Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Табанды_KZ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Бесінші тарау Мектеп

Алғашында мен тек кішкентай балалар ғана үйден қашып кетеді деп ойлайтын едім. Алайда, мен он үш жасқа толған кезде, менің анам да үйден кетіп қалды. Оның ас үйдегі үстелдің үстіне қалдырып кеткен, әкеме жазған хатын бірінші болып мен көрдім. Ол: «Мен Чикагоға кеттім. Жұмыс тауып, жайғасқан соң, Джоштың маған келіп, менімен бірге өмір сүруі үшін, оған ақша жіберемін», – деп жазыпты.

Бұл хатты әкеме көрсеткім келмеді, бірақ амалсыз көрсеттім. Менің бір байқағаным, ол күні бойы бір тамшы да арақ ішпеді. Содан кейін қайтадан ішіп кетті. Бэттл-Криктегі біздің отбасымыздың достары бірнеше апта өткен соң, анамның қайда екенін біліп, оны үйімізге қайта оралуға көндірді. Анамды көрген кезде, мен оны қатты құшақтағым келді, алайда тек оған қолымды тигізіп қана қанағат етуіме тура келді.

— Анашым, сені қайтып келеді деп тіпті де ойламаған едім, бұдан былай бұлай істемеші, жарай ма? – деп өтіндім.

Алайда, ол жауап бермеді, үндемей менің ұйысып қалған шашымды саусақтарымен тарқатып отырды. Содан кейін өзінің жатын бөлмесіне қарай кетті, есіктің қасында тұрып, маған тағы да бір рет қарап алу үшін бұрылды да:

— Мен қатты шаршадым, Джош. Жатып, біраз демалып алайыншы. Уэйнге кешкі ас дайындауға көмектесші, – деді.

Мен:

— Жарайды, анашым, – дедім де, ас үйге бардым, Уэйн үлкен қыш құмырадағы рагуды араластыруым үшін, мені дереу плитаға таңып қойды. Мен ойланып кеткен болсам керек, оның ұзын саусақтары менің арқамда жыбырлап жүргенін сезінбегенше, оның менің қасыма қалай келіп қалғанын тіпті байқамай да қалыппын. Сонда мен оны тура қазір өлтіріп қоятынымды түсіндім.

— Уэйн, енді менің мектептен кейін немен шұғылданатынымды, сен білесің бе ? — деп сұрадым мен одан.

— Немен? — деді ол сасқалақтап.

— Мен футбол ойнаймын.

Ол менің мойныма жақын еңкейіп, мұрнымен ауаны тарта:

— Бұл нағыз еркектердің ойыны … – дей бергенде, мен бірден бұрылдым да, Уэйнді қабырғаға тақадым. Бір қолыммен оның мойнынан қысып ұстадым, ал екінші қолыммен жұдырығымды түйіп, оның мұрнының алдына апарып:

— Тағы да бір рет маған қол тигізіп көрші, қанеки! Қол тигізеді екенсің — өлтіремін! – дедім.

Қатты қорыққаннан Уэйннің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Ол менің ашуланған кезде, қандай күйде болатынымды бұдан бұрын да көрген болатын.

Мен оның мойнын одан да қаттырақ қысып:

— Сен мені түсіндің бе? – дедім.

Ол ақырын басын изеді. Алайда, менің онымен әлі ісім біткен жоқ еді. Оған ауа жетпей көгеріп кетпейінше, оны жібермей ұстап тұрдым. Оның мойнын қаттырақ қыса түсіп: «Дәл қазір оны өлтіре салсам да болады ғой?» — деп ойладым. Фермада оның мәйітін жасырып қоюға болатын, көзге шалына қоймайтын оңаша жерлер жетіп жатыр. Сол кезде Уэйн шалбарына кіші дәретін жіберіп қойды. Мен оны жиіркенішпен итеріп жібердім. Ол тұла бойы дірілдеп, еденге сырғып түсті. Мен оны бір теуіп жолымнан алып тастадым да, ас үйден шығып кеттім.

Бұдан кейін ол маған жоламайтын болды. Екеуміз де бір-бірімізді байқамаған адамдай, өз ісімізбен шұғылданып жүретін болдық. Ал бірнеше жылдан кейін Уэйн жұмысын тастап, фермадан біржолата кетті.

***

Уэйннің үйден кеткеніне, мен өте қуанышты болдым. Алайда, ол кеткеннен кейін де біздің үйімізде ешқандай жақсы өзгерістер бола қойған жоқ. Шын мәнінде, маған үйде бұрынғыдан да көбірек жұмыс істеуге тура келді. Енді мен де өзімнің әпкелерім мен ағама ұқсап, бұл жерге енді ешқашан қайта оралмау үшін, ертерек фермадан кететін күнді күн санап күтіп жүрдім.

