«Шығармашылық» білім беру саласы
Мақсаты: Қазақстанның және өзге де елдердің қылқалам шеберлерінің өнер туындысына сезіммен қарайтын бейнелеу өнері саласының қарапайым дағдыларын меңгеруге қабілетті мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын дамыту.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны:
а) ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
- мүсіндеу;
- жапсыру;
- сурет салу;
- музыка арқылы
ә) балалардың өмірлік іс-әрекеттері мен тәрбиесін ұйымдастыру:
- дербес шығармашылық: бейнелеу, музыкалық, театрландырылған іс-әрекеті;
- тәрбиешімен бірлескен шығармашылық;
- ән-күймен және қылқалам шеберлерінің өнер туындыларымен таныстыру;
- саяхаттар, зерттеулер, балалар шығармашылығының көрмесін ұйымдастыру арқылы жүзеге асады.
Мүсіндеу
Мақсаты: балалардың мүсіндеуге деген қызығушылықтарын тәрбиелеп, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Мүсіндеуде техникалық дағдылар мен іскерліктерін қалыптастыру.
2. Шығармашылық іс-әрекет процесіне, көркем шығармалары мен қазақ халқының және өзге де халықтардың шығармашылығына эмоционалдық қарым-қатынастарын білдіруге тәрбиелеу.
Мазмұны:
Сазбалшықтың қасиеттерімен таныстыруды жалғастыру: сазбалшық жұмсақ, бөліп алуға, илеп мүсіндер жасауға болады.
Сазбалшық, қамыр, ермексаз кесектерінен үзу, жұлу, жаншу, созу тәсілдерін қолдана отырып мүсіндеуге үйрету.
Кесекті алақан арасында және жазықтықта түзу және домалақтау арқылы илеу іскерліктерін жетілдіру.
Бөліктері бірнеше заттарды мүсіндеу, дұрыс орналастыру, қатынастарын сақтау, бір-бірімен біріктіру тәсілдерін көрсету.
Кейбір заттарды: көкөністер мен жемістерді, азық-түліктер (бауырсақтар, печеньелер, кәмпиттер, шұжықтар), ыдыс-аяқтар (кесе, шыны аяқтар, табақтар, тәрелкелер), ойыншықтар (доп, көжек), жануарлар (кірпі, тышқан, мысық), ертегі кейіпкерлері («Бауырсақ», «Мысықтар ойнайды») бейнелеуге үйрету.
Жануарларды мүсіндеудің қарапайым тәсілдерін көрсету.
Жеке жұмыстарды ұжымдық композицияға біріктіруге үйрету.
Жыл соңында мүсіндеу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- илеу, қосу, үзу, форманың иектерін саусақтарының ұштарымен созу тәсілдерін қолдана отырып, 1-3 бөліктен тұратын, бірдей немесе әртүрлі формадағы заттарды мүсіндей білуі тиіс.
Жапсыру
Мақсаты: қолжетімді мәнерлілік құралдарымен қарапайым бейнелер мен сюжеттерді құрастыру біліктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Үлгіге сүйене отырып, дайын пішіндерден бейнелерді құрастыра білуге үйрету.
2. Жапсыру техникасы дағдылары мен біліктерін дамыту.
Мазмұны:
Балаларды көкөністер мен жемістерді, азық-түліктерді, ыдыс-аяқтарды, ойыншықтар мен жануарларды бейнелеуге үйрету.
Ересектер әзірлеген ірі және едәуір ұсақ элементтерді орналастырып (алдымен қағаз бетіне құрастырып, содан соң оларды желімдеу) желімдеуге көмектесу.
Заттар мен ою-өрнектердің пішінін, түсі мен көлемін ескеріп, геометриялық пішіндерден өрнектер құрастыруда жазықтықта орналастыру заңдылықтарын (элементтердің бірізділігі мен арақашықтығын сақтау) көрсету.
Әртүрлі пішіндегі қағазға қазақтың «Қойдың ізі», «Құс тұмсық», «Құс қанаты» ою-өрнектеріндегі кейбір элементтерді орналастыра білуге үйрету.
Қылқаламға желімді ұқыпты жағу, клеенканың үстіндегі дайын пішіндерге жағу және желімнің қалдықтарын сүрту үшін сулықпен қолдана білуін дамыту.
Қағаздың ерекшеліктерін нақтылау: жыртылады, бүктеледі, умаждалады.
