- •Бірінші тарау Жер бетінде бәрі тамаша
- •Екінші тарау Әуел баста
- •Үшінші тарау Уэйн
- •Төртінші тарау Кішкентайдың опасыздығы
- •Бесінші тарау Мектеп
- •Алтыншы тарау Әскери-әуе күштері
- •Жетінші тарау Жаңа көкжиектер
- •Сегізінші тарау Ұлыбритания
- •Тоғызыншы тарау
- •Оныншы тарау Бәрін басынан бастау
- •Он бірінші тарау Уитон және одан әрі қарай
- •Он екінші тарау Үйге қайта оралу
- •Он үшінші тарау
- •1961 Жылдың жаз мезгілі
- •Он төртінші тарау Бітіруші курс
- •Он бесінші тарау Атастыру және оқудың аяқталуы
- •Он алтыншы тарау
- •Он жетінші тарау Батысқа бет алу
- •Он сегізінші тарау Шақырылу
- •Он тоғызыншы тарау Көгілдір мұхиттың көрінісі
Он бесінші тарау Атастыру және оқудың аяқталуы
Мен автоматты телефоннан бес минуттан артық сөйлеспейтіндей етіп, ұсақ тиындар жинап алдым. Мен оны өзімнің сараңдығымнан емес, менің Меррик мырзамен ұзақ сөйлесуге батылымның жетпегендігінен солай істедім. Тұтқаны Меррик ханым көтеріп, бірден өзінің күйеуін шақырды.
— Алло?
— Меррик мырза?
— Иә.
— Сәлеметсіз бе, мырза. Бұл Джош Макдауэлл.
— Сәлем, Джош. Сенің дауысыңды естігеніме қуаныштымын. Уитондегі жағдайың қалай?
— Жақсы, мырза, тіпті өте жақсы.
— Сен үшін қуаныштымын. Бағаларың қалай, өз деңгейінде ме?
— Бағалар… иә, мырза. Менің бағаларым жақсы.
— Тамаша. Ал, заңгерлік мектепке оқуға түсуге қатысты жоспарларың қалай, әжептеуір анықталып қалған шығар?
— Иә, мырза! Жоспарларымның бәрі өз орнында. Мен қазір … әр түрлі заңгерлік мектептерді қарастырып жүрмін.
— Мұны естігеніме өте қуаныштымын, Джош. Сенің Линнмен сөйлескің келетін шығар ... деп ойлаймын?
— Иә, мырза. Әрине,… алайда, менің сізбен де сөйлескім келіп еді.
— Әрине. Мен сені тыңдап тұрмын.
— Меррик мырза… егер сіз рұқсат етсеңіз, мен сіздің қызыңызға үйленсем деп едім.
Желінің екінші жағында орнаған тыныштықтан, менің жүрегім жарылып кетуге дайын тұрды. Мен алақанымдағы қалған «жиырма бес тиынды» абыржып қарай бастадым, олар қатты қызып, суланып кетіпті.
— Олай болса, Джош, — деді ақыры, Меррик мырза, — менің қызымның сені сүйетінін білемін. Мен оған неке — бұл құмарлық пен махаббаттан да үлкен міндет екені туралы түсіндіруге тырыстым.
— Мен сізбен келісемін, мырза.
— Бірақ мұнымен бәрі бітпейді. Сені алғашқы рет көрген кезде, Линн екеуіңнің кездесуіңе қарсы болған едім.
— Иә, мырза, мен білемін.
— Алайда, мен саған мынаны айтайын: осы біржарым жылдың ішінде менің саған деген көзқарасым мүлдем өзгерді, енді саған менің қызыма үйленуіңе қуанышпен рұқсатымды беремін.
— Рахмет, мырза.
— Енді сенің жас ханымның өзімен сөйлескің келетін шығар деп ойлаймын, солай ма?
— Иә, мырза, әрине. Үлкен рахмет, мырза.
— Сенің дауысыңды естігеніме қуаныштымын, — деп Меррик мырза тұтқаны қойды. Линн келіп тұтқаны алғанға дейін, менің де ұсақ тиындарым таусылайын деп қалған еді.
— Сәлем! — деді ол.
— Линн, маған тұрмысқа шығасың ба? – деп сұрадым мен одан.
— Әрине, шығамын! — деді ол.
