- •Бірінші тарау Жер бетінде бәрі тамаша
- •Екінші тарау Әуел баста
- •Үшінші тарау Уэйн
- •Төртінші тарау Кішкентайдың опасыздығы
- •Бесінші тарау Мектеп
- •Алтыншы тарау Әскери-әуе күштері
- •Жетінші тарау Жаңа көкжиектер
- •Сегізінші тарау Ұлыбритания
- •Тоғызыншы тарау
- •Оныншы тарау Бәрін басынан бастау
- •Он бірінші тарау Уитон және одан әрі қарай
- •Он екінші тарау Үйге қайта оралу
- •Он үшінші тарау
- •1961 Жылдың жаз мезгілі
- •Он төртінші тарау Бітіруші курс
- •Он бесінші тарау Атастыру және оқудың аяқталуы
- •Он алтыншы тарау
- •Он жетінші тарау Батысқа бет алу
- •Он сегізінші тарау Шақырылу
- •Он тоғызыншы тарау Көгілдір мұхиттың көрінісі
Он бірінші тарау Уитон және одан әрі қарай
Мені ресми түрде Уитон колледжінің үшінші курсына ауыстырды, сөйтіп колледждің жүз жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген 1960 жылдың күзінде мен сабаққа кірістім. Менің оқу бағдарламама экономика, тарих, мемлекет пен құқық, ағылшын тілі және Құдайдың Сөзін талқылау кіретін. Енді колледждегі сабақ пен қатар жарты күндік жұмыс менің бүкіл уақытымды алатын болды. Мен Мичиганға телефон шалып, Линнмен әңгімелесу үшін әрең дегенде уақыт бөлетінмін. Бірақ бәрібір мен бақытты едім және өзімнің болашағыма үлкен үмітпен қарадым.
1961 жылы қаңтар айында Джон Ф. Кеннеди Құрама Штаттардың отыз бесінші президенті ретінде ант қабылдады. Өзінің ұлықтау рәсіміндегі жолдауында ол дүние жүзіндегі халықтарды «адамның ортақ жаулары болған: зорлық-зомбылықпен, кедейлікпен, ауру-сырқатпен және соғыстың өзімен» күресуге шақырды. Иә, бұл бір керемет ізгі сезімдер болды, бұл жолдауды мен толығымен мақұлдадым, бірақ дүние жүзіне Иса Мәсіхтің Ізгі хабарын уағыздамай, мұндай мақсатқа жету мүмкін емес екенін мен жақсы түсінетінмін.
Менің оқуға деген ынтам әлсіреген жоқ, қайта бұрынғыдан да бетер заңгер болуға деген шешімге толы болды. Уитондегі сабақтар маған грамматика мен тіл мәдениетін біртіндеп анық және мәнерлі етуге көмектесіп, менің бойымда зерттеу дағдылары мен өзімнің ойымды қағазға түсіре білу шеберлігін қалыптастырды. Маған екі кәсіпкер-мәсіхші келіп, ұсыныс жасады — олардың әрқайсысы колледжді бітірген соң, заңгерлік мектептегі менің оқуымды төлеуге ұсыныс жасады!
Ұзаққа созылған қыс баяу әрі еріксіз болса да, біртіндеп көктем мезгіліне орын бере бастады. Енді маған Құдай да, өмірдің өзі де менің жағымда сияқты болып көрінді.
Дәл осы уақытта адамның ойына кіріп шықпайтын бір жағдай орын алды.
Теміржол өткелінде, көліктің ішінде радио тыңдап отыр едім, кенеттен бір жүк көлігі келіп мен отырған көлікті қатты күшпен соққаны соншалық, көлігім аударылып, рельстің үстіне ұшып түсті. Пойыздың машинисті не болғанын көрмегеніне күмәнім жоқ, тіпті көрген жағдайдың өзінде де, оның бұл жағдайға орай тиісінше әрекет етуге шамасы да келмес еді.
Бәрі де бітті. Қазір мен өлемін.
Менің көлігім жүйткіп келе жатқан пойыздан алақандай ғана ара қашықтықта тоқтап қалды. Тағы да бір-екі сантиметр болғанда — бәрі де бітер еді, өмірмен қоштасатын едім. Кейінірек анықталғандай, мені соққан пикаптың жүргізушісі мас болған екен.
Қатты соққының мені арт жаққа лақтырып жібергені соншалық, көліктің еденіне бекітілген жүргізушінің орындығының болат шыбықтары жиырма сантиметрге дейін майысып қалған. Бізді сол сәтте-ақ осы оқиғаның көптеген куәгерлері қоршап алды, ал оқиға болған жерге жетіп келген полиция түсініктемені алып болған соң, менің бақытсыз жағдайға тап болғаныма жаны ашыған бір бейтаныс кісі, өзінің көлігімен мені жатақханаға апарып салды.
Мен оның көлігінен түсіп жатқан кезде, ол тіпті менен: «Бәрі жақсы екеніне сенімдімісің?» - деп қайтадан сұрады. Сол сәтте менің жарақатым жәй ғана терісі жырылған жара сияқты болып көрінді, алайда келесі күні мен есімнен танып қалып, жедел жәрдем мені ауруханаға жеткізіп салыпты. Менің алған жарақатым едәуір ауыр болып шықты: менің көлігімнің орындығының бас қоятын тіреуіші жоқ болғандықтан, басым қатты күшпен орындықтың арт жағына қарай тартылып кетіп, мойыным мен арқамның жоғарғы бөлігіндегі байлаулары үзіліпті.
