Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Морфология лекция.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
172.98 Кб
Скачать

Еліктеуіш сөздер

Еліктеуіш сөздер туралы түсінік

Тілімізде семантикалық ерекшелігі жағынан да, грамматикалық сыр-сипаты жағынан да, фонетика-морфологиялық құрылымы жағынан да өзге сөз таптарынан оқшауланып тұратын, соған сәйкес, өз алдына дербес сөз табы ретінде қаралатын бір алуын сөздер еліктеуіш сөздер (мимема) деп аталады.

Еліктеуіш сөздер семантикалық жағынан алғанда, біріншіден, табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-бірімен қақтығысу я соқтығысуларынан туатын, сондай-ақ, неше түрлі жан-жануарлардың дыбыстау мүшелерінен шығатын, әр түрлі әрекет қимылдарынан туатын, әрқилы дыбыстарға еліктеуден пайда болған түсініктерді білдірсе, екіншіден, сол табиғатта ұшырайтын сан алуан құбылыстар мен заттардың және неше түрлі жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаты мен қимыл-әрекеттерінің де қилы-қилы көріністерінен пайда болатын түсініктерді білдіреді. Мысалы: арс, гүрс, дүрс, қорс, тарс, тырс, ырс, барқ, борт, күрт, кірт, морт, сарт, шырт, дүңк, күңк, қыңқ, мыңқ, маңқ, саңқ, шаңқ, шіңк, сыңқ, таңқ, тыңқ, ыңқ, болп, былп, жалп, желп, қолп, ірк, ырқ, сарт-сұрт, қалт-құлт, шаңқ-шаңқ, арбаң-арбаң, бүгжең-бүгжең, арсалаң-арсалаң, ербелең-ербелең, батыр-бұтыр, далаң-далаң, тарбаң-тарбаң, қызараң-қызараң, қаңғыр-күңгір, митың-митың, салаң-сұлаң, ыржың-ыржың т.б.

Еліктеу сөздердің бір тобы семантикалық мағыналары жағынан табиғатта ұшырасатын ір алуан дыбыстармен байланысты болса, екінші тобының семантикалық мағыналары сол табиғаттағы әрқилы табиғи көріністердің бейнелерімен байланысты. Осы себептен бұл сөздер іштей екі салаға бөлінеді, бір тобы еліктеуіш (еліктеме) сөздер деп, екінші саласы бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер деп аталады.Бұл сөздер семантикалық жағынан ғана емес, фонетика-грамматикалық сыр-сипаттары жақтарынан да (мысалы: буын құрылымы, морфологиялық тұлғалары, синтаксистік қызметтері) бір-бірімен ұқсас, орайлас болып келеді.

Еліктеуіш сөздердің семантикалық сипаты

Еліктеуіш сөздер(дыбыстық)

Еліктеуіш сөздер деп табиғатта ұшырасатын сан алуан құбылыстар мен заттардың бір-біріне қақтығысу мен соқтығысуларынан туатын дыбыстарды, сондай-ақ жан-жануарлардың дыбысталу мүшелерінен шығатын әр түрлі дыбыстарды есіту қабілеті арқылы белгілі-белгілі түсініктер ретінде қабылдаудан болған және сол түсініктердің атаулары есебінде қалыптасқан сөздерді айтамыз. Мысалы: Мылтық тарс етті; қарға қарқ етті деген сөйлемдерді алсақ, ондағы тарс деген сөз мылтықтың атылуынан туған дыбыстың атын білдірсе, қарқ деген сөз қарғаның дыбыстау мүшесінен (қарқылдауынан) шыққан дыбыстың атын білдіреді. Демек, бұл екі сөздің екеуіне де жансыз және жанды заттардан шыққан дыбыстар негіз болған. Бірақ бұл дыбыстардың қайсысы болса да, әрине, сол дыбыстардың дауыстарын дәлме-дәл етіп айтуға тырысудан туған әрі дыбыстық бейне, әрі сол бейненің атауы ретінде қалыптасқан дыбыстар. Заттың құрылымдық бөлшектерінің ерекшеліктеріне қарай, жерге түскендегі дыбыс я дүңк, я тыңқ, я тоқ, я тық... етіп естілуін тілмен дәлме-дәл айтып жеткізу қиын-ақ. Дегенмен, осы дыбыстар дыбыстық бейне ретінде де, сол бейнелердің атаулары ретінде де қалыптасқандықтан, оларды біз сөздер есебінде қабылдаймыз. Оның бер жағында, бұл дыбыстар, қайсысы болса да, жалаң дыбыстар емес, күрделі дыбыстар. ал осы күрделі дыбыстар белгілі-белгілі табиғат дыбыстарының таңбалары есебінде қабылданып, тиісті сөздерге айналған. Мысалы: Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас қызыл қозы топ ете түсті (М.Әуезов). Қасқыр тыпырлап жатқан қозыны көре сала, ырр етіп барып бас салды (Сонда). Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қанжоса болып дар-дар айырылды. Сырт-сырт етіп жас сүйек сынды. Қапаш-құпаш қорқ-қорқ етіп қомағай қанды ауыздар асайды (Сонда). Осы сөйлемдердегі топ, ырр, дар-дар, сырт-сырт, қорқ-қорқ сөздері де тиісті дыбыстарды есітуден пайда болған түсініктерді білдіреді. Сондықтан бұлар да, әрине, еліктеуіш сөздерге жатады.

Осындағы дар-дар, сырт-сырт, қорқ-қорқ деген еліктеуіш сөздер бастапқы түбірлердің екі рет қайталануынан жасалған. Егер сол сөйлемдердің құрамдарына да, құрылыстарына да ешқандай өзгеріс енгізбей, тек осы еліктеуіш сөздерді қосарланған түрде емес, жалаң түрде ғана қолдансақ (мысалы, сырт етіп жас сүйек сынды), өзге сөздер сияқты, еліктеуіш сөздердің не жалаң түрі мен қосарланған түрі болатыны, олардың мағыналарында тиісті айырмашылық барлығы аңғарылады. Демек, еліктеуіш сөздің жалаң түрі амал-әрекеттің бір ғана рет жасалатынын білдірсе, қайталанған түрі сол амал-әрекеттің үсті-үстіне әлденеше рет қайталанып жасалатынын білдіреді. Мысалы: дар айрылды және дар-дар айрылды; сырт етіп және сырт-сырт етіп; қорқ етіп және қорқ-қорқ етіп дегендердегі мағына жағынан салыстыруға болады.

Еліктеуіш сөздердің қайталанған түрінің екінші сыңарындағы ашық дауысты дыбыс қысаң дауысты еріндік дыбысқа айналып өзгерсе, ол сөздің тұлғасында туған осы өзгеріске байланысты мағынасында да сәл өзгеріс туады. Мысалы: Біреу есікті тарс-тарс ұрды және біреу есікті тарс-тұрс ұрды деген сөйлемдердің құрылысы мен құрамдарында айырмашылық болмаса да, мағыналарында (сәл болса да) айырмашылық бар; тарс-тарс ұрды дегенде, адам есікті әрі қатты, әрі бірнеше рет ұрғанымен бірқалыпты ұрғаны аңғарылады, ал тарс-тұрс ұрды дегеннен есіктің қатты ұрылуы бірқалыпты емес, бірде қатты, бірде онан да қаттырақ, я солғын болып алмасып отырғаны аңғарылады. Бірақ бұл екі форманың қызметінде тарс-тарс (сарт-сарт) дегенде де, тарс-тұрс (сарт-сұрт) ешқандай өзгешелік болмайды. Олар біреуінің орнына біреуі тұра алады. Морфологиялық жағынан да бұл үш форма (тарс, тарс-тарс, тарс-тұрс) өзгермейтін сөздер ретінде қала береді.

Басқа сөздер сияқты, мағына жағынан бір-біріне жақын, синонимдес, екі түрлі еліктеуіш сөз қосарлана береді, мысалы: сатыр-күтір, салдыр-күлдір, бұрқ-сарқ т.б. Бұл ерекшелік те – еліктеуіш сөздердің қосарлануына тән қалыпты, заңды құбылыс. Әдетте, су бұрқ-бұрқ қайнап жатыр деп те, су сарқ-сарқ қайнап жатыр деп те айтыла береді. Бұл сөйлемдердің де құрылыстары мен құрамдарында ешқандай айырмашылық жоқ, арасында азды-көпті мағыналық айырмашылық бар: бұрқ-бұрқ қайнауға қарағанда, сарқ-сарқ қайнау әлдеқайда күшті. Солай болса, сол екі дыбысты (сөзді) есіткеннен кейінгі алынатын әсер де бірдей емес. Ендеше, бұл екеуінің мағыналары да бір-біріне қарайлас та, жақын да. Егер бұл екі сөздің бір-бір сыңарларын бөліп алып, оларды қосарлап: Су бұрқ-сарқ қайнап жатыр десек, оған бұрқ және сарқ деген екі сөздің де беретін мағынасы бірдей кіреді, демек, су я бірыңғай бұрқылдап та; я бірыңғай сарқылдап та қайнамай, жоғарыда айтқан сияқты (тарс-тұрс) сияқты, бірде (я бір жері) бұрқылдап, бірде (я бір жері) сарқылдап қайнаудың дыбыстық та, бейнелік те көрінісі білінеді. Салдыр-күлдір, сатыр-күтір сияқтанған сөздердің де құрылыстары мен мағыналарынан осыны байқауға болады.

Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстың не ашық, не қысаң болуы да сол сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы, есік сарт етіп жабылды және есік сырт етіп жабылды деген сөйлемдерде құрылыс жағынан ешқандай айырма жоқ бола тұрса да, мағына жағынан бір-бірінен, сәл де болса, ерекшеленіп тұр. Ол ерекшелік: сарт және сырт деген сөздердің дауысты дыбыстарына ғана байланысты, демек, сарт етіп жабылғаннан есіктің қатты жабылғаны, яғни құлаққа естілетін дыбыстың қатты шыққаны, ал сырт етіп жабылғаннан есіктің дыбысы ақырын шыққаны аңғарылады. Ал есіктің қатты я ақырын жабылғандығын (соған сәйкес дыбысын да ажыратып дифференциялау) білдіріп тұрған нәрселер түбірлердің дауысты дыбыстарының я ашық, я қысаң болуына ғана байланысты. Екінші сөзбен айтқанда, еліктеу сөздің түбіріндегі дауысты дыбыс ашық болса, құлаққа келетін табиғат дыбысы да қатты естіледі, қысаң болса, ақырын естіледі. Осыған сәйкес сол сөздің мағынасы да ажырайды (дифференцияланады). Ондай сөздердің мағыналарындағы айырмашылықты білу үшін, қосымша, мысалы, тарс және тырс, шақ-шақ және шық-шық, шаңқ-шаңқ және шыңқ-шыңқ, қарш-қарш және қырш-қырш, борт-борт және бырт-бырт деген сөздерді салыстыруға болады.

Еліктеуіш сөздердің түбіріндегі дауысты дыбыстардың я жуан, я жіңішке болуы да сөздің мағынасына әсер етеді. Мысалы: шыңқ-шыңқ етеді, шіңк-шіңк етеді дегендердің мағыналарында айырмашылықтар бар. Шіңк-шіңк дегендегі дауысты дыбыстың жіңішке болуынан еліктеуіш сөздің мағынасы сәл өзгешерек болып тұр, демек, одан дыбыс әлсіз болатыны, соған сәйкес, лажсыздықтан ащы келетіні байқалады. «Тоғыз тоңқылдақ және бір шіңкілдек» деген ертегіде зорлықшыл, қара күш иесі тоғыз жігіттің тоңқылдақ делініп аталуы, күші аз, әлсіз, бірақ тәсілшіл бір жігіттің шіңкілдек делініп аталуы кездейсоқ нәрсе емес. Мұндағы тоңқылдақ деген зат есім бастапқы тоңқ деген еліктеуіш сөзден, шіңкілдек деген зат есім бастапқы шіңк деген еліктеуіш сөзден шыққан. Солай болса, еліктеуіш сөздерден жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздердің де семантикалық мағыналары, жоғарыда айтқандай, олардың түбірлеріндегі дауысты дыбыстарға байланысты болады.

Ауызекі тілде адамның көңіл-күйіне, эмоциялық жағдайына байланысты еліктеуіш сөздердің кейбір дыбыстарының айтылуында ерекшеліктер болады. Ашық дауысты еліктеуіш сөздердің дауысты дыбыстары созылып айтылады, мысалы: сарт ете түсті дегенді саарт ете түсті деп, тарс ете түсті дегенді таарс ете түсті деп түбірдегі а дыбысын созып, ал қысаң болса, соңғы дауыссыз дыбыс созылып айтылады, мысалы: тыз ете түсті, тырс ете түсті, шыж ете түсті, шыр ете түсті, шың ете түсті деген сияқтыларды ауыз сөзде соңғы з, с, ж, р, ң дыбыстарын созып, мысалы, тызз, тырсс, шыжж, шырр, шыңң деп айтуға болады.

Еліктеуіш сөздер ауызекі тілде, ауыз әдебиетінде, көркем әдебиетте өте жиі қолданылады, мысалы: Социалистік индустрияның дөңгелегі зыр жүгірді (Ғ.Мұстафин); Күн көрістің ескі тәсілдері, ескі салт-сана, әдет-ғұрып шірік шүберектей дыр-дыр жыртылып жатты (Сонда); Колхоздың қара сабалары күмп-күмп пісілді (Сонда); Кешікпей тағы да мылтық даусы гүрс-гүрс шықты (Ғ.Сланов); Боз, күрең, жирен, ала, шұбар, Өтеді ауыздығын қарш-қарш шайнап (Жамбыл).

Сөйтіп, еліктеуіш сөздер дегеніміз - өзіне тән лексика-семантикалық мағынасы, морфологиялық тұлға-тұрпаты (формалық структурасы) бар, дара түрлеріне де, қосарланған түрлеріне де көптік, тәуелдік, септік, жіктік жалғаулары тікелей жалғанбайтын (түрленбейтін), сөйлемде әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болатын және бастапқы түбірлерінен жұрнақтар арқылы туынды есімдер және етістіктер жасалатын сөздер.

Бейнелеуіш сөздер

Еліктеуіш сөздер есіту қабілеті арқылы пайда болатын түсініктердің аттарын білдірсе, бейнелеуіш сөздер табиғатта кездесетін белгілі-белгілі елес, құбылыстарды көзбен көру қабілеті арқылы туатын түсініктердің аттарын білдіреді.

Мысалы: Ырғалып қарға қарқ етті; ірімшік аузынан салп етті деген сөйлемдерді алайық. Мұндағы қарқ деген сөз – қарғаның дауыстауынан естілген дыбыстың атын аңғартатыны, соған сәйкес, еліктеуіш сөз сол түсініктің атауы болатыны жоғарыда айтылды. Ал осы салалас сөйлемнің екінші жартысындағы салп деген сөз дыбысты емес, қарғаның аузынан ірімшіктің жерге қарай түсіп бара жатқан я түскен кезіндегі көрініс елесін, сол көріністің бейнесін білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, салп деген сөз ірімшіктің жерге тез түсіп бара жатқан кезінде көзбен көру қабілеті арқылы қабылданған көріністің, оның бейнесінің атауы есебінде қызмет етеді.

Екінші бір мысал алайық: Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ә» деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады (С.Мұқанов) дегендегі кілт және жалт деген сөздер де қалай тоқтағандықтың және қалай қарағандықтың бейнесін көрсетеді.

Бейнелеуіш сөздер іс-әрекеттің тек сыртқы бейне-көрінісін ғана емес, әрі шапшаң (аса тез) болатынын да білдіреді. Бұл сөздерге де белгілі-белгілі көріністің, қимылдың бейнесі негіз болады. Мысалы: бірдеме елең етті; ол жалт етті; жапалақ жалп етті дегендердегі елең, жалт, жалп деген сөздер белгілі көріністің бейнесін де, олардың тез болу ерекшелігін де білдіреді.Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де қосарланып қолданылады да, солар арқылы бейнеленетін құбылыстардың бірнеше рет қайталанатынын білдіреді. Мысалы: елең-елең, жалп-жалп, жалт-жалт, жылт-жылт, қылт-қылт, лап-лап т.б.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де қайталанған екінші сыңарының ашық дауысты дыбысы қысаң дауысты еріндікке айналып, іс-қимылдың бейнесінің бірде олай, бірде бұлай болып алмасып отыратынын білдіреді, мысалы: жалт-жұлт, жалп-жұлп, қалт-құлт т.б.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың ашық болуы қозғалыс пен әрекеттердің еребейсіздігін, дөкірлігін, оңтайсыздығын, епсіздігін білдірсе, дауысты дыбыстардың қысаң болуы әрекет-қозғалыстың мардымсыздығын, өнімсіздігін білдіреді. Мысалы: арбаң-арбаң, талтаң-талтаң, тарбаң-тарбаң, одыраң-одыраң деген сөздердің мағыналарын сол реті бойынша ербең-ербең, тылтың-тылтың, тырбың-тырбың, едірең-едірең деген сөздердің мағыналарымен салыстырып байқауға болады. Алдыңғы топ пен соңғы топтың мағыналарында, әрине, айырмашылық бар. Өйткені Нұрқожа талтаң-талтаң басып келеді екен (С.Мұқанов) деген мен Нұрқожа тылтың-тылтың басып келеді екен дегендердегі талтаң-талтаң мен тылтың-тылтың дегендердің мағыналары тең емес.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де түбіріндегі дауысты дыбыстардың жуан я жіңішке болуы олардың мағынасында айырмашылық болатынын аңдатады, мысалы: жалп-жалп етеді деген мен желп-желп етеді дегеннің, осыдан туған жалпылдайды және желпілдейді деген сөздердің мағыналары тең емес. Алғашқы көріністен күшті, дөрекі, епсіз бейне байқалса, соңғыда әрі нәзік әрі майда бейне елестейді.

Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздердің де бастапқы дара түбіріне де, қосарланған түрлеріне де сөз байланыстыратын (көптік, септік, тәуелдік, жіктік) жалғаулар тікелей қосылмайды. Демек, еліктеуіш сөздер тәрізді, бұлар да – түрленбейтін сөздер. Еліктеуіш сөздер сияқты, бейнелеуіш сөздер де ешбір өзгеріссіз тікелей етістіктермен тіркесіп, я дара мүше (жалт қарады, жалт-жалт қарады) болады, я күрделі мүшенің құрамына енеді (жалт етті, жалт-жалт етті). Бұлар да, еліктеуіш сөздер сияқты, дербес мүше болса, әрқашан сын-қимыл пысықтауыш болып қызмет атқарады. Мысалы, төмендегі сөйлемдердегі бейнелеуіш сөздер кілең пысықтауыш болып тұр: Ыңырсып колхозының төрт түлігі Ауылдан маң-маң басып өріске өрді (Жамбыл); Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп амандасып қалды (М.Әуезов).

Сөйтіп, бейнелеуіш сөздер деп табиғаттағы құбылыстар мен заттардың және неше алуан жан-жануарлардың сыртқы сын-сипаттары мен әрекет-қимылдарын көру қабілеті арқылы қабылданған бейне-көріністердің атауларын, яғни атаулары ретінде қызмет ететін сөздерді айтамыз.

ЕЛІКТЕУІШ СӨЗДЕРДІҢ ФОНЕТИКА-МОРФОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ

Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктері

Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктерін сөз еткенде, үш түрлі мәселе ескерілуге тиіс: 1) дыбыстық құрамы; 2) буын жігі; 3) айтылу ырғағы.

Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамында, демек, олардың дыбыстарының тіркесуінде белгілі бір ізге түсіп қалыптасқан әрі орнықты, әрі жүйелі заң бар деуге болады. Оған еліктеу сөздердің мысалы, мынадай үлгілері айғақ:

1. Арс, барс, гүрс, дүрс, мырс, тарс, тырс т.б.

2. Борт, бырт, күрт, кірт, морт, сарт, сырт, шарт, шырт т.б.

3. Жап, жып, лап, лып, сап, сып, тап, топ, тып, шап т.б.

4. Барқ, бырқ, жарқ, зырқ, зірк, күрк, қорқ, ірк т.б.

5. Аңқ, еңк, дөңк, дүңк, діңк, күңк, қаңқ, қоңқ, саңқ, сұңқ, шаңқ, шіңк, ыңқ т.б.

6. Былқ, кілк, қолқ, кілк, солқ, селк т.б.

7. Балп, болп, былп, елп, жалп, желп, жылп, салп, сылп, шалп, шылп, шолп, үлп т.б.

8. Жамп, күмп, қомп, томп, тымп, сымп т.б.

9. Даң, дұң, тың, қаң, құң, маң, шаң, шұң, шың т.б.

10. Ар, дыр, быр, дар, дір, күр, қор, қыр, сыр, шар т.б.

11. Баж, быж, бұж, гүж, күж, қыж, шаж, шыж т.б.

12. Ақ, бақ, бық, қақ, қық, сақ, тық, шақ, шық т.б.

13. Жалт, жылт, кілт, қылт, мылт, сылт, талт, тылт т.б.

14. Гу, ду, зу, лау, сау, су т.б.

15. Барп, борп, қорп, сарп, тарп, тырп т.б.

Бұл үлгілерде көрсетілген еліктеу сөздер, әрине, негізгі түбір формалар. Бұлардан басқа да формалар бар. Мысалы: алш, былш, қалш; ыз, тыз, ыс; кіс, пыс, тыс тәрізді сан жағынан аз болғанымен де, көптеген туынды сөздердің жасалуына негіз болған (мысалы: алшы, алшаң, ызың, ызыл; ысқыр, пысына, кісіне т.б.), сондай-ақ, әуелгі түбірлері туынды сөздермен біте қайнасып ажырамайтын болып кеткен формалар да көп. Мысалы: салдыр-гүлдір, балдыр-былдыр, жымың-жымың, сопақ, тырбаң, ыржаң сияқтанған сөздердің түбірлері қазіргі тілде жеке қолданылмайды.

Еліктеуіш сөздердің морфологиялық сипаты

Еліктеуіш сөздер, сыртқы морфологиялық құрылысына қарай, жалаң да, күрделі де болады.

Жалаң еліктеу сөздер негізгі және туынды болып екі салаға бөлінеді.

Негізгі еліктеу сөздер деп айналадағы табиғат құбылыстарын құлақпен есту арқылы қабылданған дыбыстардан және көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін түбір сөздерді айтамыз. Мұндай негізгі еліктеу сөздер, практикалық тұрғыдан алғанда, қазіргі кезде тиісті морфологиялық бөлшектерге сараланбайтын бір тұтас тұлға сияқтанып келеді. Оларға жоғарыда көрсетілген 15 түрлі үлгіге тән формалар және олардан өзге де бір алуан формалар жатады. Мысалы: ар, ыр, ырс, борс, бырс, бұлт, былқ, дүрс, дік, дүңк, күрс, күмп, кірп, елп, жалп, жарқ, жалт, жарқ, зырқ, қалт, кілт, лып, лап, морт, мырс, мүлт, мыңқ, салп, саңқ, сыңқ, селк, солқ, сарт, сырт, саңқ, таңқ, тыңқ, шалп, шылп, шаңқ, шыж, ырс, ыңқ т.б.

Туынды еліктеу сөздер деп негізгі (түбір) еліктеу сөздерден де және басқа атауыш (атаушы) сөздерден де тиісті жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді айтамыз. Мысалы: алшаң, арбаң, арсалаң, ағараң, балпаң, болпаң, дікең, елпең, жалпаң, жортаң, жалтаң, жылман, ирелең, көлбең, кірбең, қалтаң, қолбаң, қоржаң, қызараң, қылмаң, қылтаң, салбаң, сылтаң, тарбаң, тарбалаң, ырсаң, ыржаң т.б.

Сөйтіп, туынды еліктеу сөздер түбір (негізгі) еліктеу сөздерден де (мысалы: жалт-аң, арс-алаң, балп-аң, болп-аң, елп-ең, жылт-ың, қалт-аң, сылт-ың, ырс-алаң т.б.), өзге атауыш сөздерден де жасалады (мысалы: ағар-аң, қызар-аң, иір-елең, бұр-алаң, соз-алаң т.б.).

Туынды еліктеуіш сөздер жасайтын жұрнақтар мыналар:

1. –ң, -ың, -ің, -аң, -ең жұрнағы. Бұл жұрнақ арқылы туынды еліктеу сөздер жасауға мынадай формалар негіз болады:

а) Негізгі (түбір) еліктеу сөздер. Бұлардан жасалған туынды формаларға мынадай еліктеуіш сөздер жатады: арс-аң, ырс-ың, борс-ың, борт-аң, бырт-ың, барп-аң, болп-аң, елп-ең, жалт-аң, томп-аң, кілт-ің, мырс-ың, қалт-аң, тарс-аң т.б.

ә) Кейбір атауыш сөздер (есімдер мен етістіктер). Оларға, мысалы, мынадай туынды еліктеу сөздер жатады: ала-ң, ағар-аң, былға-ң, дал-аң, домала-ң, жайна-ң, иір-ең, сыла-ң, көлбе-ң, қара-ң, тербе-ң, қызар-аң т.б.

б) Кейбір жеке-дара қолданылмайтын формалар. Ондай формалар бейнелеу етістіктеріне де және басқа есімдерге де негіз болған. Ол формалар қазіргі кезде жеке-дара түбір есебінде қолданылмайды, бірақ бастапқы кездерде еліктеу (бейнелеуіш) сөздердің түбір формалары болған деп жорамалдауға болады. Оларға, мысалы, мынадай туынды еліктеу сөздердің түбірлері жатады: арб-аң (арбай), ерб-ең (ерби), жарб-аң (жарби), кірб-ең (кірби), қорб-аң (қорби), адыр-аң (адырай, адырақ), ажыра-ң (ажырай), бадыра-ң (бадырай, бадырақ), бажыра-ң (бажырай), майм-аң (майми, маймақ), кірж-ің (кіржи, кіржік), қайқ-аң (қайқай, қайқи, қайқы, қайқақ), қиқ-аң (қиқаң, қиқи, қиқақ), күрж-ің (күржи, күржік), қылм-ың (қылми, қылымсы), соп-аң (сопай, сопи, сопақ), сид-аң (сиди, сида), шош-аң (шошақ, шоштиған) т.б.

