Дәрістің тақырыбы :Гломерулонефриттер (гн) Дәрістің жоспары:
1 Аурудың анықтамасы,этиологиясы,жіктемесі.
2 Клиникалық белгілері.
3 Диагностикасы.
4 Емі.
5 Алдын- алу шаралары.
Гломерулонефриттердің диагностикасы мен емі — нефрологияның бүгінгі күнгі өзекті проблемасының бірі. Бүйректің созылмалы шамасыздығына және содан болатын өлімге алып келетін ең жиі себеп — гломерулонефриттер.Бұл ауруға көбіне жас адамдар шалдығады, ауру жиілігінің ең биік шыңы — 15-30 жас аралығы. Ауруға шалдыққандар жұмысқа жарамдылығы жойылып, мүгедектікке ұшырайды.Бұл проблеманың өзекті болуының тағы бір себебі — гломерулонефрит қайтымсыз өрістеп бүйректің созылмалы шамасыздығына (БСШ-на) әкелуі және қазіргі таңда тиімді ем әдістерінің табылмауы. Гломерулонефрит — көбіне жасырын дамып, үнсіз меңдейтін аурулардың бірі. Науқастардың 70%-да гломерулонефрит кездейсоқ тексерілгенде анықталады. Сырқаттанғандардың көбі алғаш рет бүйрек шамасыздығы дамыған кезде қаралады. Гломерулонефриттің шынайы жиілігі белгісіз, өйткені оның жиілігі дәрігерге көрінген науқастардың санынан шығарылған. Негізінде оның жиілігі бұдан көп болуы тиіс. Берілген деректер бойынша гломерулонефрит нефрологиялық аурулардың жалпы санының 6-9% құрайды.
Анықтамасы.Гломерулонефрит — шумақтардың басым зақымдануымен жүретін бүйректің диффузды қос жақты иммундық қабыну ауруы. Гломерулонефриттің біріншілік — бүйректің өзіндік ауруы (glomeralonefritis sui genesis) болып табылатын және екіншілік түрін айырады (басқа бір дерттің синдромдарының бірі болатын).
Этиологиясы.
1.Бүйректің иммунды қабынуы келесі аурулардың салдарынан дамуы мүмкін: Инфекциялық аурулардың: стрептококтық инфекцияның (тонзиллит, отит, пиодермия); өзге бактериялық аурулардың (инфекциялық эндокардит, сепсис, пневмония, іш сүзегі, екіншілік мерез, менингококцемия т.б.); вирустық инфекцияның (HBV, инфекциялық мононуклеоз, эпидемиялық паротит, желшешек, Коксаки және ECHO вирустары); паразиттік аурулардың (безгек, токсоплазмоз).
2.Иммундыкомплекстік жүйелі аурулардың (жүйелі қьізыл жегі, түйінді периартериит, ревматоидтықартрит, геморрагиялық васкулит т.б.).
3. Экзогенді немесе эндогенді антигендердің әсерінен(қанның сарысуы, өсімдік тозаңы, жәндіктердің уы, тағамдық аллергендер, дәрілік және химиялық заттар).
4. Туа біткен синдромдарда (Альпорт, Фабри синдромы, т.б.).
5. Бүйректің веналық жүйесінің гипертониясынан (бүйрек веналарының тромбозы, төменгі қуысвенаның тромбозы, констрикциялық перикардит, үш жармалы қақпақтың шамасыздығы немесе жарақаты),;
Атап өткен ықпалдармен бірге гломерулонефриттің дамуында суықтаудың маңызы өте зор. Көп жағдайларда гломерулонефриттің алғашқы көрінісі суықтағаннан кейін пайда болады.
Жіктемесі.
Гломерулонефриттің жіктемелері бірнеше тұрғылардан құрастырылған (клиникалық, нозологиялық, морфологиялық).
Клиникалық жіктемесі(Е.М.Тареев)
1) жедел гломерулонефрит (10%);
2) жеделдеу (қатерлі, экстракапиллярлық, тез өрістеуші) (1%);
созылмалы гломерулонефрит және оның түрлері (70%):
латентті;
гипертониялық;
нефротикалық;
аралас;
гематуриялық.
Жедел гломерулонефрит
Жедел гломерулонефриттің стрептококтық инфекцияға тәуелді дамитын , шүмақтардың басым зақымдануымен жүретін бүйректің инфекциялық- аллергиялық ауруы.
Этиологиясы :
Жедел гломерулонефрит- дамуының басты себебі А топты 12 типті b гемолиздеуші стрептококк. Бұдан басқа факторлар да әкелуі мүмкін мәселен Коксаки вирусы, жәндіктердің уы, бүйрек веналарының тромбозы, сарысулар, аллергендер.
