Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 2.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.96 Mб
Скачать

22). «Егерде төңкеріс бола қалған жағдайда, онда біздің ұйымның дәргейімен жалпыға ортақ әскери міндетті енгізу керек»,– деген ұсыныс жасалды».

З.Валидов: «Бұл кездері Балқаш көлінің маңындағы Бетбақдалада кезінде Бұқарада бірге болған Діншенің ұйымдастыруымен 30-40 адам әскери жаттығуларды үйреніп жатыр еді. Олар Самарқандағы бізге және Әнуар пашаға көмектесу үшін, ал сырт көзге ат сатуға келген кісі боп Ташкентке жетті. Бәрі де ұлы даланың жалынды жастары екен. Ақын әрі театр әртісі Діншенің өзі де келіп, бұған қоса тағы да ержүрек жастар жіберетінін айтты»,деп (444-бет) еске алады.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «23). Біз Кеңес үкіметін жақтырмаймыз және оның жазалау саясатынан үрейленеміз.

Сұрақ-жауаптың мазмұны дұрыс жазылған, сол үшін қолымды қойдым… (Халел Досмұхамедов)».

Азамат және «Алашорда» көсемі ретіндегі қайраткерлік өмірбаяны мен көзқарасының барлығы да осы көрсетіндіде қамтылған.

Тергеу барысындағы бетбұрыс бір жылдан кейін ғана басталғаны байқалады. Ендігі қойылатын жауаптар кейбір жайларды анықтауға және жеке адамдарға қатысты берілген. Оның барлығын қамту мүмкіндігі бізде шектеулі болды және қажеті де жоқ сияқты көрінді. Сонда да М.Тынышбаевтің алаш жасағындағы серігі, З.Валидовтің Ташкенттегі құпия кездесулеріне жауапты болған, 1931 жылдың 8-тамызында ұсталған Алдаберген Үмбетбаев туралы көрсетіндісін келтіруді орынды санадық. Өйткені бұл азаматқа қатысты деректер өте қат.

«1931 жылы 10 қыркүйек күні айыпкер Халел Досмұхамедовтен алынған қосымша тергеудің хаттамасы.

Берілген сұраққа қайтаратын жауабым төмендегідей: Үмбетбаев Алдабергенді 22-жылдан білемін. Онымен Ташкент қаласында таныстым. Қазақ тілінен дәріс беретін маман ретінде әңгімелестік. Бөкейханов оған қандай мақсатпен, қандай тапсырма бергенін мен білмеймін. Үмбетбаевтің ұйымға ешқандай қатысы жоқ. Ал Заки Валидовті кім ертіп келгені есімде емес. Ермековпен арадағы араздығымыз 29-жылы орын алды. Ордабаевтің айтуынша, мені семейлік топ ГПУ-дің тыңшысы деп санайды екен. Бұл өсек Сәрсенов Дәлелден тарады. Мұны маған Селебаев пен Ордабаевтың біреуі жеткізді. Сондықтан да мен өзімнің ренішімді Ермековке білдірдім. Ол: «Сендердің Ташкентте жасырын ұйымдарың бар екен, сол туралы айт. Ал сені ГПУ-дің тыңшысы деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын», деді. Мен: «Бізде ұйым болды, бірақ оны ұмыту керек, сондықтан да ол туралы саған ештеңеде айтпаймын», дедім».

Үмбетбаевтің түсінігі: «1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтің өзі де растайтын шығар.

Тынышбаевтің жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамедовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды, дедім».

Бұл жауабында, көріп отырғаныңыздай, Х.Досмұхамедов Алдаберген Үмбетбаевтің еш «қылмысын» білмейтін болып шығады. Шындығына келсек, өздері жолығуға ынталы болған Заки Валидовке жіберген сыпайыны жақсы білгені анық.

Халел Досмұхамедов айып тағып отырған Дәлел (Далил) Шегелекұлы Сәрсеновтің өз аты Алаш тарихында алтын әріппен жазылмаса да, туған ағасы Биахмет Сәрсеновтің есімі мәңгілік ұмытылмайтын тұлғаның бірі. Кей тұста ағасының қайраткерлігі туған бауырының ел үшін істеген елеулі еңбектерін тасада қалдырған сияқты әсер қалдырады. Әйтпесе, Дәлел Сәрсенов «Алашорда» үкіметінің ең қыспақты тұсында үш жақты құрсауда қалған Алаш автономиясы мен Башқұртстан республикасының арасын жалғастырған жүректі азамат. Жүсіпбек Аймауытовпен, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен қатар Семейдің ерлер гимназиясын 1918 жылы бітірген. 1919-1922 жылы Том университетінің заң факультетінде оқыған. Аталған азаматтардың жүрегін шымырлатқан, әр қайсысы да дәмелі болған Том университетінің медицина факультетінің студенті Ғайнижамал Кутумоваға үйленіп, 1923 жылы Ташкентке ауысады. Мұнда Орта Азия университетін тәмамдап, 1925 жылы 20 мамыр күні Қазақ ағарту институтының директорлығына тағайындалады. Содан кейін Қапыланбектегі мал шаруашылығын зерттеу институтының директоры қызметін атқарады. 1932 жылы жұқпалы індетке ұшыраған ауруларды егу кезінде өзіне де жұқтырып, оқыстан қайтыс болады. Ал жесірі Ғайнижамал Кутумова 1938 жылы Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасарлығына тағайындалып, 1947 жылы докторлық диссертациясын қорғар алдында жүрек талмасынан дүниеден өтеді. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің жүрегінен ерекше орын алған Ғайнижамалға жазған олардың ғашықтық дастанға бергісіз 200-ге жуық хаттарымен біз 1997 жылы қарзан – қараша айларында Ташкенттегі күйеу баласы, профессор С.Қарабаевтің үйінде танысып едік. Түрме азабынан тосын ажал құтқарған Дәлел Сәрсеновтің алаш қайраткерлерімен байланысын үзбегенін Х.Досмұхамедовтің көрсетіндісі дәлелдейді. 1926 жылы 13 көкектегі институттың ғылыми кеңесіне төрағалық еткен директор Дәлел Сәрсенов:

«Оқытушы Досмұхамедов жолдас Қазақ педагогикалық институты үшін аса бағалы маман болғандықтан да, Оқу ағарту халық комиссариатынан оны Қызылорда қаласына шақыртқан ұсыныстан бас тартып, институтта қалдыруды өтінеді»,– деп шешім шығарды.

