- •Мазмұны
- •1. Көркем шғарманың поэтикасы: мәселенің теориялық аспектісі
- •1.1. «Әдеби шығарманың поэтикасы ұғымы». Көркем шығарма поэтикасының негізгі сипаттамалары
- •1.2 Поэтика және поэтика тарихы
- •2 Ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов
- •2.1 Ғабит Мүсреповтің шығармашылық өмір жолы
- •2.2 Ғ.Мүсірепов әңгімелеріндегі жаңашылдық
- •3 Ғ. Мүсірепов әңгімелеріндегі поэтика
- •3.1 Ғабит Мүсірепов шығармаларының поэтикалық ерекшеліктері
- •3.2 Ғ. Мүсірепов шығармарларындағы рухани құндылықтардың бейнеленуі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер
1.2 Поэтика және поэтика тарихы
Поэтика (грек тілінде poietik fehne – шығармашылық өнер) – әдебиеттанудың пәні, көркем шығарма құндылығын бар болмысымен айқындайтын жүйе туралы ғылым. Поэтика негізгі 3саланы , мәтіннің дыбыстық, сөздік, образдық құрылымын зерттейді.
Поэтиканың мақсаты шығарма құндылығын, эстетикалық әсер қалыптастыратын мәтін элементтерін айқындап, оны жүйелеу болып табылады (мысалы, лирикалық өлеңдерде ырғақ, ал прозада сюжет басты роль атқарады).
Поэтикалық жүйе ізденістері нормативтік поэтика құруға алып келді (классицизм дәуірі мен 19-ғасырдағы Европа әдебиетінде).
Поэтика жалпы (теориялық, немесе жүйелілік – макропоэтика), жеке баяндау (микропоэтика) және тарихи болып үшке бөлінеді.
Жалпы поэтиканың мақсаты мәтіннің дыбыстық, сөздік және образдық құрылымын қамтитын әдістердің жүйелі жиынтығын яғни, эстетикалық ықплды элементтер жасау болып табылады. Шығарманың дыбыстық жағын атап айтсақ, ырғақ, бунақ, ұйқас, өлең өлшемі, дыбыс толқыны т. б. негізінен өлеңтанцу ғылымы қарастырады. Сөз табиғатына үңілгенде шығарманың лексикасы, морфологиясы, синтаксисі зерттеледі де, бұл сала стилистика деп аталады. Лексикалық өзгешелік, стилистикалық фигура мен троп ретінде поэтика мен риторикада ертеден зерттелуде, ал методологияның ерекше пәні ретіндегі поэтика соңғы уақытта зерттеле бастады.
Шығармадағы образ бен сюжет поэтиканың бір бағыты болып табылады. Жеке поэтика жоғарыда аталған нысандарда көркем шығарманың табиғатын ашумен айналысады, сол арқылы шығарманың эстетикалық ықпалды қасиетінің дара жүйесін жасайды.
Поэтикадағы басты мәселенің бірі-композиция,яғни барлық эстетикалық мәні бар элементтердің бір-бірімен үйлесі-үндестігі. Талдау барысында «дүние образы» , яғни көркемдік уақыт пен кеңістік, және «автор образының» үндестігі шығарма құрылымындағы барлық жайды айқындайды.
Жеке поэтика (микропоэтика) негізгі шығарма мен зерттеу талабының ерекшелігіне сай топтама шығарманы,автордың, әдеби бағыттағы жанрдың, шығармаларда суреттелетін тарихи кезеңнің қатысына қарай талдап түсіндіреді. Оның тақырыптық идеялық тұрғыдан қалыптасуы, сөзбен зергерленуіне дейінгі процесс қамтылады, бұл генеративтік поэтика деп аталады.
Ал тарихи поэтика салыстырмалы-тарихи әдебиеттанудың көмегімен эволюциялық қозғалыс бағытындағы мәдениеттің поэтикалық жүйесінің ортақ қасиеттерін, олардың генетикалық қайнар бастауын типологиясын ашуға, тануға бағытталған. Сөз өнерінің бастауы ауыз әдебиетінде жатқандықтан тарихи поэтика өзінің негізін ауызша сақталған сөз өнерінен алады. Тарихи поэтиканың негізгі мәселесі – жанр, жанрлық түрлер тарихи қалыптасқан жағдайға байланысты бірлікте не жеке қарастырылады. Жанр мен жанрдың шекарасы өзгермелі, сондықтан поэтикалық жүйе дәуір ықпалымен өзгеріске түседі де, осы өзгерістерді тарихи поэтика қарастырады[15].
