Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
раным - Алаш 2.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать

«Айыптау қорытындысы

Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370-iске

1. Тарихи анықтама

Ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiрген, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болған, сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен, кейiннен контрреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерi кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерiн жалғастырып келдi.

Қылмысты iс бойынша айыпқа тартылып отырған бұрынғы алашордашыл Әлiмхан Ермеков 1921 жылдың басында, Мәскеу қаласында әйгiлi ұлтшыл Байтұрсыновпен (қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына қатысқаны үшiн ОГПУ-дiң коллегиясының шешiмi бойынша 1930 жылы сотталған) бiрге башқұрт ұлтшылы Валидовпен кездесiп, контрреволюциялық ұйым ашуға келiскен, оның орталығына Орынбор қаласын таңдап алды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ).

Мұның артынан iле-шала айыпқа тартылып отырған Досмұхамедов Халел мен М.Дулатов (ОГПУ коллегиясының шешiмiмен сотталған) Ташкент қаласында осы астыртын контрреволюциялық ұйымның бөлiмшесiн құрған, оның құрамына айып тағылып отырған: Досмұхамедов Халел мен Жаhанша, Тынышбаев Мұхамеджан, Үмбетбаев Алдаберген, Мұңайтпасов Әбдiрахман және басқалар кiрген, Орынбормен тiкелей байланыстары болған және айыпкер Досмұхамедов Халел мен Жаhанша және Тынышбаев Мұхамеджан дайындаған бағдарламаны қабылдаған, оның негiзiне «Алаш» партиясының бұрынғы бағдарламасының талаптары өзек етiп алынған, яғни, олардың түпкi мақсаты – кеңес өкiметiн құлату, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлттық-демократиялық республикасын құру, бұл мақсаттарына жеткенше ұлтшылдарға сықап тұрған кеңес өкiметiнiң мекемелерiн пайдаланып, мәдениет майданын қолына алып, жастарды көтерiлiске дайындап, кеңестiк саясатты «Алаштың» бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздедi (№ 2370-iс, 1 т., 106, 1126, 123 және 179-парақтар, № 541784-iс, 4 т., 21, 80, 90 және 92-парақтар).

Семей және Петропавл қалаларында осы ұйымның бөлiмшелерi құрылды, оларға жауапқа тартылып отырған Ермеков Әлiмхан мен Тiлеулин Жұмағали жетекшiлiк еттi. Өзiнiң iс-әрекетiн кеңейту мақсатымен Ташкент бөлiмi Алматы, Әулие-Ата, Шымкент, Түркiстан, Қазалы және басқа да қалалардағы ұлтшылдарды бауырына тартып, ұйымның құрамына енгiздi, жергiлiктi жерлерде өзiнiң бөлiмшелерiн ашуға тырысты.

Қазақстанның аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшiн 1922 жылы құрылған „Аштарға көмек көрсету” комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тартуға пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелерi ұйымға адам тартумен айналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетiсу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкiлi, Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар).

Ташкент қаласындағы Қазақтың ағарту институтының жанынан құрылған студенттердiң контрреволюциялық ұйымы студенттердің әскери жасағын ұйымдастырды, бұл «Қазақ халқының сатқындарына» қастандық ұйымдастыратын жауынгер жасақтың мiндетiн атқарды. Соның iшiнде, Оқу-ағарту комиссары С.Қожановты өлтiру туралы шешiм қабылдады, оны айыпқа тартылған Мұңайтпасов Әбдірахман өлтiруге тиiстi болды. Бұл жасақтың құрамына айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiр мен тағы басқалар кiрдi (№ 2370-iс, 1 т., 383-парақ, 2 т., 659, 660 және 701-парақ. Соңғы парақтар өшiрiлiп тасталған. Зады айтылған айыпты дәлелдеуге еш қатысы болмаса керек – Т.Ж.).

Кеңес өкiметiн құлату мақсатына орай контрреволюциялық ұйым Орта Азиядағы басмашылар тобын әскери күш ретiнде пайдаланбақ болған, сөйтiп Ферғана басмашыларының басшысы Жанұзақовқа және басмашылардың жетекшiсi – Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымның көсемi Заки Валидовке өкiлдер жiберген, сонымен соңғы адамға (Валидовке – Т.Ж.) барған Үмбетбаев Алдаберген оны ұйымның мүшелерiмен жолықтыру үшiн Ташкентке жасырын алып келген, оны айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiрдiң үйiне жасырып ұстаған (№ 2370-iс, 1 т., 23, 42, III және 259-парақтар, 2 т., 678-парақ).

Тура сол мақсатпен 1922 жылы қиыр шетте жатқан Адай, Сарысу және Қызылқұм аудандарында әскери күш жасақтау үшiн жетекшi әскери мамандарды даярлауды ойластырған. Соның нәтижесiнде, ұйымның мүшесi Әдiлев Дiнмұхамед (ОГПУ-дiң коллегиясының шешiмiмен сотталған) Сарысу ауданында бандылардың тобын құрып, жетекшiлiк еттi, iшiнде оның туысы Әдiлев Байсейiт те бар, ал жауапқа тартылған Үмбетбаев Алдаберген ұйымының тапсырмасы бойынша Қазақ ағарту институтындағы студенттерге әскери жаттығу сабағын жүргiзген, мұндағы мақсат – ұлттық командирлердi дайындау едi.

Қазақстанның партия ұйымдарындағы оңшыл элементтермен тығыз байланыс жасай отырып, оларға жасайтын ерекше ықпалын ескере келiп, астыртын ұйымның мүшелерi оңшыл оппозициялық элементтердi партияның 12-съезiнде өз мүдделерiн жүзеге асыруға пайдалану үшiн арнайы дайындық жүргiздi, сол үшiн ұлттық мәселе жөнiнде тиiстi ұсыныстар жасады, оның басты мақсаты – «ұлттық-мәдени автономияны» талап ету болды. Үндеуге Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов және айыпкер Омаров Әшiм қол қойды.

Осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, айыпталушы Әуезов Мұхтар Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күрес дегендi желеу етiп, астыртын ұйымның мiндеттерiне сай келетiн шараларды жүзеге асыруда аса белсендiлiк танытты. Орынбор қаласында өткен Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң 2-съезi кезінде ол съезге қатысқан уәкiлдердiң iшiнен тек қана қазақтарды – ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдарды жеке жиып алып, мәжiлiс өткiздi, онда «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс тәсiлдерi» туралы мәселе қаралды. «Отарлаушылықпен» күрес жөнiндегi Әуезовтiң ең жақын қолдаушылары астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасов пен айыпталушы Омаров Әшiм болды. Сәдуақасовтың мақсаты сәтсiздiкке ұшырап, партиядан шығып қалу қаупi төнгенде, Әуезов оған Ташкентке баруды ұсынды, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға жетiп аласың деп кеңес бердi, ал Ташкенттегi қазақтың астыртын ұйымы олармен байланыс жасап тұратын (№ 541784-iс, 1 т., 251, 255, 398-405-парақтар).

Валидов пен ұлтшыл Мұстафа Шоқай шет елге қашып кеткен соң, ұйым олармен астыртын байланыс орнатты, ол үшiн шет елге оқуға барған ұйымның мүшелерi Бiрiмжановты, Битiлеуовті және айыпталушы Мұңайтпасовты пайдаланды. Басымашылар талқандалған соң, ұйым өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатты, бiрақ та бұрынғы мүшелер бiрiн-бiрi тез тапты, олар өзара тығыз байланыста болды, ұйымның ортақ мүшесi ретiнде бір-бiрiмен тез тiл табысты. Ұйымның бұрынғы мүшелерi – алашордашылар кеңес өкiметiмен ашық күресу туралы әрекет қимылын өзгертiп, ендi кеңес мекемелерiне (әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариаты мен Оқу-ағарту комиссариатының мекемелерiне) және партия ұйымдарына кiрiп алуды ойластырды, ондағы ойы – өздерiнiң мақсаттарына сәйкес партия мен кеңес өкiметiнiң саясатын өздерiнiң мақсаттарына қарай бұрмалап, өзгертiп отыру болды. «Әнуар паша мен Валидов бастаған көтерiлiс жеңiлiс тапқан соң бiздiң ұйым мұндай бағыттан бас тартты да, қазақ халқының тағдырына қатысты мәселелердi мүмкiндiгiнше: «Алашорданың» идеологиялық рухына сәйкестендiрiп жүргiзу үшiн кеңес мекемелерiн пайдалануды көздедiк, оған өз адамдарымызды орналастыру, сөйтiп сол адам арқылы мекемелерге және жекелеген жауапты партия қызметкерлерiне – қазақтарға ықпал жасау жөнiнде шешiм қабылдадық» (Тынышбаевтің 1930 ж. 7.08. күнгi жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 275-парақ)».

«Бiздiң басты мақсатымыз – кеңес өкiметiнiң саясатына өзiмiздiң ықпалымызды жүргiзу үшiн және оны бiз ойлаған бағытта жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк басқару аппаратына өз адамдарымызды барынша көп кiргiзуге ұмтылдық. Бұған қызметкерлердiң (қазақ – Т.Ж.) жетiспеушiлiгі де септiгiн тигiздi, соның нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi. Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов – Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев – Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов – газет редакциясына, мен – ғылым жөнiндегi комиссияның құрамына, Ж.Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi. Бiз өзiмiз идеологиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық. Сонымен қатар бiз әр түрлi жиналыстар мен мәжiлiстердi де пайдаландық, оларға өз адамдарымызды қатынастырып отырдық» (Досмұхамедов Халелдiң жауабынан. 22.IХ.1930. № 2370-iс, 1 т., 220-парақ).

1928-1929 жылдары ОГПУ мекемелерi астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерi Байтұрсыновты, Дулатовты, тағы да басқаларын тұтқындаған болатын. Бостандықта қалған ұйым мүшелерi уақытша бұға тұруды көздеп, ешқандай әрекет етпеуге тырысты, сол уақытта Байтұрсыновтардың ұсталу себебiне байланысты айыпталушылар – Ермеков пен Досмұхамедовтің арасында өзара талас туды. Олардың ұсталуына Ташкенттегi ұйым мен оның жетекшiсi Досмұхамедов кiнәлi деп айып тақты, ал екiншiсі құрамына Ермековтің өзi жүрген Орынбордағы ұйым мен Семейдегi бөлiмше кiнәлi деп жауап бердi. Бұл жөнiнде Ермековтің пiкiрiн Қадырбаев Сеидазым қолдап сөйледi (№ 370-iс, 1 т., 262 және 263-парақ, 2 т., 702, 703, 721-727, 733-735 және 736-740-парақтар).

Халел Досмұхамедов 1929-1930 жылдардың қысында Жаhанша Досмұхамедовтің кеңесi бойынша Мәскеудегi Ә.Бөкейхановқа барып, Ермеков пен арадағы таласты қалай шешудiң жолын және Байтұрсыновтың тобының тұтқындалуына байланысты әрi қарай не iстеу керек екендiгiн ақылдасты. Ол (Бөкейханов – Т.Ж.) ұйымның өзге мүшелерi де тұтқындалуы мүмкiн екендiгiн ескере келiп Халел Досмұхамедовке: «Тұтқындала қалған жағдайда өздерiңдi өздерiң мықты ұстаңдар, ешнәрсенi де мойындарыңа алмаңдар, ал кейбiр құжаттар сақталып қалса, оны Ә.Ермековке сақтауға берiңдер, Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi ретiнде қазақстандық үкiмет оған сенедi»,– деп нұсқау бередi. Алматыға келе салысымен Досмұхамедов бұл жайды Ермеков пен Тынышбаевқа, кейiннен Ж.Досмұхамедовке айтты, олардың барлығы да Бөкейхановтың нұсқауын мақұлдады және алда-жалда тұтқындала қалған жағдайда ештеңенi де мойындамауға келiстi (№2370-iс, 1 т., 208, 222-парақтар, 2 т, 702 және 703-парақтар).

Өзара байланыстары мен iс-қимылдарын құпия ұстау үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi тек қана екi-екiден екеуара ғана кездесiп, мүдделi мәселелердi талқылады, оған айыпталушы Тынышбаевтің: «Соңғы уақытта бiздiң ұйымымыз ешқандай да жиналыс пен кеңес өткiзген жоқ, екi-екiден екеуара ғана жолығып, мүдделi мәселелердi талқыладық. Сондай-ақ, Ермековпен де, Досмұхамедовпен де жеке-жеке кездесiп, олармен болған әңгiмеде... кеңес өкiметiнiң саясатын айыптадық» (Тынышбаевтің жауабынан. 3.IХ.1930.№ 2370, 1 т., 125-парақ), деп жауап бердi».

М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов жетекшiлiк еткен «Алашорданың» Ташкенттегi астыртын контрреволюциялық ұйымының кеңес өкiметiне қарсы iс-қимылдарына» Мәскеу мен Алматының жазалау саясатын жүзеге асыратын заң және тергеу, сот орындарының берген «Тарихи анықтамасы» осындай.

«Айыптау қорытындысындағы» мәселелердің ақиқаты бірінші томда барынша толық талданғандықтан да, оған тоқталып жатпаймыз. Тек әр сұраққа әрбір «айыпкер» қалай жауап берді, олардың қай тұста пікірлері тоғысты, қай тұста көрсетінділері алшақ кетті, түрме мен қысым жағдайында әр кім өзін қалай ұстады? – деген көкейтесті сұрақтарға жауап іздейміз. Өйткені қиыннан қиыстырылған қисынсыз баптардың тек қана айыптау бағытында құрылғандығын дәлелдеп жатудың өзi артық. Екiұшты ой туғызбас үшiн осында көрсетiлген «қылмыстардың» кейбiреулерiне қысқаша ғана түсiнiк бере кетемiз. Олар мыналар:

Бірінші: «1922 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құрылды», – деген айғақты осының алдында ғана тергеуi аяқталған Ахмет Байтұрсынов бастаған «Алашорда» қайраткерлерi жоққа шығарған болатын. Ал Әлихан Бөкейханов мұндай сұраққа жауап беруден мүлдем бас тартты. Ол:

«Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне кешiрiм жасаған – кеңес өкiметi. Ол үкiмет әлi құлаған жоқ. Демек, оның шешiмi де күшiнде. Оның үстiне бiзге кешiрiм жасаған Лениннiң өзi. Сендер сол Лениннiң жолымен жүрiп келемiз деп ұрандатып жүрген жоқсыңдар ма. Ендеше, әңгiме осымен бiттi»,– деп тергеушiлердiң меселiн қайтарып тастаған болатын.

Алаш көсемдерiнен «тiстерi сынған» тергеушiлер екiншi топты, өздерi «Ташкент тобы» деп атаған адамдарға қасақана осы сұрақты қайталап қойған. Шындығында да, ресми түрде астыртын ұйым құрылған жоқ. Бiрақ кеңес өкiметiнiң «коммунистiк – отаршылдық» саясаты мен елдi күйзелтуге әкелiп соқтыратын экономикалық шараларына, ұлттық рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалуға қарсы бағытталған «таптық мәдениеттiң жiктелушiлiгiне» сын көзбен қарады, оны қатерлi бағыт деп санап, ашық түрде мәлiмдедi. Тарих – «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық экономика мен мәдениет туралы бағдарының дұрыстығын дәлелдеп бердi.

Екінші: 1920-1922 жылдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлiмхан Ермековтiң, башқұрт ұлтының көсемi Заки Валидовпен Мәскеу қаласында кездескені, әңгiмелескенi рас. Тiптi бiр рет көгалға шығып, көңiлдi серуен де жасаған. Әрине, олардың «бұл серуенде» ұлт тағдыры жөнiнде пiкiр алысқандары аян.

Үшінші: «Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов 1921-1922 жылдары Аштықпен күрес жөнiндегi комиссияның мүшесі ретінде астыртын ұйымға кiру туралы үндеу таратты», – деген айып – айып емес, кәдiмгi сандырақ. Мұнда олар, қырдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ аудандарына көмектесу үшiн оқыған азаматтарға салауат жариялап, оларды азық-түлiк жинау науқанына ат салысуға шақырған болатын. Ол үндеудi Өлкелiк комитет ресми түрде бекiткен. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың қазақ қызметкелерiнiң арнайы Кеңесiн шақыруы да осы ашаршылыққа байланысты. Онда, расында да, «коммунистiк колонизаторлықтың» зардаптары туралы да нақты мәселелер қаралды.

Төртінші: Ташкентегi, Сарысудағы, Адай жұртындағы, Қызылқұмдағы әскери жасақтардың бүлiншiлiгi хақында баяндалған «Тарихи анықтамадағы» айғақ та шындыққа жанаспайды. Бұл аудандардағы көтерiлiстiң басты себебi – аштық пен тәркiлеу науқанының әдiлетсiз жүргiзiлуiнен едi. Жалпы көзқарас тұрғысынан ықпалы болғанымен де, көтеріліске «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының тікелей қатысы жоқ болатын. Өйткені патша үкіметі мен шет елдік армияның көмегіне сүйенген адмиралдар мен генералдар, атамандар басқарған тұрақты армия жеңе алмаған қызыл әскердің бетін бесатар мен сойылға жүгінген «дала жасақтары» тойтарып, кеңес өкіметін құлата алмайтынын, мұның қызыл қырғынға әкеп соғатынын олар жақсы білетін. Ал: «Сұлтанбек Қожановқа қастандық жасау әрекетi жоспарланды», – деген айып мүлдем қисынсыз. Мұны ешқандай дерек растай алмайды. «Алашорда» үкiметiнiң «қылмысын» неғұрлым ауырлатып, террорист етіп көрсету үшiн жасалған кезекті бір құйтұрқы амал.

Бесінші: Бiрiмжановтың, Битілеуовтің, Мұңайтпасовтың Алманияға барып оқығаны, онда Заки Валидовпен кездескенi, Валидовтiң бұларға көмектескенi шындық. Бiрақ олардың әр қайсысы әр қандай жағдаймен әр мезгiлде елге қайтып оралды. Әрине, Валидовтiң «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерiнiң хал-ахуалын сұрауы, сәлем айтуы табиғи. Ал астыртын бiрiгiп iс-әрекет жасау туралы уағдаласуының анық-қанығы әлі де дәлелді дәйектерді қажет етеді. Екi жақ та қалыптасқан жағдайда ондай әрекетке бару мүмкiн емес екендiгiн жақсы бiлді. Ал Валидовтiң жасырын түрде Ташкентке келгенi, Қожанов пен Рысқұловқа хабарласуға ниет қылғаны шындық. Мұны түрмедегi айыпқа тартылушылардың жауаптары да, сыртқы деректер де растайды.

«Тарихи анықтамадағы» тарихи шындықтар осылар. Ал өзге-өзге, ОГПУ-дiң тергеушiлерi «әдеби өңдеудi» өте жақсы меңгерген болатын. Сондықтан да берілген жауаптың тонын айналдырып баяндау оларға пәлендей қиындыққа түскен жоқ. Мысалы тергеу хаттамасындағы:

«Мен – Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз», – деген жауабы «Айыптау қорытындысында» тергеушілердің өңдеуімен:

«Нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi. Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов – Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев – Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов – газет редакциясына, мен – ғылым жөнiндегi комиссияның құрамына, сондай-ақ Ж. Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi. Бiз өзiмiздің идеялогиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық»,– деп түзетіліп берілген.

Сырттай бұл мәтіндер мағыналық жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен де, саяси және заңдық тұрғыдан келгенде үлкен кілтипан бар. Бұл тәсілді тергеушілер өздерінің «кеңселік жазу стилі» ретінде емін-еркін пайдаланған.

2.

Ұлт басына төнген мұндай қауіпті жан-тәнімен сезінген алаш көсемдері барынша жанталаса күресті. Бірінші топтағылар сияқты екінші лектегі тұтқындарға, оның ішінде Мұхамеджан Тынышбаевқа тағылған басты айып та осы жер мәселесі туралы болды.

Тергеу ісінің «Айыптау қорытындысының» «Ұлтшыл контрреволюциялық қастандықтар» атты екінші бөліміндегі «Жер мәселесі туралы» тарауында астыртын:

«Ұйымының негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi – жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды – Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру-руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi. (...) Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс, Тынышбаевтің жауабы, № 2370-iс, 275-бет).

Айыпкер Тынышбаев бұл жөнiнде мынадай куәлiк бердi: «1923 жылы, Мемлекеттiк университеттiң үйiнде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесi туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста бiздiң ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледi. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан бiз, өзiмiздiң бағдарламамызға орай, жерге ең алдымен негiзгi тұрғындар орналастырылсын деген пiкiрдi қорғадық» (Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 3. күнгi жауабынан № 2370-iс, 1 т. 4-парақ).

«1923 жылғы Жетiсу губерниясындағы жер реформасы кезiнде, Жер жөнiндегi халық комиссарының мiндетiн атқарушы Есполов жетекшiлiк еткен техникалық кеңестiң құрамына мен және Қожықов мүше боп кiргеннен кейiн, бiздiң ұйымымыздың жер мәселесi жөнiндегi бағдарламасын кеңiнен жүзеге асыруға мүмкiндiк туды. Соның нәтижесiнде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды» (сонда, 4-парақ. Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Тысқары жерден Қазақстанға келiмсектердi орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесi ретiнде қазiр де келiмсектерге қарсымыз. Бұл өзi ежелден келе жатқан бiздiң ұйымымызбен тiкелей тарихи байланысы бар мәселе» (№ 2370-iс, 1 т., 125-парақ, Тынышбаевтің 1930. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Жер мәселесiне бiз қатты мүдделi болдық және жерге қоныстандыру мәселесi бiздiң ұйымымыздың мүддесiне сай жүргiзiлуiн қаладық. Бұл мақсатқа бiз Жер жөнiндегi комиссариаттағы бiздiң ұйымымыздың мүшелерi арқылы, оның iшiнде – Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткiздiк» (№ 2370-iс, 1 т., 205-парақ. Досмұхамедовтiң 30 ж. IХ. 12 күнгi жауабынан).

«Қазақстанға келiмсектердi жолатпауға тырысып, бұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретiнде көрсеттi, ұйым жердi жергiлiктi тұрғындарға бекiтiп берудi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендiгiн дәлелдеуге ұмтылды» (№ 541784-iс, 1 т., 98-102, 220-222-парақтар).

Жерге қоныстандыруды осындай кезек сақтай отырып жүргiзудi және жер бөлiп берудi дәл осы негiзде жүзеге асыруды қамтамасыз етуі үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi жер кесiмiнiң мөлшерiн ғылыми тұрғыдан тиянақтауды талап еттi. Осы мақсатқа жету үшiн Бөкейхановтың тiкелей ұйымдастыруымен Ғылым академиясының арнайы экспедициясы жасақталды, оны Бөкейхановтың с-р-дағы (социал-революциялық партияның – эсердiң мүшесi – Т.Ж.) пiкiрлесi профессор Швецов басқарды; экспедиция мүшелерi Жер жөнiндегi комиссариаттың жауапты қызметкерлерi Қаратiлеуов пен айыпкер Мұрзин Мұхтардың iрiктеуi бойынша тек қазақ шәкiрттерiнен құрылды. Экспедиция өзiнiң ғылыми жұмысын: жерге қоныстандырудың ғылыми тұжырымын негiздеу және Қазақстанда басы артық жер жоқ деген пiкiрдi дәлелдеу бағытында жүргiздi» (№ 541784-iс, 1 т., 103-111-парақтар).

Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана!» деген ұранды заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)»,– деп жазылды.

Екінші лекке жер мәселесi жөнiндегi тағылған айыптың ұзын-ырғасы осындай. Бiз жоғарыда тергеушілер айғақ ретінде келтiрген жауаптарды талдап жатпаймыз. Мұның себебі: ол көрсетінділер айыпкерлердің өз қолымен жазылды ма, жоқ, хаттама арқылы тергеуші толтырды ма? – деген сұраққа сенімді түрде жауап беру қиын, iшкi астары көп, шырғалаңы мол мәселе. Әрине, «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының жерге қоныстану жөнiндегi бағдарламасын басшылыққа алғаны рас. Бұл – қазақ ұлтын отарлық бұғаудан құтқарып, отанды тәуелсiз жолға түсірудiң бірден-бiр бағыты болатын. Бұл пiкiрдi баспасөз беттерiнде ашық бiлдiрдi де.

Ал, астыртын ұйымның жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Қандай талқыға түспесін Жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. «Коммунистiк-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi отыз жылдан кейiн «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, отыз жетi-отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1948 жылы 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен ұлт әлемде некен-саяқ қана. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың-шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған қазақтың тәнi мен сүйегi құнарланған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады.

Мұндай «коммунистік-колонизаторлыққа» кеңес өкіметінің тізгінін ұстаған Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов сияқты өжет мінезді қайраткерлер ашық қарсы шықты. Мысалы, Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешімге орай Қазақ Автономиялы республикасының Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов:

«Егер орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретін болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкін емес»,– деді.

Ал Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев:

«Сөз әзірге біз ұға қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің тек орыс шаруаларының мүддесіне деген ерекше қамқорлығын бірнеше рет байқадым... Ендеше, неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе, айтайын, қазақтардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: «Біздің жерімізді неге алып жатыр?»,– деп сұрайтыны анық. Біз болсақ: ол жердің тұрғындарының басым көпшілігі орыстар дейміз. Оған олар: «Патшалық Ресейдің біздің жерімізді тартып алып, оған өзінің отаршылдарын қоныстандыр деп кім сұрапты?»,– десе, не дейміз... Қазір ел арасында: «Қазақстанда кім бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкімет басында көп тұрмайды»,– деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлеріне қатысты айтылған. Мейлі, солай-ақ болсын дер едік, бірақ қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: «Сіздің басыңыз ауырды ма?»,– деп сұрайды. Мен: «Жоқ, басым емес, жаным ауырады», деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті»,– деп күйіне айтты.

БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов:

«...Біздің республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе) ... Мәселенің ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді. Қазіргі кезде қоныстандырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалады... Менің пікірімше, Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтап қалу және оны одан әрі нығайту тұрғысынан келу қажет... Кейбір жолдастарға ерік берсек, олар бұл республиканы таратып жіберуге құлшынып отырған сияқты»,– деді (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. А. 2004, 268-бет).

1927 жылы ақпанда БК(б)П саяси бюросының мәжілісінде «Қазақстандағы байларды тәркілеу науқанын жүргізудің жоспары» арнайы талқыланды. Оған Сталиннің өзі төрағалық етті. Қазақ Өлкелік Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Ф.И.Голощекин мен оның идеялогиялық қолбаласы О.Исаев бұған қатты «намыстанып», өздерінің әріптестерін «байлардың құйыршығы» деп айып тақты.

Қазақ байларын тәркілеу туралы өкiметтiң қаулысы мұқым дала тұрғындарының ашу-ызасын қоздырып, тұс-тұстан ашық наразылық туып, әр жерде қарулы көтерiлiстер бұрық ете қалды. Мұның өзi ұлт қайраткерлерiне қосымша айып тағылып, «қылмысын» ауырлатты. Кеңес үкiметiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi «асыра сiлтеулерi» мен қателiктерiн «ұлтшыл-буржуазияшыл алашордашылардың» мойнына «қарғыс қамыты» ретiнде кигiзуге сылтау болды. Сондықтан да, үкiм де соған сай шығарылды. Мәскеу мен Алматының «ең үздiк» тергеушiлерi өздерiнiң «контрреволюциялық астыртын ұйымның қылмысты қастандықтарын әшкерелеу» бағытындағы бес жыл бойы жүргiзген тергеу iсiнiң «нәтижесiнде» тәркілеу науқанына байланысты «Алашорда» азаматтарына мынадай айып тақты.

«3. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкiн тәргiлеу науқанына қарсы жүргiзiлген әрекеттер.

Жер мәселесi жөнiндегi өздерiнiң негiзгi мiндеттерiн шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелерi Қазақстанда асырылып жатқан өзге де кеңестiк науқандар мен түрлi шаралардың мән-мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты.

1928 жылы байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзу барысында олар байлардың тәркіленуге тиiстi мал мен мүлкiнiң мөлшерiн (нормасын) неғұрлым көтерiп көрсетуге (мысалы: тәркіленуге жататын мал санының кесiмдi мөлшерiн белгiлi бiр дәрежеден төмендетпеу керек. 50-60 қойы бар қазақты байлардың қатарына қоспау керек деген ұсынысты айтып отыр – Т.Ж.) тырысты, сөйтiп, белгiленген мөлшерден көп мал мен мүлкi бар байлардың шаруашылығын жоюға қарсы шықты.

Ұйымның жекелеген мүшелерi өзара хат арқылы пiкiр алысып, бұл мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастырды және ұйым мүшелерiмен байланысы бар, осы науқанның дайындық жұмысына тiкелей қатысып отырған ұлтшыл кеңес қызметкерлерiн өз мүдделерiне пайдаланды, ал үкiметтiң жоспарлау мекемелерiндегi ұйым мүшелерi бұған тiкелей ықпал еттi.

Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә.Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке: «Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды»,– деп жазды (№ 541784-iс, 5 т., 192-парақ).

Ал М.Тынышбаев: «1928 жылы Қазақстанның үкiмет орындары байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзiп жатқан кезде, мал-мүлкi тәркiленiп өздерi жер аударылуға кесiлетiн байлардың санын азайту үшiн бiз тәркіленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерiн неғұрлым жоғары белгiлеу туралы қоғамдық пiкiр қалыптастырдық... Мұның барлығы Мемлекеттiк жоспарлау мекемесi мен Жер жөнiндегi комиссариатқа тiкелей байланысты едi. Ол кезде Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде бiздiң ұйымның мүшесi Ғаббасов Халел қызмет iстейтiн, ол бiздiң мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал бiздiң ұйымның ықпалында болған, бiздiң ұйымымызбен кездесiп, келiссөз жүргiзген Сұлтанбеков Жер жөнiндегi комиссариатта жұмыс iстейтiн», деп көрсеттi (Тынышбаевтің 1930 ж. Х. 4 күнгi жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Сонымен қатар, аса iрi байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыдағы тәркiленуге тиiстi байлардың тiзiмiн алдын-ала бiлiп алған ұйым мүшелерi аудандарды аралап, алдағы жүргiзiлетiн науқанға кесiрiн тигiздi, жалған мал шаруашылығының мойынсерiктерiн құрды, iрi шаруашылықтарды ыдыратты, сондай-ақ бұл iске байлардың туыстық, рулық жақындығы бар ауылнайлар мен аудандық әкiмшiлiктiң қызметкерлерiн тартты (№ 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Куәгер Байсеңгіров: «Міржақып Дулатов Мерке ауданында болған кезде өзінің маңына жиналған осы ауданның байларына ол тәркілеу науқанына қатысты мәселелер жөнінде науқанның мақсатына қарсы бағытталған бірнеше нұсқаулар берді» – деп көрсетті (Байсеңгіровтің 1928 ж. ІХ. 25 күнгі жауабынан. № 2370-іс, 2 т., 888-890-парақ).

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға және басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтің жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)».

Мемлекеттiк жазалау құрылымының барлық күшiн сарқа жұмылдырып, бес жыл бойы жанталастырғандағы айыптау қорытындысының ұсқыны осындай. Үкiмет басында кiлең жартылай сауатты адамдар отырғандықтан да, ең болмаса, қиыстырып, баптардың басын иiп, жалған да болсын «дұрыстап» айып таға алатындай тергеушiлердiң табылмауы заңды да. Чадааевтің:

«Қайран, Ресей! Адамды бақытты қылу қолыңнан келмегенi айып емес, тым құрыса дұрыстап өлтiрудi де үйiренбедің-ау!»,– деген сөзі осындайдан барып айтылса керек.

3.

Мемлекет те, сот та жазалау саясатының басты құралы ретiнде орыстың балтасын пайдаланды. Ал, шовинистер мен отарлаушының, оның iшiнде можантопай мұжық пен «елiрме сiңбелердiң», сауатсыз да сарамес жендеттiң қолындағы балта – iндеттен де қауiптi. Егерде сол «балта» мұқым мемлекеттiң жазалау құралына айналса, онда сол мемлекеттiң даму жолы – адамдардың бас сүйегiнен төселген баспалдақтардан тұрады деген сөз.

Кеңес өкiметi дәл осы жолды таңдап алды. Мұндай дүлей күшке таза ақыл мен парасатты қарсы қойып күресу мүмкiн емес едi.

Мұны қазақтың ардагер азаматтары Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов те жақсы түсiндi. Тән мен жан жазасынан құтылу үшiн олар өзiнiң «айыптарын» сырт қарағанда мойындағандай көрiнiп, бірақ әр жауабының астарына Сервантестiң қаламына лайық уытты кекесiндi сiңiрiп отырды. Қарапайым адамның өзi күле қарап, сенбейтін „қырық өтірікті” қиыннан қиыстырып, баяндап бердi. Можантопай тергеушiлердiң ой-өрiсiнiң тарлығы мен таяздығы сондай, оған тiптi назар да аударған жоқ.

Шындығын айтсақ, мұның оларға қажетi де шамалы-тын. Қалайда қаралауға iлiк тапса, көңiлi тыныш табатын. «Астыртын контрреволюциялық ұйымның қастандық әрекеттерiн» әшкерелеу үшiн Голощекиннiң «кiшi октябрь» науқанында кеткен асыра сiлтеулердiң барлығын «астыртын ұйымның мүшелерiне» айып етiп тақты.

Соның бiрi – коллективтендiру, яғни, қазақша айтқанда, «мойынсерік» құру науқаны. Мұның көшпелi қазақ ұлты үшiн зауалмен аяқталатынын экономика мен қазақтың өмiр сүру тәсiлiнен хабары бар зерде иесiнiң бәрi де түсiндi. Бiрақ оған ешкім назар салмады. Қайта, дені дұрыс пікірді «астыртын ұйымның» қастандық әрекетiне жатқызды. «Айыптау қорытындысынан»:

«4. Шаруашылықтарды коллективтендiру науқанындағы бұрмалаушылық әрекеттер

Сондай-ақ, астыртын ұйымның мүшелерiнiң жат пиғылдары шаруашылықтарды коллективтендiру науқаны тұсындағы бұрмалаушылықтарынан, оны болдырмауға тырысып баққан әрекеттерiнен байқалды. Коллективтендiрудiң жүзеге аспай қоймайтынына, бұл шараларға тұрғындардың ерекше белсендiлiк танытып отырғанына көздерi жеткен соң, олар жарым-жартылай рулық негiзде құрылған колхоздарды ұйымдастыруға күш салды.

Айыпкер Тынышбаевтің көрсетуi: «Бiз, ұйым мүшелерi – мен, Ермеков және Досмұхамедов үшеумiз колхоз құрылысы туралы өзара пiкiр алыстық, бiрақ та колхоздарды ұйымдастыру науқанына тосқауыл қоя алмайтын болғандықтан да: қазақ ауылдарындағы колхоздарды шағындап қана рулық жүйемен құру керек деген тұжырымға келдiк. Мұның басты себебi: қазақ қоғамындағы рулық құрылым әлi де күштi сақталып қалған, сондықтан да бар мүлiктi жеке меншiк иелерiнiң қолында сақтай отырып, шағын-шағын жарым-жартылай ортақтастырылған шаруашылқтарды ұйымдастыру қазақ үшiн қолайлы деп есептедiк. Бұл бiздiң ұйымның мүшелерiнiң ортақ пiкiрi едi және арамызда ешқандай көзқарас алшақтығы болған жоқ, оның үстiне бiз бұл туралы Бөкейхановтың және басқалардың дәл осындай пiкiрде екендiгiн бiлетiнбiз. Бiз: кедейлердiң басы бiрiкпейдi, олар өзiне рулас байлардың ықпалынан шыққысы келмейдi, өйткенi рулық туысқандық сезiмi қазақ арасында әлi де күштi, деп есептедiк. Бiз бұл жөнiнде партияда жоқ көптеген қызметкерлермен, коммунистермен әңгiмелестiк, олар да істі дәл солай жүргiзсе, көптеген қиындықтарды жеңуге болатынына сендiк. Сөйтiп, бiз бұл әрекеттерiмiз арқылы кедейлердiң бiрiгуiне (таптық) бөгет жасап, рулық құрылымды сақтап қалуға тырыстық.

Бұл идеямызды iске асыру үшiн бiздiң көзқарасымызды қолдайтын Бұралқиев, Күдерин сияқты тағы да басқаларды пайдаландық, сондай-ақ бiзден ақыл сұрап келген қазақтардың барлығына да дәл осындай колхоз құрыңдар деп кеңес бердiк, бұл идеяны сол колхоз құрылысын ұйымдастырып және басқарып жүрген қазақ қызметкерлерiнiң бәрiнiң миына сiңiруге тырыстық.

1928 жылы Iле өзенiнiң арғы бетiнде зерттеу-барлау (темiр жол салу үшiн – Т. Ж.) жұмыстарын жүргiзген кезiмде қазақтардың бәрiне өз көзқарасымды түсiндiрiп бердiм және колхоздарды мен айтқандай үлгiмен құруға шақырдым» (№ 2370-iс, 1 т., 141-парақ. Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 6-күнгi жауабынан)».

Бiр адамның кекесiн араластырып жазып берген осы жауабы арқылы 71 адамға үкiм шығарды. Әрине, 14 томнан асатын тергеу iсiнде Тынышбаевтің көрсетуiнен әлдеқайда «кең қамтылған» куәлiктер бар. Тергеушiлердiң М.Тынышбаевтің жауабын қайта-қайта алдыға тарта беруiне қарағанда, «Алаш» партиясының көсемдерiнiң бiрi, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi, уақытша үкiметтiң Жетiсу өлкесiндегi комиссары, Қоқан Автономиялы республикасының премьер-министрi Мұхамеджан Тынышбаевті қалайда жазаға тартудың амалын қарастырса керек.

Бұдан кейiнгi айыптаулардың тақырыбы – «Ет дайындауға жасалған қастандықтар», «Бандылық қарақшылықтар» деп аталады. Ал нағыз «бандылық қарақшылық» қылмысты кеңес өкiметiнiң өзi жасап жатқан едi. Жер мен тәркiлеу, колхоздастыру саясатының кесiрiнен 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Қазақ жерiнiң құты – Сарыарқа қаңырап бос қалды. Елдi «естен тандырған» ессiз өкiметтiң есiн ақсүйек ашаршылық та жыйдырмады. Тура сол кезде Кереку, Қызылжар, Омбы қалаларының су айлақтары мен вокзалдарында мал етi иiстенiп, айдалаға апарылып өртелiп жатты.

Қазақ ұлтының аштан қырылып қалғанын бiле тұра Сталин мен Молотов Қужақты қуырдақтай қуырып, «бер, бердiң» астына алды. Бiр республиканың басына қаралы күн туғанда да оның тағдырына пысқырып қарамады. «Сенiп тапсырылған өлкенi» зауалға ұшыратып, баясы шыққан Шаяға – Голощекин мен Исаевқа: КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Молотов пен БКП (б) Орталық Комитетiнiң бас хатшысы И. Сталин 1932 жылы 8 қараша күнi:

«ХКК мен ОК-тiң (Халық комиссарлары кеңесi мен Орталық Комитеттiң – Т. Ж.) ескертуiне қарамастан республикадағы астық даярлау қарқыны төмендеп барады. Белгiленген жоспардың орындалмауының себебiн астықтың түсiмiнiң төмендiгiмен түсiндiрген сылтауды Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi назарына да iлмейдi, өйткенi бұл көрсеткiш қасақана төмендетiлген және мемлекеттi алдау ниетiнен туған.

Сiздердiң артта қалған аудан хатшылары мен атқару комитеттерiнiң төрағаларының атын атап қана өтiп, тек артта қалуды жоюдың шараларын көрсеткен мәлiметтеріңіздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесiне хабарламай, сырғақтай берулерiңiздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi: партиялық басшылыққа лайықсыз қылық деп бағалайды.

Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi сiздерге мынаны ескертедi:

Егерде қысқа мерзiм iшiнде республикадағы астық тапсыру iсiне нақты өзгерiстер енгiзу мәселесi ұйымдастырылмаса, онда бiз солтүстiк Кавказдағы тәрiздi жазалау шараларын қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданылған жазалау шаралары туралы сiздiң толық түсiнiктерiңiз болуы үшiн БК(б)П Орталық Комитетiнiң нұсқауы бойынша қабылданған Солтүстiк Кавказ өлкелiк комитетiнiң қаулысын жолдап отырмыз. Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi бұл қаулыны сiздердiң жеделхаттарыңызда аттары аталып көрсетiлген артта қалған аудандардың хатшыларымен таныстыру мiндетiн сiздерге жүктейдi. Егерде олар астық дайындаудың көлемiн өсiруге жедел шара қолданбайтын болса және одан әрi осылай жалғаса беретiн болса, Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi қараша айының бiрiншi жартысында оларды партия қатарынан шығару туралы мәселе қоюға мәжбүр болады»,– деген үрейлi жедел хат жолдады.

Шындығына көшсек, ол кезде Голощекин мен Исаевтың бұл жеделхатқа жауап беретiндей мұршалары да жоқ болатын. Егiннiң орынына адамның сүйегiн егiп, «тәнтiбайбеттенiп» отыр едi. Елiре-елiре сөйлеп, ауызы ақкөбiктенген Голощекин мен оған көпшiктi қоя-қоя қоялары шыққан Исаев пен Құрамысовтың, Құлымбетов пен Ерназаровтың, Қабылов пен Тоғжановтың, Беккердiң, тағы да басқа идеологтардың жақтары қарысты. Елдi де, өздерiн де «есеңгiреттi». Шегiнетiн жерлерi де жоқ болатын. Сасқанынан сүйек пен тұяқ, жылқының жал-құйрығы мен сиырдың мүйiзiн жинау туралы жарлық шығарды.

Ал бұл кезде адамның сүйегi болмаса қазақ даласында малдың сүйегi де, оны жинайтын адам да қалмап едi.

1931-1932 жылы ашаршылық кезiнде 1921-1922 жылғы аштықтан аман қалған 4 миллион 120 мың қазақтың 2 миллион 200 мыңы, яғни, жалпы ұлттың 49 процентi «кiшi октябрь» мен «естен тандыру» саясатының құрбандығына шалынды. Құрамысов пен Беккер: «Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн... бүкiл қазақ халқын құрбан етуге даярмыз!» – деген «армандарына» жеттi. Ал ұлтының осынша қорлық өлiмге душар болғанына күйiнген «бестiң тобы» – Ғ.Мүсiрепов, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин 1932 жылдың шiлде айында Сталин мен Молотовқа наразылық хатын жолдады. 1937 жылы Қарқаралы округiнiң басшыларын жаппай атуға бұйырған кезде Мансұр Ғатауллин өзiнiң соңғы сөзiнде айып орындығында отырған әрiптестерiн қолымен нұсқап:

« – Мыналар халық жауы емес. Жау – менмiн. Сондықтан менiң өзiмдi ғана соттаңдар. Тек, менi ғана. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, керiсiнше, халықтың жауының жауымын. Ал мен 1932 жылы, Кент қаласына iссапармен келген кезден бастап халық жауы болдым... Көлiктен сыртқа шықсам, айналамда адам да, мал да жоқ, тек қана ұзын созылған мал қорасы тұр. Есiктi ашып қалып едiм, өлi адамның денелерi көрiндi. Соншама үлкен қораның iшi лық толған адамның мәйiтi. Кейбiреулерiнiң көзi ашық, кiрпiктерi әрең қимылдайды, бiрақ кiрпiк қаққанша жантәсiлiм беретiнi сөзсiз.

Сыртқа атып шықтым. Даладан айқай-шу шықты. Есiнен адасқан әйелдер қолдарындағы пышақтарын жалаңдатып менiң жүргiзушiме тап бердi, ойлары оны сойып жемек. Мен аспанға оқ атып едiм, олар жан-жаққа қаша жөнелдi. Жан-жағыма қарасам, анадай жерде үлкен қазан-ошақ тұр екен, астында от жанып жатыр. Әлде не пісіп жатыр. Қақпағын ашып кеп жіберіп, қарасам, бұрқ-сарқ қайнаған сумен бiрге қазанның бетiне бiрде баланың аяғы, бiрде қолы, бiрде өкшесi бүлiк-бүлiк етiп шығып жатыр... Мiне, мен тура сол күннен бастап халық жауы болдым»,– дептi (В. Михаилов, «Ұлы жұттың шежiресi»).

Мұндай ерлiк «ақ жүректер» мен Қуажақтың қуыршақтарының қолынан қайдан келсiн. Халықтан кешiрiм сұрап, иман iздеудiң орынына, сондай бетбақтықпен ұлтының бес азаматын «бестiң тобы», «халықтың жауы» деп жариялады. Сонда бұлардың қызғыштай қорғап жүрген халқы – қай халық? Олар халықтың бағын емес, өздерiнiң астындағы тағын қорғап жүрген баққұмар сiмпiстер едi.

Өзегi үзiлген халық мұны көрiп-бiлмей отырғандай-ақ, асқан аярлықпен өздерiнiң күнәсiн «ұлтшыл-буржуазияшыл контрреволюционерлерге», «Алаштың» ардагерлерiне жапты. Бес жыл бойы дәлелденбеген «қылмыстарын» ұрып-соғудың нәтижесiнде мойындаттырып, ұялмастан: «Қылмыстарын мойынына алды! Аттық! Астық! Жер аудардық! Кеңес өкiметiнiң саясатына қарсы шығып, елдi ашаршылыққа ұшыратқан солар! Ендi көздерiң ашылатын болды!»,– деп өздерi қырып салған халықтан сүйiншi сұрады!

Шiркiн, данышпан Абайдың:

Жамантайдың баласы Көжек деген,

Екi үйдiң арасына безектеген.

Досын келiп досына жамандайды,

Шiркiнде ес болсайшы сезед деген!, –

сөзiн әлгi кеңестің кеңкелес мәңгүрттері түсiнбеді.

«Голщекиндік националдар» Сталин мен Молотовтан жаңағыдай нұсқау алған соң тағы да жанталаса жанықты. Ашаршылықтың зардабын саяси сахнадан ысырылуға тақап қалған Қужаққа – Голощекинге жапты да, мүләйiмсiп-мәймөңкелеп шыға келдi. Республика үшiн, оның iшiнде жеке адамдарға және белгiлi бiр мәселелердi шешуде кәдiмгiдей ынта-пейiл көрсеткен шығар. Бiрақ мұқым ұлттың мүддесi мен халық қамы үшiн олардың қабырғасы қайысты деуге, оларды биiк лауазымға жеткенi үшiн мемлекет қайраткерi болды деп даралауға еш себеп жоқ. Мемлекеттiк машинаның конструкторы, не құрастырушысы емес, соның жай ғана бір елеусiз бөлшегi едi олар. Қажет кезiнде оларды құрал-жабдық ретiнде пайдаланды, мiндетiн өтеген соң лақтырып тастады.

Олардың мансап жолында – тағдырдың тәлкегiне ұшыраған жазықсыз жандардың көз жасы мен қасiрет уайымы, аштан қырылғандардың қураған сүйегi, атылып-асылған, қудаланған ұлт қайраткерлерiнiң өзектi арманы мен өкiнiшi өксiп жатты. Мансұр Ғатауллиннiң:

«Мен халықтың жауының жауымын!»,– дегендегi емеуiрiн танытқан пенделерi солар едi.

Алаштың азаматтары елi мен жерiнiң мүддесi үшiн түрмеге түсiп, азап тартып, қалайда халқына төнiп келе жатқан апаттан құтқару үшiн жанталасып жатқанда олар: «Жасасындатып!» (М. Әуезов) жатты. Бұл ұлтты, ұлттық тұлғаны жаныштау майданының басы ғана болатын. Ол майданда олардың өздерi де тағдырдың диiрменiне түсiп, «ұлы құрбандыққа» шалынды. Сол үшiн бұларды аяудың да, қорғаудың да қажетi жоқ. Себебi, ұлты үшiн басын өлiмге тiккен Әлиханнан, Ахметтен, Мiржақыптан, Мұхамеджаннан, Халел Досмұхамедовтен, Халел Ғаббасовтан, Телжаннан, Мағжаннан, Жүсiпбектен, Жаhаншадан, лауазымы мен жасы өздерiмен қатарлас Смағұлдан, Әлiмханнан, Елдестен, Ыдырыстан, Даниалдан, Кәрiмнен, Жалаудан, Сұлтанбектен, Тұрардан, Мансұрдан, Ғабиттен ешқандай артып тұрған қасиетi мен қадiрi жоқ едi.

Қарғауға болмайтыны – олар өз заманының жалдамалы құлы болды.

Саясатқа азаматтық көзқарасын қорғау үшiн араласқан жоқ, тек қана керек кезiнде ұрымтал тұстан табылып, жазалау машинасының дөңгелегiне iлiнiп кеткен қатардағы пенделер ғана. Биiк ақыл-парасат, үлкен мiнез, iрi қимылдың адамдары емес, жай ғана реттеушiлер болатын. Тек, басты назарда ұстайтын мәселе – олардың iс-әрекетiн ашық та батыл талдап, тарихи сабақ ретiнде ұрпақтың назарына ұсыну парыз.

Тарих өткелi – қатерлi өткел. Ал ұлттың басын қатерге тiгiп, қайта-қайта тағдырдың талқысынан өткiзуге ешкiмнiң де қақысы жоқ. Қазақ ұлты өзiнiң қадым заманнан бергi тарихы арқылы тәуелсiз ұлт ретiнде өмiр сүруге толық қабiлеттi ел екендiгiн дәлелдедi. Өзегiн өртеген рухани басыбайлылыққа да басын имедi. Отарлаушы патшалық және коммунистiк жаhангерлер ұлттың жүрек отын өшiруге өршелене тырысса да, рухани бостандығын сақтап қалды.

«Коммунистiк-колонизаторларды» өшiктiрген де, үрейлендiрген де ұлттық тұлғалардың рухани тәуелсiздiгi болатын. Ұлтты мәңгүрт күйге жеткiзу үшiн сол халықтың ең қасиеттi қазынасы – рухани мұрасын аяр идеологияның арандатушы күшi арқылы жойып жiберуге барынша құлшынып-ақ бақты. Алаш қайраткерлерiне тағылған ең басты айыптың бiрi де осы ұлттың рухани тәуелсiздiгi жолындағы көзқарас күресi едi.

Міне, осындай жанталастың тұсында Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов бастатқан «Алашорда» қайраткерлерінің екінші тобы Алматының түрмесінде тергеліп жатқан болатын.

4.

1928 жылы 26 қараша күні жаппай тәркілеу науқанымен орайластырыла БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің «Қазақстанның орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарындағы шәкірттердің әлеуметтік құрамын тексеру» туралы қаулы қабылдады. Сол арқылы «әлеуметтік тұрғыдан алғанда тегі жат» шәкірттерден кеңестік оқу орындарын тазарту көзделді. Кесірлі қаулының салдарынан қаншама талапты шәкірт білімнен қағылып, мамандықсыз қалды.

Сол науқанға профессорлар мен оқытушылар да ілініп, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфандияров, Ә.Ермеков, Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, Ж.Күдерин, А.Байтасов, И.Қашқынбаев, К.Тоқтыбаев сияқты оқымыстыларды әуелі олардың өздері оқытқан шала сауатты шәкірттері әшкереледі, содан кейін партиялық тазалауға түсті, ең соңында тергеушілердің қармағына берілді. «Алашордашылардың» тергеу ісіндегі «Айыптау қорытындысының» «Мәдениет майданы» атты тарауында:

«Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-, 1 т., 220-бет).

Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.

Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынына, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.

Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев Мағжан және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Халел, Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.

«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм» (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ).

«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған үндеді, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi» (Байдiлдин, № 5441 784-iс, 4 т., 134-парақ»).

«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтан да барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық» (Тынышбаев, № 2370-iс, 1 т., 131-парақ).

«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым-жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлев апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу-ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370-iс, 1 т., 378-парақ).

«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.

а). Оқу-ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.

б). 22-жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК-ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институттың директорлығының мiндетiн Әдiлев те атқарды.

в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х. Досмұхамедов төраға, Есполов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж. Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.

г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылорда да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.

д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдар бойынша) жазды.

е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап) керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды».

ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.

з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.

и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х. Досмұхамедов.

к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.

л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиялық ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есполов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.

м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов, Есполов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Асфандияров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.

н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).

Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты (Тынышбаевтің 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 277-278-парақтар).

Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу-ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.

Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтан да, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.

ҚазМУ-дiң ректоры Асфандияров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Доcмұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов ҚазМУ-де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар, – дептi (Тынышбаевтің 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370-iс, 1 т., 312-парақ).

Тағы да ол: «Оқу-ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков ҚазМУ-де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу-ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 31 - парақ), – деп көрсеттi.

Досмұхамедов Х.: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Асфандияровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар: байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 209-парақ)»,– деген арнайы айыптау айғақтары келтірілген.

Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты – бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiл мен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», жаратылыстану, физика, психология, геология, зоология, биология, өсімдіктану саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени-ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?

5.

Мұхамеджан Тынышбаевті «Түрксiб» темiр жолының тағаны төселiп бiткенше «қалпақ астында» ұстады да, тура салтанатты ашылу рәсiмiнiң қарсаңында қақпайлап шетке шығарды. Өйткенi, «Алашорданың», уақытша үкiметтiң қайраткерi, Қоқан Республикасының премьер-министрi: Кеңес үкiметiне темiр жол салуға белсенді түрде қатысты дегізу – асқан «саяси сауатсыздық әрі арандатушылық, кеңес өкіметінің беделін түсіретін идеологиялық қастандық әрекет» болып табылатын. Сөйтiп, «ұлы құрбандықтың» екiншi легi түрменiң торына:

  1. Ермеков Әлiмхан 6/Х. 30 ж.

  2. Тынышбаев Мұхамеджан 4/ VIIІ – 30 ж.

  3. Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.

  4. Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.

  5. Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.

  6. Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.

  7. Кеменгеров Қошмұхамед – 17/IХ – 30 ж.

  8. Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.

  9. Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.

  10. Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.

  11. Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.

  12. Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.

  13. Ақбаев Жақып – 8/VIII30 ж.

  14. Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.

  15. Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.

  16. Мұрзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.

  17. Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.

  18. Үмбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.

  19. Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.

  20. Мұнайтпасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.» күндерi түстi.

Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi топ осылар едi.

Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы Партия институтының директоры С.Б.Бейсембаевқа жолдаған құпия хатында:

«Тынышбаев Мұхамеджан, 1887 жылы туған, қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ мекемесі оны: «Алаш» партиясын құрушылардың бірі, Мемлекеттік Думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте сотталған», – деп көрсеткен.

Демек, М.Тынышбаевқа: астыртын ұйым, басмашылармен байланыс, контрреволюциялық әрекеттер туралы тағылған айыптың қолдан жасалғанын құпия мекемелердің өздері де мойындап, жалтара жауап берген.

ЕКІНШІ ТАРАУ: «ТАТУЛЫҚТЫ СҮЙГІШ, СЕЗГІШ ЖҮРЕКТІ...»

(Мұхамеджан Тынышбаев)

1.

Сонымен, қазақ ұлтының рухани көсемдерiнiң барлығы бiр жылдың орайында жаппай түрмеге қамалып, жазалау саясатының құрбандығына шалынды. Қоғамның саяси және рухани, мемлекеттiк өмiрiндегi орыны мен күрес тәжiрбиесiнiң, көзқарастары мен iс-әрекеттерiнiң, тiптi, жас мөлшерiнiң айырмашылықтарына қарамастан, бастары бiр көгенге қосақталып, ортақ айып тағылды. Мақсаты мен тiршiлiк тоғысы, мекенi мен мекемелерi ортақ болғандықтан да олар бiр-бiрiн бiлетiн, аралас-құралас ғұмыр кешкен. Сол таныс-бiлiстiгiнiң өзi оларға қылмыс ретiнде таңылды.

«Алашордашылардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астыртын ұйымы туралы тергеу ісінің» бірінші тобы – Ә.Бөкейхановтан, екінші тобы «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшесі, Қоқан (Түркістан) автономиялы республикасының премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаевтан басталды. Өйткені «Алашорда тарихшысы» С.Брайниннің «қолындағы және ішінара жұмысына пайдаланған» жандармерияның «құжаттарына жүгінсек»:

«...олар Уақытша үкіметтің отарлау аппаратында қазақ еңбекші бұқарасының баскесер жендеті міндетін ар-ұятымен (за совесть) атқарды. Бөкейханов Торғай облысындағы көтерілісті жанышты, ал Тынышбаев Шкапскиймен қосылып Жетісудағы қазақ пен қырғыз бұқарасын талқандаған» еді» (Алаш қозғалысы, 4 том, 93-бет).

Мұндай арсыздықпен пайымдалған «ғылыми тұжырымды» «голощекиндік националдар» да, тергеушілер де қапы жібермей, ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, 1930 жылы 4-тамыз күні Мұхамеджан Тынышбаев тұтқынға алынды. Біз тарихи құжаттар мен деректерді Мұхамеджан Тынышбаевқа айып ретінде тағылған анкеталық анықтамаға жауап ретінде рет-ретімен салыстыра отырып пайдаланамыз. Сонда алаш қайраткерінің көзқарасының қалыптасуы мен «қылмыс баспалдағын» толық қамтуға мүмкіндік туатын сияқты көрінді.

Анкеталық анықтама: Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы туған. 1890-1900 жылдары Верный гимназиясында оқыған. 1906 жылы Петроградтағы байланыс қатынастары институтын бітірген. Инженер-теміржолшы. 1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бостандық идеясын насихаттап, таратқан. «Сын отечества» (шығарушы с-р Юрицев), «Радикал» (шығ. Маргулиев), «Речь» және «Русский Туркестан» (Морозовтың басшылығымен) газеттерінің тілшісі болған. Проф. Бодуен де Куртенмен (поляк), А.Кусовпен (украин), журналист В.Жаботинскиймен (еврей) және басқалармен бірігіп 1905 жылы автономияшыл-федералшылардың одағын құрды. «Русский Туркестан» газетіндегі «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасының қолжазбасы одақтың құрылтайында тәргіленіп, айып салынды. 1905-1906 жылдары Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген, Петербургте жасырынып жүрген. 1907 жылы Жетісу қазақтарының атынан мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланды.

Кеңес тарихшылары қазақ зиялыларының ұлт-азаттық қозғалысын мүлдем жоққа шығарып, сол арқылы Біртұтас алаш идеясы жолындағы «Алаш» қайраткерлерінің жанкешті күресін тарихтан сызып тастауға ұмтылды. Белгісіз белсенді большевик-тарихшы Н.Гредускула қазақ депутаттарын Думада:

«Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер, ұлттың өзін өзі билеуі мен тәуелсіз дамуы, бір сөзбен айтқанда, ұлттың жанын ауыртып отырған нақты мәселе, халықтың нақты ұлттық тілегі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 86-бет) күстаналады.

Бұған қарсы С.Асфандияров:

«Дау тудыратын мұндай айғақсымақтар бізге пайда әкелмейді. 1905 жылдан бергі ұлт-азаттық қозғалыс туралы Брайниннің баяндамасында методологиялық қателіктер жіберілген. Бұлардың тұжырымымен келісу дегеніміз Қазақстан халқы өзінің бостандығы үшін күресті деген тарихи шындықтан бас тарту, демек, бұл Қазақстан мен Орта Азиядағы Қазан төңкерісін қызыл армияның штыгіне сүйенген тек орыс пролетариатының бір өзі ғана орнатты деген тұжырыммен келісу. Қазақстанның отарлық қанауда болғанын, импералистік елде буржуазия ешқандай да төңкерісшіл әрекетке бармайтынын, ал отар елдердегі буржуазия белгілі бір межеге дейін революциялық іс-қимылға баратынын ұмытпау керек... Ұлттық қозғалыс неден басталды?.. Қазақстанда қалай басталды? Әуелі буржуазия пайда болды. Жадидизм пайда болды, бұл мектеп үшін, әдеби тіл үшін күрескен жалпыға ортақ қозғалыс»,– деген пікір білдірді.

Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының тезистерінде М. Тынышбаевқа:

«1916 жылғы патшаға қарсы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында: алашордашылар көтеріліске белсенді түрде қатысты, оған жетекшілік етті – делінеді. Керісінше, байлар мен алашордашылар соғыс басталғаннан бастап патша өкіметі жағында болды және оны белсенді түрде қолдады. Көтеріліс тұсында байлармен қосылып қазақтың еңбекші бұқарасының жендеті, барлаушы, патшаның жазалау отрядының жол көрсетушісі қызметін атқарды, өздері де жазалау отрядын ұйымдастырды... Мысалы, алашордашыл Тынышбаев Орта Азия мен Қазақстан бұқарасының жендеті генерал-губернатор Куропаткиннің ресми түрде аудармашысы болып, ал шын мәнінде «ауылды тұншықтыру үшін» Жетісу облысын аралап шықты...»,– деп (Алаш қозғалысы,4 том, 28 - бет) жымысқылықпен баға берілді.

Мұндайда, лениндік шындық пен адалдықтың парқы – жалақорлықпен, қаскүнемдікпен өлшенетін сияқты көрінеді. Анығында тарихи шындық мүлдем басқа болатын.

Сонда шындығы қайсы? Бұған 1933 жылы 8-29 желтоқсан аралығында марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңес жауап беруге тиісті еді. Онда Сталиннің:

«Кеңес өкіметінің қуат-күшінің артуы өліп бара жатқан таптардың ең соңғы қарсылығын тудырады»,– деген қағидасын басшылыққа ала отырып, олар Молотовтың:

«...Сондықтан да, ең алдымен ұлыдержавашыл, антисемитшіл шовинистерге, сонымен қатар жергілікті жерлердегі петлюровшілерге, алашордашыларға, муссаувтшілерге қарсы күресті күшейту керек»,– деген нұсқауын жүзеге асыруға тиіс болды.

«Алашорданың» атын санадан мүлдем өшіріп, тарихтың күлтөбесіне көму үшін алаш идеясынның қалыптасу жолын талқыға салып, оны күресінге лақтыру арқылы алаш қайраткерлеріне шығарылған үкімді заңдастыруға бағытталған бұл кеңестегі «тарихи пікірлерді» тарихи тұрғыдан нақты дәлелмен екшеу мақсатында М.Тынышбаевтің көзқарасымен, оның тергеудегі сұрақ-жауаптарымен салыстыра отырып тәпсірлейміз. Өйткені кей тұстағы пікірлердің бұрмаланып, астарланып айтылғаны сондай, одан шындықтың қылын суырып ала алмайсың. Сөйлеушілердің пікірі қандай бағытта дамығанын айтыс пен тартыс барысында парасатты ғалым Қ.Жұбановтың өзінің:

«Алашордашылар Шоқанды қазақ халқының қорғаушысы етіп көрсетті. Шындығында мүлде олай емес. Шоқан саяхатшы болды, Синьцзянға барды, Іле Алатауын жазды, Алтынсарин осылай деп жазды. Бөкейхановтың Потанинмен, сібірлік казак-орыстармен достасуы кездейсоқтық емес. Бөкейханов: миссионерлік (шоқындыру Т.Ж.) саясатты міндетті түрде қолдау қежет, деп есептеді. Алайда Бөкейханов Потанинен де сорақы, реакцияшыл болды. Потанин өзінің 1904 жылғы хатында: Ақмола қаласында мемлекеттік университет ашылса деп армандады, ал Бөкейханов оған басын қатырғысы келмеді. Оқулықтар құрастыру, қазақ тілін жүйелеу бұл «Алашорданың» революциялық орынын анықтауға негіз қалай алмайды, бұл іс миссионерлерге тиесілі бастама»,– деген уәжінен байқауға болады.

Иә, Потанин: қыр елінің болашақтағы астанасы – Ақмола болуы тиіс, онда университет ашылатын күн де туады,– деп армандады. Ал Бөкейханов: бұл келешектің ісі. Дәл қазір оған Ақмола дайын емес, – деп есептеді. Араға тура тоқсан жыл салып барып қос дегдардың болжамы шындыққа айналды. Мәселе, Қ.Жұбановтың Ақмоланың астана болатындығына мысқылдай қарағанында емес, мәселе – Ә.Бөкейхановты, сол арқылы Шоқан мен Ыбырай бастатқан мұқым қазақ зиялыларын, оның ішінде өзі де бар – миссионер деп бағалауында. Бұл кеңестің басты мақсаты «Алашордашылардың» атын өшіре отырып, сонда айтылған пікірлерді тасқаяша қағыстырып, болашақ алашордашылардың, яғни, «барған сайын шиеленісе түсетін таптық күрестің барысында» алдағы уақытта анықталуға тиісті алашордашылардың үшінші толқынының тізімін жасау үшін құрылған сияқты әсер қалдырады. Өйткені осы келеңсіз келеге қатысқандардың барлығы да төрт жылдан соң «алаш идеясын жүзеге асыру үшін құрылған астыртын ұйымның мүшесі», «Жапонияның барлау қызметінің агенті» болып шыға келді. Өйткені Қазақстанға жаңа келген Мирзоянға Сталин:

«Ұлыорыстық шовинизммен тек қана жергілікті партия ұйымдары ғана күресіп жатқан жоқ, бәрінен бұрын БК(б)П Орталық Комитеті жаппай шұғылданып отыр. Қазақ большевиктерінің кезекті міндеттерінің бірі ұлыорыстық шовинизммен күресе отырып, барлық күш-қуатты қазақ ұлтшылдығы мен соған бейімделушілерге қарсы күреске жұмылдыру болып табылады. Онсыз Қазақстанда лениндік интернационализмді ұстап тұру мүмкін емес. Бұқараны интернационалистік тұрғыдан тәрбиелеу жұмысы Украинаға қарағанда Қазақстанда қарқынды жүргізіліп жатыр деп айтуға болмайды. Қайта керісінше шығар. Егерде, бұған қарамастан, дәл қазіргі кезеңде Қазақстан үшін ұлтшылдық басты қауіп болмаса, оның басты себебі Украинаға қарағанда қазақ ұлтшылдарының шетел интервенттерімен байланыс жасауының қиындығында. Алайда Қазақстан үшін қолайлы мұндай жағдайға қарамастан қазақ коммунистері қазақ ұлтшылдығымен және оларға іштартушылармен күресті босаңсытпауы тиіс. Керісінше, қазақстандық ұлттар бұқарасының санасына лениндік интернационализмді сіңіруге барлық жағдайды жасау үшін жергілікті ұлтшылдықпен күресті барынша ауқымды түрде күшейту қажет. Басшылыққа алу үшін БК(б)П Орталық Комитетінің Тәжікстан туралы қаулысын жолдап отырмыз»,– деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 442-бет) тапсырма берді.

Мұндай нұсқау кезінде Қужаққа да – Голощекинге де беріліп, алашордашыларды жаппай жазалау науқаны басталған болатын. Мирзоян да сол жолдан ауытқыған жоқ. «Алашорданың» контрреволюциялық іс-әрекетін әшкерелейтін жинақ құрастыртып, оны талқыға салған ғылыми кеңес өткізді. Ал төрт жыл өткен соң Мирзоянның өзін де ажал сыбағасы күтіп тұрды.

Келеңсіз де келелі сол кеңесте Мұхамеджан Тынышбаевтің ұлттық идеяны қалыптастыру мен ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты қайраткерлігі қақында кереғар пікірлер білдірілді. Тіпті қыжыртпа қақтығыстарға да себепкер болды. Біз өздерін де сондай тағдыр тауқыметі күтіп тұрған шешендердің пікірлерін М.Тынышбаевтің түрмеде қойылған сұрақтарға берілген жауаптарымен жарыстыра, салыстыра дәйектейміз. Міндетіміз – Біртұтас алаш идеясының қалыптасуын қамту болғандықтан да, алаш идеясының атаусыз қалған үшінші толқынының ой-тұжырымын қамти кетуді парыз санадық.

Біртұтас Алаш идеясы жолындағы өмірлік күрес бағдарламасын М.Тынышбаев өзінің «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты 1905-жылғы 19 қарашада автономиялардың І съезінде жасаған баяндамасында тұжырымдап алған болатын. Дума мүшесі ретінде ол қазақ жұртының саяси-әлеуметтік, рухани талабын империя депутаттарының алдына тұңғыш рет жастыққа тән өжеттікпен батыл әрі батыра айтты. Саяси бағдарламаның кіріспесінде ол:

«Қазақ даласы ерекше мәдени, әлеуметтік-саяси және қоғамдық-экономикалық жағдайларға ие, ерекше заңдар негізінде басқарылады. Сондықтан да қыр еліндегі қазіргі қозғалыстың жалпы сипатын түсіндіру үшін, одақ мүшелерін оның өкілдерімен жұмыс істеуге тура келетін және Ресейде оларды өте аз білетін халықпен таныстыру үшін қазақтар жөнінде, басқару жүйесі және саяси, әдет-ғұрып, дін жөнінде, сол сияқты қырдағы қалыптасқан жағдайдың басты себепшісі болып отырған экономикалық қысым туралы қысқаша мәлімет беру қажет деп есептеймін. Қазақтар... 1897 жылғы жалпыға бірдей санақта 4.100.100 тұрғын халқымен Ресейде 6 орынға шықты... Бірақ, бұл санның дұрыс еместігі талассыз: қазақтарда соңғы кездерге дейін метркелік жазбалар болған жоқ, ал көптеген жерлерде әлі күнге дейін де енгізілмеген. Санақ кезінде қазақтар: үкімет әскери міндеттілікті енгізгелі жатыр екен деп ойлап, балаларын жасырып қалған (қазақтар әскери міндеттен босатылған). Торғай облыстық басқармасының бұрынғы кеңесшісі И.Крафт оларды 6 миллион деп есептейді, қазақтар тарихы мен тұрмысын өте жақсы білетіндердің бірі Я.Я.Полферов оларды 5,5 миллион дейді, біз де шындыққа жақындау сан осы ғой деп ойлаймыз. 1730 жылға дейін қазақтар өзіндік саяси тәуелсіз өмір сүрді және 3 ордадан тұратын одақ (үнемі болмаса да) құрды. Оларды шығыс монғолдар тегінен шыққан сұлтандар биледі. Қазақтардың өзі монғолдар тегінің әріден қосылатын бір бұтағы болып табылады және бәрінен де Қазан татарларына, әсіресе, қырым татарларына жақын. Ең жоғары билік ақсақалдар жиналысының қолында. Сұлтандар соғыста қол бастады және оларға орындаушылық билік берілді. Жан-жағынан жаулары қытайлар, жоңғарлар, қалмақтар, башқұрттар мен орыс казактары қыспаққа алған қазақтар 1730 жылдан орыстың қол астына кіре бастады, ал 1865 жылы Қоқан хандығы аймағында көшіп жүрген ең соңғы еркін көшпенділер де бағынды. Нақтысында ешқандай соғыс болған жоқ, өйткені қазақтар бұдан әрі өзінің тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын жақсы түсінді, сезінді. Осының нәтижесінде орыс өкіметіне тұтастай 5,5 млн. адамды кәдімгі адамгершілік праволарынан айырып қосып алу еш қиындыққа түскен жоқ. Қаншалықты ауыр, қаншалықты мұңды болса да, қазақтар еркін өмірімен еріксіз қоштасып, қасіретті кең даланың тынысындай бостандықтарынан бас тартуға мәжбүр болды»,– деп тарихи анықтама берумен бастады.

Шындығында да, қазақ үшін бостандық пен кең даланың тынысы егіз ұғым болатын. Жас инженер өзінің алғашқы саяси пікірін бұдан әрі:

«Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде ешқашан да орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де құқы жоқ өгей бала секілді боламыз деп ойлаған да жоқ. Үкімет саясаты мен қазақтардың қазіргі кездегі жай-күйі қазақтардың қаншалықты алданғанын анық көрсетеді. Қазақ даласында түрлі Ережелер енгізудің тарихын жайына қоя тұрып, мен сіздердің алдарыңызда бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін өзінің бостандығы мен саяси тәуелсіздігін көрсеткісі келген халықтың, орыс үкіметі бейнесінде әділеттілік пен заңдылықты көргісі келген халықтың шын мәнінде қандай жағдайға жеткендігін айтып бергім келеді. Бюрократтық өкімет қазақтар жөнінде өте жабайы және ойға келмейтіндей ережелер жасады», – деп дамытты.

Иә, бұл – ақылға сыйымсыз, бірақ бүтін халықты бұтарлауға таптырмайтын қастаншықпағыр Ереже еді. Өйткені: Орал, Торғай облыстары – әскери губернатор арқылы Ішкі істер министрлігіне; Ақмола мен Семей облыстары – әскери губернаторлардың үстінен қарайтын генерал-губернаторларға; Сырдария, Жетісу, Самарқан, Ферғана, Амудария облыстары – әскери министрлікке бағынды. Бұл, әйгілі «бөліп ал да, билей бер» деген саясаттың нағыз аяр үлгісі болатын. Мұндағы басты мақсат – тұтас ұлттың ұлттық мүддесі мен экономикалық тұтастығын, тіл мен дәстүр сабақтастығын, рухани мәдениетін ыдыратып, телім-телім ету еді. Тіпті бір губерниядағы азаматтық істердің өзі әр мекемеде әр қалай жүргізілді:

«Орыс соты қазақ өміріне қарай еш икемделмеген және тілді де білмейді, өзі әрекет ететін ортадағы халықтың әдет-ғұрпынан хабарсыз. Ауызша өсиеттер мен әдеттерге сүйенген және жазылған заңдары жоқ халық соты тұтастай әкімшілікке бағындырылған, ендеше, Түркістанда ол әскери министрлік мекемесіне, ал басқа жерлерде – Ішкі істер министрлігіне қарайды. Некелік және әлеуметтік істер бір жерлерде халық сотына, ал кейбіреуінде тікелей әкімшілікке, үшінші біреулерінде қазақ діни басқармасына берілген. Метрке кітаптары бір жерде казак діни басқармасында, енді біреулерінде аудан старшындарында (селолық полицейлерде)».

Қазақ депутаттары Думада:

«Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер құқығы ... туралы бір ауыз сөз айтпады»,– деген Н.Гредускуланың сөзінің қисынсыз гротекст екеніне М.Тынышбаевтің мысал келтіре отырып:

«Қазақ даласы әкімшілік және сот жағынан алғанда жүз ойланып, мың толғансаң да қиял жетпейтін ала-құлалық пен ақымақтыққа толы екенін көреміз. Бір тілде сөйлейтін, біртұтас әдет-ғұрпы мен тарихы бар, бір дінге сенетін тұтастай халықты басқарудың осындай өмірге икемсіз, қолайсыз жүйесін жүзеге асыруда өкіметтің неге сүйенгендігі бізге тіпті де түсініксіз және де өкіметтің өзі де ешқандай дәлел айта алмас деп ойлаймын. Іс жүзіндегі заң бойынша, генерал-губернаторлар өздерінің басқыншылық өкілеттігімен кез-келген қазақты, дүниеге жаңа келген сәбидей күнәсіз болса да, жер аударуға құқы бар. Жоғары мәртебелінің алдында итше жорғалап, жағымпазданып үйреніп қалған чиновниктер, сонымен бірге халықты «орыс пен қазаққа бөліп қарайды», олардың ойынша: қазақтардың мүдделері, түз халқына тән нәрсенің барлығы – құрту мен аймақты орыстандыру жолында құрбандыққа шалынуға тиіс, бұл үшін ең соңғы шараларға да баруға болады. Орыс өкіметінің пікірінше, қазақтар – адам емес, олардың өмір сүруге ешқандай да құқы жоқ зиянды тіршілік иелері, сондықтан да олар қазақтарға ойына келгенін істейді. Халыққа террор жасау әбден шегінен шыққан: адам төзгісіз заңсыздық пен қысымнан қан қақсайды... Қала түрмелері бастықтардың бұйрығы бойынша отырғызылған қазақтарға толы: бастықпен кездесіп қалғанда бас киіміңді алмасаң болды, түрмеге отырдым дей бер...»,– деп күйіне баяндап, әшкерелей дәйектеуі дәлел.

Бұдан да сорақы әрі рухани қорлықты М.Есполов Самара құрылтайында:

«1906 жылғы жаппай қоныс аударудың қарқыны ерекше болды. Қоныс аударушыларды мемлекеттік мекемелердің кеңшілік жасағаны сондай, 1912 жылы қасиетті Синодтың жоспары бойынша, әрбір қазаққа екі қоныстанушыдан келсін пәрмен берді»,– деп («Алашорда қозғалысы», 2 том, 223-бет) әшкерелеген болатын.

