- •1.Хх ғ.Б қазақ әдебиетіндегі әдеби бағыттар
- •2. А.Байтұрсынов аудармашы.
- •3.С.Торайғыров «Қамар сұлу» романы
- •4. Хх ғ.Б оқу-ағарту ісінің дамуы
- •5.М.Дулатұлының ақындығы
- •6.С.Көбевтің «Қалың мал» романы
- •7. Хх ғ.Б тарихи-әлеуметтік жағдай және оның қазақ әдебиетінің дамуына әсері
- •15. С.Торайғыровтың «Адасқан өмір» поэмасы
- •16.Хх ғ. Басындағы кітаби ақындар
- •18.С.Көбеевтің аудармалары
- •19.Хх ғ.Басындағы ағартушы-демократтық бағыттағы ақын-жазушылар
- •20.М.Дулатовтың әдеби –сыни мақалалары(сыннан оқығандарыңды бір шолып, осыған қоса салсаңдар болады)
- •21.Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы
- •40. Хх ғасыр басындағы аударма саласындағы ізденістер.
- •41. Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы.
- •42. Әлихан Бөкейхановтың әдеби-сын мақалалары.
- •50. Мұсабек Байзақов шығармашылығы
- •51. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасы.
- •52. Хх ғ.Б. Қазақ прозасының дамуы.
- •53. А.Байтұрсынов - әдебиет зерттеушісі.
- •54. Иса Дәукебаевтың «Бекболат» поэмасы.
- •55. ХХғ.Б. Қазақ әдебиетінің 1990-жылдарға дейің зерттелу жайы.
- •56. Ғ.Қарашев шығармашылығы.
- •58.XX ғ.Б. Қазақ-әдебиетінің даму кезеңдері.
- •60.Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы.
- •61.Хх ғ.Б. Қазақ әдебиетіндегі үлттық сананы ояту идеясы.
- •62.Жаяу Мұса Байжановтың шығармашылығы.
- •63. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» поэмасы.
- •64. 20 Ғасырдағы қазақ баспасөзіндегі әдеби- сыни ойлар
- •66. М.Кәшімовтың «Мұңлы Мариям» повесі
- •69. М.Дулатов «Бақытсыз Жамал» романы
- •79. XX ғ.Б. Қиссашыл ақындар шығармашылығының ерекшелігі
- •80. М. Қалтаев шығармашылығы
- •81. Шэкэрім поэзиясындағы Абай дэстүрі
- •82. XX ғ.Б. Әдебиеті бүгінгі зерттеуде
- •83. М. Жүмабаевтың әдеби зерттеу мақалалары
- •84. С.Торайғыровтың «Таныстыру» поэмасы.
- •85. XX ғасырдың 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті
- •86. Б.Кенжебаев хх ғасырдың әдебиетін зерттеуші
- •87. С.Торайғыровтың «Айтыс» поэмасы
- •88. Хх ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ прозасы
- •89. Нарманбет Орманбетовтың шығармашылығы
- •97. XX ғ.Б. Қазақ әдебиетін зерттеудің басты кезеңдері
- •98. Тайыр Жомартбаев шығармашылығы
- •99. М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» эңгімесі
- •100. XX ғ.Б. Әдебиетттану ғылымының қалыптасуы
- •101. Нарманбет Орманбетов ақындығы
- •102. М. Жұмабаевтың «Қорқыт» поэмасы
- •103. XX ғ.Б. Әдебиет тарихына 20-з0-жылдардағы көзқарастар
83. М. Жүмабаевтың әдеби зерттеу мақалалары
Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бүгінде өз есімімен аталатын ауылында орташа ғана дәулеті бар отбасында дүниеге келеді. Әуелі ауыл молдасынан, содан соң ауылдағы мұғалімнен оқып, сауатын ашады. 1905-1910 жылдары Қызылжар (Петропавл) қаласындағы медреседе оқиды. Медреседе бірқатар шығыс тілдерінен дәріс алады, шығыс ақындарының жырларымен танысады. Өзі де әдебиетпен шұғылданады. 1910 жылдың күзінде Уфаға келіп, осындағы Ғалия медресесіне түсіп білімін молайтады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды.
Омбыдан елге қайтып келіп, айналасында болып жатқан қоғамдық жұмыстарға араласады. 1917 жылдың көктемінде Ақмола облыстық халық ағарту бөліміне қызметке кіреді. Алаш партиясының жұмысына араласады. Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде жұмыс істейді. 1922 жылы Ташкентке келіп, сондағы "Ақ жол" газетінің редакциясына кіреді.
1923-1926 жылдары Мәскеудегі әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. 1927 жылы елге оралып, оқытушылықпен айналысады. Бірақ көп ұзамай Мәскеуде оқып жүргенде "Алқа" ұйымын ұйымдастырғаны үшін тұтқындалып, он жылға сотталады. 1936 жылы тұтқыннан босап, еңбек жолына қайта оралысымен, 1937 жылдың аяғында ұсталып, 1938 жылы "халық жауы" деген жаламен ату жазасына кесіледі.
Шығармашылық мұрасы. Мағжанның шығармашылық жолы Қызылжар қаласында оқып жүргенде басталады. Бойында әдебиетке деген құштарлықтың ұшқыны бар жас Мағжанның жүрегіне 1909 жылы Петербург қаласында жарық көрген Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы орасан зор әсерін тигізеді. Абайдың жыры талапкер ақын жүрегіндегі ұшқынға алау береді Алғашқы жырларын жазады. Татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласында Мағжанның "Шолпан" деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. 1922 жылы Қазанда ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы кітап болып шығады.
Мағжан – лирикалық өлеңдермен қатар бірнеше көркем поэмалар жазған ақын. Атап айтқанда, "Қойлыбайдың қобызы", "Батыр Баян", "Қорқыт", т.б. поэмалары ақын талантының ерекше қырын танытады.
Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды. 1923 жылы Ташкентте "Педагогика" атты кітап шығарды. Сонымен бірге 1928 жылы Мәскеуде төменгі сынып шәкірттеріне арналған "Сауатты бол" атты оқулығы жарық көреді.
1938 жылы жазықсыз жазаның құрбаны болғаннан кейін Мағжан шығармашылығын оқуға, жариялауға тыйым салынды. Тек еліміз тәуелсіздік алар тұстағы арнайы үкімет шешімі арқылы ғана ақынның есімі мен шығармашылық мұрасы толық ақталды. 1989 жылы ақын шығармаларының бір томдығы, 1995 жылы үш томдық жинағы жарық көрді.
