Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция экономика.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
679.42 Кб
Скачать

№3 Лекция. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары

1.Нарықтық экономика жағдайында кәсіпорындарды ұйымдастырудың жаңа формалары

2.Кәсіпорынды басқарудың кіші, бірлескен, аралас, акционерлік-ұжымды түрлері.

Нарықтық экономикасы дамыған көптеген елдерде кәсіпкерлік қызметті жүргізуде, капиталды тарту және пайдалануды қамтитын әртүрлі нысандары мен тәсілдері бар. Кәсіпорын келесі нышандары: шаруашылық қызметтің түрі, меншік нысаны, сандық көрсеткіштер, маңызы және аумақтық орналасуы, ұйымдық- құқықтық түрлері және басқа да нышандары бойынша сараланады. Кәсіпорынның саралануы 1- кестеде келтірілген.

1-кесте. Кәсіпорынның саралануы

Саралау нышандары

Кәсіпорынның түрлері (олардың өнімдері)

Қызмет түрі

Жеке және өндірістік мақсатта тұтыну тауарларды өндіру;

Өндіріс мақсатында көрсетілетін қызметтер;

Ғылыми- зерттеулер жұмысы;

Тұрмыс мақсатында пайдаланатын қызметтер;

Жүкті және халықты тасымалдау жұмыстары;

Сауда (көтерме, бөлшек);

Байланыс қызметтері;

Қаржы-несие қызметтері;

Делдалдық және басқа да қызметтер.

Меншік нысаны

Мемлекеттік

Коммуналдық

Қоғамдық бірлестіктер меншігі

Жеке

Көлемі

Ірі

Орташа

Шағын

Қызметті реттеу деңгейі

Республикалық маңызы бар нысандар

Аймақтық маңызы бар нысандар

Жергілікті маңызы бар нысандар

Ұйымдық- құқықтық түрлері

Шаруашылық серіктестіктер мен қоғамдар

Өндірістік кооперативтер

Мемлекеттік кәсіпорындар

Барлық кәсіпорынлар елдің заңнамасында көрсетілген белгілі ұйымдық-құқықтық нысандарына сәйкес, бірақ та түріне, көлеміне немесе шаруашылық саласына тәуелсіз қызмет ете алады. Көрсетілген нысандар кәсіпорынны құруды, қатысушылардың жауапкершілігі және құқықтық қабілеттілігін, есеп беру тәртібі мен алынған пайдаға салық төлеуді, басқару органдарының құрылымы мен қайта құру немесе таратуды анықтайды.

Коммерциялық ұйым болатын заңды тұлғаның негізгі мақсаты пайда табу болып саналады, ал коммерциялық емес ұйымдар алдына мұндай мақсат қоймайды. Кәсіпкерлік құрылымның ұйымдық-құқықтық негізгі нысандарын қарастырып көрейік.

Сот алдында жауап беретін және сотқа шағымдана алатын, өз атынан жеке мүліктік емес және мүліктік құқығын жүзеге асыра алатын, сол мүліктерді өз қалауынша қолма-қол тұрғыда басқара алатын немесе шаруашылықты жүргізуге меншік құқығы бар ұйымдарды заңды тұлғалар деп атайды.

Филиалдар бұл заңды тұлғалардың тұрған жерінен тыс жерде орналасқан және оның барлық немесе кейбір қызмет түрлерін жүзеге асыратын дараланған бөлімшелері болып табылады, оның ішінде өкілдік мәртебесі де кіреді.

Филиал да, өкілдік те заңды тұлға болып табылмайды. Заңды тұлға коммерциялық та, коммерциялық емес те болуы мумкін, біріншісінің мақсаты барынша мол табыс табу және оны өз қалауынша жұмсай алады, ал екіншісінің- өз қалауынша табыс табу мүмкіндігі де және таза табысын өз қатысушыларының арасында бөлу жағдайы да шектелген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес коммерциялық ұйымдар тек келесідей түрлері құрылуы мүмкін:

- шаруашылық серіктестіктер;

- акционерлік қоғамдар;

- өндірістік кооперативтер;

- мемлекеттік кәсіпорынлар.

