Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Literature. part 1 answer the questions.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
11.87 Mб
Скачать

21.Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы

Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» атты туындысы – қазақ прозасында эпостық әдебиет жанрындағы алғашқы үлгілерінің бірі. Автордың өзі «Қазақ тіліндегі роман» дегенмен, көркем әдебиеттің өркениеттік талаптары тұрғысында қарағанда, бұл шығарма – хикаяттық деңгейдегі туынды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар», – деген сөздері осы ойды дәлелдей түсетін сияқты. Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелігі» – көлемі жағынан ұзақ әңгіме деңгейіндегі ағартушылық-әлеуметтік сипаттағы шығарма. Оның ағартушылық реализм көркемдік әдісінің аясында жазушы адамдардың өмірлік мұрат жолындағы күрескерлігін танытуды көздеген және сол заманның мүмкіндігінше авторлық идеясын орындап шыққан. Шығарманың тақырыбы – адамның әлеуметтік ортадағы жан-жақты ізденуге, жетілуге мүмкіндік иеленетін бостандық, идеясы – адамдардың тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастағы ең озат адамгершілік қасиет сапаларын иелену мүмкіндігін таныту. Басты кейіпкер  – Ғайникамал. Әкесі Ғайсаның егде жасқа келген кездегі туған перзенті Ғайникамал отбасының үлгілі тәлім-тәрбиесімен қалыптасып, одан кейін арнаулы мұғалімнен ауылдас кедей балаларымен бірге білім алады. Жазушының дәстүрлі эпикалық баяндауынан кейіпкердің рухани деңгейі анық: «Сонда Ғайникамал қасындағы бірге оқыған қазақ балаларының жалқаулығына, оқымайтындығына қапа болып, он жасында-ақ ойлап, өлең жазушы еді һәм жаңа шыққан романдарды және Ибраһим Құнанбайұлының жазған өлеңін бек көп оқушы еді». Ғайникамалдың жаңашыл тұлғасы оқиғаның шиеленісуі кезеңінде әуелден айрықша байқалады. Үш жігіт қызды бір-біріне қимай, өзара таласқа түскен кезде, Ғайникамалдың үшеуінен де бас тартып, өзінің білімімен деңгейлес адамды ғана қалайтынын ашық айтқаны және өзімен рузани жағынан теңдес ақылды, оқыған жігіт Мұхаммедғалиді таңдағаны кейіпкер қыз бейнесінің шоқтығын көтере түседі. Романның идеялық жаңашылдығы Ғайникамалдың әкесі Ғайса арқылы да айқын көрінген. Ғайса – қыз баланың рухани кемелдену тұғырында болуын тілейтін ізгілік иелерінің жинақталған тұлғасы. Қыз баланы жастайынан атастырып қойып, бағын байлауға қарсы болған осындай озық ойлы әкелер арқылы қазақ ортасында жаңашылдық көзқарасты насихаттау – автордың негізгі суреткерлік ұстанымы. Романның көркемдік түйіндері арқылы автор қазақ қыздарының жан дүниесіндегі рухани еркіндікті сүйетін, өзіндік өнегелі істерімен өмірге ізгілік нұрын шашатын көркем жинақталған тұлғасын ұсынған.

Т.Жомартбаевтың “Қыз көрелік” романы – құрылымдық ерекшеліктері мен көркемдік бейнелеу құралдары, тақырыптық-идеялық мазмұны бағытындағы ерекше шығарма. Әсіресе, автордың романға тосын пішін (форма) таңдау жолындағы ізденістерді ойлануға тұрады. Біздің ойымызша, романның табысы да, қазақ әдебиет тарихындағы маңызы да осы төңіректен табылады.

Дәстүрлі тақырыптан жаңа проблематика қозғаған “Қыз көрелік” романы – қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі. Семейдегі “Ярдам” баспасынан 1912 жылы жарық көрген.

Роман басындағы эпиграф тәрізді мына жолдар шығарманы талдауға апарар кілт тәрізді:

Деп жүрген жас жігіттер қыз көрелік,

Таңдап ап сұлу қызды мал берелік.

Мырзалар қыз таңдаған келсін мында,

Жігітті қыз таңдаған біз көрелік.

“Жігітті қыз таңдаған біз көрелік”, демек, автор ХХ ғасырдың басында көп қозғала бастаған тақырыптың өзіне әңгіме болмаған жаңа қырынан келген. Әдетте, бұл тақырып қыздардың қалың малға, ескі әдет-ғұрыпқа қарсылығы, күресімен қабаттаса баяндалады. “Қыз көрелік” романында осы тақырып проблематикасын мүлде басқа бағытта көтереді. Енді қыз таңдап жүрген мырзаларды қыздың өзі таңдауы керек.

Жаңа идеяның өзі жаңа пішінді талап етеді. Автор осы идеяны шартты реалистік мазмұнға көшіріп, көркем бейнелеуге тырысқан.

Дүниені шарлап қалыңдық іздеп жүрген іргелі рулардың атақты байларының балалары Ғайынкамалды кедей жігіті Мұхаметқалимен оп-оңай қалай жібереді? Реалистік арна авторды осы бағыттағы тартыстарға киліктірер еді басқа мазмұнға апарар еді. Автор мақсаты - өзінің ағартушылық-демократтық көзқарасына сай, тәрбиелік мәнді шығарма. Роман құрылымы, пішіні осы мақсаттан туындайды. Автор мақсатынан, идеясынан ауытқымауға тырысады. Кейде шығарма көркемдігіне нұқсан келгеніне де қарамай, өз идея, мақсатын орындап шыққан.

