Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
gulnaz.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
112.9 Кб
Скачать

Мифтің қоғамдық белгі-бедерін Мирча Элиаде былайша өреді: «Жалпылама ортақ мәнінде ілкі қоғамдардағы миф жөнінде былайша түйін жасауға болады:

  • ол бетер-текті сүриеттердің (сверхъестественные существа) ерліктерінің тарихын құрайды;

  • бұл озал (реалды дүниеге қатысты болуына орай) кәміл, шексіз ақиқат және (бетер-текті сүриеттердің жасампаз іс-әрекетінің нәтижесі болғандықтан) киелі деп есептеледі.

  • миф әрқашан да «жаратуға» қатысты болады, ол әлдененің дүниеге қалай келгндігін немесе әлдебір жүріс-тұрыстың, ережелердің және еңбек машықтарының қалайша пайда болғандығын әңгімелейді; нақ сондықтан да, миф харакеттің парадигмасын құрайды;

  • мифті тану арқылы адам заттардың «шығу тегін» танитын болады, мұнысы оған заттарды иеленуге және өз қалауына сай басқаруға мүмкіндік береді; бұл жердегі сөз «сыртқы», «елеңсіз» (абстрактный) таным жөнінде емес, мифті жоралғы түрінде қайталау кезінде немесе оны ғұрыпты өткізу барысында (сол ғұрыпқа тұғыр болып келетін) қайталау кезінде жоралғы деңгейінде «бастан кешіруге» (проживать) болатын таным жөнінде болып отыр;

  • қалай болғанда да миф, жадында қайтадан көрсетіліп, реактуалданған оқиғалардың қасиетті және киелі құдіретіне «бой алдырған» (захвачена) аудитория тарапынан «бастан кешіріледі».Ғалымның ой-тұжырымы, пікір-пайымы өте орынды. Мифтің басты қызметі – халықтың интеройлау жүйесін бірнегізге түсіріп, ойсана қалыптастыру.

Қазақ мифі – өзінің тегін түркілік сарыннан, одан қала берді классикалық мифологиядан алатын әдебиеттегі аса үлкен жанр. Ғалым С.Қасқабасовтың көрсетуінше, мифтің алғашқы формалары – фетишизм, тотемизм. Оның ең жоғарғы дамыған сатысы – анимизм дейді. Мифтің осындай алғашқы түрлері адам мен табиғаттың тікелей байланысуына, жақындасуына әкеліп соқтырса, одан кейінгі жағдай – керісінше, бір-бірінен тебісу заңдылығымен жүзеге асты Осы орайда қазақ мифтерінің типологиялық жіктелімін де бірнеше топқа бөліп, оның негізгі компоненттерін ұсынуға болады. Қазақ мифтері - анау бір дәуірдегі халық дүниетанымының сығындысынан пайда болған көл. Сол мифтерде ғана халық түсінігі мен топшылаулары, арманы мен қиялы, жаны мен жүрегі, арқауы мен сенімі жатыр. Ол мифтерді белгілі бір жүйеге түсіріп, типологиясын жасау – алдыңғы күннің үлкен еншісі. Қазақ мифтерін шартты түрде былайша бөлуімізге болады: космогониялық мифтер (дүние, әлем қалай жаратылды? Дүниенің, ғаламның пайда болуы туралы мифтері), антропологиялық мифтер (адамның жаралуы туралы мифтер), космологиялық мифтер (аспан денелерінің мәні, сыры, олардың алғаш пайда болуы, қазақтар арасындағы сенімі турасындағы мифтер), діни мифтер (дүниені топан су басу, аруақ, әулие-әнбиелердің халық санасында орын алуы, о дүние турасындағы мифтер), гигантоманиялық мифтер (алыптар (ертегі, әпсана-хикаяттардағы дәу, алыптар) турасындағы мифтер), жер-судың, тау-тастың жаралуы (алғаш жердің, судың, таудың жаралуы турасындағы мифтер), мифтік бейнелеулерге құрылған хикаялық қазақ «сайтаннамасы» (ел арасындағы үббе, жын-шайтан, албасты, пері, жезтырнақ сияқты, ит, жылқы, аққу, түйе тотемдерінің таралуы, осылар жөніндегі халық танымындағы мифтер), шежірелік мифтер (белгілі бір ұлт, ұлыстың шежірелік немесе жер атауының (Жерұйық, Өтүкен, Ергенеқон т.с.с.) аңыздық сипатына байланысты мифтер), аң-құстың, өсімдіктердің пайда болуы, халық арасында таралуы, жаралуы туралы мифтер, диалектикалық мифтер (өмір мен өлім, әйел мен еркек, көк пен жер, ғалам мен табиғаттың т.б.).