Ауру адам төзгісіз болды.
Төрт күн бойына менің өмірімді сақтап қалу үшін үздіксіз жүргізілген терапевтік емдеуден кейін, мен ауруханада тағы да он күн жаттым. Бір күні таңертең дәрігер маған ауруханадан шығатынымды және қалған ем-домды үй жағдайында жалғастырып сауығуым үшін мені үйге апарып салатыны жайында хабарлап:
— Бұл емдеу үдерісі ұзаққа созылатын сияқты, сондықтан да сіздің үйде болғаныңыз дұрыс болады, – деді.
Бір қарағанда бұл әбден ақылға қонымды сияқты болып көрінді, алайда егер дәрігер менің үйімдегі жағдайдың қандай екенін білсе, оның мені үйге қайтаруы екіталай болар еді. Дәрігер өзінің ұсынысының мені қобалжытқанын сезген болса керек, ол маған:
— Сізге тиісті түрде күтім жасау үшін, әкеңіз күтуші жалдауға уәде берді, – деді.
— Сіз менің әкеммен сөйлестіңіз бе? – деп сұрадым.
— Иә, біз бәрін сөйлесіп, келісіп алдық, – деді ол.
— Менің басыма түскен жағдайдан кейін, әкемді ешкім таба алмайды деп ойлаған едім.
Дәрігер менің кереуетімнің қасына келіп отырды да маған қарап:
— Біз онымен бірнеше күн бұрын хабарластық, – деді.
Мен бір күрсініп алдым да:
— Айтыңызшы, менің үйде қанша уақыт болуым қажет? – деп сұрадым.
— Үш апта, бәлкім, төрт апта деп ойлаймын. Жағдайыңның қалай болатынына қарап көреміз, – деп жауап берді дәрігер.
— Ал, менің сабағым қалай болады? Жақында менің емтиханым басталады ғой.
— Менің білуімше, бұл туралы сіздің колледждің әкімшілігі қамын ойластырып қойған сияқты. Қазір сізге тезірек сауығып кету туралы көбірек ойлану керек. Алайда ол үшін сізге төсектен тұрмай, толық тыныштық жағдайында жату қажет болады.
Алайда мені бұған сендіру оңай болмады. Мен дәрігерге:
— Ал, мен үйге қалай жетіп аламын? – деп сұрақ қойдым.
— Жедел жәрдем көлігі сізді жеткізіп салады.
— Сонау Юнион-ситиге дейін бе? Дәрігер, бұл екі жүз километрден де көп қой!
— Түстен кейін жолға шығасыз. Сізді жол бойына селкілдетпеу үшін, сізді зембілге жатқызып, мықтап байлап қояды. — Дәрігер менің иығымнан қақты, ал мен менің мойыным ауырғанша денемді тырыстырдым.
— Сенің жағдайыңды жете бағаламады деп ойлама, балам, — деп қосты дәрігер, — алайда сен тырысып көр … тіпті бұны қалай атауды да білмеймін ... бұны жоспардан тыс демалыс деп көз алдыңа елестетіп көр. Қалай, саған осылай айтқан ұнайды ма?
— Жақсысы, мен бұл туралы мүлдем ойламай-ақ қояйын.
Дәрігер менің соңғы айтқан сөзімді естісе де, оны елемеді. Оның басқа да науқастарға барып, олардың жағдайларын білуі керек болғандықтан есікке қарай беттеді. Мен төбеге тесіле қарап жаттым. Қояншық ауруы бар адамның шамалы уақыттан соң ұстамасы ұстайтынын алдын ала сезетіні сияқты, мен де үйге қайту мен үшін нені білдіретінін жақсы түсінетін едім. Алайда, оның алдын алуға менің мұршам келмеді. Менің басымнан өткен өмірімдегі жан түршігерлік оқиғалар бірінен соң бірі есіме түсіп, көз алдымнан өтіп жатты. Мен анамның көз жасын көріп, оны ұрып-соғып жатқан әкеме қарсыласқан анамның әлсіз даусын естідім. Мен бұрынғыдай әкемді буындырып жатқанымды сезіндім және оның басын унитазға батырғаным, су ағызатын бактан құйылып жатқан судың дауысы, менің қолымнан әкемді ажыратып алып жатқан полицияның қарулы қолы, сонымен қатар әкемнің қан аралас суды түкіріп жатқаны есіме түсті.
Мен мінәжат етуге тырыстым. Бақытыма орай, енді мен Исаның тірі және Оның мені еститінін білемін. Ең болмағанда, Онымен сөйлескенде менің жүрегімде күйініш пен қобалжу болмайды. Ол менің Досым және Жұбатушым болды. Мен бірте-бірте жұбаныш алдым да, болып жатқан жағдайлардың бәріне басқаша көзқараспен қарауға тырыстым.
Бәрінен де бұрын мен өзіме, біз әкеміз екеуміз тіл табысатын ортақ бір нәрсе таптық деп ескерттім. Менің жүрегімде оған деген жеккөрушілік сезімі болмады, қайта өткен өмірімнің кейбір жағдайларында оған көрсеткен зәбірім үшін тіпті, ар-ұжданымның қиналғанын сезіндім. Солай болса да бұл маған оңайлықпен келмеген татулықтың нышаны еді. Менің үйге барғым келмеді. Менің үйім — бұл мен баруды қалайтын, жер бетіндегі ең соңғы орын болатын.