2. –лаң, -лең, -алаң, -елең жұрнақтары кейбір етістіктерге жалғанып, туынды еліктеу сөздер жасайды. Мысалы: бұр-алаң, иір-елең, соз-алаң, шұба-лаң, ора-лаң т.б.

Күрделі еліктеу сөздер деп жалаң еліктеу сөздердің я негізгі, я туынды формаларының не қайталануы, не қосарлануы арқылы жасалған түрлерін айтамыз.

Күрделі еліктеу сөздер компоненттерінің формаларына қарай оларды мынадай негізгі төрт топқа бөлуге болады:

1) арс-арс, борт-борт, быж-быж, гүр-гүр, дүр-дүр, дір-дір, жарқ-жарқ, жалт-жалт, елп-елп, зыр-зыр, зырқ-зырқ, лап-лап, лып-лып, маң-маң, күмп,-күмп, күрс-күрс, селк-селк, тарп-тарп т.б.

2) арс-ұрс, баж-бұж, жарқ-жұрқ, шап-шұп, шалп-шұлп т.б.

3) арбаң-арбаң, алшаң-алшаң, ағараң-ағараң, далаң-далаң, елең-елең, елбең-елбең, ербең-ербең, балпаң-балпаң, бортаң-бортаң, бүрсең-бүрсең, жалаң-жалаң, жалбаң-жалбаң, жалтаң-жалтаң, қызараң-қызараң, көлбең-көлбең, қожаң-қожаң, қоқаң-қоқаң т.б.

4) арбаң-ербең, арбаң-тарбаң, адыраң-едірең, қиқаң-қиқаң, олпаң-солпаң т.б.

Еліктеу сөздерден өзге сөз таптарына тән басқа да жаңа сөздер жасалады. Мысалы: тарсыл, дүрсіл, күрсіл, тырсыл, быжыл, шыжыл сияқты зат есімдер –ыл (-іл) жұрнағы арқылы тарс, күрс, тырс, быж, шыж деген еліктеуіш сөздерден жасалған. Сондай-ақ, жалтақ, бұлтақ, шыжық, бұрқақ сияқты есімдер де жалт, бұлт, шыж, бұрқ деген еліктеу сөздерден –ақ (-ық) жұрнағы арқылы туған. Еліктеу сөздерден басқа сөз таптарына тән осындай туынды сөздер жасайтын басты-басты жұрнақтар мыналар:

1. –ыл, -іл (ырыл, быжыл, дарыл, гүріл, күрсіл, тырсыл, қорсыл, сыртыл, күжіл, шыжыл, ыңқыл, сұңқыл, шүңкіл, шіңкіл, дүңкіл, сырыл, пысыл, зуыл, суыл, бақыл, гуіл, шарыл т.б.).

2. -ыр, -ір (жалтыр, жылтыр, былбыр, сылбыр, тақыр, тықыр, шықыр, сытыр т.б.).

3. -ақ, -ек, -ық, -к (адырақ, елбек, бүлкек, бұлтақ, жалтақ, қалтақ, салпақ, бұрқақ, ыржақ, қылжақ, тарбақ, балпақ, жалпақ, қалпақ, қоқақ, тықақ т.б.).

4. –ғыр, -гір (даңғыр, дыңғыр, дүңгір, қаңғыр, мыңғыр, сыңғыр, шіңгір т.б.).

5. –қыр, -кір (бақыр, кекір, шақыр, жекір, өкір, түшкір, пысқыр, осқыр, ысқыр т.б.).

6. –ыра, -іре (балбыра, былбыра, елбіре, желбіре, салбыра, сылбыра, жылбыра, үлбіре, солбыра, қолбыра, бұрқыра, жарқыра, күркіре, дүркіре, зырқыра, сырқыра, маңыра, мөңіре, еңіре т.б.).

7. –ырай, -ірей (бақырай, бақшырай, шақырай, тұқырай, кекірей, кекшірей, бүкірей, тықырай, шоқырай, қоқырай, бажырай, күжірей т.б.).

8. -ый, -ій (арби, ерби, жарби, тарби, арси, ырси, торси, тырси, жылти, қылти, кілти, қылқи, кеңки, теңки, бырти, қоңқи, шоңқи, быржи, қоржи т.б.).

9. –й, -ай, -ей (арбай, адырай, едірей, ежірей, қоқай, шоқай, сопай, қиқай, қоңай, балпай, жалпай и.б.).

10. –да, -де (арбаңда, ербеңде, бұраңда, ирелеңде, сүйрелеңде, жалпаңда, адыраңда, қоқаңда т.б.).

Еліктеу сөздерден басқа туынды сөздер тудыратын өзге өнімсіз жұрнақтар да бар. Мысалы: кісіне, құжына, быжына, пысына етістіктерін алсақ, олар –ына (-іне) жұрнағы арқылы кіс, құж, быж, пыс деген еліктеу сөздерден жасалған.

Еліктеу сөздерден сөз тудыратын жұрнақтардың кейбіреулері жалаң, кейбіреулері құранды болып келеді. Мысалы, жалтыра, сылбыра, салбыра, былбыра дегендердегі –ыра жұрнағы –ыр (жалтыр, салбыр, сылбыр, былбыр) және –а (жалтыра, салбыра...) деген екі жалаң жұрнақ деп қарауға болса, елбіре, үлбіре дегендердегі –іре жұрнағын теориялық жағынан олайша бөлшектеуге болғанымен, практикалық жағынан саралап боршалауға болмайды. Сол сияқты, кекірей, бүкірей, тықырай, тыжырай дегендердегі –ырай (-ірей) жұрнағын саралап, - ыр (-ір) және –ай (-ей) деп бөлшектеуге әбден болады (кекір, тықыр, тыжыр). Ал, кекшірей, бүкшірей, тықшырай, бажырай, күжірей дегендердегі –ырай (-ірей) формасын бөлшектеуге болмайды.

Қазіргі кезде жеке-дара сөз (түбір) ретінде қолданылмайтын кейбір түбірлер көптеген туынды есімдер мен туынды етістіктердің жасалуына негіз болуымен қатар, туынды еліктеу сөздердің жасалуына да негіз болады. Мысалы, қоқиған, қоқырайған, қоқсыған, қоқшиған, қоқшырайған деген етістіктердің де, қоқым, қоқыс, қоқтық, қоқай, қоқыр, қоқақ деген есімдердің де, қоқшаң, қоқыраң, қоқшыраң деген еліктеу сөздердің де бастапқы түбірі қоқ деген форма. Ал осы туынды сөздерден жұрнақ арқылы туатын өзге формаларды сөз етпей-ақ (мысалы: қоқаңдаған, қоқшыраңдаған т.б.), қоқақ-қоқақ, қоқаң-қоқаң, қоқшаң-қоқшаң, қоқыраң-қоқыраң, қоқшыраң-қоқшыраң, қоқым-соқым, қоқыр-соқыр, қоқақ, шоқақ, қоқтық-соқтық, қоқақ-соқақ тәрізді қосарланған формалар жасалатынын еске алсақ, осындай «бейтарап» түбірлердің де сөздікті байытудағы қызметі мол екенін бағдарлаймыз.

Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметі

Еліктеуіш сөздердің синтаксистік қызметін сөз еткенде, екі түрлі мәселе баяндалуға тиісті: оның бірі – еліктеу сөздердің өздерінен басқа қандай сөздермен тіркесетіні, екіншісі – еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше болып қызмет атқаратыны. Ал бұл екі мәселе жайында айтылатын қағидалар мынадай:

1. Еліктеуіш сөздің жалаң түрі мен күрделі (қосарланған) түрінің қай-қайсысы болса да өздеріне тән атау формада тұрғанда бірең-сараң жағдайда ғана болмаса, тек етістіктермен тікелей тіркеседі. Бірақ еліктеу сөздер кез келген етістікпен тіркеспейді, оларды таңдап тіркеседі.Мысалы: Қорыққаннан ба, тоңғаннан ба урядниктің иегі иегіне сақ-сақ етті.

2. Еліктеу сөздер толық мағыналы дербес етістіктердің бәрімен де бірдей тіркесе бермейді.Мысалы: Абай селк етіп жалт қарады.

3. Еліктеу сөздердің сөйлемде қандай мүше қызметін атқаруы олардың өздерінен басқа қандай сөздерге тіркесуімен байланысты.Мысалы: Шаң-шұң дауыс шықты. Сарт-сұрт төбелес басталды.Берілген сөйлемдерде анықтауыш қызметін атқарып тұр.