Коммерциялық емес ұйымдар заң актілерімен қаралған діни бірлестіктерден, қоғамдық қорлардан, тұтыну кооперативтерінен, акционерлік қоғамдардан, қоғамдық бірлестіктерден және тағы басқа ұйымдық нысандарынан кұрылуы мүмкін.

Шаруашылық серіктестіктер- құрылтайшылардың (қатысушылардың) қосқан үлесі бөліп көрсетілген жарлық капиталы бар коммерциялық ұйымдар. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдарының есебінен құрылған, сондай-ақ серіктестіктің шаруашылық қызметінде шығарылған және сатып алынған мүліктер серіктестіктердің меншігіне жатады.

Шаруашылық серіктестікті бір адам құруы мүмкін, ол оның бірден-бір қатысушысы болады.

Шаруашылық серіктестіктер толық серіктестік, сенімгерлік серіктестік, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік, акционерлік қоғам нысандары бойынша құрылуы мүмкін.

Азаматтар ғана толық серіктестіктің қатысушылары және сенім серіктестігіндегі толық серіктер бола алады.

Акционерлік қоғамнан басқа шаруашылық сепріктестіктердің акциялар шығаруға құқығы жоқ.

Ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүліктік құқық, соның ішінде зияткерлік меншік және өзге де мүлік шаруашылық серіктестіктің жарғылық қорына салынатын салым бола алады.

Толық серіктестік – мұндай серіктестіктің қатысушылары толық серіктестіктің мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда оның міндеттемелері бойынша өздеріне тиеслі барлық мүлікпен ортақ жауапкершілікте болады.

Азамат бір ғана толық серіктестіктің қатысушысы бола алады.

Толық серіктестіктің жарғылық қорының мөлшерін оның құрылытайшысы белгілейді, бірақ ол заң құжаттарында көрсетілген ең төменгі мөлшерден кем болмауға тиісті.

Толық серіктестікке қатысушысы қалған қатысушының келісімінсіз өз атынан және өз мүдделері немесе үшінші жақтардың мүдделері үшін серіктестік қызметі мәнімен тектес мәмілелер жасасуға құқығы жоқ. Бұл ереже бұзылған жағдайда серіктестік өз қалауы бойынша мұндай қатысушылардан не серіктестікке келтірген залалдың орнын толтыруын, не осындай мәмілелерден тапқан бүкіл пайданы серіктестікке беруін талап етуге құқылы.

Сенімгерлік серіктестік - серіктестіктің міндеттемелері бойынша өзінің бүкіл мүлкімен (толық серіктерімен) қосымша жауап беретін бір немесе одан да көпқатысушылармен қатар, жауапкершілігі толық серіктестіктің (салымшылардың) мүлкіне өздері салған салымдардың жиынтығымен шектелетін бір немесе одан көп қатысушыларды енгізетін және серіктестіктің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қатыспайтын серіктестік. Сенімгерлік серіктестігіне қатысатын толық серіктердің құқыұты ережесі және олардың серіктестік міндеттемелері бойынша жауапкершілігі толық серіктестіктің қатысушылары туралы ережемен белгіленеді.

Азамат тек бір ғана сенімгерлік серіктестігінің толық серіктесі бола алады. Сенімгерлік серіктесіндегі толық серіктес басқа толық серіктестіктің қатысушысы бола алмайды.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) – бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық қоры құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты залалдарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның міндетемелері бойынша әрбір қатысушының салым төлемеген бөлігінің құны шегінде ортақ жауапты болады. Серіктестікке қатысушылардың саны отыздан аспауы керек. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жалғыз қатысушы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестігі бола алмайды.

Қосымша жауапкершілігі бар серіктестік - қатысушылары оның міндеттемелері бойынша өздерінің жарғылық қордағы салымдарымен жауап беретін, ал бұл сомалар жеткіліксіз болған жағдайда өздеріне тиесілі мүлікпен оған өздері еселенген мөлшерде болатын салымдар арқылы жауап беретін серіктестік.

