Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Табанды_KZ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.03 Mб
Скачать

Өзінің қайғылы естеліктерінен Құдайдың ерекше рақымына дейін жол жүріп өткен адамның басынан кешкендері.

ТАБАНДЫ

Джош Макдауэллдің Кристобал Крузенмен бірлесіп жазған туындысы.

Undaunted

Josh McDowell

With Cristobal Krusen

Аннотация

Бұл кітапта Джош Макдауэлл өзінің өмірі жайында ашық әңгімелеп береді. Ол жас кезінде Мәсіхтің Құдайлық болмысы туралы ілімді – ойдан шығарылған қиял екенін дәлелдеуге кіріседі. Осы мақсатпен ол сол замандағы оқиғалар туралы айтылған тарихи құжаттардың түпнұсқасын зерттеп, осы тақырыпты жақсы білетін адамдармен сұхбаттасады. Сөйтіп жүріп ол, ақыр соңында Мәсіхтің адал ізбасарына айналады.

ТАБАНДЫ

Джош Макдауэллдің Кристобал Крузенмен бірлесіп жазған туындысы.

Undaunted

Josh McDowell

With Cristobal Krusen

Өзінің қайғылы естеліктерінен Құдайдың ерекше рақымына дейін жол жүріп өткен адамның басынан кешкендері.

Туындыгерден

Менің балалық шағым мен бозбала кезімнің естеліктері жайында адамдармен өте көп рет бөлісуіме тура келді. Елдің алдына шығып Құдайдың Сөзімен бөліскен кезде, мен өзімнің өмірім туралы көптеген адамдарға әңгімелеп бердім. Алайда, тек енді ғана шымылдықты ашып, жалпы халыққа өмірімнің бүкіл көрінісін көрсететін мүмкіндік пайда болды.

Бірнеше жылдар бойы туындыгерлер мен кинокомпаниялар, менің жастық шағым мен куәлігім жайында фильм түсіруге ұсыныстарын жасап жүрді. Алайда, менің мұндай ұсыныстарды қабылдауға батылым жетпеді. Осыдан бес жыл бұрын, фильмдері көптеген марапаттарға лайықты болған әйгілі режиссер Кристобал Крузенмен таныстым. Менің әңгімемді бейнелеп көрсетуді, яғни қарапайым емес міндетті мен сол кісіге сеніп тапсырдым.

Негізінде бұл кітап менің өмір жолымның басында орын алған, өрлеулер мен құлдырауларды барынша толығырақ көрсету үшін кең көлемде бейнелеп жазылған, менің басымнан өткен оқиғалар. Осы кітап – менің өмірімде маған кезіккен әр түрлі адамдар туралы естеліктерден құралып, жинақталған болса да - өмірде орын алған шынайы оқиғалар жайында әңгімелейді. Менің есте сақтау қабілетімнің шамасына қарай, адамдармен болған сұхбаттарды сол қалпында есіме түсіруге тырыстым. Кітаптың атын — «Табанды» — деп атағаныма қатысты айтатын болсам, бәлкім, тіпті өзім түсінбесем де, мен өзімнің қандай болғанымды бір сөзбен қорытындылау үшін, осылай атауды жөн көрген шығармын. Балалық шағымда мен көптеген қиын сынақтардан өттім, осыған орай менің сақтану әрекетімнің ісі – соңына дейін күресіп, қалайда аман қалуға ұмтылу болды. «Мені өлтірмеген нәрселердің бәрі, мені күшті етеді» деген Ницшенің сөздері дәл маған қатысты сияқты болып көрінетін (айтпақшы, мен сол кездері бұл кісінің кім екенін тіпті де білмейтінмін). Қиындықтар шынында да мені күшті және табанды етті. Алайда бұл үстіртін күш — қорғаныс тетік ретінде жан дүниемнің қараңғы қапастарын жасырып тұратын перде еді. Шын мәнінде, мен қандай адам болсам да, ешнәрсеге қарамастан мені сол күйімде қабылдайтын адаммен шынайы түрде тығыз қарым-қатынаста болуға және сүйіспеншілікке ұмтылатынмын (біз бәріміз де осыған ұмтыламыз).