Мектеп менің мұңға толы өміріме өзінің әр түрлі жағымды үлесін қосты. Мектепте өтетін баскетбол мен футбол жарыстарындағы елеулі жетістіктерім, орта және үлкен сыныптар арасында менің жұлдыз болуыма септігін тигізді. Оныншы сыныпта мен Шерон Таллимен кездесе бастадым. Біздің осы қарым-қатынасымыз мектепті бітіргенше жалғасты. Менің бағаларым айтарлықтай жақсы болды, сонымен қатар қалтама ақша да түсе бастады: мен жөндеу шеберханасына жарты күндік жұмысқа тұрдым.

Менің спорттағы жақсы жетістіктерімнің нәтижесінде, тіпті қандай да бір мағынада менің «суррогат ата-аналарым» пайда болды — олар доктор Блейксли мен оның әйелі. Олар маған жанкүйер болып мені қолдау үшін, менің ойындарыма келіп тұратын, ал өзімнің туған ата-анам бір рет те келмеді: әкемнің келмеуінің себептері екібастан белгілі, ал анам тым толық болғандықтан, тар орындықтардың арасында қысылып-қымтырылып қалмау үшін келмейтін. Бірақ мен бұған тек қуанатынмын, өйткені егер де мені оның қасында көріп қалса, мен өзімді ыңғайсыз сезінетін едім.

Ерлі-зайыпты Блейкслилер — бұл басқа әңгіме. Менің пайымдауымша, олардың бір-бірімен қарым-қатынаста болуы, шынында да оларға рахат әкелетін сияқты. Олардың екеуі де бір-бірімен үйлесіп, жарасып тұратындай етіп, жақсы киінетін. Блейксли ханым көбінесе шынтағына дейін созылған ақ қолғап пен сәнді қалпақ киіп алатын немесе басын айналдырып түрлі-түсті шарф орап алатын. Ол сымбатты да сүйкімді, жүзі жылы, ажарлы әйел еді, маған әрдайым жылы шыраймен күлімдеп қарап тұратын. Біздің қалада доктор Блейкслиге үлкен құрметпен қарайтыны, таңқаларлық жәйт емес. Ол менің анама дәрігерлік көмек көрсеткен көптеген жылдар ішінде, біздің отбасымыздың өте көп құпия-сырларын біліп алды, сондықтан, менің ойымша, ол маған мұқият және қамқорлықпен қарайтын сияқты болып көрінетін. Бір сөзбен айтқанда, бұл кісіге сенуге болатын еді. Блейкслилер отбасы мен үшін мінсіз ерлі-зайыптылар мен ата-ананың үлгісі болды, әйтсе де олардың өздерінің балалары болмады. Шын мәнінде, олардың баласы болуды көз алдыма елестету — маған қатты ұнайтын. Бірақ әрине, мұның бәрінің бос қиял екенін мен жақсы білетінмін — қалайша олар менің нағыз ата-анам болуы мүмкін? Сонда да мен қиялдап, оларды осы рөлде көз алдыма елестетіп көрген кезімде, менің жаным қатты ауырмайтын және бұл мені жаңа табыстар мен жетістіктерге ұмтылуға ынталандыратын.

Мұның мәнісі, тіпті менің анамның жақсы ана ретінде тиісті түрде маған көңіл бөлуге тырыспағанында емес. Ол қолынан келгенше тырысып бақты, алайда неге екені белгісіз мұнысынан түк шықпады.

Мектепті бітіретін жыл соңына жақындаған кезде, бүкіл сыныпқа арналған мерекені біздің үйде өткіземіз деп шештік. Анам екеуміз бар күшімізді салып дайындалдық: үстелдерді әдемілеп безендіріп, оларды өсіп тұрған ағаштардың астына қатарластырып қойып шықтық. Менің достарым қамбаның артқы жағына футбол алаңын құруға көмектесті, сонымен қатар сол күні қалаған адам атқа мініп жүруі үшін, жылқыларды жалға алдық. Бәрі де демалыс пен көңіл көтеру үшін жасалды — олай болмағанда ше, бұл мектептен тыс, бір күн мектеп бітіру кешіндегі қуаныш сезіміне бөлену ғой. Мені тек бір ғана нәрсе қатты алаңдатты, алайда анам менің қорқыныштарымды сейілтуге тырысып: «Уайымдама, әкең күні бойы қалада болады. Мен мұны ойластырып қойғанмын», – деді.