Ғайынкамал – байдың оқыған қызы. Сауатты, көзі ашық. Қазақ ұғымындағы үлкен қалада, Уфада үлкен оқу-медреседе оқыған. Өмір туралы ойы, идеалы, мақсаты осында қалыптасқан. Әкесі Ғайса да көзі ашық, көкірегі ояу, заман тілін түсінген, оған ілесіп отыруды мақсат қылған жан. Қызын малға сатып, қалың мал алып баю оның ойында жоқ. Реті келсе қызы теңіне қосылса екен деп армандайды. Романда әке, бала тілегі қабысып жатыр. Араларында қақтығыс түгіл қайшылық та жоқ.

Бостандық пен теңдікке ұмтылған, көзі ашық, сауатты қазақ қызына тор құрып жатқан ескі-салт сана қорғаушылары үлкендер, көне көз қариялар да емес – жастар. Романда ел басына ауыр, қиын күндер төніп тұрғанда ауыл аралап сұлу қыз, қалыңдық іздеп жүрген бай балаларына деген авторлық ирония, юмор бар.

Т.Жомартбаев өзінің ағартушылық, демократтық көзқарасын, идеясын жеткізу үшін қазақ қыздарының бостандығы, теңдігі тақырыбын таңдаған.

Тақырыптық мазмұн қазақ қыздарының бас бостандығы болса да, авторлық идея күрделі. Оның Абай қара сөздеріндегі идеялармен үндестігі бар. Т.Жомартбаев – адамнан адамның айырмасы-білімінде деген Абай афоризімін ағартушылық қызметінің ұраны етіп ұстағаны ұстаз.

Қалыңдық іздеген бай балаларының бір күнде келіп құда түсуі, байлық, дәулет, атақ абыройларының бірдей болуы авторлық ой, идея, көркем шешім үшін әдейі таңдалған тәсіл. Роман уақиғасы – талай халықтар әдебиетінде бір таныс сюжет, әйгілі мотив. Мысалы, шығыс халықтарында кең таралған сюжет: үш жігіт ағаштан (саздан т.б.) сұлу қыз жасайды. Бірі ағаштан жонады, бірі киіндіреді, бір жан салады. Бәрі біткенде үшеуі қызды мен аламын деп таласады; тағы бір сюжет: самұрық алып кеткен хан қызын үш жігіт құтқарады, бірі оның қайда екенін тапса, екіншісі самұрықты атып түсіреді, үшіншісі оны жерге түсірмей қағып алады т.с.с. Тағы да оған таласады.

. “Қыз көрелік” романында шарттылық мол, тіпті роман сол шарттылыққа құрылады. Көркемдік жүйе өзегіндегі авторлық ағартушы-демократтық идеяны жеткізуші де осы шартты үлгі түр. Автордың мақсаты қазақ елінің көріністерін, түрлі әлеуметтік топтардың іс-әрекетін, мақсат-мүдделерін суреттеу емес. Автор мақсаты – оқыған қыздардың өз бостандығына жете алатынын айту ғана емес, адамнан адам артықшылығы – білімінде дейтін ағартушылық идея. Оған роман финалындағы эпилог тәрізді автор ойларының баяндалуы мысал бола алады.

Алдымен осы романда автор қолданатын шартты құрамдас білімдерді (компоненттерді) іріктеп қаралық.

Өмір мұратын сұлу қыз алу деп ойлайтын арқаның ірі бай, белді аталарының балалары. Дәулеттері де, атақ абыройлары да бірдей. Олар Ғайынкамалға бір күнде келіп құда түседі.

Ғайынкамалдың тапсырмасы бойынша үш патшалық астанасына Лондон, Берлин, Парижге сапар шегеді. Үшеуі де бірдей ақша (5 мыңнан) алып аттанады. Үшеуі де адам баласы енді ғана көрген, адамзатқа пайдасы зор ғажайып нәрселерді (бағалары да бірдей – үш мың) сыйлыққа алады. Олардың сыйлықтарының Ғайныкамал үшін пайдасы да бірдей болады. Алайда, түптеп келгенде Ғайынкамал оқыған, сауатты Мұхаметқалиды таңдайды.

“Қыз көретін жігітті біз көрелік” деген шартты қою үшін бұл әрекетке бара алған қыздың өзіндік ерекше жағдайы болуға тиіс екені белгілі. Қазақ ортасында бұл құбылыс жоқ болмаса да тым сиректеу кездеседі. Қазақ қыздарының өздеріне жар таңдауы, сүйгеніне қосылуы тарихта болмаған іс емес, алайда Т.Жомартбаев романында мүлде шартты шешімге барады.

Уақиғаларға бай балалары араласқаннан бастап романда шарттылық көбейді. Автор баяндауында ойнақылық, ирония, юмор үдейді. Т.Жомартбаев осы кезден бастап Ғайса бейнесін де, Ғайынкамалды да, қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік ахуалды да біртіндеп ашады. Талдаудан көркем бейнеге көшеді.

Билікті бай балаларының өзіне бергенде де атақ пен ақша буына көкірегі өскен бай балаларының өзі біріне-бірі қимайтынын Ғайынкамал біліп отыр. Ақыры жар таңдау билігі айналып Ғайынкамалдың өзіне келеді. “Сіз мырзалар, таласпаңыздар, мен сіздерді біріңізді біріңізден артық деп есеп қылмаймын, маған үшеуіңіз де бірдейсіздер, бірақ мен сол кісіге тиемін, кімде кімнің ғылымы, білімі өзіммен бірдей болса және біріңіз мені қандай ғылыммен болсын, айтып жеңіп, я болмаса мен сұраған сөздерге жауап берсеңіздер?”. Бұл талапты оқыған бай балаларының орындай алмасын ол жақсы біліп отыр. Басқаны сатып алуға болса да, ақыл, білімді сатып алуы мүмкін емес.

