Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
МОӘ Лек 23-24.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
547.62 Кб
Скачать

Сабақтың барысы

Мұғалім: Балалар, бiз сендермен ондық бөлшектер ұғымын қарастырдық, ондық бөлшектердi салыстыруды, олармен амалдар орындауды үйрендiк, сонымен қатар ондық бөлшектермен байланысты басқа бiрқатар сауалдарды зерттедiк. өздерiң көргендей, бұл сұрақтар сендер үшiн қиын емес. Сендер барлығың ондық бөлшектердi жаза аласыңдар және олармен амалдар орындай аласыңдар. Қазiргi кезде қолданылып жүрген ондық бөлшектердi жазу жүйесiне адамдар қалай жеттi және оған қанша уақыт қажет болды?

Оқушы О.Бөлшектердi жазуды оңайлату үшiн есептер шығару барысында шығарды. Ал ашуға көп уақыт кеткен және оны ашқан ежелгi гректер деп ойлаймын.

Мұғалім. Кiм және қашан ашты деп жай ғана болжам жасамау үшiн, ондық бөлшектер туралы iлiмнiң даму тарихын қысқаша қарастырайық.

Одан кейiн мұғалім осы сауалдың тарихын тартымды және эмоционалды түрде әңгiмелеп бередi. Әңгiме барысында мұғалім орта азиялық ғалым Джемшид Гиясэддин Кашидiң, француз Э.Бонфильстiң, нидерланд инженерi Симон Стевиннiң, швейцар Иост Бюргидiң және т.б. ондық бөлшектер теориясының дамуына қосқан үлесiне оқушылардың назарын аударды. Мұғалім ондық бөлшектер теориясының Ресейде және Қазақстанда даму тарихын әңгiмеледi. Содан кейiн сұрағын қайталады. “ Қай елдiң ғалымына ондық бөлшектi ашқаны үшiн бiз мiндеттiмiз?”

Оқушы Б. Орта азиялық ғалым Гиясэддин Кашиге.

Мұғалім. Неге олай деймiз?

Оқушы Б. Ол Стевиннан бұрын өз еңбектерiнде ондық бөлшектердi суреттедi.

Мұғалім. Дұрыс, алғашқы болған Каши. Бірақ, мұндай сұрақтың теориясын толық жасау бiр адамның қолынан келе ме?

Оқушы А. Жоқ, әрине. Сiз өзiңiз айтқандай, ондық бөлшектердiң қазіргі теориясын дайындауға, толық жасауға көптеген елдердiң ғалымдары қатысты.

Соңғы сұрағымен мұғалім оқушыларда “ Ғылым көптеген халықтардың ғалымдарының еңбегiмен қүрылған және құрылуда”-деген ой қалыптастырды.

Мұғалімге көмек ретiнде 1-қосымшада берiлген математиканың даму тарихынан тақырыптық материал үлгiсiн ұсына аламыз.

Тарихи материалды сабақтың кез-келген кезеңiнде қолдануға болады. Кейде тарихи мәлiметтердi жаңа тақырыпты түсiндiрудiң алдында берген пайдалы, кейде сабақ тақырыбының жеке сұрақтарымен байланыстырған дұрыс болады, ал кей кезде математика курсының белгiлi бiр тарауын, тақырыбын жинақтау немесе қорытындылау ретiнде қолданған тиiмдi болады.

Жаңа тақырыптың алдында қолданылған тарихи мәлiметтер тақырыптың, жаңа тараудың маңыздылығына көз жеткiзiп, оқушылардың қызығушылығын тудырады. Мысалы, 5-сыныптағы “Натурал сандарды оқу және жазу” тақырыбына кiрiспе әңгiмеде оқушыларға қазіргі сандардың даму тарихын айтып, ондық санау жүйесiнiң басқалардан артықшылығын көрсетуге болады.

Бірақ дүниетанымдық сипаттағы терең жалпылаулар мен қорытындылар жасау үшiн тарихи мәлiметтердi тақырыпты, тарауды қайталау немесе бекiту барысында беру керек.

Теорияның тарихи дамуының кезеңдерiн көрсетiп, алғашқы қадамдар жасаған ғалымдардың еңбектерi мен қызметтерi туралы мәлiмет беруге болады. Тарихи шолу жасап, теорияның даму кезеңдерiне тоқталғанда мұғалім өтiлген материалға сүйенедi де, өтiлген тақырыптың теориялық материалының берiк меңгерiлуiне қол жеткiзедi.

Математика сабағында әлемнiң географиялық картасын қолдануға болады. Сонда мұғалім әңгiме барысында ғалымдардың мемлекеттерiн картадан көрсете алады. Бұл ғылымның географиялық шекараны бiлмейтiнiн және оның ақиқаттығы барлық халықтарға ортақ екенiн көрсетедi және интернационалдық тәрбие беруге көмектеседi.

Тарихи материалды беру барысында жиi қолданылатын әдiстемелiк тәсiлдер мыналар: мұғалімнің әңгiмесi, эврискалық әңгiме, проблемалық түсiндiру, лекция, оқушылардың зерттеу жұмысы. Мұғалім қолданатын әдiстемелiк тәсiлдер тарихи материалдың ерекшелiгiне мұғалімнің бұл материалды бергендегi мақсаттары мен мiндеттерiне байланысты. Осылардың iшiнен ерекше орын алатыны – мұғалімнің әңгiмесi. Тарихи маңызы бар жеке мәлiметтердi беруде ол жиi қолданылады. Лекциялық әдiс орта мектептiң жоғары сыныптарының математика сабақтарында қолданылады.

