- •Дәріс жоспары:
- •Өндіріс теориясы және факторлары. Өндірістік функция.
- •Кесте 4.1 Өндіріс факторларының үйлесімділіктері (өндіріс кестесі)
- •Изокванта. Изокванталар картасы.
- •Сурет 4.1 Изокванта (тең көлемді өнімдер қисығы)
- •Сурет 4.3 Алмастырудың технологиялық шекті нормасы
- •Айнымалы өндіріс факторының жиынтық, орташа және шекті өнімдері.
5 тақырып. Өндіріс теориясы
Дәріс жоспары:
Өндіріс теориясы және факторлары. Өндірістік функция.
Изокванта. Изокванталар картасы.
Айнымалы өндіріс факторының жиынтық, орташа және шекті өнімдері.
Мақсаты: нарықтағы өндірушілердің мінез-құлқын және іс-әрекеттерін талдай отырып осылардың өндіретін өнімдерінің тиімді көлемін анықтау және ұсыныс тарапынан болатын өндірушілердің қабылдайтын шешімдерін зерттеу арқылы микроэкономикалық талдауды әріқарай жалғастыру.
Өндіріс теориясы және факторлары. Өндірістік функция.
Өндіріс дегеніміз тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті өндірістік ресурстарды тиімді пайдалану үрдісі айтамыз. Өндірісті жүзеге асыру үшін әртүрлі ресурстар қолданылады. Сол ресурстар өндірістік үрдіске тартыла отырып өндіріс факторлары формасына ие болады.
Өндіріс факторлары:
1) еңбек өндіріске тартылатын жұмыс күшінің жиынтығы ретінде;
2) капитал өндіріс құрал-жабдықтарының жиынтық формасы ретінде;
3) жер табиғи ресурстардың жиынтығы ретінде;
4) кәсіпкерлік қабілет өндірісті ұйымдастыру және оған бақылау жасау бойынша әрекет ретінде қарастырылады. Енді, осы өндірістен пайда болған нәтижелер материалдық (тауарлар) және материалдық емес (қызметтер) формаға ие болады.
Өндірістік функция – өндірілетін өнімнің максималды көлемі мен берілген технология деңгейіндегі өндіріс факторларының физикалық көлемі арасындағы тәуелділікті сипаттайтын функционалдық өзара байланыс. Өндіріс көлемі қолданылатын ресурстардың көлеміне байланысты болғандықтан, олардың өзара тәуелділігін мына функционалдық байланыста жазуға болады:
Q = f (L, K, N, M),
мұндағы Q – берілген өндіріс факторларымен өндірілген өнімнің максималды көлемі; L – еңбек; K – капитал; N – жер; M – басқа да ресурстар; f – функция.
Берілген технология бойынша өндірістік функцияның бірқатар қасиеттері болады:
белгілі бір өнім көлемін шығару үшін қолданылатын факторларды бір бірімен алмастыруға және толықтыруға болады, бірақ алмастыру мен толықтырудың шегі болады;
өндірісте қолданатын белгілі бір факторлар тұрақты болса, онда басқа бір фактордың көлемін өзгерту арқылы өнім көлемін арттырудың шегін анықтауға болады;
әрбір өндірістік функция белгілі бір технологиялық өзара тәуелділікті сипаттайды, ал технологиядағы өзгерістер өндірістік функцияның да формасын өзгертеді;
өндірістік функция бір өнім көлемін алу үшін өндіріс факторларын қолданудың тиімді балама нұсқаларын сипаттайды;
өндірістік функция факторлардың әрбір берілген үйлесімінде өнімнің максималды көлемін шығаруды сипаттайды;
өндірістік функция өндіріс факторларының тек технологиялық жағынан тиімді үйлесімділіктерін ғана сипаттайды.
Өндірістік функцияны өндірістік кесте арқылы сипаттауға болады.
Өндірістік кесте дегеніміз – факторлардың әрбір үйлесімінде жүзеге асырылуы мүмкін өндірілетін өнімнің барынша үлкен көлемін анықтау үшін өндірістік функцияны сипаттайтын өндірістік тор. Кестеде капитал мен еңбек шығындарының (сағатпен есептелген) альтернативті үйлесімділіктері мен олардың көмегімен өндірілетін өнім көлемі көрсетіледі (кесте 4.1). Кестенің шетінде сағатпен өлшенетін машина мен еңбек шығындары, ал оның ішінде сол шығындардың көмегімен өндіруге болатын өнім көлемі көрсетілген.