Менің жасым он бірге толған кезде, мен өзімді Құдайдың да, адамдардың да менімен жұмысы жоқ, жер бетіндегі жалғыз адаммын деп санайтынмын. Сіз осы кітапты оқыған кезде білетін болатын себептер мені; отбасы – тұрақтылықты, ал әке — қорғанды білдіреді, адамдарға сенім артуға болады және сенім арту қажет деген ойларды қабылдамауға мәжбүр етті. Мен Құдайға теріс қарадым, ашуланған кезде Оған айтатын жаман сөздер де табылып, аузымнан шығып жататын. Мен өзімнің қателіктерімді немесе әлсіздіктерімді мойындауды ойлаған да жоқпын. Өкінішке орай, шындықты қабылдамау өзім үшін қаншалықты қауіпті екені тіпті, менің ойыма да кіріп шықпады.

Менің өмірімдегі болып өткен жағдайлардан туындаған жүрегімдегі қорқыныштар мен өзіме деген сенімсіздігім әрі қарай да бәріне құпия болып қала беруі үшін, мен бар күшімді салдым. Мен тамаша оқи да, жаза да аламын деп, өзінің қулығымен маңайындағылардың бәрін сендіретін сауатсыз, айлакер адам сияқты болдым.

Бәлкім, менің оқиғамның қандай да бір бүге-шүгесі немесе қыр-сыры, сізге өзіңіздің оқиғаңызды еске түсіруге көмектесетін шығар, сонымен қатар екінші біреулер (бақытқа орай) менің тәубеге келуімнің бір бөлігі болып қалатын шығар. Қалай болғанда да менің басымнан өткізуіме тура келген ауыртпалықтарға қарамастан, миллиондаған адамдардың басына менің балалық шағыммен салыстырғанда, одан да қатал және қиын балалық шақ түскенін жоққа шығармаймын.

Киелі жазбадағы Әйүп пайғамбардың кітабында, «От ұшқындарының жоғары қарай лап ететініндей, адам баласы да ауыртпалық шегу үшін дүниеге келеді», (5:7) деп айтылған. Менің өмірімде де от ұшқындары аз болған жоқ, солардың ішінде менің өмірімді өзгерткен және өзімен бірге сөнбес үміт алып келген от ұшқыны да болды. Сізге осы кітапты оқуға кеңес бере отырып, сіздің де мәңгі тірі Құдайдың көмегімен осы өмірде нық сеніммен қадам басып жүре алатындай жағдайға қол жеткізе алатыныңыз туралы ойлануды ұсынамын.

Джош Макдауэлл

2012 жыл, сәуір

Бірінші тарау Жер бетінде бәрі тамаша

Осындай ерте көктем үшін, күн тым ыстық еді. Чикагоның батыс жағында елу шақырым жерде орналасқан, Иллинойс штатының, Уитон деген шағын қаласында жол жүріп келе жатқан мен, аздап самал желдің есуін сезіну үшін, көлігімнің терезесін толық ашып қойған едім. Мен Уитон колледжінің бірінші курсында оқитынмын, ал күннің екінші жартысында жергілікті орта мектептерге қызмет үшін арналған қағаздарды апарып тастап, қосымша ақша табатынмын. Алайда, бұл мен үшін тек қосымша ақша табу ғана емес, сонымен қатар колледждегі қанықты оқу бағдарламасынан туындайтын, үздіксіз қарбалас өмірден аз да болса дамыл табатын уақыт болатын.

Мен Чейз-стриттегі темір жол өткеліне Чикагодан келетін қала маңындағы жүрдек пойыздан бұрын өте шығамын деп үміттенген едім, алайда менің өткелге жақындай бергенім сол-ақ екен, шлагбаум төмен түсірілді де, ескерту дабылының дауысы естіле бастады. Мен көлікті тоқтатып, қол тежегішінің иінтірегін тартып қойдым да, сәл есімді жинап тыныстап алу үшін, орындықтың арқалығына шалқая кеттім. Осы кезде менің көлігімдегі радиоқабылдағыштан айтылып жатқан әнді, темір доңғалақтардың салдырлаған дауысы басып тастады: бұл ән «Сен мені ертең де сүйесің бе?» деп аталатын сол кездегі нөмірі бірінші хит ән болатын.

Мен арт жақты көрсететін көліктің айнасына қарадым: айнадан арт жағымдағы төбеде орналасқан, Уитон колледжінің студенттер қалашығы алақанға салғандай көрініп тұрды, ал оның ең төбесінде мәртебелі Бланшар-Холл сондай әдемі болып көрініп тұр. Орасан зор ғимарат Матай жазған Ізгі хабардағы Исаның: «Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды» (5:14) деп айтқан сөздерін еске салады.