Бұдан директор Д.Сәрсеновтің оқытушы Х.Досмұхамедовтің қадірін білгендігі танылады. Ал олардың арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынасты елдік күрестің садағасына лайық мінезге жатқызамыз. Бұл отаудың тағдыры барынша инауатты тұрғыдан зерттеуді қажет ететін тақырып. Біз әдептіліктен аспаған бұл эпистолярлық мұраларды сондай бір әдепсіздікпен иеленгісі келген әлдеқалай классик біреудің бетін парасатты оқымысты Серік Қарабаев әдеппен қайыра біліпті.

Оған да тәубә. Кейде ақиқаттың да ар ұялар іске бастайтыны бар.

Бұл – шындық, бірақ үлгісіз шындық.

Тергеушілердің ендігі нысанаға алған адамы «Алаштың» жас жолбарысы Әлімхан Ермеков екені осы хаттамадағы қойылған сұрақтан-ақ аңғарылады. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтен Ә.Ермеков жөнінде жарыстыра «сыр» суыртпақтайды. Мұның алдында М.Тынышбаев: Халел Досмұхамедов пен Әлімхан Ермеков бір-бірімен араз. Сондықтан да олардың арасында ұйымдық байланыс болуы мүмкін емес,– деген мазмұнда жауап берген болатын. Әрине, бұл қалайда Ә.Ермековтің атын хаттамаға түсірудің амалы. Әйтпесе, екі адамның арасындағы қарым-қатынасты реттеу төтенше комитеттің міндеті болмаса керек-ті. Сөйтіп, М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті екеуара беттестіреді.

«Айыпталушы Тынышбаев пен Досмұхамедовтің беттесуінің хаттамасы:

Тынышбаевқа сұрақ: Досмұхамедов пен Ермековтің араздығына не себеп болды?

Жауап: 28-29 жылдары біздің достарымыз Дулатов, Байтұрсынов және басқалар тұтқындалғанда Досмұхамедов: «Бұған Орынбордағы контрреволюциялық ұйым мен «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесі кінәлі», деді, ал Ермеков: «Бұған Ташкент тобы кінәлі», деп есептеді. Екеуінің бас араздығы осыдан барып туындады.

Досұхамедовке сұрақ: Бұл туралы сіз не айтасыз?

Жауап: Ермековпен екі арадағы түсініспеушілік 29-жылы ол ауырып жатқан кезде туды. Әрі таныс, әрі дәрігер ретінде оның көңілін сұрай бардым: «Мені семейліктер ГПУ-дің тыңшысы деп өсек таратыпты. Оны таратқан Сәрсенов. Семейліктер мені аңдуын неге тоқтатпайды?», дедім сабырлы қалыппен. Ермеков: Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын және мұның арандату екенін, семейліктердің мені аңдымайтынын, оған Байтұрсыновтың да, ташкенттік топтың да жазығы жоқтығын айтты, содан кейін өзіне беймағлұм ташкенттік топ туралы баяндап беруімді өтінді. Мен оған: «Ташкенттік топ туралы саған ештеңе де айтпаймын, оны еске алудың қажеті жоқ, ұмыту керек», дедім. Бұл 29-жылдың желтоқсан айы болса керек. Ермеков: «Маған сенімсіздік көрсеттің»,деп ренжіді. Ермековтің төсек тартып ауырып жатқанын ескеріп, тынышсыздандырмау үшін дауысымды бәсеңсітіп, оны жұбата сөйлеп, бұл тақырыпты енді қозғамайық деп келістік. Арада аз уақыт өткен соң Ермековпен арадағы болған бұл жайды Тынышбаевқа айттым. Әңгіме барысында екеуміз де: «Бұған пәлендей мән берудің қажеті шамалы, ол мәселе өзінің маңызын жойды», дегенге тоқтадық. Мен туралы өсек таратқандары жаныма батқандығын айттым. Тынышбаев мені тыныштыққа шақырды. Сонымен әңгіме аяқталды (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевқа сұрақ: Бұл араздықтың негізгі себебін сіз қалай түсіндіресіз?

Жауап: Екеуінің қасында тұрмағандықтан да, Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы айтыстың неден туындағанын мен нақты білмеймін. Соған дейін де және одан кейін де Байтұрсыновтардың тұтқындалғанына Досмұхамедов орынборлықтарды, ал Ермеков пен семейліктер ташкенттіктерді кінәлі санады. Мен екеуін де сабырға шақырдым. Бұдан кейінгі Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқанын мен білмеймін. Досмұхамедовті ГПУ-дің тыңшысы десіп жүрді жұрт. Бірақ екеуінің ауызынан мұндай сөзді естігемін жоқ (Тынышбаевтің қолы).

Досмұхамедовтің Тынышбаевқа сұрағы: Мені мен Ермековтің арасындағы кикілжің қай уақытта болды деп есептейсің?

Жауап: Оны Ермеков қана нақты көрсете алады. Менің ойымша 1929 жылдың басында, қаңтар не ақпан айында өткен шығар деп ойлаймын.

