Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Табанды_KZ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Он төртінші тарау Бітіруші курс

Уитон колледжінің президенті, Бірінші дүниежүзілік соғысының ардагері және Эквадордағы кечуа үндістеріне Ізгі хабар айтқан бұрынғы миссионер доктор Реймонд Эдмен колледждегі рухани және академиялық дені сау ахуалдың қаншалықты маңызды екенін жақсы білетін. Осы колледж президенті лауазымын ие бола салысымен-ақ, ол оқу күнтізбесінің ажырамас бөлігіне айналған «Рухани күш аптасын» құрды. Менің бітіруші курсым таяп қалған кезде, алдағы аптада біздің негізгі уағыздаушымыз Ричард Халверстон болды, ол да осы Уитон колледжінің түлегі, ал қазір Мериленд штатының Бетесд қаласындағы төртінші пресвитериан қауымының бағушысы.

— Сіздер — осы елдің жастарының ең жарқын, ең келешегі бар өкілдерінің қатарындасыздар, — Халверстон бізге осы аптадағы өзінің ең соңғы сөйлеген сөзінде, осындай салтанатты сөздерді арнады. — Алайда, сіздер мойынсұнуды қалайсыздар ма? Біз Ишаяның 6 тарауында оқитынымыздай, сіздер Құдайдың шақыруын естігілеріңіз келе ме?

Жақында ғана ашылған «Эдмен-чепелдің» залына толған бүкіл студенттік корпус, демін ішіне тартып, оның әрбір сөзін тыңдады. Мен дәрісхананың ортасында Дик Пернел мен Фрэнк Кифердің қасында отырдым. Халверстонның айтқан бұл сөздері менің өзімді ыңғайсыз сезінуіме мәжбүр етті. Алайда, мінбеде тұрып айтқан оның сөздері соғылған қоңыраудың даусындай гүрілдеп естіліп жатты:

— Бүгін мен осы залда шақырылуы — инженер болған адамдарды көріп тұрмын. Иә, сіздерге, өздеріңіздің неге шақырылғандарыңыз белгілі. Сіздер математика мен физиканы ұнатасыздар. Тіпті түнде де математикалық теңдеулер түстеріңізге кіреді! Алайда, сіздер өздеріңіздің барлық дарындарыңызды Оның аяғының астына тастауға келісесіз бе? Бүгін мен осы жерде дәрігерлерді … бизнесмендерді көріп тұрмын.. заңгерлер мен саясаткерлерді көріп тұрмын … мұғалімдер мен музыканттарды көріп тұрмын. Алайда, маңыздысы сіздердің өздеріңізге қандай саланы таңдап алғаныңыз емес, достарым. Маңыздысы, сіздердің өз дарындарыңызды мехрапқа алып келуге деген дайындығыңыз бен келісіміңіз. Ишаяның 6 тарауында бізге ашылған, Құдайдың шақыруына жауап беруге дайын кім бар? Кім өзінің дарындарын мехрапқа қойып, Иемізге: «Міне, мен, мені жібер» - деп айта алады?

Мен өзімнің курстастарымды көзіммен шолып шықтым. Олар бірінен кейін бірі орындарынан тұрып, өздерінің өмірі мен қабілеттерін Құдайдың қызметіне арнау үшін, сахнаға шықты. Мен тіпті бір студенттің өз қалтасынан логарифмдік сызғышын алып, доктор Халверстонның аяғының қасына қойғанын көрдім. Медициналық факультетте оқитын, Дик орнынан тұрып, менің қасымнан қысылып-қымтырылып өтті, ал оның артынан Фрэнк те кетті. Аралықтағы өтетін жерді барған сайын көп студенттер толтыра бастады. Мен де орнымнан тұрдым — алайда аяғымды қолыма алып жүгіріп кетпеу үшін, өзімді әрең ұстап, шыға беріске қарай кеттім.

