- •1. Әлемнің тілдік бейнесі және мифология
- •Мифтің қоғамдық белгі-бедерін Мирча Элиаде былайша өреді: «Жалпылама ортақ мәнінде ілкі қоғамдардағы миф жөнінде былайша түйін жасауға болады:
- •Дәріс №2. Тіл және ойлау.Тіл және миф.
- •2.Мифопоэтикалық әлем моделі
- •Дәріс №3. Символ және оның мифологияға қатыстылығы
- •2.Тіршілік символдары және символдар өмірі
- •Іі.Қ.Жұбанов еңбектеріндегі мифопоэтика көріністері
- •2.Соңғы жылдары табылған еңбектерінде тілдің шығуына қатысты пайымдаулары
- •2.Қ.Жұбанов еңбектеріндегі космонимдік атаулар арқылы жасалған кісі есімдері
Дәріс №2. Тіл және ойлау.Тіл және миф.
Дәріс жоспары:
1.Тіл және ойлау.Тіл және миф.
2.Мифопоэтикалық әлем моделі
Тіл және ойлау.Тіл және миф.
Мифоантропонимдер табиғатын анықтап, оларды сипаттап, түсіндіріп беру үшін адамның ойлау ерекшеліктерінен бастап, ол өмір сүріп отырған қоғамның міне құлқымен тығыз байланыста қарастыру қажет болады.
Мифоантропоним болсын, мифотопонимдер болсын олар ойлаудың ерекше түрі – мифолоэтиканың нәтижесі болып табылады. Сондықтан ойлау (мифологиялық) мен тіл категорияларын қарастыра кету қажет.
Тіл мен ойлау дамудың барлық сатылары мен деңгейлерінде өзара тығыз байланысты.В.З.Панфилов»...тілде, оның лексикалық және грамматикалық мағыналарында белгілі бір дәрежедегі адамзат танымының нәтижелерін анықтауға болады.Тілдердің даму тарихы, олардың лексикалық және грамматикалық категорияларының дамуы адамзат ойлауы мен танымының тарихи дамуын көрсетеді (Панфилов,1977,12).
XIX-XX ғасырлардан бастап қазірге дейін түрлі философиялық ағымдар мен мектептердің өкілдері тіл мен ойлаудың арасындағы байланысты зерттеумен айналысып келеді. В.Гумбольдтың тіл біліміндегі антропологиялық принципі лингвистер мен философтардың еңбектерінде қолдау тауып, пайдаланылуда.
В.Гумбольдтың тіл мен ойлаудың арақатынасы жөніндегі теориялық идеясын өткен ғасыр ойшылдарының бірі А.А.Потебня қолдап, әрі қарай дамытты. В.Гумбольдт пен А.Потебняның теориялық қорытындылары, олардың лингвофилософиялық концепциялары тілді зерттеуші ғалымдар үшін ерекше мағынаға ие болды. Олар жасаған методологиялық принциптер мен теориялық ережелері қазіргі зерттеулерде жемісті дамытылуда.
Ендеше, В.Гумбольд пен А.Потебняның теориялық ережелеріне сүйене отырып, тіл және ойлау, тіл және миф секілді категориялардың өзара қарым-қатынасына қысқаша тоқталып кетеміз.Аталған ғалымдардың лингвофилософиялық концепцияларын қарастыра отырып, олардың көзқарастарын егжей-тегжейлі қарастыруды мақсат етпейміз.
В.Гумбольдтың пікірінше, сөз субъективтік қабылдаудың нәтижесінде жасалып, адам жан- дүниесінде заттың өзі емес, оның бейнесі сақталып қалады. В.Гумбольдт осы арқылы тілдік әлемді ерекше танудың өмір сүретіндігі жайындағы ойды алға тартады.
В.Гумбольдт «тілдің қоғамдағы орнын, біріншіден, тіл -адамды әлеммен байланысқа түсіруші деген көзқарас қалыптастыруынан, екіншіден, адамның тілді өзінің рухани күштерін дамытып, ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатына қолдануынан көрінеді» деп есептейді.
Соның ішінде В.Гумбольдтың мына пікірін ерекше атап өтуге болады. Ол «тіл әлемді тікелей бейнелеуші емес, тілде адамның әлемді түсіну актілері жүзеге асырылады. Кез келген сөз сол заттың өзіне, тіпті сезім арқылы қабылданған заттың өзіне тепе-тең (эквивалентті) емес, тілдік жасалым актісінің түсінілу деңгейіне тепе-тең болып келеді (1929 103)» деп түсіндіреді. Сөз дегеніміз заттың өзіндік таңбасы емес, тілдік шығармашылық процесі нәтижесінде біздің жан -дүниемізде сол зат арқылы жасалған сезімдік бейнесі болып табылады (20,80). Тіл адамның қоршаған әлеммен байланысқа түсуіне мүмкіндік береді.
В.Гумбольдтың ойынша, салыстырмалы тіл білімі орталық лингвистикалық пән ретінде қалыптасуы тиіс.