Осыны айтып болғанда, байланыс үзіліп, телефон үнсіз қалды.
Екі апта өткен соң, Линн өзінің әпкесі Энджимен бірге Уитонға келіп, жергілікті қонақ үйге тоқтады. Келесі күні сенбі болатын, осы мамыр айындағы бірінші демалыс күні еді, мен қатты абыржыдым. Осы Уитон колледжінде бұрыннан келе жатқан дәстүр бар болатын, бұл дәстүр бойынша жас жұбайлар өзінің атастыру тойын немесе үйлену тойын Бланчард-холлдағы «мұнараға шығып» атап өтетін. Ал, содан кейін бұл жайында университет қалашығындағылардың бәрі білуі үшін, — жас жұбайлар мұнарадағы қоңырауды бірге соғатын. Аптаның басында мен салтанатты тойды мұнарада өткізу үшін студенттер комитетінен рұқсат алдым. Сенбі күні таңертеңнен бастап уақытымның бәрі қажетті дайындықтарға кетті, маған Дик пен Фрэнк және басқа да достарым көмектесті. Мұнараның төбесіне әлі торт, бірнеше бөтелке жүзімнен жасалған «көпіретін» шырын, стақандар, табақшалар, шанышқылар мен майлықтарды апару керек болатын.
Біз сағат онға бірнеше минут қалғанда дастарқанға барлық тағамдарды қойып үлгердік. Линнен басқаның бәрі осында жиналып, бәріміз оны күтіп отырмыз.
Алайда, күтуіміз ұзаққа созылып кетті. Сағат он бір болған кезде, Фрэнк шыдай алмай:
— Сен оған бұл жерге сағат нешеде кел деп айтқан едің? — деп сұрады.
— Сағат онда, — деп жауап бердім мен.
— Нөмірі бірінші сабақ, — деді Дик түнерген кейіппен, — әйелдер мен дәлме-дәл уақытында келу бір-бірімен үйлеспейді.
— «Оның қадыр-қасиетін бағала, ал кемшіліктеріне шыдамды бол».
— Сен бұны қазір ойлап шығардың ба? — дедім мен.
— Әрине, жоқ, — деп мысқылдап күлді Дик. — Бұл бір француз ақынының өлең жолдары… оның аты қалай еді?
— Мэтью Прайор, есуас! Ол ешқандай да француз емес, ол – ағылшын, — деп құлағын бұрады Фрэнк.
— Ей, сендер, ақырын! — дедім де, біз бәріміз құлақ қойып тыңдадық. Шынымен де мұнараның баспалдағымен біреудің көтеріліп келе жатқаны естілді. Бір сәттен кейін біздің алдымызда, мен үйленгелі жатқан әдемі бикеш тұра қалды. Линнің соңынан оның әпкесі Энджи мен Уитондағы олардың екінші курста оқитын құрбысы көрінді.
— Олай болса, бірден іске көшуді ұсынамын, — деп Дик, жүзім шырынын ашып, бірінен кейін бірін пластикалық стакандарға толтырып құя бастады да, — Менің тілек айтқым келіп тұр, – деді.
Ол әрбір адам тамағын қолына алып, тілекті тыңдауға дайын болуын күтіп, сабырсыздықпен бәрін көзімен шолып шықты.
— Джош және Линн — сендер үшін. Сендерді алдарыңда отбасылық бақытты жылдар күтіп тұрсын және бақытты некенің жалғыз құпиясын ұмытпаңдар …
— Ал, сен өзің оны білесің бе? — деді Фрэнк, мұрнының астынан мысқылдап.
— Өзінің әйелінің әлі айтпаған әрбір сөзін түсінген еркек, некеде шынымен бақытты болады!
— Осыдан не келіп шығады? — деп сұрады Фрэнк, ал содан кейін, жөтеліп алды да, өзінің тілегін айтты: — Джош! Линн! Осы ерекше күні біз бәріміз сендер үшін бақыттымыз. Ең бастысы, сендер бір-біріңмен өмір сүруге қабілетті болғандықтан үйленіп жатқан жоқсыңдар. Сендер бір-біріңсіз өмір сүре алмайтындықтан, үйленіп жатырсыңдар, осыны ұмытпаңдар!
— Міне, бұл дұрыс айтылған сөз! — деп айқайлап жіберді менің досым Джим Грин, өзінің стақанын көтеріп. Біздің қонақтарымыз да оның сөзімен келіскенін білдіріп, бастарын изеді.