Осы шешімді дайындаған «қасиетті әкейлердің» жүргізіп отырған шоқындыру саясатына тоқталған М.Тынышбаев:

«Осылайша әкімшілік бұйрықтар мен іс жүзіндегі заң бойынша, қазақтар бастықтың рұқсатынсыз аяғын қия баса алмайтын болды. Қазақтардың кәдімгі адамдық құқықтары да жоқ: халықтың өмірі мен ар-ұятын әкімшілік толық билеп алған. Мешіт, медресе және құран оқитын ғибадатханаларды жабу, діни кітаптарды кәмпескелеу мен рұхсат етпеу, қазақ тіліндегі інжілді (евангелиені ) таратып беру мен оны қабылдағысы келмегендерді Сібірге айдаймыз деп қорқыту, миссионер-мұғалімдер оқытатын орыс емлесін міндетті түрде қазақ дін училищелерінде (медрессе – Т.Ж.) оқытуды енгізу туралы бұйрықтар, қазақтарды мылтық оқпаны мен қылыш жүзін сүю арқылы ант бергізу жобасы, қазақ балаларын миссионерлік үйлерде ұстап, оларды православный деп жариялау, православиені қабылдаудан бас тартқаны үшін қазақ қызының басына құрсау салып қинау, өтініш пен арызды қазақ тілінде беруге шек қою мен болыстық канцелерияларда хат жазуды орыс тілінде жүргізуді енгізу және басқа да бірқатар адамдардың жеке басы мен ар-ожданын дөрекі түрде күлкіге айналдыру мен күш көрсету – мұның бәрі мырзалар, XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында болып отыр және мұның бәрі күні бүгінге дейін адамдар мен құдай көзінен таса қалған алыс аймақтарда сақталып отыр. Мұның Ұлы Ресей державасының теократиялық және бюрократиялық надан өкіметінің тегі басқалар мен басқа діндегілерге қарсы крест жорығы демегенде, не дейміз?»,– деген ызалы баяндамасы арқылы оқығанның да, тыңдағанның да айызын қандыра жеткізді.

Осы арада жоғарыдағы келтірілген Қ.Жұбановтың:

«Оқулықтар құрастыру, қазақ тілін жүйелеу – бұл «Алашорданың» революциялық орынын анықтауға негіз қалай алмайды, бұл іс миссионерлерге тиесілі бастама»,– деген «бағамы» еріксіз езу тартқызады.

Ащы шындық өзегін өртеген жас депутат қыза келе батыл пікірден:

«Қазақтар орыстың қол астына кіргеннен бері бір де бір шуақты жарқын күн, бақытты сәт болған емес! Содан бері ешкім де, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болсын игілікті іс, немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойланған жоқ»,– деп батыра айыптауға көшті.

Бұл орайдан алғанда, қазақ ұлтын – зиялысыз, можантопайлар жұрты ретінде көрсетуге тырысқан «тарихшыларға» қарсы шыққан Әзімбай Лекеров маркстік ілімге сүйене отырып, өнеркәсіптік-тауарлық қарым-қатынастың көшпелі қоғамдағы орынын асыра бағалауға болмайтынын:

«Мұндай әсіре бағалаушылықтың салдарынан біз бүгінгі күннің өзінде коллективизация науқанында асыра сілтеуге жол беріп алдық. Бұл мәселеге орай жіберілген саяси қателіктер Өлкелік Комитеттің ҮІ пленумының шешімінде ашып көрсетілді. Алайда феодализмді де дәріптеуге болмайды. Жұмағұлов жолдас: бізде феодализм үстемдік құрды деді. Ал «Алашорда» ұлттық феодализмнің көрінісі. Консервативтік, реакциялық тұлғасы ашық айқындалған қозғалыс. Бүкілодақтық халықаралық жағдайды ескере отырып, біз «Алашорданың» прогрессивтік тұстарын ашық айтуға тиістіміз. Бұл жай авторларды алаңдатпай-ақ қойсын... Бөкейханов белгілі бір әлеуметтік қабаттың көсемі. Сонымен қатар: 1917 жылға дейін «Алашорда» болған жоқ, жекелеген қайраткерлер ғана шықты дейді, бұл дұрыс емес. «Алашорда» саяси ұйым ретінде 1917 жылдың ақпанынан кейін құқықтық тұрғыдан тіркеуден өтсе де, саяси ағым ретінде одан әлдеқайда бұрын қалыптасты. Бөкейханов (Тынышбаев та Т.Ж.) І мемлекеттік Думаның мүшесі болды. Ал думаға айдаладағы адамды кіргізбейді...»,– деп «Алашорданың» тәркілеу мен мойынсерік мәселесі жөніндегі бағыт-бағдарының дұрыстығын 1931-1932 жылғы ашаршылықты емеуірін ете отырып, ескерте кетті.

Бұл да орайын келтіріп айтқан орынды пікір болатын. Осындай саяси емеуіріндер арқылы тарихи шындықты жеткізу жалаң идеологияның тұсындағы «саяси шешендіктің» бір тәсілі еді. Сонымен қатар Ә.Бөкейханов пен М.Тынышбаевті «қазақ халқының жендеті» етіп көрсетуге қарсы білдірген наразылығы да. Нағында олар «айдаладағы жендеттер» емес, ұлт көсемі еді. М.Тынышбаевтің:

«Үкімет тарапынан қазақтар: қуғын-сүргінді, өз дінін пайдалану еркіндігіне жасалып отырған қысымды, саяси құқыларының аяқасты етілуін көріп қана отырған жоқ, олар сонымен бірге экономикалық салада да үлкен зұлымдықтарды бастан кешіріп отыр... Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерді тартып алу арқылы олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күштірек және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!»,– деп халықтың жанын жаныштап, қанын сұйылтқан әлеуметтік-экономикалық мәселе көтеруі соған айғақ.

Бұл мәселе бүгін де сол күрделі күйінде қалып отыр. Өйткені, қымқырмаға құрылған жекешелендіру тұсында және қылмысты алпауыттар тобы үкіметтік қолдауға ие болған тұста қазақ ұлты құнарлы жерден тұтасқа жуық айырылып қалды. Ал иеленіп қалғандардың еншісіндегі жер, М.Тынышбаев тауып айтқандай, «адамды қойып аң да тұра алмайтын айтақыр дала мен құмды шөлейт, сортаң тақыр». Соның нәтижесінде, «жер өңдеумен айналысатын да жер қалмады. Осыдан-ақ қазір де қазақтардың неліктен жан басының кедейленуінің үдеп отырғанын» түсіну қиын емес. «Міне, ...қазақ халқының тұтасқа жуығын правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осындай», ал келешекте күтетін «сыбағасының» қандай боларын кім білсін! Бұл ретте М.Тынышбаевтің:

«Үкімет, біріншіден, жабайы, варварлық репрессиялармен және тілді, әдеп-ғұрыпты, дінді, ұлтқа тән қасиеттің барлық көрінісін қуғындау арқылы, жалпы, қазақтарды жеке ұлт ретінде құртып жіберіп, аймақты орыстандыруға; екіншіден, түрлі әкімшілік шаралар, бұйрықтар мен ережелер арқылы қазақтарды еріксіз, заңнан тыс тобырға айналдыруға; үшіншіден, оларды өздерінің қандары сіңіп, сүйектері шашылған жерлерінен айырып, жалаңаш қураған жерлерге өлім құшағына қуып шығуға ұмтылғаны анық. Міне, қазақтар бұрынғы тәуелсіздігі мен бостандығының орнына бейбіт және қантөгіссіз орыстың қол астына кіргені үшін неге ие болды десеңші! Осыдан соң сөзбен орақ орып, іс жүзінде ештеңе істемейтін өкіметке қалай сенуге болады. Бүкілхалықтық қозғалыс кезіндегі үкіметтің іс-әрекеті мен бұйрықтары қазақтардың қандай да болсын манифестке, рестскриптерге сенбеуге толық құқы бар екенін анық көрсетті»,– деген сөзі жүрекке инедей шаншылып, жаныңды жадылайды.

Отаршыл империяға бұдан артық қандай саяси талаптар қойылуы мүмкін. Бұл пікірлерде ұлт-азаттық қозғалыстың ұшқындары жоқ деп кім айта алады? Айта алатындар табылды. Оларға қарсы тарихшы Әлжанов:

«Алашорданың» ықпалы туралы. Брайнин мен Шафиро: бұл компрадорлық, келісімшіл қозғалыс – деп мәлімдеді. Шындығына келсек олар өздерін қалың бұқаралық қозғалысты бастаған көсем ретінде көрсетті. Қазақ бұқарасы «Алашорданың» реакцияшылдық бағытын сезіне алмады. Олар әлеуметтік маңызы жағынан емес: – Ахмет, Әлихан деген аттары үшін ғана соңына ерді. Мұндай бұлдыр елесті ашу қажет. Маңызды-маңызды деректерді келтіру керек. Әйтпесе, олармен күрес – бос сөз боп шығады. Қазақстандағы барлық қозғалыстың тарихы – қараңғы күйінде қалады. Ұлттық сананың сәулесі соңынан ғана жылтырайтын болады. Яғни, шындығында да: Қазақстан қазан төңкерісіне мешеулікпен келді, ол қызыл армияның штыгімен келді – деген қисынға саяды. Бұл: ұлттық-революциялық қозғалыста өзіндік белсенділік болмайды – деген троцкішіл қисынға шекарасы жақын ұғым. Қозғалыстың өткендегі тарихын сендер ғана жазып отырған жоқсыңдар. Голощекин де айтқан. Ол барлық қозғалыс атаулыны «Алашордаға» әкеп тіреді. Сіздерде де ұрлық (плагиаттық) көп. Сілтемелерді ұқыпты пайланып, орынымен қою керек, өздеріңді «біз» деп, өзгелердің бәрін «ортодокстар» деу, бұл сіздердің пайдаларыңызға шешілмейтін тәсіл. «Алашорданы мадақтайтын ұлтшылдар шықты,– деген өсек те шығып жүр»,– деп, Брайнин мен Шафироның ғылыми алаяқтығын, оларға тапсырма беріп жаздырып отырған Қужақты әшкереледі.

Дума мүшесі М.Тынышбаев ұлт-азаттық идеяның негізгі тұжырымдамасын ұсынған бұл тұста Троцкий мен Голощекин айдауылда жүрген қатардағы Бронштейн мен Шая Ицкович қана болатын.

М.Тынышбаев (жалғасы): «1904 жылғы 12-желтоқсандағы жарлықпен ішкі істер министрінің 19-ақпандағы рестскриптімен және 17-көкектегі жарлықпен ата-баба дініне қайта оралу еркіндігін беруге, Сібірге дін мәселелері үшін айдалғандарды қайтаруға, жабылған мешіттер мен медреселерді және т.б. ашуға уәде берілді, бірақ айдаудағы молдалар қайтқан жоқ, мешіттер мен медреселер әлі де жабық, діни кітаптар тартып алынған күйі қалып отыр. Сонымен бірге өз патшаларының түрлі жарлықтары мен рестскриптеріне ешқандай мән бермейтінін көрсеткісі келгендей, қазақ балаларын ұстап алып, күшпен христиан деп жариялауда. Мен мұндай жағдайлардың басты кейіпкерлерін атайын – Орынбор губернаторы Барабаш, Торғайдағы – Ломачевский, соңғының кеңесшісі белгілі миссионер Г.Васильев және архиерей Левицкий. 18-ақпандағы рестскрипті бойынша, әркімге де өз қажеттіліктерін еркін айтып арыз жазуына құқық берілді: жергілікті әскерлер, қазақтарды қуып съездер өткізуге мүмкіндік бермеуге тырысады, ал Петерборда Булыгин сенімді адамдары арқылы халықтан куәлендірілген еркіндікті талап етіп, бар мүмкіндіктерін жұмсап, қазақтардың ұмтылыстары мен талап-тілектеріне кедергі жасап келе жатқан губернаторлардан рұхсат күтті. Сол рестскрипте өкілеттік тағы да «лайықты және халық ризалығына бөленген» адамдардан құрылады делінген. Қазақтар өткеннің ащы дәмін әбден татып болған. Булыгин барлық губернаторлардың мәлімдемесі арқылы өздерін дауыс беру құқынан айырғысы келген, қандай да болсын өкілеттілікке сене алар ма еді; кейіннен даладағы күшті толқулардың арқасында үкімет қазақтарды да қосуға мәжбүр болды, бірақ тағы да тек бір ерекше тәртіптер негізінде. Осында адамдар мен ұлттардың қандай да бір теңдігі бар ма?»

Міне, Брайнин мен Шафироның «жалған жіпсімесінің» салдарынан осындай жанкешті жанашырлықтың барлығы да «жендеттік, қарақшылық» болып көрсетілген.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Жазда Семей облысы, Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесінде үлкен жиын ұйымдастырылды: мұнда дала өлкесінде үлкен шу тудырған атақты петицияға 14,5 мың адам қол қойған. Әскери губернатор Романов пен әскери генерал-губернатордың іс басқарушысы Лосевскийдің даланы аралауы да қазақтарды тоқтата алмады. Күзде Семей губернаторы Галкин: өкімет бар күшін салып қазақтарды Омбыдағы жиынға жібермеуі керектігі – жөнінде бұйрық шығарды. Генерал Романов қазақ тәржімәшілерді босатып, орнына казактарды алу туралы бұйрық берді. Шаруа және уезд бастықтарына алдағы уақытта қазақтарға қатаң шаралар қолдану жөнінде және түрлі петицияларға қол қойған барлық қазақтардың тізімін алу бұйырылды. Ерекше белсенділік көрсеткен Қарқаралы уезінің бастығы Оссовский мырза бәрібір ойдағыдай нәтижеге жете алмады. Өйткені, қарқаралықтар қазақтардың ішіндегі ең әрекетшіл және саналылары еді: ол қалаға адамдарды жауап алу үшін, патшаға арналған петицияға қол қойған 42 адамды тауып алу үшін шақырды. Олардың барлығы да жауап беруден бас тартып қалаға келмеді.

11-қарашадағы «С.О»-да (газет – Т.Ж.) күш көрсетуге қарсылық пен үкіметтің уәделеріне сенімсіздік білдірген ашық протест түріндегі Семей және Павлодар уездеріндегі қазақ пен татар өкілеттілігінен жіберілген телеграмма (азамат Веттенің атына) басылған. Көптеген қорқытуларға қарамастан, Ақмола облысының қазақтары да біршама іс тындырды. Аталмыш, әсіресе, бюрократтық зорлық-зомбылық тым күшті жерлердегі, яғни, түрлі петицияларға 25 мыңға жуық адам қол қойған Дала өлкесіндегілер ерекше көзге түсті. Генерал Сухотинге барлық жиырма бес мың қазақты Сібірге айдап, айдалада өзі ғана патшалық құру қалды. Семей облысындағы қозғалыс Жетісуға дейін жетті. Мұнда Лепсі уезінің қазақтары үкіметтің шірік саясатына қарсы ашық протест білдірген және өз талаптарын қойған 1000 адамның қолы бар петиция жіберді. Қазақ өкілдерін кіргізу мәселесі барлық тұрғындарды толғандырғандықтан кепілдік берген делегациялар бірінен соң бірі келіп жатты. Олардың арасында Орал және Торғай облыстарының қазақтарын атап өтпеуге болмайды. Тұтастай айтқанда алғашқы кезеңдегі, яғни 6-тамызға дейінгі қазақтар талабы мынадай:

толық өзін-өзі басқару, ерекше заңдар мен әкімшілік бұйрықтарының күшін тоқтату, генерал-губернаторлықты, шаруа басшылары мен урядниктерді жою, әскери басқаруды азаматтықпен алмастыру, қазақтар жөніндегі заңдарды олардың өкілдерін қатыстыра отырып қайта қарау, сол мақсаттар үшін орыс сотын қайта құру және халық сотын саналы түрде юстиция министріне бағындыру, жеке басқа, тұрғын үйге, ар-ұятқа, сөзге (ауызша, жазбаша және тасқа басылған) тиіспеу, одақ және жиындарға қатысу негізіндегі азаматтық бостандық, газет, брошюра, кітап және т.б. болу үшін типография ашудың барлығына бірдей тәртібі, жалпыға бірдей, тең және құпия түрде, жынысына, ұлтына, діни сеніміне қатыссыз дауыс беруге негізделген сайлау өткізу және сайлау алдында үгіт жүргізуге рұқсат беру, қазақтарға тиісті жерлерді және солардың пайдалануындағы, қоғамдық меншігіндегі жерлерді мойындау».

Бұл біртұтас алаш идеясы ұйытқан алғашқы ашытқы ой еді. Ол туралы Ә.Бөкейханов:

«Қазақ даласы қазынаның меншігі, оған мұжықтар мен казактарды сұраусыз қоныстандыра беру керек деген заңдар алынып тасталуы керек», деді «Қазақтар» атты сол кезде жазған мақаласында.

М.Тынышбаев (жалғасы): «6-тамыздағы заң бойынша, дала өлкесі қазақ депутаттарының санын шектеуді көздеген ерекше топқа жатқызылғанын көрген қазақтар, олардың сайлау құқықтарын жергілікті халық арқылы басқару туралы қарсылық білдірді (11-қарашадағы «С.О»-ны қараңыз). Міне, қазақтардың, орыстың қол астында басынан кешірген және кешіріп отырған правосыз қорлығы жөніндегі қысқаша тарихы осындай. Кәдуелгі адамдық праволар бұзылып, өмір мен ар-ұят әкімшіліктің қатаң бақылауы астында әлі де бұрынғысындай қалып отыр және күш көрсету одан әрі жалғасуда. Заңдардың орнын жабайы әрі надан сатыраптардың әкімшілік жүгенсіздігі басты. Генералдар, олардың көмекшілері және басқа да арамтамақтар халықтың бар сөлін сорып алды. Революция басталғанға дейін қазақтар өздерін жүгенсіздік қыспағынан босатып, естеріне алар деп үлкен төзіммен күтті. Егер олар жөнінде ұмытып кеткен болса, өздері бас көтеріп бостандық, әділдік, теңдік жөнін де айта бастады. Жоғарыда айтылғандардан далада әлі де ешқандай саяси партияның жоқ екені түсінікті: қазақтардың барлық тілектері мен ұмтылыстары жаңа ғана мен келтірген мөлшерде. Толқуға соқтырған негізгі жайлар жөнінде мен баяндаманың басында айтып өттім. Халыққа қажетті автономия жөнінде дәл қазір айта алмаймын, өйткені мен белгілі бір бағыттамасы бар адам емес, кездейсоқ өкіл ғана екенімді ескерткім келеді» («Русский Туркестан», 1906 жыл. № 1. Т.Жұртбайдың қатысуымен әзірлеп ұсынған – Бейсенбай Байғалиев . Жұлдыз, 1992, №8, 142-146 б.б.).

Ұлт-азаттық қозғалыстың осындай ұйытқысын білетін «Социалды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамед Мусин алғашқы екпінмен:

«Бұлардың баяндамаларының басты кемшілігі олар алашорда зиялыларының өткендегі объективтік-революциялық орынын жоққа шығаруды басты міндет етіп қойғандығында... Шафироның: Алашордашылардың объективтік-революциялық қызметін мойындау қазақ халқының революциялық мүмкіндігін жоққа шығарады-мыс деп мәселе қоюы мүлде қате. Бұл мүлдем жаңсақ тұжырым, тіпті, надандықпен айтылған пікір... Бірінші мәселе: «Алашорда» зиялыларының төңкеріске дейінгі объективтік-революциялық қызметін мойындау керек. Шафиро мен Брайнин жолдастар айтқандай, бұл Алашорданың өткендегісін мадақтау ма, жоқ па? Менің ойымша, олай емес. «Алашорданы» мадақтау үшін бұл қозғалыстың обьективті-революциялық орынын мойындап отырғамыз жоқ, керісінше, бұл қозғалыстың тарихын маркстік көзқарас тұрғысынан талдау үшін мойындауымыз керек... Бұл қозғалыстың бағытына, идеологиясына, оның құрамына қарамастан, егерде ол қозғалыс самодержавиеге қарсы, имперализмге қарсы (дұрыс) бағытталса, олардың позициясын әлсіретсе, онда оның объективті-революциялық маңызы бар болғаны деп түсіну қажет. Ал сіздер деректерді олар самодержавиенің позициясын нығайтқан сияқты етіп пайдалануға тырысқансыздар. Бізде де біраз құжаттар бар, соларды да «Алашорда» өзінің өмір сүрген тұсында тек қана контрреволюциялық әрекетпен айналысып келе жатқандай тұрғыда пайдаланасыздар ма? Басқаша айтқанда, зиялылардың бұл қозғалысы царизмді қолдау үшін құрылған деп көрсетпексіздер ме?.. Ең соңында айтарым мынау: бұл қозғалыс Бөкейханов, Байтұрсынов, Тынышбаев, Қаратаев, Дулатов, Ғаббасов және т.б. сияқты ірі алашордашылардың ғана қозғалысы емес. Бұл қозғалыс жас қазақ буржуазиясының қозғалысы, қазақтың буржуазиялық-демократиялық жүздеген зиялыларының қозғалысы. Сондықтан да бүкіл қозғалыстың алатын орынын оның оншақты көсемінің сатқындық әрекетімен (олай айтпасқа амалы да жоқ еді Т.Ж.) бағалауға болмайды»,– деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 102-бет) мәселені бір бүйірден шаншудай қадап қойды.

Бұл – сол заман үшін өте батыл әрі «объективті-революциялық» пікір еді. Өкінішке орай, заман талқысы А.Мусинді де сескендірсе керек, келесі 26 желтоқсан күнгі отырыста өзінің жоғарыдағы пікірінде асығыс тұжырымдар барлығын «мойындап», райынан қайтты. Алайда ең қажетті сөзді айтып қалды. Бір таңданарлығы, осы пікірді С.Меңдешев те қорғаған сыңайда сөйлеп, өз өмірінен, А.Кенжин мен Б.Қаратаевтің іс-әрекетінен мысал келтірді.

Брайнин өзінің ғылыми дәрменсіздігін сезініп, тікелей саяси шарпысу мен шапшуға көшті:

«Федоров жолдасқа біздің ұсынып отырған талдауымыз ұнамайды екен. Мысалы, Қарқаралыдағы Петицияны бағалау турасындағы пікірлеріміз. «Сіздер бұл петициядан коммунизмді талап етесіздер. Бұл демократиялық талап. Бұл ұлттық-реформаторлық», дейді Федоров жолдас. Жоқ, мұның барлығы ойдан шығарылған далбаса... Мусиннің екінші сөзін алыңыз. Большевикке тән мінезбен өзінің қатесін мойындаудың орынына, ашық тұрған есікке басын соғып, міңгірлеп, өзгені кінәлай бастады... Момынов өткен жолы көзінің жасын көлдетіп, Байтұрсыновқа жоқтау айтты... Асфандияров бұрынғы сөзінде Мусинді қостап, бәрін де жайдақтатып жібергенсіңдер деді... Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетейін. Ол өзінің сөзінде: «Жәдидтер «Алашорда» қозғалысының бастауы», деді. Көрдіңдерме, жәдидтер «Алашорданың» бастауы екен... Одан әрі: «Қазақстанда пайда бола бастаған буржуазиялық-демократиялық қозғалыс обьективті-революциялық қозғалыс... Алайда ұлттық интеллигенцияның келісімпаздық сипаты барған сайын анықтала бастады», дейді. Демек, Қазан революциясына дейін ол қозғалыс революциялық болғаны ғой!.. Және бұл алашордашылардың кадеттермен тізе қосқан, Тынышбаевтің ІІ мемлекеттік Думадағы кадеттер фракциясына ашық кірген кезеңі туралы айтылып отыр...»,– деп кіжінді.

Тағдырдың мына тоғысын қараңызшы. Марксизм-ленинизм ғылыми институтының аға ғылыми қызметкері Әзкен Жұмағұлов сол мәжілісте «Социальды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамет (Әйтеке) Мусинді қолдап сөйлеген үзілістен кейі онымен танысып, екі күннен кейін А.Мусин оның мақаласын жариялайды. Бұл таныстық оларды қызмет жолында ғана қосақтап қана қоймайды, ату камерасына да бірге апарады. 1937 жылғы 3 қараша күнгі тергеуші Бернерге берген жауабында Ә.Жұмағұлов:

«Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдарының ұйымына мені 1935 жылдың басында сол кезде Қарағанды облысының хатшысы болып істейтін Әйтеке Мусин тартты. Мен Мусинмен Алматы қаласында, 1934 жылдың басында (нағында 1933 желтоқсанында Т.Ж.) Брайнин мен Шафироның «Қазақ буржуазиялық-ұлттық партиясының тарихы» атты баяндамасын талқылау кезінде таныстым... Сіздер тәргілеген ұлтшылдардың кеңес өкіметіне қарсы әдебиеттерін жинап, өзімнің кітапханамды жасақтадым. Мысалы мен Мусиннен 1913 жыл қазақ буржуазиялық ұлтшылдары шығарған «Айқап» журналының 13 санының тігіндісін алдым», деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрағаттары, ҮІІ том, 41-42беттер) көрсетінді берді.

Соның нәтижесінде осы мәжілісте пікірлес болған институттың директоры Әзімбай Лекеров, Айтмұхамет Мусин, Әзкен Жұмағұлов, Ізмұхан Құрамысов, Санжар Асфандияров бір іске тіркеле қосақталып, ату жазасына бұйырылды. Сол мәжілісте Санжар Асфандияров та алдыңғылардың пайымдауларын ғылыми ұстаныммен қостай сөйледі. Төраға І.Құрамысов:

«Асфандияров жолдастың сөзінің дені өткен жолғы кеңестегі сөйлеген жолдастардың қателігін қайталады. Сондықтан да біздің ең білімді тарихшыларымыздың бірі Асфандияров жолдас келесі жолы қайыра сөйлеуге дайындалуы керек деп ойлаймын. Біраз мәселеге тоқталып жатпаймын. Асфандияровта бейдиалектикалық қарама-қайшылық бар. Ол өзінің сөзін: барлық интеллигенцияны кадеттермен теңестіресіңдер деген желеумен бастады да, ал өзі барлық интеллигенцияны алашордашыларға қосақтады. Яғни, Асфандияровтың пікіріне жүгінсек, 1917 жылға дейін «Алашорда» объективті түрде прогрессивті болған, ал 1917 жылдан кейін аяқ астынан өзгеріп шыға келген... Асфандияров жолдасқа қатысты айтарым, оны «есептен шығарып тастаудың», сәл де болса басын қатерге тігудің қажеті жоқ, оны сақтай білуіміз керек. Бұл мәселе жөнінде мен де қателіктер жіберген болатынмын... Асфандияров жолдастың сөзінің әсерінен кейін: оған неге сөз бердім екен, алдыңғы шешеннен кейін жарыссөзді неге тоқтатпадым екен, деп өкініп отырмын. Сондықтан да Асфандияров пен Федоров бұл мәселе жөнінде қайталап сөйлеуі тиіс. Ал біз олардың не дейтінін тыңдайық, оларға өз қателерін түзетуге көмектесеміз, қажет болса, ұрсып та аламыз»,– деп екіжүзді өкініш білдірді.

