- •6 Маусым, 2009 жыл.
- •«Айыптау қорытындысы
- •1. Тарихи анықтама
- •3 Бөлімнің өкілі Лаптев. «Келісемін»: опп огпу-дің бастығы – Хворостян.
- •1. Қазақ халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігі мен дербестігін әлі ұмыта қойған жоқ еді, қазақтардың орыс бодандығына толық өтуі өткен ғасырдың 80-жылдарында, яғни, бұдан 50 жылдай бұрын ғана аяқталды.
- •2. Бастан кешіріп отырған патша өкіметі отарлау саясатының қорлығы мен езгісі.
- •22). «Егерде төңкеріс бола қалған жағдайда, онда біздің ұйымның дәргейімен жалпыға ортақ әскери міндетті енгізу керек»,– деген ұсыныс жасалды».
- •1. 1922 Жылы өзімнің кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекеттер жасау туралы үйірме құрмақшы болғанымды;
- •2. Сол, 1922 жылы Ташкентке келген Заки Валидовпен кездесіп, онымен әңгімелескенімді;
- •2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын».
- •4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.
- •3). Ұйымның құрылымы. Ташкенттегі ұйымның жұмыстары жалпы жиналыста шешілді, онда бөлімдік құрылымдар болған емес.
- •1) Мақаланың жоспары (аяқталмаған)
- •2) Зерттеудiң қорытындысына пікір
- •2) Ұлтшыл ұйымның жетекшісі ретінде басмашылардың бастығымен байланыс жасағаны және 27-жылы Әділев басқарған бандыларға қолдау көрсеткені үшін;
- •1) Қазіргі қалыптасқан шаруашылық жүйесіне түбірімен өзгеріс жасау мүмкін емес.
- •2) Жер бөлісі таптық тұрғыдан жүргізіліп, оған еңбекші бұқара кеңінен тартылуы тиіс – деген жалпы ереже қабылданды.
- •1.Мәннан Тұрғанбаев
- •2.Жақып Ақбаев
- •1922 Жылдың наурызында өкпе қабынуымен ауырып, науқастығым себепті үйге қайттым.
- •1907 Жылдан осы уақытқа дейін Семей географиялық қоғамының мүшесімін, оған мен қазақ халқының шығу тегі туралы тақырыпта баяндама табыс еттім.
- •3.Даниал Ысқақов
- •1.Гусом бекіткен, Байтасов қайта қарап шыққан 1-баспалдақтағы мектептерге арналған жалпыға ортақ оқу бағдарламасы.
- •2. М.Тынышбаевтің «Мырза Едіге батыр» (тарихи дастанның кейіпкері) атты мақаласы және қазақ тұрғындарының саны туралы кесте.
- •3. Жұмабаевтің қазақтың халық ақыны Ақан туралы мақаласы.
- •4.Қошке Кемеңгеров
- •5. Жұмахан күдерин
- •3 Бөлімнің өкілі Лаптев. «Келісемін»: опп огпу-дің бастығы – Хворостян.
- •1.Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады.
- •Комиссия ҚазЦик бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦик арқылы жүргiзедi.
- •Қазақ қызметкерлерiнiң 1921 жылғы 10 желтоқсан күнгi Кеңесiнiң хаттамасы
- •Қазақ арасындағы жұмыстарды күшейту және кеңес аппаратын жөнге келтіру.
- •Сәдуақасов жолдастың мәлімдемесі.
- •5.Жергілікті халық өкілдері партия, кеңес орындарына тартылсын.
- •Ермековтің «Ашық хаты»
- •Заявления Ермекова
- •М.Жұмабаевтің «Ашық хаты
- •Открытое письмо
1.Гусом бекіткен, Байтасов қайта қарап шыққан 1-баспалдақтағы мектептерге арналған жалпыға ортақ оқу бағдарламасы.
2. М.Тынышбаевтің «Мырза Едіге батыр» (тарихи дастанның кейіпкері) атты мақаласы және қазақ тұрғындарының саны туралы кесте.
3. Жұмабаевтің қазақтың халық ақыны Ақан туралы мақаласы.
Ұлтаралық межелеуге байланысты комиссияның қаулысымен редакция алқасы құрылды, оның құрамына Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров және мен кірдім. Осы алқа мүшелеріне материалдарды дайындау тапсырылды. Бұл кезде комиссияның қолында журналға арнап әр жерден жіберілген және жергілікті ташкендік авторлар жазған материалдар болды. Келіп түскен материалдардың барлығын комиссияның төрағасы ретінде Х.Досмұхамедов қарап шықты және басылуға тиісті материалдарды сол іріктеп алды.