Роман соңында теңі Мұхаметқалиға қосылып, Семей қаласында қазақ жастарын оқытып жатқан Ғайынкамал туралы айта келе, Т.Жомартбаев өз мақсатын былай түйіндейді: “Басында ықтияры бар бақытты қыздар кімді сүйсе, өз басының қор болмас қамын ойлайды. Кіммен сүйіп өмір сүрсе, жақсы өмір сүреді, соны ойлап басында миы, көкірегінде ойы, санасы бар қыздар балияға толған соң өзінің теңін тауып алып, теңін біліп, өзіне қандай адам өмірлік болуға жарайды, соны талап қылып іздей бастайды”.

36. "Қартқожа" романы — жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шыққан туындысы. Бұл - қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы елеулі шығармасы. Онда қазақ ауылының революция алдындағы және әлеуметтік қақтығыстар кезіндегі тіршілігі, азаттық жолындағы күрестен кейінгі жаңаша ұмтылысы шыншылдықпен бейнеленеді. Әсіресе жазушы әлеуметтік тартыстар талқысында қазақ кедейінің қоғамдық теңсіздік сырларын түсінуге жетіп, әлеуметттік әділетсіздіктің себептеріне ой жіберуін нанымды суреттейді. Шығарманың кейіпкерін де Жүсіпбек осы тұрғыдан көрсетеді. Бұл - автордың таптық позициясының өткірлігін және ұстамдылығын танытады. Шығарма тарихтың осындай бір кезеңді, шындығын жұмсартпай, шынайы, кең тұрғыда суреттей алуымен де бағалы. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның 1917 жылғы ақпан революциясына ұласуы, қазақтардың ел ішіндегі әлеуметтік күрестерге араласуы, "Алаш Орданың" құрылуы мен ақ әскерлерінің большевиктерге қарсы күресі, Қазан революциясы мен азамат соғысының жеңісті оқиғалары роман сюжетіне негізгі желі болып кіреді. Шығарма қаһарманы Қартқожа да, оның елі, жұрты да осы оқиғалар фонындағы тартыста есейіп, есін жинап, ілгері басады, болашаққа қарайды.

Шығармадағы басты кейіпкер Қартқожа есімді, өте жуас, момын, әлсіз кедей бала. Роман осы баланың бастан кешкен оқиғалары бойынша өрбиді. Қартқожа кішкене кезінен бай балаларының әлімжеттігін, өз әкесі Жұманға байлардың жасап отырған әділетсіздіктерін көріп өседі. Осы қорлық пен зорлықтан құтылудың жолы деп ол бала кезінен діни білім алып, молдалар жасайтын бар қылықты жасап, намаз оқып, құдайға жалбарынады. Бірақ қанша жерден діни білім алса да оның ешқайсысы не өзін, не әкесін кедейліктен құтқаруға жетпейді. Осылай үлкен езгіге шыдай жүрген кезінде, Қартқожа орысша терең білімі бар тілмаштардың, перуіатшіктердің ешкімнен қаймықпайтынын, өздерін биік ұстайтынын, оларды ешкім де қорламайтын байқайды. Тілмаштардың құдіреттілігі өте жоғары деп түсінген Қартқожа олар сияқты болғысы келгені соншалық, Әбдібек деген тілмашты түсінде де көреді. Әбдібектер алған орысша білімді алғысы келгенімен, өзін школға алмайтынын, жасының өтіп кеткенін көріп күрсінеді. Бар қиындық шешімі орысша оқып, хат тану екенін түсінген Қартқожа Жүніс деген өзі секілді шәкірттен кітап алып орысша әріп таниды. Оның үстіне кедейлігі қатты қысып, жұт әсерінен малы қырылған әкесі, үйіне байдікінен ұн әкелемін деп қаза тапты. Енді-енді көзі ашыла бастағанда Қартқожаны болыстар солдат болуға жазып қояды. Жасы жетпесе де болыстар Қартқожаны өздерінің балаларының орнына жаза салған. Мұндай зорлыққа шыдамаған Қартқожа секілді кедейлер көтеріліс жасайды. Қартқожа көтерілістегілермен бірге болып, мұндағылардың мінездеріне үңіледі. Дәрмен, Имақан және тағы сол сияқты адамдармен де жүздесіп, олардың да армандары теңдік екенін түсінеді. Алайда, мылтықпен қаруланған орыс әскеріне мына көтеріліс адамдары мүлде төтеп бере алмайды. Қартқожа амалсыздан соғысқа кетеді. Бірақ, солдат өмірі Қартқожаның көзін ашады. Ол Андрей деген жігітпен танысып, одан орысша үйреніп, дамыған заман туралы әңгімелер естиді. Одан әрі Қартқожа оқу жолына түседі.