Оның бұл сөзіне қарағанда А.Мусинді алдыңғы пікірінен бас тартуы үшін екінші отырысқа ырқынан тыс алып келгені байқалады.

Енді осы тәпсірлердің тергеудегі талқысына тоқталамыз.

2.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберілген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды.

1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газетінің:

«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», деп жазуының астары осында.

28-29 желтоқсандағы кеңесте С.Асфандияров өзінің пікірін одан әрі тереңдетіп әрі-сәрі күйде:

«Импералистік соғыс кезінде бұл зиялылар бұқараны күйреуік көңіл-күйде ұстады. Тек жалғыз Тынышбаев қана: Германияға қарсы майданда «ақ патшаны» қолдаңдар, германдықтар келсе, ауылдарыңды тонайды деген мағынада үгіт жүргізді. Кезінде мен Тынышбаевқа: бұлай деуге қалай дәтің барады, дегенім есімде. Анығын айтсақ, қара халық бұл майданда Түркияның жеңіп шығуын қалады. Міне, жалпы жағдай осындай болатын... Бұл қозғалыс революциялық емес, ұлттық-реформистік қозғалыс»,– деген пікір білдірді.

«Алаш» партиясының үкімет мүшелігіне ұсынған №2 үміткерге 1917 жылы 28 қазанда «Қазақ» газетінде берілген анықтамасы М.Тынышбаевтің ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік рухынан толық хабар береді. Онда:

«25 июнь жарлығы тақырыпты Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхамеджан көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уәлаятына Куропаткин генерал-губернатор болып тұрған кезде Жетісудағы бүліншіліктің не себепті болғандығын, айыптың бәрі Жетісу қырғыз-қазағында емес, жергілікті хакімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхамеджан. Түркістан уәлаятындағы қазақ-қырғыздың жер-суы переселен мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын, жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һам мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ-қырғыз аса таршылықта қалатындығын анықтап доклад жазған Мұхамеджан.

1905 жылы бостандық елестеген кезде Петроградқа һәр облыстан түрлі мәселелер һақында ізденуші қазақтар көп барғанда, қазақтың пәленше-түгенше деп Алашқа аты шыққан кейбіреулері арызшылардың қалтасын қанауды кәсіп қылғанда, басшылық етіп, еңбегін сатпай, қызмет көрсеткен Мұхамеджан. Ол жылдары Мұхамеджан Петрборда оқып жүрген студент еді. Сол жылғы петрборшылар Мұхамеджанның кім екенін, басқалардың кім екенін біліп қайтқан.

Мұхамеджанды өзгерістен кейін хүкімет Түркістан комитетіне ағза қылып сайлады. Түркістан уәлаятындағы бес облыс һам Бұқара, Хиуа істерін басқару үшін құрылған Түркістан комитетінің барлық 9 ағзасының екеуі қазақ еді: Әлихан һам Мұхамеджан. Мұнан көрінеді: Мұхамеджан қазақта бір болса – өзі, екі болса – екінші кісі екендігі. Жаз бойы Мұхамеджан қазақ-қырғыз һам мұжықтар үшін жәрдем сұрап, Петрборға барып қайтты»,– деп жазылды.

Бұл сөздердің астарында ұлт мүддесі үшін бар өмірін арнаған алаш азаматының қайсар рухы жатыр. Қазақ тарихында зерттелмеген аса бір талмауытты тұс осы. Бұл мәселеге жанын сала кірісіп, жүздеген мың қазақты отанына қайтарып, жерге орналастырып, сол үшін басын бәйгеге тіккен адам – Мұхамеджан Тынышбаев. Түркістан генерал-губернаторына қырғынның барлық шындығын ашып айтып мәселе қойған да, уақытша үкіметтің арнайы тергеу комиссиясын құрғызған адам да – Мұхамеджан Тынышбаев. Соның нәтижесінде ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы жазалау отрядтарының «әскери серуені» – қанды қырғыны туралы әшкерелеуші деректер мұрағатта сақталып қалды. «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты «Қазақ» газетінің 1917 жылға 6 желтоқсан күнгі санында:

«Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны 164 мың, қырылғаны 83 мың, қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, көп емес. Пішпек, Пржевалскі уездерінен қашқанның бәрі қырғыз, Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ (үйсіннің албаны). Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқындарының жартыға таяу адамы қырылған», деп талдау жасады.

Бұл С.Брайниннің:

«Біз Бөкейхановтың Торғайда, ал Тынышбаевтің 1916 жылы Куропаткинмен бірге тәржімашы ретінде, ал нағында патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасының жендеті ретінде Жетісуда не айтқанын жақсы білеміз. Мұның барлығын алашорданы мадақтау демей, жайдақтау демей басқаша қалай түсінуге болады? Басқаша түсіндіріп көріңдерші қане...»,– деп сес көрсететін тұсы.

Әрине, мұны «басқаша түсіндіруге» әбден болатын. Ол үшін Брайниннің бөртпе бүркемесіне емес, М.Тынышбаев пен О.Шкапскийдің 1917 жылы 30 наурызда Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссарлары болып тағайындалысымен Петроградқа шұғыл түрде жолданған төмендегі жеделхаттары «халықтық жендеттің» қандай іс-әрекетпен шұғылданғанынан анық мағлұмат береді. Ж.Дүзбаевтің жарияланымы бойынша ұсынылып отырған бұл жеделхаттардың мазмұны онсыз да түсінікті болғандықтан да, талдап жатпаймыз:

12-мамыр. 1917 жыл. Петроград, (бес адреске). «Бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтың зардабынан Жетісудағы егіндік пен шабындық жерлер қурап қалды. Күзде алынатын өнім болмашы ғана, ал шөп мүлде жоқ. Барлығы дерлік күйіп кеткен. Қыста соның салдарынан мал түгел қырылатыны анық. Орыстардың көтеріліс кезінде тартқан шығындарын өтемей орыс пен қазақ-қырғызды татуластыру мүмкін емес. Сондықтан да алдағы үлкен апаттан елді аман алып шығу үшін міндетті түрде шұғыл шаралар қолдану қажет... Өлкенің экономикалық, географиялық және саяси ерекшеліктерін ескере отырып өздігінен шешім қабылдай алатын, Түркістан Комитетіне тәуелсіз, арнаулы Жетісу Комитетін құруға рұқсат етіңіздер. Комитетті күшейту мақсатымен осы өлкеде туып өскен социал-демократ, меньшевик Илья Шендриковты үшінші Комитет мүшесі етіп бекітулеріңізді сұраймыз. 12-мамыр. 29-нөмір. Шкапский, Тынышпаев (кейбір құжаттарда осылай жазылған – Т.Ж.)»;

31-мамыр. Петроград. Шепкинге. «Бүгіннен қалмай мен Қарқараға жүремін, қырғыздар (қазақтар – Т.Ж.) арасында әлеуметтік реформалар жүргізу қажет. Феодалдық құрылысты әшкерелеп, оны түп-тамырымен құрту керек. М.Тынышпаев»;

Қарқарадан келгеннен кейін Петроградтағы Азық-түлік министрлігіне, Жер қатынастары министрлігіне, Юстиция министрлігіне, Ағарту министрлігіне, Түркістан Комитетінің председателі Шепкинге, Мемлекеттік Дума ішіндегі мұсылман фракциясына және беделді деген газет редакцияларына шұғыл телеграмма соғады:

«Халықтың болашағы бірлікте! ...Ел ішіндегі жағдай өте ауыр. Бірінші маусымда уездік комитеттердің және басқа да комиссия мүшелерімен бірге Қытайдан қайтып оралған қазақ-қырғыздардың қоныстарын аралап қайттық. Олардың ауыр тұрмысы біздің жанымызға қатты батты. Елдің үстіне ілген киімдері алба-жұлба болып тозған, балалар өте аз, олардың көпшілігі нашар тамақтанудың салдарынан рахит ауруына шалдыққан. Бойжеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, оларды Қытай Түркістанында нанға айырбастаған көрінеді. Киіз үй дегендері – таяққа қыстырылған алба-жұлба киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған дейді... Ең қорқыныштысы қазақ-қырғыздардың жаппай аштықтан қырыла бастауы. Қарқаралыға бара жатқанымда жол шетінде құлап өліп жатқан жиырмадан аса өлікті өз көзіммен көрдім, бірнешеуі балалардың өлігі. Орыстардың қазақ-қырғыздарға көрсеткен зорлықтары шектен шығып кетті... Түпке менің келуімнен аз бұрын, демалыста жүрген бір топ солдат бандылар қазақ-қырғыз ауылын шауып, бүкіл малын айдап әкетіпті. Ал, тоналған малды айдатқызып әкеткен үш адамды бала-шағасымен жол-жөнекей жайратып кеткен. Қылмыстылардың ізімен дереу қуғын жібердім. Бұл, өкінішке орай, жеке-дара уақиға емес... Пржевальскі уезінде үлкен дүрбелең басталды. Шаруалар егіс науқаны қызған шақта жұмыстарын тастап, ірі селоларға, қалаларға жиналып, жер-жерлерде жалда жүрген жүздеген қазақ-қырғыздарды соққыға жығып, өлімші етіп сабап кеткен.

Бұл көтерілістің шығуының басты себептерінің бірі – әйгілі қоныс аудару саясаты арқылы қазақ пен қырғыздан бірқатар шұрайлы, егістік жерлерді тартып алуда жатыр.

Көтерілістің тағы бір себебі, менің ойымша, жергілікті феодалдық құрылыс, бұл туралы 1906 жылғы «Известия географического общества» журналында басылған «Киргизы и крестьяне» деген мақаламда жазған болатынмын. Жергілікті бай-манаптармен, осы жолғы сапарымдағы істі одан әрі жалғастырып, үздіксіз күрес жүргізу керек. Жүріп өткен жерлерімде митингілер ұйымдастырып, тіл білетін шешендерді сөйлетіп, елге жаңа үкіметтің саясатын түсіндіру барысында біраз жұмыстар жүргіздім. Жаңа үкіметтің атынан осы жылғы жиналатын алым-салықты қысқартып, манаптық басқару жүйесін тараттым. Елдің бәріне бірдей теңдік жарияладым. Мұндағы ойым – онсыз да қытайлықтар мен орыстардың тонауынан қайыршылық жағдайына түскен аш халықты манаптардың «шығын» деп аталатын алым-салығынан құтқару еді. Алайда, мұндай бірлі-жарымды істелінген шаралар жеткіліксіз, бай-манаптармен күресу үшін демократиялық өзіндік басқаруды енгізіп, бұл өлке өте мұқтаж болып отырған ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Аштықтан қырылып жатқан қара қырғыз халықтарына қол ұшын беріп, олардың күйреген шаруашылығын қалпына келтіріп беру – орыс халқының ар-намысына жүктелген абыройлы міндет. Жетісуда азық-түлік мәселесін шешу үшін міндетті түрде астық монополиясын енгізу керек. Ол басы артық астықты жиып алып, мұқтаж болып отырғандарға теңдей бөліп беруге мүмкіншілік туғызады. Қырғыздардың күйзелген шаруашылығын қалпына келтіру үшін Қытай Түркістаны базарынан мал сатып алып, оны тақыр кедейлерге тегін үлестіріп берген жөн. Соңғыларына сонымен қатар баспана боларлық киіз үй жасап алуларына қаржы бөлу қажет. Қанат жайып кеткен тонаушылық пен күрестің алғашқы қадамдары жасалып жатыр, яғни, шаруалар мен демалыстағы солдаттарды қарусыздандырып, мылтықтарын жиып алдым. Қылмыс үстінде ұсталғандарға дереу сот жүргізу керек... Соған байланысты тергеу ісін жүргізуде басшылық жасайтын прокурор жолдасты, уездік комитеттердің өкілдерінен уақытша құрылған присяжныйлардың сотына төрелік ететін сот өкілін командировкаға жіберулеріңізді сұраймын. Қылмыстыларды маусымның аяғына қалдырмай қатаң жауапқа тартқан дұрыс. Әйтпесе, бандылардың айуандығы шектен шығып барады.

Сот сонымен бірге бай-манаптармен күресу үшін де қажет. Алғашқы сапарда бастап кеткен осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға орыс революциясының міндеті мен мақсатын толық ұғынған, жұмыс істейтін саналы жолдастар керек. Өкімет басшыларынан қазақ-қырғыз халқы аса мұқтаж болып отырған азық-түлік дайындауға және шаруашылықтарын қалпына келтіруге жұмсалатын қаражат бөлулерін өтінемін. Орыс және мұсылман қоғамдарынан Жетісу өлкесіне бұл іске жан сала кірісетін қызметкерлер жіберіп, көмектесулерін сұраймын...

Социал-демократтар, меньшевиктер, халықшылдар және т.б. партиялардан осы үндеуді қолдап, қолғабыстарын тигізулерін сұраймын. Большевиктерді әдейі шақырмай отырмыз. Демагогиямен айналысып, бос сөйлеп жүргендер өзімізде де жеткілікті. Ұлы Русь, орыстар мен мұсылмандар, шалғай түкпірдегі Жетісу қырғыздарының басына ауыр іс түскен шақта бар көмегін аямай, олардың бай-манаптар езгісінен босанып, басқа да Россия халықтарымен қолтықтасып прогрестің кең жолына шығуына көмектеседі деп сенемін. 85. Уақытша үкіметтің Түркістан Комитеті мүшесі М. Тынышпаев»;

«1917 жылғы тамыз. «Орыс-қырғыз арасындағы шиеленіскен ауыр жағдайды қалпына келтіру үшін бірінші кезекте олардың шығындарын өтейтін қаржы сұрап мамыр айының басынан Ташкентке 41, 61, 67, 70, 85, 96, 103, 123 нөмірлермен, Петроградқа 29, 42, 79, 113, 127, 256 және 344 нөмірлермен телеграммалар жөнелткен едік. Жауап жоқ... Қолға түскен орыс бандыларына сот жүргізу үшін жергілікті комитет мүшелерімен бірге уақытша присяжныйлар сотын құруын сұрап, Юстиция министрлігіне екі рет хабар жіберген болатынбыз. Өкінішке орай, оған да әлі жауап жоқ. Бұл, әрине, бандылармен күрес жүргізу жұмысына үлкен кесірін тигізуде. Ташкентте отырып бұл жердегі жағдайды көріп-білу мүмкін емес, жауапсыз жандардың іске араласуы жағдайды шиеленістіргеннен басқа пайда бермейді. Сіздің игі ниетпен жіберген комиссияңыз, сот өкілдері мен солдаттарыңыз істі тек насырға шаптырады. Соның қырсығынан жергілікті халықтың сенімінен айрылып қалуымыз мүмкін. Тірнектеп жиған абыройымызды уыстап төгетін бұндай іске араласудан бас тартамыз. Өтінішіміз қанағаттандырылмаған жағдайда отставкаға береміз...

Жазалаушы экспедиция мен жауапсыз адамдардың орнына шынайы интеллигенция өкілдері: судьялар, дәрігерлер, тергеушілер, комиссарлар керек, мұқтаж болып отырған 11 миллион сом ақша керек; эпидемиямен күресу үшін дәрі-дәрмек керек, алыс аудандармен байланыс жасап тұруға автомобильдер керек. Илья Шендриков керек... Ал, сіздердің экспедицияларыңыз орыс-қырғыз қатынасына кесірін тигізіп, біздің еңбегімізді еш ететіні анық. Шешімдеріңізді қайта қарағандарыңыз дұрыс болар еді. 349. Шкапский, Тынышпаев»;

«А. Ф. Керенский үкіметі Жетісу тұрғындарының шығындарын өтеуге 11 миллион 150 мың сом қаржы бөлді.

11-қазанда Түркістан комитеті өзінің №47 қаулысымен түскен ақшаның 5 миллионы қазақ пен қырғыздың, 6 миллионы орыстардың шаруашылығын қалпына келтіруге жұмсалатын болды. Жергілікті халыққа бөлінген ақшаға Шығыс Түркістан базарынан мал, ал, орыс шаруаларынан арзан бағамен астық алынып аш елге тегін үлестірілетін болды. Бұған қоса сол ақшаға киіз үйлер, дәрі-дәрмек, т.б. қажетті заттар алу жоспарланды».

Мұхамеджан Тынышбаев пен О.А.Шкапскийдің «патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасына жасаған жендеттігі» осындай болатын. Ал «Жетісудағы өзара қырғынды тоқтатып, оларды аштықтан арашалаған О.А.Шкапскийді және онымен қоса тағы да 40 адамды большевиктер Алматының түрмесінде атып тастады. Азаматтық ұятын сақтап қалған Санжар Асфандияров қана бұл кезде «кесімді жазасын өтеу үшін» жер аударылып кеткен «жендетке» араша түсу райымен:

С.Асфандияров: «Дұрыс деректің өзін, Брайнин мен Шафироның қолдан құрастырып отырғанындай, тарихи оқиғаны дұрыс түсінуге бөгет жасайтын «деректермен» толықтырудың қандай қажеттілігі бар еді? Мысалы, 1917 жылы Тынышбаев пен Шкапский қазақ ауылын тас-талқан етті деген жорамалды неге ұсынған? Мен де сол жылдары Жетісуда қызмет еттім, сондықтан да: «Ондай қырғынның болуы мүмкін емес, болған жоқ», деп толық сендіре аламын. «Жетісуда қазақ-қырғызды қырып жатыр», дегенді 1917 жылы Петроград қаласында өткен Демократиялық кеңесте әйгілі Топчыбашев айтты, бірақ ол қанқұйлы істі Шкапский емес, қоныстанушы кулактар жүзеге асырды. Ол сондай бір сұрғылт тұлға еді...

Брайнин: Алайда ол Уақытша үкіметтің комиссары болды емес пе?

Асфандияров: Қазақтарды қырып салуға Тынышбаев еш қашанда бармас еді.

Брайнин: Ол демонстрацияға шығушыларға қарсы сөйледі.

Асфандияров: Тынышбаев Қытайдағы қазақ босқындарына келмей тұра тұруды өтініп, Қытайға өзінің агенттерін жіберді (Жетісуда жаппай қырғын мен ашаршылық жүріп жатқан Т.Ж.). Оның Жетісу кулактарының алдында тізе бүккені рас, бірақ оның қазақтарға қырғын ұйымдастырғысы келді деу өтірік».

Иә, Брайнин мен Шафиро халық қамқоршысынан – «халықтық қасапшы мен қарақшы» жасап шығарғысы келді. Тынышбаев пен Шкапскийдің Уақытша үкіметтің алдында жанталасып жүріп мәселе қоюының нәтижесінде: 1. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жаппай қырып-жоюдың зардаптарын анықтап, жазықсыз жандарды қырып салған жазалау отрядының командирлерін жауапқа тарту үшін тергеу комиссиясын құрғызды. Бұл, сол тұстағы ең үлкен ерлік іс еді. Тергеуден сескенген қоныстанушылар мен әскери жасақтар «әскери серуеннен» бой тартып, қазақ-қырғыздың өз отанына қайтып келуіне дес берді. 2. Отанына қайтып оралған қазақтар мен қырғыздарды қоныс адарушылар ата мекеніне қайтадан жолатпады. Қыстауларына қондырмады. Олардың мал-мүліктерін тартып алды. Астықтың бағасын үш жүз есеге көтере сатты. Соның нәтижесінде қазақ-қырғыз жаппай аштыққа ұшырады. М.Тынышбаевтің Жоңғар жоталарындағы босқын елдің әзірше елге қайтпай, толастай тұруын өтінуінің осындай мәні бар еді. Сондай-ақ, аштар мен баспанасыз қалғандарға және егіндік тұқым алу үшін Уақытша үкіметтен 11 миллион сомнан астам қаржы бөлгізді.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1917 жылы Уақытша Үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, 1917 жылы 24 сәуірде Түркістан автономиясының төрағасы, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда «Алашорда» үкіметінің мүшесі, заң актілерінің авторларының бірі болды. 1918 жылы Уфадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетінің (Комуч) кеңесіне қатысты.

Осы кездегі саяси жағдай туралы Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы 31 шілде күні тергеушіге берген жауабында:

«Қазан төңкерісін мен және басқа да буржуазияшыл ұлтшылдар, соның ішінде Мұстафа Шоқаев, Серікбай Ақаев, Қоңырқожа Қожықов, Әбдірахман Оразаев бар, Түркістан өлкесінің барлық реакцияшыл буржуазияшыл-ұлтшылдарың барлығын: «Кеңес өкіметін мойындамаймыз, дербес буржуазияшыл Қоқан республикасын орнатамыз!», деген ұранмен Жалпытүркістандық төтенше құрылтайдың туының астына жидық. Осы құрылтайда премьер-министр Тынышбаев бастатқан үкімет құрылды, кейін оны Мұстафа Шоқаев ауыстырды. Қоқан республикасы Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының негізін қалады, ол 1918 жылдың басында (–?) талқандалды»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 148-бет) көрсетті.

Мұндағы: «басмашылар қозғалысы... 1918 жылдың басында (–?) талқандалды»,– деген дерек жаңсақ кеткен сияқты. Анығында мұхараммдар қозғалысы 1928 жылдың ортасына дейін ұласқан болатын. Ал 1918 жылы 4 қыркүйек күні М.Тынышбаев пен Ә.Ермеков Сібір Колчак үкіметінің қабылдауында болып, автономияның жалпы ережелерін талқылады, сонымен қатар қазақ ұлтының сеніміне ие болуы үшін Облыстық комиссарды не оның орынбасарын қазақтан тағайындауды талап етті, 5 қыркүйек күні тұтқындағы алаш көсемдерін, соның ішінде Б.Сәрсеновті түрмеден босатуды ұсынды. Бұл сапарда М.Тынышбаев пен Колчак үкіметінің арасында белгілі бір дәрежеде байланыс орнады.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1919 жылы Колчак үкіметіне қазақ даласын басқарудың жобасын ұсынды.

Мұны түсіну үшін М.Тынышбаевтің 1919 жылы 16 көкек күні «мәртебелі билеуші Колчакқа» жолдаған «Жетісу облысындағы қазақтардың жұтқа ұшырауы» атты баянхатындағы (мәтін іріктеліп алынды):

«1916 жылы тамыздың басында майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлыққа қарсы қазақтар көтеріліске шықты, ол Пржевальский, Пішпек, Жаркент, Верный уездерін қамтыды. Оларға қарсы Ташкент, Ферғана және Семей қалаларынан жазалау отрядтары жіберілді. Жазалау отрядының екі айдан астам уақытқа созылған қуғынынан соң 200 000 қазақ (облыстағы қазақтардың 20%) қазан айында қарлы шыңды асып Қытай жеріне ауды. 1916-1917 жылдың қысында босқындар ашаршылыққа ұшырады. Әйелдері мен балаларын сатты. 1917 жылы ақпан мен наурыз айларында босқындардың арасында сүзек індеті тарады. Көкек айында жаңа өкіметтің кешірімін естіп отанына жаяу-жалпылап, аш, жалаңаш жетті.

Крестьяндардың оларға өшіге қарап, астығын сатпай қоюының кесірінен... індет үдей түсті... Аштық Түркістан, Каспий, Сырдария, Жетісу, Лепсі, Қапал уезін қамтыды... 1918 жылы аштықпен қоса іш сүзегі Семей, Ақмола, Торғай облыстарын жайлады... Одан Әндіжан мен Ташкентке тарап, Сібірге ойысты. Сібір уақытша үкіметі Жетісуға баруға тиым салды...

Верныйдан жолдаған оннан астам жеделхатқа қарамастан Петроград тек 1917 жылдың қазанында, большевиктердің төңкерісі қарсаңында, Жетісуда мәлім мөлшерде ғана ақша қалғанда қаражат босатты. Персиядан келген 2-казак полкінің көмегімен большевиктер облыстағы үкіметті тартып алғанша (1918 жылы ақпанда) Қазақтарға бөлінген 5 000 000 сомның тек 1 000 000 сомын ғана жұмсап үлгерді. Большевиктерге қарсы күрескен белсенді қызметкерлердің біразы қашып кетті, олардың кейбіреуі қолға түсіп, атылды (Мысалы, үкімет комиссары Шкапский т.б.)

...Қапал және Лепсі уездеріндегі «контрреволюциялық» әрекеттерді басу үшін 1918 жылы мамыр айында облысқа аты шулы Мамонтов (Мақаншы ауылындағы ұрыс кезінде оққа ұшты) жолай Верный, Қапал, Жаркент, Лепсі уездерін қырғынға ұшыратып, тонады... 1918 жылы маусым айында Сібірдегі төңкерістің хабары жеткенде (Семей қаласынан жіберілген «Алашорданың» арнайы адамы арқылы) Қапал мен Лепсі уездерінің қазақтары бас көтерді, қазақ қайраткерлері бірнеше жасақ құрып, Семейден келген жасақтарға қосылды...

