Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
4 болим - охрана труда.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
38.51 Кб
Скачать

4 Автоөзіаударғыштардың техникалық күйіне қойылатын талаптар

Пайдаланып жүрген барлық автомобильдердің техникалық күйі жұмыста олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті және Техникалык пайдалану ережелерінің, Жол жүру ережелерінің, Автомобиль көлігінде еңбек корғау ережелерінің, жасаған зауыттардың нұсқаунамаларының және басқа нормативтік-техникалық құжаттардың, МЕСТ 25478-91 талаптарына сәйкес болу керек.

Автомобильдердің негізгі агрегаттарының, түйіндерінің және механизмдерінің техникалық күйіне қауіпсіздік талаптары қойылады. Басқару рөлінің техникалық күйі әртүрлі жол жағдайларында және қандай жүру жылдамдығы болсада автомобильдің алдыңғы доңғалақтарын жеңіл және сенімді басқаруды қамтамасыз ететін болу керек, ол жиынтық люфтпен бағаланады. Люфттің мөлшер шекті шамадан (градуспен) аспауға тиісті: жеңіл автомобильдерде, олардын негізінде жасалған жүк модификациялар мен автобустарда -10, автобустарда - 20, жүк автомобильдерінде - 25 градустан аспау керек. Басқару рөлінде және оның бөлшектерінде ешқандай ақаулық, бұзылыс, тозық болмаған жөн. Әрқашан есте сақтау керек, басқару рөлінің ақаулығы кейде автомобильді басқаруды толық жоғалтып, апатқа әкеліп соғуы мүмкін.

Автомобильдің алдыңғы мостының техникалық күйі алдыңғы доңғалақтардың орнықты орнатылуын және рөл жетегін қозғалу бөлігіне берік бекітілуін қамтамасыз ету керек. Ол бөлшектердің қосылған жерлерінде радиалдық және өстік саңлаулардың мөлшерімен бағаланады.

Тежеуіш жүйесінің техникалық күйі барлық доңғалақтар бір мезгілде тежеліп, автомобильдің дер кезінде тоқталуын қамтамасыз етуге тиісті. Тежеуіш жүйесінің нәтижелігі тежелу жолы, максималдық бәсеңдеу және тежеуіш күші арқылы анықталады.

Тежелу жолы деп автомобильдің педалін басқан мезгілден бастап, оның толық тоқтағанына дейін жүрген жолын айтады. Тежелу жолын қатты жабындысы бар, көлденең, тегіс, құрғақ, түзу жолда 40 км/сағ жылдамдықпен автомобильді жүргізіп, арнайы әдістеме бойынша анықтайды. Ол әр автомобильдің түрі және моделі бойынша белгіленген шекті нормалардан артық болмау керек.

Максималдық бәсеңдеу жоғарыда көрсетілген жағдайда десселерометр аспабымен анықталады, оның көрсеткіші әр автомобиль маркасына белгіленген мөлшерден кем болмауға тиісті. Тежеуіш күштің мөлшері арнайы стендта анықталады, ол белгіленген нормадан кем болмау керек.

Егер осы көрсеткіштердің мөлшері белгіленген нормаларға сәйкес болмаса, тежеуіштің әрекеті қанағаттанарлық емес деп есептеледі,сондықтан: бұл жағдайда автомобильді пайдалануға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, көлік құралдарын пайдалануға болмайды, егер тежеуіш жүйесінің құрылмасы өзгерсе, саңлаусыздығы бұзылса; автомобильдің моделіне сәйкес емес тежеуіш сұйықтар немесе бөлшектер пайдаланылса, тұрақ тежеуіш жүйесі автомобильді еңісте ұстап тұра алмаса т.б.

Автомобильдің кабинасы жүргізушінің тұрақты жұмыс орны болғандықтан, оған еңбек қорғау жөнінде үлкен талаптар қойылады. Кабинаның техникалық күйі жүргізушінің ыңғайлы отырып, жайлы жұмыс істеуін; жақсы көрінісін және саңлаусыздығын, жағымды микроклиматын және жарықтылығын, есік құлыптарының жабу сенімділігін; басқару иінтіректерінін, әйнек тазалағыштың және бақылау-өлшеу аспаптарының жақсы жұмыс істеуін; газдар мен шаңның кабина ішіне кірмеуін камтамасыз ету керек. Алдыңғы және бүйір әйнектер бетін, сыртқы және ішкі айналар түзу болған жөн; желдету және жылыту құрылғылары болу керек, кабина әрқашан жинақты, таза болуға тиісті.

Шиналардың техникалық қүйі автомобильдердің жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қойылған талаптарға сәйкес болу керек: корды ашылып, жергілікті жыртықтар болмау; протектор суретінің қалдық биіктігі жеңіл автомобильдерде 1,6 мм, жүк автомобильдерінде 1,0 мм, автобустарда 2,0 мм кем болмауға тиісті; шинаның каркасы мен протекторының қатпарламауы, шинада ауа қысымының нормаға сәйкестігі т.б.

Қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі бойынша автомобиль қозғалтқышына біршама талаптар қойылады. Салқындату және майлау жүйелерінен майдың, антифриздің, судың ағысы болмау керек; капот астына газ кірместей желдеткіш дұрыс жұмыс істеуге тиісті. Автомобильді жүргізуге болмайды, егер пайдаланылған газдардың құрамында зиянды заттардың мөлшері белгіленген нормалардан артық болса, отын жүйесінің саңлаусыздығы бұзылса, пайдаланылған газдарды шығару құрылғыларының ақаулығы болса.

Автомобильдердің электр жабдығының техникалық күйі стартердің көмегімен қозғалтқыштың тез оталуын, цилиндрлерде жанар май қоспасының дер кезінде және үздіксіз тұтануын; жарықтандыру, сигнал беру, бақылау-өлшеу аспаптарының тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиісті.Электр жүйесінде ұшқындардың пайда болу мүмкіншілігі болмау кереқ.

Сыртқы жарық, сигнал беру аспаптары түнде, тұманда, қар-жаңбыр жауғанда, әртүрлі маневр жасағанда автомобиль жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті. Оларды әрқашан бақылап, тазалап, жөндеп отырған жөн.

Барлық автомобильдер қажетті құрал - саймандармен, медициналық дәрі қораппен, өртсөндіргіштермен, қордағы доңғалақтармен, төтенше жағдайларда тоқтату белгісімен жабдықтану керек. Арнайы автомобильдердің (автобустар, жеңіл және жүк автомобильдері, автосамосвалдар, автоцистерналар, газ баллонды автомобильдер т.б.) техникалық күйіне жоғарыда көрсетілген жалпы талаптармен бірге олардың арналуына қарай өздеріне тән қосымша қауіпсіздік талаптары қойылады.