Қартқожаны жазушы бірден озық идеялы жаңа қаһарман етіп жібермейді. Бар тіршілігі теңсіздікте, жоқшылықта өткен қазақ кедейінің баласы өмір талқысына түсіп, біртіндеп көзін ашады, өмірден сабақ ала отырып өседі. Оның бәріне себеп - ХХ ғасыр басында туған әлеуметтік революциялар дәуірі. Егер ол болмаса, Қарқожа да әкесі Жұман тәрізді шағын шағын шаруасын күйттеген момын шаруаның бірі болып қалар еді. Қартқожаның шындықты, әділдікті тануы жолында 1916 жыл оқиғаларының маңызы бар. Әуелде патшаға, болысқа қарсы топты көріп қызықтаған ол бірте-бірте сол іске өзі де араласады. Көтерілісшілермен болған күндер Қартқожа үшін үлкен мектеп болады. Көпі ішінде жүріп, халықтың әр қилы тобын, олардың мінездерін, тіршілігін таниды. Болыстың елге жасап отырған әдлетсіздігін, зорлығын көреді. Соған қарсы қол көтерген Дәрмен сияқты азамат жігіттер де ел ішінде барын біледі. "Дүниеде болыстан жауыз жан жоқ... Дәрмен біліп жүр екен. Өлтірер ме еді!" деген ой Қартқожа басына сонда келеді. Көтеріліс басылған соң, өзі солдатқа алынып кете барады. Баласының көтеріліске қатысқаны үшін сорлы әке бар малынан айрылып, жылап қала береді.

Қартқожаның рухани өсуіне жол ашқан - солдат өмірі. Бұл кезде ол тыс жерде, көрмеген жаңа ортада өмір кешеді, қараңғылықтан жарыққа шыққандай сезінеді. Оның көзін ашып, оң мен солын тануына себеп болған Андрейді ол өле-өлгенше есінде сақтайды. Патшаның тақтан құлауынан кейін елге қайтқан Қартқожа ендігі жерде оқусыз білімсіз өмір сүру мүмкін емес екенін ұғынады. Қол қысқалықтың салдарынан кәсіп қуып, БаянСемейОмбы арасында оқуын жалғастырады. Алашордашылардың тарауы, большевиктердің келуі, қашқан ақ әскерлерінің қылығы оның әділет, бостандық туралы ойларын толықтырады. Осылардың нәтижесінде ол халық, ел тағдыры, оның досы кім, жауы кім екендігі жайлы ойлануға жетеді.

Роман соңында Омбыдан елге оралған Қартқожа ел алдында жігерлі сөз сөйлеп, елді еңбекке, аңсаған, армандаған Қартқожаның халықты надандыққа қарсы, қара бастың қамын ойлауға қарсы шақыруы - оның жаңа заман рухын қабылдағанының белгісі. Жүсіпбек Қартқожаның өмір талқысынан өтіп, әділдік жағын тауып, жаңа дүниеге шығуын суреттеу арқылы жас қазақ совет әдебиетіне жаңа қаһарман қосты. Оның істейтін ісі әлі алда еді. Шығарма қаһарманы жайындағы жазушы толғанысында бүкіл романның пафосы жатыр. Автор кедейлер ортасынан шыққан жас Қартқожаны "елі үшін күйген, еңбекті сүйген, ер жүректі, жұртшылық көсемі - жалынды жастардың" қатарынан көргісі келеді. Оның халықтық ойлары Қартқожа бейнесі арқылы өрбіп дамиды. Бұл - "Қартқожаның" жалпы қазақ романының тарихындағы маңызына қоса тақырыптық, идеялық жаңалығын да көрсетеді.

37. “Қазақ” газетінің ХХ ғ. б. ұлттық рухты оятудағы қызметі. Қазақ газеті - 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым. №1 номері 1913 жылы 2 ақпанда шыққан. 1915 жылға дейін аптасына бір рет, одан кейін екі рет шыққан. Бастырушысы - «Азамат» серіктігі. Газетке қаржылай көмектескендердің көшбасында Мұстафа Оразайұлы бар. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген. Газет рәміздік-бейне ретінде киіз үйді ұсынды. Бұл - қазақ ұлты деген ұғымды берді. Оның түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары «қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды. «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырушы, редакторы - Ахмет Байтұрсынұлы, оның өкілетті өкілі М.Дулатұлы болды. 1918 жылы газетті Жанұзақ Жәнібекұлы басқарды. Басылымда А.БайтұрсынұлыӘ.БөкейханМ.ДулатұлыМ.ШоқайМұхаметжан ТынышбайұлыШ.ҚұдайбердіұлыҒ.ҚарашР.МәрсековЖ.ТілеулинҒ.МұсағалиевМ.ЖұмабаевХ.БолғанбаевХ.ҒаббасовЖ.АқпаевЖ.СейдалинС.ТорайғыровА.МәметовС.ДөнентайұлыХ.Досмұхамедұлы т.б. авторлардың мақалалары жарияланып тұрды. Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түй- інді мәселелеріне, шаруашылық жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қаты- насына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейхановтың, Ш.Құдайбердиевтің, Ғ.Қарашев, А.Мәметов, Б. Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің даму шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалары туралы сын-мақалалар мен қатар Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, В.Короленкодан, И.Крыловтан алғашқы аудармалар жарық көрген.“Қазақтың” басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа бас-көз болды.

Ахмет Байтұрсынов Жанша Сейдалинге жазған хатында өзінің қазақ халқын аздырмау жолындағы қарекетін жасырмайды: «Тілегіміз казақ халқы басқа халықтармен қатар жұрт қалпында ғұмыр шегуге басқаларға теңелсе екен деген. Сол үшін әркім білгенін, қолынан келгенін істеп жатыр. Сіз сиез жасаймын деп жатырсыз. Біздер «Домострой»... кәкір-шүкірді қазақшаға аударып, арзан рисалалар (кітап дегені) жазып, газета-мазета шығарған болып тырбанып жатырмыз. Соның бәрін қазақтың көзі ашылып, көкірегіне сәуле кіруіне себепкер бола ма деп істеп жатырмыз. Орыстың мақалы айткандай, «ұжмаққа барғым келсе де, күнәләрім жібермейді» деп қазақ үстіне ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді», – дейді.