Мағжанның өлеңдері
Мағжан Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол түсінікті еді. Мағжан өмір сүрген уақыт қаншалықты күрделі саяси, қоғамдық тақырыптарды алға тартқанымен, оның алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлар бастап кеткен ағартушылық ой-пиғыл бұл кезең әдебиетінде басымдау жатты. Мағжан да Абай дәстүрінде жыр жазды, ұлы ұстаз үлгісін жалғастырды. Алғашқы өлеңдерінің бірін "Алтын хакім Абайға" деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі. Өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Елін білім алуға, өнер үйренуге шақырады. "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", Қазағым", т.б. өлеңдерінде ақын осы тақырыпты көтереді. Мағжанның ағартушылық сарындағы өлеңдерінің арасында ел мен жер тағдырына алаңдаушылық жатады. Ақын туған елін сүйді, туған жерінің әрбір пұшпағын жүрегіне жақын тұтты. Ол:
Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр,–
дей келіп, қазақ арасында мұндай ұмтылыстың әлі де жоқ екеніне өзегі өртенеді. Қолында дәулеті бар деген бай-болыстар да, азын-аулақ оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр. Халықтың жайына алаңдайтын ешкім жоқ. Оқудағы шәкірттерге де дұрыс білім берілмейді. Қыз балалар малға сатылуда. Өзара дау-жанжал, айтыс-тартыс көп. Міне, Мағжанның өкініші – осылар.
Дегенмен Мағжанның ойлары мұнымен шектелмейді. Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді. Күншығыс өлеңінде:
Қисық көзді Күншығыс,
Бұл тұруың қай тұрыс?
Серпіл енді, алыбым! –
деп, Шығыс елдеріне ұран тастай отырып, өз ойларын әйгілі "Пайғамбар өлеңінде былайша жалғайды :
Күншығыстан таң келеді – мен келем,
Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.
Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,
Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры!
Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен – пайғамбар, Күн ұлы.
Өлеңде ақын шабытының ғаламат күші қаншалықты сезіліп тұрса, ақынның Шығысқа, оның ұлдарына деген махаббаты мен мақтанышы да соншалықты жарқырап көрінеді.
Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.
...Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой–
деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? –
деп, Мағжан қазақты да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.
"Тұран", "Түркістан" деген образды бейнелер арқылы Мағжан осылайша Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Оның бүкіл өткен жолына шолу жасай отырып, тарихтың небір ерлікке толы, бейбіт өмір жайлаған беттерін парақтайды. Оларды өз заманымен салыстырады. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Бір кезде Тұранды мекен еткен ер түріктің бүгінде бірлігі азайған. Бас-басына ел болған, жеке халықтарға бөлініп кеткен. Шығысты дәріптейтін өлеңдерінде Мағжан осынау түркі халықтарын бірлікке шақырады. Сонда ғана Батыстан келген қиянатқа, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы тұруға болатынын ұқтыруға тырысады.
Бұған дәлел – ақынның "Орал тауы" атты өлеңі. Өлең кейіпкері – Орал тауы. Мағжанның бейнелеуінде ол – бүкіл түркі дүниесінің символы.
...Аспанмен таласқан көкпеңбек таулар. Қарағай, шыршасы сыңсыған, бауырында не түрлі аңдары жортқан, қойнауында алтыны мен алмасы тұнған Орал тауы. Тау табиғатының әсем суретін сала отырып, ақын Мағжан сөзін ары қарай жалғайды:
Бір күнде сенің иең түрік еді,
Орын ғып көшіп-қонып жүріп еді.
Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік
Қойыныңа жайыменен кіріп еді.
Ер түрік ен далаға көрік еді,
Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.
Тұрғанда бақыт құсы бастарында,
Іргесі жел, күн тимей, берік еді.
Мұндағы ақынның "ер түрік" деп отырғаны – түркі дүниесі, түрік, қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, башқұрт, т.б. халықтардың жиынтық бейнесі. Бір кезде ен даланың көркі болған осынау халықтардың бүгінгі халі қандай? Мағжан соған үңіледі.
Оралдай атамекен жерлеріне,
Қасиетті атаның көрлеріне,
Аузы түкті шет елдер ие болып,
Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне, –
деп, ақын тарихи шындықты баяндайды. "Аузы түкті шет елдері" – Ресей патшалығы. Соның қысымымен бір кездегі асқақ Оралдың да жүзіне қаяу түскен. Өлеңнің соңын Мағжан бүкіл түркі жұртын бірлікке шақырумен аяқтайды:
Анамыз бізді өсірген, қайран Орал,
Мойның бұр тұңғышыңа, бермен Орал!
Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.
Туған халқының, түркі дүниесінің басындағы ауыр халді, мұңдана баяндаған өлеңдерінің өзін Мағжан айрықша оптимизммен қорытып отырады. Ақынның лирикалық кейіпкері – аса батыл, нені болса да кесіп айтатын өткір жан.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде желмін гулеген,
Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар? –
деп басталатын "Мен кім?" атты өлеңінде Мағжан өзінің лирикалық кейіпкерінің дәл осындай айбатты да қайратты, адал да қайсар бейнесін ашып береді. Ақынның "мені" өзін көктегі күшке, түпсіз теңізге, кызуы мол жалынға, жүйрік тұлпарға теңейді. Патшадай қаһарлы, казыдай әділ, бидей шешен де өзі. Олай болса, оған қарсы тұрар күш бар ма?
Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім – кұран, бағынамын сөзіме!
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,
Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе, –
деген лирикалық кейіпкер сөзінде алапат күш-жігер мен шынайы шындық қатар өрілген.
Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш –жастар. Олай болса, өмір бойы "алаш" ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің "Мен жастарға сенемін" деп аталатын өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан кыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. "Мен жастарға сенемін!" деп асқақтай сөйлейді.
Мағжан өлеңдеріндегі ең басты тақырып – ел мен жер тағдыры. О бастан-ақ халқына азаттық өмір тілеген ақын туған елінің өткен тарихына үнемі көз жіберіп отырады. Сол арқылы тарихи шындықтың бетін ашады.
Атап айтқанда, "Өткен күн" атты өлеңінде Еділ мен Ертістің арасын жайлаған қазақтың бір кездегі жайнаған даласы мен көкорай шалғынды жайлауын, айна көлдері мен алаңсыз күн кешкен тұрмысын, қаһарман батырлары мен әділ билерін, ел тұрмысының сәні болған ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан ете отырып:
Өткен күнді ойласам,
Ойға терең бойласам,
Кешегі қайран қазақтың
Сәулеті мен дәулеті
Көз алдыма келеді, –
деп, бұдан ары қарай осы тіршіліктің шырқы бұзылғанын баяндайды. Өткенді аңсап емес, қолда бар асылынан айырылғанын өкіне баяндайды.