Қатысушылар жауапкершілігінің шекті мөлшері құрылтай құжаттарында көрсетіледі.

4 лекция. Әртүрлі меншік формалары кезінде кәсіпорындарды ұйымдастыру және жоспарлаудың ерекшеліктері.

1.Әртүрлі меншік формалары кезінде кәсіпорындарды ұйымдастыру және жоспарлаудың ерекшеліктері.

2.Кәсіпорынды анықтайтын факторлар, функциялар, құрылымы, міндеті, мақсаты. Өндіріс типтері.

Өнеркәсіптік мекемеде өндірістік құрылымның үш түрі белгілі: заттық, технологиялық және аралас (заттық - технологиялық).

Заттық құрылымда кәсіпорынның негізгі цехтары, телімдері олардың әрқайсысы белгілі бір өнімнің бір бөлігін (агрегатын, бөлшегін) немесе белгілі бір топтағы бөлшектер дайындау нысанына сәйкес құрылады. Заттық құрылым, негізінен ірі сериялы және жаппай өндірісті механикалық құрастыру және құрастырма цехтарында қолданылады. Автомобиль зауытында қозғалтқыш, шасси, беріліс қорабын, шанақты жасау цехтары; станокжасау зауытында - станина, шпиндель, біліктер, корпустық бөлшек дайындау цехтары; аяқ киім фабрикасында арнайы аяқ киім және т.б. цехтары заттық құрылымға мысал бола алады.

Заттық құрылымның үлкен артықшылықтары бар. Ол цехтар арасында өндірістік байланыс түрлерін шектейді және жеңілдете түседі, бөлшектердің қозғалу жолдарын азайтады, цехаралық және цех көлігіне кететін шығындарды азайтады, өндірістік цикл ұзақтығын қысқартады, жұмыс сапасы үшін қызметкерлердің жауапкершілігін арттырады. Цехтардың заттық құрылымдары жабдықтарды технологиялық үдерістің жүру барысында орналастыруға, өнімділігі жоғары станоктар, құралдар, штамптар мен жабықтарды қолдануға мүмкіндік береді. Осының барлығы, заттық құрылым өнім шығару көлемін, еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізеді.

Технологиялық құрылым айқын технологиялық даралануды анықтайды. Мысалы, құйма, ұста – штамптау, механикалық, құрастыру цехтарының болуы. Өндірістік құрылымның бұл түрі цехты басқаруды жеңілдетіп, адамдарды орналастыруда епті әдіс табуға мүмкіндік береді, өндірістің бір өнім түрінен екінші түріне ауысуға жеңілдік жасайды. Кемшіліктері: өнім – қозғалысында қарсы маршруттың туындауы, цехтардың өндірістік өзара байланысының шиеленісуі, құрал-жабдықтарды басқа технология бойынша қайта құруға көп уақыт кетендігі, жоғары өнімді арнайы станоктарды, құралдарды қолдану мүмкіндігінің шектеулігі. Олардың барлығы еңбек өнімділігінің өсуіне және өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне кері әсер етеді.

Аралас (заттық - технологиялық) құрылым бір зауыттың ішінде заттық және технологиялық қағидаға сай ұйымдасқан негізгі цехтардың болуымен сипатталады. Мысалы, жаппай өндіру кәсіпорындарында дайындау цехтары (құйма, ұсталық, пресстік), әдетте, технологиялық қағида бойынша ұйымдасқан, ал механикалық- құрастыру цехтары – заттық қағидаға сәйкес. Бұл түрдегі кәсіпорындар машина жасау, жеңіл өнеркәсіп (аяқ киім, тігін, жиhаздық) және бірқатар басқа да салаларда кеңінен пайдаланылады.

Өндірісті бұл түрде құрудың артықшылықтары келесілер: цехішілік тасымалдар көлемін азайту, өнім жасауға кеткен өндірістік циклдың ұзақтығын қысқарту, еңбек жағдайларын жақсарту, құрал-жабдықты пайдаланудың неғұрлым жоғары деңгейі, еңбек өнімділігінің өсуі, өнімнің өзіндік құнының төмендеуі.