Енді белгілі қайраткерлердің Ахмет Байтұрсынов туралы лебіздеріне назар аударайық:

Телжан Шонанұлы: «...Абайдан бастап әдебиетімізде жана бағыт пайда болды. Егер, біз Абайды сол бағыттың кірпішін калап, жаңа әдеби құрылысқа сілтеме жасады десек, Ахмет Байтұрсынов іргетасын салып, қабырғасын көтерді. Ендігі әрлеп-сырлауы, әшекейлі күмбезі – болашақ ақындардың ісі».

Ғаббас Тоғжанов: «...Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері дс қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді».

Сәбит Мұқанов: «...Ахметтің Октябрь төңкерісіне дейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, казақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол... Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргетасын қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес».

Міржақып Дулатов: «Газета «Казах», как единствснный орган, отвечающий культурным и общественным запросам киргизской жизни, завоевала общую симпатию и стала популярною в широких массах. Тогда как выходящие в то время газета «Казахстан» и журнал «Айқап», не находя среди читающей киргизской публики даже несколько сот человск, вскоре прекратили своесуществование, «Казах» к концу псрвого года издания имел уже 3000 подписчиков. Насколько газета «Казах» была дорога для молодежи, можно судить из того, что ежегодно в день выхода первого номера в свет изо всех университетских и других городов от учащихся киргизов получали в редакции  приветственныс телеграммы и письма».

Елдес Омаров: «Ахмета Байтурсыновича знает вся киргизская степь, его всс уважают, любят, и как будто высоко ценят его талант. Но его недооценивают. Его мы знаем и ценим как поэта, публициста, общественного деятеля, педагога, но он почему-то не укладывастся в нашем мозгу как ученый, сделавший весьма ценные открытия в области киргизской грамматики».

Әр кезеңде, әртүрлі заманда айтылған лебіздермен қатар Алаш ардақтыларының Ақаң туралы айтқан пікірлерін қаз-қалпында орыс тілінде беріп отырғанымыздың бір себебі, ол туралы замандастарының айтқан ойларынан «Қазақ» газетінің редакторының қандай тұлға болғаны айқын аңғарылады. Мұның өзі, сөз жоқ, газеттің өз бетін айқындауға, позициясын нығайтуға, қазақ халқының келешегіне байланысты материалдарды іріктеп және сұрыптап жариялауына алғы шарт болғаны даусыз.

Қазақ халқының басындағы ауыр жағдайы туралы «Қазақ» газеті ашына жазды. Сол тұста жайылымдар мен шабындықтар келімсектердің иелігіне өтіп, егін егілетін жер талауға түскені аян. Қазақ халқының басында жат жұрттықтар ықпалынан шығу, ел болу үшін бірігу секілді ұлы міндеттер тұрған кез еді. Осындай қиын-қыстау уақытта оқыған қазақтардың көпшілігі ана тілін менсіне қоймайтын күйге түскені де рас. Олар көбінесс орыс школдары мен татар медіреселерінде білім алғаннан кейін бір-біріне хат жазғанда да осы тілдерді көбірек қолданатын.

Сондықтан да «Қазақ» газетінің ең ұлы мақсатының бірі ана тілін түрлендіру, қазақ тіліндегі басылым арқылы тіл мен дәстүрді дамыту, қалың қауымның көзін ашу болатын.

Содан да болар, «Қазақтың» жауы да аз болмады. Өз ішімізден шыққан шұбар жыландар кейбір үкіметке жаға қоймайтын материалдарды орыс тіліне аударып, газет үстінен арыз-шағымдарды  қардай боратты.

Міржақып Дулатовтың жазуына қарағанда, 1914 жылы «Қазақ» газеті № 80 санында жарық көрген мақаласында Ресейдің Ішкі істер министрлігі жасап шығарған «Қырғыз өлкесін басқару туралы» ереженің жобасын өткір сынға алған. Орынбор губернаторы Сухомлинов редактордың үстінен іс қозғап, оған 1500 сом мөлшерінде айып салынған. Бұл ақша төленбеген жағдайда Ахмет Байтұрсыновты сегіз айға түрмеге отырғызу туралы шешім қабылданған.

Мұншама қаражатты төлеу газеттің жабылуымен тынатын болғандықтан Ақаң түрмеге отыруға келісім береді. Абақтыда төрт-бес күн отырып та шығады. Оның босап шығуына Міржақып бастаған зиялы қауымның  қаражатты аз күннің ішінде жинап беруі себеп болады.

Бірақ, бұдан кейін де «Қазақ» газетінің басына төнген бұлт сейілген жок. Ол бірнеше мәрте айып тартты. Айып мөлшері үш мың сомға дейін жетті. Осы қиындықтың барлығына төтеп берген «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды.

Ақаңның көсемсөзші есебінде танылуына да осы газет іргетас қалады. Газеттің халық қолдауына ие болуы оның абыройын асырды, ел ішіндегі беделін нығайтты. Тіпті газет жабылар алдында материалдық хал-ахуалы жаман болған жоқ. Газеттің өз баспаханасы, едәуір қағазы, шағын кітапханасы болды. Ал таралымы сегіз мың данаға дейін жетті. Бүгінде кейбір қазақ газеттері таралу жағынан бұл саннан көп төмен екенін ескерсек, сол тұстағы Ақаң ұйымдастырған газет әрі насихатшы, әрі жаршы, әрі хабаршы болғанын аңғару қиын емсс.