Кейінірек, достарым мені тауып алған кезде, мен бөлмеде көрпені басыма дейін тартып жамылып алып, өзімнің кереуетімде жатыр едім.

— Сендерге не керек? — деп айқайлап жіберуге шақ қалдым.

— Жағдайың дұрыс па? — деп сұрады Дик. Бірақ мен жауап бермедім.

— Джош, саған не болды? — деп қайталады ол.

— Мені мазамалмаңдаршы! — деп айқайладым мен.

Бұдан кейін олар мені мазаламады, олардың кетіп бара жатқандарын қадамдарының бірте-бірте алыстап бара жатқан даусынан білдім. Қою қараңғылық түскен кезде, мен кереуеттен тұрып, университет қалашығын айналып қайтуды ұйғардым. Уитонның орталығындағы тәулік бойына жұмыс істейтін кафеге кіргенімде, түннің жарымы болып қалған еді. «Қатты шаршадым», — дедім мен өзіме-өзім. Тек кофе ғана ішсем, ол аздық ететін сияқты. Менің шаршауым тәндік емес еді, мен екіжүзділіктен шаршадым. Доктор Халверстонның: «Ишаияның 6 тарауында бізге ашылған Құдайдың шақыруына жауап беруге дайын кім бар? Кім өзінің дарындарын мехрапқа қойып, Иемізге: «Міне, мен, мені жібер» - деп айта алады?», – деген сөздері менің басымнан кетпей қойды.

Кез келген басқа мәсіхшілердің естігені сияқты мен де, Құдайдың менің дарындарым мен қабілеттерімді Өзінің даңқы үшін пайдаланғысы келетінін көп рет естідім. Алайда, мен Құдайға не ұсына аламын — өзімнің кезекті сәтсіздіктерімді ме? Мен өзімнің Құдайдың үлгісіне сәйкес келмейтінімді жақсы білетінмін. Көпшілікке мені алда жарқын болашақ күтіп тұрған сияқты болып көрінетін. Мен жақсы оқыдым және мұғалімдерімнің кейбіреулері, менен бірінші дәрежелі заңгер шығады деп айтатын. Мүмкін, солай да шығар. Алайда, мен бірінші дәрежелі мәсіхшімін бе? Менің өмірімде түзетуге келмейтін тым көп нәрселер болды, тіпті кейде мен кекештеніп сөйлегенде немесе грамматикалық қателер жібергенде жиі байқалатын өзімді төмен тұту сезімінен ешқашан арыла алмайтын сияқты болып көрінетін. Мен өмірімнің барлық саласына сіңіп кеткен және менің барлық жақын қарым-қатынастарымда сезілетін, жыныстық қорлаудан, тәндік зорлық-зомбылықтан және отбасындағы келіспеушіліктерден тыртық сияқты қалып қойған ауыртпалықтарды көтеріп жүруді жалғастырдым. Мен осы кемістіктерімді басқалардан жақсылап жасыруды үйренген болсам да, оларды өзімнен жасыру мүмкін бе, сірә? Менің алдымда әлі өзімнің айнадағы түріме жақсылап қарап алу күтіп тұрды. Иә, бағушы Логан, сіздің айтқаныңыз дұрыс. Мәсіхшілік өмір — бұл марафон, оны толық беріліп жүгіріп өту керек болады. Алайда, менің жүгіруге шамам жоқ.

Мен кафеден шықтым да, ешбір мақсатсыз көшеде сенделіп жүріп алдым. Күздің ортасы болып қалған еді, кеңістік салқын ауамен толып тұр. Мен жүре бердім, жүре бердім, тіпті қайда бара жатқаным туралы ойланбадым да. Құрғақ жапырақтар – мені қобалжытқан естеліктер мен азғырулар және күнәлар сияқты, менің аяғымның астында шытынап жатты — Мәсіх тәндік күшті қолданғандай болып, менің өміріме енген кезде, маған олардың бәрі айқышта жерленген сияқты болып көрінген еді. Мен қазір өзімді мәңгі-бақи қарғыс атқан адамдай сезіндім, ал осы сезім адам төзбестей ауыртпалықпен менің еңсемді басып тұрды. Иеміздің шақыруына менің жауап бергім келмегенін, әкем біле қоймас деген жалғыз үміт қалған еді.