Қазақ мифтерінің мағыналық-құрылымдық ерекшелігі

Космогониялық мифтер

Дүниенің, әлемнің жаралуы туралы мифтер

Антропологиялық мифтер

Адамның шығу тегі, пайда болуы турасындағы мифтер

Космологиялық мифтер

Аспан денелері, олардың пайда болуы, таралуы кеңістігі турасындағы мифтер

Діни мифтер

Белгілі наным-сенімге орай құдайлар, жаратушы ие турасында немесе ислам дініне байланысты (әлемдік топан су, пайғамбарлар т.б.) туған мифтер

Гигантоманиялық мифтер

Алыптар турасындағы мифтер (Көлтауысар, Таусоғар, Жалғыз көзді дәу т.б.)

Жер-судың жаралуы турасындағы мифтер

Жер атауларының (Баянауыл, Тасбас, Әулие-ата және олардың типологиялық белгілері), су атауларының (Еділ, Жайық, Жылаған ата), тау атауларының (Бурабай, Оқжетпес, Жеке батыр) шығуына байланысты мифтер.

Шежірелік мифтер

Белгілі бір халықтың, ұлттың, ұлыстың, тайпа-рудың шығуы («қазақ», «алаш» т.б. атаулары), халықтық наным-сеніміндегі жер-су атауларының (Жерұйық, Жиделі Байсын, Өтүкен, Ергенеқон т.б.) шығуына байланысты мифтер

Хикаялық мифонимдер мен тотемдерге байланысты туған мифтер (Қазақ «сайтаннамасы»)

Хикаялық мифонимдер (үббе, жезтырнақ, албасты, күлдіргіш, шайтан, пері т.б.) және халық арасында кең тараған тотемдер (ит, аққу-қаз, жылқы, аю, түйе т.б.) турасындағы мифтер

Құстар мен жануарлар (этиологиялық) және өсімдіктердің пайда болуына байланысты мифтер

Халық танымында кең тараған жануарлар, құстардың шығу тегі мен олардың мінез-құлқына байланысты (қарлығаштың құйрығы неге айыр, түйе неге боздайды, көртышқан туралы т.б.) және өсімдіктердің (бәйтерек (әлемдік ағаш), тобылғы, баялыш, арша т.б.) шығу тегіне байланысты туған мифтер

Диалектикалық мифтер

Дүниенің, өмірдің даму заңдылықтарының реттілігін қарастыра отырып, өмір мен өлім, әйел мен еркек (Адам Ата мен Хауа Ана), Көк пен Жер (Тәңір мен Ұмай), Ай мен Күн т.с.с. сияқты философиялық жұптар туралы айтылған мифтер

Осы көрсетілген мифтер – қазақ мифологиясының барлық сұрақтарына жауап береді. Мифтің жылжымалылығы – уақыт пен кеңістіктің бірлігінде. Жылжымалылық – мифтің астын сызып қояр тұсы. Жылжымалылық - тарихи құрылыстың жөнін сақтап, мифтің уақыты мен таралу аймағына, эволюциялық-диалектикалық сүрмектің «өмір сүруіне» басты назар аударыла отырып, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени ахуалдардың негізгі хронологиялық тізбегінен түзіледі.

2. Миф – дүниетаным

Адамзаттың өзін қоршаған табиғат объектілері, таным-түсініктері қазіргі ғылымда миф ұғымында қарастырылады. Философиялық мағынада миф – дүниетану. Ғылымда мифке берілген анықтама өте көп. Ғалым С.Қасқабасовтың айтуынша, ол анықтамалардың көпшілігі антика дәуіріндегі дамыған мифологияға арналған және мифтің атқаратын қызметіне (түсіндірмелі, психологиялық, диалектикалық, социологиялық т.б.) оның дінмен, өнермен, философиямен, әр түрлі ырымдармен, ертегімен және әпсана-хикаятпен арақатынасына байланысты негізделген.

Миф – қиялдан туған әңгіме емес. С.Сейфуллиннің айтуынша: «Адам ол заманда түрлі хайуандар туралы, жаратылыстың түрлі заттары, құбылыстары туралы әңгіме қылғанда, өздерінің түсінулеріне шындап нанып әңгіме қылатын. Және оларды неше түрлі «керемет», «сиқыр» істеуге, неше түрлі құбылуға қолдарынан келеді деп те сенген. Солардың бірін әңгіме қылған өзінің қиялын шын тәрізді қылып айтатын. Сонымен, бұрынғылар шын деген әңгімелер соңғыларға ертек болып қала берген» [9, 70-б.]. Қазақ мифтерін біз компоненті мен типологиялық нұсқалығы жағынан классикалық мифпен байланыстырамыз.

