Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Literature. part 1 answer the questions.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
11.87 Mб
Скачать

86. Б.Кенжебаев хх ғасырдың әдебиетін зерттеуші

Бейсембай Кенжебаев 1942 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріпті. Міне, сол тұстан бастап, ол кісі осынау білім ордасымен біте қайнасып кетті. 1944 жылдан 1974 жылға дейін қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. М.Әуезовпен қанаттаса қызмет істеп, Қазақ ұлттық университетіндегі қазақ әдебиеттану ғылымының көш бастаушысына айналып, әрі әдебиетші ғалымдар мен әдебиетші ұстаздар дайындаудың ұстаханасына өлшеусіз зор үлес қосты. Бейсембай Кенжебаевтай университе­­ті­міздің мақтанышына айналған тұлғалы азаматтың әдебиет тарихын зерттеудегі екі үлкен еңбегін айрықша атап өткім келеді. Оның біріншісі – Б.Кенжебаев осы университет студенттеріне дәріс бере жүріп, алғашқы болып, қазақ әдебиеті тарихының бастауларын ежелгі дәуірлерге алып бару мәселесін көтеріп, ғылыми ортаға қозғау салды. Бұрын қазақ әдебиеті тарихы XIX ғасырдан басталады деген тұжырым белең алып келсе де, Бейсекең пікір қарсыластарының беделіне, атақ-даңқына қарамай, өз тұжырымының дұрыстығын дәлелдеп, жүйелі ой-танымды алға тартты. Сонымен бірге талантты да дарынды шәкірттерін осы бір жүгі ауыр болғанмен, абыройы үлкен іске қосып, өз тұжырымының шындығына ғылыми ортаның көзін жеткізді. Сол шәкірттер – бү­гінгі әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар халқының мақтанышына ай­нал­ған Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин сынды айтулы азаматтар. Ендеше, қазақ әдебиетінің тарихы XIX ға­сырдан V ғасырға апарып, 15 ғасырға тереңдету Бейсекең жасаған ерліктің бірі десек, артық айтқандық емес. Б.Кенжебаев зерттеулерінің екінші бір арналы саласы – қазақ әдебиеті үшін алтын ғасыр болып саналатын XX ғасыр басындағы әдебиет екені белгілі. Оның бұл саладағы еңбектері ғасыр басындағы әдебиеттің талай алыптарын тарихтың «ақтаңдығына» айналып, әдеби айналымнан шығып қалудан сақтады. Ғылыми ізденісінің көп бөлігін осы кезең әдебиетіне арнаған әйгілі ғалымның «Сұлтанмахмұт ақындығы» (1949), «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демок­рат жазушылары» (1958), «Журналист Мұхамеджан Сералин» (1957), «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (1976), т.б. еңбектері тікелей осы кезең әдебиетін зерттеуге арналған. Қазақ әдебиетінің алтын ғасырының асылын жарқыратып, жасығын ащы сынаған және тым асырмай, аса кемітпей турашылдығын танытқан ғалымның бұл жолда талай қиыншылдыққа кезіккені рас. Бейсембай Кенжебаев ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеуге үлкен дайындықпен келді. Алдымен бірнеше ғылыми мақалалар жазды. Сонан соң, Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашы­лығын тереңдей зерттеуге ден қойды. Ғалым ғасыр басындағы әдебиетті жалынды жырларымен, ойлы поэмаларымен байытқан асқақ үнді ақын шығармашылығы арқылы екі ғасыр тоғысындағы әдебиеттің дәстүрлік жалғастығын танып, жаңашыл сипатын айқындауға тырысты. Сөйтіп, 1946 жы­лы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақын­дығы» атты тақырыпта ғылыми еңбекті жазып бітірді. С.