Журнал ешқандай да кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген жоқ және ондай әдеби міндетті алдына қойған да емес. Оның басты мақсаты – оқу-ағарту саласы болды, алайда ол кезде қазақ көркем әдебиетін бағалауда пікір қайшылықтары болатын, соған орай басылған Ғаббас Тоғжановтың рецензиясына бола журналды ұлтшыл мекеменің қатарына қосты, алайда онда кеңес өкіметіне қарсы бағытталған немесе таза ұлтшылдықты көздейтін ештеңе де жоқ болатын.
Ол кезде көркем шығарманы маркстік тұрғыдан бағалай алатын сын қазақ әдебиетінде мүлдем жоқ еді. Егерде «Сана» журналы нақты таптық бағыт ұстай алмаса, онда мұны сол кезде қазақ тілінде шыққан барлық басылымдарға кінә ретінде көрсетуге болады. Д.Ысқақов».
Ал Даниал Ысқақов өзінің 1931 жылы 31 сәуір күнгі тергеуде берген жауабында Халел Досмұхамедовпен ғылыми шаруашылық мәселелеріне қатысты жиі араласып тұрғандығын айтқан. Екеуінің сөздері бір арадан шыққан. Сол сияқты Дәурен Тұрғынбаевтің (сол кезде 45 жаста екен) 1931 жылы 11 мамыр күнгі жауабы да сол мазмұндас.
«1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Даниял Ысқақовтан алынған жауаптың хаттамасы: Ташкентте 23-жылдан тұрамын. 26-жылы Қызылордада комиссияның жұмысымен бес күндей болдым. Байтасов саяси курсқа хат беріп жіберді. Онда бұрынғы алашордашылардан ешкімді кездестіргемін жоқ. 24-26-жылдардың арасында бұрынғы алашордашылардың ішінен ғылыми комиссияда жұмыс істейтін Халел Досмұхамедовпен қызмет барысында кездесіп жүрдім. Ал куәға тартылып отырған Тынышбаевпен, Қашқынбаевпен қоғамдық орындарда ғана өте сирек ұшырасып қалып жүрдім. Мен Ташкентте тұрғанда Ермековпен 2-3 рет қана жолықтым, одан көп емес. Сұраған мәселеге тік жауап беретін шыншыл адам, ал оның өкіметке қарсы пікір айтқаны есімде жоқ. Бұрынғы алашордашылардың Ташкентте ұйым құрғаны және олардың Заки Валидовпен байланысы туралы мүлдем хабарсызбын.
Енді мақаланың жайына келетін болсақ ( көркем әдебиет туралы «Екеу» деген бүркеншік атпен Абдолла Байтасов екеуі бірігіп жазған сын мақаланы айтып отыр – Т.Ж.) мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін, Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада недәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімше қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов: екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын – деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ», – деп жауап берді. Бұл мақала 26-жылы не 27-жылы жарық көрді.
«Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.
Әділевпен мен ғылыми комиссияда қызмет істеп жүргенде таныстым. Ол да сонда жұмыс істейтін. Бірде ол Халел Досмұхамедовтен демалыс сұрап, Ташкенттен кетіп қалды. Содан кейін мен онымен Қызылордада Қазақ театрының директоры болып жүрген кезінде бір рет қонақта болдым. Қонақта Байтасов, Кемеңгеров және ...(аты-жөні танылмады) болды. Содан кейін кездесудің сәті түспеді (Қолы қойылған)».
Міне, Д.Ысқақовтың «қылмысы» да, жауабы да осы. Тек тергеудің мысын қайыру үшін өзінің «Көркем әдебиет туралы» мақалаға қатысын жеңілдетіп баяндап отыр. Ал ай бойы ұстаған «Алқа» бағдарламасын оқымадым дегені – жорта жауап. Сонша көлемді де емес және пікір білдіруге ниеттенген мақаланы оқымауы мүмкін емес. Қалай болған күннің өзінде Даниал Ысқақовтың айыбы толық дәлелденбейді. Осыған орай Мәскеу тергеушілері:
«ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкіліне: Ермеков Әлімханды … Ысқақов Даниалды … жауапқа тартқан №2107 істі ОГПУ-дің коллегиясының 32 жылғы 3 наурыз күнгі қаулысына сәйкес қосымша тергеуге жіберіп отырмын»,– деген (ІІІ том, 205-бет) ілеспе хат жолдаған.
Қосымша тергеу де күткен нәтижені бермесе керек. Амалсыз кейбір айыпталушылардың үстінен жүргізілген тергеу ісін тоқтату туралы:
«… Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял түрмеден босатылсын. (Қолы)», – деген Қаулы қабылдауға мәжбүр болады.
