қолданыстағы конституциясы әлемдік қоғамдастықта танылған жалпы адами және ерекше маңызы бар қазақстандық идеалдарға негізделген. Ол Қазақстан Республикасының толық заңдылығы танылуын, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуын қамтамасыз етуге мықты тірек болып табылады. Конституция еліміздің аумақтық тұтастығын, президенттік басқару нысанын, халық билігі қағидатын, Негізгі Заң нормаларының ең жоғары заңдық күші мен тікелей қолданылуын, идеологиялық және саяси сан алуандылықты, жеке меншікке қол сұғылмауын, адамның және азаматтың халықаралық деңгейде танылған құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік биліктің жаңа жүйесін, мемлекеттік рәміздерді баянды етті [67].

Аталған жетістіктерге ұлттық және халықаралық тәжірибені үйлестіру, өзге мемлекеттер мен халықтардың тәжірибесін шығармашылықпен пайдалануда көпбағыттылықты сақтау арқылы да қол жеткізілді.