Досмұхамедовтің түсініктемесі: Тынышбаев айтыстың өткен уақытын және мен туралы өсектің тараған кезін дәл айта алмай отыр. Екі арадағы сөз қағыстыру 29-жылдың желтоқсан айында өтті, өйткені осыдан кейін Ермеков операция жасатуға кетті де, 1930-жылдың қаңтар айында, мен Москваға емделуге жүрердің алдында қайтып келді. Мен Москвадан 30-жылдың сәуір айының басында қайттым. Тынышбаевті мен қаңтар, ақпан айларында емес, маусымның соңында бір-ақ рет көргенім есімде. Содан кейін көріп отырғаным осы. Мәскеуден оралғаннан кейін тұтқындалғандар туралы әңгімелескен емеспін. Өйткені Байтұрсынов 29-жылдың мамыр айында тұтқындалды. Демек одан ерте бұл тақырыпта сөз болуы мүмкін емес. Тынышбаев уақытын шатастырып отыр. Ермековпен 29-жылдың тамыз, қыркүйек айында кездестік. Байтұрсыновтың тұтқындалуының себептері жөніндегі болжамдарымызды айттық. Мен: «Дулатов, Байтұрсынов және басқа да адамдар ұйымдастырған орынборлық топты ГПУ әшкерелепті», дедім. Ермеков: Ташкентте болған кезінде тұтқындалғандардың тізімін көргендігін айтты. Ал Байтұрсынов 24-жылы ғана Ташкентте болған еді. Орынборда да ешқандай құпия ұйым болған емес. Айналып келгенде, Байтұрсыновты университеттің ашылған кезінде сөйлеген сөзі үшін жауапқа тартқан шығар дестік. Тынышбаев осыны жаңылыстырып отыр (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің сөзі: Досмұхамедов пен Ермековтің арасында болған жайдың мерзімі жөнінде жаңылысып айтқанымды, оның Байтұрсыновты тұтқындаудан бұрын өткенін ескерте кетемін. Оқиға жыл аяғында өткен. Әйтеуір қыс кезінде өткені есімде қалыпты (Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолы қойылған).

Досмұхамедов пен Тынышбаевқа сұрақ: Орынбор мен Ташкентте астыртын ұйымның болғандығын Ермеков білді ме?

Досмұхамедовтің жауабы: Ташкенттегі ұйым туралы Ермеков соңғы уақытта, Қызылордадан Ташкентке ауысқан кезінде ғана, шамамен 25-26 жылдары ғана білген сияқты. Ұзынқұлақтан естіп, білді ме, одан хабарсызбын, менен ол туралы айтып беруді сұрағанда, қашан естігені туралы айтқан жоқ. Орынбордағы ұйым туралы білді ме, жоқ па, ол жөнінде ештеңе дей алмаймын. Менімен сөйлескен кезде ол: «Орынборда ешқандай ұйым жоқ», деп сендіріп отыратын (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің жауабы: 29-жылы мен Ташкентте Ермековпен әңгімелескен емеспін (Қолы). 14 қыркүйек 31 жыл».

Бұл беттесуден тергеушілердің қандай қорытынды шығарғаны түсінікті. Ә.Ермеков 6-қазан күні тұтқындалды. Ал Ә.Ермеков пен Х.Досмұхамедовтің арасындағы өкпе қай күні, қандай жағдайда өтті, мұның жекебасылық қана мәні бар еді. Тергеушілердің Ә.Ермековтің астыртын ұйымның мүшесі болғаны қақында мәлімет ала алмағаны беттесудің барысында анық көрінеді. Екі дегдар өзара амандасып, дидар көрісіп, алдағы жауаптардың мазмұнын ішкі түйсік арқылы емеуірінмен білдірісіп алған сияқты. Өйткені бұдан кейінгі екеуінің жауаптары бір жерден шығады. Ендігі беттесудің кезегі 1930 жылдың 31 қазаны күні тұтқындалған Жаһанша Досмұхамедовке келді.

Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтен кейін «Алашорданың» батыс бөлімшесінің тең төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің жауапқа тартылуы өзінен-өзі түсінікті. Ол кісі Москва қаласында тұратын болғандықтан да алдыңғы екеуінен екі ай кешігіп барып, 1930 жылы 31-қазан күні ұсталған. Өзі астыртын ұйымда ысылған заңгер болғандықтан да оның жауаптары барынша нақты әрі дәлелді. Сондықтан да оған қосымша айғақ пен дәлел келтіріп жатудың өзі артық сияқты.

1930 жылы 7 желтоқсан күні ПП ОГПУ-дің ҚАССР-дегі ерекше бөлімінің бастығы Поповтың тергеуіне орай толтырылған І томның 429-бетіндегі анкетада:

«Алматы. 1930 жылғы 7-желтоқсан. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов айыпталушы Досмұхамедовтен сұрақ алғанда, мыналар анықталды: Жаһанша Досмұхамедов 43 жаста, тұратын жері – Москва қаласы, Шабловский пер., 11-үй, 25-пәтер. Туған жері – Орал округі Жымпиты ауданы, партияда жоқ. Ақпан төңкерісіне дейін сот мекемелерінде қызмет еткен. Қазан төңкерісіне дейін әр түрлі қоғамдар мен мекемелерде істеді. Қазір Москвадағы «Скотовод» басқармасында қызмет етеді. Білімі – жоғары, Москва университетін бітірген. Үйленген. Күн көрісі – қызмет табысына байланысты. Әке-шешесі жоқ, диқан болған»,– деген өмірбаяндық қысқаша анықтама бар.

Ол өткендегі қызметін түгел баяндап жатуды артық санаған сияқты. Халел Досмұхамедов туралы анықтамалар мен өмірбаяндық жазбаларда әр түрлі деректер келтіріліп жүргендіктен де, біз тергеу мұрағаттарына негізделген деректерге сүйеніп, бір жүйеге түсірілген қысқаша ғұмырнаманы ұсынуды жөн көрдік.