Поэтика туралы ең бірінші жазылған еңбек «Поэтика» деп аталады, оны жазған гректің ұлы ойшылы – Аристотель.
Аристотель «Поэтика» атты трактатында өнер теориясына байланысты өте құнды ойларын жазып кеткен. Ол өзіне дейінгі ғұламалардың өнерге байланысты ойларын топтастырып, белгілі бір жүйеге келтіріп, жинақтап, сол арқылы өзінің эстетикалық көзқарасын осы трактатта баяндап берген. Бұл еңбектің бізге тек қана бірінші бөлімі жетті, бұл бөлімде Аристотель трагедия жанрына көбірек тоқталып, трагедияның эстетикалық принциптерін, сонымен қатар теориясын жазған. Аристотель сұлулық туралы сұрақ қояды да,оған жауап береді. Бұл ретте ол өзінің алдындағы сұлулық – қайырымдылық деп есептеген Платон мен Сократқа қарағанда сұлулық теориясын бір қадам алға жылжытады. Сұлулықты қайырымдылықта деп ойлаған грек ойшылдары бұл түсінікке байланысты арнайы терминді қолданған, оны «калокагатия» деп атаған.
Аристотель «Поэтика» трактатында өнерге эстетикалық тұрғыдан баға бере келіп, әдемілікті заттың пішіні мен орнынан іздейді. Өнер ұғымына келгенде оның пікірі Платонның ойына қайшы келеді, онымен келіспейді. Платон өнер идеялар әлемінің әлсіз, бұрмаланған көрінісі деп есептеп, оның танымдық функциясына мән бермеген болса, Аристотель өнер табиғатты, тұрмыстың шығармашылықпен бейнеленген көрінісі, ол адамдарға өмірді тануға көмектеседі деп шешеді. Сол сияқты Аристотель эстетикалық ләззаттың танымдық қасиетін мойындағанын білдіреді.
Ол: «Өмірге еліктеу өнерде әртүрлі тәсілмен беріледі»-, дей келіп, бұл тәсілдерге ырғақты, сөзді, гармонияны жатқызады. Аристотель өнер өмірге, тұрмысқа еліктейді дей тұрғанмен, өнер өмірдің көшірмесі демейді, керісінше өнерде жинақтау болу керек, өнерде көркем ой болу керектігін табанды түрде шегелей айтады. Сонымен Аристотельдің пікірінше ақынның мақсаты - шынайы өмірде болған оқиғаны емес, болуы мүмкін, немесе сөзсіз болуға тиісті, не болмай қалуы мүмкін емес оқиғаларды жырлау.
«Тарихшы өмірде болған нақты оқиғалар, құбылыс туралы айтса, ақын болуы мүмкін оқиғалар туралы жазу керек. Сондықтан да поэзиялық шығармалардың философиясы басым, ол тарихи жазбаларға қарағанда күрделі, поэзия жалпы айтса, тарихи жазбалар жекелеген фактілер төңірегінде ғана сөз етеді»-, дейді[16].
Аристотель поэзияны өнердің барлық түрінен артық санап, алдыңғы планға шығарады, ал трагедияны поэзиядан жоғары қояды. Өзінің «Поэтика» деген еңбегінде Аристотель ол трагедияда эпоста бар оқиғаларды суреттеу де, лирикадағы адам эмоцияларын бейнелеу де бар, сондықтан да ол эпостан да, лирикадан да артық деп шешеді. Бірақ, трагедияда көрнекі көріністер, сахнадағы қойылымдар барын, бұл көріністердің эпос пен лирикада кездеспейтінін айтпаған.