«Қазақ» қараңғыда жол таба алмай, қарманып қалған қазақ халқына жол сілтеген құбыланама секілді болды. Шын мәнінде Ақаң айтқандай, халықтың тілі мен көзіне, құлағына айналды.

38. С. Дөнентаевтың шығармашылығы. Сәбит Дөнентаев (18941933) — қазақ ақыны. Оның поэзиясы терең мазмұнды, ойлы болумен бірге көркемдік қырларымен, өзіндік өзгешеліктерімен де ерекшеленеді. Ең алдымен ақынның көптеген өлеңдерінде нақтылық сипат, тұжырымдылық басым. Оның поэзиясының тілітаза, қарапайым және сонымен бірге бейнелі де көркем. Сәбит поэзиясында сырттай жарқылдақтық, асқақ лептілік жоқ. Ол өмір шындығын боямасыз қалпында, реалистік сарында суреттейді. Ақын ойға жомарт, сөзге сараң болуға кеп көңіл бөледі..Сәбит Дөнентаевтың шығармашылығына АбайдыңКрыловтыңТоқайдың өлеңдері, мысалдары әсер еттi.

1913 жылы «Айқап» журналында Сәбит Дөнентаевтың «Қиялдарым» өлеңi шығады. Бұл журналда кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы басқа қазақ ақындарының өлеңдерi шыққан.

1915 жылы Yфi (Уфа) қаласында Сәбит Дөнентаевтың «Уақ-түйек» деген өлеңдер жинағы шығады. Ақын өз халқын қамын ойлап, оның өмірі, тағдыры, халі, тұрмысы туралы өлеңдер жазған, сатира ақыны болып, елін зорлайтын байлар мен патша өкіметіне күледі, әділет туралы ойлайды.

Ақынның «Бозторғай», «Көк төбетке», «У жеген қасқырға», «Екі теке» мысалдары бар. Бұл еңбектері Крыловтың шығармашылығының ақынына әсер еткенінен жазылған. «Биік тау», «Заман кімдікі» әділет туралы ойлайтын-толғайтын азаматының мұңдары. «Қазақтан шыққан білгендер» — жастарға үгіт-насихат. «Көркемтай» повесті жетімнің тағдыры туралы.

Сәбит зерттеген Абай шығармалары

Сәбит кемеңгер Абайдан көп үйренген ақындардың бірі. «Абайға» деген өлеңінде былай деп жазады:

«Қараңғыда туып ең, Қара бетті жуып ең. Таба қылмай дұшпанға, Қолға ұстаған туымыз, Қанат-құйрық, бойымыз. Қонғанда да ұшқанда. Құрмет етіп затыңды, Бетке ұстаймыз атыңды...»

Тұтастай алғанда бұл өлеңнен Сәбиттің Абай поэзиясының идеялық бағытын, әлеуметтік сырын дұрыс бағдарлағанын кереміз. Сонымен бірге Сәбиттің Абайдан тікелей үйренгендігінің де айғағы, яғни бұл елең Абайдың «Сегіз аяғының» үлгісінде, соның өлшемін, ұйқас түрін сақтап жазылғандығы даусыз. Тек бүл емес, «Атылғандарға», «Жүрекке», «Ескі болыстың тәубасы», «Темірге», «Ерікті Айша», «Кемшілікте», «Бір жыл етті» тәрізді және басқа да көптеген өлеңдерін Сәбит Абай поэзиясындағы әр алуан формаларды пайдалана отырып жазған. Мысалы, «Кемшілікте» деген өлеңінің ұйқасы мынадай:

«Тағдырда жазған соң алла, Мен түстім мынадай халға... Етерлік жәрдемің бар ма, Жақындап, жанассаң нетер? Талай күн жүріп ек бірге, Талай бір кіріп ек түрге, Тұрғанда мен мұндай күйде, Қайырылып қарасаң нетер?..»

Мұнда әр шумақтың алғашқы үш жолы қатарынан ұйқасып, сол шумақтардың соңғы, төртінші жолдары бірыңғай үйлеседі. Бұл - «Білімдіден шыққан сөз...» деп басталатын өлеңінің негізгі шумақтарында Абай қолданған ұйқастың үлгісі. Сәбит осындай ұйқасты 11 буынды қара өлеңге де пайдаланған («Балалық» т. б.). Абай бірсыпыра өлеңдерінде («Қансонарда бүркітші шығады аңға...», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...» т. б.) белгілі бір ұйқас жүйесін өлеңнің ұзына бойына дерлік сақтап отырады. Осындай тәсілді «Ұлтшылға», «Қазақтарға қарап» атты өлеңдерінде Сәбит те бекем ұсынады. Сол сияқты, соңғы өлеңдегі дыбыс үндестігі айрықша күшті. Мұнда өлеңнің әр жолы ғана емес, әр сөзі бірыңғай дыбыстан басталады:

«Қамалған қараңғыда қалың қазақ, Қайратсыз, қамсыз құрып қалдың, қазақ. Қарулап қуатсызды қуаттандыр, Құрдан-құр қампайтқанша қарын, қазақ. Қулардың құлқынына құм құйылсын, Қайдағы құлдың қайғырт қамын, қазақ. Қайтеді қайырылыссаң қарындасқа Қасармай қыңырайып қырын қарап...»