Жалпы тіл білімінің маңызды міндеттерінің бірі ретінде адамзаттың рухани дамуы мен тілдің тарихи қозғалысы арасындағы өзара байланысты анықтау басты орынға қойылуда.
Осы жерде А.Потебняның тіл мен ойлаудың, тіл мен мифтің философиялық мәселелеріне арналған еңбектері ерекше назар аудартады.
Соның ішінде ғалымның тіл мен ойлаудың, тіл мен халықтың арақатысы, тілдің мифологиялық санаға ықпалы жайындағы пайымдауларын, экстралингвистикалық деректер көзіне сүйену, миф және мифологиялық ойлауға қатысты теорияларын арнайы атап өтуге болады.
В.Гумбольдтың пікірін қолдай отырып, ол «тіл мен ойлауды бір-бірінен ажыратуға болмайды, тілдің ойлаусыз өмір сүруі мүмкін еместігі сияқты, ойлау да тілден тыс өмір сүре алмайды, олар өзара бір-бірімен жан мен тән, күш пен функция, мән (мазмұн) және форма сияқты қатынаста болады. Оның үстіне «тіл дайын ойды білдіруші емес, оны жасаушы, қалыптасқан дүниетанымды бейнелеуші емес, соның қызметін ұйымдастырушы болып табылады» (Потебня, 1989, с.156).
Ол сөзді «адамзат табиғатының терең түкпірінен шығатын идеяны жасаушы құрал ретінде қарайды. Сөздің өз ойының саналы құралы ретіндегі қызметін анықтай отырып, ол сөздің басқа да қасиетін, яғни «жүйе ішінде барлығының, әрқайсысының өз орнын белгілеуге ұмтылуын» атап көрсетеді (148). Лотцеге сілтеме жасай отырып, ғалым сөздің атау шығармашылығындағы орнын атап өтеді (Лотце,149). Әрі қарай А.Потебня мынадай сұрақ қояды: жалқы атаулар бізге не береді? Оған өзі былай деп жауап береді: Атау көпшілігінің, басқаларының назары кездескен белгілі бір затқа тоқтағанын, жалпы ақыл-ой затты неғұрлым белгілі кең ауқымдағы бүтіннің арасынан бөліп алып, оның өзіндік орнын анықтауға кепіл болады. Атау затқа қатысты қосымша жаңа дерек қоспаса да, адамзат танымы сол заттың бұрыннан белгісіз қырларының маңыздылығын түсінуіне көмектеседі.
А.Потебня сөздің құдіретіне, күшіне негізделген сенім-нанымдардың осы күнге дейін сақталғанын айтады: «1) атау заттан да маңызды; 2) есімді қатыгез, жауыз адамдардан жасыру; 3) нәрестеге оны қорғаушы ат қою; 4) әйелдердің ер адамдардың есімін айтпау салты; 5) сөздің күшіне, құдіретіне сенуден шыққан түрлі дуалы сөздер» (239).
Үндіевропа халықтарының наным-сенімдерін талдай келе, А.Потебня «сөз дегеніміз – ой, сөз – ақиқат пен шындық, даналық, поэзия» дейді (158).
А.Потебняның мифологиялық ойлауға қатысты пайымдауларының да маңызы айрықша. Ол «миф ғылыми ойлаумен туыстасып кеткен, өйткені ол саналы ойлаудың актісі, яғни санаға бұған дейін сөз немесе бейне, образ арқылы жеткізілген, бұрыннан бар белгілерінің біріктірілген, жинақталған таным мен түсіндіру актісі» дейді. А.Потебня «мифологияны сөзде, аңыз әңгімелерде, сызба ескерткіштерде, салт-дәстүрлерде сақталып қалған мификалық дүние пайымдаушылықтың тарихы деп түсіндіреді. Оның пікірінше, миф неғұрлым күрделі ауызша шығармалардың негізінде орнығып қалған ауызша шығарма болып табылады.
Сондай-ақ, А.Потебня «мификалық дүниені пайымдаушылық психикалық процесстермен тығыз өзара байланысты. Мифология лингвистикалық факторлар негізінде жасалады» деп көрсетеді.
В.И.Постовалованың теориялық ережелеріне сүйене отырып, адамның тілге екі түрлі ықпалын ажыратуға болады: тілдің алғашқы антропологиялану феноменіне – тілдің конститутивті қасиеттеріне адамның психофизиологиялық және өзге де осы тектес ерекшеліктердің ықпалы, екінші антропологиялану феномені – тілге әлемнің діни-мифологиялық бейнесінің ықпалы.