Аристотель трагедияны поэзияның бір саласы ретінде қарастырып, оған мынындай анықтама береді: «Трагедия дегеніміз, маңызды және аяқталған, белгілі көлемі бар іске, оқиғаға еліктеуден туған, әр бөлімі тілмен әртүрлі дәрежеде көркемделіп, әңгімелеу арқылы емес, іс-қимыл арқылы адам басынан өткен қайғыны, көрсете отырып содан айығуға көмектесетін поэзияның бір саласы».
Аристотель трагедияда терең идея болу керек дегенді айтқанда, трагедияның өзі «маңызды әрі аяқталған іске, оқиғаға еліктеу» екендігіне меңзейді. Сонымен бірге бұл «маңызды және аяқталған іске, оқиғаға еліктеудің» мәнін айқындайтын оның фабуласы мен трагедияның характері деп санайды. «Трагедияның фабуласы мықты, әрі аяқталған, органикалық бірлікте болу керек, ал оның көлемі істің өзімен анықталады, ал ең жақсы трагедия көлемді болумен қатар, оқиға толық шешімін тапса ғана үздік деп саналады»,- дейді.
Трагедияның фабуласы перипетиялық қисынға бағынады, ( перипетия – ежелгі грек түсінігі, адамдардың менменсуіне құдайлар тарапынан жасалатын жаза десе де болады, оқиғаның шұғыл өзгеріп бақытсыздыққа қарай ауысуы) оқиға жедел құбылып бақытсыздық сипатына ауысады, немесе оқиғаның бақытты көріністен бақытсыздыққа қарай өзгеруі, немесе керісінше бақытсыз оқиғаның бақыттылыққа ұласуы. Бұл өзгеру шынайы, өмірлік шындыққа сай, әбден дәлелденген, өтіп жатқан оқиғаға жанасатын, трагедиялық сипатта болуы керек. Аристотель Софокльдің «Эдип патша» трагедиясындағы перипетияны жоғары бағалаған.
Табиғилықтың осындай талаптарын, өмірлік шындыққа жанасымдылықты Аристотель таным деп атайды. Ол трагедияның соңындағы кенеттен, әлдебір заттардың көмегімен, болмаса бейнелер арқылы жасалған көріністерді көрсетуге қарсы шықты.
«Поэтика» трактатында Аристотель ол композицияның құрылысындағы перипетия трагедияның фабуласына сай болу керектігін айтады. Яғни, оқиғаның шұғыл өзгеріп бір жақты (бақытты, бақытсыз оқиға) сипат ала бастауы соның алдында өтіп жатқан іс-әрекеттердің себебінен болғаны айқын көрініп тұру керегін қадап айтады. Ол үлкен өзгерістер мен айырмашылықтардың белгілі бір себептері болады дегенді еске салады. Аристотель трагедияғы іс-әрекеттің бірлігі болу керектігін талап етеді. Мекен бірлігі жайлы сөз қозғамағанмен, уақыт бірлігі болу керектігін баса көрсетеді. «Поэтика» трактатында Аристотель фабуладан кейін екінші орынға характерді қояды. Оның ойынша, трагедияның характері ізгілікті ойлардан тұруы керек, трагедияның кейіпкерлері ізгі ойлы, мейірімділікті жақтайтын кейіпкерлер болуы тиіс.
«Трагедияның кейіпкерлері қырсық, қыңыр болуға тиісті емес, олар мінсіз , таза (идеальный) адам да болмасын, бірақ жақсы адам болсын, өмірде ерікті түрде , болмаса еріксіз қателікке ұрынған болсын. Тек осындай кейіпкерлер ғана көрермендерге әсер етіп, қорқыныш, аяушылық сезімдерін оята алады»,- дейді.
Аристотель: «Трагедияның керемет кейіпкері еш кінасыз, себепсіз бола тұра бақытсыздыққа ұрынып жатса, мұндай оқиға көрермендердің сенімсіздігін туғызады. Егер трагедияның кейіпкері жақсы адам-ақ болып, қойылымның соңында ол еш себепсіз тиісті жазасын алып жатса трагедияның бұлай аяқталғанына көрермендер қанағаттанып қалғанмен, олар бұдан қорқыныш, аяушылықты сезінбейді, осының кесірінен ол өз өмірінде сондай оқиғалардың орын алуына жол беруі мүмкін»,- дейді. Ол Софокльдің «Эдип» трагедиясындағы Эдипті сондай кейіпкерлер қатарына жатқызады. Кейіпкерлердің бақыттылықтан бақытсыздыққа ұрынардағы характерлерін сомдаудағы шеберлігі үшін ол Еврипидті «ақындардың ең қайғылысы» деп атады.