Мереке күні бәріміз ашық ауада жайғастық, енді ғана түскі асқа кірісе бастағанымызда, үйдің алдындағы көк шалғынға әкемнің пикапы кіріп келді. Мен әкемнің өлгенше мас екенін бірден түсіндім: ол қатты айдап келіп, шарбақты құлатып, анамның гүлзарын басып өтті де, көк шалғынның екінші жағындағы шарбақты да құлатып барып көлігін тоқтатты. Пикаптан ақырын шыққан ол, бірнеше секундтай өзінің аяғында тұруға тырысты, алайда, тұра алмай етпетінен шөптің үстіне құлап түсті.

Бәрі қарқылдап күлді жатыр. Көзімнің жасына булығып, мен үйге қарай жүгіріп кеттім, ал анам менің соңымнан жорғалап келе жатты. «Джош, — деп шақырды ол, мені тыныштындаруға тырысып, — Джош, сен қайдасың?». Ол мені жатын бөлмеден тапты. Мен жастықты бетіме басып алдым, ешкіммен сөйлескім келмеді және үйден шығудан үзілді-кесілді бас тарттым.

— Сен түсінші, әкең үшін бұл апта өте ауыр болды ғой, – деп бәйек болып жатыр.

Мен өз құлағыма өзім сенбедім — анам әлі де әкемнің қылығын ақтап отыр!

Сол кезде бөлмеге менің ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімім Филпот ханым кіріп келді. Ол да мені аулада күтіп отырған сыныптастарыма қосылуға шақыра бастады.

— Жоқ, бара алмаймын, — дедім мен.

— Алаңдама, бәрі де өз орнына келеді, — деп сендірді ол.

— Жоқ, орнына келмейді. Анам әкемнің маскүнем екенін мойындауды қаламайынша, ешнәрсе де орнына келмейді. Менің қатал шараларым оны өзгертпеді, бірақ анамның оны бетімен жібергені, жағдайды одан бетер нашарлатты, – деп жауап бердім мен.

Ауладан адамдардың күлкісі естіліп жатты, содан кейін менің ең жақсы достарымның бірі Дэвидтің мені шақырған даусы естілді. Мен көз жасымды сүртіп, қонақ бөлмеге шықтым. Перденің артынан абайлап қарап едім, біздің алгебра пәнінің мұғалімі Редмонт мырзаның әкемді ауладан әкетіп бара жатқанын көрдім. Шамасы, олар қамба жаққа кетіп бара жатқан сияқты. «Қап, бәлем, сен бүгін аяқ-қолың байлаулы болып тұрасың, әлі», — деп мұрнымның астынан міңгірледім.

— Джош! Шыға ғой, енді! — деп айқайлады Дэвид.

Мен есікті ашып, кіре берістегі шатырдың астына қарай қадам бастым. Менің барлық достарым әкемнің артынан қарап, күліп тұр екен. Мен де күле бастадым, бірақ менің ішкі жан дүнием сыздап, ауырып тұрды. Маған да күлкілі болып жатқан сияқты сыңай танытып, мен ағаштың астындағы үстелге жақындадым. Дэвид мені қолымнан тартып, өзінің қасына отырғызды. Қазір осы көріністі көріп, жаныма батып тұрғанын және мен үшін қаншалықты ауыр екенін, оған түсіндіріп жатудың қажеті жоқ еді.

— Джош, бұл жерде сенің ешқандай айыбың жоқ. Оның мерекені бұзуына жол берме, — деп Дэвид иығымнан қақты.

Мен досыма қарап, өзімді мәжбүрлеп әрең дегенде күлімдедім. Иә, оның айтқаны дұрыс. Кішкентайдың үйді өзінің жер теліміне көшіріп алып кеткен күнгі жүрек айнытатын жиіркенішті таныс сезім жүрегімнен кетпей тұрып алды.

Осы болған оқиға әкемнің мені достарымның алдында масқарамды шығарған жалғыз жағдай емес еді. Бұған қоса, фермадағы істер жылдан-жылға нашарлап бара жатты. Күн көру үшін әкем ферманы бөлшектеп сата бастады. Нәтижесінде, біз қаражат жағынан қатты қиналдық, сондықтан ол жарты күнге қарауыл және менің орта мектебіммен бір ғимараттың ішінде орналасқан, бастауыш мектепке сыпырушы болып жұмысқа кірді.