Сонымен, Жаһанша Досмұхамедов – 1887 жылы 27 маусымда Орал облысы Жымпиты болысының №3 ауылында ауқатты отбасында туған. Болыстық қазақ мектебінен сауатын ашқан. 1899-1905 жылдары Орал қаласындағы реальдық әскери училищеде оқыды. Заң факультетін (1906-1910) бітірген. «Уральский листок» газетіндегі жер туралы мақаласы үшін губернатордың бұйрығымен Орал облыстық басқармасында істеуге тыйым салынған соң Орал округтік сотының көмекшісі, қылмысты істер бөлімі хатшысының көмекшісі, бітімші сот, 1912 жылы Омбы сот палатасына қарасты Барнаул, 1913 жылы Змейногорскі уездерінде бітістіруші сот, Барнаул уезінің көмекші (орынбасар) прокуроры боп қызмет істеген. 1914 жылы Том округтік сотының Каин уезі бойынша прокурордың орынбасарлығына тағайындалған. 1917 жылы Орал облысы қазақтары құрылтайының төрағасы, Бүкілресей мұсылмандарының «Шура-и ислам» комитеті төрағасының орынбасары, 1918 жылы «Ойыл уәлаяты» уақытша өкіметінің төрағасы, «Батыс Алашорда» кеңесінің әскери жетекшісі, жалпыалаштық сот төрағасы, 1920 кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң Ташкент қаласына ауысып, Түркістан Республикасы ОАК-нің қазақ бөлімінің хатшысы, халық шаруашылығы кеңесінің жанындағы жүн-жұрқа бөлімшесін басқарған. 1927-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы Қазақ ауылшаруашылығы банкісінде заң кеңесшісі, 1929-1930 жылдары Мәскеу қаласындағы «Скотовод» басқармасында заң кеңесшісі болып істеген. Әрине, анкетада оның «Алашорда» үкіметінің бағдарламасының авторларының бірі, Түркістан республикасының «Жауыздық (қылмыстық – Т.Ж.) низамы» атты Қылмыстық кодексінің авторы екені көрсетілмеген.

Жаһанша Досмұхамедовтің 1930 жылғы 5-қараша күнгі көрсетіндісі ІІІ томның 430-бетіне тіркеліпті. Онда тергеушіге:

«Мен Москвадан Ташкентке 1920-жылдың қазан айында келдім, сол жылғы да, келесі 1921-жылғы да қазақтардың бас қосқан ешқандай отырысын білмеймін.

1922 жылы көктемде кешке жақын «Ақ жол» газетінде істейтін біреу: «Бүгін кешке «арқалықтар» (солтүстіктің қазақтары) бас қосып, бір мәселе жөнінде ақылдасатынын айтты. Не туралы екенін сұрағанымда: келген соң білесің», деді. Сол күні кешке жақын менің үйіме 7-8 қазақ келді. Қазір есімде сақталғаны Халел Досмұхамедов, Дулатов және Бірімжанов, қалғандары есімде жоқ. Олар: «Қазақ қайраткерлерінің бұрынғы «Алаш» бағдарламасы ресми бекітілген жоқ, кезінде дұрыстап ойдағыдай етіп жетілдірілмеді. Бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің саяси мәселелер жөніндегі толысқан саяси тұжырымдары тиянақталуы үшін соны жетілдіру керек», десті. Мен: «Біз, алашордашылар, қазір әр түрлі саяси ұстанымда жүрміз, саясаттың кейбір мәселелері жөніндегі көзқарастарымыз сай келмейді. Бұрын бізді тек ұлттық белгіміз ғана біріктіріп келген. Қазір біз саясаттан мақұрымбыз. Сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны қайта жаңғырту бізге төтенше мекемелер тарапынан тек қана зиян әкелуі мүмкін», деп, мұндай түзетуге мүлдем қарсы болдым.

Алайда, қызу пікір таласынан кейін, саяси бет-беделімізді сақтап қалу үшін (З.Валидовтің алдында ма? – Т.Ж.) қалайда бағдарламның керектігі мақұлданып, сол арада оның жобасы жасалды. Бағдарламаны Орынборға жіберіп, ондағы бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің келісімін алу мақсатымен жобаны «Ақ жол» газетінің бір адамы алып кетті. Содан кейін мен Түркпромсоюздың және Ашаршылыққа көмек комитетінің тапсырмасымен Прежевальскіге (Қарақолға) кеттім, ол жақтан 3 айдан соң ғана Ташкентке қайтып келдім. Сол екі аралықта менің балдызым Надежда Константиновна Рысқұлов жолдасқа күйеуге шығып алыпты. Сол кезде Рысқұлов Ташкентке Түркістан Республикасының Халкомының төрағасы қызметіне ауысып келіпті. Сөйтіп, мен оның үйінде, ол менің үйімде жиі болып тұрдық. Содан бері жоғарыда аталған адамдардың не істеп, не қойғанынан, жобаны не істегенінен хабарсызбын.

Қызылордаға барғанда мен олармен аталған бағдарлама жөнінде бір ауыз сөз алысқамын жоқ, оны мүлдем ұмытып кеттім, өз ісіммен ғана айналыстым, партия мүшелері мен еуропалықтардың ортасында жүрдім. Мен бұл мәселені бірінші тергеуде айтпаған себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша жоғарыдағы іскерсінген әрекет қазақтың «Еріккен сарт енегін уқалайды»,дегенінің кері деп есептедім, екіншіден, маған өзге адамдардың аттарын атау сондай қиынға соқты. Мен бұрын да, қазір де: «Кеңес өкіметін құлата алатындай күш СССР-де бұрын да болған емес, қазір де жоқ», деп есептеймін. Сондықтан да ешқашанда кеңес өкіметіне қарсы шыққан емеспін. Қазір де, міне, 10 жылдан бері адал қызмет етіп келемін, өз мамандығымды ғана білемін.

Сіз маған: «Қазақтың әлдекімі әлде қайда Ташкенттен сырт қалаға барды ма?», деп сұрақ қойып отырсыз, ол туралы мен ештеңе білмеймін. Өз басым ондай жолдыбайшылыққа жүргемін жоқ»,– деп жауап берген.