Трагедиядағы хор бір кейіпкердің орнына жүру керек, ол трагедияның органикалық бір бөлшегі болуға тиіс дей келе, Аристотель, яғни антикалық дәуірдің ірі теоретиктерінің бірі, актерлар мен хордың органикалық бірлігінің шебері ретінде Софоклді атайды[17].
«Трагедия адам жанын қорқыныш пен аяушылық сезімдері арқылы тазартады»,- дейді Аристотель. Бұл тазалануды грек ойшылдары катарсис деп атаған. Бірақ катарсиске Аритотель өз трактатында көп тоқталмаған, оның мәнін ашып көрсетпеген.
Ірі теоретиктер мысалы, Лессинг, Гегель катарсисті көрермендердің бойында ізгілікті ойларды қалыптастыратын құбылыс ретінде түсіндіреді. Ал басқалар, мысалы швейцариялық математик-философ Бернайс трагедия арқылы адамның көңіл күйінде аффект (бірден әсерлену, қуану не қайғыру) туғызып, адам бұдан әсерленіп шер тарқатады, рахаттанады деп есептейді.
Аристотель катарсистің көрермендер үшін тәрбиелік әсері бар деп ойлаған сияқты. Ол бәрінен бұрын ақынның ойына, айтарына мән бере қарайды, соны негізгі мәселе деп есептейді. Оның ойынша ақынның айтпағы, ойы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы көрінуі керек. Аритотель ақындар өздері суреттеп отырған оқиғаға, сол оқиғаның ортасында жүрген кейіпкерлерге көзқарасы, қатысы өте маңызды екендігін білдіреді.
«Қай ақын өз кейіпкерлерінің сезімдеріне ене алса, сол ақын бәрінен де тартымды. Өзі тебіренген адам өзгені тебіренте алады, өзі ашу шақыра алатын адам өзгені де қаһарландыра алады». («Поэтика», 17-тарау)
Аристотель трагедияның сөздік формасына да көп көңіл бөлген. Трагедияның тілі әшекейлі болсын дегенде, Аристотель тілдің көркемдік құралдарын айтады, оның ерекше бөліп айтатыны, бағалайтыны - метафора.
«Метафораны шебер қолдана білу – бұл ең басты мәселе. Бірақ мұны өзге біреуден ала салуға болмайды, метафоралы сөйлемдерді шебер құра алу- бұл таланттың белгісі, сондықтан ақындар метафораны қолдана алуымен бағаланады»,- дейді. Сонымен қатар Аристотель сөздің көркемдік құралдарымен бірге жалпыхалықтық сөздерді де орынды қолдана білуді насихаттайды. Жалпыхалықтық сөзді қолдана отырып автор шығармасын неғұрлым халыққа түсінікті ете алатынын көрсетеді. Аристотель өзінің «Потика» трактатының 22-тарауында осыны көрсеткен.
Аристотельдің пікірінше драмалық шығармалар ямбалық ырғақта құрылуы керек, өйткені ямбалық ырғақ ауызекі сөйлеу тілінің табиғатына жақын, ал эпоста гекзаметр қолданылғаны жөн ,өйткені ол поэмалардың жоғарғы патетикалық ырғақтарына үйлесімді.
Трагедияға лайық деп есептейтін көптеген теориялық принциптерін Аристотель эпосқа да қажетті деп санайды. Оның ойынша, эпостың фабуласы, перипетиясы, танымдық мәні, сөз қолданысы оның көркемдік дәрежесінің көрсеткіші. Дегенмен Аристотель трагедияны эпостан бір саты жоғары қояды, трагедия эпосқа қарағанда көлемі аздау болса да, сахналана алатындығы арқылы ол көрермендерге эпостан гөрі анағұрлым артық әсер ете алады. Бұл Аристотельдің ғана емес, сол дәуірдегі бүкіл грек жұртының пікірі сияқты.
