Дәрістің тақырыбы:Бауыр, өт жолдары,ұйқы безі және өт жолдарының ауруларының негізгі белгілері.Бауырды тексеру тәсілдері.
Дәрістің жоспары:
Субьективті тексеру.
Негізгі синдромдар.
Пальпация,перкуссия жасау ережелері.
Аускультация әдісімен зерттеу.
Сұқбаттасу тәсілі:
Науқас шағымдары.
1. Бауыр және өт жолдары ауруларында ауырсыну әр түрлі сипатта болады. Ұстамалы ауырсыну бауыр және өт шаншуы (коликасы) түрінде айқындалады. Бауыр шаншуында ауру өте күшті ұстамалы түрде кенеттен оң қабырға асты аймағында басталып, оң жақ иық, бұғана жауырынға, кейде құрсаққа жайылып, ұзақтығы бірнеше минуттан, сағатқа, күнге созылады, кейде бәсеңдеп, қимылдағанда өршиді.
Ұстамалы ауырсыну жиі өткір, майлы тағам қабылдағаннан 3-4 сағат өткеннен кейін немесе көңілсіз жағдай, жағымсыз эмоция, физикалық жұмыстан кейін кешке қарай басталады. Аурудың күштілігінен науқас шыдамсыздық көрсетіп, мәжбүрлі жағдайда отырады.Ұстама басталардан алдын науқастың көңілі айнып, эпигастрийде ауырлық сезеді, ұстама кезінде науқастың қызуы жоғарылап, қалтырайды, құсады, аяқ - қолдары мұздап, жүрегінің тұсы шаншиды. Ұстамалы ауырсыну өт қабының қабынуы - холециститте, өт қабы тасы ауруында (калькулезді холециститте), емдәмді сақтау бұзылғанда және инфекция әсерінен болады. Жалпы өт өзегі таспен бітелгенде «механикалық сарғаюда» дамиды; бұл кезде науқастың терісі сарғайып, қатты қышынады, нәжістің түсі ағарып, несеп түсі сыра реңіндей болады. Созылмалы холециститте, өт жолдарының дискинезиясында оң қабырға асты аймағындағы ауырсыну бәсеңдеу болады, науқастың тәбеті төмендеп, жүрегі айнып, құсады, кекіреді, аузында ащы дәм байқалады. Бауыр ауруында науқас оң қабырға доғасы мен оң жауырын тұсында ауырлық сезеді, әлсіздік пен диспепсиялық бұзылыстар байқалып, арықтайды. Бауыр циррозының алғашқы кезінде (іштің қампаюы) метеоризм, диспепсиялық бұзылыстар, кейін біртіндеп құрсақ қуысына сұйықтық жиналып, науқас жүдейді, қан аралыс құсу байқалады.
2.Терінің қышынуы механикалық сарғаюда, қанда өт қышқылының көбеюіне байланысты терінің сарғаюымен қатар байқалатын симптом.
3.Диспепсиялық өзгерістер; тәбеттің төмендеуі, жүрек айну немесе лоқсу, іштің кебуі ( метеоризм), іштің жиі өтуі немесе жүрмей қалуыт.б. бауыр және өт жолдары ауруларында жиі кездесетін симптом. Айқындалуы қосымша асқазан ішек ауруларына байланысты.
4. Науқастың жалпы жағдайының өзгеруі жүйке жүйесі тарапынан байқалатын құбылыстар түрінде байқалады; науқастың көңіл күйі нашарлап, ұйқышыл болып, басы ауырады, әлсіздік, тез шаршағыштық сезіп жұмысқа құлшыныстың төмендеуімен ипохондрия байқалады. Ипохондрия - науқастың осы жағдайының бауыр ауруына байланысты екенін түсіндіретін термин. (hypochondrium - подреберье).
5.Геморрагиялық синдром. Бұл синдром мұрыннан қан кету, өңештің кеңейген көк тамырларынан қан кету, қоңыр түсті ұйыған қан аралас немесе сұйық қоңыр түсті қан құсу, денеде себепсіз көк дақтардың пайда болуы түрінде айқындалады. Жиі созылмалы гепатит пен бауыр циррозында байқалатын белгі.
Бауыр және өт жолдары ауруларының негізгі симптомы сарғаю.
Сарғаюдың үш түрі бар.
1. Механикалық сарғаю. Механикалық сарғаю жалпы өт өзегі таспен немесе ісікпен бітелгенде пайда болады, бір тәуліктен кейін қанда билирубин, өт қышқылының, холестериннің; мөлшері жоғарылап, науқастың көзінің, жұмсақ таңдайының шырышты қабаттары сарғаяды, біртіндеп терінің түсі сарғыш қызғылт түске енеді, терісінде қышыну байқалады, несеп түсі сыра реңіндей болып, нәжіс реңі түссізденеді, несепті өт пигменттеріне тексергенде реакция оң, нәжістің стеркобилинге реакциясы теріс болады.