Бұл оқиға қызылдардың ызасын оятып, қарусыз қазақтарды жаппай қырып, шаруашылығын ойрандады. Тек қана Лепсі уезінің Садыр болысының бес ауылынан ғана 5000 ересек адам өлтірілді, ал уез бойынша қаза тапқандардың саны 8000-нан асты. Менің әкемнің ауылындағы 6 жастан жоғары еректердің бәрі де өлтірілді, қыстақтары мен киіз үйлері өртелді, 15 әйел мен 17 бала тұл боп қалды…

Жоғарыдағыны мәлімдей келе Сіздің құзырыңыздан: 1. Ашаршылық пен қайыршылыққа ұшыраған қазақтарға 510 000 пұт астық... 2. Большевиктерден азат етілген қазақ шаруашылығына 5100 соқа, 51000 орақ, 255000 шалғы, 10000 балта, 1000 ара босаттырсаңыз екен… 3. 1918-1919 жылға тиесілі барлық алым-салық, ақшалай салғырт алынып тасталса екен… 4. Қазақтардан ат жинау тоқтатылсын… 5. Жаз шыға қайыршыланған қазақтар өзінің шаруашылығын қалпына келтіру үшін қыстақ пен киіз үй салу үшін орманнан ағаш кесуге рұқсат берілсін… 6. Большевиктерден босатылған қазақтардың түтін басына 150 сомнан қайтымсыз көмек берілсін, большевиктерден босатылған қазақтарға жиыны 7 650 000 сом, ал большевиктердің қол астында қалған қазақтарға 18 450 000 сом, барлығы 261 000 000 сом қаржы босатылуы қажет. 7. Дәрі-дәрмектің, дәрігерлердің жетімсіздігіне байланысты қауіпті індет ауруы таралып кетпес үшін дәрігерлер мен фельдшерлер жіберілсін… 8. М.Төлебаев сияқты қазақ қайраткерлері тұтқыннан босатылсын…»,– деген «басқарудың жобасына», яғни, бұлжытпайтын шындыққа жүгінсе жетіп жатыр еді.

Анкеталық анықтама (жалғасы): «1918-1919 жылдары Шығыс «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі, 1920 жылы Солтүстік Жетісудағы «Алашорда» отрядын бейбіт қарусыздандырып, қазақ атты әскер полкі ретінде ұйымдастыру шарасын жүзеге асырды.

«Алашорданың» Жетісудағы бөлімін басқарған М.Тынышбаев дербес «Алаш» жасағын да құрды. Оған Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, Серікбай Ақаев, Төлембай Дүйсебаев, Мәжит Күдерин, Н.Ниязов, Қанатхан Сыртанов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Алдаберген Омаров, Кеңсаба Үмбетбаев, Базарбай Мәметов, Мырзақан Төлебаев, Керімбек Күдербеков, Біләл Сүлеев сынды алаш қайраткерлері Жетісу «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ еді. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді «жазалау әскері» деп қабылдап, «жергілікті қоныс аударушы-большевиктер» қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша ұмтылды. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі де кейін тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді. Большевиктер мен Жетісу казактарының жүздігінің «қызыл қырғыны» туралы М.Тынышбаев Колчак үкіметіне:

«1918 жылы облыс қазақтары қоныстанған мекеннің барлығы дерліктей большевиктердің зомбылығы астында өмір сүрді, олар алуға жарайтын нәрсенің бәрін тартып алды. Тұрғындардың дүние-мүлкін түк қалдырмай тонап алды, қазір ауыр зардап шегіп отыр, кейбір шаруашылықтар мүлдем жойылып кетті, түтін басы санағы жүргізілмеді, оны қазір жүргізу де мүмкін емес, берілген мағлұматтар шындыққа сай келмейді. Соған қарамастан бұл қазақтар 800-ден астам жасақ шығарып отыр (ал 1000-нан астам адам соғыс майданында жүр), біздің жігіттер ең жауапты шепте жүр, офицерлердің айтуынша, олар ең сенімді әрі ержүрек жауынгерлер болып саналады екен, алайда, біздің жігіттер қаруландырылмаған, немесе нашар қаруланған. «Контрреволюционер» деп айып тағылған біздің жігіттер Верныйдан, Жаркенттен, Пішпектен, Нарыннан, Гавриловкадан, Қапалдан, Лепсіден жасырын кетіп қалып, қазақ жасағын құрды, сөйтіп, Сібір отрядтарымен бірігіп шайқастарға қатысып жүр. «Алашорданың» мүшесі, Құрылтай жиналысының мүшесі, ең жігерлі қайраткер Отыншы Әлжанов Мақаншыда (Үржардың маңында) большевиктердің қолына түсіп қалды, оны айуандықпен отқа өртеп өлтірді»,– деп хабарлап, жағдайды түзету жөнінде 8 баптан тұратын ұсыныс жасады.

«Алашорда» үкіметі әскери кеңесінің мүшесі және Жетісудағы босқын мен ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмек комитетін басқару үшін Семей қаласына келіп, бірден үкімет ісіне кіріседі. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовпен бірігіп заң актілері мен үкімет нұсқауларына қол қояды. Ал А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков бастаған «Алашорда» үкіметінің мүшелері босқынға ұшыраған қазақтардың жағдайымен танысып, қытай үкіметімен біріге отырып тиісті шара қолдану мақсатында Шәуешек қаласына аттанады. Бұл туралы Ы.Жайнақов:

«Қытай жеріменен Шәуешекке «Алашорданың» Жетісу бөлімінің барша мүшелері келді. Бұл жақта қазақ пен казак-орыстың хал-жайы қатты аянышты. Талау, асып-атудан көзі ашылмайды. Қазақ-орыс қалаларын һам ауылдарын большевиктер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да таланға шалдығып, 1000-дай қазақты өлтірді. Сібір үкіметінің отряды Аякөз маңынан да естіледі. Жеңген, жеңілгенінен хабар жоқ. Хабар алуға, хабарласуға бүгін келдік. Хабарласуға қазақ отрядын түзеп жатырмыз. Жетісудағы большевиктердің саны 10 мыңнан асады…», деп хабарлады.

Ағайынды «большевик – партизандар» Мамонтовтардың қырғыны Алтай мен Алатау арасын қызыл қанға бояды. Қатыгездіктің ең анайы түрін қолданды. Шекаралық ауданнан:

«Мақаншыда большевикпен соғыс болып, Отыншы Әлжанов айуандықпен өлтірілді (тірідей отқа жағып жіберілді), Салық Аманжолұлы жараланды. Қазақ азаматтары қару-жарақтың аздығынан жеңілді. Соңғы адамды жартылай қаруланған жүздікпен Шәуешекке жібердік. Бұл жақтағы большевик әлі күшті. Сібір үкіметі тез құрал бермесе, Жетісу халқы қырылады. Алматы, Жаркент уездерінде казак-орыс станицалары қалған жоқ. Қапал, Лепсі уездеріндегі қазақ шығыны есепсіз. Пржевальскі, Пішпек уездеріндегі қазақ-қырғыздың не күйде екені белгісіз. Қазақтардан әскер жасақтау мақсатында тау арқылы Сергиопольге келдік, қорытындысын хабарлаймыз. Жайнақов, Жақыпов, Мамытов, Кәдірбеков, Ниязов»;

«Сергиополь Шәуешек жолы бос. Мақаншыда ешкім жоқ, өйткені оның іші толған өлікке үйіліп жатыр, тіпті, құдықтар да бос емес. Тек атты қазақтар ғана байланыс жасай алады... Маған Шәуешекке барып консуль Долбежевпен, облыс комиссары В.В.Балабановпен, «Алашорданың» Жетісудағы кеңесінің мүшесі Тергеусізовпен кездесуге рұқсат беруіңізді сұраймын. Өйткені офицерлер мен жүздіктер, оның ішінде Көкпекті жүздігі, кейбір партизан жасақтары соғыста сенімсіздік байқатты. 400 казак жасағы қашып кетті, майданда тек «Алашорда» еріктілері ғана қалды, олар жан аямай шайқасты, өздері қаза тапса да казактардың қалдығын тауды паналауға мәжбүр етті... Бақты бекетінде осы маңдағы үш болыстан құрамында 150 алаш еріктісі бар екі жүздік жасақталды. Олар облыстық комиссар Балабанов пен алаш өкілі Тергеусізовтің қарамағына берілді... Қалғандары Бақты мен Үржар арасындағы жергілікті тұрғындардан құралған қорғаныс жасақтарына көмектесуге кетті. Сергиополь мен Үржарда да жасақтар ұйымдастырылды. Олардың барлығы Семейден келе жатқан Алаш атты әскер полкінің құрамын толықтырады»,– деген (Полковник Ярушин) жеделхаттар жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 216-217).

Қару-жарақтың жетіспеуінен қырғынға ұшыраған «Алаш» әскеріне М.Тынышбаев Семейден оқ-дәрі, қару-жарақ алып шықты. Ол бұл қаруларды «Алашорда» әскеріне өткізіп береді. Ол туралы өзінің көрсетіндісінде:

«1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтов отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякөзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша-желтоқсан айы болатын»,– деп мағлұмат берді.

Жетісу майданының дайындығын бақылауға келген АНТАНТА-ның өкілі Ч.Элиоттың келуіне орай шеруде көзге түскен алаш жасақтары туралы «Рабочий день» басылымы 1918 жылғы 6 қараша күнгі санында:

«Қазір құрамында 500 адамы бар қазақ жасағы Жетісуда большевиктерге қарсы соғысып жатыр. Сонымен қатар Жетісу облысында 8 мың ерікті бар, Семейде 2 мың, Оралда 2 мың, Қостанайда 450 жасақ бар. Таяуда сэр Элиот және Бірінші Дала корпусының командирі Матковский Семейге барып, қазақ атты әскерлері бөліміне өте риза болып қайтты. Жан саны 6 миллионға жуық, ұланғайыр жерді алып жатқан қазақтар қалыпты жағдайда 40 мың солдат шығара алады»,– деп жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 225) жазды.

Міне, Шығыс «Алашорда» әскері осындай қанды майданда соғысып жатқан кезде кеңес өкіметімен келісімге келуге мәжбүр болған А.Байтұрсыновтың қызыл комиссарларға:

«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды» деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатты.

Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды.

Ал С.Брайниннің қосалқы серігі Ш.Шафиро: «Қазақстандағы ұлттық қозғалысты мадақтау орын алып отыр ма, жоқ па? Егерде мұндай бағыт Украинада орын алып отырса, онда Қазақстанда неге болмауы тиіс? «Алашорда» туралы Мартыненконың кітабі ерекше орын алады. Бір кезде «Алашорданың» өмір сүргенін жоққа шығарған адамдар болған. 1923 жылы Кенжин: «Алашорданың бағдарламасы дегеніміз Құрылтай кеңесінің депутаттарына берген тапсырыс қана», деп жазған болатын. Әлі есімде, 1929 жылы Қызылорда қаласында Мартыненко маған жүгіріп келіп, сондай бір мәз-мәйрам күйде өзінің «Алашорданың» мөрін тапқанын айтып еді. Мөр! Енді «Алаштың» өмір сүргенін ешкімде жоққа шығара алмайды... Біз осы арада Байтұрсыновты халықтың қамын жеген азап иесі ретінде көрсеттік, ол дұрыс емес. Кейде түрмеде отырудың өзі Байтұрсынов үшін пайдалы болды... Алашорда зиялыларының халық арасында беделі өте күшті болды. Бұқараның қозғалысқа ілескені анық, бірақ бұл революциялық қозғалыс емес еді. Сондай-ақ, бұқараға алашордалықтардың ықпалы күшті болғанымен де, мұны революциялық емес деуге де келмейді. Біз өзіміздің зерттеуімізді Жетісудағы азамат соғысының тарихын жазу үшін бастағамыз, сол кезде алашордашылардың қозғалысы туралы мәселеге тап келдік те, «Алашордаға» және оның бастау көзіне арнайы зерттеу жазғымыз келді. Бар мәселе осыдан келіп шығып отыр»,– деген мазмұнда екі жағын кезек-кезек қамшылады.

Қос автордың кереғар ұстанымдарын дәл аңғарған І.Құрамысов:

«Алашорда туралы үнемі айтып отыру керек, бір минутта мұны естен шығаруға болмайды... Ол туралы, ауыл тағдыры туралы айтып отыру керек... Ауылдың малды жыртқыштарша қыруының, қозғалыстың Орта Азияға ауысуының кілті сонда... Бұл кітап бізге көп нәрсе берді. Біршама кемшіліктері мен қателіктеріне қарамастан, мәселенің батыл қойылуы авторлардың табысы. Бұл тек қана олардың ғана емес, институттың, ұжымның әзірше екіұшты ұжымның Брайнин мен Шафироның табысы, қорыта айтқанда бәріміздің де жетістігіміз»,– деп тұжырымдады.

Мұндағы «екіұшты – двузначного» деп астарлап отырғаны Шафироның жоғарыдағы ұстатпайтын екіұшты сөзі ғана емес, сонымен қатар «Алашорда» туралы да болса керек. Қаншалықты «қызылданып» кетсе де, ұлт тағдырына қатысты тарихи құжаттардың жариялануына «екіұштылар» да мүдделі еді. Қалай дегенмен де, отызыншы жылдардағы үкімет қайраткері сексенінші тоқсаныншы жылдардағы идеолог ғалымнан гөрі мәселені терең түсінгені анық танылады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда алаш қайраткерлерінің өмірі мен ұстанымы туралы салыстырмалы түрде толығырақ пікір қозғауға мүмкіндік туды. Кеңесте сөйлеушілерге, оның ішінде «екіұшты» төрағалық етіп отырған Орталық Комитеттің екінші хатшысы І.Құрамысовқа да:

«Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетемін», – деген Брайнин, айтқан уәдесінде тұрып, шынымен де І.Құрамысовқа көресіні көрсетті.

Ол өзінің Н.Тимофеевпен қосарланып жазған «Большевик Казахстана» журналының 1937 жылғы қыркүйектегі санында жарияланған «Жапон – Герман барлауының ұлтшыл агенттері туралы» атты мақаласында:

«Тура дәл осы кезде (1919 жылы Т.Ж.) оңбаған (мерзавец) және алашорданың асыранды шпионы Құлымбетов (Құрамысов деп те түсініңіз Т.Ж.) қызыл армияның Ырғыздағы отрядына барып сіңіп алды да, оларды да сатып, ақтарға қосылып кетті»,– деп «қарымтасын қалжасымен қосып» қайырып алды.

Саясатты бүркенген саяси сатқындық кеңес идеологтарының сүйікті тәсілі болды.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Түркістан темір жолында, Түркістан су шаруашылығы жүйесінде, Түркістан атқару комитетінің Жерге орналастыру комиссиясында бас маман болды.

Тергеуге берген көрсетіндісінде Жерге орналастыру басқармасы бастығының орынбасары Кәрім Әлімбаев:

«Ол кезде Түркістандағы жерге орналастыру комитетінде алашордашылар Есполов, Қожықов және Тынышбаев жұмыс істеді, олар Жер жөніндегі комиссариаттың басты бағыттарына сөзсіз ықпал жасады»,– деп (Алашорда қозғалысы», 3 том, 25-бет) әшкереледі.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1920-1924 жылдары аралығында Халық ағарту институтында оқытушы болды. 1925 жылы Қызылорда қаласының көркейту жүйесінің бастығы, 1926-1930 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, участке бастығы қызметін атқарды.

Жаңа экономикалық саясаттың екпінімен 1926 жылдың желтоқсанында СССР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түрксіб темір жолын салу туралы қаулы қабылдады. Оған «ұлы қоныстандыру идеясының кеңестік авторы» Алексей Иванович Рыков қол қойды. Үкімет тарапынан құрылған арнайы комитеттің төрағалығына РСФСР Халық Комиссариаты кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Ол дереу өзінің «өмірлік қамқоршысы» әрі «саяси дұшпаны» (өз сөзі) М.Тынышбаевті «жергілікті жағдай мен жер бедерінің білгірі, тәжірибелі инженер» ретінде қызметке шақырды. Шындығында да Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді. Өлкетанушы, жылы жүректі «тынышбаевшыл» Ф.Осадчийдің ғылыми айналымға түсірген хаттамасына жүгінсек, М.Тынышбаев Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданған. Соған сүйене отырып ұзындығы 50-60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ, бір составқа «біреуі алдынан тартып, екеуі артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орынына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы – Қордай – Бішкек; Алматы – Шоқпар – Құланды – Бішкек жобасы талқыға түскенде М.Тынышбаев Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге әрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы кейін «Березин жобасы» атанып кетті. Оған не амал табылсын. Бұл жобаға қарсы шыққандардың:

«– Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар», деген сәуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сәуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді» (Ф.Осадчий. Қазақтың тұңғыш теміржол инженері. Өркен, 1989 жыл, 12 тамыз).

Өкінішке орай, үш күнге созылған бұл салтанатқа жалпы сомасы 26 миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нәтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхамеджан Тынышбаев қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені «Алашорда» көсемінің кеңестік құрылыстың авторы атануының өзі «саяси қылмысқа» жататын. Сөйтіп, жоғарыдағы жоба кезінде «халық жауының қастандық әрекеті» ретінде бағаланды.

Ал мұндай «қастандық әрекеті» үшін М.Тынышбаевтің тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді. Сондықтан да 1930 жылы 4 тамызда түрмеге қамалды.

3

Тергеушінің 1930 жылғы 1 қазан күні М.Тынышбаевқа қойған сұрақтары негізінен оның осы 1918-1920 жылдар арасындағы «Алашорданың» тең төрағасы және әскери кеңестің мүшесі ретіндегі атқарған қызметін қамтыды. Соның ішінде атаман Анненковпен майдан шебіндегі кездесулеріне баса тоқталды. Жетісудың орыс, қазағын қан қақсатқан қанқұйлы ағайынды Мамонтовтардың 10 мыңдық партизанына қарсы соғысқан алаш жасағына М.Тынышбаев қару-жарақ, киім, азық-түлік апарған. Ол кезде «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскері кеңес өкіметі жағына шыға қоймаған кезі. Біз тым ұзақ әрі шұбалаңқылау баяндалғандықтан да, тергеудің жауабын мазмұндап қана береміз:

І. 1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтовтың отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» – деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякөзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша-желтоқсан айы болатын. Демек, мен Анненковтың штабында қызмет еткемін жоқ. Оны Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев растай алады. Сол кезде маған Үржардан Нүсіпбек Жақыпбаев: мені Анненков Үшаралға шақырып жатқаны туралы хабар жіберді. 1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік.

Екінші рет 1919 жылы қыркүйекте кездескенімде, қарауындағы алаш эскадронын толтыруға жігіт жинап беруімді талап етті, ауылда жігіт қалмағанын айтып, бас тартқанымды алдыңғы жауаптарымның бірінде айтқанмын. Үшінші кездесуім Ақсу – Басқан күре жолында өтті. Талдықорғандағы қызылдарға 1919 жылдың желтоқсанында кеткен біздің жігіттердің – Алдаберген Үмбетбаевтің тағдырын білу үшін Ақсуға келе жатқамын. 1920 жылы қаңтарда Анненков Ақсу жолында машинамен кетіп барады екен. Қазақша киініп алсам да мені танып, амандасты. Үшаралға келуімді өтінді. Мен таяуда баратынымды айттым. Қасымда Керімбай Төлебаев бар болатын. Содан кейін Анненковты көрген емеспін. Анненковтың штабында қамдаушы болып істемегенімді Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев, Базарбай Мамбетов растай алады.

ІІ. 1919 жылы тамызда Семейді тастап, туған ауылыма, қалың найманның ішіне келдім. Сергиопольде Садық Аманжоловқа: кеңес өкіметінің «Алашордаға» кешірім жасаған Декреті шыққанын, Байтұрсыновтың кеңес өкіметі жаққа шыққанын, осыны ескеріп, ақтар шегіне қалса, шығысқа емес, батысқа бет алуын тапсырдым. 1919 жылдың қазан-қараша айларында Мырзахан Төлебаев пен Базарбай Маметовті шақырып алып, солтүстікке қарай аяқ баспауды, қызылдарға елші жіберуді тапсырдым. Талдықорғанға Алдаберген Үмбетбаев барып, тапсырманы орындады. Күдерин 1919 жылдың қарашасында (әлде желтоқсанда), Үмбетбаев 1919-1920 жылдың желтоқсан-қаңтар айында кетті. Бұрынғыны қайталап жатпас үшін бұдан ары шұбатып жатпайын».

Атаман Анненковтың «адамның бас сүйегі мен айқастырылған адам жілігінің суреті салынып, «С нами БОГ» деп жазылған жасыл ту көтерген казак жүздіктері ыдырай бастағанда, сол тудың екінші бетіне жарты ай мен жұлдыздың суреті салынған, бас киімдеріне ақ жолақ таққан алаштың Сергиополь жасағы майдан өтінде қалды. М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың ықпалымен 29 наурызда 2 және 3 қазақ полкі кеңес өкіметі жағына шықты, сөйтіп, қызыл армияның қазақ атты полкінің негізін қалады.

М.Тынышбаев (жалғасы): «ІІІ.1920 жылдың қыркүйек-қазан айларында Ташкентке келсем, мені шақырған Фрунзе де, Рысқұлов та онда жоқ болып шықты. Олардың барлығы да (Фрунзе, Куйбышев, Элиава, Викунов) Москваға кетіп қалыпты, ол жақтан қайтып оралмады. Ташкентте бұрынғы алашордашылардан Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Есполов (сол кезде таныстым) бар екен, кейіннен Иса Қашқынбаев, Көбжасанов келді. 1920-1921 жылы қыста Ташкентке Рысқұлов қайтып келді. Ол Құлтасовпен бірге (ол Рысқұлдың бірінші әйелінің қолында тәрбиеленген) маған келіп сәлем берді. Мен Рысқұловты осымен екінші рет көрдім (1914 жылы алғаш көргенімде ол бала болатын, оқуға кетіп бара жатыр екен, Түлкібас ауылында оның қолына ақша ұстаттым, егер мұқтаждығы болса тағы да жіберіп тұратынымды айттым). Ол: түркістандық орыс, қазақ коммунистерінің тартысында орыс тобының жеңіске жеткенін, сондықтан да Москвада қызмет еткісі келетінін айтты. Ол кезде қазақ, қырғыз, өзбектен шыққан партия қызметкерлері (Қожанов, Асфандияров сияқты) бізді, алашордашыларды техникалық жұмысқа тарту керек деп есептейтін: иә, жер, су мәселесі жөніндегі көзқарастарымыз да онша алшақ емес болатын.

ІҮ. (Төртінші мәселе қазақ интеллигенциясының З.Валидовпен байланысы туралы қозғалады. Ол туралы пікірі кейінгі көрсетіндіде қамтылатын болғандықтан да бұл арада пайдаланбадық Т.Ж.).

Ү. 1922 жылы жазда маған Дулатов пен Әділев келіп: «Ғазымбек Бірімжанов Германияға оқуға кетіп барады, шет елде жүрген Шоқаевқа қазақтардың жағдайын жеткізу керек, қайтарында Шоқаев өзінің шет елде не істеп жүргенін Бірімжановқа айтып жіберсін», – деді, мен бұл ұсынысты қолдадым. Өзбектер де өзінің студенттеріне осындай тапсырма беріпті. Бірімжановтың бұл сапары туралы пікірімді бұрынғы көрсетінділерімнің бірінде айтқанмын.

ҮІ. (Бұл тарауда қазақ және өзбек тілдерінде әдебиеттер шығару үшін Ташкентте баспа ашуға ұмтылғандары, жер-су реформалары, Т.Рысқұловпен, Бөкейхановпен 1927 жылғы кездесуі, ауылға барып демалғаны баяндалады. Бұл мәселелер өзге көрсетінділерде бірнеше қайталанып айтылады Т.Ж.).

Осы көрсетіндімді қорыта келе айтарым: түрмеде отырған екі ай ішіндегі өткен өмірім туралы үздіксіз ойларым, менің бұрынғы көзқарасымды мүлдем өзгертіп жіберді. Өткен өмірімдегі кеңес өкіметінің алдындағы кінәмді сезінемін, маған кешірім жасап, Қазақстан мен Түркістаннан тыс жерде еңбек етіп, өзімді «Алашорда» идеологиясының насихатшысы ретінде емес, ұлы СССР-дің техник-қызметкері ретінде көрсетуге мүмкіндік берулеріңізді өтінемін. М.Тынышбаев».

Тергеу ісіндегі жауаптар бірыңғай көрінгенімен, олардың көрсетіндісінің арасында өзгелердің аты-жөні кездесіп, түсінік берулерінің себебі, тергеу – сұрақ ретінде жүргізілген. Тыңшылардың мәліметіне сүйеніп берілген сұрақтарға қайтарған жауабы тергеушінің ыңғайына орай қағазға түскен. Сондықтан да оны нақты көрсетінді деп қарауға болмайды. Біз бұл жауаптарды тек түрме тарихына қатысты деректерден барынша толық мағлұмат беру үшін және олардың көрсетіндісінде айтылған адамдардың не үшін жауап беріп отырғаны түсінікті болуы үшін келтірдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов өзінің жауабында: М.Тынышбаевтің көрсетуі жалған, мені онымен бетпе-бет кездестіріңіз, деп талап етеді. Ал М.Тынышбаев өз жауабында:

«Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлгенбіз. Сондықтан да оның кеңес құрылысы туралы хабары жоқ болғандықтан да, қарсы әрекетке бару мүмкін емес»,– дейді.

Міне, осы айғақтың тонын аударып пайдаланған тергеуші Х.Досмұхамедовке:

«Сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр»,– деп арандатады.

1930 жылғы 6 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаевтің көрсетіндісінде астыртын ұйымды мойындағандай сыңай танытатын айғақтар кездеседі. Мұны қатты қысым мен зорлықтың нәтижесінде айтты ма, жоқ, тергеушінің өзі айғақ берген адамға да оқытпай: міне, сен туралы мына көрсетіндіде былай жазылған, – деп бопсалап жауап алды ма, ол жағы белгісіз. Бұл – түрме тергеушілерінің кәнігі төселген тәсілі. Мысалы, Х.Досмұхамедовке, Ә.Ермековке, М.Әуезовке – М.Тынышбаевтің; керісінше М.Тынышбаевқа – Х.Досмұхамедовтің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің; Х.Ғаббасовқа – Е.Омаровтың; А.Байтұрсыновқа – М.Жұмабаевтің; М.Әуезовке – Ж.Аймауытовтың, Ә.Байділдиннің; Ж.Аймауытовқа – М.Әуезовтің, Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің; М.Дулатовқа – М.Есполовтың, Ғ.Бірімжановтың, Х.Болғамбаевтің, К.Жәленовтің; Ә.Бөкейхановқа – Е.Омаровтың, Ә.Байділдиннің, ал осылардың барлығына Д.Әділевтің жауаптарын қарсы қойып, өзара арандатуға тырысқан.