«Поэтикада» негізгі әдеби-теориялық мәселелер қарастырылған. Оның кейбіреулері әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ. Аристотель пікірлерінің драмаға қатысты тұстары дұрыс, әрі теориялық жағынан терең зерделенген деп есептеледі, драмалық шығармалар динамикалы болу керек, ол адамдардың ізгілік жолындағы күресі мен іс-әрекетін бейнелеуі керек.
Қазіргі заманғы терминологияны қолдансақ, Аристотель драмалық шығармалардан қарама-қайшылықтардың шешімі болуын талап етеді. Ол драманың идеясына баса назар аударады, автор ойының маңыздылығын ескертеді, автордың баяндалып жатқан оқиғаға көзқарасы, соның бәрі кейіпкерлердің сөзі мен іс-әрекеті арқылы көрінуі керек. Осылайша Аристотель өзінің «Поэтика» трактатында шығарманың идеялық бағыты болуын айтады. Ол құрғақ, сырттан жосықсыз, жөнсіз құрастырылған, кейіпкерлердің психологиялық халдері мен қайшылылықты оқиғалардың шешіміне үйлесімсіз оқиғаларды дұрыс деп есептемейді.
Аристотельдің драманы адамдарды тәрбиелеудің құралы ретінде қарастыруы оның ең озық ойларының бірі болып саналады. Адамдарға эстетикалық тәрбие беру мәселесіне Аристотель «Саясат» атты трактатында зор мән берді. Антикалық дәуірдің теоретигінің көркемдік құралдардың көркем шығармалардағы алатын орны туралы пікірі өз өміршеңдігін әлі жоғалтқан жоқ. Аристотель көркем шығарманың ең үлкен жетістіктерінің бірі- оның мөлдірлігі деп есептеді, бұл ежелгі грек теоретигінің ең басты ұстанымдарының бірі болды. Мөлдірлікке жетудің жлдары мен теориясын ол өзінің «Риторика» атты трактатында баяндайды[18].
«Аристотельдің «Поэтика» еңбегі антикалық дәуірдегі өнер теориясы туралы еңбек болып табылады. «Поэтика» бергі ғасырлардағы өнертанушылар мен теоретиктер үшін, әсіресе, XVII ғасыр классиктері мен XVIII ғасыр ағартушылары үшін канон болып есептелді. Дегенмен классицизм өкілдері аристотельдік поэтикадан өздерінің әлеуметтік принциптерне сай келетін сарындар тапқысы келді. Сондықтан да олар кейіпкерлер ақсүйектер әулетінен болу керек деген пікірлерін Аристотельге таңып бақты, Аристотель болса кейіпкерлер тек қана ақсүйектер әулетінен болсын деген жоқ, ол кейіпкерлердің жан-дүниесі ізгілікті болу керекал ондай ізгі жандар құлдардың арасында да бар деген еді. Аристотель мен классицизм өкілдерінің арасындағы келіспеушілік іс-әрекеттің бірлігіне де байланысты болды. Классицизм өкілдері уақыт, орын , іс-әрекет бірлігі болу керек деді. Және олар өздерінің осы пікірлерін Аристотельге теліді.
Аристотельдің “Поэтикасы” — күллі көркемөнер туралы тұңғыш философиялық-эстетикалық трактат. Сонымен қатар “Поэтика” өз кезіндегі әжептәуір жүйеге түскен бірден-бір әдебиет теориясы екені де даусыз. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Көркем шығарманың көп-көп жайларын, әсіресе характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия т. б. жайларын талдап-тексеруі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Аристотель еңбегінің ең құнды жері тарихта тұңғыш рет дұрыс және дәл эстетикалық принцип ұсынып, өнердін, қоғамдық маңызын анықтап, ашуында деп білу керек.
Әрине, қазіргі өнер мен әдебиеттіқ келелі мәселелерінің бәріне, әсіресе әлі күнге даулы қалыпта түрған проблемаларға бір ғана Аристотельден жауап іздеу ағат. Бірақ “Поэтика” грек әдебиеті мен өнерінің классикалық дәуірінен қалған бірден-бір жүйелі байыпталған поэзия теориясы екенін жоққа шығаруға болмайды.