Өндірісті ұйымдастыру түрі деп өнеркәсіптік кәсіпорынның ұйымдастырушылық және техникалық деңгей ерекшеліктерінің кешенді сипаттамасымен түсіндіріледі. Өндірісті ұйымдастыру түріне бірқатар факторлар ықпал етеді: мамандану деңгейі, өндіріс ауқымы; дайындау көлемі мен қайталануына байланысты өндірілетін көп өнім атауларының күрделілігі мен тұрақтылығы. Өндірістің үш негізгі түрін ажыратуға болады: жеке-дара (жекеленген), топтамалы (сериялы), жаппай.

Жеке-дара (жекеленген) өндіріс - өнім жекеленген немесе қайталанып отыратын шағын тапсырыстарымен айналысатын өндіріс. Бұл ауыр машина жасауға, кеме жасауға, бірегей станоктар мен турбиналарды өндіруге тән.

Бұл түрдегі өндірістің маңызды ерекшеліктері:

  • көбінесе қайталанбайтын өнімнің көп атаулығы;

  • технологиялық мамандану бойынша жұмыс орындарын ұйымдастыру;

  • бөлшектер мен агрегаттардың тұрақты атаулысын, белгілі бір жұмыскерлерге құрастыру және құрастыру операцияларын бекіту мүмкіндігінің болмауы;

  • әмбебап құрал-жабдық пен технологиялық жасақтауды пайдалану;

  • қолдан құрастыру мен аяқтау операцияларының үлкен көлемінің болуы;

  • өндірістік үдерісте қамтылған жоғары білікті әмбебап – жұмыскерлер санының басым болуы;

  • өндірістік циклдің ұзақтығы;

  • аяқталмаған өндірістік өнімнің көлемі едәуір болуы;

  • ағымды (оралымдык) - өндірістік жоспарлау мен өндірісті басқаруды орталықсыздандыру;

  • өнім сапасын бақылау үдерістерін автоматтандырудың қажетсіздігі;

  • өнім сапасын басқаруда статистикалық әдістерді пайдалану мүмкіндігінің болмауы;

  • еңбек үшін төленетін еңбекақының салыстырмалы көп болуы.

Топтамалық өндіріс - бірыңғай өнімнің кең атауларын (номенклатурасын) ұзақ уақыт бойы қайталанып отыратын жағдайда топтамамен дайындауды білдіреді.

Топтама (серия) деп өндірісте партиялап, бір мезгілде немесе бір ізділіктімен үздіксіз жоспарлы мезгілде қайталанып отыратын құрылысы бірдей өнімдер қатарын шығарумен түсіндіріледі.

Топтамалы өндіріс үдерісін ұйымдастырудың негізгі ерекшеліктері:

  • едәуір көлемде дайындалатын, қайталанып отыратын өнімнің салыстырмалы үлкен атауларының тұрақтылығы;

  • бірнеше бекітілген операцияларды орындау үшін жұмыс орнын мамандандыру;

  • өнімдерді топтамамен дайындау, бөлшектерді партиямен өндіру кезеңділігі;

  • технологиялық жабдықтау, арнайы және маманданған құрал-жабдықтардың басымдылығы;

  • қолдан құрастыру және аяқтау операцияларының көлемінің аздығы;

  • орта білікті жұмыскерлер санының басым болуы;

  • өндірістік цикл ұзақтығының аздығы;

  • оралымдык - өндірістік жоспарлау және өндірісті басқарудың орталықтануы;

  • дайындалатын өнім сапасын бақылауды автоматтандыру; өнім сапасын басқаруда статистикалық әдістерді қолдану;

  • бөлшек пен өнімдердің конструкцияларын бірыңғайландыру;

  • технологиялық үдерістер мен жабдықтануды бір түрге келтіру.

Топтамалық өндіріске ұшақ және мотор құрастыру зауыттары мысал бола алады.

Бір кезде дайындалатын өнімнің санына байланысты топтамалық өндірісті ұсақ, орташа және ірі топтамалы деп атайды.