Құрығына түскенді құтқармайтын кәнігі тергеушілер Қаулының соңына: «Бақылауға алынсын», – деген бұрыштама қойып, оған жеңіл ғана «қарғыбау тағып» қоя берген.
Құпия бақылау мекемесіне берілген бұл нұсқау, яғни «Бальзактың шегірен былғарысы» 1938 жылы тұзаққа айналды. Даниал Ысқақов Алматыда ұсталып, жазаға тартылды. Қосымша әфсаналық деректерге қарағанда Даниал Ысқақов атылмаған, 1945 жылы айдауда жүріп дүниеден қайтқан-мыс. Ұрпақтарының шежіресінде де солай көрсетілген. Оған өжет мінезді, өткір тілді, Кәкітайдың кіші әйелі Бибі азапты жылдары бауырына басып, «кекшіл, өкпешіл, қайдағы-жайдағы әңгімені құлағына құйып алатын, өкпе-назды кеудесіне ұялатқан», зайырлы ұстаз Мінәш Әрхамқызы Ысқақованың естелігіндегі Даниалды бауырына басқан Бибі апаға Мұхтар Әуезов айтқан бір сөздің астары негіз болған. Түрмеден босаған соң да Мұхтар мен Даниалдың арасы ажырамаған.
Мінәш Әрхамқызы: «1935 жылы анам Сақыпжамал қайтыс болып, әкем екеуміз Алматыдағы Дәку (Даниал) ағаның үйіне келдік. Сонда Мұхтар аға Дәку ағамен қазіргі Құрманғазы көшесінде қарсы есіктес көрші тұрды. Астанаға келген соң мен ондағы 12-ші мектепте оқыдым. Дәку ағалардың үйіне барғанда Мұхтар аға екеуінің қатар жүріп, қатар отырғанын жиі көргендіктен болар, мен ол кісілердің алдында еркін жүріп, еркін сөйлейтінмін. Дәку аға өте бауырмал, балажан адам еді. Мені "жетім" деп аялай ма, әйтеуір ерекше жақсы көруші еді.
Сол кезде Дәку ағаның үйі толған жетім балалар еді. Шағатай, Шыңғыстай, Саида, Зәкен, өзінің Динар, Роза, Марат атты балалары ұзын ас столында қаздай тізіліп отыратын едік. Әйелі Мүкарамма шешеміз біріміздің шекемізден шертпей тамақтандыратын. Қазан қаласының университетін бітірген, ұлты башқұр болуға тиіс, өзінің ұлт тілін сындырмай, ас ішкенде асықпай, сөйлемей, қасық, шанышқыны дұрыс ұстап отыруға көңіл бөліп: «Аш ішкәннә шашмағыз, бойығызға сіңім, қолығыңызды жуығыз», т.б. деп түсіндіріп, тәрбиелеген, көркіне санасы, мәдениеті жарасқан, өте сабырлы, иман жүзді, дауысын көтеріп сөйлемейтін, қоңыр үнді, ақылды ана еді. Ашық күнде жай түсіп, Дәку аға тұтқындалды, өзін тергеу орыны шақырып, жер аударды. Далада иесіз қалған үш баласын Ташкентте тұратын апасы Мәрзия азар жинап әкетіпті. Талай қорлық, зорлық көрсе де қажырлықпен үш баласына жоғары білім әперді. Динар, Роза Алматыда оқыды. Марат Москвадағы Ломоносов атындағы университетті бітірген. Математика ғылымының кандидаты. Қазір бәрі де зейнеткер, Алматыда тұрады. Мүкәрәмма, Мәрзия апайлар Ташкентте тұрып, ұзақ жасап қайтыс болды...
Содан... 1945 жылы Абай атамыздың 100 жылдық тойы халықтың бір қуанышты, бір қайғылы кезеңінде өтті. Себебі үйінен соғысқа аттанған 2-3 азаматының бірде-бірі тірі оралмай, жерге қарап қалған шаңырақтағылар да, майданнан жарымжан болса да тірі оралғанына тәубә еткен отбасылар да көп болатын. Соған қарамастан бүкіл ел Абайдай дана бабасының тойынан рухтанғандай, бойларына күш алып, қаяу көңілдері көтеріліп серпілгендей еді. Осы тойға әжем Бибі Павлодардан арнайы шақырылды. Ол кезде әкем Қасқабұлақта тұрғандықтан, үлкен апам аудан орталығындағы менің үйіме түсті. Атам Оразмағанбет пен енем Үмітай әжемді құшақ жая, жылап, көрісіп қарсы алды. Анық білетінім, біздің үй – мен келін боп түскен осы Байзақ би баба шаңырағымен бұрын да құдандалы, сыйлас адамдар екен. Әжем ескілік салтты өте қатаң сақтайтын, иманжүзді адам еді. Ол кісі өте жақын болмаса да кісі аттарын тергеп, Құнанды – күземе, Торғайды – шырылдауық, Топайды – асық атты деп күлкіге батыратын. Бұл жолы да сол салтын сақтап, төрге салынған көрпеге жетелеген енеме: "Би атамның төріне шығып, алжыды деп ойлайсыңдар ма?",– деп ортадағы төсекке арқасын сүйеп отырды.