Егер де қазір бағушы Логан қасымда болғанда ғой. Ол мұндай жағдайда не істеу керектігін жақсы біледі. Ол маған орынды кеңес берген болар еді. Алайда, ол қасымда жоқ. Оның мейірімді көздері мен мені түсінгісі келіп маған қараған көзқарасын есіме алудан басқа менің ешқандай амалым жоқ еді, бұл жолы маған оның көз жанары шексіз қайғы мен жанашырлыққа толы болып көрінді.

Юнион-стриттегі көше шамының астында тұрған кезімде, сағат шамамен таңғы төрт болып қалған болатын. Осы сәтте Киелі кітапта жазылған, құлазыған айдалада аштықтан қиналған көптеген адамдарды тамақтандыру үшін, бірнеше балығы мен нанын ұсынған, кішкентай бала туралы әңгіме есіме түсті (Мар. 6:35-44 қараңыз). Мен қазір өзімді сол бала сияқты сезіндім. Бірақ одан бір ғана айырмашылығым — менің өмірімде бар болған болмашы нәрсені, үлкен маңызды нәрсеге айналдыратын керемет жоқ еді. Кенеттен:

— Құдайым, — деп айттым мен өзім күтпеген жерден, — менің жүрегімнің түкпірінде Саған қызмет етсем деген ниетім бар, бірақ мен Сенің табаныңның астына немді әкеліп қоя аламын? Шынымды айтсам, өзім ұялмайтындай болып, Саған ұсына алатын менің ешнәрсем жоқ. Менде бір ерекше қабілет те жоқ, ал менің жүрегім өткен өмірімнен алған жарақаттарға толы. Алайда, егер Сен қаласаң, осы жер — қазір, осы күні таңертеңнен бастап — менде жоқ нәрсенің бәрін мен Саған әкелетін, Сенің мехрабың болсын. Ием, маған жетіспейтін нәрсенің бәрін, Мен Саған беремін. Сен менің күшімді ала алмайсың, өйткені менде Саған ұсына алатын күш мүлдем жоқ. Сен менің қабілетімді ала алмайсың, өйткені мен өзімнің ерекше қабілеттерім мен дарындарымның бар-жоғын тіпті де білмеймін. Солай болса да,… егер Сен қаласаң, Ием … егер Сен менің әлсіздіктерімді Өзіңе алып, құлағанымда мені көтеріп, солар арқылы Өзіңнің атыңды мадақтағың келсе, — уа, Құдайым, мен ең соңғы демім таусылғанша, қалған өмірімнің бәрінде Саған қызмет етуге уәде беремін, – деп мінәжат еттім.

Мен сол жерде қанша уақыт тұрғанымды және басқа не туралы мінәжат еткенімді, тіпті де білмеймін. Менің есімде университет маңындағы қалашыққа келген кезде көрген, шығыс жақтан аспанға көтеріліп келе жатқан күннің шұғыласы ғана қалыпты. Менің бойымнан күнә мен қарғыстың сорақы ауыртпалығы түскендей болып, жаңа күнді қарсы алуға дайын едім. Мен қайтадан марафон жарысына жүгіруге дайын болдым.

Үш аптадан кейін менің алдымда күтіп тұрған рухани марафон жарысына жүгіру үшін, маған қажетті дайындықты берген адамды кездестірдім.