Сот пен тергеу ісін, іс жүргізу хаттамасын білетін кәсіпқой заңгердің жауабы нақты әрі сенімді. «Алашорданың» ескі бағдарламасын естелік үшін жаңғыртып жобаға түсіру мен астыртын ұйымның арасындағы айырмашылық үлкен, оларға қолданылатын заң баптары да мүлдем басқа. Алғашқы жауап пен соңғы көрсетіндінің арасында қандай айырмашылық бар? Шамалы. Тек өзгелердің көрсетінділерінде ғана: «Ж.Досмұхамедов Ташкенттегі астыртын ұйымның бағдарламасын жасады»,– делінеді.

Жаһанша Досмұхамедов өзге көрсетінділерінде де осы бағыттан таймаған. Көрсетінділері кей тұста сөз бе сөз қайталанып отырады. Сондықтан да тергеушілер өзге айыпкерлермен беттестіруге мәжбүр болған:

«Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовтің тергеудегі беттесуі. 1931-жылдың 15-қыркүйегі.

Х. Досмұхамедовке сұрақ: 1921-22 жылдардағы Ташкентте құрылған сіздердің астыртын ұйымдарыңызға Жаһанша Досмұхамедовтің мүше болғандығын растай аласыз ба және ол бұл ұйымда қандай міндет атқарды?

Жауап: Ешкімде қолхат жазып шақырған жоқ. Ол шешімді Мұхамеджан қабылдады. Оған – Тынышбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Мырзағазы Есполов, Кәрім Жәленов қатысты. Олар Түркістандағы және Қазақ өлкесіндегі жағдайларды талқылады, соның ішінде Әнуар пашаның осында келуі мен Бұқарадағы оқиғалар сөз болды. Крондштаттағы көтерліс туралы да хабарланды. Сонымен қатар Орынбордағы Байтұрсынов басқарған ұйым мәселесінен хабарсыз екендігіміз айтылды. Содан кейін күнделікті тіршіліктің ауыртпашылығына тоқталып, Түркістанда ұйым құру туралы ұсыныс жасалды. Өзара сұрақтар қойып, пікір алыстық. Дінше Әділев: «Ұлттар туралы Үндеудің» (1917 жылғы ма, жоқ 1919 жылғы ма? – Т.Ж.) шартын пайдаланып Тәуелсіз Түркістан Халық Республикасын жариялау – туралы ұсыныс айтты. «Кеңес соттары жергілікті тұрғындарды барлық жерде қысып жатыр. Сондықтан да жиналыс ашып, еркін-саяси партия құру қажет. Қалалық кеңес үкіметіне өзінің саясатын өзгертуге ықпал жасау керек», деді.

Отырыста біз осы мәселелерді талқыладық. Еркін саяси мүмкіндік беретін үйірме құрудың мүмкіндігі туралы алып-қашпа сөздер қалада кең таралды. Біз осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылдық және өзара пікір алысатын ұйым құруға уағдаластық. Айтылған мәселелерді Тынышбаев екеумізге қағазға түсіруді ұсынды. Біз оны Жаһанша Досмұхамедовке көрсеттік. Сіздердің «Бағдарлама» деп жүргендеріңіз осы. Бағдарламаның бір данасын Әділевке беріп, пікір білдіру үшін және өздерінің ұйымдарының мақсатын жеткізу үшін оны Байтұрсыновқа жіберуді өтіндік. Аз уақыттан кейін Байтұрсынов Әділев арқылы: «Барлық жағдайды Биахмет Сәрсеновтен ұғысыңдар», деп бізге сәлем айтыпты. Сондай-ақ Байтұрсынов: «Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз», депті. Осы жауаптан кейін біз өзіміздің үйірмеміздің жұмысын кейінге қалдырдық. Тек күнделікті оқиғалар туралы пікір алысып жүрдік. Ақпан айында Түркістандағы жағдай туралы толық баяндалған мәліметті Омаров Уәлихан арқылы Орынборға жолдадық. Жағдайдың қиындап кетуіне байланысты ол мәлімет тиісті жерге жетпей қалды.

Біздің барлық мақсатымыз: Кеңес өкіметі еркін партия құруға, жеке бағыт ұстануға мүмкіндік бере ме, жоқ па, ондай болған жағдайда бұқаралықтар Кеңес өкіметі жағына шыға ма?, деген мәселені білу еді. Сол мақсатпен Бірімжановты Бұқараға жіберуді ұйғардық. Ол бас тартқандықтан да, бұл мәселе нәтижесіз қалды. Өтегенов Садықты кімнің жібергені белгісіз. Біз оған күдікпен қарадық. Ақылды, беделді болғандықтан да ... баруға үгіттедік. Біздің басты бағытымыз мынау еді: Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты. Ол ұйымның құрылымы мен бағытына қарсы болды ма, жоқ па, есімде қалмапты. Қалайда өзара пікір таласы болғаны анық. Қалайда кеңес үкіметінің халық соттары халық ішінен сайланып қойылуы тиіс дестік. «Тәуелсіз Халық Республикасы жарияланады», деген лақап рас болса, бұл әбден мүмкін жайт еді.

Жаһанша Досмұхамедовтің жауабы: Халел Досмұхамедовтің сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана. Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: «Жалғыз башқұрт (Валидов – Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашанда қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, ол тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады», дедім.