Дербес мағыналы негізгі етістіктермен тіркескенде, еліктеу сөздер қимыл мен іс-әрекеттің сын-сипатын білдіреді де, әрқашан пысықтауыш мүше болады. Мысалы: Атшы жігіт мырс-мырс күледі.

4. Еліктеуіш сөздер заттанып, есім формаларында жұмсалуы мүмкін.Аспандағы жарқ-жұрықтан үрейі ұшты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. -Алматы 1991 жыл.

2. Ы.Маманов.Қазіргі қазақ тілі. -Алматы 1966 жыл

3. Қазақ тілі грамматикасы. Алматы 1967 жыл.1 том.

4. Қазақ грамматикасы.Астана.2002.

Лекция №15

Шылау

Тілімізде толық лексикалық мағынасы жоқ, тек сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, немесе белгілі бір сөздердің жетегінде қолданылып, оған әр түрлі грамматикалық мағына үстеу үшін қолданылатын сөздер бар. Мұндай көмекші сөздер шылаулар деп аталады. Болар ма сондай қызық шақ (Абай). Естелік әуезіңді бір түн біз де (Жамбыл). Өз ауылына баруға байлаған соң...(Әуезов). Ел билеген адам жоқ, Ата менен бабаңда (Абай). Ақырында Нілді мен Қарағандыны Боздақ пен Байжандікі деп тапты. Берілген сөйлемдердегі ма, де, соң, менен, мен – шылау сөздер. Бұлар жеке тұрғанда толық мағынасы жоқ, өзі қатысты сөзге әр түрлі мағыналық рең үстейді, және салаласа, сабақтаса байланысатын сөздер мен сөйлемдерді байланыстырады. Шылау сөздердің толық мағынасы болмағанмен, атқаратын қызметіне тән грамматикалық мағынасы болады. Осымен байланысты шылаудың өзіндік мынадай ерекшеліктері бар:

1. Шылау сөздердің толық лексикалық мағынасы болмайды;

2. Контексте толық мағыналы сөздердің жетегінде қолданылып, оған қосымша әр түрлі грамматикалық мағына, рең үстейді;

3. Шылаулар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді сабақтастыра не салаластыра байланыстырады;

4. Сөйлем ішінде синтаксистік қызметіне қарай жеке сөйлем мүшесі бола алмайды; 5. Шылау сөздер түрленбейді, басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Олар – лексикалық мағынасынан айрылу негізінде қалыптасқан көмекші сөздер.

Шылаудың түрлері

Шылау сөздер білдіретін әртүрлі грамматикалық мағыналары мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай үш топқа бөлінеді. Олар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер.

Жалғаулықтар:

Қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулықтар лексикалық мағынасы жоқ, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді әр түрлі ыңғайда (мағыналық қатынаста) салаластыра байланыстыратын сөздер. Мысалы: Наданның түсінгені көп пен дүрмек (Абай). Қадірдің киімі жұқа, әрі денсаулығы да мықты емес (Мұқанов). Әй,ол жеңер сені, себебі келешек онікі ғой (Сонда). Берілген мысалдардағы пен, мен жалғаулықтары сөзді сөз бен сөзді ыңғайластық және байланыстырып тұр, әрі, себебі жалғаулықтары сөйлем мен сөйлемді ыңғайластық және себеп – салдарлық мәнде салаластыра байланыстырып тұр. Жалғаулықтар сөйлемнің сыңарларын әр түрлі мағыналық қатынаста байланыстырады. Осындай мағыналық қатынастармен байланысты олар бірнеше топтарға бөлінеді: 1. Ыңғайластық жалғаулықтар: мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі.

2. Қарсылықты жалғаулықтар: бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен. 3.Талғаулықты жалғаулықтар: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я, яки,кейде. 4.Себептік жалғаулықтар: себебі, өйткен, неге десең. 5. Себеп – салдарлық жалғаулықтар:сондықтан, сол себепті, себебі, өйткені.

6. Шарттық жалғаулықтар: егер, егерде, онда.

Ыңғайластық жалғаулықтар

Жалғаулықтың бұл тобына мен (бен, пен), және, да, де, та, те, әрі шылаулары жатады. Ыңғайластық жалғаулықтар біріңғай салаласа байланысатын сөйлем мен тең дәрежедегі сөздер, сөз тіркестерін байланыстырып, ыңғайластық қатынасты білдіреді. а) Мен, бен, пен, менен, бенен, пенен жалғаулықтары әр түрлі сөз таптарынан жасалған сөйлемнің біріңғай мүшелерін байланыстырады.

Сөйлемнің біріңғай мүшелері есім сөздер, қимыл атаулары, заттанған сөздер болып келе береді. Балаға тең көрінер бай мен кедей (Торайғыров). Байлық қанағат пен еңбекте (Алтынсарин) деген сөйлемдердегі мен, пен жалғаулығы біріңғай зат есімдерді (бай мен кедей, қанағат пен еңбек) ыңғайластыра байланысып тұр. Сөздер, сөз тіркесі мен шылауы арқылы байланысқанда, жалғау соңғы сыңарына жалғанады. Сезімі мен сұлуын, жорғасы мен жортқасын ноқталап...(Әуезов) деген сөйлемдегі мен шылауы байланыстырып тұрған сезімі, сұлуын табыс септігінде тұрғанымен, жалғауды соңғы сыңар қабылдаған. ә) Және жалғаулық шылауы бір тұлғада есім сөздер мен етістіктерді ыңғайластыра байланыстырады. Сені ойда орыс, қырда қазақ түгел біледі және сыйлайды (Әуезов). Бұл жиында Ызғұтты, Жақып сияқты үлкендер және баладан Құдайберді, Абай бар (Сонда) деген мысалдардағы және жалғаулығы біріңғай сөздерді даралап, атап байланыстырған. Және жалғаулығы салаласа байланысатын құрмалас сөйлемдердің сыңарларын бір-бірімен ыңғайластыра байланыстырады. Қонақ аз және өздерінің құрбылары ғой (Мүсірепов). Сіздің қолыңыз босай қоймас және босағанмен бұл жұмыс сізге ауыр тиер (Әбішев). Және жалғаулығы жай сөйлемдерді құрмаластыруда өте сирек қолданылады, ал құрмалас сөйлемдердің құрамының сыңарларының мағыналық қатынастары жағынан өзара бір – біріне жақын болып келеді және ондағы айтылған ойды толықтыра, айқындай түседі. Бұл биенің құлыны да өзіне тартқан бурыл болады және бұл бие ерте құлындайды. (Әуезов). б) әрі жалғаулығы зат, құбылыс, қимылдың әр түрлі қасиеттерін сапасын білдіретін сөздерді ыңғайластыра байланыстырады, әрі оған даралау ерекшелік мағынасын береді. Қазақ тілі әрі бай, әрі көркем тіл (Әуезов) деген мысалдағы әрі жалғаулығы есім сөздердің ыңғайластыра байланыстырып және оларға ерекшелік, даралық мағына үстеп тұр. Әрі жалғаулығы баяндауыш қызметінде жұмсалған сөздерді байланыстырғанда, қимылдың бір затқа тән екендігін білдіреді. Жатақтың бала-шағалары мен кәрі-құртаңдары әдемі ат мінген жігітке әрі таңданып, әрі жатсырап қарайды (Мүсірепов). Мұнда әрі шылауы байланыстырып тұрған таңдану, жатсырап қарау қимыл іс – әрекеттері бала-шағаға, кәрі-құртаңдарға тән екендігін білдірген. Әрі жалғауы біріңғай сөздердің алдында қайталанып, қолданылып отырса, онда сол затқа, сапа, қимылға ерекше мән беріп, ыңғайластыра байланыстырады. М: «Сата ма, сатпай ма, оны өзі біледі» дегенге Боздақ би тағы да түсіне алмай, әрі көтеріліп, әрі күрмеліп қалып еді. (Мүсірепов).

Әрі шылауы салаласа байланысқан құрмалас сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстырады. Жас көңіл тың жер тәрізді, не ексең, сол шығады, әрі мол шығады (Мұстафин). Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеберлік бар, әрі Семейдің үркек қорқақ чиновниктерін сескендіру де бар (Әуезов).

Әрі жалғаулығы құрмалас сөйлемдерді байланыстырғанда, және шылауынан да сирек қолданылады.