***

Билл Брайт деген кісі шын мәнінде, Иса Мәсіхтің осы дүниеге екінші рет қайта келуінің алдында бүкіл дүниежүзілік көлемде Ізгі хабарды жариялаудың ұлы тапсырмасын орындау үшін, күш-қуатқа толы, дарынды тұлға болды. Ол елді аралап сапар шегіп жүрген уақытында, Уитон студенттік қауымының жиналысында Құдайдың Сөзімен бөліскен болатын, сол кезде ол осыдан он жылдай бұрын өзі негізін қалаған «Campus Crusade for Christ»* деп аталатын ұйыммен студенттерді таныстырып, қызмет еткісі келетін жастарды оның қатарына өз еріктерімен қосылуға шақырды. Енді біз, шамамен оншақты адам болып, студенттер кафетериясында оның өзі мен ұйымы туралы көбірек білгіміз келіп, Билл Брайтты қоршап, оның айналасына отырып алдық.

*1951 жылы Билл Брайт негізін салған Campus Crusade for Christ (ағыл.) — «Кампус Крусейд» немесе «Мәсіх үшін студенттер қозғалысы». — Ауд. ескер.

— Мен сіздермен, тек сіздердің ғана емес, сонымен қатар сіздермен кездескен әрбір адамның да өмірін өзгертуге құдыреті жететін тұжырымдамамен бөліскім келеді, — деді ол бізге. Біз бір-бірімізге сығылыса түстік, сол кезде Билл Брайт қағаз майлықты алып, пенжагының ішкі қалтасынан қаламсапты да ала бастады. — Негізінен, дүниеде адамдардың үш түрі бар. Бұл ер кісілерге де, әйел кісілерге де қатысты, алайда қарапайым түрде түсіндіру үшін жәй ғана «адам» деп айтайық. Сонымен, бұл табиғи адам, тәндік адам және рухани адам болады.

Майлыққа ол бірінен кейін бірін тізіп, үш шеңбер сызды, осы үш шеңбердің әрқайсының ортасына орындыққа ұқсас сурет салды.

— Табиғи адамнан бастайық, — деді ол, үш шеңбердің біріншісіне нұсқап, орындықтың арқа жағына «мен» деген сөзді жазды да: — Табиғи адам өзінің «менін» таққа отырғызады, – деді.

Брайт мырза шеңбердің сыртқы жағына кішкене «айқыш» сызды. Осы туралы айтып жатқан кезінде, мен бұның кішкене ғана айқыш емес, қайта Исаны білдіретін кәдімгі айқыш ағаш екенін түсіндім.

— Иса осы адамның жан дүниесінің сыртында қалады, — деді ол, айқышқа нұсқап, — бәлкім, бұл адамды әлі ешкім Иемізбен таныстырмаған шығар, мүмкін, оның өзі Исаны өзінің Құтқарушысы ретінде қабылдамай, бас тартқан болар. Қалай болғанда да, бұл адамның өмірінде Мәсіх жоқ.

Брайт мырза саусағымен екінші шеңберді нұсқап:

— Ал, мынау тәндік адам. — Ол қайтадан орындықтың арқа жағына «мен» деп жазды, алайда айқыш бұл жолы шеңбердің ішкі жағында орындықтың төмен жағында тұрды.

— Табиғи адам сияқты, — деп сөзін жалғастырды ол, — тәндік адам да таққа өзін отырғызып қойған. Ол мәсіхші, бірақ жеміс бермейтін адам. Ол өзінің күшіне үміт артып, мәсіхшілік өмір сүргісі келеді. Мәсіх бір шетте тұрғандықтан, ол адам мағыналы мәсіхшілік өмір сүре алмайды.