Оның себебі неде? Бейбіт өмір неге қара түнекке айналды?
Қазақтың қазіргі күйі қандай?
Күшің кеткен баяулап,
Жүрсің атсыз жаяулап,
Ит надандық желкеңде
Шабайын деп аңдып тұр
Қылышын ұстап таяулап, –
деп, ақын сол заманның шындығы арқылы әлгі сауалдарға жауап береді.
Қазақ даласындағы 1917 жылғы төңкерістер тұсындағы жағдайды жырлауда да ақын дәл осындай шыншылдықтан жаңылмады. "Бостандық'', "Есімде... тек таң атсын", т.б. өлеңдерінде ақынның халқының тәуелсіздігі жолындағы жанын құрбан етер ерекше қайраты сезіледі. "Бостандық" өлеңінде:
...Көк есігі ашылды,
Жұмақ нұры шашылды.
Келді ұшып бостандық, –
деп қуанады, бостандықты ізгі періштеге теңейді.
Ақын өлеңдерінде бостандықты аңсау сезімі аса күшті. Екі дүние алмасып, аласапыран болып жатқан тұста өмір сүрген ол халқына тәуелсіздік күнінің жақындағанын сезеді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі үміті басымырақ акынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі – "Сағындым". Өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.
Қабырғасы қара тас абақты іші қара көлеңке. Сасық иіс қолқаны атады. Кіп-кішкене терезеден келіп жететін жарық та, таза ауа да шамалы. Осындай тар қапаста отырған ақын сары даласын, алыстағы анасын, туған елін, құрдастарын, сүйген жарын сағынады. Содан соңғы сағынары – бостандық.
Бостандыкта өткен күнді сағындым,
Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны өткен күнді сағындым, –
деп адам баласының еркін өмір сүруін аңсайды. Сол еркіндікке жету жолында абақтының азабын тартып отырғанын ақын өлең жолдарына түсіреді. Онда мұңнан гөрі жеке адамның көңіл күйіндегі кейбір толғанысты сәттердің суреті басымырақ. Ақын жырында болашаққа сенім мол.
Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! –
деген жолдарда Мағжанның ұлтына, халқына деген шексіз махаббаты сезілсе, одан кейінгі:
Қалың елім, қалың кара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер, алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын, –
деген жолдардан оның ертеңгі болашақтан үміті, қалай болғанда да осы қиындықтың артында азат күндердің келеріне деген сенімі көрінеді.
Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар – Мағжан өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.
"Сүйемін" атты өлеңін ақын қартайған анасына, күнделікті тұрмыстың жетегінде жүрген қарапайым жарына деген сезімін суреттеуден бастайды. Өлеңде өмірдің жүрекке жылы, көзге таныс суреті бар. Ана да, жар да әркімге қымбат екенін есіңе қайта салғандай. Одан кейін ақын:
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен
Бірге жусап, бірге өрген,
Алаш деген елім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол елімді сүйемін.
Сағым сайран кұрады,
Бораны ұлып тұрады,
Қыс – ақ кебін, жаз – сары.
Орманы жоқ, шуы жоқ,
Тауы да жоқ, суы жоқ,
Мәңгі өлік сахарасы,
Сарыарқа деген жерім бар.
Неге екенін білмеймін,
Сол Арқамды сүйемін! –
деп, өзінің туған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілігін жайып салады.
Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі – адамды бәрінен жоғары кояды. Бұған дәлел – "Сен сұлу" өлеңі.
Өлеңде сұлулықтың көркіне көз тоймай, айналасына таңырқай көз салған ақынның бейнесі бар. Ол айрықша тебіреніс үстінде. Оның көңіліне қуаныш, мактаныш сезімін ұялататын кең даланы гүлге ораған көктемнің арайлы күні, күміс табақтай көкте жүзген сұлу Ай, жібектей есіп, жанды жадыратар Жел, асқар тау, көлде жүзген аққулар, көк аспанда нұрын шашын тұрған Күн. Ақын осы көріністің тамаша картинасын жасайды. Табиғаттың әр құбылысынан, туған жердің әр тынысынан сұлулықтың тамаша белгілерін көреді. Сонда да болса, дүниедегі ең сұлу жаратылыс Мағжан үшін бұл емес. Сұлудың сұлуы – оның жүрегі қалаған сүйікті адамы.
Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,
Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!
Мағжанның таза махаббат тақырыбына арналған лирикасы – аса көркем мұра. Табиғатынан жаны сұлу сыршыл ақын адамның ең асыл сезімін жеткізуге келгенде ғажап шеберлік танытады. "Сүй, жан сәулем", "Сен сұлу", "Жұлдызды жүзік, Айды алқа қып берейін", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан адамға тән осынау ұлы сезімді аса биікке көтере жырлайды. Ақынның лирикалық қаһарманы үнемі ғажайып сезімнің кұшағында жүреді. Шын сүю – Мағжанның ұғымында әрі ләззатты, әрі азапты күй. Қуанышы да мол, азабы да аз болмайтын сезім. Ақынның сезімі кіршіксіз мөлдір. Сонымен бірге, ол махаббатқа шексіз адал. Сүйген жанының бір сәттік қуанышын ол патшаның тағына да, дүниенің малына да айырбастамайды. Сүйген жары үшін не қиындыққа да төзуге даяр.
"Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін" өлеңі дәл осындай кіршіксіз махаббаттан туған шығарма.
Сүйгеніне қол созған ғашық жан:
Кел, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін, –
деп, жүрек сырын ақтарады. Оның ғашығы – сөзі сиқыр, шашы толқын, күлкісі күміс табақтай сыңғырлаған ғажайып сұлу. Ақын осы сұлулыққа жету жолында бәрін де құрбан етуге даяр ғашық жанының бар сезімін тамаша суреттермен, бейнелі кестелермен береді. Лирикалық кейіпкерінің "көз жасынан меруерт тізіп", тіпті аспандағы жұлдызды жүзік, айды алқа етіп ғашығына сыйға тартқызады.