Өткен күндердегі қуаныш, өкініштерін айтысып, бірде жылап, бірде күлісіп жатқан мезетте үйге дауыстап сәлем беріп, Балташ аға (Балтақай Толғанбаев) мен әкем және Мұхтар аға кіріп келді. Мұхтар аға кірген бетте жіті басып, төсек жанында отырған әжемді: "Кіші апа!"– деп құшақтай алды. Әжем сәл таңырқап: "Жаным-ау, Мұхтарсың ба?" – деп маңдайынан сүйді де: "Мұхтар-ау, Дәкуім қайда, Дәкуім?",– деп зарлап жылап қоя берді. Оқыс оқиғадан ұялып калған мен: "Әже, әже қойыңыз",– деп айырайын десем, Мұхтар ағаның да көзінен ыстық жас моншақтап тұр екен. Мен кері қарай серпілдім. Осы кезде әкем таяп келіп: "Жеңеше, сабыр етіңіз. Мұхтардың ортамызда тірі жүргеніне тәубе дейік. Абай атасының 100 жылдық тойын тойлатып, тоз-тоз боп кеткен ұрпақтарын жан-жақтан жинатып, бастарыңызды қосып жатқан, міне, осы Мұхтар. Басқаның қолынан бұл іс келмес еді",– деді. "Мұхтардың тіршілігі",– дегенде әжем дауысын көтеріп: "Мен Мұхтарға неге тірі жүрсің деп отырмын ба? Тел қозыдай қатар жүретін сыңарың Дәкуім қайда деп сұрап отырмын ғой",– деп алып: "Момыным-ау, ақкөңіл, ақботам, аңқауым Дәкуім-ау",– деп тағы боздай жөнелді.
Сол сәтте Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар",– деп әжемді қайта құшақтады. Әжем жылауын тез тиып: "Аузыңа май құлыным, қапаста қамыққан қарақтарым-ай, бейнеті ештеме етпес, құдай-ау тірі көрсете гөр...",– деп Мұхтар ағаны құшағына алғанша, ол кісінің сағынышы мен жастық шақтағы ана көкірегін аңсағанынан ба, аузын толтыра: "Кіші апа-ау, Кіші апа",– деп маңдайын әжемнің кеудесіне төсеп еркелегендей болғанда Балташ аға әзілдеп: "Мұхтар, бізге де бірдеңе қалдыр, Бибі әже біздің де анамыз ғой",– дегенде үйдегілер ду күліп, көңілсіздік серпіліп, көңіл орнығып қалып еді.
Әжем – Кәкітай атамның екінші әйелі болған. Осыған орай ағайындарымыз ол кісіні "Кіші апа" атандырған. Дәку аға осы әжемнің бауырындағы меншігі екен. Семейге жиі қатынап, барлық қажеттерін өтеп, еркелетіп өзі тәрбиелепті. Әрине, әжемнің сол қамқорлығынан Мұхтар аға да құр қалмағаны анық»,– деп еске алады (сонда, 200-203беттер).
Ұрпақ арасындағы тылсым құпияларды тарқату әдепсіздік болар. Дегенмен де Мінәш апайдың: «Мұхтар ағаны, туған ағамыз екен деген әсер менің санамда 1942 жылға дейін өзгермеді» және «Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар",– деген сөздердің астарында тағдырлы тұспал жатқанын ескерте кетеміз.
Кеңгірбай бидің батасымен Ырғызбайдың тұсында «шынжыр балақ, шұбар төстік» қонған, тағы да сол батаның жорымы бойынша: «Тоғыз ата болғанда, тоз-тозала болмақпыз», – деген Әубәкір Құнанбаевтың «Елімен қоштасуындағы» аян шындыққа айналды. Ырғызбайдың, Құнанбайдың, оның ішінде Абайдың тұқымдары тоғызыншы буында «тоз-тозала болды». Соның бірі – Даниал Кәкітайұлы Ысқақовтың алаш идеясы жолындағы кешкен тауқыметі осындай.