Жыл соңында жапсыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- қағаз бетіне дайын пішіндерден заттардың бейнесін құрастыруды және оларды жапсыруды;
- желіммен қолдануды білуі тиіс.
Сурет салу
Мақсаты: сурет салудың түрлі бейнелеу іскерліктері мен дағдылары арқылы мектепке дейінгі кіші жастағы балаларда эстетикалық талғамдарын тәрбиелеу.
Міндеттері:
1. Ұлттық ойыншықтармен және сәндік қолданбалы өнер туындыларымен, заттар мен өнер туындыларының эстетикалық сипаттарымен таныстыру.
2. Пішінін, түсі мен бөліктердің орналасуын жеткізе отырып қарапайым заттарды, қоршаған болмыстағы құбылыстар мен ертегі кейіпкерлерін бейнелеу тәсілдерін үйрету.
Мазмұны:
Қоршаған ортаның, қазақтың және басқа да халықтардың өнер туындыларының, тұрмыстық заттары мен ұлттық ойыншықтардың әсемдігіне эмоционалдық пікірін дамыту.
Түрлі бағыттарда түзу сызықтар (ленталар, жолдар) жүргізу және оларды қиыстыру (шарбақтар мен сатылар) іскерліктерін дамыту.
Балаларды ертегі кейіпкерлерін, қарапайым табиғат құбылыстарын, жануарларды, ойыншықтарды, ыдыс-аяқтарды, кейбір азық-түлік өнімдерді, көкөністер мен жемістерді бейнелеуге тұжырымдау.
Дөңгелек пішінді заттарды (ауа шарлары, аспанда қалқып жүрген бұлттар) салуға үйрету.
Төртбұрыш пішінді заттарды (орамалдар, дастарқан, кілем, текемет, сырмақ, жалаушалар, сулықтар) бейнелеуге үйрету, оларды дөңгелек пішіндермен (арба, вагон, машина) үйлестіру.
Жануарлардың бейнесін салудың қарапайым түрлерін (екі-үш бөлім) көрсету.
Техникалық дағдылары мен біліктерін дамыту (қарындашпен, бояумен бір бағытта бояу). Заттар мен құбылыстардың бейнелерін беру барысында түрлі бағыттағы қол буыны қимылдарын дамыту.
Қазақ ою-өрнектерінің элементтерін салуға үйрету: «Қойдың ізі», «Құс тұмсық», «Құс қанаты» және дымковтық әшекейлеулер «Нүктелер», «Жапырақтар», «Қиылысатын жолақшалар».
Кез-келген ою-өрнекті пішіндерін, элементтерінің бірізділігін, олардың арақашықтығын ескеріп, кеңістікте орналастырудың заңдылығын көрсету.
Балаларды дәстүрден тыс сурет салу үлгілеріне үйрету (саусақпен, алақанмен, мөртаңбалармен, таяқшамен, сорғышпен және т.б.).
Балаларды қарындаш пен қылқаламды дұрыс ұстауға, бояумен (гуашьпен) ұқыпты қолдануға үйрету, негізгі түстермен және олардың реңктерімен таныстыруды жалғастыру.
Жыл соңында сурет салу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- негізгі түстерді: (қызыл, сары, жасыл, көк, қара, ақ) танып білуді;
- қарындашпен, қылқаламмен, бояумен жұмыс істеуді;
- түзу, доғал, көлбеу, ұзын, қысқа, қиылысатын жолақшаларды қолдана отырып қарапайым заттар мен құбылыстарды бейнелей білуі тиіс.
«ӘЛЕУМЕТТІК ОРТА» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: қарапайым әдептілік ережелерінің негізінде қоршаған ортамен қарым-қатынас пен өзара әрекетке қатысуға дайын мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру.
«Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны:
а) ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті:
- қоршаған ортамен таныстыру;
- экология негіздері;
- көркем әдебиет арқылы
б) балалардың өмірін ұйымдастыру және тәрбиелеу:
- ойын іс-әрекеті;
- қарым-қатынас және өзара әрекет үлгілері;
- шамасы жететін көмек көрсету;
- еңбек тапсырмалары;
- негізгі мейрам күндерін мерекелеуге қатыстыру;
- әлемді, адам сезімдерін, мінез-құлық нормаларын және ережелерін ашатын арнайы ойындар және жаттығулар арқылы жүзеге асады.