в) да, (де, та, те) жалғаулықтарының қызметі, мағынасы – сөз бен сөзді, сөз тіркестерін салыстыра байланыстырып, сөйлемдерді ыңғайластыра байланыстыру. Бұл жалғаулық біріңғай мүшелерді байланыстырғанда, қайталанып қолданылады: Өзі де баласы да үндемейді. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген жан. Жаза да алады, сөйлей де алады. Сонымен бірге кейде бұл жалғаулық біріңғай мүшелердің арасында қайталанбай да қолданылады. Жойқын жұрт ерінбейді де жалықпайды(Мүсірепов). Дауысы ащы да қатал, зілді де кекті шығады. (Сонда) деген мысалдардағы да жалғаулығы біріңғай мүшелер ерінбейді, жалықпайды, ащы, қатал, зілді сөздерін бір – бірімен ыңғайластыра байланыстыру қызметін атқарып тұр. да, (де, та, те) жалғаулықтары салалас құрмалас сөйлемнің компоненттерін байланыстыру қызметінде қайталанып та, қайталанбай да қолданыла береді. Арбаға урядник пен Елизавета қатар отырыпты да, Быков көшірдің қасына орналасты (Мүсірепов). Ұлпан Есенейді аяп та кетті (Мүсірепов)деген мысалдардың бірінші сөйлемінде да жалғаулығы қайталанбай келсе, екінші сөйлемде екі компонентте да қайталанған. Қайталанып қолданылған да жалғаулығы құрмалас сөйлемнің екінші сыңарын ыңғайластыра байланыстырып қана қоймай, өзі тіркескен сөздерге де ой екпінін түсіріп, оны күшейте ерекше айту үшін де қолданылады. Одан арғыны Игілік айтқан да жоқ, қасындағылары сұрай алған да жоқ (Мүсірепов). да, (де, та, те) шылаулары сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарында келіп, қарсылықты мағынаны білдіріп, сөйлемнің екі компонентін сабақтастыра байланыстырады. Степан қанша түсіндірсе де, шанаға ешқайсысы мінген жоқ (Мүсірепов). Қайшылығы бола тұрса да, ол тамаша адам еді. (Сәрсенбаев).

Қарсылық мәнді жалғаулықтар

Қарсылық мәнді жалғаулықтарға бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, сөйтсе де, онда да шылаулары жатады.

Қарсылықты жалғаулықтар салаласа байланысатын сөйлемдер арасындағы қарсылық мәнді білдіру үшін қолданылады. Әрине, көп үй мәселесі оңай шешілген жоқ, бірақ оңай шешілмеуінің өзінде үлкен дұрыстық бар еді (Мұстафин). Беті, түсі анық белгілі емес, бірақ бір үлкен мол батпан құйрық оралып келе жатқан сияқты (Әуезов). Бірақ шылауы арқылы байланысқан сөйлемдердің мағынасы бір-біріне қарама-қарсы болып келеді.

Бірақ жалғаулығы жай сөйлем басында да жиі кездеседі.

Бірақ осы соңғының саны көп емес, хабары да анық, толық дәл де емес (Әуезов).

Осымен қатар бірақ шылауы сөйлемде анықтауыш, пысықтауыш, баяндауыштарды да байланыстырады. Аласа, тақыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған. Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады (Әуезов) деген сөйлемдерде алдыңғысында біріңғай анықтауыштарды, соңғысында біріңғай баяндауыштарды байланыстырған. Қарсылықты мағынаны білдіретін бірақ, алайда, дегенмен, әйтпесе, сонда да, әйткенмен, сөйтсе де, онда да шылаулары тілде бірақ шылауынан сирегірек кездеседі. Бұлар тек құрмалас сөйлем құрамында ғана қолданылады, олардың да өзіндік стильдік ерекшеліктері бар.

Талғау мәнді жалғаулықтар

Жалғаулықтың талғау мәнді білдіретін түрлеріне мына шылаулар жатады: әлде, біресе, не, немесе, болмаса, я,яки,кейде, мейлі, бір. Біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсе қызарлық қылып, көз алартпақ лайық па? (Абай). Әлде көштен қалғандықтан ба, әлде Жабайға жаны ауыра ма, әйтеуір жүзінде едәуір қуаңдық бар. (Мүсірепов). Кейде бұзақылыққа , кейде дұрыстыққа еріп кететіндігі бар (Сонда). Бұл сөйлемдердегі я, әлде жалғаулықтары салалас сөйлемнің екі сыңарын байланыстырса, кейде шылауы бірыңғай сөздерді де байланыстырып, бірінің ғана талғанатынын білдіру үшін қолданылған. Талғаулықты жалғаулықтардың әрбіреуінің өзіндік мағыналық қолданылу ерекшеліктері бар.

Талғау мәнді я, яки, не, мейлі, әлде шылаулары жай сөйлем сайын, басында қайталанып келе береді. Не билікті, не ауылнайлықты бермей отыр (Шәріпов). Біресе, бір жалғаулықтары іс – әрекеттің кезекпен бірінен соң бірі қайталанып отыратынын білдіру үшін қолданылады. Біресе Ақжелкеге, біресе тілмашқа кезек – кезек, жалтақ – жалтақ қарайды (Әуезов).

Бір шылауы етістіктердің тікелей алдында келіп қолданылады. Қосқа бір кірдім, бір шықтым (Мұқанов).

Себеп мәнде жалғаулықтар

Себептік қатынасты білдіретін жалғаулықтарға өйткені, себебі шылаулары жатады. Бұл шылаулар салалас құрмаластың жай сөйлемдерін байланыстырып, соңғы сөйлем алдыңғы сөйлемдегі іс – әрекеттің себебін білдіреді. Ешкім үндемейді, өйткені бұндағы кісілердің бәрі де қарт әйелдің дауысын білетін (Нұрпейісов). Әй, ол жеңер сені, себебі келешек оныкі ғой. (Мұқанов). Бұл мысалдардағы себебі, өйткені шылаулары алдыңғы сөйлемде болған іс – әрекет, жай – күйдің болу себебін көрсету үшін қолданылып тұр.

Салдар мәнді жалғаулықтар

Салдар мәнді шылауларға сондықтан, сол себепті жалғаулықтары жатады. Олар құрмаластың жай сөйлемдердің арасында қолданылып, соңғы сөйлем құрамына енеді. Бұлар болған іс – әрекеттің нәтижесін, салдарын білдіру үшін қолданылады. Оңай алдаймын дейтін, сондықтан оңай алданатын анайы мінездері жоқ емес (Мүсірепов). Ал мынау өз бетімен тәрбиеленген, сондықтан ол қисық болып өскен (Алтынсарин) деген құрмаластардағы екінші жай сөйлемдердегі салдарлық мағынаны білдіруге қатысып тұрған жалғаулық – сондықтан.

Шарт мәнді жалғаулықтар

Сөйлемдер арасында шарттық қатынасты білдіруге егер, онда шылаулары қызмет етеді. Шарттық жалғаулық егер құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының басында қолданылады да, онда басыңқы сыңардың бас позициясында тұрады. Сонау бақша ішінен табылармын, Егер мені іздесең көңіліңе алып (Абай). Сонымен бірге егер, онда шылаулары болмаса да, баяндауышы –са\-са шартты рай жұрнағы арқылы жасалған сөйлемде шарттық қатынасы бұзылмайды. Қолдан келген жәрдемі, Тұрлығұлдан бір түйе әперуге жараса, сенен аямас едім (Торайғыров)

Септеуліктер:

Қазіргі қазақ тіліндегі септеуліктер сөз бен сөзді сөйлем мен сөйлемді бірін екіншісіне бағындыра, яғни сабақтастыра байланыстырып, өзінің алдында тұрған толық мағыналы сөздердің белгілі бір тұлғада тұруын талап етіп, әр түрлі грамматикалық, мезгілдік, мекендік, мақсаттық қатынастарды білдіреді. Жалғаулықтар тең дәрежедегі сөздер мен сөйлемдерді салыстыра байланыстырса, септеуліктер оларды бағындыра, сабақтастыра байланыстырады. Септеуліктердің атауыш сөздерден дамып шыққаны белгілі, сондықтан кейбір шылаулар –ғы\-гі жұрнақтарын қабылдап, морфологиялық өзгерістерге түсіп, синтаксистік қызмет атқарып, сөйлем мүшесі болады. «Құсты Арал» саяхаты менің сол күнге дейінгі өмірімде елеулі бір белесім еді (Сәрсенбаев) деген сөйлемде дейін септеулігі –ғы\-гі жұрнағын қабылдап, сол күнге тіркесімен бірге қай? деген сұраққа жауап беріп, анықтауыш болып тұр. Сөз жоқ, септеулік шылау жеке тұрып сөйлем мүшесі бола алмайды. Бұл жерде анықтауыш қызметінде жұмсалуы дейін шылауының өзі қатысты сөздермен (сол күнге) тұтасып, сындық мәнді білдіретін –гі қосымшасымен келуіне байланысты. Септеуліктер септік жалғаудың мағынасы мен атқаратын қызметіне ұқсайды. Олар сөйлемде мынадай қызмет атқарады. Біріншіден, түбір тұлғалы сөз бен барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі есім сөздермен тіркесіп келіп, оларды екінші сөзге сабақтастыра байланыстырып, мезгілдік, мекендік, себептік, мақсаттық қатынастағы сөз тіркестерін жасайды. Мысалы: Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек, Біз үшін отқа, суға түсіп жүр деп (Торайғыров). Еңбек қылған ел үшін, Еңбегі сіңген ер үшін (Бұхар Жырау). Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы (Аймауытов). Бұл күнге дейін салт жүретін Игілік енді пәуескеге мінуді лайық көріп... (Мүсірепов). Осы сөйлемдердегі үшін септеулігі түбір сөзге тіркесіп, мақсаттық қатынасты білдірсе, бері жатыс септігінде тұрған сөзге тіркесіп мекендік мағынаны, ал дейін шылауы барыс септігінде тұрған сөзге тіркесіп мезгілдік қатынасты білдіру үшін қолданылған. Үшін шылауы қазіргі қазақ тілінде түбір тұлғадағы зат есім, сын есім, есімдік, сондай – ақ есімше, көсемше тұлғаларымен тіркеседі, ал көне тілімізде есімдіктердің ілік септік тұлғасында да тіркескен: менің үшін, сенің үшін, оның (аның)үшін т.б. Екіншіден, шейін, дейін, кейін, бері, сайын, соң, үшін жалғаулықтары сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының баяндауышы құрамында келіп, басыңқы сөйлем мен бағыныңқы сыңарды мезгілдік, себептік, м ақсаттық қатынаста байланыстырып тұрады. Солардың әр алуан сыбыр – жыбырын біліп отыру үшін, Құнанбай өзіне қараған елдің біразын сол елдің арасына таман кірістіріп жібері керек (Әуезов). Ғазиз біраз жүрген соң, мына көшелер таныс бола бастады (Бұлқышев). Жүргіншілер әбден көзден таса болғанға шейін, бұлар арттарынан қарап тұрады (Әуезов). Өзге кепенің адамдары тарағаннан кейін бұл кепенің адамдары Рахметті ортаға ала асқа отырды. (Бұлқышев). Септеуліктер, негізінен, есім сөздерге, заттанған есімше мен қимыл атауына тіркеседі. Бұл сөздерге септеуліктер мына тұлғалардан соң тіркеседі:

1. Сөздің түбірі, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер: үшін, сайын, сияқты, секілді, сықылды, тәрізді, туралы, турасында, арқылы, бойы, бойымен, бойынша, жайында, жайлы, шамалы, шақты, қаралы. Тарихи тұрғыдан бұлардың кейбіреулері ерте кезде ілік септік тұлғасымен де тіркескен. Турасы, бойы, жайы дегендердің құрамындағы ІІІ жақ тәуелдік жалғау – осының дәлелі бола алады. 2. Шығыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: кейін, соң, гөрі, бері, бұрын, әрі, бетер. 3. Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер: дейін, шейін, таман, қарай, салым, жуық, тарта, таяу.

4. Көмектес септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер: бірге, қатар, қабат.

Түбір, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер

Қазіргі қазақ тіліндегі түбір, я негіз тұлғалы сөзбен тіркесетін септеуліктер, негізінен, есім сөзден соң қолданылады.

Үшін септеулігі түбір тұлғалы зат есіммен тіркесіп келіп оларға себептік, мақсаттық мағыналар үстейді. Балалары айран – шалап үшін әлді ағайынға жалшыға кетіпті. (Әуезов). Аяғында ертең ұлыққа жауап беру үшін қариялардың бойын көрсетпей, жасырақ басшыларын жібермек болып, Серікбай, Тұрлықожа, Айтбай үшеуін сайлады (Әуезов) деген мысалдардағы үшін шылауы түбір тұлғадағы есім сөз айран-шалап сөзінен соң, қолданылып мақсаттық мағына үстеу үшін қолданылған. Сайын септеулігі зат есіммен және –ған\-ген тұлғалы өткен шақ есімшемен тіркесіп келіп, оларға даралау мағынасын үстейді. Көтеріп көптің көңілін күнде шауып, Жүлде алар жұма сайын туды күнім (Жансүгіров). Жаз аяқтап, қыс жақындағын сайын қараша ауылдар қоршаған Қарғандының орталығы өзгере түсті (Мүсірепов).

Алдыңғы сөйлемде сайын шылауы жұма сөзін даралау мағынасында қолданылып, екінші сөйлемде сайын шылауы сабақтас құрмалас сөйлемді байланыстырып, мезгілдік мағынаны білдіріп тұр.

Сияқты, секілді, тәрізді септеуліктері зат есім, есімдікпен, есімшемен тіркесіп, ұқсату, теңеу мағынасын білдіреді. Рақымбай сияқты жағымтал, Жорға болыстың тағы бір екеуіне көзі түсіп еді, олар да алға түсетін, бой көрсететін сияқты емес (Әуезов).

Біз бұл сияқты бұйрық жарияланатынын білгеніміз жоқ (Сонда). Бұл сөйлемде сияқты шылауы есім сөз Рақымбай мен есімдік бұл сөзіне тіркесіп, оған теңеу, ұқсату мағынасынан үстеп тұр.

Сияқты шылауы кейде сөз тудырушы жұрнақтарын қабылдап, сияқтанбай, сияқтанады тұлғасында да қолданылады. Қазіргі шешілмей тұрған түйін сияқты үлкен кесірлі іске келгенде күндізгі арманшыл, уайымшыл шалдар сияқтанбай, қазіргі қасында отырған бірен – саран сарнауық қажылар сияқтанбай , Ұзақ тым – тырыс үндемей отырды (Әуезов). Желкедегі қарағай кей жерінде қара қошқылданып бірігіп, иықтан баспалап қарап тұрған самаладай әскер сияқтанады (Сонда).

Туралы, турасында, жайлы, жайында, жөнінде септеуліктері зат есіммен, есімдікпен, заттанған сөздермен тіркесіп, белгілі бір іс – әрекет, оқиға жөнінде айтылғанын білдіреді. Брилев бәрімізді жинап, сап алдында сынаудың қорытындысы жайлы қысқаша талдау жасады (Момышұлы).

Сұраудан сұрау тауып, Шәрипа өкшелеп отырып артель туралы бірсыпыра нәрсені біліп алды (Майлин).

Арқылы септеулігі зат есім, қимыл атауымен тіркесіп, істің, қимылдың амалын, не арқылы іске асқанын білдіреді.

Үлкен істі елдің салмақты үлкендері арқылы болмаса, өз беттерімен іспен кете алмайтын (Әуезов).

Бойы, бойымен, бойынша септеуліктері зат есіммен, есімдіктермен және –ған-ген тұлғалы өткен шақ есімшемен тіркесіп келіп, іс – әрекеттің амал, тәсілін білдіреді. Ежелгі салт, машық бойынша бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ (Әуезов). Шамалы, қаралы, шақты септеуліктері сан есіммен тіркесіп, болжалдық мағына береді. Інісі Тектіғұл болса, қайшылықпен он шақты жыл қыршын жас күнін кешіріп еді (Сонда). Бұл кезде Ұзақ жанында он шақтыдай ғана кісі қалып еді (Сонда).

Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер

Барыс септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер есім сөздерге, есімшелерге, үстеулерге тіркесіп, мезгіл – мекендік, шектік мағына үстейді. Дейін, шейін септеуліктері зат есімдерге, сан есімдерге, есімшелерге тіркеседі. Рақымбайға шейін, күн шартылдап жай түскеннің артындағыдай құп-қу болып, есеңгіреп, қалған сияқты (Әуезов). Ірбіт, Омбы, Том, Қызылжар, Селебеге дейін барып қалған (Мүсірепов).

Қарай, таман септеуліктері зат есімдерге, есімдіктерге, үстеу сөздерге тіркесіп, мекендік, мезгілдік қатынасты білдіреді. Назыкеш ұзай берген соңғы бір көшке қарай шауып кетті. (Мүсірепов). Ұзақ Ақбейіттегі жиыннан қайтып Таңбалы тастағы өз ауылына таман келгенде...(Әуезов).

Салым, тарта, жауық, таяу септеуліктері зат есімдер мен сан есімдерге тіркесіп, мезгілдік қатынас білдіреді. Мың жарым екі мыңға тарта жылқысы бар (Әуезов). Ушаковтың отызға тарта қазақ зерттеушілері бар (Мүсірепов).

Шығыс септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер

Шығыс септігіндегі сөзбен тіркесетін септеуліктер зат есім, есімдікпен, өткен шақ есімшемен тіркесіп, оларға мезгілдік, мекендік мағына үстейді. Гөрі септеулігі зат есім, есімдікпен заттанған сөздермен –ған\-ген тұлғалы өткен шақ есімшемен тіркесіп, талғау, таңдау мағынасында қолданылады. Жас жігіт бұдан гөрі де қаталырақ кетуге Игіліктен бата алмады (Мүсірепов).