Ақын «қазақ», «қараңғылық», «қу» тәрізді сөздерге айрықша назар аудару үшін осылай еткен тәрізді. Әрине, түр алуандығын, дыбыс үндестігін қуалап кетушілік те жоқ емес. Сонымен бірге осы тәсілдің төркіні Абайдың «Самородный сары алтын» немесе «Жайнаған туың жығылмай...» деп келетін өлеңдерінде жатқандығы да күдік туғызбасқа керек. Сондай-ақ, ақынның өлең ырғағын, ұйқасын қиыстырып құруда жаңалық табуға ұмтылған талаптары да болды. Мұны «Жүрекке», «Күздің сыры» тәрізді өлеңінен байқаймыз. Мысалы, соңғы елеңде әр шумақ бес жолдан тұрады да, ұйқас түрлері мынадай болып келеді:

«Ызыңдаған, шулаған, Қыбырлаған, дулаған. Таңнан іңір басқанша Минут тыныс қылмаған. Ұсақ жәндік жоғалып, Ыссы еткен табаннан. Тыныш кеткен адамнан, Сахара түр дем алып, Күйіне келіп таралған, Қызметін бөліп доғарып».

Мұнда әр шумақтың үш жолы өзара ұйқасып келеді де, әрбір қос шумақтың соңғы жолдары үйлесім табады. Дөнентаев поэзиясының өзіндік бір ерекшелігі юморлық бағытына, сатиралық өткірлігіне байланысты. Ол революцияға дейінгі қазақ әдебиетінде Абай мен Сұлтанмахмұттан кейінгі ірі сатирик ақын болып табылады.[1]

39. Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” еңбегі. Ахмет Байтұр­сынұлының 1926 жылы Қызылорда қаласында баспа бетін көрген «Әдебиет танытқышын» айтуға болады. Бүгінде бұл оқулық әдебиетті қазақша танытатын бірден бір классикалық мұраға айналды. Оқулық дейтін себебіміз, автор, әрбір ұғымды түсінікті баяндай отырып, «нұсқалықты қараңыз» деп ескертіп отырады. Бұдан, «Әдебиет танытқышты» Ахмет Байтұрсынұлы оқулық және нұсқалық (хрестоматия) түрінде екі кітап етіп, білім беру жүйесіне оңтайлап, арнайы жазғандығы мәлім болады. Бүгінде оқулықпен қауышқанымызбен, нұсқалық әзірге табылмай отыр. Айта кету керек, «Әдебиет танытқыш» ірі теориялық еңбек ретінде де ғалымдар назарына ерекше ілікті. Мұның өзі бұл оқулықтың орта және жоғары мектеп оқушыларына әдебиетті танытқыштық қызметіне мүлде кедергі келтірмейді. Бір жағынан алғанда бұл, қазірде жиі айтылып жүрген білім берудегі оқушылардың зерттеушілік қабілетін арттыруға да таптырмайтын құрал. Мектептегі әдебиет оқулықтарында әдебиет ұғымы мен ондағы түрлі жанрлық категориялар жоғары сыныптарда өтіледі. Ал университеттерде керісінше төменгі курстарда өтеді. Бірақ, екеуінде де ешқандай жаңашылдық жоқ – бұрынғы кеңестік тәсілдің көшірмесі. Төменде Ахмет Байтұр­сынұлы жазған әдебиет оқулы­ғының бірнеше артықшылықтарын санамалап келтірейік: Біріншіден, «Әдебиет танытқыштың» құрылымдық ерекшелігі – тараулардың, әрбір жаңа сабақ тақырыбының, жекелеген тұжырымдардың реті бір-бірінен туындап отыратын қисындылығында. Ал тақырыпты түсіндіру, баяндау тәсілінің бір ерекшелігі – нәрсенің анықтамасын айтудан бұрын оның қасиетін айтатынында. Яғни, кез келген тақырыпты түсіндіру барысында бізге үйреншікті дедуктивті әдіспен емес, көбіне сол дедукцияның өзіне негіз болып келетін жолды ұстанып, нәрсенің анықтамасынан қасиетіне қарай емес, керісінше, нәрсенің қасиетінен анықтамасына қарай баяндалады. Оны пәлсәпалық һәм филологиялық ұғым-түсініктердің ішінде – қарапайым түсінікті тілмен дәл әрі шумақтап (обобщение) беріледі. Мәселен, оқулықтағы роман, повесть, әңгіме жанрларын түсіндіру тәсілі осыған дәлел бола алады. Романды – ұлы әңгіме, повесті – ұзақ әңгіме, әңгімені – ұсақ әңгіме деп әрбір жанрдың атауында оның мазмұны мен формасын қатар түсіндіріп кетеді. Екіншіден, әдебиетті түсіндіргенде оқулықта, ең алдымен, осы сөздің өзін анықтап алу мақсат етілген. Алғашқы тақырыптан бастап әдебиет, ол – өнер, сондықтан өнердің өзін түсініп алалық дейді де оны өте ұғынықты, қарапайым сөзбен баяндап береді: «Өнер түрлі болады. Біреулер үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба істейді, киіз басады, ыдыс істейді, тағысын тағы сол сияқты шаруаға керек нәрселерді жасайды . Біреулер көрікті мешіт, көрнекті там, көркем сурет салады. Әдемі ән, әсерлі күй, ажарлы сөз шығарады. Алдыңғы өнер мен соңғы өнердің арасында айырым бар. Алдыңғы өнерден шыққан нәрселер күн көру ісіне қажет шаруа керек- жарақтары. Мұны істегенде, сұлуынан жылуы дегендей, көркем болуын көздемейді, тұтынуға қолайлы, жайлы, берік болу жағын көбірек көздейді. Екінші өнерден шыққан нәрселер, жылуынан гөрі сұлу болуы көбірек көзделінгендіктен, көзге көркем , көңілге жағымды болып істелген нәрселер; алдыңғы нәрселер адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер; соңғы нәрселер адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер. Сондықтан, алдыңғы нәрселерді жасауға жұмсалатын өнер – тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері болады да, соңғы нәрселерге жұмсалатын өнер – көркемшілік үшін жасалатын көрнек өнері болады. Үшіншіден, «Әдебиет танытқыштың» білім беру тәсілінде алдымен күрделі тақырыпты ұғындырып алу көзделеді. Сол арқылы баланың талғамын қалыптастыру жолға қойылады. Көркем дүниеге деген биік талғам қалыптастырған оқушы үшін кез келген тақырыпты талдау зәредей қиындық тудырмасы анық. Төртіншіден , «Әдебиет танытқыш» оқушыны қисынды ойлай білуге үйретеді. Біз көбіне көркем сөз, көркем шығарма, көркем туынды дегенді жиі айтамыз. Алайда, оқушыларға сол көркемдік қайдан келгенін айтпаймыз. Оны түсінбеген оқушы әдебиеттің түрлі теориялық анықтама ларымен басы қатып жатады. Байтұрсынұлы оқулығы анықтаманы оқушының өзіне шығартуға үйретеді. Бірінші – өнердің қасиетін түсіндіреді. Осыдан оқушы сұлулық, көркемдік дегендердің өнерге қатысты дүние екенін түсінеді. Содан соң барып, «тілдің міндеті қандай, сөздің қасиеті қандай, сөз өнері деген не?» деген мәселелерді қозғайды. Осы тақырыптардан соң барып әдебиетке келеді: «Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты шығарма сөз, ол аты қысқартылып көбінесе шығарма деп айтылады. Ауызша шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын, бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда арабша әдебиет, қазақша асыл сөз дейміз». Адамға рухани қажеттілік – сөздің асылы ғана дегенге саяды. Бесіншіден, бұл оқулықтағы келесі бір ерекшелік – бір тақырып аясындағы түрлі мәселелердің ішкі бірлігі. Әдетте, біз оқушыларға сюжетті бір тақырып, композицияны бір тақырып, олардың ішіндегі түрлі бөліктерін жеке жеке тақырып етіп түсіндіреміз. Мұнда керісінше, барлығы бір ойдың желісімен түсіндіріледі. Мәселен кітапта: шығарманы жазбас бұрын, қандай мәселені оқушыларының алдына тартпақшы, сол туралы аз ба, көп пе ойлайды. Сан ой, сан алуан пікірлердің ішінен біреуін негізгі ойының қазығы етеді. Сол шығарманың тақырыбы болып саналады», – дейді де, ал шығармадағы негізгі пікірдің (идеяның) үстемдігі жөнінде: а) «Қандай шығарма болсын, белгілі бір идеяны үндейді дедік. Тақырып, оқиға, және оның құрылысы, шығармадағы қатысушылардың араларындағы тартыс, оларды суреттеу әдістері, түптеп келгенде – жазушының сол шығармадағы айтайын деген идеясына бағыныңқы», – деп көркем шығарманың тақырыбы ауқымды әрі қарапайым түрде түсіндіріледі. Онан соң сөйлеудің түрлері «жай сөйлеу», «аралас сөйлеу» деп қарапайым мысалдармен беріледі. Жетіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы бір мәселені ұғындырғанда оны түсіндірудің барлық тәсілдерін қолданады. Оқулық сонысымен ерекшеленеді. Оқушы есінде жаңа дәріс ұмытылмастай сақталады. Бір тақырыптың негізімен бірге іс-тәжірбиелік жағын өмірмен байланыстыра баяндап береді. Мәселен, көркем сөзді түсіндіре отырып, оны кімдер қолданатынын да жан-жақты айтып өтеді: «Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны, яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, ақиқаттануға тырыспайды, тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты, жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жорып, өз ұйғаруынша сүгіреттеп көрсетеді. Сол өзі ұйғарған түріндегі ғаламды сөзбен көрсетуге бар өнерін, шеберлігін жұмсайды, сүйтіп шығарған сөзі – көркем сөзді шығарма болады». Сегізіншіден, термин мәселесінде бірде бір грек, латын не болмаса орыс сөзін қолданбайды. Барлығын қазақы дүниетанымнан, әрбір сөздің өз түбірінен, өз төркінен алып, соны термин етіп түсіндіреді. Бұл да оқушының өзіндік туа бітті жаратылысына лайық, ақылына қонымды тәсіл. «Мінездері ұқсас, біріңғай, бір кейіпті адамдарды кейіптес дейміз. Мінездің белгілі бір түріне кейіп беретін адамдарды кейіпкер дейміз. Жомарттық, сараңдық, батырлық, қорқақтық, түзіктік, бұзықтық – бұлар қай жұртта да болатын мінездердің жалпы кейіптері. Сондықтан мұндай мінезді адамдар жалпы кейіпкерлер болады». «Ұлы әңгіменің өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады. Онан да шағындау түрі ұсақ әңгіме деп аталады». Осы тұрғыда «Әдебиет танытқыш» – әдебиетті танытудың шынайы тәсілдерін қолданған. Сондықтан оқырман жүрегінің төрінен орын алып отыр. Кез келген көркем шығарма жаратылыстың сырлы сыпаттарын көркем тілмен баян етеді. Біз әдебиетті тануда, талдауда көркем туындылардан сол сырлы сыпаттарды іздейміз. Ал материалдан тыс теориялар мен анықтамалар ойлап тауып, соларды материалға теліп талдау – барып тұрған сауатсыздық. Өкініштісі, біздің мектептерде сол сауатсыздық салтанат құрып тұр. Әсіресе, әдебиетті оқытуда…

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]