Мағжан – қазақ өлеңінің көркіне көрік қосқан, саздылығы мен әуезділігін әсемдеген ақын. Жоғарыдағы өлеңдерінің бәрінде де ол қарапайым өмір кұбылыстарын әсем суретке айналдыра жырлайды. "Толқын", "Шолпы", т.б. өлеңдерінде Мағжан өлеңдеріне тән ерекше бір әуезділігі айқын көрінеді. Мысалы: "Шолпы" өлеңіндегі:
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Қанымды қайнатты кұрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпәра талқан боп сыңғыр, –
деген жолдардағы қазақ қызының шашына таққан шолпысының сыңғыры әркімнің құлағына қазір де жетіп тұрғандай әсер береді.
Ал "Толқын" атты өлеңінде ақын өмір философиясы туралы толғанады.
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысады, –
деп, ақын айтқандай, өмірдің өзі бірін-бірі қуған, жарысқан осындай толқындардан тұрмақ. Өмір ағысы осындай.
Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ-сылқ күледі.
Жылағаны – күлгені,
Күлгені оның – өлгені,
Жылай, күле өледі.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын тынады.
"Батыр Баян" поэмасы
Мағжан Жұмабаев – бірнеше көркем поэма жазған құлашы кең эпик ақын. Ол өз заманының толғауы күрделі жайларын халқының өткен тарихын жырлау арқылы көрсетуге ұмтылды. Өйткені артта қалған казақ елін алға жетелеу сол халықтың өз қолынан ғана келмек. Сондықтан да халыққа күш берер осындай ерлік қайнарын Мағжан тарихтан іздеді. Өз шығармаларында кешегі өткен батыр бабаларымыздың ерлігін жырлады. Абылайды, Кенесарыны жырға қосты. Сол арқылы халқының қайратын ұштап, санасын оятуды ойлады.
Бұл тұрғыдан келгенде, "Батыр Баян" поэмасының маңызы ерекше. Поэманың оқиғасы бір кездегі қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік заманнан алынған.
...Қалмаққа қарсы жорыққа аттанбақ болған Абылай хан қол астындағы батырларын жинайды. Жалғыз Баян батыр ғана кешігіп келеді. Сөйтсе, бір кезде жорықта қолға түскен қалмақ қызы мен батырдың інісі Ноян екеуі көңіл қосып, қалмаққа карай кашып бара жатқан жерінен Баян қуып жетіп, екеуін де оққа байлап өлтірген екен. Қызда Баянның да ойы болған. Бірақ қалмақ қызы әр түрлі айламен жақындатпай жүріп, күндердің күнінде інісі Ноянмен сөз байласқан.
Бұдан кейін Абылайдың қолы жорыққа аттанады. Сол жорықта Баян батыр ерлікпен қаза табады.
Оқиға желісін Мағжан жай ғана баяндап шықпайды. Биік романтикалық сарынға құрылған бұл поэмада батырлық та, достық та, адамгершілік мейірім де, ашу-ыза да бар. Поэманың бас кейіпкері Баян батырдың өзі шығармада екі сипатта көрінеді. Інісі Ноян мен қалмақ қызының қылығына ашуланып, соңынан қуып жеткен шақтағы Баян мен екі жасты өлім кұштырғаннан кейінгі Баянның көңіл күйі, кескін-кейпі екі түрлі, бірақ нанымды. Бәрі де қарапайым адам баласының бойынан табылатын таныс жағдайлар.
Алыстан екі кара көрді Баян,
Кілегей қара бұлттай төнді Баян.
Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Бұл – Баян батырдың екі жастың артынан қуып жеткендегі кейпі. Ашу қысқан, сабырынан айырылған, жүрегін ашу мен ызаның оты жандырған алапат күш иесі. Алдынан тау кездессе де төңкеріп кетердей екпінді. Тіпті Ноянның өзі ағасының мына түрінен шошынып қалады.
...Ойламай, белді бекем будым неге?
Қозымды қас дұшпандай қудым неге?
Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,
Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?
Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,
Бір ата, бір анадан тудым неге?
Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым
Қанымен өз қозымның жудым неге?
Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,
Өлмедім ішіп уын удың неге?
Туған бауырын оққа байлап, екі ғашықтың өлімі үстінде тұрған Баян осылай егіледі. Бірақ болар іс болды, өз қолын өзі кесе алмайды. Егіле тұрып ойланады. Жаңағы өзі қойған көп "неге?" жауап іздейді.
Жоқ, әлде, жоқ, жоқ... Әлде... Өлтірдім бе,
Інімді алты алаштың намысы үшін?! –
деп өзін жұбатады. Осылайша өзін-өзі бекіткен Баян батыр қалмаққа аттанып, сол жорықта ерлікпен қаза табады.
Поэманың бас кейіпкерлерінің бірі – қалмақ қызы. Ол Мағжанның ұғымында жай ғана тұтқын емес. Атағы алашқа әйгілі Баян батыр ғашық болған қыздың көркіне ақылы сай еді. Қыздың сұлулығын Мағжан аса нанымды суреттейді.
Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,
Бір соған бар сұлулық жиылғандай.
Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт,
Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.
Бір улап, көзқарасы бір айнытқан,
Жұлдыздай еркелеген сөнбей-жанбай.
Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі,
Кәусардай тартқан адам қалар қанбай.
Осындай ерекше сұлулық иесі – қалмақ қызының қайсарлығы мен ақылы да қайран қалдырады. Сөз салмақ болған Баянды "ағатайлап" жүріп, өзіне қарындас ретінде қарауға мәжбүр еткен. Түпкі ойында туған жұрты, ата-анасы жатыр.
Алаштың аруы боп кетсе-дағы,
Жанымен өз жұртынан айырылмаған, –
күйі, ақыры, жас Ноянды өз дегеніне көндіреді. Ноян қанша батыр болса да, қыздың сөзіне бас иеді. Мағжан суреттеген Ноян жастық албырттықтың, тазалықтың, шынайы сезімнің символы.
Абылай хан поэмада "кең ойлы данышпан", елге қорған болған хан ретінде көрінеді. Қол астына алаштың атақты батырларын жинаған қолбасшы. Поэма оқиғасында Абылай қалмақтардың алдағанына сеніп, амалсыздан кері қайтуға мәжбүр болады. Батырларының бәрі осындай бәтуаға келеді. Тек жалғыз Баян ғана:
"Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан
Жөңкіліп бұл қайтудың мәні қалай?" –
деп, қасына жүз жолдас ертіп қашып кеткен қалмақтың соңынан қуады.