В.Гумбольдт пен А.Потебняның тілдегі адам факторы, адамзат санасы мен ойлау процесіндегі тілдің алатын орнына қатысты зерттеулеріне сүйене отырып, В.И.Постовалова тілді адам баласымен тығыз байланыста зерттеудің кешенді бағдарламасын ұсынады:
1) тіл және адамның рухани белсенділігі
2) ойлау тілі және адам санасы
3) тіл және адам физиологиясы
4) тіл және индивид психикасы
5) тіл және мәдениет
6) тіл және адам мінез-құлқы
7) тіл және коммуникация (қарым-қатынас)
8) тіл және адам құндылықтары
9) тіл және қоғам
10) тіл және таным
(Постовалова, 1988 с.9.)
Соңғы жылдары тілдегі әртүрлі деректерге сүйену барысында тіл мен ойлауға қатысты бірқатар теориялық қорытындыларға қол жетті.
Мысалы, Р.А.Будагов «ойлау дегеніміз – үнемі дамып отыратын құбылыс» десе(Будагов, 1976, 81), Б.А.Серебренников «ойлаудың кейбір өте баяу өзгеретін жақтары да болады. Ойлаудың мазмұнын құрайтын ұғым бір деңгейде тұрмайды. Кейбір ұғымдар айтарлықтай өзгерістерге ұшырамауы мүмкін. Ал көптеген ұғымдар мүлдем өзгеріссіз қалады. Ойлау түрлері, ұғымдардың байланысу тәсілдері, ойлаудың логикалық заңдары және т.б. өзгеріске ұшырамайды (Серебренников, 1988, с.5)деп көрсетеді.
В.С.Хан « Әрбір тарихи дәуірдің өзіне тән ойлау тәсілі болады» дейді (Хан, 1993, 83).
Олай болса, ойлау категориясы дамып отыратын құбылыс ретінде қарастырылады. Тіл мен ойлау өздерінің барлық өмір сүру сайысында бір-бірімен тығыз байланысты. Ендеше ойлаудың дамуы тілде өзіндік көрінісін табады.
Тіл дегеніміз, өз кезегінде, түрлі хабарламалар мен әлемдегі зат атауларын белгілеуші таңбалар жүйесі ғана емес, адам санасының компоненті, яғни оның психикалық әлемін, ішкі жан- дүниесін бейнелейтін, адамның күйзелісін, түрлі құндылықтар жөніндегі пайымдауларын және білім әлемін - адам әлемімен қоса, оған қатысты танымдық нәтижелерін қарастырады (Телия, 1987, с.65-74, Уфимцева, 1987, с.81-88).
Б.А.Серебренников ойлаудың негізгі түрлерін қарастыра отырып, тіл мен болмыстың арасындағы қажетті балансты ұстап тұратын лингвокреативті ойлау түрін көрсетеді (Серебренников, 1983, 104-110). Ғалымның пікірі бойынша лингвокретивті ойлаудың екі жақты бағыты болады. Бір жағынан, адамды қоршаған ақиқат-болмысты бейнелейді, екінші жағынан аталған ойлау түрі - тілдің нақтылы қорларымен(ресурстарымен) байланысты болады. Ғалым өз ойын әрі қарай былайша түсіндіреді: «Жаңа ұғымдарды немесе қандай да бір ұғымдар арасындағы жаңа қарым-қатынасты белгілеу үшін тіл фонемалардың жаңа композицияларына немесе тілде бұрын қолданылмаған сөз тіркестеріне жүгінеді деп ойлау дұрыс болмайды. Әдетте мұндай мақсаттарға бұрыннан тілде қолданыста бар, бірақ әр тектес, қайта өзгертулерден, басқаша ойлаудан өткен белгілер, таңбалар қолданылады. ... Лингвокретивті ойлау процесінде ассоциацияның алуан түрлері маңызды рөл атқарады» (сонда,109).
В.Н.Телия де санадағы әлемнің бейнесі ойлаудың ерекше түрі – «лингвокреативті ойлау» негізінде жүзеге асатынын атап көрсетеді (Телия, 1987, 65-74). Оның пікірінше,«креативті ойлау ғана әр тілде ерекше суреттелетін әлем бейнесін жасайды», яғни«креативті ойлау» - әлеуметтендірілген (тілдік узустармен (тұрақты қолданыс) байланысты) іс-әрекет.
«Әлемнің тілдік бейнесі» өзінің тіл дамуының имманентті заңдарымен бірліктегі тарихи дамудың өнімі, нәтижесі бола отырып, әлем туралы білімнің концептуальды жүйесімен сабақтасып («бірге өріліп»), әлем туралы таным, түсінік, артикуляция құралы ретінде және сол туралы ақпаратты жеткізуші құрал ретінде қызмет етеді. Бірақ онымен теңеспейді, оның көшірмесі болмай, әр ұрпақ әлем туралы өзіндік көзқарасын, көрінісін үстемелеп қосып отыратын бейне ретінде қарастырылады. Телия осындай шындық бейне «әлемнің тілдік бейнесіне» тиісті тілдік «бояу» -халықтың этнографиялық жады ретінде қызмет ететін экологиялық және ұлттық – мәдени колорит береді» деп есептейді (Телия, 68 б.).