Торайғыровтай ту­ма талант, дарқан дарынның шы­ғар­машылығы арқылы жалпы ­ХХ ға­сыр басындағы әдебиетке тән сыр-сипатты ашып, кезең әдебиетінің тарихи маңызын айқындауға ұмтылды. Мұның басты себебі Сұлтанмахмұт поэ­зиясы ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиеттің бүкіл табиғатын бойына жинақтаған жаңашыл поэзия болатын. Сондықтан Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұттың осы кезең әдебиетінен алар орнын айқындап, замана сырын ашқан суреткердің ақындық болмысын танытты. Бұған дейінгі Сұлтанмахмұтты «ұлтшыл», «байшыл» деген пікірлерге қарсы шығып, ақын поэзиясындағы елшілдік рухын көре біліп, Сұлтанмахмұтты ХХ ғасыр әдебиетіндегі ірі құбылыс деп бағалады. Ізденімпаз ғалым ХХ ғасыр басында еңбек еткен ақын-жазушыларды түрлі бағыттарға бөле отыра, жаңа ғасыр бас кезіндегі әдебиеттің тарихын түбегейлі жасап шықты. Олардың бір тобын сынай отыра есімін «тасқа басылған» тарихта қалдырса, екіншілерінің кемшілігін көрсете отырып, жетістігін де байыптауға тырысты. Үшіншілерінің азын көп етіп көрсетіп, барын әспеттеді. Бұлай болмаған жағдайда барымыздан айырылып қалған болар едік. Көне кітаптар мен шаң басқан ар­хивтерді ерінбей-жалықпай аударыс­тырған тынымсыз еңбектің нәтижесінде, ХХ ғасыр бас кезіндегі әдебиетті жүйелі зерттеудегі олқылықтар орнын толтырған «ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының демократ жазушылары» атты монография дүниеге келді. Зерттеу еңбектің өзіне тән басты ерекшелігі – тарихилығында болатын. Мұнда әдебиет ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы тарихи-әлеуметтік, саяси-экономикалық дамудың және үлкенді-кішілі өзгерістердің бірлігінде алынып қаралады. Ғалым өзінің докторлық диссертациясына негіз болған 1958 жылғы осы монографиясында ХХ ғасыр басындағы әдеби бағыттарды: 1) ескішіл феодалдық буржуазиялық-ұлтшылдық бағыттағы әдебиет; 2) демократтық-ағартушылық бағыттағы әдебиет; 3) ауыз әдебиеті деп бөледі. Әрине, бұл пікірде сол кездегі таптық идеологияның табы бары рас. Өйткені бұл кітап 1950 жылдары саяси «қателіктері» табылып, қазақ ғалымдары түрлі қудалауға түскеннен кейін жарық көрген болатын. Аңдушы көп, аласапыран заманда басқаша жазу мүмкін емес-ті. Ал 37-нің зобалаңы өтіп, саяси террор сәл тыныстаған 50 жылдарға дейінгі бір он жылдық кезеңде «ХХ ғасыр басындағы әдебиет» туралы ғалымның басқаша пікірлер білдіргеніне дәлел жетерлік. Мәселен, 1943 жылы жазылған «Қазақ әдебиетінің тарихы туралы» мақаласында «ХХ ғасырдың алғашқы 20 жылындағы жазба әдебиетіміз, яғни буржуазиялық-демократиялық революциялар дәуіріндегі жазба әдебиетіміз» (Қазақ әдебиетінің тарихы туралы // Социалистік Қазақстан, 1943. – 15 июнь.) деген болатын. Бұдан біздің ұғарымыз – алғашқы 20 жылдықтағы әдебиет – ұлт қамын жеген күресшіл әдебиет деген тұспалды ой. 50-жылдардағы түрлі қаулы-қарарлар нәтижесінде ұстанған бағыттан лажсыз қайтып, ХХ ғасыр басындағы әдебиет пен оның көрнекті өкілдерінің шығармашылығы туралы ой айтудың өзгеше бір ыңғайын табуды көздейді. ХХ ғасыр басындағы әдебиет тарихын Б.Кенжебаев әрдайым назарға ұстады десе болғандай. Жылт еткен оңтайлы сәтті қалт жібермей, мүмкіндігінше бұрынғы монографиясындағы жайды сылап-сипап, түзеп-күзеп қайтадан бастыра салмай, ойын уақыт тезінен өткізе қайта жазды. Қашанда жаңаша ой айтуға, жаңа бағдар беруге тырысты. Мұның алғашқысы 1966 жылы Ө.