Поэманың өне бойындағы шиеленіскен тартысты, кейіпкерлердің көңіл күйін, іс-әрекетін, мінез-табиғатын Мағжан айрықша шабытпен жырлайды. Кейіпкер бойындағы бірбет қайсарлықты, асаулықты, сондай-ақ ниетінің ақтығын, жанының тазалығын қатар сипаттау арқылы ақын шығарманың ішкі драматизмін шарықтау шегіне жеткізеді. Оқиғаны баяндау барысында тау мен суды, күн мен аспанды, табиғат құбылыстарын кейіпкерлерінің көңіл күйімен, қалмақ кызының сұлулығымен астастыра отырып, поэмадағы әр түрлі характерлер кақтығысын ширата бейнелейді. Сонымен қатар, ақынның шеберлігі, өлең өрімі, сөз көркемдігі, образды суреттеу, романтикалық асқақтық тәрізді қасиеттер де поэмада кеңінен көрінеді.
Қорыта айтқанда, "Батыр Баян" поэмасы – тек Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығынан ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының қазыналы қорынан лайықты орын алатын аса көркем де құнды туынды.
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Мағжан кеңшарында дүниеге келген. 1912-1915 жылдары Мағжан Жұмабаев «Қазақ» газетінің редакторы, түрколог, қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Ахмет Байтұрсынұлынан және Шығыс мәдениетімен де Батыс мәдениетімен де жан-жақты, терең сусыңдаған аса дарын иесі Міржақып (Мир-Якуб) Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір қырына көтеріледі. Мағжанға еуропалық білім алуға, орыс тілін үйренуге, мәдениетімен ұанығуға олар көп себін тигізген. 1924-1927 жылдары Мағжан Жұмабаев Мәскеуде В.Брюсов басқаратын Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүріп, орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетімен терең танысады. 1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаумен 10 жылға сотталып, 1938 жылы атылады. Әдеби еңбектері: «Педагогика» (Орынбор, 1922). «Сауатты бол» (Ташкент, 1923); «Алтын хакім Абайға» (1912); «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әубәкір ақсақал Диваев» т.б. мақалалары. Жан-жақты білімді, қазақ поэзиясын терең білетін талантты ақынға Абай шығармалары ерекше бір рухани құбылыс болды. Өзіне етене таныс Батыс және Шығыс классиктерінің сөз саптауынан алабөтен, әрбір сөзінің астарында қатпар-қатпар қайғы мен зар, мұң мен шер, тұңғиық терең ой жатқан Абайдың әдеби тілді түрлендірудегі қайталанбас талантына баспадан 1909 жылы шыққан өлеңдер жинағынан оқып, табынған Мағжан Абайға арнап: «Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға» деген 6 шумақ, 24 тармақтан тұратын өлең жазады. Сөйтіп, ақын Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы орнын анықтап, талантын мойындайды. Мағжанның бұл өлеңі қазақ поэзиясында ғана емес, ұлттық әдебиеттану ғылымындағы абайтануға жасалған сәтті қадам еді. ХХ ғасырдың 20-30 жылдар аралығындағы әдеби процеске белсене атсалысқан атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың 1922 жылы алғаш рет Орынборда жарық көрген «Педагогика» атты ғылыми зерттеу еңбегінің өзі сөз өнеріне тікелей қатысты. Мұнда ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне байланысты айтылған ғылыми тұжырымдардың бәрі төл әдебиетіміздегі туындылардың көркем мәтінін талдау арқылы түйінделеді. Әсіресе, адамның жан тілі (психология), ішкі сезім көріністері, жан сырының дене қозғалысы арқылы сыртқа білінуі т.б. сияқты психологиялық бейнелеу құралдары жөніндегі теориялық ойлары қазақ әдебиеттану ғылымында бұрын-соңды арнайы әңгіме болмаған мәселелер. Алайда, біздің бүгінгі міндетіміз М.Жұмабаевтың әдебиеттану ғылымына қатысты еңбектерін қарастыру. Олар: «Ақан сері», «Бернияз Күлеев», «Базар жырау», «Әбубәкір ақсақал Дивае», т.б. сынды әдеби зерттеу мақалалар. Бұл еңбектердегі ортақ ой – халық арасында ауызша таралып, қағазға түспеген ән-жырларды, әдеби мұраларды жинау, жүйелеу, жариялау мәселелері. Жалпы әдебиеттану ғылымында жеке шығармашылық тұлғаның тағдырын, өмірбаянын жете білмей оның зертханасын, шығармашылық психологиясын, көркемдік жүйесін терең тану мүмкін емесі белгілі. Сондықтан да ел арасындағы таланттарды табу, олардың ортасы мен шығармаларын өз ауыздарынан немесе оны көзі көрген кісілерден жазып алу, жариялау жұмыстары қай кезде де жүргізіліп отырады. Міне, осындай мәдени мұраларды жинау, ел арасына сапарға шығып, халықтың інжу-маржандарын қағазға түсіру үшін арнайы ұйымдастырылған жұмыстарға ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялылары да белсене араласқаны белгілі. Айталық, осындай сапарларда жиналған әдеби мұралар мен жеке ақын-жыраулардың өмірі мен өнердегі тарихи мәліметтерді ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бір ізге түсіруде М.Жұмабаев үлкен еңбек сіңірді. Зерттеуші ғалым, әсіресе, ақын-жыраулардың өлеңдері мен қара сөздерінің көркем мәтіндеріне, ондағы сөздік қор мен тілдік қолданыстарына ерекше мән беріп, олардың тұрақты (канондық) мәтінін қалыптастыру мәселесін күн тәртібіне қойды. Өзі зерттеген Ақан сері, Базар жырау, Бернияз Күлеев, т.б. шығармаларының толық мәтінін жинап, жариялауға зор үлес қосты. Бұл еңбектерде әдеби мұралардың жанрлық түрлері, стильдік ерекшеліктері, жеке ақындардың шығармашылық зертханасы, тілдік қолданыстары, қаламгерлік қасиеттері, әдеби тілдің тазалығы т.