Кофесін ішіп алып, Брайт мырза үшінші шеңбердегі орындықтың арқа жағына айқыштың суретін салды да:

— Бұның алдыңғы екеуінен айырмашылығы, рухани адам Мәсіхті өзінің өмірінің тағына отырғызады, ал өзінің менмендігін... — деп Брайт мырза қайтадан қолына қаламсабын алып, тақтың төмен жағына «мен» деген сөзді жазып қойып, — негізгі орыннан алып тастайды, – деді. Сосын сөзін жалғастырып: – Ол Киелі Рухқа кенеліп, Мәсіхпен бірге жеңімпаз өмір сүреді. Алайда, мынадай бір сұрақ туындайды. Егер де мен сіздерден, Киелі Рухтың күшіне қалай ие болуға болады деп сұрасам, сіздер оны қалай істеу керектігін білер ме едіңіз?

— Мен ең алдымен, Мәсіх шынымен де менің өмірімнің тағында отырғанына көз жеткізіп алар едім деп ойлаймын, — деді Фрэнк.

— Тамаша, — деді Брайт мырза. — Егер сіздердің араңызда кейбіреуіңіз баскетбол ойнайтын болсаңыз, онда сіздер бұл бастапқы қалыпта тұру дегенді білдіреді деп айтар едіңіздер, – деп ол үстел басында отырғандарды көзімен бір шолып шықты да:

— Ал, енді сіздердің қайсыбіреуіңіз маған Киелі Рухтың жемісін атап бере аласыздар?

Біздің біреуіміз ауызымызды ашып үлгірмей жатып-ақ, Дик Пернел бәрін бірінен кейін бірін тырылдатып айтып берді: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық. (Ғал. 5:22, 23 қараңыз.)

«Иә, досым, сен жұрттың көзіне түсуге шебер екенсің ғой», — деп ойладым мен.

Бұл жауаптан шабыттанған Брайт мырза басын изеп:

— Біз Мәсіхті өз өміріміздің тағына отырғызып, Киелі Рухтан бізді толтыруын және толтыруды жалғастыруын сұраған кезде, осы қасиеттер бірінші орынға шығады, – деді.

— Толтыруды жалғастыруын? — деп қайтадан сұрадым мен.

— Киелі Рух, балам, сізді толтырғысы келеді, тіпті ағыл-тегіл молынан толтыруды қалайды. Өйткені сіздерді Киелі Рухпен бірге істейтін күрделі жұмыс күтіп тұр ғой! — деді Брайт мырза, біздің тобымызды көзімен бір шолып өтіп. Біз ол әрі қарай не айтар екен деп, демімізді ішімізге тартқан күйі отырдық.

— Жігіттер, мен Оклахомада дүниеге келгенмін, ал біздің ол өлкеде үздіксіз ұңғыма бұрғылап мұнай іздейді. Міне, сол Техасстың алыс түкпірінде бір жылқы бағушы өмір сүрген екен. Ол қартайып, мал айдауды қойыпты, сөйтіп ол тегін берсе де ешкім алмайтын өзінің қаңыраған мал фермасында отырады. Ал, ол қайтыс болған кезде, оның жер теліміне барлау компаниясы келіп, ұңғыманы бұрғылағанда, ол жерден атқылап мұнай шығады. Сөйтіп, жылқы бағушы қарияның басынан аяғына дейін алтынға малынуына жететін мұнай кені табылады. Мұнай оның жерінде жасырынып жатқан қазына сияқты еді, ал ол әрқашан сол қазынаның үстінде отырса да, өзінің қандай байлықтың үстінде отырғанын білмей, дүниеден соқыр тиынсыз өтіпті. Міне, Киелі Рухтың күші де — сол мұнай сияқты. Егер сіздер Мәсіхке тиесілі болсаңыздар, онда Құдайдың Рухы сіздердің жүректеріңізден орын алды. Енді Ол ұңғымадан атқылаған мұнай сияқты, ... ағылып-төгілу үшін сіздің мүмкіндік беруіңізді күтеді! Бірақ сіздер Оның күшіне қосылуларыңыз керек. Ал, мұны мінәжат ету арқылы істеу қажет.

Брайт мырза тура маған қарап:

— Сен не айтасың? Киелі Рухтың күшін алғың келе ме? – деп сұрады.