Есназаровпен бірігіп жазған «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», кейінгісі 1976 жылы жарық көрген (1983,1993 жылдары қайта басылып шыққан) «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» оқулықтары. Бұл оқулықтарда ғалым ХХ ғасыр басындағы әдебиетті бұрынғы моногра­фия­лық сипаттан бөлекше құрып, шәкірттер қабылдауына жеңіл тілмен жазып, ұғымды ой, ұғынықты пікірге құрды. Шәкірттер талғамынан шығу талабы мұнда қатаң сақталған. Сонымен бірге ғылыми-теориялық ойлар өзіндік жүйелілігімен айшықтала түскен. Оқулықта ғалым-ұстаз ХХ ғасыр басындағы әдеби бағыттарға «Ағартушы ақын-жазушылар, ағартушы-демократ ақын-жазушылар, демократтық-төңкерісшіл халық жазушылары» деп бөледі. Әрине, бұлай бөлуді ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі бағыттарды түгелдей танып-білу, әрі дәлме-дәл бөлу деп бағалауға болмайды. Бірақ бұрынғы тұжырымдардан өзгешелігі, ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі бағыттарды ажыратуында айқындық бары көзге түседі. Бұрынғы қаралауы басым «ескішіл-феодалдықтың» орнына енді Мәшһүр Жүсіп сынды ақындар табиғатына өте жақын «ағартушы» деген нақтылығы басым анықтама қолданысқа енеді. Осы арқылы «діншіл» атауы жабысып қалмай келе жатқан бір топ ақындар поэзиясын кеңінен талдауға мүмкіндік туып, шын мәнінде оларды ақтап алған еді. Ғалым бұл топтағы ақын-жазушы­лардың шығармашылық тұлға екендігіне ерекше назар аударады. Ал шығармашылық тұлғада шығармашылық еркіндік басым екендігі әмбеге аян. Оларды тек исламдық уағыз кітаптарға, шығыстық үлгілерге еліктеушілер ретінде бағалаушыларға Б.Кенжебаев ашық қарсы шығады. 1966 жылғы оқулықта өз көзқарасын былайша білдіреді: «Бұл ақын-жазушыларды кейбір әдебиетшілер «кітаби ақындар» деп атауды орынды көреді. Шындығында бұл аталған ақын-жазушыларды бұлай атау көп жағдайда орынды бола бермейді. Себебі «Кітаби ақын», «Кітаби жазушы» деген ерте уақыттағы, қоғам өмірімен қарым-қатынасы, байланысы жоқ, тек ескі, діни кітаптарды бастырып отырған ақын-жазушыны көзге елестеді… ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушы­лар­дың көбінің көрген мектебі, оқып нәр алған әдебиеті ертедегі араб, парсы әдебиеті, қазақтың, татардың, әзер­байжанның, Орта Азия халықтарының бұрынғы әдебиеті, шығыстық әдеби дәстүр еді… Дегенмен, тұтас алғанда, бұл ақын, жазушылар өмірімен азды-көпті байланыста болды; қоғам өміріне араласты; шығармаларының тақырыбын көбінесе қазақ халқының өз арасындағы қоғам өмірінен алып жазды; қазақ өмірінің күнделікті әлеуметтік мәселесін сөз етті. Сондықтан да бұл ақын-жазушыларды, әсіресе Мәшһүр Жүсіп пен Мақышты «кітаби ақын» деп атау орынсыз болады» (ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. Алматы: Мектеп, 1966. – 299 б. – 271-бет). Әрине, бұл оқулықтарда ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің көрнекті өкілдерінің үлкен бір бөлігі назардан тыс қалғаны, олар тек сөз арасында ғана «ұлтшыл-буржуазшыл» деп аталып өткені белгілі. Біз бүгінде «ұлт-азатшыл» әдебиет өкілдері деп жүрген Алаш ақын-жазушылардың атын атаудың өзі ол кезде үлкен күнәға саналатын. Оқулықта діни-ағартушылардың басын арашалап алып, олардың ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі орнын айқындаған Б.Кенжебаев ағартушы-демократтық бағыт өкілдеріне айрықша мән береді. Мұның себебі көп-ақ. Біріншіден, бұл бағыт өкілдері ХХ ға­сыр басындағы әдебиетті биік көркемдік деңгейге көтерген әдеби шығармашы­лықтың шынайы шеберлері болды. Екіншіден, Абай дәстүрін жалғастырып, оның әдеби өнегесін жаңашылдықпен өрбіткен де негізінен, осы бағыт өкілдері болатын. Үшіншіден, әдебиетті көркемдік ізденістер арқылы түрлі әдеби жанрларда алғашқы тәжірибелерге батыл барып, әдебиетті жанрлық тұрғыдан байытқан да осы ағартушы-демократтар еді. Олар орыс әдебиеті арқылы Еуропа жазба әдебиетінің үлгілерін игеріп, өмір шындығын образды бейнелеу тәсілін жете меңгерген шеберлері-тін. Осынау қасиеттер өз нәтижесін бермей қалған жоқ. Жазба әдебиетімізде еуропалық талапқа жауап бере алатын көркем де күрделі шығармалар жарық көре бастады. Ол шығармалардың авторлары С.