б. сияқты әдебиеттану ғылымының күрделі мәселелері қарастырылады. Мәселен, бұрындары әдеби мұралары жиналмаған Ақан серінің жырларын ер арасына барып, жинап, оның өмір дерегінен бастап, әрбір ән-жырлардың шығу тарихы, сол кездегі ақынның көңіл-күйі, хал-жағдайы, өмір кезеңдері, жалпы шығармашылық-психологиялық ахуалы жайында кеңірек ғылыми мәліметтер келтіреді. «Ақан сері» деп аталатын ғылыми зерттеуі негізінен үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде жалпы ақынның өмір сүрген кезеңі, ортасы, мекені, ол жөніндегі ел арасындағы аңыз-әңгімелер жайында зерттеуші тарапынан шолу жасалады. Мақалаға кіріспес бұрын автор Ақан серінің көзін көріп, сөзін естіген, жырын жаттап, соны жазып берген тірі мұрағат көздеріне, яғни ел ақсақалдарына деген алғысын жеткізеді. Мырзалыұлы Баялы, Шыңғысұлы Қоқыш, Бозайұлы Ысмағұл, Самыратұлы Қазы т.б. сынды қариялардың білгендерін жазып алып, сол төңіректе ой толғайды, өлеңдеріне сараптама жасайды. «Ақанның өмірі» деген бөлімшеде оның оқып, сауат ашуынан бастап, серілік құрып ән шығарып, жыр жаза бастағанын, өмірінде кездескен қилы-қилы тағдырға байланысты туған жыр толғауы жайында толық ғылыми деректер келтіріледі. Ал «Сөздері» (шығармашылығы деген мағынада – Г.П.) деген бөлімде ақынның қолда бар жырларын талдау жасалады. Біздіңше, автор Ақан серінің «... сөздерінің мінезін білдіріп, түрлерін көрсетуді» мақсат тұтқан секілді. Алайда, ақынның жырлары түгел жиналмағандықтан, үш-төрт жүз жол өлеңімен шектеліп, сол бойынша оның ақындығын шолуға тура келген. Мағжанның өзі де ақын болғандықтан Ақан сері өлеңдеріндегі кемшіліктерді бірден байқайды, әсіресе ол тіл тазалығының сын көтермейтінін, өзге елден енген сөздердің көптігін қатты сынға алады. Алайда, оған кінәлі ақын емес, сол кездегі тіл шұбарлығы, қазақ арасына орыс, араб, парсы сөздерінің көп енгендігінің кесірі екендігін дәлелдейді: «... Ақан – заманның баласы... Біреуі – Бұқардан ишандардың, хазіреттердің, молдалардың, халфелердің шаңырақтай сәлделеріне, күпілерінің күйектей етектеріне жабысып келген мұсылман албастысы. Екіншісі – болыстардың знак, мөрлеріне, тілмаш, учительдердің қақиған картоздарына, сымпиған шалбарларына оралып келген орыс албастысы. Ол дәуір – осы екі албастының кесірінен елдің өмірі іріп, шіріп, тілінің тарғылданған дәуірі», – деп сол кездегі қоғамдық құрылысты, өзге елдерден енген сөздердің әсерін қатты сынға алады. Негізі адамзат тарихында әр халық өздерінің рухани қазынасын қалыптастырып, жетілдіру жолында өзге елдермен әдеби байланыссыз өмір сүре алмасы хақ. Оның олқылығы – тілді шұбарлауда көрінсе, жетістігі – жалпы дүниетанымды кеңейтеді. Мысалы, ол дәуір халыфелердің: Фараухун уә райханун әнфісәк сәні, Болғанда хуснун уәе абиз тәнің, – деп тілмаштардың: Көйлегің сексен теңге серо-бурый, Дамбалың московский материя, – деп, чительдердің: Милая, тебя вижу, қырандаймын, Без ответ, все таки, ұрынбаймын, – деп қыздарға хат жазатын дәуірлері – деп, заманның ақын өлеңдеріне болған әсерін нақты өз мәтіндері арқылы нақтылайды: Көптен-көп поклон айттым, скажия, Сырымды кімге айтамын, сізден зия. Именной, искренный, ескеріңіз, Хорошенько, сестра, сватия... (338-б.). «...Мынау шұбар тіл үшін, әрине, Ақанға рахмет айтарлық ештеңе жоқ. Бірақ Ақан – мың сол тарғыл тілді өлеңдерін адам ұғып оқыса, тегінде суреттеуге шебер, – деп таланттың даралығын, сол шұбар тілдің өзін тігісін жатқыза өрнектеп, көркемдік өлшеммен, ақындық шеберлікпен бере білгендігін атап көрсетеді. Бұл жерде М.Жұмабаев Ақан серінің туындылары шығыс классиктерінде кеңінен орын алған адамгершілік, махаббат сезімін жырлаған поэзиялық шығармаларға таза еліктеуден туғандығын, ақынның Аллаға, адамзатқа ғашықтықты байлық пен билік сияқты пендешіліктен жоғары тұратын кастерлі сезім ретінде жырлауды мақсат тұтатындығына терең мән беріп, талдайды». Сондай-ақ, автор ақынның өлеңдерін талдағанда өзінің пікірін жалпы шолып қана атап өтпейді. Әрбір ой-пікіріне жауапкершілікпен қарап, нақты мысалмен дәлел келтіріп отырады. Әрбір сөздің қолданысы, оның мағыналық мәні, ондағы әрбір буын, ырғақ, ұйқастың қолдану тәжірибесі жайлы терең теориялық тұжырымдар қазақ поэзиясы, өлең қисыны хақында сол күнге дейін әдебиеттану ғылымының күрделі мәселесі ретінде қарастырылмаған-ды. Енді зерттеушінің зерделі ойына құлақ түрелік: «... Онан соң, Ақанның өлең ұйқастыруына да молдалықтың шарапаты тимей қалған емес, сол жолда Ақанға, әсіресе, әсер қылған – аты шулы Мұхаммадия болған. Мұсылманша оқығандар біледі. Мұхаммадияның өлеңдері ылғи ұйқас қуып кетеді. Мысалы, бір өлең «я»-ға ұйқастырылса, сол өлең бір-екі бетке созылса да «я»-ға ұйқастырылады да отырады. Ақан өлең ұйқастарында көбінесе осы Мұхаммадияның жолына түскен. Бұлай ұзақ ұйқастырудың өлеңнің сырт сұлулығына пайдасы болғанмен, лайықты сөз табылмай қалып, мағынасы аз сөздер әжептәуір орын алады. Бірақ өлең ұйқастыру ауданының кеңеюі көзінен қарағанда Ақанның бұл тәжірибесін онша мінеуге болмайды». (339-б.). Автор мұндағы ұйқас куушылық, аллитерацияға деген ерекше қызығушылық, ең бастысы ана тілдің сөзін басқа тілмен шұбарлау сияқты келеңсіз, көзсіз еліктеудің жақсылыққа апармайтынын қатаң ескертеді. Алайда, осында бір аңғарар жай – автор ақынның шығармашылығындағы ақауларды атын атап, түсін түстеп тізіп айта отырып, қарға қарғаның көзін шұқымайды дегендей, іштей бір жанашырлықпен қарап, қадам аттаған сайын өзі ақтап алып отырады. Және кемшілікпен қатар ол олқылықтың да қазақ әдебиетіне, оның ішінде, өлең сөздің өрісін, ондағы ұйқастардың түрлерін көбейтуге әсері болғандығын айтады. Сонша тарғыл тіл де шын талантқа тұсау бола алмайтынын, ішкі рухани қуаттан, білімнен, ана сүтімен сіңген туған тілдің құдіретін тұншықтыра алмайтынын, оның бір кезеңдік еліктеуден туған талпыныс екенін дәлелдейді. Дегенмен, Мағжанның бұл мақаласымен бір кезеңде жазылған А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты зерттеуіндегі мына ескертпегені ұмытпаған жөн. Тіл жанашыры А.