Бір нәрсені білу артық емес: поэтика деген сөз біздің бүгінгі теориялық түсінігімізде көркем творчество немесе сөз өнері туралы ғылым болса, Аристотель поэтиканы сол әдеби творчествоның, яки сөз өнерінің өзі деп түсінген. Демек, Аристотельдің “Поэтикасы” — өнер туралы ойлар.
Аристотельдің эстетикалық принциптерінің ең түйінді тұсы: өнердің мақсаты — ақиқатты тану, ал ақиқатты тану жолы — адамның мінезі мен ісін суреттеу деген даналық қағидасы. Оның «Поэтикасын» Лессингтің: «Евклид элементгеріндей мінсіз шығарма» деп таңдануы да, Чернышевскийдің «Аристотель эстетикасы екі мың жылдан астам уақыт үстемдік құрғанына» тамсануы да әлгі-бір қағидалы жайларға байланысты еді.
Қөркемдік көзқарастар мен эстетикалық талғамдар көне күндерден бері қарай тек арнаулы трактаттарда, поэтикалық декларациялар мен әдеби манифестерде ғана емес, тура өнер туындыларының өздерінде де көрініс тауып келген. Көне дүние қаламгерлерінің қай шығармасын алмаңыз, сол тұстың сөз өнері мен сәулет өнерінің, сымбат өнері мен кескін өнерінің ірі туындылары туралы мағлұмат көп. Гомердін, «Илиадасы» мен «Одис-сеясында», Тит Лукреций Кардың (б. э. б. 95—55 ж. ж.) «Заттар табиғаты туралы» поэмасында, Публий Теренций Афрдың (б. э. б. 190—159 ж. ж.) «Андрос қызы» комедиясында көне заман жазушыларының көркемөнер туралы қоғамдық ойлары тұнып тұр.
Көне дүниеде туған көркемөнер жөніндегі терең толғам мен адам таңқалғандай тамаша талғам әйгілі Рим ақыны Квинт Гораций Флакктың (б. э. б. 65—8 ж. ж.) «Поэзия ғылымы» деген теориялық поэмасында бар. Бұл шығарма алғашқы нұсқасында «Пизондарға хат» деп аталған-ды. Пизон деген ақсүйектің екі ұлы болған, үлкені дарынсыздау драматург екен. Гораций «Поэзия ғылымында» соларға айтқан ақыл түрінде өзінің бүтін бір эстетикалық жүйесін саралап ұсынады.
Ол алдымен дарынсыз әлдекімдердің ұялмай өлең деп жазатын бірдеңелерін: «Ұйқастырған тізерлеп, мағынасыз құр ермек»,- деп қатал сынай келе, өнердегі идеясыздыққа қарсы ымырасыз күрес ашады. Одан әрі Гораций өнер туындысының ірге тасы мен қайнар көзі — парасат деп түйеді.
Горацийдің көбіне-көп көңіл бөлгені — көркем шығарманың композициясы. Ол шығарманың шынайы, сұлу болуын талап етеді. Бұл ретте Горацийдің Пизон әулетіне арнап айтқан мына пікірлерін мысалға келтіруге болар еді:
— Егер,— дейді ол,— сурегші адамның басына аттың желкесін жалғап, оның үстіне әлем-жәлем қауырсындар шанышса немесе денесі жұп-жұмыр әдемі әйелдің кеудесінің жоғарғы тұсына балықтың басын қондырып қойса, бұған күлмей шыдап тура алар ма едіңдер достар? Пизон әулетінің кітаптары да осындай оспадар суретке ұқсас, олардың бәрі ауру адамның түсі секілді әрі-сәрі бірдеңелер ғана. Қітап та, адам тәрізді, оның аяғы мен басы бір жерде тұрмас болар.
Гораций ақынның, жалпы суреткердің творчестволық қиялына қарсы болмаған, «бірақ құсты жыланға, жолбарысты қойға қосып, қойыртпақтауға» қарсы. Оның суреткерлерді әсіресе қатты сақтандырғаны — «құр сырты жылтыраған жалған бояу»; қолдан ғаламат жасамақ боп, «дельфинді орманға апару, қорқауды теңізге әкелу».