Бұған бір мысал: 30-жылғы 6 қыркүйекте тергеуші М.Тынышбаевқа:

Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа, тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімхан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой”– деп жорта сұрақ қойған.

Өкініштісі, мұндай бопсаға түсіп қалғандар да бар. Ал М.Тынышбаев сондай шырғаға түспес үшін:

Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен: матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты” деп сұрақты сөзбе-сөз қайталап жауап қайырады.

Ал енді мұны көрсетінді деуге еш келмейді. Бірақ та аты аталған адамдарға аты-жөні көрсетілген тұсты ғана нұсқап: сенің қылмысың туралы, міне, М.Тынышбаев мынадай деп көрсеткен, – деп арандатқан. Сондықтан да Х.Досмұхамедовтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің көрсетіндісінде М.Тынышбаевтің есімінің аталуына күдіктене қарауға болмайды және өзгелерді өзінен неғұрлым алыстата түсу үшін: екеуара қатынасымыз нашар, мен оны жаратпаймын, ол мені жек көреді, – деген сияқты екіұшты пікірлерді оқығанда, айыпталушы екінші адамды қорғап отыр деп есептеу керек.

М.Тынышбаевтің 30-жылғы 4-қазандағы жауабының соңына қолы қойылмаған. Көрсетіндінің басында өзінің „Алашордадағы” қызметтеріне шолу жасай келіп:

«А.Байтұрсынов пен М.Дулатов ұсталғаннан кейін ұйымның жұмысын Алматыда – Ермеков, Досмұхамедов Халел, Тынышбаев, Досмұхамедов Жаһанша, Ташкентте – Қашқынбаев Иса, Әуезов Мұхтар, Қожамқұлов жалғастырды. Ташкенттегілерге Сырдария округіндегі Кенесарин Әзімхан (Шымкент), Мұсаев, Шынғалин, Қоңырқожаев (?), Әулие-Атадан – Байсейітов Әзиз, Түркістаннан – Өтегенов Садық мүше ретінде қосылды. Қазақ-монғол тарихы туралы еңбегімде қазақтың шығу тегі жөніндегі пікірлерімді алашордашыл-ұлтшыл көзқараспен жаздым, кітаптың таралуына жол бермес деген күдікпен оның көшірмесін өзімде сақтап қалдым»,– деген пікірді білдіреді.

Зады, баспадан шығып, таратуға тыйым салынған, бірен-саран данасы бізге жеткен тарихи шежіренің кейінгі өңделген, толықтырылған нұсқасының жағдайы қатты алаңдатса керек. Өкінішке орай, толықтырылған нұсқа із-түзсіз жоғалып кетті.

Осы көрсетіндідегі С.Өтегенов туралы деректер өте қат, зерттеушілердің де назарынан қалыс қалып келеді. Оның есесіне сол жылдардағы адамдардың өмірбаяны «қызылтұмсық арыздар» арқылы барынша толық жазылған. «Коммунист Д.Нысанбаевтің 1925 жылы 31-қаңтарда Сұлтанбек Қожановтың Қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайлануына байланысты» жіберген «жанашырлық хатында» бүкіл түркістандық қазақ зиялыларын – не алашордашыл, не басмашы етіп шығарған. Сол арызда «Кеңес» құпия ұйымының «төрағасының бірі Садық Өтегенов» туралы:

«Шымкенттік, Әулие-Ата уезінен, ұзақ уақыт бойы Түркістанда тұрған, Қожановтың қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастырған бас кеңесші әрі ұстазы. Өтегенов жолдас Ташкенттің мұғалімдер семинариясын Қожановтан көп бұрын бітірген, аз уақыт халық мұғалімі болған, содан кейін ұзақ мерзім бойы сот пен приставтың аудармашысы болған»,– деген («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 175-бет) ғұмырнамалық дерек бар.

Осы аз мағлұматта зерттеушілердің ой қорытуына мүмкіндік беретін көп мағына бар. Түптің-түбінде іздеу салынатын тұлғаның бірі. Өйткені: «Құмның ішінде жасақ жиып, кеңес өкіметіне қарсы күреске шығайын ба?», деген ұсынысты қарабайыр қазақтың екісінің бірі айта бермейді.

«1930 жылғы 5 қараша күнгі инженер Тынышбаевтің тергеу хаттамасы. Жауап алған ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жолд. Альшанский.

1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22 жылы сәуір айында Заки Валидовтің сөзінен білдім. Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды. Сонда ол: Міржақып Дулатов Заки Валидов туралы әңгіме болмақ. Онда өзбектердің де өкілі келмек, десті. Уағдаласқан күні бардым. Алғашқы мәселе Ташкент ұйымының жұмыс барысына арналды. Бұл Халел Досмұхамедовтің қазақ оқу-ағарту мекемесінің үйіндегі пәтерінде өтті. Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты. Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: Шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Заки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Заки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен, дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есполов бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов бұған қатты қарсы болып: «Мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды», деді. Мен де сөзге араластым. Менде сенімсіздік бар еді. Ақыры: ұйымды құру керек, деп ұйғардық. Жаһанша да соңында келісімін берді. «Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс»,деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен: «Алматыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек», деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ. Коммунистерді де ұйымға тарту мәселесі қозғалды. Біз оған қарсы болдық. Өйткені: Қожанов біліп қоюуы мүмкін, деп қауіптендік. Сөйтіп алғашқы жұмысты Қазақстанның қалаларында ұйым бөлімшесін ашу әрекетінен бастадық. Ұйым ісіне Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер белсене араласты. Әсіресе Халел Досмұхамедов үлкен теоретик, кеңсе мен ұйымдастыру жұмысына жетік, істен гөрі теорияға бейім еді. Ал Жаһанша Досмұхамедовтің іскерлігі басым болатын. Ермековтің ұйымдастыру қабілетінің қандай дәрежеде екенін білмеймін. Бірақ ол өте шешен, айтқанына сөзсіз сендіре алатын тілмар еді.

2) Қалыптасқан тарихи жағдайды бағалауға келгенде Дулатовқа ешқайсымыздың күрескерлігіміз де, өреміз де жетпейтін. Ұйымға ешқандай ат қойылған жоқ. Қазақтардың астыртын ұйымы деген түсінік қана болды. Бұдан басқа мәселе талқыланған жоқ. Ұйым төрағасына Халел Досмұхамедов сайланды. Ұйымның хатшылығына Дулатов пен Бірімжанов ұсынылды. Бірімжанов: бұл мәселеге ақсақалдардың алаңдамауын, оны өзі жүргізетінін айтты. Ұйым алдына мынадай міндеттер қойды: 1. Заки Валидовпен кездесу керек. Оған Бірімжанов барсын деп шешілді. Сөйтсек Бірімжанов Бұқараға барып келіпті. Бұл отырыста біз: Бұқарға Халел Досмұхамедов барсын, ол Заки Валидовті бұрыннан таниды және дәрежелес деп пікір білдірдік. Халел Досмұхамедов қайтып келген соң бізге барлық жайды түсіндіріп берсін дестік. Бұған Досмұхамедов үзілді-кесілді қарсы болды.

3) …Ұйымның саяси-экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді. Заң шығарушы орган парламент болуға тиісті. Үкіметті министрлер кеңсесі басқаруы тиіс. Тіпті болмаған жағдайда Кеңес үкіметінің қазіргі құрылымын пайдалану керек. Ең жоғарғы орган құрылтай болуы тиіс, деген ұйғарымға келдік. Бірақ та нақты ереже қабылданған жоқ».

З.Валидов: «Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мінауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет). ...Құрылтайымыз 18 қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады...».

М.Тынышбаев (жалғасы): Болашақ үкіметтің өнеркәсіп жөніндегі міндеті талқыланбады. Ал мал шаруашылығы қазіргі қалпында қалсын дестік. Су шаруашылығы ауызға алынған жоқ. Қазақстанның жері кең. Ондағы халықтардың да көңіл-күйі әр қилы. Әсіресе, жер мәселесі өте күрделі. Сондықтан да қоныс аударушыларды тоқтата тұру керек. Мал шаруашылығы мен жер өңдеуді қатар алып жүруге, жер өңдеу мәдениетін игеруге белсенді түрде көшу керек. 1922 жылғы жер туралы реформа біздің араласуымызсыз өтті. Біз ол реформаға мүлдем қарсымыз. Оның жобасына біздің ұйым мүшелері де белсене араласуға тиісті еді деген пікір білдірдік. Жалпы екі ұйым қатар жұмыс істеді. Орынбордағы ұйымға Байтұрсынов, Дулатов, Әділов, Бірімжанов, Болғанбаев, ал Ташкенттегі ұйымға Дулатов пен Бірімжанов жетекшілік етті. Екеуін де алдыңғы қатарлы ұйым деп есептедік. Айырмашылығымыз Жизақ пен Самарқан облысы Түркістанның құрамына енгендіктен де біз Заки Валидовпен жақын байланыста болдық. Қызылордадағы үкімет екеуін де бір ұйым деп қабылдады. Дулатов екі ұйымда да белсене қызмет етті.

4) Ұйым-террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедов үндеу жазып, таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұл шарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Заки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып, өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгеніндей, ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сүйкімсіз күйімізше сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік. Жер мәселесі жөніндегі 2-ші баптағы міндетті жоғарыда айтып өттім. Мал шаруашылығының қалыптасқан жүйесін бұзбау керек. Жер өңдеу мәдениетін жарыстыра жүргізу керек деген пікір сол күйінде қалды.

Сондай-ақ жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге және ғылыми кітаптарды аударуға баса көңіл бөлу керек дестік. Әсіресе оқу-ағарту мен жер мәселесі жөнінде белсенді түрде жұмыс істеу керек. Жер ең алдымен жергілікті халыққа берілсін, содан кейін барып казак-орыстардың үлесін қарастыруға болады деген тұжырым ұстандық. Мен ол кезде темір жолда жұмыс істедім. Бұрын тарих пәнінен сабақ бердім. Өз дәрісімде ұлттық идеяны дәріптеп, қазақтар Кеңес өкіметінен гөрі 17 ғасырда жақсы, емін-еркіндікте өмір сүрген. Сендердің сыбағаларыңа сол өмір тиесілі еді – деген сияқты пікір білдіріп жүрдім. Тарихты нашар білгендіктен де олар менің сөзіме сенді. Мұның барлығы, әрине, өткен тарихи әңгіме. Жоғары оқу орындарына арналған кітаптарды құрастырып, аударуға Халел Досмұхамедов, Орынборда Байтұрсынов пен Дулатов белсене араласты. 25-ші жылдан кейін мен де араластым. Оқу пәндерін қадағалауға тиісті Сүлеев бізге бақылау жасаған жоқ».

Мұхамеджан Тынышбаев өзінің институтта толтырған анкетасына:

«Қара сүйектен шыққанмын, ешқандай революциялық қоғамдық қызметпен айналыспадым, денсаулығым жөнінде айтарым жүрек қабы кеңейген, безгекпен ауырғамын, қазақ ағарту институтында тұрақты істегім келеді»,– деген анықтама берген.

Ол – ұлт көсемі, Түрксібті жобалаған теміржолшы-инженер ретінде ғана емес, тек тарихшы ретіндегі еңбегімен де ұлт тарихында мәңгі сақталатын тұлға. Оның бұл саладағы зерттеуі 1923 жылғы институттың ІІІ курс студенттеріне арналған түркі-монғол тарихының бағдарламасынан бастау алды. Дәріс жобасы мынадай:

«Түркі-монғол тарихына кіріспе.

1. Монғолдардың (Шыңғыс ханның) дәуірлеуіне дейінгі көне түркілер туралы деректер. Түркілер мен монғолдардың ежелгі баспаналары. Ғұндар, сақтар, юзилер, үжіндер (үйсіндер Т.Ж.), қаңлылар, сәнбилер, жужандар. Оғыздар: шығыс және батыс түркі қағанаты. Ұйғырлар, тоғыздар, өгүлер, қарлықтар, қараханилер, печенегтер, былғарлар, мадьярлар, башқұрттар, хазарлар, қыпшақтар, түрік-селжүктер, қара қытайлар (қидандар Т.Ж.).

2. Монғолдар. Ұлы монғолдар мен солтүстік монғолдар (татарлар), керейлер, меркіттер, жалайырлар және Шыңғыс ханның дәуірлеуі Шыңғыс ханның империясы, Шыңғыс ханның тұлғасы.

3. Шыңғыс тұқымдары (төрелер Т.Ж.). Шыңғыс ханның тұқымдарының жергілікті жұртты билеу жолындағы күресі: Үгедей, Шағатай, Жошы және Төле ұлыстары. Алтын ордадан Тоқтамысқа дейін және Темірдің Шағатай ұлысындағы билігі.

4. Темір және оның империясы. Баязидтің талқандалуы, Тоқтамыстың күйреуі және оның салдары, Темірдің жеке тұлғасы.

5. Алтын орданың күйреуі және оның себептері. Кіші хандықтардың: Қырым, Қазан, Сібір, Ноғай, Өзбек және Қазақ хандықтары бірлестіктері, қырғыздар.

6. Темірдің тұқымдары, Шайбани ханның Түркістанды жаулап алуы.

7. Шайбанидтер, Аштарханидтер, Маңғыттар (Бұқара), Қоңыраттар (Хиуа), Менгілер (Қоқан).

8. Қазақ хандығы бірлестігінің кейінгі тағдыры. 1723 жылғы соғыс және оның салдары.

9. Қазақтар мен қырғыздарды орыстардың бағындыруы.

10. Түркі-монғол халықтарының шежіресі»,– деген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 46-бет) тұрғыда түзілген.

Біз де тарихтың ұшығын ұстап жүрген профессор ретінде айтарымыз, Мұхамеджан Тынышбаев түзіп кеткен осы дәріс кестесінен ХХІ ғасырдағы жоғары оқу орындарының бағдарламасы тереңдеп не қанатын кең жайып кете қойған жоқ.

М.Тынышбаев (жалғасы): «25-ші жылдан бастап мен құрылыспен айналыстым. Онда саясатпен айналысуға мұрша болған жоқ. Болашақ мемлекеттің мүшелерінің кім болатыны талқыланған емес. Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмеймін. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінгі Шоқаевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ».

Өзінің орнына Қоқан республикасының премьер министрі болған М.Шоқайды «Мен оны жақтырмайтынмын», – деу арқылы сол тұстағы барлық саяси күрес ахуалын баяндаудан бас тартып отыр. Әйтпесе: Қоқан республикасы құлағанда қызыл әскерлерге қарсы соғыстыңыз ба, М.Шоқаевпен арадағы байланыстарыңыз қандай, өкіметті қалай тапсырдыңыз, тағы кімдер өкімет мүшесі болды, сол үкіметтің құрамындағылардың ішінде кімдер басмашыларға қосылды, олармен арадағы байланыстарыңыз қалай еді?, – деген сұрақтың астында қалар еді.

М.Тынышбаев (жалғасы): «…Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Сәдуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты».

Мұхамеджан Тынышбаев пен С.Сәдуақасовтың түйісіп жатқан пікірлері соңғысының «Ұлттар мен националдар туралы» атты мақаласындағы:

«Патша өкіметінің заманынан бері қалмай келе жатқан қате көзқарастың бірі – ұлт республикаларына шикізаттар дайындап шығаратын аудан деп қате қараушылық. Мұны қою керек. Бұл туралы 12-съезде де сөз болып өткен еді. Өнерлі кәсіп лайығына қарай бөліну керек деседі. Дұрыс-ақ, тері шығатын ауданда – былғары зауыттары, жүн-жұрқа бар аудандарда – жүн жуатын орындар, шұға фабриктері салынуы керек... «Шет аймақтарды тек қана шикізат аудандарына айналдыруға тырысқан патша өкіметі мен орыс буржуазиясының саясатын» өмірден аластау туралы директиваның шет аймақта, біздің мысалымызда, Орта Азия мен Қазақстанда жүзеге асырылуы жеткіліксіз, дәлірек айтқанда, мүлдем жеткіліксіз»,– деген көзқарастары болатын.

Осы арада тергеуші Д.Әділевтің сызып берген астыртын ұйымының кестесі туралы сұрақ қойған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «5. № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес, құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрылымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ оған мемлекеттік құрылымның өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатылуға жақын деп ойладық… Менің миымда осы ой ұялап алды да, мен оны өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуов мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Сәдуақасовпен хат арқылы пікір алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім, ол: Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн, деді. Сұлтанбековпен мен алғаш рет Рысқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді».

Бұдан кейін С.Асфандияровпен, Т.Рысқұловпен арадағы байланысы туралы сұрақ қойылған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «6. Асфандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Асфандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірге жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рысқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па, оны білмеймін. Рысқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.

Рысқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рысқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін, бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рысқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитетте істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы, ол 30 жасқа толғанда, Ташкентте кездестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандай да сөйлескем жоқ».

Тұрар Рысқұлов та М.Тынышбаевті назарынан тыс қалдырмайды. Қамқорлық та жасағысы келіп:

«Бізде бар, бірақ тым мардымсыз ымырашыл зиялыларды оң мен солға лақтырумен келеміз. Біз оларды тиімді пайдалана білмейміз... Мысалы, кеңес өкіметі жаққа шыққандардың арасында инженерлік білімі бар жалғыз адам М.Тынышбаев... Ол өз ісін, соның ішінде далалық суару жүйесін жетік біледі. Қазіргі уақытта ол көшеде қаңғырып бос жүр, бейне бір басы артық адам сияқты... Зиялыларды білім, мәдени-ағарту, ғылым саласындағы жұмыстарға ұтымды пайдалануға болады. Бұл ретте ескі мамандардан коммунист шығарамын деп үміттенудің жөні жоқ. Бірақ та партияның алға қойып отырған міндеті әр түрлі инженерлер мен мамандар арқылы ұлттық саясат жүргізу емес, сол іске өзің жетекшілік ету»,– деп өз пікірін әдеттегідей екі жаққа бірдей қақпақылдай жеткізе отырып жанына жақын тартты.

«Алашорда» қайраткерлерінің үстінен жүргізілген ресми тергеу ісін Заки Валидов пен Тұрар Рысқұловтың, Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановтың үстінен жүргізілген ресми емес тергеу деп атаса да болады. Өйткені қамауға алынған қайраткерлердің бәрінен де осы төртеуі жөнінде қадалып тұрып сұраған. Тергеу барысында толық анықталмаған мәселе: 1922 жылы Бұқарадан Ташкентке Алдаберген Үмбетбаевтің көмегімен жасырын келген кезінде Заки Валидов Тұрар Рысқұловпен жолықты ма, жоқ па?,– деген сұрақтың жауабы еді. Тұрар Рысқұловтың өзі партиялық тазалау комиссиясы мен Сталинге жазған хаттарында өзара кездесудің болғанынан мүлдем бас тартқан болатын. Ал 1937 жылы 3 шілде күнгі қауіпсіздік комитетінің тергеушілері, капитан Глебов пен кіші лейтенант Нейманға берген жауабында:

«Сұрақ: Сіздің: Валидовпен кездесуден бас тарттым, деген жауабыңыз күмәнді емес пе?

Жауап: Мойындаймын, кеңес өкіметіне қарсы басмашылар қозғалысының жетекшісі Заки Валидовпен бетпе-бет кездесуім 1922 жылы ол жасырынып жүрген кезде Ташкент қаласында өтті. Мен ол кезде Мәскеуден Ташкент қаласына Түркістан Республикасының Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағалығы қызметіне жаңа ғана ауысып келгемін»,– деп «мойындайды».

Қай хаттаманы қаперге алған дұрыс? Қызмет бабын қызғыштай қорып жүргендегі «бас тартуды» ма, жоқ, жаны қысымға түскендегі «мойындауды» ма? Араға бір ғасырдай уақыт өтсе де саяси мәнін жоймаған, Тұрар Рысқұловтың азаматтық және қайраткерлік-партиялық тұлғасын анықтайтын бұл мәселе жөніндегі Тұрар Рысқұловтың өзі берген үш жауаптың қайсысына сенуге болады, қай сөзі шын? Соңғы көрсетіндісі жан қысылғандағы жалған куәлік емес пе? Бәрі де мүмкін. Жүйкесін әбден діңкелеткен тергеушілерге және олардың қалай азапқа түскенін шымылдықтың сыртынан жасырын тамашалайтын шіркеу тақуасы Джугашвилиге ызасы келгені сондай, ол келесі бір сұраққа:

«Рыков: партия және үкімет басшыларына қарсы террорлық қастандықтарды ұйымдастыруға оңшылдар қатаң түрде шешім қабылдағанын айтты және маған: ең бірінші саяси бюроның мүшелері Сталинді, Молотовты, Ворошиловты, Кагановичті өлтіру керек деді»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 133-бет) жауап беріпті.

Бұл жауап – жауап емес, ашынған жанның долы кекесіні немесе тергеушінің жалдаптығының «жемісі». Бұл туралы ой дамытудың өзі де тұйыққа тірейді. Өйткені бұл тергеудегі жауаптар да нақты және сенімді емес. Ал осыдан жеті жыл бұрын М.Тынышбаев та, А.Үмбетбаев та бұл сұраққа жорта жауап қайырған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Жандосовпен ресми жұмыста ғана кездестім. Біздің ұйымдағылар (оны ұйым деп те айта алмаймын) Ташкенттегі коммунистермен – Асфандияровпен, Қожановпен жиі кездесіп, әңгімелесетін. Біздің пікірлеріміз оларға әсер етуі мүмкін. Түркістандық коммунистерді шынайы коммунист деуге болмайды. Коммунистер идология туралы сөйлегенде біз құлағымызды басып отыратынбыз. Бір жолы Ташкентте бір адам жерге қоныстану туралы баяндама жасады. Оған мен, Қожанов және Асфандияров қатысты. Мен баяндама бойынша сөз сөйлеп: «Жерге ең алдымен жергілікті халықты орналастыру керек, егер де келген қоныстанушыларға жер жетіспесе олар келген жақтарына қайта берсін», дедім. 22-ші жылы Асфандияров маған: қазақтар жерді орыс шаруаларынан да тиімді пайдаланатыны туралы пікір айтты. Мен оған Васильевтің Жетісу облысының отарлануы туралы кітабын тауып бердім. Онда қазақтар мөлшерлі жерден 55 пұт астық алса, шаруалар 51 пұттан ғана өнім алған. Халық жиналысында Асфандияров осыған сүйеніп баяндама жасады».

Ол бұл пікірін «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты 1905 жылғы 19-қарашада автономияшылардың І съезінде жасаған баяндамасында:

«Климаттық және топырақ жағдайлары жағынан қазақ даласы мал шаруашылығына қолайлы, бірақ олар мүмкіндік бар жерде егін өсірумен де айналысып келеді. Мәселен, Орал облысында егістіктің жақсы жолға қойылғандығы сонша, жан басына шаққанда жылына 15 пұтқа жуық келеді, Торғай облысының екі уезінде (Ақтөбе және Қостанай) – 13 пұттан. Ал керісінше, Семей облысында 6 пұтқа жуық келеді, Жетісуда 4,5 пұтқа жуық, немесе одан да аз, Сырдария облысында 3-3,5 пұттан келетін сияқты. Егер де шаруа бюджеті бойынша, жан басына 18 пұт астық болуы керек екенін ескерсек, онда қазақтар жетіспейтін азық-түлік мөлшерін мал өнімдерімен толтыруға тиіс болатыны түсінікті. Есеп, шындығында да жер өңдеудің топырақ жағдайларына сәйкес нашар дамыған аймақтарында малдың көптігін, ал құнарлы жерде керісінше екенін көрсетеді. Бұдан жиырма жыл бұрын жергілікті әкімдер-генералдар Ян мен Полферовтың айтуынша, қазақ даласын отарлау жөніндегі «ұран тастаған» баяндамалар бірінен соң бірі жариялана бастады. Губернаторлардың кепілдемесі бойынша, қоныс аударушыларға, әйтеуір, солар келіп ертегідей бай өлкені басып алуы үшін неше түрлі жеңілдіктер жасалған: осыдан соң-ақ сансыз қоныс аударушылар қоныстанатын қолайлы жер іздеп дала жолдарын шарлап жүрді. Даланың климаттық, топырақ және басқа да жағдайларына көңілі толмаған кейбір қоныс аударушылар кері қайтып жатты. Сібір темір жолын жүргізумен бірге қоныс аударушылар қозғалысы үдей түсті, дегенмен сонымен бірге кері қайтушылар саны да кей кездері 42 процентке дейін жетіп, ұлғайып отырды. Үкімет жерді бірінен соң бірін алды, түз халқы мал бағу мен жер өңдеуге жарайтын қолайлы жерлерінен іс жүзінде айырылды деуге болады. Қоныстанушылар кері қайтып, жер бөліктері босап жатса да, жерді қиып алу тоқтатылмады. Қазақтар бірте-бірте ығысып көшті, жер үшін дау туып, төбелес шығып, кісі өлімі болуда. Қазақтарды мал шаруашылығынан жер өндеуге көшпейді деп кінәлайды, бірақ оларға берілген айтақыр дала мен құмда адамды қойып аң да тұра алмайды. Қазір де мал жайылымдарының күрт қысқаруына орай қазақтар енді малдың қоңын көтеру үшін жиі көшетін әдеттерінен де айырылды. Қыста мал ықтап, тебіндеп жайылатын ормандарды да алып қойылды. Қысқа шөп қорын жинайтын жер де жоқ, даладағы қарлы боран мен көктайғақтан мал өлімі жиіледі, қазақтардың мал шаруашылығындағы өлімінің өсуі ақылға сыймайды. Жер өңдеумен айналысатын да жер қалмады. Осыдан-ақ қазірде қазақтардың неліктен жан басының кедейленуінің үдеп отырғанын және бізден де бақытсыз көршілеріміз башқұрттардың тұтастай аштыққа ұшырап жойылған тарихын қайталаудың уақыты келіп тұрғаны түсінікті»,– деп тиянақты түрде түсіндірген болатын.