2. Паренхиматозды сарғаю.Паренхиматозды сарғаю бауыр паренхимасы зақымданғанда (өткір инфекциялық гепатитте), улы заттармен, саңырауқұлақпен уланғанда дамиды. Науқас терісінің түсі сарғыш қызғылт қоңыр түске енеді. Сарғаю симптомдары айқындалғанда қан мен несепте билирубин мөлшері көбейеді. Бауырдың барлық қызметі өзгеріп сарғаюдың ауыр формасында өт интоксикациясы байқалады, кейде науқас комаға түседі.
3. Гемолитикалық сарғаю.Сарғаюдың бұл түрі эритроциттердің гемолизге ұшырауы нәтижесінде пайда болатын патологиялық жағдай, ол қан аурулары; тумыстан және жүре пайда болған гемолитикалық анемияда және безгек ауруында дамиды. Гемолитикалық сарғаюда бауыр қызметі өзгермеген, көлемі ұлғаймаған, алғашқыда көздің, таңдайдың, тіластының шырышты қабаты сарғайған, кейін терісі сарғыш қола түсті қоңыр немесе ашық лимон түсті сары түске енеді, терісі қышынады. Нәжіс түсі қанық қоңыр түсті болады. Несепте билирубин анықталмайды, бірақ уробилин мөлшері жоғары болады.
Ауру анамнезі.
Ауру белгілерінің қашан, қалай, не себептен соң басталғанын сұрау және сұқбаттаса отырып төмендегі сұрақтарға мәлімет жинау керек:
1 .Дәрігерге қаралғанда, осыуақытқа дейін ауырып байқалған бауыр ауруы, сарғаюлар, шаншу ұстамалары, терінің қышынуы, бауыр мен талақтың ұлғаюы және бауыр ауруының пайда болуына әкелетін факторлардың бар жоқтығы, мысалы - маскүнемдікте шарапты қашаннан, қанша, қалай, қандай жағдайда ішеді, мерез,безгек ұстамасында қабылдаған емі мен мекен жайы, асқазан ішек аурулары, тамақтану ерекшелігі, өндірістік интоксикация (улану), 2-ші рет қайта алған наркоз, іш сүзек, аппендицит жэне дизентерия, тұқым арқылы берілетін аурулар және патологиялардан басқа жүктілік, босану кезеңіндегі ерекшеліктері.
Өмір анамнезі.
Аурудың пайда болуына себепші зиянды факторлар, науқас отбасындағы тамақтану тәртібінің ерекшелігі, тағамның сапасы, құрамы, бұрын ауырған аурулары мен созылмалы инфекциялық аурулар (туберкулез, мерез, безгек ) т.б. факторларды анықтау керек.
Обьективті тексеру.
Қарау, пальпация, перкуссия, аускультация.
Қарау.Науқасты қарағанда анықталатын симптомдар;
А). тері жамылғысының, көздің және жұмсақ, қатты таңдайдың шырышты қабаттарының сарғаюы - бұлар бауыр ауруында, жалпы өт өзегі бітелгенде байқалады.
Б) Терідегі қасыған саусақ іздері -механикалық сарғаюға тән.
В). Терідегі геморрагиялар (қан құйылулар) жиі науқас кеудесінде, қолында, бетінде, ұсақ телеангиэктазиялар тамыр жұлдызшалары түрінде бауыр циррозында байқалады. Геморрагиялық бөртпелердің көлемі, формалары, орналасу орындары әр түрлі болады.
Г). Пальмарлы эритема және тері ангиомалары. Науқастың алақаны мен табаны қызарады әсіресе тенар мен гипотенарда көрінеді – бұл«бауыр алақаны» деп аталады. Ауыз қуысында стоматит, тілі ашық қызыл түсті болғандықтан «таңқурай тілі» (малиновый язык) деп аталады, ол «В» тобы дәруменінің тапшылығы (гиповитаминозы) дамитын созылмалы бауыр ауруларында байқалады.
Е). Кейде науқастың қабағында ақшыл бозғылт түсті холестериннің шоғырлануы «ксантелазмдар» анықталады. Осындай ксантомдар организмде холестерин алмасуы бұзылуының симптомы ретінде кеуде, йық, балтырда байқалады.
Ж). Асцит құрсақ қуысыныңұлғаюы, метеоризм немесе құрсақ қуысына сұйықтықтың жиналуынан пайда болады.
З). Кіндік айналасындағы тері асты көк тамырларларының кеңеюі «медуза басы симптомы» бауыр циррозында байқалады.
И). Бауыр циррозымен науқастар аурудың соңғы сатысында жүдейді (кахексия), қол саусақтарының ұштары дабыл таяқшалары тәрізді өзгереді.
К). Гепатомегалия - бауырдың ұлғаюы . Бауыр тұсын қарағанда эхинококкта, бауыр ісігінде, оң қарынша жетіспеушілігінде құрсақтың жоғарғы оң жақ бөлігі ісіңкі болады.
Л). Спленомегалия талақтың ұлғаюы, бұл портальды гипертензияның белгісі. Науқасты қарағанда құрсақтың сол жақ бөлігі ісіңкі, талақтың төменгі қыры кіндік тұсында болады.
Сарғаюдың түрлері: сол жақта - обтурациялық; орталықта -паренхиматозды; оң жақта - гемолитикалық.