Тәрбиелiк жақынан алғанда V-ХI сыныптарда тарихи шолуға арналған мынадай жалпылау әңгiмелерiн өткiзген пайдалы болады: V сыныпта-“Ондық бөлшектер тарихы”, “Адамның практикалық қызметiндегi есептеулер”; VI сыныпта - “Оң және терiс сандар тарихы”, “ Сан ұғымының пайда болуы және дамуы”, “Әрiптiк белгiлердiң қолданылу тарихы”; VII сыныпта - “Геометрияның пайда болуы мен дамуындағы практиканың ролi”, ‘Эвклидтiң V-постулатының тарихы”; VIII сыныпта - “Квадрат теңдеулердiң тарихы”, “Табиғаттағы, техникадағы, өнердегi симметрия”; IХ сыныпта - “ Тригонометрия тарихы”, “Эвклидтiк емес геометрия тарихы”, “Геометрияның логикалық құрылымы және математикадағы аксиоматикалық әдiсi туралы”; Х сыныпта - “Туындының тарихы”; ХI сыныпта - “Интеграл тарихы”, “Логарифмдiк және көрсеткiштiк функциялар”.

Тарихи материалды беруде проблемалық оқытуды да қолдануға болады. Жаңа материал алға белгiлi бiр проблема қоюдан басталады. Ол проблема алдыңғы материалмен байланысты және жаңа бiлiмдi қажет ететiндей болады. Осылайша оқыту, яғни тарихи материал беру оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттырады.

Сабақ барысында белгiлi бiр ғалымның өмiрбаяндық мәлiметтерi мен шығармашылық жолын беру үшiн оқушылар да қатыстырылады. Математикаға аса қызықпайтын оқушылардың өздерi тарихи тақырыпқа хабарлама дайындауды ұнататынын тәжiрибе көрсеттi. Оқушыларды өздiк жұмыс iстеуге үйрету үшiн хабарлама материалдарын бiртiндеп күрделендiрiп отыру қажет. Ең басында оқушыға дайын хабарлама материалы берiледi, кейiн оқушыға хабарламаның тақырыбы мен әдебиеттер тiзiмiн ғана беру керек, сонда оқушы хабарламаны өзi дайындап, сынып алдында оны қорғайды.

Осылайша оқушылар бiртiндеп анықтама және оқу әдебиеттерiмен өздiгiнен жұмыс iстеудi үйренедi.

Оқушыларға патриоттық және интернационалистiк тәрбие беру мақсатында тарихи материалды және ғалымның өмiрбаяндық мәлiметтерiн таңдауға қойылатын талаптарға тоқтала кетейiк.

Тарихи материалды таңдағанда математика бағдарламасын жетекшiлiкке алу керек. Таңдалған материалда математиканың ғылым ретiнде дамуының негiзгi мәлiметтерi берiлуге тиiс. Сонымен қатар тарихи материалды беру кезiнде оқушылардың жас ерекшелiктерiн, ойлау қабілеттерін, дайындығын ескеру керек. Тарихи материалды жай ғана әңгiмелеп бермей, бағдарламалық материалмен үйлестiрiп, бiлiм беру және тәрбиелеу мақсатында қолдану керек. Алынған тарихи материал көлемi тым көп болмағаны дұрыс, яғни математика сабағын тарих сабағына ауыстырмау керек. Оны қолданудағы басты мақсатты ұмытпаған жөн: тарихи материал математикаға деген қызығушылықты арттырып, оны терең түсiнуге ықпал етуi тиiс.

Сабақта ғалымның өмiрбаяндық деректерiн таңдағанда мынаны ескеру қажет:

  1. Ғалымның ғылым дамуындағы орнын ескеру керек.

  2. Ғалымның өмiрбаянын ол өмiр сүрген кезеңнiң сипаттамасымен бiрге берген дұрыс, яғни оқушыларды сол кездегi оның жолында болған қиындықтар мен кедергiлерiн таныстыру.

  3. Ғалым еңбектерiнiң басқалармен байланысын және ғылымның болашақ дамуы үшiн маңызын көрсету керек.

  4. Ғалымның өмiрбаянын оқушылардың өмiрге белсендi көзқарасын тудыратын материал ретiнде қолдану мүмкiндiгiн қарастыру керек.

Оқушыларға өмiрбаянды таныстыру үшiн жақсы үлгi бола алатын ғалымдардың өмiрбаяндық деректерiн қолданған тиiмдi болады.

Математика сабақтарында тарих элементтерiн жүйелi түрде қолдану оқушылардың пәнге деген қызығушылығын дамытуға, математиканы терең және саналы түрде меңгеруге, диалектикалық-материалистiк дүниетаным қалыптастыруға ықпал етедi. Математикалық шығармашылықтың ұжымдық және интернационалдық сипатын көрсету арқылы мұғалім оқушыларға интернационалдық тәрбие бередi және өз елiмiздiң ұлы ғалымдары жайлы әңгiме оқушыларда Отанымыз үшiн мақтаныш сезiмiн тудырады.

Қысқаша тарихи мәлiмет беру үшiн кейде сабақтың 2-5 минуты жеткiлiктi болады. 1-қосымшада берiлген тарихи материалдар бағдарламаға сәйкес құрылған. Онда тарихи материалдарды қай сыныпта және қандай тақырып та қолдануға болатыны көрсетiлген

Ұсынылған материалдар толық болып табылмайды. Онда V-ХI сынып оқушылары үшiн ең тиiмдiлерi берiлген. Мұғалім өзiнiң практикалық оқу материалымен логикалық қатыстағы тарихи мәлiметтердi де жұмысында қолдана алады. Ұсынылған материалды толықтыра және дамыта түсу үшiн мұғалім 1-қосымшада көрсетiлген әдебиеттердi қосымша қолдана алады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]