— Қазір ме?

— Дәл қазір.

— Иә, мырза, бұл тамаша болар еді.

Брайт мырза үстелді айналып жүріп, біздің әрқайсымызға осы сұрақты қойды. Біздің әрқайсымыз «иә» деп жауап бердік, содан кейін Брайт мырза мінәжат етіп болғанша, біз бәріміз басымызды иіп отырдық. Ол былай деп мінәжат етті:

— Қымбатты Әке, біз Саған мұқтажбыз. Біз осы уақытқа дейін өмірімізді өзіміз басқарып келгенімізді және нәтижесінде Саған қарсы күнә жасағанымызды мойындаймыз. Біз Мәсіх арқылы күнәларымызға кешірім алғанымыз үшін, Саған кішіпейілдікпен алғыс айтамыз. Енді сенім арқылы, біздің әрқайсымыз Исаны өз өміріміздің тағынан Өзіне тиесілі орынды алуы үшін шақырамыз. Біз енді Сенен — қайтадан сенім арқылы — Сен Өзіңнің Сөзіңде уәде еткендей, Киелі Рухыңмен бізді толтыруыңды сұраймыз. Біз Саған алғыс айтамыз және Сені мадақтаймыз. Мәсіхтің атымен. Аумин.

— Аумин! — дедік біз бәріміз бірауыздан.

— Ал, енді деміңізді ішіңізге тартыңыз, — деді Брайт мырза, өзі де ауаны ішіне терең тартып. Біздің әрқайсымыз демімізді ішімізге тарттық. — Енді деміңізді шығарыңыз, – деді.

Біз бәріміз бірге демімізді шығардық. Ол жаттығуды қайталап:

— Киелі Рухты қабылдаңыз, — деді, — және өз күнәңізді шығарыңыз. Одан толығымен арылыңыз. Қайтадан Құдайдың кешірімін қабылдаңыз. Рақымды Киелі Рухты қабылдаңыз.

Сөйтіп ол үнсіз отырып, бізді көзімен бір шолып шықты да:

— Киелі Рух — бұл Тұлға. Бұл шындықты әрдайым есте сақтаңыздар. Ол бізді жұбату үшін, тәлім беру үшін және жердің шетіне дейін Оның куәгерлері болуымызға күш беру үшін келді. Ал, енді, мырзалар, менің Нью-йорк пойызына асығуым керек. Сіздермен көрісудің қаншалықты көңіл сүйсіндірерлік жағымды болғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын және мен сіздердің кейбіреуіңізбен тағы да кездесетініме сенімдімін, – деді.

— Біз үшін мінәжат еткеніңіз үшін, рахмет, — дедім мен, орнымнан тұрып, оның қолын қысып.

— Шын жүректен қуаныштымын… — деді де, ол менің өзімнің есімімді айтуымды күтіп, үндемей тұрып қалды.

— Джош. Джош Макдауэлл, – дедім мен, оған өзімді таныстырып.

Брайт мырза жауап ретінде жылы жүзбен басын изеп:

— Тыныс алуды ұмытпа, Джош, – деді.

— Оны ұмытпайтыным анық! – деп жауап бердім мен.

— Сен тәнде жүріп қалай терең тыныс алатын болсаң, рухани өмірде де дәл солай істеуің қажет. Бір рет тыныс алдым, болды деп ұмытып кетпе. Бұл үздіксіз — бүгін, ертең және күн сайын солай жағасуы қажет. Бұны үздіксіз, өміріміздің ақырына дейін істеуіміз қажет, түсінемісің? – деп сұрады.

— Түсінемін, мырза. Бұл марафон іспетті, – дедім мен.

Брайт мырза маған қызығушылықпен қарады да, өзінің жол сандығын қолына алып, тез-тез кафетерийден шығып, темір жол бекетіне қарай бет алды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]