Мен барынша одан аулақ жүруге тырысатынмын, бірақ үзіліс кезінде қаласаң да, қаламасаң да, әкемнің щеткамен дәлізді сыпырып немесе әжетхананы тазалап жатқанын көруіме тура келетін. Мен бірде-бір рет оның қасына жақын барып, онымен сөйлескен емеспін. Бұл жерде ол мен үшін жоқ болғанмен бірдей еді. Шамамен осы уақытта әкем «Анонимдік маскүнемдер» жиналысына бара бастады, алайда бұл ұзаққа созылмады. Мен бұдан бір нәтиже шығады деп күтпедім де және әкемнің өзгеруге қабілетті екеніне сенген де жоқпын. Оған деген ерекше бір үмітім де болған жоқ. Сондықтан да ол мектеп оқушыларының алдында өзін лайықсыз ұстап, қалай болса солай жүргені үшін оны жұмыстан қуып жібергені, мені мүлдем таңқалдырған жоқ.

Әкеме жердің бір бөлігін тағы да сатуына тура келді. Бір күні кешкісін, мектепті бітіруіме шамамен екі ай қалған кезде, кездесуден келіп, анамның жылап отырғанын естідім. Мен алаңдап, анам мен әкемді іздеп, бөлмелерді қарай бастадым. «Осыдан егер ол анама тағы да бір нәрсе істеген болса»… — деп, жұдырығымды түйіп алдым.

Мен анамның өзінің кереуетінде жылап жатқанын көрдім. Айтудың да қажеті жоқ еді, кезектегі ұрып-соғудан кейін, оның бетінің бәрі ісіп, қанталап кеткен екен. Анам сол бұрынғы әдетіне салып, әкемді қорғауға кірісті. Ал мен әдеттегідей одан да қатты ашуландым. Тез арада әкемді тауып алдым, сөйтіп ол анама не істеген болса, оған да соны істедім. Тек одан бетерін істедім.

Анам көз жасын төгіп отырып, маған қарады да, кереуеттің шетіне жылжып:

— Отыршы, ұлым — деді. Оның дауысының әдеттегідей емес екені мені қатты алаңдатты. Мен оның қасына отырдым. Ол қарама-қарсы жақтағы қабырғаға кірпік қақпай, қадала қарап отырып:

— Сенің әкең менің жүрегімді жаралады, — деді ол, ақыр соңында.

— Ол бәрінің де жүрегін жаралады, анашым. Ол сенің жүрегіңді әлдеқашан, бұдан көп жыл бұрын жаралаған, – дедім мен.

Анам маған қайтадан қарап, үндемей басын изеді, сөйтіп оның көз жасы бетін жуып кетті:

— Иә… бәрі дұрыс. Бірақ тек енді … мен бұдан артық шыдай алмаймын, түсінесің бе? Мен сенің мектепті бітіргеніңді көргім келеді, содан кейін … ал содан кейін өлгім келеді, сонымен бәрі де бітеді...

— Анашым, мұндай әзіліңді қой …

— Маған уәде берші, Джош, — деп ол менің сөзімді бөліп жіберді. Ол әрі қарай не айтар екен деп, мен үндемей күтіп отырдым, алайда оның айтарға сөзі қалмаған сияқты. Анам қайтадан теріс қарап, бос қабырғаға қадалып қарап отырып алды. — Маған үш нәрсені істемеймін деп уәде берші, — деп сыбырлады, ол ақыр соңында.

— Жарайды, анашым.

— Сен, ешқашан маскүнем болмаймын деп уәде берші.

Мен басымды изедім.

— Ешқашан әдепсіз сөздерді айтпаймын деп уәде берші.

Осындай күйде мұндай уәде бере алатыныма сенімсіз болдым, бірақ қайтадан басымды изедім.

— Сен өскен кезде, мен сені мақтан тұтатындай ұл боламын … деп уәде берші.

Бұл жолы оның сөздерін тіпті естіген де жоқпын. «Бұлай болуы мүмкін емес! Анамның өлуі мүмкін емес! Басқа кез келген біреу өлсе де, тек менің анам емес!», – деп өзімді-өзім сендіргім келді.

— Маған уәде берші, — деп қайталады ол.

— Уәде беремін, — деп жауап бердім мен, оның алақанын қатты қысып тұрып. Ол көзін жұмып, кереуетке қисайып жатты.

Оның қасында біраз отырған соң, кетпекші болып орнымнан тұрдым. Ол ұйықтап қалған сияқты. Оның демі жеңіл және тыныш болып қалды. «Ертең бәрі де жақсы болады және анам өзін басқаша сезінетін болады, әкем де мал қорада ұйықтап шыққаннан кейін солай жақсы болады», – деп іштей өзіме-өзім айттым да, әкеме лайықты жазасын тартқызамын деген шешіммен, бөлмеден тез шығып кеттім.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]