Мақұлдаған көтеріңкі дауыстарды естіп тұрып, мен Линнің алақанын өзімнің алақаныма қойып, бір-біріміздің көзімізге терең үңіле қарадық. Сол кезде мен … ешбір күмәнсіз … өзімнің дұрыс емес шешім қабылдағанымды анық түсіндім.
Кейде өлім ауызында жатқан адамдардан, сондай сәтте бүкіл өмірім көз алдымнан найзағайдың жарқылы сияқты өтті деп айтатындарын естіп жатамыз. Менің көлігімді мас жүргізуші өзінің жүк көлігімен соққан кезде, мен өзім де осындай жағдайды бастан кешірдім. Енді мен тағы да соған ұқсас жағдайды бастан кешірдім, бірақ бұл жолы менің бүкіл болашақ өмірім көз алдымнан ақылға сыймайтын жылдамдықпен зымырап өтті. Иә, Линн — тамаша қыз, алайда, мен оны тиісті дәрежеде сүймеймін. Тиісті дәрежеде? Бұл нені білдіреді? Мен бұның нені білдіретінін білмеймін. Менің жүрегімнің түкпірінде, міне қазір мен өмірімнің соңына дейін өкініп жүретін қадамды жасайын деп тұрғандай, күмәнсіз сезім тұрғанын білдім. Мен дәл қазір атастыруды тоқтатпау үшін күш салуым керек болды, өйткені біз тым алысқа кетіп қалдық, ал мен дәл қазір артқа шегініп, біреудің жүрегін жаралауға болмайтынын түсіндім. Мен Бэттл-Криктен сатып алған неке жүзігін қолыма алып, оны абайлап Линнің саусағына кигіздім. Оның көзі жасқа толып жылап жіберді. Ол да — басқалар сияқты — қазір менің басымда қандай ойлар болып жатқанынан бейхабар еді.
— Енді қоңырауды соғатын уақыт келді, Джош, — деп жігерлендіруші дауыспен ескертті Дик. Мен басымды изеп, мұнараның қоңырауының тілінен салбырап тұрған арқанға көз тастадым, кенеттен маған асылып қалу үшін қолайлы жер екен деген ой келді. Бірде мен тойда күйеу жігіттің досының есінен танып, жерге өлі адамдай құлап қалғанын көргенім бар еді. Бүкіл жұрттың көз алдында құлап түскен болатын. Осыған ұқсас жағдайдың менімен де болуына мен жол бермеуім керекпін деп ойладым. Мен бұған шыдай алмас едім. Күлімдеп арқанды ұстадым да өз сезімімді басқаруға тырыстым. Ал, сосын бар күшімді салып, асықпай қоңырауды — жеті рет соқтым. Содан кейін менің орныма Линн келіп тұрды, гүрілдеген жеті рет соғылған қоңыраудың үні естілді. Біз Бланчард-холл мұнарасының төменгі жағында осы сәтте бүкіл жастардың Уитон дәстүрі бойынша осы қоңыраудың үніне орай әрекет етіп жатқандарын естідік. Төменнен дабырлаған:
— Досым, бұлай істеме!
— Қош бол, бостандық!
— Бұғауға дағдылана бер! – деген дауыстар естіліп жатты.
Жауап ретінде біз Линн екеуміз көңілді түрде күлімдеп, енді екеулеп арқанды ұстап, қоңыраудың жеті рет соқық. Жеті – кемелділікті білдіретін сан.
— Міне, ұстаңдар, — деп Энджи, сол қоңыраудың қабырғаларында жазылған, басқа да жүздеген есімдерге өзіміздің есімімізді қосу үшін, бізге фломастерді берді. Линн қабырғаға жаза бастады: « Джош пен Линн. 5 мамыр күні атастырылды.Үйленген күндері...
— Қай күнді белгілейміз, қымбаттым? — деп сұрады Линн маркерді қолына ұстап, менен нұр шашып тұрған көздерін алмай жазуға дайындалып. — Біздің тойымыз қашан болады? – деді.
Мен: «Ешқашан! Сен тамаша қызсың, Линн, мен білетін қыздардың ішіндегі ең бір жақсысысың. Бірақ бұдан түк те шықпайды. Сен үйден шықпайсың, ал менің бүкіл дүниені аралап, саяхат жасағым келеді», – деп айқайлағым келді.
