Сынып: 6 «а». Сабақ №: 30 Күні:_______________
Пән: Ежелгі Қазақстан тарихы.
Сабақтың тақырыбы: Қазақстан – Егеменді мемлекет. Н. Ә. Назарбаев – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік : Оқушыларға Н. Назарбаев туралы, оның өмір жолы, жұмысы, қызметі туралы білім қалыптастыру;
Дамытушылық : Оқушыларды елбасы туралы айта келе, лидерлік қасиеттерді дамытуға ат салысу;
Тәрбиелік : Оқушыларды патриоттық, бағытта тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас, қорытындылау.
Әдісі: жаңа сабақты баяндау, дәріс.
Сабақтың жоспары : I. Ұйымдастыру кезеңі.
II. Үй тапсырмасын тексеру.
III. Жаңа сабақ.
IV. Жаңа сабақты бекіту.
V. Бағалау.
VI. Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Оқушылармен амандасу.
Оқушыларды түгендеу.
Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
II.Үй тапсырмасын тексеру.
Қазақстан КСРО құрамында болған уақытта, КСРО-дан бірінші болып ұшқан адамды атаңыз ?
Тәуелсіз Қазақстанның ғарышкерлері кімдер ?
Қазақстанда айлақ қай жерде орналасқан ?
Қазақстандық ғарышкерлердің өмір жолын сипаттандар ?
Жаңа сабақтың жоспары:
Егемендік алу қарсаңындағы Қазақстан.
Президенттік сайлау.
Н. Ә. Назарбаев.
III.Жаңа сабақ.
1991 жылғы тамыз төңкерісінен кейін Кеңес Одағының ыдырау үрдісі жедел қарқынмен жүзеге аса бастады. Нәтижесінде, әлемде 70 жылға жуық үстемдік жүргізіп, аса қуатты мызғымас держава болып саналған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы, яғни КСРО 1991 жылы желтоқсанда өзінің өмір сүруін тоқтатты. Өйткені, Кеңес Одағы құрамындағы республикалар, соның ішінде Қазақ Республикасы да бірде-бір мәселені өз бетінше шеше алмады. Сөйтіп, еліміз үнемі Мәскеуден берілген нұсқауды ғана орындап отырды және орындауға тиісті болды. Осылайша, қазақ елінің ұлттық ерекшеліктері ескерілмей, азаматтардың құқығы аяққа басылды . Ал, мұның артында қазақтарға өз тілін ,салт-дәстүрі мен дінін ұмытып, мәңгүрттену қаупі төніп тұрған болатын. Сонымен қатар, экономикалық мәселелерде де қазақ халқының жағдайы аса мәз болмады . Міне, шешуін таппай қордаланған осындай мәселелердің барлығы тәуелсіздікке барар жолдағы маңызды баспалдақты құрады.
Тәуелсіздік жолындағы 1991 жылғы 10 желтоқсанда республика атауын өзгерту туралы заң қабылданды. Заң бойынша бұдан былай Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы – «Қазақстан Республикасы» деп аталатын болып белгіленді. Ал, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жария ететін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң» қабылдаған болатын. Қазақстан тәуелсіздігін әлем елдері ішінде бірінші болып – Түркия мемлекеті таныды. Осылайша, тәуелсіздік туралы қабылданған заңның негізінде Тәуелсіз Қазақстан – демократиялық, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде дүниеге келді. Тарих толқынындағы бұл маңызды оқиға қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған армандарының орындалған сәті еді. Сөйтіп, екі ғасыр бойына Ресей империясының отары болып, жетпіс жыл бойы Кеңестік кезеңнің қысымын көрген қазақ елі өзінің дербес бостандығына осылай қол жеткізген болатын . Алайда, тәуелсіздік жолында қазақ халқының басынан не өтпеді. Қаншама адам концлагерге айдалып, аштан қырылды , шет елдерге тентіреп зиялы қауымын жоғалтты және тілі мен мәдениетінен айырылуға таяды. Десек те, қазақ халқы басқа түскен ауыртпалықтарды артқа тастап, ғасырлар бойы ұмыт бола бастаған тілі мен салт-дәстүрін өз егемендігімен бірге қайта жаңғыртып, тәуелсіздік туын биікке көтерді. Бүгінгі таңда, қазақ елінде мемлекет құрушы ұлт тек – қазақ ұлты , ал қалған ұлттардың барлығы «диаспора» өкілдері ретінде танылады, яғни қазақ халқы – егемен қазақ елінің иесі деген сөз. Осылайша, қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялауы қазақ тарихындағы орны бөлек ұлы оқиға болды.
Республика егемендігінің орнығуымен бірге қазақ елінің басшысын бүкілхалықтық сайлау қажеттілігі туындады.
Осыған байланысты, 1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өткізіліп , Қазақстан халқының бірауыздан қолдауымен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Ал, 1991 жылы 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында мемлекет басшысы халық алдында президенттік ант қабылдады .
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргі Алматы облысының Қаскелең ауданына қарасты Шамалған ауылында 1940 жылы дүниеге келген Ол өзінің еңбек жолын Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы «Казметаллургстрой» тресінде қарапайым жұмысшы болудан бастап, тәуелсіз ел Президентіне дейін көтерілді. Елбасының бастамасымен еліміз үшін дамудың, мемлекетті нығайтудың, тәуелсіздікті берік ұстап әлемдік қауымдастықта жеке егемен ел ретінде орнығудың зор мүмкіндігі туды . Ендігі жерде мемлекет іргесін берік қалыптастыру мақсатында елімізде саяси-экономикалық және құқықтық реформаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Нәтижесінде, дербес құқықтық жүйемізқалыптасса, нарықтық экономикаға батыл қадамдар жасалып, демократиялық даму жолы таңдалды .