Өзінің өнер жайлы теориялық поэмасында Гораций ақындар алдына адам таңқалғандай дұрыс эстетикалық талаптар қояды. Олардың көбі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Оның талабы бойынша, өнер туындысының бәрінен бұрын көркемдік сапасы жоғары болуға тиіс, өнер туындысында орта қол дүние болмауға тиіс. «Әрине»- дейді Гораций:- жер үстінде, айталық, юрисконсульт секілді, әрі тарт, бері тарты жоқ орта қолдықты қалайтын кәсіп не мамандық болады. Ал ақынға орта колдықты адам түгіл, ағаш та кешірмейді; поэзия — аса нәзік әрі биік зат.
«Тебе білмейтіндер жұртқа күлкі болмау үшін допқа жуымайды»,- дейді Гораций әрі күліп, әрі қынжылып, ал өнер дегеннің не екенін білмейтін жарықтықтар өлімін сатып, өленге жармасатыны несі?..
Горацийдің жаңа жаза бастаған жас қаламгерлерге берер ақылы — асықпау, жазып сақтап қою, біраз уақыт өткен соң оған қайта оралу, жөндеу, қайта жазу, тағы жөндеу, оқырман жұртқа әбден қапым жоқ дегенде ғана ұсыну[19].
Қысқасы, көне дүние ойшылдарының ішінде Квинт Гораций Флакк теориясының орны айрықша.
Ғылым мен техниканың, өнер мен әдебиетгің дүр сілкініп, дүрілдей дамыған тұсы — Ояну (ренессанс) дәуірі. Бұл адам баласы бұрын-соңғы басынан кешірмеген прогресшіл ұлы төңкеріс еді, алыптарға зәру болған дәуір және өздерінің ой - қуаты, құштарлығы мен мінезі, жан-жақтылығы мен оқымыстылығы жөнінен сол алыптарды туғызған дәуір еді. Бұл дәуірдің Леонардо да Винчи (1452—1519), Николай Коперник (1473—1543), Торквато Тассо (1544-М595), Джордано Бруно (1548—1600), Лопе де Вега (1562—1635), Галилео Галилей (1564—1642) секілді данышпан өнер мен білім иелері орта ғасырлық идеализмге, діншілдік пен схоластикаға қарсы шынында да алыптарша күресіп, өмірдің сұлулыгы, өнердің шыншылдығы, білімнің тереңдігі, адамдар бақыты жолында жан қиярлықпен еңбек етті.Ренессанс дәуірінің күллі ғылми тәжірибесінің теориялық түйіні атақты Декарт философиясы болатын. Рене Декарт (1596—1650) өзінің дүние танымы жағынан философиядағы рационализмнің негізін салушы екені мәлім: “Ойлаймын екен, демек, тірі екенмін” (Декарт). Табиғат тану, қоғам тану, әдебиет тану, өнер тану дегендердің бәріне Декарт өзінің осы ережесін методологиялық бағыт етіп ұсынды. Өнер мен әдебиет туындыларындағы сұлулықты Декарт ең алдымен ондағы бүтіндік пен бірлікте, симметрия мен гармонияда деп білді. Декарттың осынау эстетикалык, талабы француз классицизмінің ірі теоретигі Н. Буало (1636—1711) поэтикасының философиялық негізі болып қалды. Классицизмнің әдеби манифесі ретінде танылған «Поэтикалық өнер» атты эстетикалық трактатында Буало суреткер атаулының бәрін саналы ойға, парасатты ақылға, алдын ала пішілген үлгіге, қалыптасқан тәртіпке шақырды. Оның сондағы мақсаты поэтикалық өнерді абсолютизм дәуірінің білікті дворяндарынан шыққан сарай ақсүйектерінің саяси-көркемдік талап-тілегін қанағаттандыру әрекетіне ғана жұмсау еді. Дегенмен, Буалоның шындықтан асқан сұлу жоқ деп, суреткерге өз шығармасында шындықты, тек шындықты ғана суреттеуді ұсынуы, бұл ретте сөз аяғын ұйқастырғандардың бәрі ақын. емес екенін ашып, соны дәлелдеуі — әдемі әрекет.
