- •1. Арпаны және ұсақ заттарды қсаұтайтын жабдықтар
- •1.2 Өндірістің биохимиялық және микробиологиялық негізі
- •1.3 Техникалық регламент бойынша сыра өніміне қойылатын талаптар
- •1.4 Өнімге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
- •1.5 Импортталатын сыра мөлшері
- •1.6 Сыра өнімінің адам ағзасына әсері
1.5 Импортталатын сыра мөлшері
Статистика агенттігі мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы Қазақстанға әлемнің 40-тан астам елінен алкогольді ішімдік импортталған. Сөйтіп, 64 млн 682 мың литр сыра, 11 млн 999 мың литр табиғи шарап, 1 млн литрге жуық хош иістендіргіш, өсімдік заттары қосылған шарап, 6 млн 780 мың литр арақ қазақстандық дүкен сөрелерін толтырған. Сонда елімізде әр адам басына шаққанда, жылына орта есеппен 5 литрден шетелдік ішімдіктен келеді. Әрине, осыдан кейін қазақстандықтардың тек кілең қымбат әрі жоғары сапалы, таңдаулы арақ-шараптарға ден қоя бастағаны жайлы топшылауға болар еді. Бірақ, шын мәнісінде, жағдай - басқаша.
Сыраның сыры. Өткен жылы елімізде ең көп импортталған ішімдіктің түрі - сыра. Бұл өтімді ішімдік былтыр бірнеше еуропалық елдерден, оның ішінде Бельгия, Германия, Чехиядан көбірек әкелінген. Импорт көлеміне қарағанда, Мексика мен Қытайдан шығарылатын сыраға да сұраныс бар. Алайда барлық алыс шетелдерден елге тасымалданатын сыраның көлемін (2 млн 287 литр) Ресей мен Беларусьтан әкелінетін өніммен салыстырсақ, бұл - теңізге құйылған тамшыдай-ақ.
Әрине, Қазақстанның бұл екі елмен Кеден одағын құрғанын ескерсек, жаңа экономикалық жағдай үш елдегі сыра шығарушылардың саудасын қыздыра түсуі тиіс. Десек те, қазақстандық кәсіпкерлер өткен жылы ең көп сырасын тап осы «одақтастарына» емес, көрші Қырғызстанға өткізіпті. Ал Қазақстанға 2011 жылы 61 млн литрден астам сырасын жіберген Ресейге бар-жоғы... 782 мың литр қазақстандық сыра кетсе, Беларусьқа бір литр де өтпеген.
«Бұл рыноктың толық екендігін, Кеден одағы елдеріндегі сыра өндіру саласында бәсекелестіктің жоғарылығын, оған қоса Ресей мен Беларусь рыногында бірнеше ірі әлемдік өндірушілердің бар екендігін ескерсек, бұл елдерге экспортталатын жергілікті қазақстандық сыра маркаларының табысты болу мүмкіндігі мейлінше төмен» - деп мәлімдеді
Efes Karaganda Brewery компаниясының қоғаммен байланыс супервайзері Юлия Антонова. Оған қоса, мысалы, беларусьтер өткен жылы мемлекеттік реттеу арқылы сыра импортын қысқартып, отандық кәсіпорындар экспортын арттыруға бағытталған бағдарламалар арқылы сыра өндірісін 17,8 пайызға күрт өсірген. Бірақ Қазақстанда керісінше жағдай орын алған.
Кеден одағы рыногын да «жаулай» алмаған бұл ішімдік түрін өндіру Қазақстанның өз ішінде де құлдырай түсіпті. Өткен жылы бұл сусынды шығару 14,1 пайызға азайып, жалпы өнімнің көлемі 425 млн 136,3 мың литрді құраған. Мұның басты себебі алкогольді рынокты реттеу тәртібінің қатаңдатылуымен байланысты деп есептейді Антонова. Ол оның ішінде сыра акциздерінің екі есеге дейін өсіп, декларациялаудың жаңа тәртібі енгізілгенін атап өтеді. Мысалы, 2011 жылдың 1 қаңтарынан акциздер сыраның литріне 13 теңгеден 25 теңгеге, яғни 92 пайызға көтерілген. Сөйтіп, ең көп ішілетін отандық ішімдік түрі - қазақстандық сыраның өзі өндірісте қысқара берген. Дегенмен Қазақстаннан экспортталған жалпы сыра көлемі (3 млн 934 мың) - өткен жылы сыртқа шығарылған барлық отандық арақ-шараптардың арасындағы әзірге «рекордтық көрсеткіш».