Бұдан кейін тергеуші жер межесін белгілеуге арналған арнайы конференцияға қатысу үшін 1926 жылы Қызылордаға келген Ә.Бөкейханов пен П.Швецов туралы сұраған.

М.Тынышбаев (жалғасы): «7. Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Сәдуақасов және мен қарсы алуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс деуге болмайды. Жай ғана пікір алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірілсе мал басынан айырылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал-мүлікті сақтап қалатындығын айттық. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ: мал басы азайып, малшылар егін салуға көшеді дестік. Бұл турасында мәжіліс өткізілген емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25-ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды. Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхамедовке айттым. Олар жауап қайтармады».

Көрсетіндіде Бөкейхановтың да, Швецовтың да аты аталмаған. Кімдердің қатысқаны көрсетілмеген. Ал ол бас қосуда осы үш адамның ғана қатыспағаны анық. Мұндағы шаруашылықты ұйымдастыру туралы пікір барынша қазақ тіршілігіне қолайлы ұстаным болатын.

М.Тынышбаев (жалғасы): 8. Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі деп ойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болған емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болған емес дейтін шығар, шындығында да халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрылысы қолға алынды. Мына оқиға ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па, соны айтайын.

Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы, деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сол учаскіге көмекке жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жарым – екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем, мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп, бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, бұл зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтің жобасы дұрыс деген қортынды келді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа учаске бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рысқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жарым миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді».

Бұл арада әңгіме Алматы Аякөз аралығындағы темір жол торабын қалайда кенді Балқашпен байланыстыру туралы болып отырса керек. Жобада көрсетілген: Алматы – Қапал – Көктерек – Аякөз; Алматы – Қапал – Сарқант – Үшарал – Аякөз; Алматы – Балқаш – Аякөз желілерінің ең тиімді үлгісін ұсынып, Дос асуы арқылы өтетін теміржол торабының жобасын жасады. Мұның маңызы туралы Балқаш мысының құнын білетін Д.Қонаев:

«Ғасырлар бойы жан баспаған, бай шикізат қорына арналған қыраттан алып мыс құрылысын салу үлкен қиыншылықпен жүзеге асты. Біз пойызбен Түріксібтің 32-ші бекетіне дейін жүріп өттік, бекеттен Балқаштың оңтүстік-шығыс жағалауына дейін 12 километрлік темір жол Бөрлітөбеге дейін тартылды. Құрылысқа қажетті негізгі жүкті жеткізу үшін Бөрлітөбе – Балқаш жағалауындағы, ең негізгі базаға айналды. Балқаш құрылысына баруға тілек білдірген адамдарды аттандыратын бірден-бір орын осы болды. Тынышбаев өз қолымен салып, туғанындай қамқорлық жасаған осы 12 километрлік жол 1931 жылдан 1947 жылға дейін жұмыс істеді»,– деп («Б.Тәуімбет. Тынышбаев тағдырының әр қыры. Жұлдыз, 1997, №4, 182-198 беттер) еске алды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Қарсақбай туралы айтарым: мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ, тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын».

М.Тынышбаевтің Ә.Бөкейхановпен кездескен тұсындағы жауабына тергеушілердің айызы қанбай қалса керек. Қайталап сұрайды. Оған М.Тынышбаев:

«Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ»,– деп қысқаша қайырып жауап берген.

Бұдан кейін М.Тынышбаев Алматыға келгеннен соң өзінің туыстары Тұрысбековтің, Тәңірбергеновтің, Құдайбергеновтің хабарласқанын, елдің тең жартысынан астамы Қытайға жер ауып кеткенін, жүріс-тұрыстың жарым-жартылай тоқтағанын, олардың қаражат жағынан көмектесуді сұрағанын айтады. Бұл сұрақ жеті жылдан кейін «әшкереленген астыртын ұйымның мүшелеріне» де, соның ішінде Ораз Жандосовқа да қойылады. Зады үкімет мүшелерін жауапқа тартардың алдында тергеушілер «Алашорданың» тергеу ісін» бір шолып шыққан сияқты. М.Тынышбаев бас тартқан қылмысты О.Жандосов:

«Нұрмақовтан алған нұсқауы бойынша, жоғарыда баяндап өткен тапсырмаларға орай, тура осындай жұмыстарды Аламаты облысы көлемінде Әлімбаев, Тынышбаев және Есіргенов жүргізді. Нәтижесінде Әлімбаев өзінің әкесі мен қайын атасына, ал Тынышбаев мал өндірісінің алпауыттары Мамановтар мен Тұрысбековтерге хабарлады, сөйтіп олар иелігіндегі малдың бір бөлігін Батыс Қытайға өткізіп жіберді... Мұқан Орымбаев: Ақсудағы көтерілісті ұйымдастырған Жылысбаев. Ал оны айдап салып, бұл көтерілісті ұйымдастырып отырғандар шет елге ауып кеткен Маманов пен Тұрысбековтер екендігін айтты. Шындығына көшкенде бұл көтеріліс Рысқұловпен, Жылысбаевпен тікелей байланысы бар «алашордашылар» Тынышбаев пен Сүлеевтің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 65-бет, 67-бет) «мойынына алды».

Иә, М.Әуезов айтқандай, «жеті басты жалмауыз» жеті жылдан соң бас көтеріп, жер аударлып кеткен адамды Қазақстандағы мал шаруашылығы науқанымен байланыстырған, яғни, қиыннан қиыстырған. Өстіп барлық қазақ қызметкерлерін адақтап келіп, негізгі қылмыскерлердің бірі – Ж.Досмұхамедовке көшкен.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Жаһанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: «Бұдан ештеңе шықпайды», деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым мүшелері емес, пікірлестер деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес.

12-ші. Совхоз құрылысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Түрксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір адам: «Түрксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?», деп сұрақ қойды. Мен: «Мұның бәрі бос сөз, қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр»,– деп жауап бердім. Түрксиб туралы, бұдан басқа айтарым жоқ».

Тергеушілер бір жыл бойы Д.Әділевтің көрсетіндісінде аты аталған адамдардың бәрін де тұтқынға алған. Соның бірі – 1931 жылы 8 тамызда ұсталған Алдаберген (Алдарбек) Үмбетбаев. Бұл М.Тынышбаевтің сөзі өтетін, «Алашорда» әскерінің сапында барлаушы қызметін атқарған айтулы азамат. Өкінішке орай бұл адамға қатысты өмірбаяндық деректер тергеу ісінде де қат. Бір-екі рет қана қосымша жауап берген. Оның жауапқа тартылуына Д.Әділевтің:

«Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті»,– деген көрсетіндісі.

Осы мәліметтің негізінде М.Тынышбаев пен А.Үмбетбаевті беттестірген.

«1931 жылғы 8 қыркүйек күнгі Тынышбаев пен Үмбетбаевтың беттесуінің хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Сіз Үмбетбаевті білесіз бе?

Жауап: Білемін десем де, білмеймін десем де болады.

Үмбетбаевқа сұрақ: Сіз Тынышбаевті білесіз бе?

Жауап: Білемін. Тынышбаевтің көрсетіндісімен толық келісемін. Мұны Тынышбаевтің өзі де жоққа шығармайтын шығар. 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановтың өтініші бойынша Валидовты большевиктермен келіссөз жүргізу үшін жолықтыру туралы Тынышбаев маған тапсырма берді. Ешқандай астыртын ұйымда болғам жоқ, Тынышбаевпен жақын таныс емеспін. Тынышбаев мені жеке адам ретінде жұмсады.

Тынышбаев: Үмбетбаев біздің ұйымда есепте тұрған жоқ. Өйткені мен де ешқандай ұйымға мүше болған емеспін, ешқандай құпия мәжіліс пен жиналысқа қатысқаным жоқ.

Үмбетбаевтің түсінігі: 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтің өзі де растайтын шығар.

Тынышбаевтің жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамбетовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды. Бірімжановпен жеке өзім кездесемін, деп жауап бердім. Ондағы ойым тез арада Шымкентке, одан Ташкентке жүріп кетуді ойладым. Алайда әйелімнің тосыннан қайтыс болуына байланысты Шымкентте ұзақ аялдап қалдым, ол ойым жүзеге аспады. Содан кейін қайтып жастармен кездескен емеспін».

М.Тынышбаев сөз арасында А.Үмбетбаевтің жауабын жоққа шығарып, оған бұл мәселені тереңдетпеу туралы емеуірін танытқан. Соның нәтижесінде А.Үмбетбаев өзінің жауабын тез түзетіп алған. Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде:

«Заки Валидов Ташкентке жасырын келгенде Нәшір Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүрді»,– дейді.

Ал З.Валидов өзінің «Қатираларында»:

«Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген. Ол шет елге кетпей, кеңестер одағында қалып қойған. Әйелі мен баласының тірі екенін алпысыншы жылдары ғана білген – Т.Ж.) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі – осы бақ; екіншісі – Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі – Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі – Аблықтағы өзіміздің қора-жайымыз, күндіз Келесте кездесіп, жиындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік»,– деп жазады.

Осында көрсетілген мекенжайдың қайсысы Н.Қожамқұловтың үйі? Бесағаш қышлағындағы жалдамалы пәтер ме, жоқ, Әбдірахманның үйі ме? Өкінішке орай Н.Қожамқұловтың тергеу ісіндегі жауаптарын хатқа түсіріп үлгермеппіз. Өжет, батыл, сауатты азамат болса керек. Оған оның түрмеде жатып аштық жариялаған мынадай бір тосын мәлімдемесі дәлел:

«Лаптев мырзаға. Егерде мәртебелі мырзамыз дәрігерлердің қорытындысын жалған деп есептеп, мені ауруханаға жібермесе, онда менің осында ит өліммен өлгенімнің сізге үлкен рахат сыйлайтын болғаны ғой. Сіздің көңіліңізден шығу үшін, сізге рахат қана емес, қатты сүйсіндіретін бір жаңалық айтайын. Мен 11-мамырдан бастап аштық жариялаймын. Сіздің бейбастақ қылығыңыз бен қырсық мінезіңіздің жолына өз өмірімді құрбандыққа атаймын. Қожамқұлов Нәшір. 11 мамыр, 31 жыл».

Бұл ерегестің қандай күйде аяқталғаны белгісіз. Бірақ та Н.Қожамқұловтың ашық мысқылға көшіп, хал үстінде жатса да қасарыса мінез көрсетуі, дерттің жанына қатты батқанын ғана емес, сонымен қатар осынау азаматтың рухының беріктігін де танытады.

Осындай беттесу Ж.Досмұхамедовпен де ұйымдастырылған.

«1931 жылғы 12 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің беттесу хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Жаһанша Досмұхамедов сіздердің ұйымдарыңызға мүше болғанын растай аласыз ба?

Жауап: 22-жылы Ташкент қаласындағы Халел Досмұхамедовтің пәтерінде өткен бас қосуда Бұқарадағы Заки Валидовтің қозғалысы туралы Лапов (Дулатов ?) па, Бірімжанов па, біреуі хабарлама жасады. Онда Халел Досмұхамедов, Лапов (?), Бірімжанов, Нәшір Қожамқұлов (Нәшір Есімқұлов деп жазылған – Т.Ж.), мен және Жаһанша Досмұхамедов қатысты. Бұлардан басқалары есімде жоқ. Заки Валидовтің қозғалысын қолдайтын ұйым құру туралы мәселе көтерілді. Жаһанша Досмұхамедов ұйым құруға және қозғалысты қолдауға қарсы болғаны есімде. Оны құруға мен ұсыныс жасаған болатынмын. Ұйым құрылды. Жаһанша бұған жолдастық көңіл жықпастықпен қарады. Міржақып Дулатовқа, Халел Досмұхамедовке, Жаһанша Досмұхамедовке ұйымның жарғысын жасау тапсырылды. Бұдан кейін екеуміз де іссапарға кеттік, Жаһанша Досмұхамедов – Алматыға кетті, сондықтан да жарғы жазылды ма, жоқ па, одан хабарсызбын. Қыркүйек айында Ташкентке келсем Заки Валиди Ташкентте жүр екен. Істейтін іс қалмаған соң ұйым өзінен өзі тарап кетті. Тынышбаевтан көмек болмайтыны анық болған соң, менен күдер үзгендіктен де, ұйым жарғысы жазылды ма, жоқ па, оны маған мәлімдеген жоқ.

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: 21-22-жылдардың бірінде «Ақ жолдықтардың» (Ташкентте шығып тұрған газеттің аты – Т.Ж.) біреуі келіп: бұрынғы алашордашылардың бас қосуына шақырды. Қайда өткені есімде жоқ. Халел Досмұхамедов пен Тынышбаев, Дулатов пен Бірімжанов болды. Қалғандары есімде емес. Онда сол кезде дүрілдеп тұрған Түркістандағы басмашылар қозғалысы мен оның құрамында жүрген Заки Валидов туралы, башқұрт профессорының Түркістанды игере алмай жүргендігі, ал бұрынғы алыпсатарлармен ешқандай да бірікпеу туралы мәселе көтерілді. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов пен Мұқамеджан Тынышбаев:

Біз кеңес өкіметіне еркімізбен өттік. Ферғананың басмашылар қозғалысының басшылары бұларға да салауат беруді өтінді. Оларды әуелі қолға түсіріп, содан кейін соттап, ату жазасына бұйырмақ. Біздің де өткендегі қайраткерлігімізді бандиттік қозғалыс деп бағалап, бізді де соттамақ. Сондықтан да «Алаш» үкіметінің бұрынғы бағдарламасын жаңа заманға лайықтай отырып «Алаш» партиясының жобасын жасайық,– десті.

Құрылтай бекіткен бұрынғы бағдарламаны өзгертуге, ұйым құруға мен мүлдем қарсы болдым. Олардың барлығы мені: «Ол бағдарламаны қазан төңкерісінен бұрынғы Орынборда 1917 жылы өткен бірінші жалпы қазақ құрылтайының тапсыруымен Танашев (Талғашев деп жазылған – Т.Ж.) екеуің жасаған болатынсың. Сен сондағы жарғының шешімін орындамай отырсың, деп мені айыптады Сейдазым Қашқынбаев (Сейдазым Қадырбаев па, жоқ, Иса Қашқынбаев па? Әйтеуір осы аты-жөнде бір жаңылыс бар – Т.Ж.). Мен өзгертуге келмейтін ескі жобадан бас тартатынымды айттым. Бірақ та олардың қысымына шыдамай екі-үш күннің ішінде ескі жобаның нұсқасын дайындап беруге келістім. Онда қандай ұйымның, қандай әрекетпен шұғылданатыны туралы ештеңе де айтылмаған. Бұдан кейін мен Түркістан атқару коммисариатының тапсырмасымен Алматы арқылы Пржевальскіге іссапармен (аштарға көмек көрсетуге – Т.Ж.) кеттім. Заки Валидовтің Ташкентке келгенінен хабарсызбын, егер келгені рас болған күннің өзінде, оны менен жасырған. Ташкенттегі бұрынғы алашордашылар маған ешқандай тапсырма берген емес, мен де ешкімге тапсырма бергемін жоқ. Осыдан кейін Тынышбаевпен де, Халел Досмұхамедовпен де араздасып кеттім де, 29-жылға дейін Алматыға келгенше олармен көріскен де жоқпын, көрсек амандаспайтынбыз да. Сондықтан да Заки Валидовтің Рысқұловқа жолдаған хаты жөнінде еш хабарым жоқ (Жаһанша Досмұхамедов қолын қойған).

Тынышбаевтің қарсы жауабы: Николай Семенович, Халел Досмұхамедовпен беттескенде бұл мәселе жөнінде айтылды ғой. Ал кеңес өкіметінің басмашыларға қарсы қолданған салауаты мен жүргізген сот ісіне келетін болсақ, онда оларға әуелі кешірім жасалды да, соңынан бәрі асқан қатыгездікпен атылды. Бас қосуда біз осыған тоқталдық. Бұрынғы «Алаш» бағдарламасын тағы бір қарап шығу туралы айтылды, оны тексеріп, қайтадан қарау Дулатовқа және Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерге тапсырылды. Жалпы «Алаш» бағдарламасы жөнінде ашық мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Ал Заки Валидовтің қозғалысына біз сенімсіздікпен қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін (Тынышбаевтің қолы қойылған).

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Мен ешқандай да бағдарлама жасауға қатыспағанымды қатаң түрде мәлімдеймін. Ешқандай өзгертуге болмайтын «Алаш» бағдарламасын қайта жаңғырту туралы ешқандай ұйым тапсырма берген емес. Мүмкін сот бола қалған жағдайда бұрынғы «Алашорданың» бандиттік қозғалысқа ешқандай қатысы жоқ екендігіне айғақ ретінде ол бағдарлама керек болған шығар. Әйтпесе, оны қалай түсінуге болады? (Жаһанша Досмұхамедовтің қолы қойылған).

Тергеуші Попов».

Бұдан кейін осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. Біз тергеу барысындағы психологиялық көңіл ауанын тереңірек беру үшін көрсетіндіні толық келтіреміз:

«№ 2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан 31-жылдың 3-қазан күні қосымша алынған тергеудің хаттамасы:

Маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: ұйымның кеңесінде оған ат қою туралы ешқандай мәселе көтерілген емес. Бірінші отырыстан кейін (ол 22-жылы болды) мен Шымкент қаласындағы отбасыма кеттім. Ұйымның не істеп, не қойғанынан бейхабармын».

Бұл сапар – М.Тынышбаев үшін ауыр сапардың бірі еді. Сол жолы оның әйелі Гүлбаһрам жұртты емдеймін деп өзі де өмірін қиды. Жас қалған балаларды орналастыру да үлкен тауқыметті іс болатын. Ол туралы Дәулет Мұхамеджанұлы Шейхәли профессор Әбу Тәкеновке берген сұхбатында:

«...Ескендір аға (Мұхамеджанның үлкен ұлы Т.Ж.) өз естеліктерінде, бізбен сөйлескенде де, шешесі Гүлбаһрам (Алматыдағы белгілі фельдшер Бақи Шалымбековтің қызы) 1923 жылы Шымкентте тырысқақ (холера) ауруын емдеу кезінде инфекция жұқтырып өлгенін, сондықтан денесін кислота құйып өртеп жібергенін айтқан еді. Одан көп кейін өзінің құмық досы профессор Шейхалидың қарындасы Әминаға үйленгенін есіне алып: «Әмина әкеме жақсы жар болып, 1932 жылы Воронежге айдалғанда да әкеммен бірге кетті», деген болатын»,– деп еске алды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Валидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.

Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да, бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Досмұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі, деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар 28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек», деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па –?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады» (Бұл туралы М.Әуезов өзінің жауабында ашық жазады – Т.Ж.).

М.Тынышбаев (жалғасы): «Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз».

Жауаптардың астарына қысқаша түсінік: Д.Әділевтің «астыртын ұйымның тізімі мен құрылымын сызған» көрсетіндісін тергеуші Х.Досмұхамедовке: «М.Тынышбаев сызып берді»,– деп сендірген. Ал «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын ұйым» деп көрсеткен. Сөйтіп, Тынышбаев пен Досмұхамедовті бір-біріне қарсы қоюға ұмтылған. Сондай-ақ, шекараға жақын орналасқан матай мен қаракерей елінің сырт асып кетуіне: «М.Тынышбаев жетекшілік етті, астыртын үгіт жүргізді»,– деген айып тағып, Лепсі уезіндегі біраз адамдарды ұстап, түрмеге қамаған.

«Айыптау қорытындысында» жоғарыдағы көрсетінді:

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға тағы басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)»,– деген мазмұнда «өңделіп» жазылған.

М.Тынышбаевтің: «Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз»,– деп өзі ерік бергеніне сүйене отырып, мұны біз де жала деп қабылдаймыз.

4.

Алаш ардагерлерінің тағдыры қандай жолдан, қандай қолдан өткенін, 1928 жылдың қазан айынан басталып 1932 жылдың сәуір айында аяқталған „қылмыстық істің” барлық болмысын көрсету мақсатында бір-бірін қайталайтындай көрінетін, бірақ әр қайсысының „өзіндік орыны бар” құжаттарды қауым назарына қайталап ұсынуды жөн көрдік.

Зады тергеудің бет алысына және айғақтарының жеткіліксіздігіне өздерінің де көзі жеткен ерекше бөлімнің адамдары жауапқа тартылғандардың жауабына қанағаттанбаған әрі тергеу басталысымен «астыртын ұйымның әшкереленгені» туралы Голощекиннің атышулы мәлімдемесін жоққа шығарудың амалын таба алмаған тіміскілер «қылмысты істің» көлемін ұлғайтып, «ұлттық қозғалыс» ретінде көрсетуге тырысып, оған жаңа «айыптылар мен күдіктілерді» тартқан. Оны І томның 457-бетіне тігілген «Қамауға алынғандардың тергеу мерзімін ұзарту туралы. 1930 жылғы 20-қараша күнгі» мына түбіртек растайды.

«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар:

1. Тынышбаев Мұхамеджанның, 2. Мұрзин Мұхтардың, 3. Мырзабаев Рамазанның, 4. Ақбаев Әбілхамиттың, 5. Ақбаев Мұраттың, 6. Омаров Әшімнің, 7. Қадырбаев Сейдазымның, 8. Омаров Ғаббастың, 9. Сұлтанқұлов Атбасардың, 10. Ыбыраев Абылдың, 11. Сырттанов Дәрібектің, 12. Токин Хамиттың, 13. Досмұхамедов Халелдің, 14. Мұсаев Шынәлидің, 15. Ақаев Серікбайдың, 16. Ахметов Ілиястың, 17. Ермеков Әлімханның, 18. Қожамқұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, 20. Қадырбаев Қалмақанның, 21. Ақбаев Жақыптың, 22. Қашқынбаев Исаның, 23. Мамырбердин (келесі хаттамада Меңгелин) Алдабектің, 24. Бұралқиев Мұстафаның, 25. Досмұхамедов Жаһаншаның, 26. Әуезов Мұхтардың, 27. Сүлеев Біләлдің, 28. Кемеңгеров Қошмұхамедтің, 29. Кенесарин Әзімханның, 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау керектігіне байланысты Қаулы етемін:

2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.

ОО ерекше бөлімінің бастығы (Попов). «Келісілді» ОО бастығының орынбасары (Волохов). «Бекітілді» тергеу бөлімінің бастығы (Пирогов)».

Бәрі де түсінікті. «Алашордашылардың» түрмеден жазасыз шықпайтыны анық. Түсініксіздігі 1930 жылдың қарашасында тергеу ісінің 1932 жылдың қаңтарына дейін аяқталмайтынын қалай болжап, біліп отыр? Демек, қылмысы дәлелденсін мейлі, дәлелденбесін мейлі, алаш зиялыларының тағдыры шешіліп қойған. Қалай да олардың темір құрсаудан құтылмайтындарына тергеушілердің сенімі кәміл. Келесі келтірілетін хаттама мәтінінен сондай сенімнің таты шығып тұр.

Тура біз күткендей, оларға көрсетілген бір жыл екі ай да жетпепті. Сондықтан да 1931 жылы 16 тамызда тағы да:

«Мен, ОППП ОГПУ-дің 3 бөлімінің КССР-дегі өкілі Лаптев астыртын ұйым құрған қазақ ұлтшылдарының үстінен қозғалған № 2370 іс бойынша ҚІК-нің 58-7, 58-11 және 59 баптарымен қамауға алынған Тынышбаев Мұқамеджанның, Қожамқұлов Наширдың, Қордабаев Рамазанның, Серікқанов Нәрібектің, Сұлтанқұлов Насырдың, Мұсаев Шынәлидің, Ахметов Ілиястың, Қадырбаев Сейдазымның, Досмұхамедов Халелдің, Ақбаев Жақыптың, Мұрзин Мұхтардың, Ақбаев Әбдіхамидтің, Сүлеев Біләлдің, Кемеңгеров Қошмағамбеттің (түпнұсқада солай), Омаров Әшімнің, Қашқымбаев Исаның, Ермеков Әлімханның, Бұралқиев Мұстафаның, Әуезов Мұхтардың, Күдерин Жұмақанның, Меңгелин (алдыңғы хаттамада Мамырбердин) Алдабергеннің, Кенесарин Әзімханның, Досмұхамедов Жаһаншаның, Мұхаметшин Сейдахметтің, Омаров Уәлиханның, Ысқақов Даниялдың, Қожықов Қоңырқожаның, Мұңайтпасов Әбдірахманның, Тілеулин Жұмағалидың, Үмбетбаев Алдабергеннің тергеу ісі ОПК-тің 616-бабында көрсетілген уақыттан асып кеткенін ескере отырып, жоғарыдағы ұйымға қатысы бар жаңа айыпкерлердің іске тартылуына және соған орай қалыптысқан жағдайға байланысты тергеу жұмысын аяқтап үлгеру мүмкін емес болғандықтан да:

2370 іс бойынша тергеуге тартылған жоғарыдағы айыпкерлерді 1932 жылдың қараша айына дейін қамауда ұстауға Қаулы етемін. Бұл жөнінде тергеу жұмысын бақылайтын ОГПУ-дің аймақтық прокурорына хабарланды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]