Байтұрсыновтың: «...Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айрылып қалуы ықтимал», – деген сөзін күні бүгінге дейін ескеріп, әсіресе, қоғамтанушы ғалымдарға жиі-жиі құлаққағыс етсе артықтығы болмайды. Өйткені, бүгінгі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мәдениетанушы, әлеуметтанушы т.б. мамандардың мақалаларындағы өзге елден енген пән сөздерінен, ұғым-түсініктерден көз сүрінеді. Сондай-ақ, осы еңбекте Мағжан Ақанның шығармашылығын мазмұндық жағынан бес түрге бөліп қарастырады: 1. Сықақ. 2. Ғашықтық. 3. Айтыс һәм мақтау. 4. Сопылық. 5. Қазақ қайғысы туралы өлеңдер. Осы түрлерге жататын өлеңдерді талдай келе автор басқа өлең түрлеріне қарағанда ғашықтық өлеңдерінде шын шеберліктің шыңы көрінетінін, мұнда тіл мен мазмұн анықтығын ерекше бөліп атайды. Ақынның махаббат лирикаларының теңдесі жоқ талантты және еуропалық лирика деңгейінде екендігін, бұл өлеңдердегі стильдік ізденістердің танымдық, суреткерлік, бейнелегіштік қасиеттердің құндылығын ерекше атап көрсетеді. Ғашықтық өлеңдерінде Ақанның әрбір сөзінен ақындық исі аңқып тұрғандай, ұсатусыз, суретсіз сөз жоқ деуге болғандай: ... Олардың мен ақ иық сыр андағы. Сен сәулем – қызыл түлкі қыраңдағы. Қия тас қиынына кетсең-дағы, Қамшылап қанатымды бұрам-дағы, – десе, ғашықтық өлеңдерінің ішіндегі ең құнарлы өлеңі деп бағаланған «Ақ көйлектен» үзінді келтіреді: Етегі ақ көйлектің ілмеленген, Қастардың харіф мәттей сүрмеленген. Сүмбіл шаш, лағыл ерін, асыл қалқа, Іш-бауырым ғашық отпен тілмеленген, – деген өлең жолдарын келтіре отырып, осы күнге дейін Ақан туралы айтылып келген жеңіл пікірге жаңа ой қосып, қазақ әдебиетіндегі ақынның тарихи орнын анықтап береді. Тағдыры күрделі ақынның даралық сипатын жоғары бағалап, ғылыми құнды пікірлер айтады. Және Мағжанның өзі де махаббатың майталман жыршысы болғандықтан да Ақан мерінің ғашықтық жырларын тереңінен түсініп, шынайы шабытпен өрнекті өлең жолдарындай жүрекпен жазады зерттеуін. Ақан серінің өлең құру шеберлігін, ой-танымындағы тың көріністерді, жаңалыққа деген құштарлығын, ізденіс іздерін зерттеуші егжей-тегжейлі тереңдей талдап, жазады. Мысалы, «Мынау» («Ақ көйлекті» атып отыр. Г.П.) өлеңдеріне қарағанда, ғашықтыққа Ақанның көзқарасы мен жай бозбаланың көзқарасы арасында артық айырма жоқ сықылды. Алайда, Ақан ғашықтыққа тереңірек қараған адам. Бұл, біріншіден, Ақан өмірінен белгілі. Екінші, мынау өлеңдерінде ишара бар: Кісідей өкпелеп мойның бұрмай, Білдің бе кемшілік деп ғашықтықты. ... Обалың, айнымасам, маған емес, Жаратқан жақсы қылып Құдайыңа, – деп, ғашықтық дер арқылы да өмірдің үлкен мәселелерін айтуға, символдық суреттеулермен тұспалдап тың ойлар, көркем образдар жасауға болатынын дәлелдейді. Адамзаттың барлық сезімі бір тәңірге ғана арналады деген философиялық негіздегі сопылық поэзиямен кезінде Ақан серінің де сырқаттанғанын ескере отырып, оның қиялдағы емес, өмірпдегі махаббат сезімін жырлағанын нақты өлең мәтіндері арқылы талдап, дәйекті дәлелдейді. Мағжан Ақанның айтыс және сопылық өлеңдерінің қолына түспегенін, оларды оқып, таныспағандықтан ештеңе айта алмайтынын ескерте отырып, қазақ қайғысы туралы өлеңдерінде таза ақындық, сұлу сурет, ұйқас теру жағынан басқа өлеңдеріне қарағанда әлдеқайда төмен екендігін айтады:| «... Ол өз өмірімен ереуіл жасаған, өз дәуіріне қарсылығын көрсеткен ақын. Және өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек, – дей келіп, таза өнерді мойындаған адам ғана қоғамдағы әділетсіздікке қарсы шығып, тірлішіктегі пендешіліктен өзінің өресі жоғары екендігін мойындата алады. Табиғи талант өмірге таза келіп, таза кетеді. Алайда, қоғамнан тыс адамның болуы мүмкін де емес. Ақан сері сол өзі өмір сүрген қоғамның құрбаны болған талант. Талантты танып, түсінбеушіліктің, бағаламаушылықтың салдарынан «жынды» а танған дарынның қайғылы өмір тарихы жайлы зерттеуші мынадай түйін түйеді: «... Біздің міндетіміз – өткенді аударып, ішінен көрнектілерін аршып ала білу, кешегі милы қазақтың «Ескісіз жаңа болмайды» деген мәтелін кімнің қолтығына ғана қамап қоймай, балапан әдебиетімізге де қабыстыру» (348-б.). («Ақан сері» «Сана» журналының 1 санында жарық көрген. «Ақан сері сөздері де «Сана» журналының 1924 жылдың 2-3 сандарында жарық көрген.) М.Жұмабаевтың осы зерттеу еңбегін әдебиетші, ақын М.