Торайғыров, М.Сералин, С.Көбеев, С.Дөнентаев сынды көркем сөз зергерлері болды. Міне, замана сырын ұққан сұңғыла ғалым ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің «алтын ғасырлық» қасиетін осы ақын-жазушылар арқылы танытуға тырысты. Сондықтан да өз оқулығында олардың шығармашылығына жеке тараулар арнап, шәкірттер санасына мейлінше терең сіңіруді мақсат тұтты. Ал білікті ұстаз түзеген ХХ ғасыр басындағы әдебиетті оқыту жүйесі мен ол қалыптастырған оқу әдістемесі бүгінгі күнде де өз құндылығын жоя қойған жоқ. 2002, 2012 жылдары өзіміз шығарған оқу құралы мен оқулықты уақыт талабына, бүгінгі күн сұранысына сай жаңаша жазғанымызбен, Бейсекең салған сара жолдан аса ауытқи қоймай, ғұлама ғалым қалыптастырған жүйені негізге алғанбыз. ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылар­дың идеялық ұстанымы тұрғысынан алғанда, Бейсембай Кенжебаев айқындаған жүйе бірден-бір нақты әрі уақыт талабына жауап бере алатын тұжырымды бөлініс. Әрине, ақын-жазушыларға тән көркемдік әдіс мәселесіне келгенде, Бейсекең жүйелеуінің көп өзгеріске түсері анық. Б.Кенжебаев оқулықтары ХХ ға­сыр басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мүмкіндіктері мен өзіндік ерекшеліктері туралы айтқан орнықты пікірлер, тың тұжырымдарымен қызықтырады. Мәселен, Мұхамеджан Сералинді «… «Айқап» арқылы, өз шығармалары арқылы қазақ халқының Абай мен Ыбырай негізін салған жаңа әдебиетінің ХХ ғасыр басында өркендей түсуіне атсалысты. «Топжарған», «Гүлкәшима» деген поэмалары өз заманындағы жаңа тұңғыш тарихи-реалистік, реалистік-романтикалық поэ­малардан саналады» деп бағалайды. Ал Спандияр Көбеев туралы «… қазақ халқының ХІХ ғасырдың аяқ кезі мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысы ішіндегі бүкіл әлеуметтің өмірін көзімен көрді. Оны жай кісі болып, көптің бірі болып көрмей, саналы, білімді оқытушы, жазушы, қоғам қайраткері болып көрді… Оның «Қалың мал» романы мен «Орындалған арман» мемуары қазақ әдебиеті тарихында маңызды орын алды… Бейсембай Кенжебаевтың ғұмырнама­сын жасап, ұстаздығы мен ғалымдығын жете зерттеп жүрген ғалым Құлбек Ергөбековтің айтуынша, Бейсекеңнің ХХ ға­сыр әдебиеті тақырыбына баруына және оның терең зерттеуге ден қоюына бағыт беруші Мұхтар Әуезов көрінеді (Қайран да қайран, Бейсекең ! // Егемен Қазақстан, 2004. – 6-қазан). Әрі замандасы, әрі ұстазы осынау ұлы тұлғаның өзіне деген адами азаматтық сенімін Бейсекең артығымен ақтады. Өйткені ол небәрі 20 жылдық уақыт кезеңін қамтығанымен, күрделілігі жағынан алғанда бір ғасыр емес, түгел дәуір жүгін арқалаған әдебиеттің бүкіл болмысын жарқырата ашып, тарихын жасады, белгілі бір жүйеге түсірді. Иә, бұл оңайлықпен орындалар дүние емес, оған қажымас қайрат, мұқалмас жігер, ерен еңбек, ғаламат қайсарлық қажет-ақ. Бұл қасиеттер Бейсембай Кенжебаев бойынан табылды. Соның нәти­жесінде Бейсекең қазақ әдебиеттану ғылы­мының тарихында ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ғылыми жү­йе­сінің негізін қалаған, сол дәуір ақын-жазушыларының азды-көпті дүниесін түгел түгендеген, сөйтіп кезең әдебиетінің тарихын жасаушы аса көрнекті ғалым, ұстаздардың ұстазы ретінде рухани мәдениетімізден мәңгілік орын алды. Меніңше, Бейсембай Кенжебаев әде­биет тарихын зерттеуші, оқытушы ға­лым­дардың мәңгілік тәлімгеріне айналып, ғұламаның қазақ әдебиеті ғылымы үшін жасаған еңбегі кейінгі зерттеушілерге қашанда бағыт берер бағдаршам болып қала берері хақ.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]