Әрине, миф жөнінде айтылған пікірлер біркелкі емес, әр қиырда, әр тарапта әр түрлі. Мысалы көне Герман мифін зерттеушілер миф – құдайлар туралы әңгімелер, егер солай болса мифті айтқанымыз – құдайларды айтқанымыз деп дінді мифологиядан жоғары қояды. Бұл қисынға келмейтін қиын дүние. Өйткені миф өз алдына жеке-дара тұрғандығынан емес, жарытылыстағы көптеген наным-сенім, ұғым-түсініктердің көрінісі болғандығынан назардан тыс қалмай, халық жадынан өшпей келеді. Мифтің белгілері, оның персонаждарының ғажайып жаратылыстары, ғажап әрекеттері және сол әрекеттерді нақты, әрі затты етіп мақсатқа бағындырып тұрған белгілі бір құбылыс, не оқиғаның ерекшеленетін белгісі, символдық мәні фольклорда, көркем әдебиетте, өнерде (архитектура, живопись, музыка, скульптура) терең орнығып, соларда айқын көрініс тауып, осынысымен өміршеңдік қасиетке ие болады. Бұл тұрғыда Стеблин-Каменскийдің интерпретациясы арқылы берілген В.Вунд айтқан мына пікір айрықша мәнді: «Миф и символ не только не тождественны, но они – образования стоящие на пртивоположных концах религиозного развития: миф – в начале, символ – в конце. Между ними распологаются, разумеется, разные промежуточные образования, в которых представления может быть одновременно и действительностью, и символом. Сам миф не имеет символического значения, но пока природный миф жив, явления воспринимаются непосредственно так, как их изображает миф» [10, 96-б.].

Жалпы алғанда мифтің қызметін былайша санамалап көрсетуге болады:

  1. Ол – кодталған наным-сенімнің жоғарғы түрі.

  2. Ол – халықтың рухани тарихы.

  3. Тіпті, мәдениеті, өркениеті аз дамыған елдердің «таптырмас», «алмастырылмас» қазынасы, өйткені оның бойында «болмыс» деген құдіретті ұғым бар. Ал болмыс – адамзатты ұлттылық қасиетін ұстап тұрар «арқан» іспеттес.

  4. Ғасырдан-ғасырға жеткен ілкі заманның «шындық» болмысы және бүгінгі тарихтың, қоғамның, әлеуметттік қоғамның, діни ахуал мен әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, ырым-наным, сенімнің айнымаған «төлқұжаты».

  5. Ол ешқандай адамдардың жанынан шығарар дүниесі емес, керісінше реалды болмысқа құрылатын «тірі» жаңалық. Егер миф жалған болса, оның белгілері бүгінде тіпті сақталмаған болар еді.

  6. Миф – интерақпараттың тап ортасында орналасқан нүкте. Сол нүктеден барлық мәлімет жан-жаққа таралады (көркем әдебиетке, мәдениетке, символикаға т.б.)

Мифтің басты қызметі – халықтың интеройлау жүйесін бірнегізге түсіріп, ойсана қалыптастыру.

Қорыта келгенде, қазақ ғылымтануында мифология - өзіндік биік орны бар үлкен құбылыс. Сондықтан да бүгінгі таңда мифология жаңа ғылым сала ретінде қалыптасып, дами отырып, өз құрамында біз білетін бүгінгі күнде жаһандану дәуіріндегі дербес гуманитарлық бағыттың негізгі пәндерін қарастырады. Бұрын керісінше шашыраңқы түрде кездесетін қазақ мифологиясын өзіміздің таным-түсінігіміздің жеткен жеріне байыптаған кезде барып әр пәннің құрылымынан іздейтін болсақ, бүгінгі таңда мифологиядан барлық ғылым саласына қатысты, соның ішінде адамтану (антропологиялық парадигма) мәселесін сараптауда қолданылатын замануи өзгеріс, мәдени-өркениеттік ауыс дүниелерді анық көре аламыз.

Бекіту сұрақтары:

1.Әлемнің тілдік бейнесі дегенді қалай түсінесіз?

2.Мифология дегеніміз не?

3. Қазақ мифтерінің мағыналық-құрылымдық ерекшелігі

1 слайд.Әлемнің тілдік бейнесі және мифология (қосымша)

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]