Біз басқалардың көзінше нені айтамыз?
Құрбыларыңның көзінше өзіңнің жігітіңді қағытып көрген кезің болды ма? Немесе басқа біреулердің алдында әзілдеп сынадың ба? Бұл нәрселер, ол үшін азап екені санаңа кіріп шықпады ма? Бір жасөспірім былай деді:
Бойжеткендер бізді ыңғайсыз жағдайға оп-оңай қалдыра алатындарын түсінбейді. Ал егер сен абдырап қалсаң, мүлде ештеңе айтқың келмейді. Шынын айтқанда, мен қатты ашуланамын, тек мұны көрсетпеймін. Бірақ оңаша қалғанда, өз қызымнан былай деп сұраймын: «Сен неге солай істедің? Мұндай қалжыңға басқа уақыт таппадың ба?» Бәрінен жаманы оның мені құрбыларының көзінше қағытқаны, өйткені олар кейінірек мен туралы талқылайтын болады. Бұл өте қорқынышты. Мені тіпті, білмейтін қыздар да менің қызымның пікірімен келісетін шығар деген ойлардан арыла алмаймын.
Ең қорқыныштысы – зілсіз қалжың емес. Біздің қоғамымызда ерлерді ел алдында сыйламау індетке айналып бара жатыр. Бұны фильмдерде, телехикаяларда ерлерді сомдағандарынан, ток-шоуларда олардың бейнелерін көрсеткендерінен аңғаруға болады. Жігіттердің көбі бізге өз құрбыларының көпшілік алдында олардың пікірлеріне немесе қабілеттеріне күмән келтірген кездері жандарына қатты бататынын айтты.
Бір жас жігіт былай деді: «Дүниеде ер азаматтың «меніндей» нәзік нәрсе жоқ. Әдетте әйелдер ерлер жайлы: «Ол кеудесін тым көтеріп кетті, оны сабасына түсіру керек» деп ойлайды. Бірақ олай етуге болмайды: ер адамның «мені» шынында дүниедегі ең нәзік нәрсе».
Жиырма жастағы жалғызілікті жас жігіттің бізге айтқаны:
Егер сені жігіт мысқылдаса не істеу керек екенін жақсы білесің. Бейнелеп айтқанда, ондайда шегінер жерің бар. Сен өзіңе былай деп айта аласың: «Мен одан ақылдырақпын, мен одан артық бола аламын, тіпті менің машинам оныкінен жақсы...» Ал егер сені бойжеткен мысқылдаса, сен шынымен-ақ абыржисың. Бұл қызға қарағанда қай жерің артық екенін ойласаң да, тыныштала алмайсың, сондықтан сені елдің алдында қыз күлкі қылса, өзіңді жер болғандай сезінесің. Сенің ызаланып, айналаңдағыларға ашуыңды төгуден басқа еш амалың қалмайды. Бірақ қыздың жанында өзіңді құбыжық етіп көрсеткің келмейді. Мұның орнына іштей ашуланасың.
Қыздардың ойынша, мәселенің барлығы жігіттердің өркөкіректіктерінде, бірақ бұл олай емес. Сөз бұл жерде олардың тәкаппарлығы жөнінде емес, олардың ер адам деп аталуға лайықсыз сезінулері жөнінде. Тәкаппарлық пен өзінің лайықтығын сезіну – екеуі мүлде басқа нәрселер.
Тәкаппарлық пен өзінің лайықтығын сезіну – бұл екеуі мүлде басқа нәрселер.
Біз қалай сөйлейміз?
Жігіттер кейбір нәрселерге белгілі бір әрекетпен жауап қайтарады. Біз топтық сұхбаттарымызға қатысқан бозбалалардың көбі мөлшермен келесі нәрселерді айтты: «Қызым өзімді сыйламай сөйлескен кезде, мен былай деп ойлаймын: «маған мұны естудің қандай ауыр тиетінін ол неге ұқпайды екен?» Біз өзіміз әңгімелескен бозбалаларды олардың құрбылары мұны жігіттерін кемсіткілері келгендіктен емес, білмегендіктен солай істейтіндеріне бірнеше рет көздерін жеткіздік.
Сонымен, жігіттердің еститіні не нәрсе?
Біздің сөзімізден сыйламаушылықты естіген кезде
Университет бітіріп, жұмыс істей бастаған бір жас жігіт бізге автосервисте әйелдерге деген қарым-қатынастың қалай өзгеретінін айтып берді, бұл әйелдердің өздерін қалай ұстайтындарына, өз өтініштері мен ұсыныстарын қалай білдіретіндеріне байланысты.