Осыдан кейін Халел: «Егер Жаһанша қарсы болса, онда бұл ұйымды құрылмады деп есептеу керек. Одан да бұрынғы «Алашорда» тұсындағы саясатқа көшейік. Қоқан автономиясы кеңес өкіметі жағына шықсын. Оларға: саяси қылмысқа саяси айып тағылмасын. Кешірім жасалсын»,– деді. Мен: «17-жылдың ортасында қабылданған ескі бағдарламамызды қайтадан жаңғыртуға түбірімен қарсы болдым. ... Мұрзин Әзиз бұған қарсы шығып: «Тынышбаев екеуің Орынбордағы қазақ құрылтайы қабылдаған «Алаш» партиясының бағдарламасын қабылдамадыңдар», десті. Мен: ондай бағдарламаның есімде жоқ екенін және орындаудан бас тартатынымды айттым. Алайда жолдастарымның қысымымен жобаны екі-үш күнде жазып бітіріп, «Ақжолға» (газет – Т.Ж.) бердім. Ол жобаны өзгертті ме, жоқ па, білмеймін. Ол жоба Бұқараға жіберілді ме, жоқ па, одан да хабарсызбын. Жоба Байтұрсыновқа және басқа адамдарға жіберілді ме, одан да хабарсызбын. Ешқандай жауапхат алғаным жоқ, ешқандай мәлімдемеге қол қойғаным жоқ. Заки Валидовтің Ташкентке келгенін білгенім жоқ. Оны менен жасырған болуы керек. «Түркістан Халық Республикасы жарияланды!», деп түн ортасында мені ұйқыдан тұрғызып айтса да сенбес едім. Бұған кеңес өкіметі де, компартия да келісе қоймайтын. Ташкенттегі қазақ зиялыларының мәжілістеріне қатысқан емеспін. Өйткені мен ол кезде Түркістан Атқару комитетінің тапсыруымен Прежевальскіге іссапармен кеткем. Халел Досмұхамедовтің Өтегеновті қалай үгіттеп көндіргені туралы ешқандай мағлұматым жоқ.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Бұл оқиғаның тым ертеректе өтуіне байланысты кейбір жайларды ұмытып, не шатастырып алуым мүмкін. Жаһанша Досмұхамедовтің, жалпы «Алашорданың» батыс бөлімінің Заки Валидовке қарсы екені бұрыннан маған мәлім. Мәселе, Заки Валидовтің Бұқараға келуіне байланысты емес, Әнуар пашаға қатысты еді. Ол туралы Жаһанша Досмұхамедовке мен ештеңе айтқаным жоқ. Оған Қашқынбаев түсіндірген шығар, деп ойладым. Түркістан Халық Республикасының жарияланатыны туралы хабарды Ташкентке келген комиссар Орджоникидзе айтты деген сыбыс бар. Біз: «Халықтық Республика жариялаудың алғышарттары пісіп-жетілген жоқ», деп есептедік. Көп мәселе бізде қарапайым жолмен шешілді. Сондықтан да Жаһаншаның біраз мәселеден хабарсыз болуы мүмкін.

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Әділевпен «Ақ жолдың» қасында жолықтым. Мұндай мекемелерге мен жолай бермеймін. Оны Бұқараға жұмсады ма, жоқ па, хабарсызбын. Жалпы қазақ зиялыларымен араласуды жаратпаймын. Олардан ешқандай тапсырма алғаным жоқ, өзім де ешкімге тапсырма бергем жоқ. Мұны Халел Досмұхамедов те растай алады. Осыдан кейін қандай да бір ұйымға мүше болуым мүмкін бе?

Халел Досмұхамедовпен қатты сөзге келіп қалғандықтан да, жиырма екінші жылдан бастап, жиырма тоғызыншы жылға дейін ешқандай байланыс жасағам жоқ. Тек бір рет Алматыда аңға шыққан кезде кездесіп қалдым. Орынбордағы ұйым туралы ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Соған қарап менің жолым олармен бөлінген екен деп ойладым. Сондықтан да Халел Досмұхамедовтің көрсетінділері мен үшін жаңалық болып есептеледі.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Жаһанша Досмұхамедовтің біздің ұйымымызға қандай ықпалы тигенін ашып айта алмаймын. Өйткені екеуміздің қатты сөзге келісіп қалып, жиырма тоғызыншы жылдың аяғына дейін араласпағанымыз рас.

Сұрақ-жауап алған: Попов».

Бұл беттесудің мазмұнына түсініктеме беріп жатудың пәлендей қажеттігі жоқ сияқты. Бәрі де белгілі жайлар. Тек Жаһанша Досмұхамедовтің қадай сөйлегенінен, оның ысылған заңгер екені анық аңғарылады. Айтылған уәждерге екпін түсіре жауап беру арқылы өзінің ұстанымын Х.Досмұхамедовке аңғартып отырған. Тергеу ісіне 1931 жылы 30 наурызда Уәлитхан (Уәлихан) Омаров деген азамат та тартылған. Оның бар айыбы – «Халел Досмұхамедовтің 31-қыркүйек күнгі жауабының хаттамасында» былай көрсетілген:

«1922 жылдың көктемінде Омаров Уәлихан (Уәлитхан) Ташкенттен Семейге кетті. Біздің Ташкенттегі ұйымымыздың беделі төмен болғандықтан да, сондай-ақ Әнуар паша мен Заки Валидовпен қандай қарым-қатынас жасауымыз туралы Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа Уәлихан арқылы хат жолдадық. Бұл мәселе туралы Байтұрсынов қанағаттанарлық жауап бермегендіктен де, Бөкейхановты сол кезде өтуге тиісті қазақ зиялыларының мәжілісіне шақыруды көздедік. Жиналыс өтпей қалды, сондықтан да Омаров Уәлиханды пайдаланып Бөкейхановқа хат беріп жібердік. Хаттың мазмұны нақты есімде жоқ. Ұзынырғасы, қалыптасқан жағдайды түсіндіре келіп: «Біз не істейміз, сіз не айтасыз?», дегенге саяды. Бөкейхановты өзіміздің көсеміміз санағандықтан да, осы хатты жаздық. Біздің ұйымның ішінен тұтқындалғандар туралы мәлімет бердік. Хатқа мен, Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеуміз қол қойдық. Кейін білгеніміздей, хат Бөкейхановқа тапсырылмапты. Ол туралы 24-жылы Орынборда кездескенде айтты. Омаров Уәлихан хаттың мазмұнын білмеуі мүмкін. Өйткені оның ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адамның қатарына жатады. Бұл арада басты жауапкершілік – Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеумізде. Жаһаншаның жауапкершілігі Тынышбаев пен менен кем болған жоқ. Қожамқұловты Әділевтің сырттай таныстыруы арқылы білемін. Омаров Уәлихан біздің ұйымға мүше болған жоқ. Ол біздің үйірмені «жолбике» деп қарады. Менің алдыңғы көрсетіндіме бар қосарым осы (Халел Досмұхамедовтің қолы қойылған)».

