Ойлау қабілетінің бұзылу түрлері:
1) Ойлау процессінің бұзылуы;
2) Ойлау қабілетінің патологиялық өнімдері.
Психикалық аурулардың кез келген түрінде, мейлі ол галлюцинация, мейлі сандырақ немесе естің өзгеруі және басқалары болсын ассоциациялық процестің кеселі пайда болады. Бұл тақырыпта жекелеген қабылдаулар, түсініктер мен ұғымдар арасындағы байланыстар түзілуіндегі бұзылыстар ғана сипатталады; мұның өзі бұл бұзылыстар байланыстардың жылдамдауы мен баяндауына немесе олардын ретсіз жалғасуына әсерін тигізеді.
Ассоциациялық процестің жылдамдауы - әрбір уақыт аралығында түзілген ассоциация мөлшерінің көбеюуі, олардың басталуының жеңілдеуі. Сонымен бірге үздіксіз пайда болған ой-пікір, пайымдау, ой қорытындысы неғұрлым үстіртін, кездейсоқ байланыстарға себепші бола түседі. Ойлау шектен тыс алаңдаушылықпен, алаңдайтын идеялар жайында бейнелі түсініктердің басым болуымен сипатталады. Айқын байқалатын жағдайларда ойлаудың жылдамдауы идеялардың секірмелілігіне, ой-пікірлердің алай-түлей болуына дейін өзгереді. Бұл жағдайда ойлау тақырыбындағы кесел, әсіресе, айтылған сөздің, кездейсоқ көзге түскен заттың сәйкес келуіне орай үнемі өзгеріп отырады.
Ассоциациялық процестің тежелуі — мұнда жаңағы айтқанымызға қарама-қарсы ассоциация өте баяулайды, олар жұтан бола түседі. Ой-пікірлер мен түсініктер өте аз, қиыншылықпен түзіледі, мазмұны да бірыңғай, тапшы келеді. Ауру ойлау қабілетін жоғалтқанына, ақыл-ой қабілеттерінің әлсіреп, интеллектуальдық жағынан толастануына шағынады.
Ойлаудың байланыссыздығы (инкогеренция)-ассоциация түзілуіне, қабылдау, түсініктер, ұғымдар жалғастығына, байланыстар мен қарым-қатынастардағы шындықтың бейнеленуіне қабілеттің жоғалуы, ең бір қарапайым жинақтауға, жинақтау мен талдауды жүзеге асыруға қабілет жойылады. Ойлау-мәнсіз байланыстардың бытысып-шатысып түзілуімен анықталады. Сөздер сөздің ретсіз жиынтығынан кұралып, мағынасы және грамматикалық катынастар жағынан да мәнсіздене түседі.
Ойлаудың пайымдылығы — алдыңғы ассоциацияның ұзақ уақыт бойы үстем болуы салдарынан жаңа ассоциациялардың түзілуі шектен тыс баяулайды. Бұл ойлаудың тұтқырлығы, баяу жылжуы, оның өнімділігінің төмендеуі арқылы байқалады. Сондай-ақ ойлау-дың пайымдылығына басты ойды жанама ойдан, елеулі-елеусізден бөліп алу қабілетінің жойылуы тән. Бірденені баяндау кезінде қажетсіз көріністер егжей-тегжейлі келтіріледі, ешқандай мәні жоқ ұсақ-түйектер ыждағатпен сипатталады.
Ойлаудың персеверациясы — ассоциациялық процестің шұғыл қиындауы байқалғанда белгілі бір ойдың, бір түсініктің ұзақ уақыт бойы басым келуі. Айталык, бірінші сұраққа дұрыс жауап бергеннен кейін сол жауап басқа мазмұндағы келесі сұрақтарда да қайталанып отырылады. Ассоциациялық процестің күшею жағдайы белсенді шартты тежелу мен қозудың топтап қорытылуының әлсіреуінен ми қыртысындағы қозудың жоғарылауы себепші болады. Керісінше, ассоциациялық процестің баяулауына қозудың себебінен тежелудің басым келіп, қыртыс кызметінің төмендеуі әсерін тигізеді. Ойлаудың пайымдылығы мен персеверациясы негізгі нерв процестерінің — қозу мен тежелудің селқостығына, көбіне, персеверация тұсында қозудың патологиялық селқостығына қатысты.
Инкогеренцияны мына жағдайлармен түсіндіреміз: ол тежелудің себебімен (гипноздық фазалар) эволюциялық тұрғыдан неғұрлым жас және неғұрлым нәзік екінші сигналдық жүйеге аса жоғары дәрежеде таралады. Ол ми қыртысының нерв клеткалары жұмыс кабілетінің шектен тыс төмендеуінен пайда болады, соның салдарынан қыртыстың қандай бір жерінде пайда болатын қозу процесі жағымсыз индукция тудырмайды. Мұның өзі қозудың таралуындағы іріктеуді жоққа шығарады да ми қыртысы қызметінің шатысуына себепші болады.
Идеялар мына жағдайда сандырақ болып саналады: біріншіден, ол шындыққа сәйкес келмейді, екіншіден, сананы толық меңгергенмен де шындықпен айқын қарама-қайшылықта келгеніне қарамастан түзетуге болмайды. Мұндай идеялардың жиынтығы сандырақ деп аталады. Басқа сөзбен айтқанда, сандырақ деп пайымдау (ой қорытындысы) шындығына сәйкес келмейтіндей психикалық кызметтің кеселге шалдығуын атайды. Оған төмендегідей касиеттер тән болып келеді: мызғымас сенім, шындықпен айқын қарама-қайшылықта болғанына карамастан, түзету мүмкін емес, жоққа шығаруға болмайтын ақиқат күші, қате негіздеу (қисындық негіздің бұзылуы —«қыңыр қисын»). Сандырақтың дамуына көп жағдайда мұның алдында қоса қабат жүретін жақындап келе жатқан апатты алдын ала сезіну, барлық жерден қаптаған қауіпті түсіну, маңайдағылардың жаңа, басқаша мән алуы (сандырақ көңіл-күй) себеп болады.
Сандырақ негізгі екі түрге: алғашқы сандырақ және сезімдік сандырақ болып бөлінеді. Алғашқы сандырақ әуеліде психикалық қызметтің бірден-бір белгісі ретінде, сионтанды, ми процесінің тікелей керінісі ретінде пайда болады. Бұрынғы кезде сандырақтың мұндай түрі «интеллектуалдық мономания» деп аталды.