Жаппай өндіріс – бірдей өнім түрінің шектеулі атауларын көп көлемде дайындаудың үздіксіздігі және салыстырмалы түрде ұзақ кезеңімен сипатталады. Жаппай өндіріс мекемелеріне автомобиль, трактор зауыттарын, ауылшаруашылық машина жасау зауыттарын жатқызуға болады. Жаппай өндіріс – кәсіпорындарында біратаулы өнімнің бір немесе бірнеше түрлерін шоғырландыруға мүмкіндік беретін, өндіріс мамандануының жоғары түрі. Өндірісті ұйымдастырудың бұл түрінде әр түрлі өнімдер бір мезгілде және үздіксіз шығарылып отырады. Жаппай өндірістің басты шарты – бөлшектер, тораптар мен агрегаттар құрастыру кезінде олардың сапасын стандарттау мен үйлестірудің жоғары деңгейінде болуы керек.

Жаппай өндірісті ұйымдастыруға келесі ерекшеліктер тән:

  • өнімнің аз номенклатурасын қомақты көлемде қатаң бекітілген тәртіппен өндіру;

  • жұмыс орындарының, әдетте, бір белгіленген операцияны орындауға мамандануы; жұмыс орындарын операцияларды орындау кезегіне қарай орналастыру;

  • арнайы және мамандандырылған құрал-жабдықтардың және технологиялық жабдықтардың үлкен меншікті үлесі;

  • кешенді – механикаландырылған, автоматтандырылған технологиялық үдерістердің жоғары пайызы;

  • операцияға даярлану – қорытынды уақытының аз мөлшері;

  • қолдан құрастыру және аяқтау жұмыстар көлемінің күрт қысқаруы; жұмыс орындарын жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі;

  • әрқайсысы өзіне бекітілген бір операцияны орындайтын біліктілігі жоғары емес жұмыскерлер еңбегін қолдану;

  • топтамалы өндіріспен салыстырғанда өндіріс циклының ұзақтығының аздығы;

  • өндірісті басқару мен жоспарлауды орталықтандыру;

  • өндірісті үздіксіз алыс жерден бақылап отыру;

  • кәсіпорынға автоматты басқару жүйесін ендіру (КАБЖ);

  • өнімнің сапасын бақылауды автоматтандырудың жоғары деңгейі;

  • өнім сапасын басқарудың статистикалық әдістерін кеңінен қолдану.

Өндірістің түрі кәсіпорын құрылымына, өндірісті тиімді ұйымдастыру деңгейлері, шарттары мен талаптарына үлкен ықпал етеді.

Мысалы, жеке-дара өндірісте кәсіпорын құрылымында ұсталық және құйма цехтары, стандартсыз жабдықтар мен технологиялық жабдықтандыруды даярлайтын дербес цехтары, дайындаушы телімдері болмайды.

Топтамалы өндірісте, керісінше, кәсіпорын құрылымында әрқашан дерлік, ұста және құйма цехтары, стандартсыз жабдықтар, технологиялық жабдықтандыру, металл өңдеу цехтары; өлшеу, химиялық, қыздыру, металтану зертханалары; орталықтан жоспарлау, диспетчерлік қызмет және басқа да бөлімшелер болады.

Жаппай өндірісте кең мөлшерде мамандырылған негізгі және көмекші өндірістер, қызмет көрсетуші шаруашылықтар мен қызметтер болуы тән. Бөлшектер, әдетте орталықтанған түрде дайындалатын ұтымды дайындамалардан жасалады. Стандартсыз жабдықтар және технологиялық жабдықтар өндірісі де осы тәсілмен жүзеге асады. Оларды дербес құрылымдық бірлік болып табылатын цехтар өз тұтынушыларына жеткізеді. Кәсіпорын бөлімдеріне бас конструктор, бас технолог, бас дәнекерлеуші, бас металлург, бас энергетик, бас механиктің, сондай – ақ өнімді стандарттау және үлестіру бөлімдерінің дербес қызметтері кіреді.