Тергеу ісінде тыңшылар қағазға түсірген Иса Қашқынбаев пен Уәлитхан (Уәлихан) Омаровтың екеуара жауаптасуы бар. Зады бұл екі азамат өзара сөйлесіп отырғанда олардың сөзін үшінші бір «үндемес» қағазға түсіріп отырған сияқты. Х.Досмұхамедовтің жоғарыдағы көрсетіндісіне қатысты болғандықтан да осы араға кіріктіріп беріп отырмыз. Ескерте кетеріміз, хаттамада Қашқынбаевтің фамилиясы «Кошкинбаев» деп көрсетілген. Ал мұндай адамның тура осы мәселе жөнінде тергеу ісіне тартылмағандығын ескеріп, біз Қашқынбаев деп алдық.

Қашқынбаев: «Уәлихан, 1921 жылы саған Әлихан Бөкейхановқа арналған бағдарламаны бергенде, Уәлихан, сен сақтық жасамаған сияқтысың. Ол (зады Дінше Әділевтің көрсетіндісін айтып отырса керек – Т.Ж.): «Сен Әлиханға арнап бір құжаттарды берді», деп түсініктеме беріпті. Ең бастысы бердің бе, жоқ па, соны бізге айтқан жоқсың ғой.

Омаров: Маған ешқандай бағдарлама берілген жоқ. Тынышбаевтің, Досмұхамедовтің қолы қойылған хат болды. Әлиханның ауылдан менен бұрын кетіп қалғанын білген соң, хаттың көзін жойдым. Хат туралы Сәтбаевтан басқа ешкімге айтқамын жоқ. Оның мазмұнын Сәтбаев білмейтін. Сен айтып отырған мұндай өсектің тарағаны рас. Менің ойымша мұның бәрін таратып жүрген Әділев немесе Әшім Омаров (? – Т.Ж.).

Қашқынбаев: «Валидовтің үйірмесіне Омаров 1922 жылға дейін мүше болған жоқ. Тек көктемге қарай Тынышбаевқа танысып шығу тапсырылды...».

Бұдан әрі өзара жауаптасуда Қашқынбаев әр нәрсенің басын бір шалып, нақты пікір не уәж айта алмаған. Анау – алай деді, мынау – былай деді,– деген сияқты жалтаң да жалпылама сілтемеге көшкен. Оның тергеу барысына пәлендей әсері де жоқ әрі «тыңшы» түсініксіздеу етіп қағазға түсіргендіктен де, кім не туралы, кім туралы айтып отырғаны, қандай айып тағылғаны нақты ажыратылмайды. Тек айтылып отырған мәселенің мазмұны олардың өздеріне ғана анық болса керек. Сондықтан да анық ойды бұлдыратпас үшін біз де пайдаланудан саналы түрде бас тарттық.

3.

Айыптау қорытындысы Х.Досмұхамедовке 1931 жылдың 25 қазаны күні ғана мәлім етілген. Ескерте кететініміз, ендігі жауаптардың мазмұны мүлдем басқа арнада өтеді. Түрмедегі өткен бір жылда тергеудің аңысын аңдып, өздері де ойларын тиянақтап алған сияқты. Оған – жарыса жазылған мына өтініш пен мәлімдеме дәлел. Әуелі айыптау қорытындысына өтініш есебінде қарсылық білдірген. Содан кейін тергеу ісіндегі жалған хаттамалар жөнінде ашық мәлімдеме жасаған:

«СССР ОГПУ-і коллегиясының тергеу жөніндегі ерекше өкілі Поповқа тұтқын Халел Досмұхамедовтен өтініш.

Осы жылдың 25-қазаны күні маған: кеңес өкіметіне қарсы жасаған әр түрлі қылмыстары үшін деген желеумен 58-баптың 7, 10, 11 тармақтары және 59-баптың 3-тармағы бойынша айып тағылды. Маған тағылған осы айыптардың ішінде мен төменде көрсетілген жайларды ғана мойындаймын: 1) 1922 жылы кеңес өкіметіне қарсы құпия ұйымға қатысып, жұмыс істедім. 2) Сол 22-жылы Ташкент қаласына жасырын келген Заки Валидовпен кездестім, содан бастап 24-жылдың ортасына дейін пікір алысып тұрдым. Өзімнің қызмет барысымда буржуазиялық ұлтшыл демократиялық идеологияны басшылыққа алдым. Маған тағылған қалған айыптарды мен мойындамаймын. 24-жылдан кейін мен кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да құпия немесе ашық ұйымға, үйірмеге, тағы да басқадай алқаға қатысқамын жоқ. Өзімнің буржуазиялық идеологиямды кеңестік талаптарға саналы түрде бағындырдым. Бар білгенім мен өзімнің барлық іс-әрекетім бұрынғы тергеуге берген жауаптарымда, соның ішінде 31-жылдың 14-қыркүйегінде берген жауабымда толық қамтылған.

Соны тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2) «Алқаға» қатысқамын жоқ. Білетінімнің барлығын тергеу кезінде хабарлағамын. 3) Мен Қазақстанда 28-жылдың күзінен бастап тұрамын. Тек 26-жылдың жазында ғана Қызылорда қаласында 2,5 ай тұрдым. Негізінен 28-жылға дейін Ташкентте болдым. Қазақстан үкіметінің жүргізген шараларына кедергі келтірген емеспін. Қазақстан үкіметінің шараларын бұзатындай ешқандай қастандыққа ешқашанда барған емеспін. 4) Мен жер жөніндегі мәселелерден мүлдем мақұрыммын. Бұрынғы «алашордашылар» да бұл жөнінде менімен ақылдаспайтын. Олардың бұл мәселе туралы менімен санаспауының өзі де тегін емес. 5) Байларды тәркілеуге қарсы еш жерде ешқандай үгіт жүргізген емеспін. Жер және тәркілеу туралы пікірімді 14-қыркүйек күнгі көрсетінімде жазғанмын. Ташкентте де, Алматыда да оқушылар мен оқытушылардың арасында бұл бағытта ешқандай үгіт жүргізбедім. Бір сөзбен айтқанда 24-жылдан бастап тұтқындалғанға дейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай да қылмысты әрекетке қатысқан емеспін.