Бері септеулігі зат есім, есімдік, есімшемен тіркесіп, мезгілдің басталу шағын, шегін білдіреді. «Көктеректің» бауырында көп жылдардан бері өмір сүрген жансыз ауыл бірден өзгеріп, қайнап сала берді (Майлин). Оның да кешеден бергі ел сөйлеген сөзге құлағын салып, өз ішінде қорытып келгендей байлауы осылай сияқты еді (Әуезов). Бері шылауы сабақтас құрмалас сөйлемнің баяндауышының құрамында келіп мезгілдік қатынасты білдіреді. Мына хабар шыққаннан бері, өзінен шоши бастады (Майлин). Кейін, соң септеуліктері зат есім, есімдіктерге, қимыл атауы мен есімшеге тіркесіп, оқиғаның соңынан болатын мекендік, мезгілдік мағынаны білдіру үшін қолданылады. Әбден орнығып отырғаннан кейін ғана Зылиха сөз бастаған (Оразалин). Тағы біраздан соң, есіне Жабайдың түйіп қалғаны түсті(Мүсірепов). Кейін, соң шылаулары құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарында келіп, мезгілдік мағынаны білдіреді. Болыстардың көпшілігі жиылған соң, сыздаған жүзді, құбыжық мұртты Ақжелке сөз бастады (Әуезов). Рязанов кеткеннен кейін Ушаков пен Бернер мыс қорытылып жатқан жаққа кетті (Мүсірепов). Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз (Абай).

Бұрын септеулігі шығыс септігінде тұрған сөздермен тіркесіп, оқиғаның алдын ала болуын білдіру үшін қолданылады. Бұрын осы көлдің басында үй саны онға толмайтын еді (Майлин).

Кейін ,соң, бұрын септеуліктері де атрибуттық мағынада қолданылатын –ғы\-гі формалы жұрнақтарды қабылдап, морфологиялық өзгерістерге ұшырайды. Ендігі бұдан соңғы бір кезең ұлықтың айтқанына көнбедік (Әуезов).

Бетер септеулігі іс – әрекеттің болып кеткен амалдан анағұрлым күшті болғанын білдіру үшін жұмсалады. Жел одан бетер соққан сайын, айнала шаңғытып ешнәрсе көрінбей кетті (Мұқанов).

Көмектес септікті сөзбен тіркесетін септеуліктер

Көмектес септігіне тіркесетін қатар, бірге септеуліктері іс – әрекеттің, негізінен, бірнеше субъектінің бірігіп жасағанын білдіру үшін қолданылады. 1936 жылы Қиыр Шығысқа менімен бірге бір қазақ жігіті барды (Момышұлы). Көкшіл көздері балқыған мыспен бірге балқып бара жатқандай (Әуезов).

Демеуліктер

Демеуліктер - өз шылауында тұрған сөздерге әртүрлі грамматикалық мағына, реңк үстейтін сөздер. Олар модальдық – экспрессивті сипаты зор, семантикалық мүмкіндігі мол сөздер. Апа сіздің де бір жас иісті сүйетін кезіңіз болды – ау (Мұқанов.). Дүниеде жаман да көп те, қызық та, ермек те көпте, бастапқыда кім шыдайды, соңғыға кім азбайды (Абай). Демеуліктердің білдіретін мағыналары сан алуан. Олар өзі қатысты сөздерге я сөйлемге сұраулық, шектік, нақтылық, күшейту, тежеу, болжалдық, күмән сияқты грамматикалық мағыналар үстейді. Демеуліктер негізгі сөзге үстейтін мағыналарына қарай бірнеше топқа бөлінеді:

1.Сұраулық демеуліктер:ма, ме, ба, бе, па, пе, ше 2.Күшейтпелі демеуліктер: -ақ, -ай, -ау, -әсіресе, -да -де, -та, -те 3.Шектеу (тежеу) демеуліктері: ғана (қана), тек, -ақ 4.Болжалдық демеуліктер: -мыс, -міс, -ау

5. Болымсыздық, қарсы мәнді, салыстыру мағынасындағы демеуліктер: түгіл, тұрсын, тұрмақ, құрылым

6.Нақтылау мәнді демеуліктер: қой\ғой, -ды\-ді, ты-\ті

7. Қомсыну мәнді демеуліктер: екен.

Сұраулық демеуліктер

Сұраулық демеуліктер көбіне баяндауыш құрамында келіп, сұраулық мағына береді. А) ма-ме, ба-бе, -па-пе; демеуліктері есім сөздерге, үстеуге, етістіктерге тіркесіп қолданылып, баяндауыш қызметіндегі сөз құрамында болады. Ардақты атың шыққан қан майданда, Атамас атағыңды таңдай бар ма? (Жамбыл). -ған ба еді, -ған бе екен, а ма екен, - ып па еді тұлғалы етістіктермен бірге жұмсалғанда, сұраулық демеулігі негізгі сөз бен көмекші сөз ортасында қолданылады. Бір сорды бір сорға қосқанда ырыс туа ма екен? (Мүсірепов). Сұраулық демеуліктер ма-ме, ба-бе, -па-пе баяндауыш қызметінде жұмсалған ІІ жақ жіктік жалғауымен қатар келгенде, түбір мен жалғаудың арасына кірігіп кетіп, мы\мі, бы\бі, пы\пі болып өзгеріп кетеді. Әуелі өзің қаруын қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? (Абай).

Баяндауыш қызметінде жұмсалған болжалды келер шақ есімшеге тіркесіп лепті сөйлем құрамында кездеседі. Бүгінгі күні қазақ халқы қандай тұрмыста тұратынын, қалай еңбек ететінін көрер ме еді солар? (Мүсірепов).

Де көмекші етістігі арқылы жасалған күрделі етістік құрамында келіп, -ма,- ме сұраулық демеуліктері болжалдық мағына үстейді: келе ме деймін?

Болар ма екен деп (дәмеленіп еді) Ше сұраулық демеулігі есім сөздермен, үстеумен, етістікпен тіркесіп келіп сұраулық мән береді. – Бозбалалар неге өлең айтпайды? – Қыздар ше? (Майлин). – Билер ше? Бидің бәрі жемтік емес пе? (Әуезов).

Күшейткіш демеуліктер

Күшейткіш демеуліктердің қатарына – ақ, -ау, -ай, әсіресе, да/де, та/те шылаулары жатады. Күшейткіш демеуліктері сөйлемге, айтылған ойға күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Өлеңге әркімнің –ақ бар таласы (Абай).Жарасбай әсіресе, мол шығынмен, әупіріммен орнында қалды (Әуезов).

-ақ демеулігі – тілде жиі қолданылатын шылаулардың бірі. Бұл шылау өзіне қатысты, яғни есім сөздерге, үстеу сөздерге тіркесіп, олардың мағынасын күшейту немесе ой екпінін түсіру үшін жұмсалады. Күшті –ақ екен, жарықтық! (Жароков). Сүйемін туған тілді, анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім (Торайғыров).

-ай демеулігі адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіру үшін қолданылады, көбіне аяу, таңырқау мәнінде қолданылады. –ай демеулігі зат есім мен сын есімдерге тіркесіп, оқшау сөз ретінде қызмет атқарады. Сары алтын, сопы меруерт, қарағым-ай (Ақан Сері).Таласпа, жаным-ай, қолыңнан келмеске (Абай). Жамандар өтірікші өсегі көп, Ел-жұрттың іріткі салар арасында-ай! (Сүйінбай).

-ау демеулігі есім сөздермен, етістік, одағай сөздермен тіркесіп, қуану, ренжу, күйіну мағыналарын үстейді. Қалай апарамыз, қарағым-ау, біздің қолымыздан не келеді (Мүсірепов). Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар?! (Абай).

Әсіресе демеулігі сөйлемге күшейткіш мағына үстейді. Әсіресе қолқабыс ететін адамдарыңызға риза болдым (Мүсірепов). Әсіресе өзінің атын ататтырғысы келмейтін сияқты (Сонда).

да/де, та/те демеуліктері өзі тіркескен сөздерге күшейту мәнін қосу үшін қолданылады. Бағың өскенше, тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің... (Абай). Арманын да, азабын да, қуаныш, қайғысын да әнге сыйдыра білген, айналайын елім-ай (Мақатаев). Жылататын да, жұбататын да – сөз (Момышұлы).

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. А.Ысқақов:«Қазіргі қазақ тілі». –Алматы 1991 жыл.

2. Ы.Маманов:«Қазіргі қазақ тілі». –Алматы 1966 жыл

3. Қазақ тілі грамматикасы. –Алматы 1967 жыл.1 том.

4. Қазақ грамматикасы. –Астана.2002.