Егер сіз ерлер әлеміне түсіп, өз өтінішіңіздің орындалғанын, яғни жөнделгенін, басып шығарылғанын немесе қаланғанын қаласаңыз, сіздің ерлерге сыпайы болып, сыйластық көрсетуіңіз қажет, сонда сіз үшін барлық есіктер ашылады. Егер әйел механикке: «Менің бірнеше сұрақтарым бар, бірақ сіздің пікіріңізге сенім артамын. Сіз ең жақсы механиксіз, сондықтан машинамды жөндеуді сізге қалдырамын» дейтін болса, оның алданып қалу мүмкіндігі нөлге тең. Ал егер әйел шеберханаға ханымның бейнесінде кіріп, бет-әлпетінде жұмысшылар мен олардың біліктіліктеріне деген сенбестік жазылып тұрса, әрі сансыз талаптар қояр болса, барлық қызмет түрлері қымбаттап, жұмыс та баяу жүретін болады.
Жоғарыда келтірілген мысалда «ханым» біздің пікірімізше өзін сенімді ұстағысы және өз қалауын орындатқысы келеді, алайда дәл осыған байланысты оған деген көзқарас онша емес. Ер адамдардың қызметін қажет ете тұра, «ханым» ең дұрысы ер адамдардың қабілеттеріне артатын сенімін әдейілеп көрсету жақсы болатынын ұмытып кетті. Ер адамдар «ханымның» мінез-құлқын өздерін сыйламаушылық деп бағалайды, әрине, оның машинасын «көңіл көтеріп жүріп» жөндейтіндері күмәнсыз.
Біздің сөзімізден шарасыздықты сезінген кезде
Көптеген бозбалалар бойжеткендердің тіпті қарапайым ескертпелері мен сұрақтарынан қандай да бір көлеңке тұс көреді.
Бір жоғары сыныптың оқушысы өзімен бірге мектептің әлдебір жобасына қатысқан сыныптас қызының: «Сен көрсетілімді дайындауға әлі кіріскен жоқсың ба?» деген сұрағына (тіпті қыздың даусында айыптайтын үннің болмағанына қарамастан) қатты ашуланып қалғанын айтты. Бозбала бізге былай деді: «Ақыр соңында мен бәрін істеп қоюға уәде бердім. Жобаны тапсыруға уақыт жеткілікті болатын, бірақ менің көзіме қыз маған сенім артпайтын сияқты көрінді. Мені нақұрыс санаудың, осылай күмәндана сөйлеп, шарасызданғанын әдейілеп көрсетудің қажеті жоқ».
Бірақ тыңдашы, ол қыздың бар айтқаны мынау ғой: «Сен көрсетілімді дайындауға әлі кіріскен жоқсың ба?» Қызды күмәнданды немесе көңілі қалды деп есептеуге бола ма? Меніңше, жоқ, ал бозбала оның сұрағынан нақты күмән мен шарасыздықты естіді. Қайталаймын, мәселе қыздың не айтқанында емес – жігіт өздерінің біріккен жобаларының дайындығын бойжеткеннің қадағалауынан мәселе көріп тұрған жоқ – барлық нәрсе қыздың өз ойын қандай сөздермен жеткізгендігінде.
Бір жігіттің бізге түсіндіргені:
Сіз мынаны түсінуіңіз керек: әрбір жігітте жас қызды қиындықтан құтқару тілегі тумысынан бар, бізге өзімізді пайдалану ұнамайды, әйтсе де ерлердің көбі әйелдерге қалай да көмектесуге тырысады. Біз сіздерге қатты боран соғып тұрғанда да жаңа үйге көшуіңізге көмектесеміз; ауаның ылғалдылығы 95%-дық жағдайда да біз сіздің жиһаздарыңызды көтереміз – тек бізден сыпайылықпен өтініңізші. Кез келген әйел 12-ден 99-ға дейінгі ер адамнан, егер өзі сыпайылық көрсетсе, көмек сұрай алады, ерлер оған жоқ деп айта алмайды. Ал егер әйел өзін дөрекі ұстап, сыйламаушылық танытса, біздің оған көмек көрсеткіміз келмейді.
Міне осылай! Осы пікірмен бозбалалардың бәрі бірауыздан келісті. Олар бойжеткен сыпайы әрі ибалы әрекет етуімен, тіпті ерлердің қателігін дұрыс көрсетіп немесе шынымен-ақ нақты істеуге болатын нәрсе ұсынған жағдайда көп нәрсеге қол жеткізе алатынын айтты. Мысалы жоғарыда айтылған жоғары сыныптағы бойжеткен өз сұрағын: «презентацияға дайындық қалай жүріп жатыр?» – деп жеткізер болса, ол серіктесіне және оның өз жұмысының бөлігін орындайтынына сенімді екенін көрсетер еді, бозбалаға дәл сол сәтте жұмыстың қай кезеңде екенін айтуға мүмкіндік берер еді.