Поэтика, әдебиет теориясы мен эстетикалық ойлардың одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосқан Ағарту дәуірінде жасаған француздың аса көрнекті материалисі Дени Дидро (1713—1784) болатын. Мұның әдеби-эстетикалық көзқарастары сарай аристократиясының талғамы мен талабына қарсы, Франциядағы буржуазиялық революция -қарсаңындағы бұқара рухын танытты. Философ-материалист суреткерге тура: «Сен әрбір іс-әрекеттегі ұлылық пен сұлулықты мәңгіге дәріптеуің керек, талайсыз-бақсыз қор болған ізгіліктің абыройын сақтауың қажет, рахат пен құрметке бөленген кеселді кескілеуің керек, мейрімсіз жуандардың зәресін ұшыруың қажет»,- деп ап-анық ашып айтты. Дидро әдебиет пен өнердегі шыншылдық үшін күресе отырып, теория мен эстетикаға реализм ұғымын енгізді, оның қиялға, ойдан шығару мен көркемдік жинақтауға қарым-қатынасын белгіледі. Ал оның Сараң мен Тартюф бүкіл жер үстіндегі шық берместер мен екі жүзділердің жиынтық тұлғалары екенін айтуы тіпті бір терең теориялық пікір еді.
Абсолюттік идеологияға қарсы, классицизмге қарсы қатал күрескерлердің бірі — немістің ұлы ағартушысы Лессинг (1729—1781). Ол да, Дидро секілді: «Мен қашаннан ақынның табиғат зерттер орны — Сарай емес деген пікірдемін»,- деп, турасын айтты. Дәл осы піқірді Гельвеций (1715—1771), Винкельман (1717—1768), Гердер (1744—1803) қуаттаған. «Жекелеген жұпыны жертөлелерде,— деп жазды Гердер,— салтанатты сарайлардағыдан әлдеқайда сұлу талғам бар».
Әдебиет тану саласында Россияда ауызға аларлық алғашқы еңбектер — басын сонау X ғасырдан алатын библиографиялық опистар, сондай-ақ «риторикалар» мен «пиитикалар», содан соң орыстың көркем сөзінің ұлттық нәрі мен әрін жан сала қорғаған Феофан Прокоповичтің (1681—1736) еңбектері, сатирик ақын Антиох Қантемирдің (1708—1744) әдеби-теориялық шығармалары мен ой-пікірлері, В. Тредиаковскийдің (1703—1769) әдеби-эстетикалық трактаттары, орыс классицизмнің теоретигі А. Сумароковтың (1718—1777) нұсқаулары мен ақыл-кеңестері, ақыр аяғында көркем сөз қызметінің мәні мен мақсаты жөніндегі Г. Державиннің, (1743—1816) әдеби-теориялық толғамдары, ақын ретінде айтқан түйінді байламдары.
Дей тұрғанмен, осынау орыс классиктері де, француз сарай өнерінің заңдарын қалыптастырушылар секілді, таза дворян идеологтары екенін, сондықтан олардың: шындық туралы ұғымы сарай маңыңың ақиқатымен шектелетінін, олардың реализмі бір жақты ғана дворяндық реализм екенін ескермеске болмайды. Ендеше, дұрыс әдебиет тану ғылымының қалыптасу тарихын, эстетикалық ойлардың даму тарихын толғағанда біз Ломоносов пен Радищевтен бастап, Горький мен Маяковскийге келетін орыс жазушылары мен философтарының, әдебиет зерттеушілері мен сыншыларының құнарлы ең-бектеріне сүйенуге тиіспіз. Бұл ретте, бір ғана Пушкиннің сыншы ретіндегі толғамдары мен талғамдарының өзі тамаша университет десек, Лев Николаевич Толстойдың эстетикасы мен творчестволық тәжірибесі күллі адам баласының көркемдік дамуындағы айта қалғандай ірі адым, жаңа да дана құбылыс екенін түйсінген жөн[20].