Ал жала жапқандармен бетпе-бет кездестіру ұйымдастыруыңызды өтінемін. Олардың өтіріктерін әшкерелеп бере аламын. «Тынышбаевтің ісіне» қатысты тергеу кезіндегі беттесу соны растайды. Тынышбаев менің үстімнен ешқандай көрсетінді жасамағанын айтты. Поповтың қолымен жазылған қоғамдық актілерді (тергеудің сұрақ-жауаптары болуы керек – Т.Ж.) маған көрсеткен жоқ. Тынышбаев та 1922-1930 жылдардың аралығында қандайда бір ұйым болған-мыс деген пікірден бас тартты. Ұйым мүшелерінің тізімі мен оның құрылымы сызылған кестеге байланысты мұның жалған екендігін қатаң түрде талап ете мәлімдеймін. Тынышбаев сызды-мыс делінетін кесте қиялдың ғана жемісі (Айта кетейік, бұл кестені сызған Дінмұхамед Әділев болатын. Бұл – «Алаштың» екі көсемін бір-біріне қарсы қою үшін тергеуші Поповтың қолымен жасалып отырған, жоғарыда аталып өткен қитұрқы арандату «актісі» болса керек – Т.Ж.). Олардың арасында ешқашанда ешқандай ұлтшылдыққа қатысы болмаған адамдар жүр. Мысалы, тізімдегі Қасымов деген адамды көрген емеспін. Мұндай адамдар тізімде көп сияқты. Менің көзімше тергеуші Поповтың «Тынышбаев жасады-мыс» деген көрсетіндісі мүлдем өтірік. Демек, Тынышбаевтің атынан жасалған өзге көрсетінділер де жалған. Сондықтан да Тынышбаевпен және өзге де адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Мен олардың көрсетінділерінің жалған екендігін әшкерелей аламын...

Мен айыптаушының (тергеушінің Т.Ж.) деректерді қайдан алғанын түсіне алмай тұрмын. Жауап алған кезде тергеу орындарының жаңсақ жазғанына енді еш күмәнім жоқ. Егерде тергеу дұрыс жүргізілсін десеңіздер, онда маған Тынышбаевтің және басқалардың өз қолымен жазған көрсетіндісін оқытыңыздар. 1922-1924 жылдар арасындағы кеңес өкіметіне қарсы бағытталған әрекеттерімді мойындаймын. Ал 24-30 жылдардың арасында кеңеске қарсы белсенді түрде күресті деген, өмірде болмаған ұйымның болуға мүмкін емес қылмыстарын мойындамаймын.

Осыған қосымша мынаны мәлімдеймін: мен кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырған астыртын жұмыстарыма қатты өкініш білдіремін. Бұл өкімет бұрын қанауда болған ұлттар үшін бірден-бір лайықты өкімет. Егерде маған мүмкіндік берілсе, онда осы өкіметтің көркеюіне бар күшімді жұмсаймын. Мен бұл сенімге түрмеде емес, одан көп бұрын келген болатынмын.

Бұған қосымша айтарым: астық жинау, колхоз бен совхоздардың етке мал өткізу науқанына қарсы ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізгемін жоқ. Шаруашылықтарды коллективтендіруге теріс қарағаным рас. Қазір бұл шараны еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын. Мен бұл пікірімді Әлімхан Ермековке айтқанмын. Мүмкін есіне түсірер.

Досмұхамедовтің қорытынды сөзі дұрыс жазылды. (Қолы). 26 қазан 31 жыл».

Бұл көрсетінді бірінші томның 97-101 беттерін қамтиды. Осында айтылған және Х.Досмұхамедов орынды күдіктенген М.Тынышбаевтің көрсетіндісі, шындығында да, қолдан жазылғаны тергеу барысында анықталады. Астыртын ұйымның кестесін сызып, тізімін жасап, алашордашыларға бейтаныс адамдарды «қатарға қосқан» Дінмұхамед Әділев екенін оның өзі жазып берген қорытындыда анық көрсетілген. Таныс, дастархандас, көршілес адамдарды да «астыртын ұйымның мүшесі ретінде» тіркеген. Ондағы сүйенген қисыны: «Алашордашылар ұлтшылдардан басқамен араласпайды»,– деген ойжота жорамал. Онда жер мәселесіне ұзақ тоқталған.

Х.Досмұхамедовтің келесі көрсетіндісі де алдыңғы сұрақ-жауапты қайталайды. Ішінара сөздер мен сөйлемдерге өзгеріс енгізген. Алайда, мәтін арасындағы қосымша пайымдаулар мен емеуіріндердің астары тереңдеп, көзқарасы қалыптанып, бұрынғы жауаптарын нақтылай түсетіндіктен де назарға ұсынуды жөн көрдік. Оны: «коллективтендіру шарасы... еңбекшілерді аштықтан, қорлықтан құтылдыратын ең пәрменді шара ретінде толық қостаймын»,– деген астарлы пікірі растайды. Өйткені тура осы кезде 2,5 миллион қазақты жусатып салған ашаршылық басталып кеткен болатын. Х.Досмұхамедов соны біле отырып, астарлы емеурін таныту арқылы әшкерелеп отыр.

«ОГПУ-дің ерекше өкілі Поповқа тұтқын Досмұхамедов Халелден Мәлімдеме.

Осы жылдың 25-қазан күні маған Қылмысты істер кодексінің 58-бабының 7, 10 және 11, 59 баптың 3-тармақтары бойынша: кеңес өкіметіне қарсы бағытталған түрлі қылмыс бойынша айыптар тағылды. Тағылған айыптардың ішінен мен төмендігі айтылғандарды:

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]