- •Жаңақорған аудандық білім бөлімінің
- •Қызылорда 2016 Мазмұны:
- •Аннотация
- •Зерттеу жұмысының бағдарламасы
- •Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы этносаралық қатынастары
- •Бірліктің биік парасатының Кіші Ассамблеясы мен сессиялары
- •Қазақстан Халқы Ассамблеясының қызметі
- •Ел бірлігінің экономикалық негіздері
- •Қ азақстандық толеранттылық үлгісі
- •Қазақстандағы этноконфессиялық қатынастар және рухани келісім
- •Ынтымақтастықтың ел ішіндегі көрінісі – Тоқтыбибі әжемізбен сұхбат
- •Қорытынды
Ынтымақтастықтың ел ішіндегі көрінісі – Тоқтыбибі әжемізбен сұхбат
Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылының тұрғыны – тоқсаннан асқан әжеміз ұйғыр ұлтының өкілі Әлімжанова Тоқтыбибі апамыз жайлы қысқаша деректерді өз аузынан келтірсек:
«Мен өзім 1925 жылы Қытай Халық Респубикасы, Құлжа қаласының бір ауылында (ауылдың атын есіне түсіре алмады) туып өскенмін. Отбасымыз үлкен, бақуатты болған. Мен сол ауылдың бір жігіті (Әлімжанов) Әбдірашидке тұрмысқа шықтым. Ол кісі 1915 жылы дүниеге келген. Біздер ел қатарлы өмір кештік. 1960 жылдары Қытайда «Мәдени революция» кезеңдері басталды. Ауылдағы кез-келген дүние мүлікті тартып алу кезеңі басталды. Елде халықтар әбігерге түсе бастады. Елдің белсенді мүшелері халықты кінәлап, оларды жазалауға кірісті. 1963 жылы Қытайда бай отбасыларды тәркілеу жүргізілді, сол тәркілеуден біз де қашып бар мал мүлкімізді, үйімізді тастап бір түннің ішінде бес баламызды ертіп Қазақстанға бет алдық. Бізбен бірге бір түнде Қытайдан жиырма жанұя қашып келді. Олар Сунақата мен Қожамберді ауылдарын паналады. Қазақ отбасылар біздерге жақсы қарап, көмек берді. Бір жыл өткен соң біздің атамыздың жанұясынан басқалары бұл жерді жерсінбей тағы да бір түнде Алматыға, Шымкентке көшіп кетті. Менің жолдасым: «мұнда не деген байлық ешқайда да көшпейміз» деп осы ауылдың кең байтақ даласына қызығып қалып кеткен екен. Өле-өлгенше жолдасым диқан болды. Сыпырғы, қауын, көкөністер егіп, тонналап өкіметке өткіздік. Малды да асырап бақтық, қора толған мал болатын. Жолдасым осы ауылдың азаматтарына диқаншылықты үйретті. Өзі өмірден 1985 жылы озды.»
Әжеміз жеті баланың анасы. Күндіз атамызбен бірге егін егіп, өкіметтің жұмысына да араласып (екі-үш жерде жұмыс жасаған, медпунктте, қаракөлде, аспазшы да болған).Жұмыс жасап жатқан көпшілікке жоқтан бар жасап неше түрлі тамақ пісірген. Ұйғырдың лағманы мен жоңышқа пелменінің де дәмін татқызған. Ал түнде үйді тазалау, ақтау, тамақ, нан пісіру, әрі жолдас келіншектерімен бірге отырып әңгіме дүкен құратынбыз дейтін. Дастарқанынан бауырсақ пен неше түрлі тамақ үзілмейді екен. Қап-қап құрт пен керсен-керсен сары майы тағы бар. Жоғары жақтан басшылар келсе апамыздың тамағынан, нанынан ауыз тиіп кетеді екен
Үлкен үш ұлы мен екі қызы Қытайда туылған. Екеуі Қазақстанда дүниеге келген. Қазақтар мен тығыз араласып кеткен соң балалары кішкентай кезінде «не елісің» деген сұраққа: «ұйғырдың ішіндегі қоңыратымыз»,- деп жауап берген екен. Үлкен ұлы Әбілахат -Түркістанда тұрады, дихан. Әйелі Аяжан-өзбек. 1 ұлы мен 8 қызы бар. Екінші ұлы Әбдрейім -Ташкентте аспаз, әйелі Малика – өзбек, 1 ұлы мен 3 қызы бар. Үшінші қызы Тұрсынкул Екпінді ауылында тұрады, егінші, ері Сарыбай – қазақ, 2 ұлы мен 4 қызы бар. Төртінші қызы Патыгүл Ташкентте тұрған. Оралман болып Қызылорда қаласына көшіп келді. Отыз жыл мектепте ұстаз болған. 2 ұлы мен 4 қызы бар. Бесінші ұлы Ташманап Қожамберді ауылында клубтың меңгерушісі. Әйелі Әмина қазақ медпунктте санитарка болып жұмыс жасайды, 1 ұлы мен 5 қызы бар. Алтыншы ұлы Бауыржан клубта жұмысшы болып істейді. 2 ұлы мен 1 қызы бар. Жетінші ұлы Бақытжан орманшы, әйелі Гүлмира салықшы маманы болып жұмыс жасайды. 3 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отыр.
Осы тоқсаннан асқан Тоқтыбибі апамыздың 7 ұл-қызынан көріп отырған 34 немересі, 83 шөбересі, 6 шөпшегі бар. Әжеміз далаға әрең кіріп шықса да анда санда қолындағы таяғын тастап кетпен ұстап бау-бақшасына кіреді. Қыздары да, ұлдары да қазақтармен отбасын құрып, қазақ тұрмыс-тіршілігімен етене араласып кеткен. Әжеміз: «Қазақта мақал бар, «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей кешегі келген кезеңде бізді ешқандай ұлтымызға бөлмей, өз көмектерін аямады. Кең жерімен де, кең пейілдерімен де бізді орталарына сыйдыра білді. Сол қазақтың қонақжайлылығы әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келе жатыр. Маған төрден орын беріп, әрқашан құрмет тұтады, жылда ауылдық және аудандық бірінші мамыр – халықтар достастығы мен бірлігі күні «Алғыс хат» табыстайды. Мен қазақ халқының кең жүректілігіне ризамын, - дей келе, сөз соңында, - елге әрқашан бейбіт күн орнасын, патшамыз аман болсын! - деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Қазір ауылда әжемізден тараған үш отбасы өз өмірлерін жалғастыруда. «Алла әжемізге мықты денсаулық пен күш қуат бере түссін!», - деп тілейміз.