Академия әлемінде Уитонның беделі мен абырой-атағы әлдеқашан жоғарғы дәрежеге жеткен болатын. Оны бітіріп шыққан түлектер: Билли Грэм мен Рут Бэлл Грэм, жазушылар Маргарет Лэндон мен Элизабет Эллиот, астроном Гарольд Олден, сонымен қатар Ізгі хабар үшін азап шеккен – Джим Эллиот пен Нейт Сеннің және Эл Маккаллидің есімдерінің өзі қаншалықты қымбат десеңші. Уитонның болашақ бітірушісі мен де, осы дүниеде елеулі із қалдыра алар ма екенмін? Қалдырған күннің өзінде ол қандай із болмақ?

Мен сенімге жақында ғана келген едім, менің рухани өмірім әлі «қалыптасу кезеңінде» болатын. Сәтсіз отбасында өскен мен, Мичиган штатының Юнион-ситиде өткен балалық шағымнан бастап, Құдайдың бар екенін мойындамауға және өзімнің тағдырымының иесі — мен өзіммін деп өзімді сендіруге тырысатынмын. Содан, он тоғыз жасымда Құдай туралы ойдан біржолата азат ететін сияқты болып көрінген істі шешуге кірістім. Сол сәтте-ақ таңқаларлық жағдай орын алды. Мен Құдайдың бар екенін теріске шығаратын дәлелдерді жинап жүрген кезде, Ол маған Өзінің Кім екенін ашып көрсетті де, Ол менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Менің өмірімнің түбегейлі өзгеруі үшін, бар болғаны бірнеше айлар ғана қажет болды. Сонда мен Бэттл-Крик деп аталатын өзімнің қалашығымдағы Келлог муниципалдық колледжінің екінші курсын аяқтап Уитонға ауыстым.

Мен қайтадан жүрдек пойызға көз тастадым, ол менің көз алдымда рельстің үстімен зымырап өтіп жатты. Өтіп бара жатқан пойыздың даусынан қаншалықты жұбаныш табуға болады десеңші! Осы сәтте менің балалық шағым есіме түсіп кетті, түнде төсегімде жатып біздің фермамыздан үш шақырымдай жерден ағылып өтіп жататын жүк пойыздарының алыстан естілетін гуіліне құлақ салатынмын. Олардың доңғалақтарының тарсылы Мичиганның өңделген егістік жерінің үстімен өтіп келіп, маған емін-еркін естіліп жататын. Шапшаң паровоздар өзінің гуілімен қараңғы түннің тыныштығын жарып өтіп, ал оның артынан ілескен вагондарының доңғалақтары біркелкі ырғақпен тарсылдайтын, бұл әуен мені кез келген бесік жырынан жақсы әлдилейтін еді.

Көңілімді толқытқан естеліктерден мен тіпті күрсініп те алдым. Неге екенін өзім де білмеймін, бірақ Роберт Браунингтің танымал поэмасының: «Құдай көкте, жер бетінде бәрі тамаша» - деген шумақтары, есіме түсіп кетті.

Өмірімдегі естеліктерге беріліп кеткен мен, радиоқабылдағыштан айтылып жатқан әнді ақырын ғана қосылып айтып отырдым.

Арт жақты көретін айнадан кенеттен, тура маған қарай зымырап келе жатқан жүк көлігін байқап қалдым. Ол тежегішті басып тоқтатудың орнына, бір жақтан екінші жаққа қарай бұлғақтап, жылдамдықты асырғаны айдан-анық көрініп тұрды. Бұл менің көзіме елестеген шығар деп — мен бар күшіммен көзімді ашып-жұмдым. Алайда, жүк көлігінің тоқтайтын ниеті де жоқ, — тежегішті басатын уақыт та қалмаған. Жүрдек пойыз әлі де менің алдымнан кесе-көлденең өтіп жатты, мен артқа қарай жүру үшін, жылдамдық иінтірегін тартып қалдым. Алайда жалтарып кетуге тым кеш еді. Жүк көлігі маған қарай ұшып түсті, мен қозғалтқыш иінтірегін түсіріп, бар күшіммен тежегіш тетігін бастым да, соққыны қабылдау үшін бүрісіп отырып алдым.

Менің артта қалған бүкіл өмірім бір секундтың ішінде от ұшқыны сияқты көз алдымнан өте шықты — бұл менің әрқашан ұмытқым келетін өмірім еді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]