— Кібісе жылы болса, қалай қарайсың? — деп қалжыңдауға тырыстым мен.
Линн «кейінге қалдырылмады» деп жазды, содан кейін біз бір-біріміздің бетімізден сүйдік. Мен өз өмірімінің қар көшкіні сияқты, таудан домалап бара жатқанын сезіндім.
***
Мені жұбатқан жалғыз нәрсе, — бұл менің оқуымның соңғы курсын аяқтауға осы жерде қалып, Линнің өзінің дереу Мичиганға, үйіне кетуі еді. Оның маған жазған хаттарының есебі жоқ, бірақ мен ол хаттардың біреуіне де жауап бермедім, біз бірнеше рет телефон арқылы сөйлестік. Ол бірдеңенің дұрыс емес екенін аңғарған болса керек. Алайда, оның барлық сұрақтарына мен қолымнан келгенше, жалтарма жауап беріп жүрдім, — менің өзімнің құпия күмәндарым туралы тікелей айтуға батылым жетпеді.
Бірде мен онымен телефон арқылы сөйлескенде, оған өзімнің оны шынымен сүйетініме сенімсіз екенімді айтып, мені қинап жүрген мәселені шешуге жақын келдім. Бірақ Линнің: «Мен түсінемін, қымбаттым. Бірақ, саған алаңдаудың қажеті жоқ. Сезім — бұл сондай тұрақсыз және алдамшы нәрсе. Уақыт өте келе, бәрі өз орнына келеді, әлі-ақ, көресің», – деп айтқан жауабы менің аузымды мүлдем аштырмай тастады.
Бақытыма орай, оқу мен жақындап келе жатқан емтихандардың және қосымша ақша табудың әрекетімен жүріп, біздің қарым-қатынасымыздың әрі қарай қалай болатыны жайында уайымдауға менің уақытым болған жоқ. Мүмкін, оның да айтқаны дұрыс шығар. Бәлкім, уақыт өте келе, бәрі шынымен де өз орнына келер. Бірақ мен бір нәрсені анық білетінмін — сүйіспеншілік бұрынғысынша мен түсіне алмайтын сезім болып қала берді. Әйелдер де түсініксіз, мүмкін, екеуі де түсініксіз шығар.
Бізге диплом беру салтанатына Билли Грэмнің өзі келді. Осыдан он тоғыз жыл бұрын ол да Уитонді бітірген екен, ал енді ол Чикагода Ізгі хабар жиналыстарын өткізіп жүрді. Алайда, сол маусым айында таңертең ол бізге арнайы келіп, сәлемдесіп болған соң:
— Біздің айналамызда — бүкіл әлем бұрынғысынша, Құдайға өзін толық бағыштаған адамды күтіп тұр. Бұл – ауруханалар салу қажет болатын, жастарға білім беру қажет болатын, Ізгі хабарды уағыздау қажет болатын орасан үлкен әлем. Өздерінің Ілияс пайғамбары мен шомылдыру рәсімін орындаған Жақия пайғамбарын күтіп жүрген әлем. Иә, сіздерді алдарыңызда шекараларды бағындыратын тамаша еңбек күтіп тұр, осы іте Құдай сіздермен бірге болады.
Ұзын бойлы, сымбатты, өзінің сөзі мен сенімінің дұрыс екендігіне нық сенімді, жалтырап тұрған кең орналасқан көздері бар ол, мен үшін оңтүстіктік акцентпен сөйлеген періште сияқты болып көрінді. Бұл жолы өткен күздегіден айырмашылығы мен өзімнің қобалжығанымды жасыру үшін, дәрісханадан қашып кеткен жоқпын. Құрбы-құрдастарымды көзіммен бір шолып өтіп, Ізгі хабарды жердің шетіне дейін жеткізу үшін, біздің біртұтас дене болып, бірлесіп еңбек ететінімізді толық түсініп, өзіміздің жетістіктеріміз үшін мен мақтаныш сезімін сезіндім. Дегенмен, мені басқалардан өзгеше етіп тұрған бір нәрсе бар еді. Мойным бұрынғысынша мені мазалауын жалғастырып, арбиған ақ бандажды менің тіпті колледжді бітіру салтанатына да киюіме тура келді.
