Қорытынды
Дене шынықтыруды қимыл-қозғалыс ойындары арқылы жүзеге асыру балалардың дене мүшелері мен көңіл-күйлеріне қатты әсерін тигізетіні анық. Қимыл-әрекетке толық жағдай жасаудың, барлық бала ойыннан қуаныш табуға мүмкіндік жасаудың маңызы зор.
Әр бала жеке тұлға екендігі, оның қабілеті де әр түрлі болып келетіндігі белгілі. Сондықтан қимыл-қозғалысқа үйрету барысында жасаған дене қимылы әрекетіне қарай белсенді қимылдайтын бала және жай қозғалатын балаларды ескеріп сабақ өткізу тиімді.
Ойын барысындағы іс-қимылды дұрыс сапалы түрде балаға жеткізіп бірнеше рет қайталап әдетке айналдырғанда, бала ағзасындағы зат алмасу артып, жүйке жүйесі белсенділігін танытып, қан айналымы жақсарады. Қозғалыс барысындағы жиі демалудан бала ағзасындағы оттегіге деген қажеттілік артады. Дене шынықтырудың арқасында баланың көңіл-күй жоғарылап, жүйке жүйесі бекиді. Дене шынықтыру нәтижесінде бала өзінің іс әрекетіне және топтық тәртіпке үйреніп, оның ережесіне бағынады. Бұл оның жан-жағындағы оқиғаға мән беріп қарауына, төзімді болуына, тәртіпті сақтауына септігін тигізеді.
Балабақшада осындай қимыл – қозғалыс және танымдық әрекетін ойын түрінде дұрыс ұйымдастырып өткізу баланың:
. негізгі қимыл түрлерін өз бетінше шығармашылықпен орындауға ;
. жасқаншақты жеңіп шығуға;
. эмоционалдық тонусын көтеруге;
. қиялы мен фантазиясын дамытуға мүмкіндік туғызады.
Мектеп жасына дейінгі балаға дене мүсінінің дұрыс қалыптасуын яғни денесін түзу, тіке ұстауды, бала отырғанда, тұрғанда, жүргенде денесін тік ұстауды әдетке енгізу қажет.
Дұрыс мүсін адамның ішкі ағза құрылымының жетілуін жақсартады. Дене мүсінінің дұрыс қалыптасуы сүйек-бұлшық ет құрылысының дұрыс дамуына байланысты. Қозғалыс тірегін дұрыс қалыптастыруды бала шақтан дағдыға айналдырған тиімді болып келеді.
Сонымен, қимылды ойындарға арналған ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау негізінде мынадай қорытынды шығаруға болады:
Қимылды ойындардың бастауы балалар үшін ересектердің әрекеттерін қайталау болып табылады.
Ойындар өркендеп келе жатқан ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау мақсатында құрылады.
Қозғалмалы ойындар балалардың өмірге дайындығын тексеру мақсатында туындады.
Ойындар қозғалыстың негізгі түрлерін дамыту және жетілдіру мақсатында пайда болды.
Ересектер тобында баланың ойын әрекеті арқылы дамытудың мақсаты – ойын бірлестіктерін құру, жалғыз және топтасып ойнау дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Ал негізгі міндеттері:
Әр түрлі ойындарға қызығушылығын арттыру. Өз қалауы бойынша ойындар құру, таңдау іскерліктерін қалыптастырып, ойын барысындағы сергектіктігі мен қызығушылығын жетілдіру;
Ойындарды жүргізу түрлерін үйрету. Ойыншықтармен қысқа сюжеттер құру, ойынға қажет заттарды таңдау, қозғалыс ойындарын ережелерін сақтап ойнау.
Тәрбиеші әрқашан бастаушы, дамытушы, бағыт-бағдар беруші, тәрбиелеуші. Оның әрбір сөзі, қимыл-әрекеті бала үшін үлгі, қағида. Сондықтан, тәрбиеші баланы тәрбиелеуде енжарлық, салбырттық танытпауы қажет. Сонда ғана балалармен жұмыс жүргізу барысында қимылды ойындарды қолдану арқылы белсенді, жігерлі, ақыл-ойы дамыған, жан-жақты тұлға қалыптасады.