Әлімбаев былай бағалайды: «... Мағжан зерттемесінен кейінгілер өз шығармашылығына нәр алғаны – әдеби бұлтартпас факты. Авторлары кезінде аузы барып атамаса да, атай алмаса да, Ақан сері жайында кейініректеу жазылған талай шығармалардың – поэма, повесть, роман, трагедия – бәрінің түп-қазығы, төркіні Мағжанның осыншама толғанып, терең саралап, төгілтіп жазған зерттемесінде екенін бүкпесіз айту – әділдік (М,Әлімбаев. Толқыннан толқын туады (Қазақ әдебиеті қайраткерлері шығармашылығына арналған зерттеулер, эссе, естеліктер). Алматы, Қазақ университеті, 1992, 39-б.) М.Жұмабаевтың әдебиеттануға арналған тағы бір зерттеу еңбегі – «Бернияз Күлеевтің шығармашылығы туралы». Мұнда автор өзінің замандасы әрі әріптесі, жаңадан жақсы жырларымен танылып келе жатқан талантты ақынның өмірбаяны, қызметі, не бәрі 20-ақ жасқа келген қысқа өмірінде отты, жалынды жырлары туралы ғылыми мәлімет беріледі. Ол Бернияз Күлеевтің ақындық табиғатын былай береді: «... Ұшқын бетінде жарыққа шыққан жас Бернияз әдебиетіміздің сол табиғи жолымен шықты. Бірақ екпін тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ, оқушы оған жалт беріп қарап қалған еді. Екпіні зор еді» (349-б.). Жарқырап келген екпінімен елді еткізген ақынның өзі көзі тірісінде де аз жарияланып, тек 1922 жылдарда «Еңбекші қазақ», «Өртеңде» бірнеше өлеңдері мен «Қызыл Қазақстанда» бір поэмасы басылып, Бернияздың ақын болып қалыптасып қалғандығын, өлең құрылысы мен жалпы қисынын меңгеріп, шеберлігі шыңдалғанын айтып, осындай отты, талантты ақыннан тосыннан айырылып қалғанына қапалық танытады. Әдеби мұраны жинауға өзі де белсене атсалысқан М.Жұмабаев сол ұлттық рухани дүниелерді жинаушыларды да кеңінен насихаттаған. Осындай мақсатта жазылған мақаланың бірі – «Әубәкір ақсақал Диваев». Ақын халық мұрасын жинаушы Диваевтың еңбегін жоғары бағалап, әсіресе екі ел арасындағы әдеби байланыстарды нығайтудағы еңбегін ерекше атап көрсетеді: «Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жорасы... Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет, журнал жоқ болғандықтан, Әубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне аударылып, орыстың газет-журналдарында бастырып отырған». М.Жұмабаевтың әдебиетке деген адал көзқарасын, оның әрбір мұрасына деген жанашырлығын танытатын тағы бір шағын мақаласы – «Базар жырау». Тегінде талантты танып, бағалай, таныта білу де ұлылықтың бір белгісі болса керек, базар жыраудың қолда бар 4-5-ақ өлеңімен қазақ әдебиеттану ғылымындағы тарихи орнын анықтап берген М.Жұмабаев екені бүгінде тарихтан белгілі болып отыр. «Теңіз тамшыдан танылады» дегендей осы аз ғана өлеңін талдау арқылы «сөзге жүйрік, ойлы ақын» Базар жырау әдеби айналымға енді. Ақынның қияға бай, сөзге шешен, тілі өткір екендігін әрбір өлең жолдарындағы сөз саптаулары арқылы дәлелдеген зерттеуші талантты дер кезінде таныта білу деген қағиданы да еске салатындай. Мәселен, өлім босағасында тұрып Базар жыраудың айтқан ұзақ өлеңінің ішінде мынадай шабытты ой, шешен сөз, тың теңеулер бар: Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың, Айырылып аждаһадай ақыр жұттың. Болғанда бізге жолдас сертің қайда. Достықты құшақтасқан неге ұмыттың... Құлаштап дүние сені қармансақ та, Кері келгенге ұқсайды-ау, Қорқыттың... Міне, осы өлең мәтіні Базардың терең ойлы ақын екендігін дәлелдесе керек-ті. Базардай қазақы сөзге шебер ақынның ұмытылып кетпеуіне жанашырлық пен жауапкершілік танытқан автор бұл мақаласында әдебиетті дәуірлеуге деген өз көзқарасын білдіре кетеді: «... Осы күні біздің оқушыларымыз қазақ әдебиеті десе, Абайдың бергі ақындарды ғана көреді. Әдебиетті білсе де, ақындарды білмейді», – дей келе ол ақындардың туындыларының кітап болып басылмағандығын, ел арасында насихатталып, баспасөзде сын жазылмайтынын айтады. Және Абайға дейінгі ақын-жыраулардың өмір деректері мен шығармаларының ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, жиналмағандығы мен баспа бетін көрмегендігі болмаса олардың ақындық шеберліктері мен сөз өнерін жасаудағы білім деңгейлері жоғары екендігін ескертеді. Айталық: «... әлде болса да ауызда аман қалған әдебиетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлде болса да ауыз әдебиетіміз бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жарарлық. Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендеген емес», – деп орынды ой қозғайды. Өз ойын нақты тарихи мәліметтер арқылы дәлелдеуге тырысатын зерттеуші: «... Шынында, сол өткен ақындардың көбінен жаңа ақындар әлі озып кете алды ма? Өзгені қоя тұрайық, жұрт келемеж қылатын Шайхысламұлы Жүсіпбектің «Қыз Жібегіндей» кім не нәрсе жазды? Ол ойланатын әңгіме», – ХХ ғасыр басындағы әдеби процестегі көкейкесті әрі күрделі мәселені күн тәртібіне қояды. Сол кезеңдегі әдебиетке деген біржақты, тапшыл көзқарасты, яғни ескі әдебиеттің бәрі байшыл, ұлтшыл әдебиет деген даулы пікірлерді осылай қатты сынға алады. М.Жұмабаевтың жоғарыда аталған еңбектері ұлттық әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес. Әдебиет тарихы, әдеби мұра, оны жинаушылардың ерен еңбегін бағалау және жеке ақын-жыраулардың өмір деректері мен шығармашылығын мәтіндік тұрғыдан танып, зерттеп, ғылыми жүйеге түсіру т.б. жөніндегі теориялық тұжырымдары, ойлы пікірлері сөз жоқ бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылыми үшін құнды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.
