«Қарағанды кәмпиттері» кешегі көрінісі
70 жылдан астам тарихы бар «Қарағанды кәмпиттері» кондитерлік фабрикасының өнімдері Қазақстанға ғана емес, шетелде де танымал болғандығы рас. Қарағанды десе көмірден кейін екінші еске түсетіні осы «Қарағанды кәмпиттері». Бірақ соңғы уақыттары еліміз түгілі Қарағандының өзіндегі дүкендерден осы фабриканың бірде-бір өнімін таба алмайтын болдық. «Қарағанды кәмпиттері» кондитерлік фабрикасы қайта жаңғыртуға байланысты жұмысын тоқтатқан. Алайда танымал фабриканың нақты қай уақытта қайтадан өнім шығаратындығы белгісіз, деп хабарлайды Baq.kz-тің Қарағандыдағы тілшісі.
Әр аймақтың, қаланың өзіндік «бренді» болатыны рас. Алматылықтардан апортты, Қызылордадан күріш, Шымкенттен қауын мен қарбызды, Атыраудан келген қонақтардан балық күтсек, Қарағандылықтар барған жеріне, әрине көмір емес, қарағандылық конфеттерді ала баратын. Осылайша, Қарағандының өзіндік «брендіне» айналған конфеттерді қазір күндіз шаммен іздеп таппайсыз. Мәселенің мән-жайын анықтамақшы болып Қарағандының біраз супермаркеттерін аралап шықтық. Қала бойынша бөлімшелері ең көп супермаркеттер «Южный» мен «Аянның» сөрелерінде украиндық, ресейлік конфеттермен бірге еліміздің «Баян Сұлу», «Рахат» кондитерлік фабрикаларының тәттілері самсап тұр. Тек қана дәмі әлі де болса таңдайдан кетпейтін «Қызыл телпек», «Солтүстіктегі аю» сияқты «Қарағанды конфеттерінің» өнімдері көзге түспеді. Дүкен қызметкерлері мен әкімшілігі де бірауыздан «Қарағанды кәмпиттерінің» көптен бері сатылымда жоқтығын айтады. «Біздің супермаркетердің ешқайсысында «Қарағанды конфеттері» сатылмайды. Осыдан шамамен 2-3 ай бұрын аталған фабриканың өнімдері сатылымнан алынып тасталған. Тіпті қазір фабрикамен супермаркет арасында келісімшарт та жоқ», - деді «Аян» супермаркеті әкімшілігінің қызметкері Людмила. «Қарағанды кәмпиттерін» іздеп кондитерлік фабриканың бас кеңсесінің жанында орналасқан дүкенге соқтық. Есігі тарс жабық дүкеннің алдына «2016 жылдың 4 қазанынан бастап фабрика қайта жаңартудан өтуге байланысты жабылады» деген қағаз ілініп тұр екен.
Жалпы, Қарағанды дүкендері мен супермаркет сөрелерінен аталған фабрика өнімдері осы жылдың жаз айларынан бастап көрінбей кетті. Ел аузындағы болжам да сан түрлі. Бірі «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасы қайта жөндеуден өтеді екен десе, бірі фабрика «банкрот» болыпты мыс деген ақпаратты таратады. Осыған байланысты кондитерлік фабрикаға хабарласқанымызда халықтың бірінші болжамы расталды. «Модернизациялау жобасы әлі құрылып жатыр. Сондықтанда жаңарту жұмыстарының қашан аяқталатынын айта алмаймын. Сәйкесінше, фабриканың қайтадан іске қосылатын уақыты да белгісіз», - деді кондитерлік фабриканың маркетинг бойынша директоры Светлана Напрасная. Осылайша, қарағандылықтардың, жалпы «Қарағанды кәмпиттерін» сүйіп жейтіндердің енді қашан бұл тәттілердің дәмін тата алатындығы белгісіз.
